Жаңалықтар

Қазақ ертегілері

Фольклордың қара сөзбен айтылатын, ерекше мол түрінің бірі — ертегі. Ол халықтың ауызша айтатын көркем әңгімесі. Осы ауызша әңгімелері, ертегілері арқылы еңбекші халық бақыт туралы, еркін өмір, жайлы мекен туралы үміт, армандарын баяндайды.
20.11.2014 11:58 248438

Қазақ ертегілері

 I

 Фольклордың қара сөзбен айтылатын, ерекше мол түрінің бірі — ертегі. Ол халықтың ауызша айтатын көркем әңгімесі.Осы ауызша әңгімелері, ертегілері арқылы еңбекші халық бақыт туралы, еркін өмір, жайлы мекен туралы үміт, армандарын баяндайды. Ертегіде баяндалатын сан алуан қызық уақиғалар шындықтан гөрі, көбіне қиял дүниесі тудырған. Ғажайып хал, қиял әңгімелері, орасан уақиғалы қазақ әңгімелері, салтпен, тарихпен байланысты оқшау әңгімелер — бәрі де ертегінің түрлері. "Ертегі" деген ат ертеде, ерте күндегі деген сөздерден туған. Кейде "ертек" деп те айтылады. Содан ертегі айтушыны "ертегіші", "ертекші" дейді. Осы аты көп ертегінің басында әдейі айтылып, аумай аталып та отырады. Қазақ ертекшісінің де көптен-көп ертегісін: "ертеде бір бай бопты", "ертеде бір хан бопты", "ертеде бір кемпір мен шал бопты" деп бастайды. Немесе "ертек-ертек ерте екен" деген сияқты көп ертектерге ортақ, ерекше өлеңше бастаумен келеді.

 Қазақ ертегісі — есте жоқ ескі замандардан бастап беріге шейін болған талай ұзақ-ұзақ дәуірлердің кездерінде туған, өсіп, көбейіп келген мол дүние. Онда сонау арғы Үйсін, Қаңлы руларының кезінен санап, Қыпшақ елдігінен, монғолдар жорығының тұсынан, Алтын Орда үстемдігі дәуірінен айтылып келген көне әңгімелер көп. Қазақ атты ел құралмастан бұрын, мұсылман діні кірместен бұрын ескі руларға түгел ортақ болған ертектер бар. Дүниетану, дінге нану шамасы шаманизм, буддизм бағытында болған кездерде шыққан ертектер де бар тәрізді. Одан беріде ислам діні арқылы, кітап арқылы тараған діни ертектер тағы бар.

 Бертінде қазақ халқы қалыптанып, тілі жекеленіп, шаруашылық, салт-саналық, қоғамдық өзгешелігі айқындалған сайын, сол ел ортасында бұрынғы ескі әңгіменің қайсысы болса да тыңнан қорытылып, жаңғырып, қайта туғандай боп әңгімеленетін болған.

 Қазақ халқының аузында сақталып қалған, өзінше өңделген, өзгертілген, өз тәні болған ертегілер қазақ фольклорындағы ұшан-теңіз қазына болмақ керек.

 

II

 

Анығында, ертегіден бай фольклор жоқ. Бірақ осы байлықтың ғылым жолымен жиналып, зерттелуі аса кемшін боп келеді.

 [1]Қазақ ертегісіне көңіл бөлген кісілердің саны бірқатар. Бірақ бұлардың бәрі де зерттеу, тексеру жұмысын аз жасап, көбінше естіген ертегілерін жинаумен болған.

 Әрине, деректер, фактілер жиналып болмай, ғылымдық байлау, қорытынды жасау мүмкін емес. Әуелі ертектердің ауызда жүрген барлық мол байлығын жазып алып, жиып, жарыққа шығарудың өзі де ғылым жолындағы үлкен еңбек.

 Қазақ фольклорының үлгілері, оның ішінде ертегілері де XIX ғасырдың басынан бері қарай жинала бастады.

 Қазақ ертектері ең алғаш қомақты болып академик В.В. Радлов жинағында басылды1. Қазақтың ауыз, жазба әдебиетінің басқа үлгілерімен қатар, Радлов жинағына: "Алтын бел", "Хан Шантай", "Еркем Айдар", "Жақсылық пен жамандық", "Хан қызы", "Түс сатқан тазша", "Молданың үйінде оқыған бала", "Түлкі, қасқыр, жолбарыс", "Дудар қыз", "Балқан тау", "Үшүл", "Қармақ салған жігіт", "Қарагөз сұлу", "Алтын бас, күміс аяқ", "Ақсақ Темір хан", "Киік" деген ертегі, аңыз әңгімелер кірген. Радлов қазақ ертегілерін естілуінше, тіл, сөз ерекшелігін сақтай, дәл жазып алуға тырысқан.

 Радловтан бұрын қазақ ертегілерін Шоқан Уәлиханов, профессор Березин, Ильминскийлер де недәуір жинаса да, дәл Радлов сияқты ғылыми системаға келтіріп, қазақ тілінде бастырып үлгірмеген. Березин жинаған ертектердің бірқатарын кейін өзінің хрестоматиясына кіргізді2. XIX ғасырда қазақ ертегілерін көп жинаған А.Е. Алекторов пен Г.Н. Потании. А.Е. Алекторовтың қазақ арасынан жинаған ертегілері орыс тіліне еркін аударылып, сол кезде қазақ даласына байланысты шығып тұрған газет, журналдарда ("Дала уәлаяты", "Тургайская газета", "Астраханский вестник", т.б.) 1880-1890 жылдар арасы үнемі басылып отырған. XIX ғасырдың тек соңғы 20 жылының ішінде бір Алекторовтың өзі жүзден артық қазақтың ертегі, аңыз әңгімелерін жинап бастырған. Мәселен, 1893 жылы бір ғана "Астраханский вестник" газетінде: "Ағайынды екі қу", "Лұқпан хаким", "Айтуған батыр", "Омар молда", "Жиренше мен Алдаркөсе", "Қарағай мен сексеуіл", "Абы жылан", "Ағайынды үш жігіт", "Алдаркөсе мен Шық бермес Шығайбай", "Хан мен жігіт", "Ер Қосай батыр", "Түлкі мен қой", "Тақ Сүлеймен", "Өтірік ертек", "Залым Қали", "Әулие бала"  атты ертектер басылған. Қазақ ертегілерін жинауға қаншалық көңіл қойып, маңыз бергендігі осыдан-ақ көрінеді.

 Г.Н. Потанин Сибирь татарларының, алтай, моңғол халқының ертегі, әңгімелі жыр (эпос), аңыздарын жинаумен қатар, қазақ даласын да көп аралап, ел аузынан мол ертегі, жыр әңгімелер жинаған және сол жинағандарын зерттеп отырған4. Өзінің "Европаның орта ғасыр эпосында шығыстық сарындар" дейтін еңбегінде5 Потанин қазақтың көптеген ертегі, аңыз әңгімелерін, сюжетін келтіріп, бірталай қазақ ертегілері мен аңыздар ертедегі дүниетанумен байланысты туғандығын көрсетеді. Алайда Потаниннің зерттеу әдісі буржуазиялық салыстыру әдісінің дәрежесінен аса алмады, материалы мол болғанмен, ғылымдық қорытындыларының бірталайы теріс еді. Потаниннің қазақ арасынан жинаған [2]ертегілері әрбір газет, журналдарда басылудан басқа, өз алдына жеке кітап болып "Қазақ, Алтай ертегілері" деген атпен 1916 жылы шықты6.

Бұл жинаққа Потаниннің Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы елінен жинаған ертегілерінен 61 ертегі кірген. Соның ішінде қазақ арасына көп жайылған ертегілердің, тарихи аңыздардың бәрінен нұсқалар бар ("Ер Төстік", "Жиренше", "Алдаркөсе", "Асанқайғы", "Қыран қарақшы", "Ұр тоқпақ Құбаша", "Жауырын", "Әби мен Тәби", т. б.).

Потаниннің қазақ ертегілерін жинау, зерттеудегі еңбегінің бағалы жағымен бірге, кемшілігі де бар. Ертектер ел аузынан айтылуынша дәл жазылмаған, сюжетін ғана алып, соны орыс тіліне қысқаша аударып басқан. Екіншіден, Потанин ертекті, тарихи жыр, батырлар жыры, жеке ақындар шығармаларын жанр ретінде жіктемей, бәрін тұтас жинай берген.

XIX ғасырдың ақырында қазақ ертегілерін орыс ғалымдарынан А. Ивановский7, Л. Исаков8, Н.Н. Крафт9, А.В. Васильев10, тағы басқалар да едәуір көңіл бөліп жинады. Осылармен қатар, Шоқан Уәлихановтан кейін қазақ ертегілерін қазақтың өз ішінен шыққан ақын, жазушы, ғалымдар да жинауға кіріседі. Ыбырай Алтынсариннің хрестоматиясында бірқатар ертегі, аңыз әңгімелер бар11. О. Әлжанов12, P. Дүйсенбаев13, Мәшһүр Жүсіп Көпеев14, тағы басқалары қазақ ертегілерін жинап, бастырып отырған. Бұлардың ішінде қазақ ертегілерін ең мол өндіріп және естіген қалпында жазып алып жинаған Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Мәшһүр Жүсіп (1857—1931 жж.) жалпы ел әдебиетінің нұсқаларын XIX ғасырдың 80-жылдарынан бастап кірісіп, өлеңге дейін ұқыпты түрде жинады. "Дала уәлаятында" және совет тұсында бірлі-жарым басылғаны болмаса, Мәшһүр Жүсіп ертегілерінің көпшілігі қолжазба күйінде Қазақ ССР Ғылым академиясы кітапханасының фондысында сақтаулы. Мәшһүр Жүсіп жинаған ертегілердің жер, су аттарына, тарихи адамдар атына байланысты ертегі аңыздардың бірқатарына түсініктер, шешулер, талдаулар беріп отырады. Ал Мәулікей15, кейін Шәді17, Ақылбек18, Нұрымұлы Жүсіпбек 19, Г. Ғабдушев 20, тағы басқалар шығыс халықтарына ортақ ертегі әңгімелерді дастан етіп бастырған. Бұл адамдар — көбіне діншіл ақындар ертегілердің сюжетін еркін алады да, тың шығарма жасайды, тілі араб, парсы, татар сөзі араласқан кітап тіліне айналып отырады. XIX ғасырда қазақ ертегілерінің бірқатар нұсқасы "Дала уәлаятының" 1889 жылғы санына қосымша жеке басылды  ("Сүлеймен патша", "Сәтемір хан", "Лұқпан хаким", "Жиренше", "Шық бермес Шығайбай мен Алдаркөсе", "Аяз би", "Қарға мен сұңқар", т.б.).

Қазақ ертегілерін ұзақ жылдар бойы жинап, үнемі бастырып отырған адам — профессор Диваев Әубәкір22. Әубәкір (1856—1931) қазақтың ауыз әдебиет нұсқаларын (соның ішінде ертегілерді) жинауды XIX ғасырдың 90-жылдарынан бастады. Диваев өзінің жинаған ертегілерін көбінесе өз тұсында газет-журналдарға, не жеке кітап етіп бастырып отырған, басылып үлгірмегендерінің бірқатары өзі өлгеннен кейін қолжазба түрінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл, әдебиет институтына келіп түсті. Бірқатар материалдары Ташкентте Өзбекстан ғылыми орындарында сақтаулы. Басқа жинаушы зерттеушілерден Диваев еңбектерінің бір ерекшелігі — жазып алған ертегілерді қазақша-орысша екі тілде[3] қатар бастырған және әрбір ертегінің қайдан, кімнің айтуынан жазып алынғандығы толық көрсетіліп отырады. Бұл жай әрбір ертекшілердің айтқыштық творчестволық ерекшелігін, қазақ ертегілерінің жайылып таралуының географиялық аумағын анықтауға зор мүмкіндік береді. Біздің осы баспадан шығып отырған ертегілеріміздің бірталайы Диваев жинақтарынан алынды.

XX ғасырда, әсіресе совет тұсында қазақ ертегілерін жинау, зерттеу жұмысы бәсеңдеген жоқ. Потанин, Диваев, Мәшһүр Жүсіп, Шәділермен қатар, бұл кезде қазақ ертегілерін белгілі ғалым Н.Н. Пантусов23, A.Л. Мелков24, тағы басқалар жинады. Бұл кезде ертегілерді жинау бірер адамның ғана жұмысы болмай, белгілі бір ғылыми қоғам, ұйымдардың ортақ игілікті жұмысына айналады.

Бұл ретінде Россиялық географиялық қоғамның Орынбор бөлімі, оның Ташкенттегі Күншығыс бөлімі, Семейдегі бөлімшесі недәуір күрделі жұмыс істеді. Қазақ ертегілерін көптеп, өндіріп жинау, зерттеу жұмысы совет тұсында кең өрістеді. Бұл кезде қазақ ертегілерін Қазақстанды зерттеу қоғамы атынан мол жинаған Ә. Диваев пен А. Мелков. Онан соң мұғалімдер, жоғарғы мектеп студенттері, жазушы-журналистер де қазақ ертегілерін үздіксіз жинап отырды. Қазақ ертегілері совет тұсындағы газет-журналдарда үнемі басылып отырды. Жиналуы алайда өнімді болғанмен, қазақ ертегілері көлемді жинақ болып басылған жоқ, тек жеке шағын кітапша болып, не әрбір альманах, хрестоматияларда басылып келеді24. Қазақ ертегілері 1933 жылы Ұлт мәдениет институты (қазіргі Тіл-әдебиет институты) ұйымдасқан кезден бастап, көлемді түрде жиналып, зерттеле бастады. Әдебиет тарихы кітаптары26 мен жеке мақалалар27 жоғарыда жарияланған еңбектермен қатар институттағы жиналған ертегі нұсқаларына сүйеніліп айтылады28. "Қазақ әдебиеті тарихының" I томына қазақ ертегілері арнаулы бір тарау болып кірді29. Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше корреспонденті Ә. Марғұлан жолдас "Қазақ халқының батырлық жыр аңыздары" деген еңбегінде қазақ ертегілерінің шығуымен байланысты бірқатар мәселелерді қозғайды, әсіресе мергеншілік, аңшылық, тарихи адамдар, жер, қала аттарына байланысты уақиғалардың тарихы, әлеуметтік себептерін ашуға көп факті келтіреді. Қорқыт туралы халықтар арасына таралған аңыздарды салыстыра отырып, күй аңыздары мен ақындықтың қарым-қатынасына тоқталады30.

Бұл күнге дейін қазақ ертегілері бірқатар жиналып басылса да, ол жайында азды-көпті пікірлер айтылса да, әлі толық ғылыми жолымен жазылып алынған жоқ, кең көлемде зерттелген жоқ. Қазақ ертегілері, бір жағынан, сюжеті ғана жазылып алынып, орысша басылып келсе (Потанин, Мелков), екінші жағынан, өлең түрінде таралып (Мәулікей, Шәді) келді. Радлов, Диваевтар қазақ ертегілерін жер ыңғайына қарай түгел қамтып жинай алмады. Қазақ ертегілері сюжет жағынан салыстырылып тексерілген жоқ. Аты мәлім, шын ертегішілер анықталған жоқ.

 [4]Ертегіні ғылым жолымен жиып, зерттеген елдер үлгісіне қарасақ, ең үлкен шарт — ертегіні қара сөз күйінде, әр айтушының өз айтқан сөздерімен аудармай, айнытпай, өзгертпей түсіруде. Сонда жеке өлең етуші ақынның тіл өнерін, сөз өрнегін көрмейміз, көпшілік халық боп айтып келген әңгіменің молырақ қалпын көреміз. Және әрбір жеке ертекшінің өзіндік ерекше нақышын, машығын да танимыз.

Қазірде ертекті зерттеуші оқымыстылардың бір алуаны ертектің өзімен қатар, әсіресе сол ертекті айтушыға үлкен көңіл бөледі. Кейде тіпті ертекті зерттеп, талдап ұғынудың ең зор міндеті жеке ертекшінің стиль өзгешелігін зерттеп ұғынуға сүйенсін дейді. Сондықтан ертекшінің өмірбаяны, кәсіп, тұрмыс салты, ұғым-нанымы, білім шалымы — бәрі жиналып, еске алынып отырады.

Ертегі ертекшімен ертегі болады. Әрбір жеке ертекші өзінше, өзгеден бөлекше тіл, түсінік, көркемдік өрнек, нақыспен айтады дейді. Бұндағы даусыз бір шындық — ертегінің ішіне анық шебер ертекші өзінен өрнек, өзгешелік қосып отыратыны рас. Ертекші күлдіргі, әзілқой адам болса, оның геройы да күлкі сөздер айтқыш, күлкі жайларға кездескіш болады. Ертекші батырлықты, қаһармандықты сүйетін болса, ертегінің ішінде соғыс майдан, ер сыны, ерлік сыры, сипаты көбірек көрсетіледі. Ертекші ойшыл, ақылгөй, дана кісі болса, оның ертегісінде геройлар аузында адамгершілік, жақсылық-жаманшылық туралы неше алуан терең ойлар, шешен нақыл-ақылдар, үлгі-өсиеттер жүреді.

Бұл айтқан сөздер жеке ертекшінің орны, рөлі аса зор екендігін көрсетеді. Кем дегенде, әр ертекшінің өз тілі, өз өрнегімен бұлжытпай, өзгертпей жатқа түсірудің қажеттігін танытқан. Бұл ретте орыс ертегісін зерттеуші ғалымдардың еңбегі, тәжірибесі аса маңызды (Зеленин, Смирнов, Ончуков, ағайынды Соколовтар, Азадовский, Андреев, т.б.). Қазақта да шебер ертекшілер, жүйрік әңгімешілер аз емес. Қазақ ертегілерін қадағалап оқып, байқап отырсақ, оны айтып таратушылардың көпшілігі қойшылар, малшылар, [5]жалшылар болып отырғандығын байқаймыз. Әсіресе сыншыл ертегілерде, Алдаркөсе, Жиренше туралы және өтірік ертегілер мен айлалы тазшалар туралы ертегілерде қойшы, жалшылар ортасынан шыққан адамдар жағымды бейнеде суреттеледі. Тіпті "Қаңбақ шал" сияқты хайуанаттар араласып келетін ертегілерде де қойшы мен жалшылар қас күштермен алыста ақыл-айласын асыратын кейіпкерлер ретінде әңгімеленеді. Міне, осындай ерекшеліктердің өзі-ақ қазақ ертегілерінің қандай қоғамдық ортада туып, кең өріс алып отырғандығын, кімдердің көбірек айтып таратқандығын айқын көрсетеді. Осы тұстағы белгілі әңгімеші, ертекші Омар Шипин, Қайып Айнабеков, Төлеу Көбдіков, Иманжан Молдақметов сияқты ақын-жазушылардың көбі жас кезіндегі қойшы, малшы болған адамдар.

Сонымен қатар, ертегі көптен келе жатқан көне мұра. Әрбір ірі ертекшінің өзін алғанда да, оның ертегісінің өз жанынан қосатын сөздегі қоспасынан басқа, ертеден бері ауыздан ауызға көшіп, бірқалыпты айтылып, сұрыпталып келген тіл мен үлгі де мол болады. Әрбір ертекшінің алдыңғы өзіндей ертекшіден алған, үйренген, жаттаған сөздері, сөйлемдері, көркемдік әрекеттері де көп болады. Әр алуандас ертекшілердің әр басқа үйренушілері, қостаушылары болады. Ертекшілердің де өзіне бөлек ұстаздары, шәкірттері, еліктеушілері сияқты топтары, ұялары бар. Ертекті ертекші жағынан зерттегенде жалғыз бір айтушы емес, алдындағы, айналасындағы барлық тобын тамыр түбірімен зерттеу керек болады.

 

IІІ

 

Қазақ ертегілерін түр-түрге бөліп талдап тексеруден бұрын бірнеше жалпы түсініктер айтып өту қажет. Бұл — ертегі фольклоры жайындағы негізгі ғылымдық, жүйелік мәселелер.

Әр елдің батыр жырлары, салт жырларында, әсіресе ертегі, легенда сияқты мұраларында бір-бірімен ұқсас жақтары болып отырады.

Бұл ұқсастықтардың негізгі себебі шаруашылық, қоғамдық, салт-саналық жағдайлары бір дәрежеде, біркелкі ұқсас халде болғанда - сол елдердің әрқайсысы өз топырағында ұқсас шығармалар туғызады. Онан соң шаруашылық қарым-қатынасы аралас, жақын елдердің ертегілері біріне-бірі ауысып келіп жатады. Мәселен, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрікпен халықтары мен қазақ халқына ортақ ертегі әңгімелер көп-ақ.

Сөйтіп, дүниежүзіндегі халықтардың бәрінің де айтып жүрген ертегілері жалғыз сол халықтың өзі ғана тудырған ертегілер емес, қайта өзге де көп-көп халықтарға ортақ мүлік боп шығатын жайы бар.

Осымен қатар айтылатын тағы бір негізгі пікір — ертегі бір елдің фольклоры көлемінде тексерілу үшін, оның тек қана осы елдің өз ішінде туған төл ертегісі болуы шарт емес. Қай жақта туып, қай шеттен келсе де, белгілі ертегіні бір халық өз тілінде халық болып әңгіме етіп, айтып жүрсе, сол жеткілікті. Бұл халықта ол ертегіні өз ертегісі қатарында зерттеп, тексеріп, тел ертегісіндей танитын болады. Белгілі ертегіні қазақ ертегісі қатарында тексерумен қатар, оның түбі қай тілден шыққанын айта отыру шарт. Көп халықтарға тараған ертегі болса, қай халықтың молырақ, көркемдірек етіп айтатынын да атап өтуге болады. Мысалы, "Мың бір түн" әңгімесін, "Тотының қырық тарауын" ауызша айтып келген шығыс халықтары қалай әңгімелейді? Шығыс халықтары арасында Орта Азия елдері қандайлық жаңалықтар қосып айтады? Өзбек, қазақ, қырғыз, түрікпен сияқты елдердің қайсысы молырақ, көркемдірек әңгіме етіп жүр? Немесе осы елдердің бәріне ортақ аңыз әңгіме — күлдіргі әңгіме Қожанасыр жайын қай ел қаншалық өзгешелік өрнек, көркемдікпен жетілте айтады? Осы жайдың бәрін салыстыра тексеру, нақты тану — фольклорды зерттеуші ғалымның ардақты міндеті.

Ертегі қатарында, қара сөзбен айтылатын аңыз әңгіме боп келген, тарихта болған кейбір адамдар жайындағы мұраларды да тексереміз.

Әсіресе бұл адамдардың дәлді болған тарихтағы кездері анық еместігін және жұрт әңгімесі олар жайындағы сөздерді ертегіше өскелең, еркін қиялмен бейнелегендіктен осы топқа қосамыз.

Ғылым дүниесінде ертегіні түр, жанр жағынан жіктеу әлі белгілі бір жүйеге түсіп, қалыптанған жоқ. Орыс ғалымдары әр елдің ертегісін тексергенде ертегілерді әртүрлі жолмен жіктеп жүр. Проф. Н.П. Андреев Арненің халықаралық ертегілер каталогі негізінде орыс ертегілері сюжетінің көрсеткішін жасады31. Бұл көрсеткіште бұған дейінгі орыс ертегілерінде жіктеулердің бәрін сыннан өткізіп, ертегілерді негізгі үш топқа бөледі.

I. Хайуанаттар туралы ертегі (сказки о животных).

II. Нағыз ертегі (собственные сказки).

III. Күлдіргі сөздер (анекдоты).

 

Екінші топтың өзі төрт жікке бөлінеді:

 

а) қиял ғажайып ертегі (волшебные сказки);

б) аңыз ертегі (легендарные);

в) әңгіме ертегі (новеллистические);

г) ақымақ шайтан туралы ертегі (сказки о глупом черте) .

 

Бұл жіктеулер әлі толық зерттеліп, ғылым жолымен дәлелденіп жетпеген, алдын ала сырт белгілеріне сүйеніп жасалынып отырғанын айтады Андреев. Осы қазақ ертегілерін баспаға дайындаумен байланысты оның өзін төрт салаға бөліп едік:

 

1) қиял-ғажайып ертегілер;

2) сыншыл ертегі;

3) қулық-күлкі ертегі;

4) өтірік ертегілер.

 

Алайда қазақ әдебиеті тарихының 1-томын жазумен байланысты ертегілеріміздің ерекшелігі кеңірек тексерілді, оны жіктеуді негізінен үшке бөлеміз:

 

1) қиял-ғажайып ертегі;

2) хайуанат жайындағы ертегі;

3) сыншыл ертегілер.

 

Ал сыншыл ертегілер қазақ фольклорында ең көп болу себепті оның түрлері де әр алуан. Сондықтан сыншыл ертегілер өзара үш түрге бөлінеді:

 

а) салт ертегілер;

б) күлдіргі ертегілер;

в) аңыз ертегі.

 

Әрине, бұл жіктеуді түпкілікті белгілі бір әдебиет заңы деп санамаймыз; қолда бар материалға сүйеніп айтқан алғашқы тексерудің, бақылаудың қорытындысы ғана.

 

Қиял-ғажайып ертегілердің екі түрлі айқын саласы бар. Біреуі — қазақ ескілігінен келе жатқан, өз тумасы. Екінші түрі — неше алуан жолдармен, әлденеше елдерді аралап кеткен келгін ертегілер.

 

Бұлардан басқа қазақ тарихы мен ерте күннен бері үздіксіз ұзақ қатынасы болған Орта [6]Азия халықтарының және Алтай, Саян, Байқал атырабында, Сібір терістігінде болған елдер ертегілерінің де ауысқаны көп.

 

Бұл салалы ертегілердің бірталайы ескілікті нанымдармен (буддизм, шаманизм, көне Ираннан шыққан зардушт) байланысып келеді. Дүниенің жаралыс сыры, адам туысы, қас ие, дос иелер тұлғасы, әрекеті жөнінде неше алуан бұлдыр долбар, сырлы қиял, ғажайып ұғым, нанымдар жасап алып, соны дін іргесі еткен. Және осы жайлардың бәрі де ертегі, аңыз әңгіме түрінде туып, тарап еді. Ол ертегіге заманының білімі де, ұғым-нанымы да түгел жиылған. Сол күндегі адамның шама-шарқына қарай құралған өзінше даналық қазынасы сонар. Атаның балаға білдіре сіңіретін үгіт-тәлімі де солар болған. Міне, осымен бертінде қазақ халқы айтып таратып жүрген қиял-ғажайып ертегілердің ішінде жаңағы аталған талай елдер ертегілерінің оқиғасы, әңгіме үлгісі, ертегілік өзгеше жан иелері, заттары жүргенін көреміз. Мұндай ертегілер жалғыз қазақта емес, сол жаңағы елдердің бәрінде я бұрын болғанын, я қазірде де барын көреміз. Сөйтіп, қиял-ғажайып ертегілерінің қазақтағы бір мол саласы — қазақ халқы айтқан көне түрлерін атасаң, ең ескілері аңшы мергендер жайындағы ғажайып хал ертектері болу керек. Мерген болғанда берідегі шындыққа жақын салт ертегісіндегі мерген емес. Өзгеше қиял дүниесінің ішінде әрекет ететін мергендер. Бұл "Еділ-Жайық", "Құла мерген", "Жерден шыққан Желім батыр", "Аламан мен Жоламан" сияқты ертектер.

Мергендер жайындағы ертегілермен ілес-қаралас ер, батырлар жайындағы ертегілер жүреді. Осы мерген мен ертегі ерлер жайындағы қиял ертектері бір қазақ емес, жалпы Орта Азия халықтары ертектерінің де ескісі болуға тиіс.

Қазақ айтатын қиял ертегісінде адамзаттан мерген араласса немесе ғажайып жар, "ай десе аузы, күн десе көзі бар" күн астында Күнікей сұлу, не алтын шашты қыз араласса, солармен қатар жалмауыз, қазық аяқ, қарға тұмсық кемпір, жезтырнақ, жалғыз көзді жалмауыз, жеті басты жалмауыз және неше алуан алып араласады. Қиял тудырған жануар затынан - айдаһар, жеті басты жылан, қарақұлақ, алып қара құс, тұлпар ат, басы алтын, арты күміс киік сияқты заттар араласады.

Бұлардың бір тобы ертегінің еріне дос болып, бір тобы ұдайы қас күш есебінде әрекет етеді. Жалғыз көзді жалмауыз, жалмауыз кемпір, жеті басты жалмауыз, мыстан кемпір, айдаһар, қарақұлақ, жезтырнақ сияқтылар үнемі айнымас жаулар. Алып қара құс, тұлпар ат және неше түрлі алуан: тоқпақ, кездік, қазан, жүзік, қырық құлаш семсер сияқты заттар ердің көмегіне, керегіне әрекет етеді. Осылай екі жар болып бөлінген ғажайып жан иелері мен зат-бұйымдар арасында кейде дос, кейде қас боп кездесетін бір алуан қиял персонаждар бар. Олар — алыптар (таусоғар, көлжұтар, көреген, желаяқ, саққұлақ) сияқты бір топ персонаж және осылардай екіұдай әрекет атқара жүретін жылан патшасы, басы алтын киік, жады кемпір, жұмбақ жар сияқтылар болады.

Жоғарыда аталған мергендер мен ерлер жайындағы анық ескі ертектердің көбінде ертегі геройы кезетін дүние жердің үсті ғана емес. Басқа халықтардың ертегілерінде кездесетін тың дүниелер бар. Ол — жердің асты. Кейде жеті қабат жер асты. Кейде алып қара құс алып кететін аспан үсті. Ол арадан "жер тоқымдай", немесе "жер теңгедей" боп көрінеді. Кейде күн астында Күнсұлу, ай астында Айсұлулардың адамзат баспас, бармас мекені, кейде бұл от дариясының ар жағы, кейде барса келмес сиқыр арал боп кетеді. Кейде адамзатқа жұмбақ жай — жалмауыз мекені немесе су асты. Сол дүниелерден барып шығатын мерген мен ер не ажалына, не бағына жетеді.

Осы алуандас ертегілердің бәрінде адам қандай, адамды қоршап тұрған дүние қандай? Ол дүниенің жаратылыс сыры туралы сол күндегі адамның ең алғашқы ұғым-нанымы, түсінік қиялы қандай? Қандайлық мифтік түсініктер жасап еді, бұлдыр менен болмыс, барлық арасында сол күннің шамасына қарай білім, наным етіп ұстанғаны немене еді? Адам жаратылысы мен қуатының өзі қандай жұмбақ еді және сол адамның күшіне сену, нану қаншалық дәрежеде биік, берік еді? Осының бәрін халықтың ой қиялы тудырған ғажайып ертегілер неше алуан түрде өзінше шешіп, ашып береді.

Сондағы айқын көрінетін бір ерекшелік — адам қуатына өзгеше сену бар, мол, жарқын сенім бар. Ертегі ішіндегі күшті менен тістіге, кәрлі менен зәрліге, сиқыр тылсым жат бауыр жер ортаға, адамзат баласы басып көрмеген бытқыл қиынға жапа-жалғыз және көптің бірі жұпыны ғана адам барады. Осы адамзат өкілі болумен бірге, халықтың нағыз жуан ортасынан шыққан жан. Ол не әлсіз бала жігіт, не кедейдің жалғызы, жалқысы, не әділетсіз зорлық, сұмдықтан қаза шеккен, жаза тартқан көп момын айыпсыздың бірі. Не әділ, адал еңбекпен күнін кешкен бейнетқор мерген, ер боп келеді. Ертегіде, міні, осы адамның аты жақсылық, осының жолы жақсы адамзат жолы боп шығады. Бұған достық еткеннің бәрінің жиын аты да жақсылық, қосымша жақсылықтар. Ал бұған қарсы әрекет етуші күштің бәрінің жиын аты жаманшылық. Ол да көп пішінді, көп мүсінді. Жақсылықтың айқын, жарқын бейнесі жанды мүсін боп қаншалық бадырайып тұрса, мына жаманшылық, қастық да соншалық жанды жыртқыш боп, жиынды бейне, үйінді жауыздық боп тұрады. Ертегі, әсіресе қиял ертегісі осы тақырып, осы идеяны ғана баян етеді. Баян етушімен тыңдаушысың тәрбиелейді, баулиды.

Адамға қас жалмауыз бейнесі ерекше көрсетіледі. "Еділ-Жайық" ертегісіндегі қоралы қой, мол дәулет иесі, бірақ адам етін жейтін жалмауыз, толып жатқан мыстан кемпір, қазық аяқ, қарға тұмсықкемпір, жезтырнақтар да осы сияқты ұлғайып суреттелген жауыздық тұлғасы, адамның өз ортасында бар жауыздық тұлғасы болады. Тек бұл соңғылар жалмауыздай көрінеу жау емес. Сырты момын, іші зәр, монтаны аяр бейнелері бар. Бұлар да шындық, болмыс міндерінен туған, соны ертегі тілімен өсіріп әсірелеп, өрескел етіп көрсеткен бейне болады.

Қиял ертегілерінің адамға дос күштерін аңғарып қарасақ, онда да көп мағына, көп сыр бар. Жанды, жансыз жақсы заттың бәрі де адамзаттың алыстан келе жатқан асыл арманын танытады. Ертегінің ерін қиянға апаратын алып қарақұс, өзі ұшатын кілем, тұлпар ат бәрі де қиял пырағы. Жерде жүрген жүрісі өндімеген, өзінің талап-тілегі таудай адамзат "аспанда ұшар ма едім" деген арманды ертеден ойлаған, үзбей ұзақ ойлаған. Жалпылдап ұшқан жапалақ пен қадірсіз қарға шыққан көк күмбезге мен де шығып, сондай биік самғасам, сондай жылдам жүйткісем деген арман қиялын әкеп "алты айлықты алты аттайтын" тұлпарға, өзі ұшатын кілемге, алып қарақұсқа жиған.

Данышпан Горький айтқандай: "Ертегі алдымен болжаушылыққа үйретеді; фактілерді күні бұрын сәуегейшілікпен айту біздің ойымыздың мейлінше шеберлігі. Аэроплан жасалудан ондаған ғасыр бұрын кілеммен аспанға ұшу туралы, газ, электорлы машиналар, паровоздар жасалғанға дейін айлықты алты-ақ аттайтын жел жетпес тұлпарлар туралы ертегілер қиялмен біліп алыпты33.

Аяғына тас байлап жүгіріп, безеген киіктердің алдын орайтын желаяқ адамдар да осы тектен туған. "Ер Төстікке" серік болатын көреген батыр, естігіш батыр — бәрі де адамның сол бір ұлы армандарын білдіреді. Сыры жат табиғаттың, жер мен аспанның көзге көрініп тұрған бергі қабатынан өтіп, ішін шарласам, сырын ақтарсам, бермесін алсам деген ізденгіш өршіл ойын танытады.

Қазақ халқының өз ескілігінен келе жатқан осы алуандас ертегілердің кейбір уақиғасы, тартыс күштері өзге талай елдің ескі қазынасында да кездеседі. Мысалы, алып қарақұс, самұрық құс, өзі ұшатын кілем дүниежүзі халықтарының көбінде бар. Орыс ертегісінде[7] де алып таусоғар, көлжұтар, желаяқ боп кездеседі. Жеті Горыныч боп орыс ертегісінде жүреді. Жалмауыз кемпір де "баба яга" деген атпен орыс ертегісіне кіреді.

Орыс, қазақ ертегілерінің жақындығы туралы ғылыми пікірлерді XIX ғасырда В. Радлов, А. Алекторов, Ш. Уәлиханов, Ә. Диваевтар айтатын болса, бүгінгі орыс ғалымы В.М. Сидельников те нақты дәлелдеп айтып отыр.

Міне, осы сияқты тағы толып жатқан ұқсас персонаждар көп халықтар ертегілерінде де бар. Әрине, бұған қарай солар жайындағы ертегілер бір-ақ халықтікі, өзгенікі бәрі содан алған деген үзілді-кесілді, бір жақ қорытынды болмайды. Бір жағынан, шаруашылық, мәдени қарым-қатынасы, тарихи өмірі тығыз байланысты болу себепті ертектердің ұқсас мотивтері дамыса, екінші жағынан, әр елдің өз фольклорының көлемінде, өз топырағында ертегі әңгімелердің туып, дамуы әбден заңды.

 

IV

 

Бір алуан ертегілер — хайуанат жайындағы ертегілер.

Адам баласы өзінен өзге жанды, жансыз дүние, әсіресе айналасындағы хайуанаттардың тіршілігі, өмірі жайлы танып білуге талпынған талай аңыз ойлар, әңгімелер айтып таратқан. Қазақ елі де көп заманнан бері мал мен даланың аңы, құсымен үнемі көп араласып келе жатқандықтан, хайуанаттар жайлы әр алуан ертегі әңгіме шығарған. Хайуанат жайлы ертегі барлық елде бар.

Хайуанат жайындағы әңгіме аңыздардың екі түрі бар. Бірінде хайуан мінез-құлықтарын дәл хайуанның өзін суреттеу үшін айтпай, адамдағы мінез-құлыққа бейне, тұспал, мысқыл есебінде қолданған. Адамдағы кемдікті, мінді бадырайтып, ұлғайтып, жиренішті етіп көрсету үшін, сондай сын арқылы жаманшылықпен алысу үшін мысал етіп алу болған. Хайуан мінездерін әңгіме етудің екінші түрі - хайуанды анық хайуан етіп суреттейді. Оның жанды-жансыз дүние арасындағы өз қалпы, кейпімен жүрген шындығын, болмысын адам өз түсінігі арқылы анықтап, айқындап, жетілте өткірлеп көрсетеді.

Бізге мәлім қазақ ертегісінің ішінде қасқыр көбірек әңгімеленеді. Қасқыр жайлы ертегінің бір түрінде, ең ескі түрінде, қасқыр ертегі ішінде әрі адам жынысына киелі дос боп әңгімеленеді. Екінші түрінде және көпшілігінде қасқыр өзінің дағдылы қасқырлық қастан мінезімен суреттеледі.

Киелі аңнан қазақ ертегісінде қасқырдан басқа да ерекше орын алғандары бар. Ол да көбінесе құстан шығады. Аққу, байғыз, кептер, бүркіт боп келеді. Солардан басқа адамның үй серігі иттен, аттан да киелі күштер шығады.

"Сырттандар" деген ертегіде қасқырдың, иттің, жігіттің сырттаны, аттың тұлпары алысқа түседі. Бұл ертегіде қасқыр — нақтылы ашық, айқын қастан күш. Ежелгі адамға еш зұлымдықтың жиынтық бейнесі боп кейіптеледі. Қасқыр сырттаны жалғыз баланы туысымен жемекке бола жасайды. Баламен бірге оның жау тағдыры, қазасы қоса туған болады. Сол жігітпен бірге дос серігі боп, ажалына арашашы боп құлын тұлпар да қоса туады. Дүние адам үшін екіұдай, жарымы қас, жарымы дос, мәңгі басылмас керісте деген ұғым-наным танылады. Кейін жігітке жәрдемші боп ит сырттаны араласады. Сол ат, ит достығы арқылы қасқыр сырттаны жеңіліп, жігіт аман қалады да, үлкен сыннан жеңіп өтіп, үлкен шыңға шығады.

Бұл тексерілген ертегілердің әрқайсысы қасқырды дағдылы қалпынан өзгертіп, әсірелеп сипаттаған ескі нанымдардан туған көне ертегілер. Жалпы дүниежүзілік фольклордың ертегілі түріне қазақ фольклоры қосатын тың, соны жаңалықтар осылар болады. Сол қатарға тағы қасқыр жайындағы бір топ әңгіме, қорқау қасқырлар жайын қосуға болады. Бірақ бұл әңгімелер ескілік жағынан біркелкі емес. Қайта көпшілігі бертіндегі тарихта болған ер батырларға да кездесе беретін киесі де, сиқыры да, аярлығы да жоқ, тек жүйрік, тек таймас қара қайрат иесі қасқырлар болады. Басқа ел ертегілеріндегідей қазақта да көп ертегілерде бірнеше аң-айуан бір жүреді.

Мы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға