Жаңалықтар

Ұлттық-аумақтық межелеу

Ұлттық-аумақтық межелеу Жоғарыда айтылғандай, ежелгі заманнан бері қазақтың жері саналатын оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы өңірлер (Сырдария және Жетісу облыстары) әр түрлі объективтік және субъективтік себептермен 1918 жылғы желтоқсанда жарияланған Алаш автономиясының, сондай-ақ 1920 жылғы қазанда құрылған Қазақ АКСР-і құрамына енгізілмеді. Олар Түркістан өлкесінің құрамында қалды, ал кейін 1918 жылдың көктемінде құрылған Түркістан АКСР-і құрамына кірді. Азамат соғысының аяқталуы және 1922 жылы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) құрылуы елде ұлттық-мемлекеттік құрылыс процесін одан әрі дамытуға оң ықпал етті. Атап айтқанда, РКФСР құрамындағы барлық кеңестік республикалар мен облыстар құрылды. Ұлттық-аумақтық мемлекеттік құрылымдарды құрушы халықтардың, оның ішінде Қазақ АКСР-інің басшылары мен жекелеген өкілдері Орталықтың алдына қайсыбір халықтың ұлттық-мемлекеттілігі аясында бүкіл этникалық аумаққа бірлесуі (қайта бірігуі) туралы мәселе қоя бастады. Бұл проблема Орта Азия мен Қазақстанда да күрделі сипат алды. Атап айтқанда, Сырдария және Жетісу облыстарын ҚазақАКСР-і құрамына қосу қажеттігі туралы мәселе жүйелі түрде көтерілді. Осымен бірге көп ұлтты Түркістан АКСР-ін бөлу және өзбектердің, түркімендердің, тәжіктердің, қарақалпақтардың, қырғыздардың ұлттық-мемлекеттік құрылымдарын құру туралы мәселе де күн тәртібіне қойылды. Осы кезде Түркістан АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің (ТүрАОАК) Төрағасы міндетін атқарушы Тұрар Рысқұлов 1920 жылғы қаңтардағы Түркістан Компартиясының V өлкелік конференциясында Түркістанның дербес ұлттық коммунистік ұйымдарын біртұтас «Түрік халықтарының коммунистік партиясына біріктіру» туралы мәселе көтерді және Түркістан АКСР-ін Түркістан Кеңестік Республикасы деп атауды ұсынды, ал сол жылдың 27 мамырында ол Түркістан АОАК-нің Төрағасы ретінде РК(б)П ОК мен РКФСР ХКК-не негізі жоғарыда аталған идея-ұсыныстар болып табылатын «Ресей Социалист Федерациясының құрамындағы Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы ережелерінің» жобасын ұсынды. Ел басшылығы атынан В.И. Ленин мен оның әріптестері БОАК пен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Түркістан істері жөніндегі комиссиясы мүшелерінің айтуымен Т. Рысқұловтың ұсынысын қабылдамай тастады. 1920 жылғы 13 маусымда РК(б)П ОК-і «РК(б)П-ның Түркістандағы міндеттері туралы» шешімдерінің жобасына ол өз ескертпелерін жазды, онда: «Меніңше, комиссияның жобасы дұрыс, Т. Рысқұловтың жобасын қабылдамау керек...», - деп атап көрсетті. Өз ескертпелерін В.И. Ленин мынадай сөйлемдермен аяқтады: « Өзбек, Қырғыз және Түркімен бөлімшелерімен Түркістанның картасын (этнографиялық және т.б.) жасау тапсырылсын. # Осы 3 бөліктін қосу мен ажырату шарттары егжей-тегжейлі анықталсын». Қажетті саяси және экономикалық жағдайлардың қалыптасуына (Азамат соғысының аяқталуына, шартты түрде тұрақтылықтың орнығуына, ұлттық басшы кадрлардың даярлануына, өңірде халық шаруашылығының қалпына келе бастауына, аумақтың этникалық тұтастығын қалпына келтіру негізінде, Кеңес өкіметінің принциптері бойынша болса да, Орта Азия халықтарының өзінің ұлттық мемлекеттілігін құру қажеттігін сезінуіне) қарай Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу жөніндегі күрделі жұмысқа тікелей кірісу мүмкіндігі туды. Мұндай межелеу, бірінші кезекте, өңірдегі әрбір халықты ұлтқа ұйыстыру процесін күшейту мен орнықтыру үшін қажет болды. Осы ретте, Орта Азияда межелеуге дейін өмір сүрген мемлекеттік құрылымдардың (Түркістан АКСР-інің, Бұхар және Хорезм халық республикаларының) революцияға дейінгі (1917 жылғы қазанға дейінгі) Түркістан генерал-губернаторлығы, Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы әкімшілік шекарасында құрылғанын және Орта Азияның негізгі халықтарының этникалық орналасу шекарасына сәйкес келмегенің, Түркістан АКСР-інің (1918 жылғы мамыр), Хорезм (1920 жылғы сәуір) және Бұхар (1920 жылғы қазан) республикалары құрылуының этникалық жағдайды өзгертпегенін атап өткен жөн. Орта Азиядағы бірде бір халық осы республикалар тұрғындарының тұтаса орналасуын қамтамасыз ете алмады. Айталық, өзбектердің көпшілік бөлігі (66,5%) Түркістан АКСР-інде тұрды, алайда олар тұрғындардың жартысынан аз бөлігін (41,4%) құрады, өзбек халқының 22,2%-ы Бұхар және 11,3%-ы Хорезм республикасын мекендеді. Түркімендердің 40%-ынан астамы Түркістан АКСР-інде, 29,8%-ы Хорезм республикасында және 27%-ы Бұхар республикасында қоныстанды, бірақ еш жерде халықтың көпшілік бөлігін құрай алған жоқ; Түркістан АКСР-інде олардың тек 4,7%-ын, Бұхарада — 10,6%-ын, Хорезмде 28,7%-ын ғана құрады. Тәжіктер негізінен екі республикада тұрды: олардың үлесі Түркістан АКСР-інде - 7,7%, Бұхарада - 31% ғана болды. Қырғыздар негізінен Түркістан АКСР-інде (98,6%) орналасты, бірақ республика халқының бар болғаны 10,8%-ын ғана құрады. Қарақалпақтардың үштен екісінен астамы Түркістан АКСР-ін мекендеді, дегенмен олар ондағы халықтың тек 1,4%-ына ғана тең болды. Орта Азияда тұрған қазақтар үш республикада да шашырай орналасты, ол барлық жерде де азшылық бөлікті құрады: Түркістан АКСР-інде - 19,3%, Бұхарда - 1,5%, Хорезмде - 3,5% ғана болды. Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық даму процесі Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық даму процесі ұлт болып ұйысумен бірге Орта Азия халықтарының ұлттық мемлекеттілігін құру үрдісін де күшейтті. 1924 жылғы қаңтарда Қазақ АКСР-інің үкіметі іс жүзінде Жетісу және Сырдария облыстарының қазақ аудандарын Қазақстанға қосу туралы мәселе көтерді. Орта Азияны межелеуге Түркістанның барлық тұрғылықты халықтары мүдделілік танытты. 1924 жылғы 31 қаңтарда РК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бюросы межелеу туралы мәселені алдын ала қарап, РК(б)П ОК-нің хатшысы Я. Рудзутаққа Ташкентте осы мәселе бойынша кеңес өткізуді тапсырды. Кеңес 1924 жылғы 10 наурызда өтті. Онда «Түркістанды ұлттық-аумақтық межелеу туралы» Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы А. Рақымбаев баяндама жасады. Өз баяндамасында ол Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеу қажеттігінің басты себептерінің бірі ретінде Түркістан АКСР-ін, Хорезм, Бұхар халық республикаларын қамтыған өңірде ұлтаралық қатынастардың ұшығып отырғанын атады. Осы пікірін дәлелдеу үшін ол Түркістан Республикасы қазақтарының 1921 жылғы съезінде өздеріне автономиялық республика беру, сондай-ақ РК(б)П-ның 1922 жылғы XI съезінде Қазақ АКСР-іне Түркістанның қазақ аудандарын қосу туралы ұсыныстарын, Қазақ АКСР-і басшыларының РК(б)П ОК-нің алдына бірнеше қайтара қойған талаптарын, Орта Азия түрікмендерінің өз республикасын құрғысы келетінін және т.б. фактілерді келтірді. Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеудін тағы бір себебі КСРО-ның большевиктік басшыларының өңірде ұлттық республикалар және ұлттық-мемлекеттік құрылымдарының басқа да нысандарын құру арқылы олардың қай-қайсысында болсын таптық қарама-қайшылықты күшейту, сөйтіп әр түрлі әлеуметтік топтардың, әр түрлі халықтардың бірлігіне сүйенген басмашылық қозғалысты әлсіретуге тырысуы болып табылады.. Өз баяндамасында А. Рақымбаев бұл туралы ашық баяндады. Ол тұп-тура былай деді: «Біздің партияның көзқарасы тұрғысынан алғанда мұндай ұйымдардың (яғни біртекті ұлттық республикалар құру. - авт.) пайдалылығы мынада, егер өзбек кедейлері өзбек кулактарымен, түркімен кедейлері түркімен, қырғыз кедейлері қырғыз кулактарымен күресетін болса, онда бізде таптық күрес ұлттық дәстүрмен тұншықтырылмайтын болады». Кеңеске қатысушылардың көпшілігі межелеу ісін қолдады. Түркістан OAK Төрағасының орынбасары Н. Айтаков өз сөзінде Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеудің дұрыстығын және түрікмен халқын біртұтас кеңестік республикаға біріктіру қажеттігін атап көрсетті. Түркістан Компартиясының жауапты хатшысы, белгілі мемлекет қайраткері және ғалым С. Асфендияров өз сөзінде Қарақырғыз (Қырғыз. — авт.) автономиялық облысын құрудың дұрыстығын дәлелдеді. Басқа бағыттағы да ұсыныстар болды. Мәселен, Орта Азия экономикалық кеңесінің төрағасы М. Паскуцкий өңірдің «экономикалық тұтастығының» тиімділігін алға тартып, Орта Азияның барлық республикаларын біріктіруді талап етті, сөйтіп шын мәнінде Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеуге қарсы болды. Түркістан АКСР-інің Жер халық комиссары және «Ақ жол» газетінің редакторы С. Қожанов «түрік тайпалары біртұтас түрік тілді халықтарды құрайды», «оларды жасанды түрде ажыратуға болмайды» деп мәлімдеді. М. Паскуцкийдің, С. Қожановтың және олардың кейбір жақтастарының ұсыныстары іс жүзінде Түркістан АКСР-ін, Хорезм мен Бұхарды Закавказье Федеративтік Республикасы сияқты етіп саяси біріктіруді қарастыратын еді. Кеңес М. Паскуцкий мен С. Қожановтың пікірін қолдамай, ол А. Рақымбаевтың баяндамасындағы Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеу жөніндегі негізгі қағиданы мақұлдады. 1924 жылғы сәуірдің соңында РК(б)П ОК Орта аз бюросы мен Түркістан Компартиясы ОК-нің бірлескен отырысында үш шағын: қазақ, өзбек және түрікмен комиссияларынан тұратын Орта Азияны межелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі комиссия құрылды. Жобаларды әзірлеу барысында комиссияның жекелеген мүшелері Орта Азия республикаларының федерациясын құру туралы да айтты, бірақ мұқият талкылаудан кейін федерация құрмай-ақ, Орта Азияны межелеу жөнінде шешім қабылданды. Орта Азияны межелеу жөніндегі комиссия материалдарды қарап, РК(б)П ОК Орта аз бюросы 1924 жылғы 12 мамырда екі одақтас республика – Өзбек және Түрікмен республикаларын және екі автономиялық облыс - Өзбекстанның құрамында Тәжік, РКФСР құрамында Қарақырғыз облыстарын құру, ал Түркістанның қазақ аудандарын Қазақ АКСР-інің құрамына енгізу туралы шешім қабылдады. Комиссиянын материалдары және РК(б)П OK Орта аз бюросының осы шешімі партияның Орталық Комитетіне жіберілді. 1924 жылғы 12 маусымда РК(б)П ОК-і Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы қаулы қабылдады. Аумақтық комиссияның құрамында бірқатар шағын комиссиялар: саяси, экономикалық, статистикалық және бірнеше ұлттық комиссиялар құрылды. Олардың құзыретіне: саяси салада — жаңадан құрылатын республикалардың конституцияларын, жаңа ұлттық республикалардың шарттары мен декларацияларының жобаларын дайындау; мемлекеттік аппараттың ұйымдық және құрылымдық мәселелерін әзірлеу; жаңа республикалар Кеңестерінің құрылтай съездеріне баяндамалардын тезистерін дайындау; экономикалық салада - жаңа шекараларында ұлттық республикалардың мемлекеттік бюджеттері мен шаруашылық жоспарларының жобаларын жасау; кредитті ұйымдастыру нысандарын әзірлеу мен белгілеу, банк капиталдары мен ирригация мәселелерінде және т.б. республика үлесін айқындау жатты. 1924 жылдың жаз айларында Орта аз бюросы кешенді күрделі мәселелермен айналысты, сөйтіп аумақты, сонымен бірге материалдық-қаржылық құндылықтарды бөліске салумен, сондай-ақ жаңа әкімшілік аудандастыру принциптерін белгілеумен байланысты біраз қиындықтарды еңсерді. Межелеуге жатқызылған барлық аудандарда, мұрағат құжаттарының бірінде айтылғандай, «ерекше құштарлықпен және адамдардың мейлінше мол және ықыласты қатысуымен» [9]. қайсыбір халықтар өкілдерінің қызу жиналыстары өткізілді. Осындай талқылаулардың барысында Түркістан АКСР-інде тұратын қарақалпақтар Хорезм республикасының Ходжейлі облысындағы отандастарымен бірігу және Қазақ А КСР құрамында Қарақалпақ автономиялық облысын құру қажеттігі туралы айтты. Ұлттық-мемлекеттік межелеудің ресми деңгейлерде жалғасуы Ұлттық-мемлекеттік межелеуге жатқызылған республикаларда мәселені талқылау ресми деңгейлерде де жалғасты. Мәселен, Бұхар халықтық Кеңестік республикасы кеңестерінің 1924 жылғы 19 қыркүйектегі бесінші құрылтайында: «Бұхар халықтарының ерік-жігерін білдіре отырып, Түркістан мен Хорезмнің өзбектерімен бірге Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасын құруға келісім білдіреміз. Құрылтай Өзбекстан мен Түркістанның КСРО құрамына кіру қажеттігін бірауыздан қолдайды» деген қаулы қабылданды. 10 күннен кейін Бүкілхорезм Кеңестерінің бесінші құрылтайы нақ осындай қаулы қабылдады. Түркістан ОАК-нің 1924 жылғы 16 қыркүйектегі III Төтенше сессиясында қабылданған қаулыда былай деп жазылды: «Қырғыз (қазақ. — авт.) халқының жұмысшылары мен диқаншыларының бүкіл ерік-жігерін қолдау үшін ТАКСР-інің киргиз (қазақ) облыстарын Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Социалистік Республикасының құрамына біріктіру мақсатында қырғыз (қазақ) халқына ТАКСР құрамынан шығуға құқық берілсін». Жаңадан құрылған республикалар мен облыстар өкілдерінің қатысуымен РК(б)П ОК Саяси Бюросының 1924 жылғы 11 қазанда өткен кезектен тыс отырысында жаңа республикалар мен облыстар бойынша мемлекеттік қорлар мен капиталы экономикалық межелеу мен бөлу тәртібі айқындалды. Шешімде Ташкент жөніндегі дауға нүкте қойылды (бұған дейін қазақ пен өзбек халықтары өкілдерінің арасында осы қала туралы айтыс болып келген еді) - Ташкентті Өзбек КСР-іне жатқызу бекітілді. Осы өкілетті кеңесте, сондай-ақ Өзбекстан құрамында Тәжік АКСР-ін құру туралы мәселе шешілді, ал Памир туралы мәселені әзірлеу арнаулы комиссияға тапсырылды, кейін КСРО OAK Төралқасының ұсынысымен Тәжік АКСР құрамында Таулы-Бадахшан автономиялық облысы құрылды. КСРО ОАК-нің 1924 жылғы 27 қазандағы екінші сессиясында Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеу мен «ұлттардың өзін-өзі басқару принципі бойынша» құрамындаТәжік АКСР-і кіретін Өзбек КСР-ін,Түркімен КСР-ін және РКФСР құрамында Қарақырғыз автономиялық облысын құру туралы қаулы қабылданды. Осы қаулыға сәйкес, этникалық қазақтардың бір бөлігін қамтитын Түркістанның жекелеген өңірлері Қазақ АКСР-інің құрамына қосылды. КАКСР-інің құрамына жаңадан құрылған Қарақалпақ облысы кірді. Жаңа республикалар мен облыстардың құрылуына байланысты Түркістан, Бұхар және Хорезм Орталық атқару кеңестері 1924 жылғы қарашадағы сессиясында өздерінің қызметін тоқтататыны туралы шешім қабылдады. Республикалар мен облыстарды экономикалық межелеу және жекелеген ұйымдар мен мекемелерді тарату үшін Орта Азияда уәкілеггі Еңбек және Қорғаныс Кеңесі жанынан Тарату комитеті құрылды. Бұрынғы республикалар құрамынан бөлінген аумақтарды уақытша басқару және жаңадан құрылатын республикалар мен облыстар кеңестерінің құрылтай съездерін әзірлеу уақытша билік органдарына - революциялық комитеттерге (ревкомдарға) жүктелді. 1924 жылғы 21 қарашада Қазақ АКСР ОАК-і ТАКСР-інен Қазақ АКСР-І құрамына берілген аудандарды басқару жөніндегі революциялық комитет туралы Ережені бекітті. Ұлттық-аумақтық межелеу нәтижесінде Түркістан АКСР-інің бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарының біраз бөлігі Қазақ АКСР-інің құрамына өтті. 1924 жылғы қарашадан бастап осы облыстарды басқаруды КАКСР-інің үкіметі құрған, жоғарыда аталған ревкомдар жүзеге асырды. 1924 жылдың соңы мен 1925 жылдың басы аралығында Қазақ АКСР-іне қосылған жекелеген уездер мен болыстардың шекараларын нақтылау одан әрі жүргізілді. Қарақалпақ автономиялық облысы кеңестерінің 1925 жылғы ақпанда Төркүлде өткен бірінші Құрылтай съезінде Қарақалпақ автономиялық облысының құрылғаны және оның Қазақ АКСР-інің құрамына енгізілгені заңды түрде ресімделді. Межелеу барысында Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Әулиеата уезінің үлкен бөлігі, бұрынғы Сырдария облысының Ташкент және Мырзашөл уездерінің бір бөлігі Қазақстанға өтті. Сонымен қатар КАКСР-іне Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал (Талдықорған) уездері, Пішпек (Бішкек) уезінің Георгиев, Шу, Қаранөкіс болыстары қосылды. Нәтижесінде Қазақ АКСР-інің аумағы 700 мың шаршы шақырымға, яғни үштен біріне ұлғайды, сөйтіп 2,7 млн шаршы шақырымды құрады, ал халқы 1468 мың адамға өсіп, республикадағы жалпы саны 5230 мың адамға жетті. Халықтың 1926 жылғы санағы бойынша қазақтар бүкіл республика халқының үштен екісіне жуығын (61,3%) құрады. Экономикалық бай ресурстарымен және тармақталған ирригациялық желілерімен, сан миллион малымен қоса ауқымды аумақтың қосылуы Қазақстанның өндіргіш күштерінің дамуына қолайлы әсер етті. Осыған байланысты республиканың жаңадан аудандастырылуы туралы мәселе қаралды. Талқылау барысында республиканың астанасын Орынбордан басқа қалаға ауыстыру мәселесі туындады. Орынбор Қазақ АКСР-інің қалыптасуында елеулі рөл атқарды, бірақ жаңа тарихи жағдайларға байланысты оның географиялық орналасуы Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағынан дамыту талаптарына жауап бере алмады. Оның үстіне Орынбор қазақ халқының негізгі бөлігінен аумақтық тұрғыда оқшау орналасты, ал экономикалық жағынан Орынбор губерниясы Оңтүстік Оралмен байланысты еді. Сонымен бірге Орынбор қаласы тұрғындарының және осы аттас губерния халқының басым бөлігін орыстар құрады. Қазақстанның алдағы әкімшілік-аумақтық аудандастырылуының бірнеше нұсқасы әзірленді. Республиканың болашақ астанасы ретінде Ақтөбе, Шымкент, Әулиеата, Қызылорда қалалары аталды. 1925 жылғы 26 қаңтарда РК(б)П ОК-і Қазақстанды аудандастыру жөніндегі комиссия ұсынған жобаны қарады және мәселені одан әрі зерделеу үшін БОАК-нің орталық әкімшілік комиссиясына тапсырды. Қазақ АКСР-інің астанасы Қызылорда қаласына көшіру туралы шешім қабылданды. РКФСР-ның Үкіметі КАКСР-інің басшылық органдарын орналастыруға арналған ғимараттар құрылысына 4 млн сом бөлді. 1925 жылғы 6 сәуірде БОА К Төралқасы Орынбор губерниясын Қазақ АКСР-і құрамынан шығару туралы қаулы қабылдады, сөйтіп аумақтық-экономикалық мәселелерді нақтылауды БОАК-тің арнаулы комиссиясына тапсырды. Қазақ АКСР-і құрамынан бөліп шығарылған Орынбор губерниясына оның басым бөлігін орыс халқы құрайтын аудандар мен Орал губерниясы Елек уезінінбір бөлігі қарады. Қазақ АКСР-інің әкімшілік бөлінісін қайта құру 1925 жылдың бас кезіне аяқталды. Қазақ АКСР-і енді Адай уезін (губернияға тенестірілген), Ақтөбе, Ақмола, Орал, Семей, Қостанай, Жетісу, Сырдария губернияларын және Қарақалпақ автономиялық облысын біріктірді. 1925 жылдың бірінші жартысында республиканың негізгі мемлекеттік мекемелері Қызылордаға көшірілді. Қазақ жерінін қайта бірігуі оның халқының өміріндегі өте манызды оқиға болып табылады. Осы қайта бірігу қоғамды бөлудің таптық принципіне құрылған және күн өткен сайын коммунистік идеология үстем бола түскен кеңестік қазақ мемлекеттілігі аясында жүргізілгенімен, ол өңірдің тұрғылықты халықтарының, оның ішінде қазақтардың ұлттық ұйысуының жаңа кезеңіне, олардың мемлекеттілігінің кеңестік негізде қалыптасуы мен нығаюына жол ашты. 1925 жылғы 15-19 сәуірде республиканың жаңа астанасында Кеңестік Қазақстанның V съезі өтті. Съезд байырғы халықтың - қазақтардың тарихи атауын қалпына келтірді, Қырғыз А КСР-інің аты Қазақ Автономиялық Кеңес Республикасы деп өзгертілді. [15]. Съезд сонымен бірге республиканың жаңа астанасының атауын да өзгертті: Перовск қаласы Қызылорда деп аталатын болды. Съезд республика тұрғындарына арнап мынадай сөздермен аяқталған үндеу тастады: «Алдымызда — Қазақ Республикасы қайта өрлеуінің көкжиегі, еліміздің өндіргіш күштерін дамытуға арналған күрес көкжиегі, КАКСР-і еңбеккерлерінің, оның бүкіл халқының материалдық жағдайы мен мәдени денгейін көтерудің жаңа көкжиегі ашылды». Қазақ КСР-інің құрылуы. 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың бас кезінде, КСРО-ның дамуындағы әлеуметтік-экономикалық тоқыраудың өршуіне сәйкес, кінәлілерді — «халық жауларын» «зиянкестерді», антикеңестік қастандық элементтері мен жасырын ұйымдар деп аталатындарды іздестіру кең қанат жайды. Қазақстанда жер-жерде жауларды «әшкерелеу» науқаны басталды, КСРО-ның жаңа Конституциясын талқылау міне, осындай жағдайда жүргізілді. Конституция 1936 жылы 5 желтоқсанда Кеңестердің VIII БүкілодақтықТөтенше съезінде қабылданды. Жаңа Конституцияға сәйкес, 1937 жылы 26 наурызда Қазақ АКСР-і одақтық республика болып қайта құрылды. 1937 жылы наурызайында Қазақстан Кеңестерінің Төтенше X съезі Қазақ КСР Конституциясын бекітті. КСРО жаңа Конституциясы жаңа республикалық одақтық конституцияларды қабылдаумен тікелей байланысты болды. Онда да, одақтас республикалар конституцияларының құрылымы мен мазмұны КСРО Конституциясымен бірдей болды. Әр республиканың КСРО құрамынан еркін шығу құқығы сақталды, олардың келісімінсіз одақтас республикасының аумағы өзгертілмейтін болды. Конституция барлық одақтас республикалар аумағында бүкілодақтық заңдардың күші бірдей жүретіндігі туралы ережені бекітті: одақтас республикалардың заңы мен бүкілодақтық заңы алшақ келген жағдайда бүкілодақтық заң қолданысқа алынды. Одан шығатыны, Конституция одақтас республикалардың үстінен одақ заңының басымдығын түбегейлі бекіткенін көруге болады. Онда республикалық органдардың одақтық органдар актілерін бөгеу немесе қарсылық білдіру құқығы қарастырылмады. КСРО азаматтарына бір ғана одақтық азаматтық белгіленді, одақтас республикалардың әрбір азаматы КСРО азаматы болып табылды. Осынау құжатта деклорацияланған барлық құқық атаулыға қарамастан, республикалар нақты тәуелсіздікті және де өзін-өзі басқаруды да ала алмады. Қалай дегенмен, Қазақстанның суверенитеты формалды түрде мойындағанның өзінде және оның жерін заң жүзінде бекітіп беруі біздің мемлекетімізде өте үлкен рөл атқарды. 1937 жылы 12 желтоқсанда республика Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өттi. Сайлау демократиялық сипатта болмады, халық жоғарыдан бекітілген кандидаттарға дауыс берді.  
05.12.2012 05:16 56523

Ұлттық-аумақтық межелеу

Жоғарыда айтылғандай, ежелгі заманнан бері қазақтың жері саналатын оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы өңірлер (Сырдария және Жетісу облыстары) әр түрлі объективтік және субъективтік себептермен 1918 жылғы желтоқсанда жарияланған Алаш автономиясының, сондай-ақ 1920 жылғы қазанда құрылған Қазақ АКСР-і құрамына енгізілмеді. Олар Түркістан өлкесінің құрамында қалды, ал кейін 1918 жылдың көктемінде құрылған Түркістан АКСР-і құрамына кірді.

Азамат соғысының аяқталуы және 1922 жылы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) құрылуы елде ұлттық-мемлекеттік құрылыс процесін одан әрі дамытуға оң ықпал етті. Атап айтқанда, РКФСР құрамындағы барлық кеңестік республикалар мен облыстар құрылды. Ұлттық-аумақтық мемлекеттік құрылымдарды құрушы халықтардың, оның ішінде Қазақ АКСР-інің басшылары мен жекелеген өкілдері Орталықтың алдына қайсыбір халықтың ұлттық-мемлекеттілігі аясында бүкіл этникалық аумаққа бірлесуі (қайта бірігуі) туралы мәселе қоя бастады.

Бұл проблема Орта Азия мен Қазақстанда да күрделі сипат алды. Атап айтқанда, Сырдария және Жетісу облыстарын ҚазақАКСР-і құрамына қосу қажеттігі туралы мәселе жүйелі түрде көтерілді. Осымен бірге көп ұлтты Түркістан АКСР-ін бөлу және өзбектердің, түркімендердің, тәжіктердің, қарақалпақтардың, қырғыздардың ұлттық-мемлекеттік құрылымдарын құру туралы мәселе де күн тәртібіне қойылды. Осы кезде Түркістан АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің (ТүрАОАК) Төрағасы міндетін атқарушы Тұрар Рысқұлов 1920 жылғы қаңтардағы Түркістан Компартиясының V өлкелік конференциясында Түркістанның дербес ұлттық коммунистік ұйымдарын біртұтас «Түрік халықтарының коммунистік партиясына біріктіру» туралы мәселе көтерді және Түркістан АКСР-ін Түркістан Кеңестік Республикасы деп атауды ұсынды, ал сол жылдың 27 мамырында ол Түркістан АОАК-нің Төрағасы ретінде РК(б)П ОК мен РКФСР ХКК-не негізі жоғарыда аталған идея-ұсыныстар болып табылатын «Ресей Социалист Федерациясының құрамындағы Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы ережелерінің» жобасын ұсынды.

Ел басшылығы атынан В.И. Ленин мен оның әріптестері БОАК пен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Түркістан істері жөніндегі комиссиясы мүшелерінің айтуымен Т. Рысқұловтың ұсынысын қабылдамай тастады. 1920 жылғы 13 маусымда РК(б)П ОК-і «РК(б)П-ның Түркістандағы міндеттері туралы» шешімдерінің жобасына ол өз ескертпелерін жазды, онда: «Меніңше, комиссияның жобасы дұрыс, Т. Рысқұловтың жобасын қабылдамау керек...», - деп атап көрсетті. Өз ескертпелерін В.И. Ленин мынадай сөйлемдермен аяқтады: « Өзбек, Қырғыз және Түркімен бөлімшелерімен Түркістанның картасын (этнографиялық және т.б.) жасау тапсырылсын. # Осы 3 бөліктін қосу мен ажырату шарттары егжей-тегжейлі анықталсын».

Қажетті саяси және экономикалық жағдайлардың қалыптасуына (Азамат соғысының аяқталуына, шартты түрде тұрақтылықтың орнығуына, ұлттық басшы кадрлардың даярлануына, өңірде халық шаруашылығының қалпына келе бастауына, аумақтың этникалық тұтастығын қалпына келтіру негізінде, Кеңес өкіметінің принциптері бойынша болса да, Орта Азия халықтарының өзінің ұлттық мемлекеттілігін құру қажеттігін сезінуіне) қарай Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу жөніндегі күрделі жұмысқа тікелей кірісу мүмкіндігі туды. Мұндай межелеу, бірінші кезекте, өңірдегі әрбір халықты ұлтқа ұйыстыру процесін күшейту мен орнықтыру үшін қажет болды. Осы ретте, Орта Азияда межелеуге дейін өмір сүрген мемлекеттік құрылымдардың (Түркістан АКСР-інің, Бұхар және Хорезм халық республикаларының) революцияға дейінгі (1917 жылғы қазанға дейінгі) Түркістан генерал-губернаторлығы, Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы әкімшілік шекарасында құрылғанын және Орта Азияның негізгі халықтарының этникалық орналасу шекарасына сәйкес келмегенің, Түркістан АКСР-інің (1918 жылғы мамыр), Хорезм (1920 жылғы сәуір) және Бұхар (1920 жылғы қазан) республикалары құрылуының этникалық жағдайды өзгертпегенін атап өткен жөн. Орта Азиядағы бірде бір халық осы республикалар тұрғындарының тұтаса орналасуын қамтамасыз ете алмады.

Айталық, өзбектердің көпшілік бөлігі (66,5%) Түркістан АКСР-інде тұрды, алайда олар тұрғындардың жартысынан аз бөлігін (41,4%) құрады, өзбек халқының 22,2%-ы Бұхар және 11,3%-ы Хорезм республикасын мекендеді.
Түркімендердің 40%-ынан астамы Түркістан АКСР-інде, 29,8%-ы Хорезм республикасында және 27%-ы Бұхар республикасында қоныстанды, бірақ еш жерде халықтың көпшілік бөлігін құрай алған жоқ; Түркістан АКСР-інде олардың тек 4,7%-ын, Бұхарада — 10,6%-ын, Хорезмде 28,7%-ын ғана құрады. Тәжіктер негізінен екі республикада тұрды: олардың үлесі Түркістан АКСР-інде - 7,7%, Бұхарада - 31% ғана болды. Қырғыздар негізінен Түркістан АКСР-інде (98,6%) орналасты, бірақ республика халқының бар болғаны 10,8%-ын ғана құрады. Қарақалпақтардың үштен екісінен астамы Түркістан АКСР-ін мекендеді, дегенмен олар ондағы халықтың тек 1,4%-ына ғана тең болды. Орта Азияда тұрған қазақтар үш республикада да шашырай орналасты, ол барлық жерде де азшылық бөлікті құрады: Түркістан АКСР-інде - 19,3%, Бұхарда - 1,5%, Хорезмде - 3,5% ғана болды.

Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық даму процесі

Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық даму процесі ұлт болып ұйысумен бірге Орта Азия халықтарының ұлттық мемлекеттілігін құру үрдісін де күшейтті.
1924 жылғы қаңтарда Қазақ АКСР-інің үкіметі іс жүзінде Жетісу және Сырдария облыстарының қазақ аудандарын Қазақстанға қосу туралы мәселе көтерді. Орта Азияны межелеуге Түркістанның барлық тұрғылықты халықтары мүдделілік танытты.

1924 жылғы 31 қаңтарда РК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бюросы межелеу туралы мәселені алдын ала қарап, РК(б)П ОК-нің хатшысы Я. Рудзутаққа Ташкентте осы мәселе бойынша кеңес өткізуді тапсырды. Кеңес 1924 жылғы 10 наурызда өтті. Онда «Түркістанды ұлттық-аумақтық межелеу туралы» Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы А. Рақымбаев баяндама жасады. Өз баяндамасында ол Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеу қажеттігінің басты себептерінің бірі ретінде Түркістан АКСР-ін, Хорезм, Бұхар халық республикаларын қамтыған өңірде ұлтаралық қатынастардың ұшығып отырғанын атады. Осы пікірін дәлелдеу үшін ол Түркістан Республикасы қазақтарының 1921 жылғы съезінде өздеріне автономиялық республика беру, сондай-ақ РК(б)П-ның 1922 жылғы XI съезінде Қазақ АКСР-іне Түркістанның қазақ аудандарын қосу туралы ұсыныстарын, Қазақ АКСР-і басшыларының РК(б)П ОК-нің алдына бірнеше қайтара қойған талаптарын, Орта Азия түрікмендерінің өз республикасын құрғысы келетінін және т.б. фактілерді келтірді.

Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеудін тағы бір себебі КСРО-ның большевиктік басшыларының өңірде ұлттық республикалар және ұлттық-мемлекеттік құрылымдарының басқа да нысандарын құру арқылы олардың қай-қайсысында болсын таптық қарама-қайшылықты күшейту, сөйтіп әр түрлі әлеуметтік топтардың, әр түрлі халықтардың бірлігіне сүйенген басмашылық қозғалысты әлсіретуге тырысуы болып табылады.. Өз баяндамасында А. Рақымбаев бұл туралы ашық баяндады. Ол тұп-тура былай деді: «Біздің партияның көзқарасы тұрғысынан алғанда мұндай ұйымдардың (яғни біртекті ұлттық республикалар құру. - авт.) пайдалылығы мынада, егер өзбек кедейлері өзбек кулактарымен, түркімен кедейлері түркімен, қырғыз кедейлері қырғыз кулактарымен күресетін болса, онда бізде таптық күрес ұлттық дәстүрмен тұншықтырылмайтын болады».
Кеңеске қатысушылардың көпшілігі межелеу ісін қолдады. Түркістан OAK Төрағасының орынбасары Н. Айтаков өз сөзінде Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеудің дұрыстығын және түрікмен халқын біртұтас кеңестік республикаға біріктіру қажеттігін атап көрсетті. Түркістан Компартиясының жауапты хатшысы, белгілі мемлекет қайраткері және ғалым С. Асфендияров өз сөзінде Қарақырғыз (Қырғыз. — авт.) автономиялық облысын құрудың дұрыстығын дәлелдеді. Басқа бағыттағы да ұсыныстар болды. Мәселен, Орта Азия экономикалық кеңесінің төрағасы М. Паскуцкий өңірдің «экономикалық тұтастығының» тиімділігін алға тартып, Орта Азияның барлық республикаларын біріктіруді талап етті, сөйтіп шын мәнінде Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеуге қарсы болды. Түркістан АКСР-інің Жер халық комиссары және «Ақ жол» газетінің редакторы С. Қожанов «түрік тайпалары біртұтас түрік тілді халықтарды құрайды», «оларды жасанды түрде ажыратуға болмайды» деп мәлімдеді. М. Паскуцкийдің, С. Қожановтың және олардың кейбір жақтастарының ұсыныстары іс жүзінде Түркістан АКСР-ін, Хорезм мен Бұхарды Закавказье Федеративтік Республикасы сияқты етіп саяси біріктіруді қарастыратын еді.

Кеңес М. Паскуцкий мен С. Қожановтың пікірін қолдамай, ол А. Рақымбаевтың баяндамасындағы Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеу жөніндегі негізгі қағиданы мақұлдады.
1924 жылғы сәуірдің соңында РК(б)П ОК Орта аз бюросы мен Түркістан Компартиясы ОК-нің бірлескен отырысында үш шағын: қазақ, өзбек және түрікмен комиссияларынан тұратын Орта Азияны межелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі комиссия құрылды. Жобаларды әзірлеу барысында комиссияның жекелеген мүшелері Орта Азия республикаларының федерациясын құру туралы да айтты, бірақ мұқият талкылаудан кейін федерация құрмай-ақ, Орта Азияны межелеу жөнінде шешім қабылданды.
Орта Азияны межелеу жөніндегі комиссия материалдарды қарап, РК(б)П ОК Орта аз бюросы 1924 жылғы 12 мамырда екі одақтас республика – Өзбек және Түрікмен республикаларын және екі автономиялық облыс - Өзбекстанның құрамында Тәжік, РКФСР құрамында Қарақырғыз облыстарын құру, ал Түркістанның қазақ аудандарын Қазақ АКСР-інің құрамына енгізу туралы шешім қабылдады. Комиссиянын материалдары және РК(б)П OK Орта аз бюросының осы шешімі партияның Орталық Комитетіне жіберілді. 1924 жылғы 12 маусымда РК(б)П ОК-і Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы қаулы қабылдады. Аумақтық комиссияның құрамында бірқатар шағын комиссиялар: саяси, экономикалық, статистикалық және бірнеше ұлттық комиссиялар құрылды. Олардың құзыретіне: саяси салада — жаңадан құрылатын республикалардың конституцияларын, жаңа ұлттық республикалардың шарттары мен декларацияларының жобаларын дайындау; мемлекеттік аппараттың ұйымдық және құрылымдық мәселелерін әзірлеу; жаңа республикалар Кеңестерінің құрылтай съездеріне баяндамалардын тезистерін дайындау; экономикалық салада - жаңа шекараларында ұлттық республикалардың мемлекеттік бюджеттері мен шаруашылық жоспарларының жобаларын жасау; кредитті ұйымдастыру нысандарын әзірлеу мен белгілеу, банк капиталдары мен ирригация мәселелерінде және т.б. республика үлесін айқындау жатты.

1924 жылдың жаз айларында Орта аз бюросы кешенді күрделі мәселелермен айналысты, сөйтіп аумақты, сонымен бірге материалдық-қаржылық құндылықтарды бөліске салумен, сондай-ақ жаңа әкімшілік аудандастыру принциптерін белгілеумен байланысты біраз қиындықтарды еңсерді.

Межелеуге жатқызылған барлық аудандарда, мұрағат құжаттарының бірінде айтылғандай, «ерекше құштарлықпен және адамдардың мейлінше мол және ықыласты қатысуымен» [9]. қайсыбір халықтар өкілдерінің қызу жиналыстары өткізілді. Осындай талқылаулардың барысында Түркістан АКСР-інде тұратын қарақалпақтар Хорезм республикасының Ходжейлі облысындағы отандастарымен бірігу және Қазақ А КСР құрамында Қарақалпақ автономиялық облысын құру қажеттігі туралы айтты.

Ұлттық-мемлекеттік межелеудің ресми деңгейлерде жалғасуы

Ұлттық-мемлекеттік межелеуге жатқызылған республикаларда мәселені талқылау ресми деңгейлерде де жалғасты. Мәселен, Бұхар халықтық Кеңестік республикасы кеңестерінің 1924 жылғы 19 қыркүйектегі бесінші құрылтайында: «Бұхар халықтарының ерік-жігерін білдіре отырып, Түркістан мен Хорезмнің өзбектерімен бірге Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасын құруға келісім білдіреміз. Құрылтай Өзбекстан мен Түркістанның КСРО құрамына кіру қажеттігін бірауыздан қолдайды» деген қаулы қабылданды. 10 күннен кейін Бүкілхорезм Кеңестерінің бесінші құрылтайы нақ осындай қаулы қабылдады.

Түркістан ОАК-нің 1924 жылғы 16 қыркүйектегі III Төтенше сессиясында қабылданған қаулыда былай деп жазылды: «Қырғыз (қазақ. — авт.) халқының жұмысшылары мен диқаншыларының бүкіл ерік-жігерін қолдау үшін ТАКСР-інің киргиз (қазақ) облыстарын Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Социалистік Республикасының құрамына біріктіру мақсатында қырғыз (қазақ) халқына ТАКСР құрамынан шығуға құқық берілсін».

Жаңадан құрылған республикалар мен облыстар өкілдерінің қатысуымен РК(б)П ОК Саяси Бюросының 1924 жылғы 11 қазанда өткен кезектен тыс отырысында жаңа республикалар мен облыстар бойынша мемлекеттік қорлар мен капиталы экономикалық межелеу мен бөлу тәртібі айқындалды.

Шешімде Ташкент жөніндегі дауға нүкте қойылды (бұған дейін қазақ пен өзбек халықтары өкілдерінің арасында осы қала туралы айтыс болып келген еді) - Ташкентті Өзбек КСР-іне жатқызу бекітілді. Осы өкілетті кеңесте, сондай-ақ Өзбекстан құрамында Тәжік АКСР-ін құру туралы мәселе шешілді, ал Памир туралы мәселені әзірлеу арнаулы комиссияға тапсырылды, кейін КСРО OAK Төралқасының ұсынысымен Тәжік АКСР құрамында Таулы-Бадахшан автономиялық облысы құрылды.

КСРО ОАК-нің 1924 жылғы 27 қазандағы екінші сессиясында Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеу мен «ұлттардың өзін-өзі басқару принципі бойынша» құрамындаТәжік АКСР-і кіретін Өзбек КСР-ін,Түркімен КСР-ін және РКФСР құрамында Қарақырғыз автономиялық облысын құру туралы қаулы қабылданды. Осы қаулыға сәйкес, этникалық қазақтардың бір бөлігін қамтитын Түркістанның жекелеген өңірлері Қазақ АКСР-інің құрамына қосылды. КАКСР-інің құрамына жаңадан құрылған Қарақалпақ облысы кірді. Жаңа республикалар мен облыстардың құрылуына байланысты Түркістан, Бұхар және Хорезм Орталық атқару кеңестері 1924 жылғы қарашадағы сессиясында өздерінің қызметін тоқтататыны туралы шешім қабылдады. Республикалар мен облыстарды экономикалық межелеу және жекелеген ұйымдар мен мекемелерді тарату үшін Орта Азияда уәкілеггі Еңбек және Қорғаныс Кеңесі жанынан Тарату комитеті құрылды. Бұрынғы республикалар құрамынан бөлінген аумақтарды уақытша басқару және жаңадан құрылатын республикалар мен облыстар кеңестерінің құрылтай съездерін әзірлеу уақытша билік органдарына - революциялық комитеттерге (ревкомдарға) жүктелді. 1924 жылғы 21 қарашада Қазақ АКСР ОАК-і ТАКСР-інен Қазақ АКСР-І құрамына берілген аудандарды басқару жөніндегі революциялық комитет туралы Ережені бекітті.

Ұлттық-аумақтық межелеу нәтижесінде Түркістан АКСР-інің бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарының біраз бөлігі Қазақ АКСР-інің құрамына өтті. 1924 жылғы қарашадан бастап осы облыстарды басқаруды КАКСР-інің үкіметі құрған, жоғарыда аталған ревкомдар жүзеге асырды.

1924 жылдың соңы мен 1925 жылдың басы аралығында Қазақ АКСР-іне қосылған жекелеген уездер мен болыстардың шекараларын нақтылау одан әрі жүргізілді.
Қарақалпақ автономиялық облысы кеңестерінің 1925 жылғы ақпанда Төркүлде өткен бірінші Құрылтай съезінде Қарақалпақ автономиялық облысының құрылғаны және оның Қазақ АКСР-інің құрамына енгізілгені заңды түрде ресімделді.

Межелеу барысында Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Әулиеата уезінің үлкен бөлігі, бұрынғы Сырдария облысының Ташкент және Мырзашөл уездерінің бір бөлігі Қазақстанға өтті. Сонымен қатар КАКСР-іне Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал (Талдықорған) уездері, Пішпек (Бішкек) уезінің Георгиев, Шу, Қаранөкіс болыстары қосылды. Нәтижесінде Қазақ АКСР-інің аумағы 700 мың шаршы шақырымға, яғни үштен біріне ұлғайды, сөйтіп 2,7 млн шаршы шақырымды құрады, ал халқы 1468 мың адамға өсіп, республикадағы жалпы саны 5230 мың адамға жетті. Халықтың 1926 жылғы санағы бойынша қазақтар бүкіл республика халқының үштен екісіне жуығын (61,3%) құрады.

Экономикалық бай ресурстарымен және тармақталған ирригациялық желілерімен, сан миллион малымен қоса ауқымды аумақтың қосылуы Қазақстанның өндіргіш күштерінің дамуына қолайлы әсер етті. Осыған байланысты республиканың жаңадан аудандастырылуы туралы мәселе қаралды. Талқылау барысында республиканың астанасын Орынбордан басқа қалаға ауыстыру мәселесі туындады. Орынбор Қазақ АКСР-інің қалыптасуында елеулі рөл атқарды, бірақ жаңа тарихи жағдайларға байланысты оның географиялық орналасуы Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағынан дамыту талаптарына жауап бере алмады. Оның үстіне Орынбор қазақ халқының негізгі бөлігінен аумақтық тұрғыда оқшау орналасты, ал экономикалық жағынан Орынбор губерниясы Оңтүстік Оралмен байланысты еді. Сонымен бірге Орынбор қаласы тұрғындарының және осы аттас губерния халқының басым бөлігін орыстар құрады.

Қазақстанның алдағы әкімшілік-аумақтық аудандастырылуының бірнеше нұсқасы әзірленді. Республиканың болашақ астанасы ретінде Ақтөбе, Шымкент, Әулиеата, Қызылорда қалалары аталды. 1925 жылғы 26 қаңтарда РК(б)П ОК-і Қазақстанды аудандастыру жөніндегі комиссия ұсынған жобаны қарады және мәселені одан әрі зерделеу үшін БОАК-нің орталық әкімшілік комиссиясына тапсырды. Қазақ АКСР-інің астанасы Қызылорда қаласына көшіру туралы шешім қабылданды. РКФСР-ның Үкіметі КАКСР-інің басшылық органдарын орналастыруға арналған ғимараттар құрылысына 4 млн сом бөлді. 1925 жылғы 6 сәуірде БОА К Төралқасы Орынбор губерниясын Қазақ АКСР-і құрамынан шығару туралы қаулы қабылдады, сөйтіп аумақтық-экономикалық мәселелерді нақтылауды БОАК-тің арнаулы комиссиясына тапсырды. Қазақ АКСР-і құрамынан бөліп шығарылған Орынбор губерниясына оның басым бөлігін орыс халқы құрайтын аудандар мен Орал губерниясы Елек уезінінбір бөлігі қарады.

Қазақ АКСР-інің әкімшілік бөлінісін қайта құру 1925 жылдың бас кезіне аяқталды. Қазақ АКСР-і енді Адай уезін (губернияға тенестірілген), Ақтөбе, Ақмола, Орал, Семей, Қостанай, Жетісу, Сырдария губернияларын және Қарақалпақ автономиялық облысын біріктірді.

1925 жылдың бірінші жартысында республиканың негізгі мемлекеттік мекемелері Қызылордаға көшірілді.

Қазақ жерінін қайта бірігуі оның халқының өміріндегі өте манызды оқиға болып табылады. Осы қайта бірігу қоғамды бөлудің таптық принципіне құрылған және күн өткен сайын коммунистік идеология үстем бола түскен кеңестік қазақ мемлекеттілігі аясында жүргізілгенімен, ол өңірдің тұрғылықты халықтарының, оның ішінде қазақтардың ұлттық ұйысуының жаңа кезеңіне, олардың мемлекеттілігінің кеңестік негізде қалыптасуы мен нығаюына жол ашты.

1925 жылғы 15-19 сәуірде республиканың жаңа астанасында Кеңестік Қазақстанның V съезі өтті. Съезд байырғы халықтың - қазақтардың тарихи атауын қалпына келтірді, Қырғыз А КСР-інің аты Қазақ Автономиялық Кеңес Республикасы деп өзгертілді. [15]. Съезд сонымен бірге республиканың жаңа астанасының атауын да өзгертті: Перовск қаласы Қызылорда деп аталатын болды.

Съезд республика тұрғындарына арнап мынадай сөздермен аяқталған үндеу тастады: «Алдымызда — Қазақ Республикасы қайта өрлеуінің көкжиегі, еліміздің өндіргіш күштерін дамытуға арналған күрес көкжиегі, КАКСР-і еңбеккерлерінің, оның бүкіл халқының материалдық жағдайы мен мәдени денгейін көтерудің жаңа көкжиегі ашылды».

Қазақ КСР-інің құрылуы. 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың бас кезінде, КСРО-ның дамуындағы әлеуметтік-экономикалық тоқыраудың өршуіне сәйкес, кінәлілерді — «халық жауларын» «зиянкестерді», антикеңестік қастандық элементтері мен жасырын ұйымдар деп аталатындарды іздестіру кең қанат жайды. Қазақстанда жер-жерде жауларды «әшкерелеу» науқаны басталды, КСРО-ның жаңа Конституциясын талқылау міне, осындай жағдайда жүргізілді. Конституция 1936 жылы 5 желтоқсанда Кеңестердің VIII БүкілодақтықТөтенше съезінде қабылданды. Жаңа Конституцияға сәйкес, 1937 жылы 26 наурызда Қазақ АКСР-і одақтық республика болып қайта құрылды. 1937 жылы наурызайында Қазақстан Кеңестерінің Төтенше X съезі Қазақ КСР Конституциясын бекітті.

КСРО жаңа Конституциясы жаңа республикалық одақтық конституцияларды қабылдаумен тікелей байланысты болды. Онда да, одақтас республикалар конституцияларының құрылымы мен мазмұны КСРО Конституциясымен бірдей болды. Әр республиканың КСРО құрамынан еркін шығу құқығы сақталды, олардың келісімінсіз одақтас республикасының аумағы өзгертілмейтін болды. Конституция барлық одақтас республикалар аумағында бүкілодақтық заңдардың күші бірдей жүретіндігі туралы ережені бекітті: одақтас республикалардың заңы мен бүкілодақтық заңы алшақ келген жағдайда бүкілодақтық заң қолданысқа алынды. Одан шығатыны, Конституция одақтас республикалардың үстінен одақ заңының басымдығын түбегейлі бекіткенін көруге болады. Онда республикалық органдардың одақтық органдар актілерін бөгеу немесе қарсылық білдіру құқығы қарастырылмады. КСРО азаматтарына бір ғана одақтық азаматтық белгіленді, одақтас республикалардың әрбір азаматы КСРО азаматы болып табылды.
Осынау құжатта деклорацияланған барлық құқық атаулыға қарамастан, республикалар нақты тәуелсіздікті және де өзін-өзі басқаруды да ала алмады. Қалай дегенмен, Қазақстанның суверенитеты формалды түрде мойындағанның өзінде және оның жерін заң жүзінде бекітіп беруі біздің мемлекетімізде өте үлкен рөл атқарды. 1937 жылы 12 желтоқсанда республика Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өттi. Сайлау демократиялық сипатта болмады, халық жоғарыдан бекітілген кандидаттарға дауыс берді.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға