Жаңалықтар

Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәселелері

Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәселелері   Қазақ халқының мәдениет тарихында әдебиеттану ғылымының тарихы әзір қысқа. Бұл - жас ғылым. Ол: "Әдебиеттік сын", "Қазақ әдебиетінің теориясы", "Қазақ әдебиетінің тарихы" деген салаларға бөлініп, енді ғана дамып келеді. Қазақтағы әдебиеттану ғылымы құралғанда, ол өзінің алғаш туысымен, бүгінгі жеткен сатысымен, барлық бас-аяғын жинағанда - түгелімен, толық мағынасында Социалистік Ұлы Октябрь революциясының жемісі болады. Октябрьден бұрынғы қазақ тарихында біз бұл жөнде, "өскен ғылым" дерлік мардымды мұралар алғамыз жоқ.   Рас, қазақ халқының революциядан бұрынғы әдебиет өрнектерін жинауда және оларды баспасөз жүзінде жариялауда, онан соң ең алғашқы түсініктер беруде көп қызмет еткен орыс ғалымдарының еңбектерін біз ұмытпаймыз. Орыс мектебінен, ұлы мәдениетінен тәрбие алып, қазақ ескілігін зерттеген Шоқан, Әбубәкір, Ыбырай сияқты оқымыстылардың еткен еңбегін де бағалаймыз. Бірақ олардың көп жылдар жасаған пайдалы әрекеттері нағыз әдебиеттану ғылымының өзін тудырған жоқ-ты. Олардың тексеру, зерттеулері бастауыш дәрежеде болса да, қалыптанған "әдебиет теориясы", "әдебиет тарихы" болып, тым құрса орта мектеп оқу құралы есебінде де тарихқа кірген жоқ-ты. Октябрьден бұрынғы қазақ халқы орта мектеп түгіл, бастауыш мектептің де анық мәдениетті түрін көрген жоқ еді. Рас, сол революциямен бірге жасап келе жатқан қазақ әдебиеттану ғылымы өзінен-өзі ғана туып, өз бетімен ғана жол салып, тек қазақ әдебиетшілерінің өз еңбек өнерімен ғана өркендеп келе жатқан жоқ. Бұрын жабайы отар қалпында болған Қазақстан өлкесіндегі мемлекеттік тіршіліктің бар саласына, революциялық ұлы жаңалықтар, жаңа туыстар берген ұлы орыс халқының дос мәдениеті бұл салада, қазақтың әдебиеттану ғылымын тудырып өсіруде де өзінің ерекше зор әсерін тигізіп, көмегін көрсетті.   Бірнеше ғасырдан бері көрнекті ғылым болып, дамып, өсіп келген орыс тарихы бар еді. Оның көп жолдарын демократтық жолмен, революцияшыл, бұқарашылдық жолмен бағыттауға ұлы еңбек еткен атақты сыншы орыс ғалымдары, философтары: Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбовтардың еңбегі бар еді. Өткен ғасырдың соңғы шақтарынан бері қарай басталған марксистік әдебиеттану негізі салына бастап еді. Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәселелері Қазақстанда советтік мектептер туумен жалғас күн тәртібіне қойылғанда, марксизм ғылымының жолымен әр салалы, қоғамдық ғылымдарды жаңадан құру шарт болды. Революцияшыл пролетариат тудырған ғылымның негізінде жасалу қазақ әдебиеті тарихының да ең басты тарихи міндеті, бірден-бір бағыт ететін ұлы арнасы еді. Жоғарыда қазақ әдебиеті тарихы өздігінен ғана туған жоқ дегендегі айтпағымыз осы негізбен, осы айтылған міндетпен байланысты болатын.   Социалистік революция дәуірі қазақтың советтік социалистік мәдениетінің негізін салды. Қазақстандағы әдебиет тарихшыларына да ұлы революция бағытындағы ғылымды жасауды тарихтық міндет етіп артты. Сол ұлы міндетті атқару жолында көп оқулықтар, жетіспеген шалалықтар, саяси зиянды, теріс бағыттар өз әсерін қазақтың жас әдебиеттік тарихына көрсете жүргенмен, жалпы Қазақстандағы әдебиет тарихы ғылымдық қалыптану жағынан қарағанда, жоғарыда айтылғандай, ұлы орыс мәдениетінің ғылымдық әдебиет тарихын жасау тәжірибесінен үлгі алып, үйреніп өсті. Маркс, Энгельс, Ленин еңбектері тудырған революциялық жүйеден нәр алып, соны өзіне ғылым болып қалыптанудағы ең бірінші міндеті етіп өсуді талап етті. Қазақстандағы жас ғылым, әдебиеттану ғылымы Октябрь берген жеміс - советтік социалистік ғылым. Сондықтан мұның туысы мен дамуын, бүгінгі азды-көпті жеткен сатысын, табысын айтқанда, ең алдымен, сол советтік ғылым туғанын ерекше бөліп айтамыз. Мұның осу жолында зиянды, контрреволюцияшыл ұлтшылдықтың еткен теріс әсерін немесе жалған солақайшылықты жамылған ҚазАПП кезіндегі зиянды бағыт әсерлерін атап, әйгілеп отырумен қатар, қазақтың әдебиеттік, советтік ғылымының жасалу, туу тарихы тек солардың әсерінен ғана құралды десек, қателескен болар едік. Сондай залалды әсерлерді әшкерелеп, ашып, жеңіп, шетке шығарып тастап отыру арқылы, солармен алысып, марксистік-лениндік әдебиеттану жүйесін әл-шамасынша қазақ әдебиеті фактілеріне, дәуірлерінде қолдану арқылы өсіп келе жатқан жас социалистік ғылым бар дейміз. Қазақ әдебиетінің тарихы мен әдебиеттану жүйесі бізде орта мектепте оқу құралын жасаудан туды. Енді, соңғы он жылдар ішінде, Қазақстанда жоғары дәрежелі мектептер туып, дамумен қатар, сол жоғары дәрежелі мектептерге сай боларлық, ғылымдық, күрделі оқу құралын жасауды қазақ әдебиет тарихшылары өзінің міндетіне алды. Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институты соңғы үш-төрт жылдан бергі және алдағы екі-үш жыл бойында, төртінші бесжылдық бойында әдебиеттану ғылымы жөнінде өздерінің ғылымдық ең зор міндетін атқаруда. Осы ретте жоғары мектептерге арналған төрт томдық әдебиет тарихын жасау үстінде еңбек етіп келеді.   Сол тарихтың бірінші томының фольклор бөлімі өткен жылдың басында біткен болатын. Қазіргі институт ғылыми қызметкерлерінің соңғы жыл бойындағы негізгі шұғылданған еңбегі әдебиет тарихының IV томын - совет әдебиетіне арналған томын жасау мәселесі болды. 1947 жыл бойында сол IV томның қысқаша желісі - проспектісі жасалды. Бір топ әдебиетші авторлардың бірлескен еңбегімен "Совет әдебиетінің очеркі" жазылып отыр.   Бірақ бірінші томның варианты жазылып болғанмен, оның өзіне арналған негізгі мақсаты мен жұртшылық талап ететін зор міндеті атқарылып болған жоқ еді. 1947 жылдың 21 январында шыққан ҚК(б)П Орталық Комитетінің тарихи қаулысында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы өзге көп ғылымдық, саяси қателіктермен қатар, әсіресе Қазақстандағы әдебиеттану ғылымындағы идеялық-саясаттық өрескел қателіктер қатты сыналды. Негізді, әділ түрде көп кемшіліктеріміз айтылды. Сол қаулының бір сынаған шығармасы қазақ әдебиеті тарихының бірінші томы болатын.   ҚК(б)П Орталық Комитеті қаулысының алынғанына қазір, міне, он ай болды. Біз, әдебиет тарихшылары және барлық Тіл - Әдебиет институты коллективі болып, қазіргі шақта өзіміздің істерімізге сол қаулының айрықша зор пайдасы тигендігін ең алдымен атап айтамыз. Сыншыл, жетекшіл ой партия басшылығынан объективтік негізділікпен әділ түрде айтылып көрсетілді де, әрбір жеке әдебиет тарихшысын да, жиын боп біріккен авторлық топтарды да анық өнімді еңбекке бастады. Идеялық-саясаттық жағынан дұрыс бағытталған дұрыс еңбекке жұмылдырды. Бүгін Социалистік Ұлы Октябрь революциясының XXX жылдық мерекесіне арналған ғылымдық мәжілістерімізде біз осы жәйді айрықша атап, арнаулы қорытынды жасап, "партия бізге өзінің әділ сынымен зор тәрбиелік, саясаттық басшылығын көрсетті" деп қорытамыз.   Бірінші том жөнінде Орталық Комитет көрсеткен қателіктерді түзеу жолында және сол қаулыны еске ала отырып, жаңадан негізі салынып жатқан "Совет әдебиеті тарихын" жасауда да біздің әдебиет тарихшыларымыз соңғы жылдар бойында едәуір жұмыс істеді. БК(б)П Орталық Комитетінің "Звезда" және "Ленинград" журналдары турасындағы қаулысы және Жданов жолдастың сол қаулы жөніндегі баяндамасы зерттеуші ойдың барлығына үлкен бағыт берді. Совет әдебиетінің тарихын жоғары дәрежелі мектептерде оқыту жөнінде орыс әдебиетшілері жасаған программалары мен оқу құралдарын сынаған және "Культура и жизнь" газетінде, "Большевик" журналында, "Әдебиет газетінде", орталық "Октябрь", "Звезда", "Новый мир" сияқты бүкіл Одақтағы беделді журналдар бетінде жазылған сындардың көмегі де мол болды. Одақтағы кейбір әдебиет тарихшыларының батысқа бас июшілік жөніндегі идеялық-саяси қателіктерін сынаған және Одақтық республикалардағы әдебиеттану жөніндегі жергілікті ұлтшылдықты сынаған Совет Жазушылар одағының бас секретарь! А.А. Фадеевтің баяндамасы, мақалалары, барлығы да біздің әдебиет тарихшыларының қазір соңғы рет түзеп, баспаға бергелі отырған бірінші томның дұрыстап қалыптануына көмек етті. БК(б)П Орталық Комитетінің қаулылары мен ҚК(б)П Орталық Комитетінің жоғарыда аталған тарихи қаулысы біздің әдебиетшілерге тек бірінші том туралы ғана дұрыс сынмен өнімді бағыт беріп отырған жоқ, алда жазылатын барлық үш томның да дұрыс жазылуына да тура жөн, кең өріс берді. Біздегі әдебиет тарихын жасаушы жас ғылымымыздың бойына жабысып келген үлкен саяси-саналық зиянды астары бар қателіктерді ғылымдық дұрыс негізбен талдауымызға көмек көрсетіп, ұстаздық етті. Сол қаулыда тек бірінші томды жазушыларға ғана емес, барлық мектеп оқу құралдарын, әдебиет теориясын жазушыларға, сыншыларға да басшы боларлық арналы, үлкен ойлар айтылды. Қалыптанып келе жатқан жас ғылымның, мектеп оқу құралдарына белгіленген мөлшерінде де, ұдайы қалмай келе жатқан айқын қателіктер бары көрсетілді. Сол қателіктердің басты түрлерін атасақ, қазақ әдебиеті тарихына өзіміз кіргізген ескілі-жаңалы, арғы-бергі дәуірлердегі үлгілер, ақындар, жеке әдебиеттік фактілер туралы бірыңғай мақтай беру, тамашалай, мадақтай сөйлеу күшті еді. Сондай, ғылымға жатпайтын сыңаржақ тамашалаушылық, бұрынғының бәріне бас июшілік басым болды, бұрынғыны мақтан етушілік, арзан, жалған патриоттық, керексіз кертартпа романтика, сарыншылдық бар еді. Шығарманың, жазушының қоғамдық-таптық, тарихтық шынын ашудың орнына, шаруашылық жағдайдың Маркс-Ленин жүйесі бойынша әр шығарманың тууына себепкер тамырын ашудың орнына, көп мұралардың өлеңдік түрін, шала көркемдік тілін, өзіміз жетіп ұғынбаған сырын көп мадақтаумен болдық. Тіпті кертартпа идеологиясы айқын тұрған ескі шығарма, бұрынғы ақын болса, оны да кешіре сынау көп болды. Ұғынамын деген боп, заманын, надандығын сылтау етіп, сол кертартпа сананың ақынын сынау орнына ақтау көп болды.   Шоқанның көзімен қарағанда, Шортанбайлар қалай бағаланар еді? Абай көзімен қарағанда, Ақылбек Сабаловтар қалай танылар еді? Алтынсарин көзімен қарағанда, Әбубәкір қалай бағалану керек еді? Сондай кертартпа сананың ақындарын өз заманының ағартушы, халықшыл қайраткерлері шенеп сынаса да, біз орта мектеп оқу құралдарынан кейін қалып қойған ойы күйкі, көңілі надан ақындарды да шамадан тыс көтере бағаладық. Сол сияқты XIX ғасырда шала танылған, шала ұғынылған ақындарды тамашалап, мақтаудың аяғын беріге әкеп, бұрынғыдан да өрескел қателіктер жасадық. XX ғасыр әдебиет зерттеуде, контрреволюцияшыл ұлтшылдық жолындағы кей жазушылардың таптық сырын, орнын тануда да көп адасуларға ұшырағандарымыз болды.   Ленин: "Біз әрбір ұлттық мәдениеттен оның демократтық, социалистік элементтерін ғана аламыз, оны алғанда да әр ұлттағы буржуазиялық мәдениетке, буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы қою үшін ғана аламыз" десе, біздің әдебиет тарихтарымыз жасалуда да осы ой - ең негізгі басшы ой болуға керек. Бұл хал жалғыз қазақ әдебиеті тарихын жасаушылар емес, бізге тілі, тарихы жақын советтік шығыс әдебиеттерін алсақ, солардың бәрінің де әдебиет тарихшыларына ортақ міндет. Революцияшыл әдебиет тарихшысы боп, социалистік ғылымның жаңа мұратын, өз елінің әдебиет тарихын жасауда ойдағыдай орындаймын десе, сол зерттеушінің бәріне ортақ міндет. Осы тұрғыдан қарасақ, әр елдің әдебиет ескілігінде, тарихи ұзақ ғасырлар тудырып келген қазына қорында көп шығармалардың, көп ақындардың мол-мол аттары сақталғаны даусыз. Бірақ ақыннан ақынды, шығармадан шығарманы жаңағы Ленин айтқан тұрғыдан қарап, айыра талдап, тереңдеп ұғынып алу шарт. Осы ғылымдық негіз әдебиеттің ескідегі ертегі аңыздарынан бастап, дәл бүгінгі біздің жасап отырған советтік әдебиетіміздің өз үлгілерін талдап, таңдап алуға шейін түгел қойылатын ортақ шарт.   Дәл осы ойды анықтау үшін әдебиет тарихтарының бірсыпыра мысалдарына тоқтайық. Мәселен, өзбек әдебиеті тарихындағы ақындарды алсақ, Қожа Ахмет Яссауиден - Науаи орны, Софы Аллаяр Мәшруптен Мүқими, Закиржан, Фурхат, Хәмзә орны бөлек боп ерекше тұрғандығы айқын. Арғы тарихтың ескілігін, тарихи адамдарын алсақ, Жәләлиддің емес, Мұқанна орны бөлек екені айқын. Әзербайжан әдебиетінде Асли Кәрәм емес, Низами, Мирза Фатали Ахундов, Сабир, Жафар Жабарлы орны ерекше қадірлі екені айқын. Ескілігінде: "Ғазауаты Сейітбаттал" емес, Бабектің әрекетіне байланысты аңыздардың орны өзгеше. Оның қозғалысы біздің тарихи түсінігімізге жақын тұрғаны айқын. Қырғызды алсақ - Қалығұл, Қатаған емес, халықшыл ақын Тоқтоғұл орны өзгеше, қадірлі екені даусыз. Тәжік әдебиетінде - сарайшыл ақынның көбінен Ахмет Мәхдум Дониш (Кәллә) орны өзгеше, афсаналық ескілігін алсақ (дәуірінің, тарихтан бұрынғы көңіліне қарамай) - ұста Кованың орны бөлек. Сол арғы-бергі замандардың қайсысында болсын, адам баласының жалпы тарихының ілгері басу жолындағы өнімді тартысына үндес болып шыққан шығармалардың тарихтық қасиеті, құны бөлек.   Қазақ әдебиеті тарихы мен көркем әдебиеті, көркемөнерін алып, дәріптеп жүрген тақырыптардың ішінде, ақындардың ішінде осы мәселеге келгенде парықсыздық жоқ емес. Қайта арғы фольклорды тексеруде, я сол тақырыпта шығарма жазуда талғаусыз болғанымыз бар. Шығарма мазмұнының алға бастар прогрестік бағасынан бұрын екінші, үшінші сыпаттарын ең алдымен елеп, ескеріп жүрдік. Тарихтық құндылық жағынан алсақ, Көроғлы үлгісіндегі шығармалардың ескілері Кова жайы, Бабек, Мұқанна, Қобыландылар жайы болса керек еді. Бұл тақырыптардың шетел басқыншыларымен алысу мазмұндары және халықтың ашуын, кегін қолына ұстап, алысу талаптары көне заман мәселелері ғана емес. Берідегі, халық ортасынан шыққан, шығыс елдерінің геройлары Әзірбайжанда - Ханлар, монғолда Сухэ батор, қазақта Амангелділер әрекеттеріне де тақау келетін болады.   Сөйтіп, фольклордың ертегісін тексерсек те, жалғыз жол мақалын талдасақ та, таптық қоғамдық өнімді мағына туғызатын шығармаларды кертартпа санасы бар шығармалардан бөліп, айырып ұғыну керек. Бізде, осы жөндегі кемшіліктің зор болғанын ҚК(б)П Орталық Комитеті айқын көрсетті. Таптық негіз бен сырды ашып тексеру жоқ деген партия сыны, тереңдеп ұғынсақ, біздегі көп кемшілік, олқылықты танытады. Бұл жағынан қарағанда, патшалық отармен алысу жөнінде туған өлеңдердің барлығы да бірдей емес екенін айыра түсіну керек. Ал, бізде әдебиет тарихшысы емес, ескі тақырыпты алғанда, жазушыларымыздың көбінің де парықсыздығы, терең ұғынбаушылығы, шалағай оймен шығарма жазатындығы танылады. Тілесін-тілемесін, шығармалық нәтижесіне қарағанда, оларда да ескі тақырыпқа барса, романтикалық сарындамашылық көрініп отырады. Бұрынғы кезде кейбір феодал ақындарының кертартпа санасынан туған тақырыпты айта жазуда - олардың санасын, солар берген шолақ мазмұнды, я аз тарихи деректі қайталап қана қойып, осыдан әрі сыншыл ойлары, совет жазушылық міндетін түсінулері алысқа ұзап бара алмай қалатын мысалдар көп. Осы жағынан қарағанда, бүгінгі сахнамызда жүрген көп пьесалар да сынмен, тереңдеп ойлануды керек етеді. Жазушы ескі тақырыпты драма арқылы көрсетуде әдебиет тарихшыларының тереңдемеген, шалағай зерттеулерінен көп әрі ұзап кете алмай, шын творчестволық өнімді терең ойға жете алмай қалып отырды. Әсіресе прогрестік дамыған, терең ой жоқ. Кейде, көбіне XIX ғасырдағы буржуазиялық әдебиеттің жаңа ғана бастаған сыншылық реализмінен ұзай алмай қалады.   Тарихтың орнын терең, кең, көркем мағыналы етіп көрсететін адамдар жайындағы шығарманы тек сол буржуазиялық жазушылар жазған (көп жазған, көп қайталаған) "жастың трагедиясы" деген мазмұнға ғана әкеп сайып қояды. Таптық, тарихтық, халықтық терең сыр ол шығармаларда ашылмайды. Рас, әдебиет тарихтарында болған осындай қателіктер, жаңағыдай біздің көркем әдебиет тарихын жасаудағы талаптарды айтып отырған тексеруге тура қатынасы жоқ тақырып.   Сондықтан жазушылармен бұл жөнінде айрықша сөйлесу шарт. Ол негізгі мәселе. Әзірге айтып кетпегіміз, дұрыстап, тереңдеп қараған өзара сын бойынша айтсақ, жазушылық тәжірибедегі жаңағы кемшілік өзінше үлкен бір олқылықтан туады.   Тарихи тақырыпқа жазғанда зерттеуші, тарихшы - марксиста тарихшы ойымен социалистік реализм жолындағы совет жазушысының ойы қосылу, қабысу шарт. Сонда ғана социалистік реализмді өзінің жазушылық негізі, әдісі еткен жазушының еңбек нәтижесі туады. Осы екі жақты толықтық, кемелдік үшін ортақ шарт бір жерден шықпаса, ондай шығарма тұсында жазушы социалистік реализмді баураған жазушы бола алмайды. Әдебиет зерттеушісі әр шығарманың осы жөніндегі сыр-сипатын ашып, талғамаса, советтік әдебиеттану ғылымының міндетін орындай алмайды. Бір ойына бір ойы қайшы келуден үлкен сынды, терең сынды көтермейтін, жеткіліксіз нәтижелер туады. ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаулысы бір ғана бірінші том емес, осы жаңағы алуандас олқылықты, кемшілікті жайлардың барлығын жан-жақты арылтуға себепші болуға тиіс. Қателікті тек қаулыда атаған ғана еңбектер емес, басқа да зерттеуші, әдебиет тарихшысы еңбегінен де, жазушылық тәжірибемізден де анық танып, табуға сол қаулы жетекші болмаққа керек.   Ойланған әдебиет тарихшысына тек бірінші том емес, келер томдар үшін де әсіресе бағалы болар бет берілді.   Сонымен қатар жоғары дәрежелі мектептер программаларын өзгертіп, былтырғы екінші семестрден бастап, әр әдебиет тарихшысының жоғары дәрежелі мектептер программасы лекциялары жаңаша дұрыс сапа табуға бағытталды.   Орта мектептің жоғарғы кластары тарихи қаулылардың негізіне сүйенген жаңа оқу құралдарын алуына мүмкіншілік туды. Тарихи қаулы фольклордың да көп дүниесін қайта бағалатты. Енді, көп томды әдебиет тарихын жасауда әзірге істелген варианттарын, ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаулысынан кейін кіргізілген түзеу негізін, түрлерін айтайық.   Бірінші том қазақ әдебиетінің фольклор бөліміне арналған том болатын. Кіріспесін қосқанда кітап тоғыз бөлімнен құралған еді. Ол бөлімдері: 1. Кіріспе. 2. Әдет-салт жырлары. 3. Ертегі. 4. Батырлар жыры. 5. Ғашықтық жырлары (лиро-эпос). 6. Тарихи жырлар. 7. Шешендік сөздер. 8. Айтыс. 9. Совет фольклоры. Осы бөлімдер ішінен, бірнеше диссертацияларда болған қателіктерге байланысты, үш-төрт бөлімнің орасан олқылық кемшіліктері Орталық Комитет қаулысында көрсетілген. Идеялық, таптық мазмұн жағынан марксизм-ленинизм негізіне жанаспайтын, бұрынғы үлгілерді құрғақ дәріптеу, ғылымнан тыс тамашалау түріндегі негізгі кемшіліктер сол қаулыда және баспасөз жүзіне шыққан кейбір мақалаларда айқындалып, атап айтылған еді. Жалпы кемшілігі, жоғарыда аталған таптық, шаруашылық, идеялық негіздерді советтік фольклористика тұрғысынан, жеткілікті түрде қарамағандық деп аталып көрсетілді.   Біз, авторлар коллективі, ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаулысын іс жүзінде сол қателіктерді жоюдағы ендігі еңбегімізге жетекші, басшы, негіз есебінде қолданып, бірінші томды тыңнан тексеріп, түзеп өттік. Бұл жағынан қарағанда, қаулыны - жаңағы аталған үш бөлім емес, барлық том туралы, бастан-аяқ тұтас, тыңнан сынап, түзеп шығуға нұсқалған, тыңнан қойылған зор шарт деп түсіндік. Сондықтан кітаптың кіріспесінен бастап, ең соңғы бөліміне шейін бөлімдері, беттері тыңнан қаралып, көбінше қайта жазылып шықты.   Кіріспеде фольклор жайындағы кітаптарда болатын методологиялық жалпы бөлім, қысқа шолу (обзор) бар еді. Тыңнан жазуда сол бұрынғы зерттеулерде болатын буржуазиялық ғалымдар әдістерінің қателіктері ашылып айтылды, фольклор тап тартысының құралы екендігі және солай ұғынып, солайша зерттеу советтік фольклористиканың ең басты міндеті екені ашылды. Маркс, Энгельс, Ленин, Лафарг және Горький көзқарастары кітаптың соңғы түзелуінде көлемді түрде келтіріліп, бұл кітаптың соңғы идеялық, ғылымдық міндетін кеңірек атап ашуға даусыз ірге, арна есебінде белгіленді. Қазақ фольклоры жөніндегі бұрынғы тексерудің олқылығы, қателіктері және ҚК(б)П Орталық Комитеті қаулысының қазақ фольклорын идеялық-саясаттық дұрыс бағытпен тексеруге ерекше бағасы барлығы айқындап аталады.   Бірінші бөлім - әдет-салт жырлары. Бұрынғы жазылуында, алғашқы зерттеуде бұл бөлімнің бірбеткей, сыңаржақ жазылған бөлім екені айқындалды. Мысалы, қыз ұзатуда айтылатын "жар-жар", "беташарлар" бұрынғы тексеруде әйел жынысының халіндегі, Лафарг айтқан түрдегі қоғамдық теңсіздікті танытады деген тұрғыдан қаралмаған. Салт жырлары ескі салт, әдеттерді көрсетсе, совет фольклористикасы тексергенде, ең алдымен ескертілетін мән-мазмұны қоғамдық, таптық шындықты тануға арналу керек. Бұл жырларда үй іші тұрмысының теңсіздік надандығы ескі кертартпа ақсақалдық жол мен заңнан туып отырғандығын ашпақ қажет еді. Оның орнына бұрынғы жазылуында, бұл бөлімде сол жырларды туғызған әдет-салтты сынамай, сыпаттау көп болған. Нәтижеде, сол жырлардың қоғамдық, тарихтық шындықтарын сыншыл зерттеуші боп ашу орнына, көбінше мақұлдап, құптау тәрізді қателіктер болды. Соңғы зерттеуде осындай негізді кемшіліктер түзелді.   Мұң-шер жырларында да (мысалы, жоқтауда) әйел теңсіздігі және үй тұрмысында рушылдық, ақсақалдық көне заңдардың құдіреті жалпы қазақ әйелін күндік, еріксіздікке салғаны айқынырақ ашылды. Шаруа, кәсіп жырының да ерекше қоғамдық-экономикалық мәні зор жырлар екені дұрыс бағаланды. Шаруа-кәсіп жырларында ескі замандардағы әр алуан қанаушы таптар шығарған сөздер емес, кәсібі мен тіршілігі, күнделік еңбегі, тартысы сол баққан малымен нық байланысты болған анық бұқара, еңбек елінің мал туралы айтқан еңбек жырлары көбірек зерттелді.   Ертегілер бөлімінде, қиял-ғажайып ертегілерінен бастап, тарихтық, реалистік негізі бар, мазмұн, тақырыбы бар салт ертегілері мен аңыздарға шейін қайта қаралып өткенде, қоғамдық, таптық мазмұн, ескілі-жаңалы үлгілердің бәрінде де анық, айқын көрініп отыратын ерекше сыр-сипат есебінде анықталады.   Батырлар жыры бөлімінде, бұрынғы орта мектептер құралы мен кей жинақтарда, журналдық мақалаларда, кейбір кіріспе сөздерде сынсыз, талғаусыз алынып, "халық жыры" деп аталып, бағаланып жүрген бірнеше батырлар жырлары БК(б)П Орталық Қомитетінің нұсқаулары бойынша қайта бағаланды. Халықтық сипаты бар батырлық жырларынан бөлек, бұрын-соңғы үстем тап, сарай мен хандар ортасының жаршысы болам, халыққа салт-санасы жат ақындар жырлап жүрген "Едіге" жыры ғана емес, "Орақ-Мамай", "Шора батыр" жырының да халықтық санаға жат варианттары соңғы тексеруде бірінші томнан алынып тасталды. Батырлар жырының бұрынғы сынсыз, парықсыз ұғынулар бойынша барлық түрі біркелкі, тұтас бір мұралардай танылатын тексеру негізі өзгерді. Кейбірі, мысалы, "Қобыланды", "Қамбар", "Тарғын" сияқтыларда халықтық санаға жақын және кейбірінде таптық қайшылықтар да ("Қамбар") айқын көрінетіні ашыла тексерілді. "Сайын батыр" сияқты жырларда үстем ортаның ақындары қосқан бөтен сананы сынап, мінеп көрсеткен және батыр образын сынмен сыпаттаған халықтық көзқарастың мәні айқындалды. Орыс халқымен қастық, өштік сарынында, хандар айналасындағы үстем таптар санасының тұрғысынан жырланып келген кей жырлар баспасөз жүзінде жарияланған бағаларға сәйкес танылды.   Ашықтық жырлары турасында, кейбір диссертацияда болған қателік, ол қателіктерге жасалған либералдық ҚК(б)П Орталық Комитеті қаулысында атап көрсетілген болатын. Бірінші томның үлкен қателігі бар мінді бөлімі осы бөлім деп аталған еді. Сол орынды сын, бұл бөлімді айрықша қадала қарап, тереңдеп талдауды талап етті. Қазіргі қалпында, кітаптың бұл бөліміне кірген, үлкен дастандар түрлерін тексеру түгелімен негізінен өзгеріп, түзеліп шықты деуге болады.   "Қозы Көрпеш" "ежеқабыл" салтынан туған жыр болумен бірге, сол салт көлеміндегі ұғым санаға бағынған жастар махаббатын көрсетеді. Осымен қатар, сол көне салтты қатты құптаған, ескілікті нанымды көрсететін көлемді көркем шығарма екенін ашу ғылымдық зерттеудің бас міндеті болып танылады. "Қозы Көрпешті" жырлаған ақындарда, олардың өз замандарының салт заңына бағынған өзіндік таптық санасы жыр варианттарынан айқын көрінетіні танылады. Солардың ұғымынша, Қарабай сараңдық, жауыздықтың жиынтық бейнесі болумен қатар, жол бұзушы, заңнан азушы, "ақ батадан" аттаушы, қыңыр-қиястық бейнесі болып қалыптанған. Жыршылар санасымен болжағанда, сол ерекшеліктер ол образдың ең бас міні екендігі айқындалды. Қодарды да сол сана бойынша, айнымас заңға көлденең келуші, қарсы әрекет етуші етіп, сонымен, әсіресе зор күнәсі етіп мінеп, шенеу бар екендігі айқындалды. Шығарманың салттан туған лирикалық туынды екені, ескі заманның көне заңы мұнда - рушылдық ортаның ақындарының санасында аумас, бұлжымас қағида есебінде орын алғаны аталды. Осындай тексеру арқылы жырдың қоғамдық, тарихтық сыры бұрынғы болған тексеру, ұғынуларымыздың барлығынан терең де және ғылымдық дұрыс негізде ашыла түсті деуге болады. Кітаптың алғашқы түрінде сол заң мен жол-жораны құптау, мақұлдау өз заманы үшін десек те, ақтау сияқты позиция бар еді.   Әсіресе осындай дұрыс негізбен тексеру "Қыз Жібек" поэмасын тереңдеп талқылап, дәл түсінуге жәрдем етті. Ол поэманың таптық, қоғамдық негізін дұрыс ашып түсінуге, тануға себеп болды. Бұрын бізде болған сынсыз тамашалау, сарыншылдық пен көне түрге бас ию әдебиет тарихшыларына да, тіпті жазушы мен театрға да аумас, айнымас жол болып кеткендей еді. Соңғы тексеруде біз сол поэманың көпке мәлім вариантын тыңнан талқыладық. Бұл тұрғыдан қарағанда, "Қыз Жібек" жыры әмеңгерлік, жесірлік заңын көркем сөзбен қостаған кертартпа сананы құптап, соны көркем түрде үгіттеген жыр болып көрінеді. Оның бізге жеткен вариантында реакциялық санасы, рушылдық идеологиясы басым болған, ескі заң бектің бірін-бірі, өздері таңдасуы болған жыршы көрінеді. Оның ұғындыруы бойынша, Төлеген мен Жібектің бірін-бірі өздері таңдасып, әзелден тағдыр бұйрығына қарсы етілген әрекет есепті. Олар махаббаты кірсіз, мінсіз болса да, аталар батасын бекітіп құптаған күнде ғана орынды болады. Ата батасын қостамаған махаббат тірлік үшін емес, қарғыс, өлім үшін туған махаббат есепті... Ондай жолға ата батасын аттап өтіп, қадам басқан жас ешбір күнәсіз, себепсіз жаза тапса да, мүрдем кетсе де, өкініш емес. Сондықтан ата батасын аттаған Төлеген өледі де, оның қатесін түзеп, атаның батасымен шыққан Сансызбай жеңгесін алады. "Аға өлсе, жеңге мұра, іні өлсе, келін мұра" деген сананы дастанның бас геройының бірі Төлеген өзінің өлімімен құптайды. Жыр басында өзінің өлерін біліп, Қыз Жібекке қайнысына тиюді, Сансызбайға жеңгесі Қыз Жібекті алуды кер аузынан, о дүниеден, әмір-бұйрық еткендей болады. "Қыз Жібек" жырында қазақ әйелінің көп ғасырлық сорына себепші болған қырсық заң, ең бір надандық, сорақы жол, ескішіл ақынның қызығып жырлауы арқылы, осындай поэзиялық үгітке айналады. Соңғы тексеруде, біз бұл дастанның алға бастар ой емес, кертартпа санаға бағынып, қалыптанған мазмұн тартысын, идеясын толық ашуға талап еттік.   Тарихи жырлар бөлімінде де тыңнан қаралған, түзеліп өткен негізгі жаңалықтар бар. Бұл бөлімде "Абылай мен Кенесары жайындағы тарихи жыр" деген жіктеуге жатпайтын құрама, ұсақ әңгіме-аңыздар көп кірген еді. Солардың көбінде Абылай, Кенесарыны халықтық ұғымнан өзгеше санамен бейнелеу бар-ды. Хан айналасының, хан ордасының санашылы болған қарт-кәрия, ақын-жырау, мақтаушы-жыршы ортасы туғызған шолақ әңгіме, аңыздар болатын. Олардың барлығында Абылай, Кенесары, Наурызбайларды сағымды аңыздармен көріктеп, қиял-ғажайып ертегілер қаһармандарына теңеп, әсірелеген дәріптеулер көп болатын. Бұрынғы зерттеу мұндай әңгімелердің бірден тарихи жыр жанрына жатпайтындығын ескермеген. Және олардың таптық, тарихтық шыны, негізін ақтарып ашпаған. Тек бір жақты сүйсіну ретіндегі құптауды ғылымды сыншыл тексерудің орнына жұмсап кеткен-ді.   Бұрынғы қалпында, бірінші томға, тарихи жырлар қатарында кіруге лайығы болмаған - "Қабанбай" жыры да кірген-ді. Бүгінгі Ұлы Одақ көлемінде достас, бауырлас болып отырған кейбір елдерге Қабанбайдың жасаған шабуылын айтатын жыр болғандықтан, бұл жырды да соңғы ісімізде тексеруден шығарып тастадық. ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаулысында орынды, дәлелді түрде қатты сыналған бөлімінің бірі шешендік сөз жайындағы зерттеу болатын. Бұл бөлім бұрынғы қалпында, фольклор үлгілерін сынап, зерттеу орнына, көп мысалдарды тізе берген, тек жеңіл, үстірт және қателік бағыттағы құр ғана тамашалау, арзан талдау қалпында жазылған. Осы жанр турасындағы тексеру қазақ әдебиет тарихшыларының ең бірінші рет тапқан, байқаған алғашқы тәжірибесі болса да, бұл бөлімнің ғылымдық жағынан, саясаттық, тарихтық жағынан қарағанда шикілігі көп болды. Қаулыға сәйкес, жаңағы кемшіліктер еске алынып отырып, кітаптың соңғы түрінде бөлім қысқартылып, бастан-аяқ қайта жазылды. Бөлімнің алғашқы қалпына, екі түрлі негізгі қателік бары айқын танылды. Бұнда бар шешендік үлгілі, афоризм түрінде айтылған қысқа көлемді, бағалы мазмұнды көркем мұралардың барлығын тек билер тудырды деген қорытынды бар-ды. Және сол билерді асыра мақтау көп орын алып еді. Таптық, тарихтық жағынан қарағанда, халық пен қоғам тіршілігіне зиянды әрекеттері мәлім болған билерді де бас ие дәріптеу күшті болған. Кей тұсында бұл бөлім ғылымдық сыншы зерттеу емес, өзінше бір "бинамаға" айналып кеткендей еді. Осы көрсетілген, екі түрлі негізгі айқын кемшіліктер түзелді.   Таптық, тарихтық мазмұнын ашу арқасында шешендік сөздердің иесі, негізінде, үстем тап өкілдері - билер емес, халықтың өзі екендігі ашылды. Билердің көп әрекеті мен сөздерінің тұсында анықтап, ашуға қажет болған таптық сыры, талабы, салт-санасы, өмірге сәйкес шындығы тексерілді. Осы жағынан қарағанда, кей билердің өз аузынан шыққан, кертартпалық мазмұнды кейбір шығармалары әдейі сол халыққа жат мазмұнда екендігі әбден қайталап тексерілді.   Қазақ фольклорында бұрын көп зерттеуге түспеген - бірінші том көлемінде ең алғаш толығырақ тексерілген деген талаппен алынған жанрлардың бірі айтыс еді. Кітаптың бірінші түрінде бұл мүлде ойдағыдай орындалмады. Ол жайдан жазылған зерттеу айтысты ғылымдық айқын жіктерге бөле алмаған-ды. Бар айтыс біртұтас ағым сияқты, тек ақындар аты ғана өзгеріп отырғаны болмаса, парықсыз топталған еді. Айтысқа халық өнерпаздарының халықтық сыр-сипатын беретіні ашылмаған-ды. Сол жанрдың кейбір сыртқы ерекшеліктерін, айтылатын орнын, жалпы жағдайын (өзге жанрлардың туыс көздерінен бөлек туатын жағдайын) пайдаланып, халық ақындары қоғамдық қанауға қарсы құрал етіп пайдаланатыны ашылған жоқ еді. Айтысқан ақындардың таптық санасы, идеологиялық позициясы ашылмай, тек түрлі тақырыпты ғана талдау бар еді. Қазіргі түзеудің нәтижесінде, бөлім ішінен әйел ақындардың айтысы, жалпылаған көпшілік айтысы және Жамбылдың тапшыл ақын айтыстары кеңірек орын алды. Олар тудырған айтыстардың қоғамдық мағынасы, тарихи шындықтан туған ерекше мазмұндары саналы айтыстар ретінде толық бағаланды. Біржан мен Сара айтысы сияқты, тіл мен өлеңдік көркемдігі көпшілікті қызықтыратын және бұрынғы оқу құралдары мен қысқа шолған мақалаларда қоғамдық сыры мен мәні ашылмаған айтыстарға да тыңнан талқылау жүргізілді. Олардың кей кезеңдерінде, яғни бергі айтушылар өңдеуі, қоспалары арқылы өзгеріп кеткен қалпында рушылдық тар көлемді, ескі саналы қайшылықтар мол орын алып келгендігі анықталды.   Айтыстың өзгеше түр есебіндегі, ерекше бітім қалпы ендігі зерттеуде өзіне лайықты орын алды. Мұнда мазмұны мен байланысы, түр-теңеулері ақындық орын алды. Мұнда мазмұнына сай бір тұтастық тауып тұра алатындығы, бұл жөндегі зерттеу де дұрыс танылған тәрізді.   Бірінші том ішінде көп орын алып, мол көлемде жазылған бөлімінің бірі совет фольклорына арналған бөлім болатын. Бұл бөлімнің бұрынғы желісі түгелімен саналмаса да, сыншы-рецензент болған жолдастар көрсеткен нақтылы методологиялық кемшіліктер бар еді. Бөлімнің соңғы қаралуында тың түзеулер енді. Бөлімнің бұрынғы қалпында орынсыз ұзақтық, сөйлем ауырлығы, тіл мен түр кемшілігі бар еді. Әр үлгінің тұсында бар айтылған пікірлерді ұқсас сөздермен, сөйлемдермен қайталап, еселей беру де көп еді. Онан соң жаңа мазмұн, әсіресе Отан соғысы тақырыбын жырлаған халық ақындары Нұрпейіс, Нұрлыбек, Жақсыбай поэмалары сияқты тың шығармалар бөлімнің алғашқы қалпында талқыланып, сыналмаған. Тек түйсіну, мақтау түрінде дәріптелген, бірақ зерттелмеген шығармалар болды. Осы сияқты совет фольклоры үлгілерінің баспасөз жүзінде көрсетілген орынды аталған кемшілік, міндері және сынаушы-рецензенттер көрсеткен кемшіліктері түзелді.   Осымен жалпы шолғанда, бірінші том бірнеше жылдан бері жазылып, сыналып, тексеріліп, енді, міне, қайта жазылып болып отыр. Соңғы рет түзеп, шама жеткенше қанағаттанарлық толық редакциясын баспаға әзірлеп беру Тіл мен әдебиет институтының ісінде және барлық автор ісінде ең бір күрделі жұмыстың бірі деп білеміз.   1948   Мұхтар Әуезов
05.12.2012 05:13 6236

Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәселелері

 

Қазақ халқының мәдениет тарихында әдебиеттану ғылымының тарихы әзір қысқа. Бұл - жас ғылым. Ол: "Әдебиеттік сын", "Қазақ әдебиетінің теориясы", "Қазақ әдебиетінің тарихы" деген салаларға бөлініп, енді ғана дамып келеді. Қазақтағы әдебиеттану ғылымы құралғанда, ол өзінің алғаш туысымен, бүгінгі жеткен сатысымен, барлық бас-аяғын жинағанда - түгелімен, толық мағынасында Социалистік Ұлы Октябрь революциясының жемісі болады. Октябрьден бұрынғы қазақ тарихында біз бұл жөнде, "өскен ғылым" дерлік мардымды мұралар алғамыз жоқ.

 

Рас, қазақ халқының революциядан бұрынғы әдебиет өрнектерін жинауда және оларды баспасөз жүзінде жариялауда, онан соң ең алғашқы түсініктер беруде көп қызмет еткен орыс ғалымдарының еңбектерін біз ұмытпаймыз. Орыс мектебінен, ұлы мәдениетінен тәрбие алып, қазақ ескілігін зерттеген Шоқан, Әбубәкір, Ыбырай сияқты оқымыстылардың еткен еңбегін де бағалаймыз. Бірақ олардың көп жылдар жасаған пайдалы әрекеттері нағыз әдебиеттану ғылымының өзін тудырған жоқ-ты. Олардың тексеру, зерттеулері бастауыш дәрежеде болса да, қалыптанған "әдебиет теориясы", "әдебиет тарихы" болып, тым құрса орта мектеп оқу құралы есебінде де тарихқа кірген жоқ-ты. Октябрьден бұрынғы қазақ халқы орта мектеп түгіл, бастауыш мектептің де анық мәдениетті түрін көрген жоқ еді. Рас, сол революциямен бірге жасап келе жатқан қазақ әдебиеттану ғылымы өзінен-өзі ғана туып, өз бетімен ғана жол салып, тек қазақ әдебиетшілерінің өз еңбек өнерімен ғана өркендеп келе жатқан жоқ. Бұрын жабайы отар қалпында болған Қазақстан өлкесіндегі мемлекеттік тіршіліктің бар саласына, революциялық ұлы жаңалықтар, жаңа туыстар берген ұлы орыс халқының дос мәдениеті бұл салада, қазақтың әдебиеттану ғылымын тудырып өсіруде де өзінің ерекше зор әсерін тигізіп, көмегін көрсетті.

 

Бірнеше ғасырдан бері көрнекті ғылым болып, дамып, өсіп келген орыс тарихы бар еді. Оның көп жолдарын демократтық жолмен, революцияшыл, бұқарашылдық жолмен бағыттауға ұлы еңбек еткен атақты сыншы орыс ғалымдары, философтары: Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбовтардың еңбегі бар еді. Өткен ғасырдың соңғы шақтарынан бері қарай басталған марксистік әдебиеттану негізі салына бастап еді. Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәселелері Қазақстанда советтік мектептер туумен жалғас күн тәртібіне қойылғанда, марксизм ғылымының жолымен әр салалы, қоғамдық ғылымдарды жаңадан құру шарт болды. Революцияшыл пролетариат тудырған ғылымның негізінде жасалу қазақ әдебиеті тарихының да ең басты тарихи міндеті, бірден-бір бағыт ететін ұлы арнасы еді. Жоғарыда қазақ әдебиеті тарихы өздігінен ғана туған жоқ дегендегі айтпағымыз осы негізбен, осы айтылған міндетпен байланысты болатын.

 

Социалистік революция дәуірі қазақтың советтік социалистік мәдениетінің негізін салды. Қазақстандағы әдебиет тарихшыларына да ұлы революция бағытындағы ғылымды жасауды тарихтық міндет етіп артты. Сол ұлы міндетті атқару жолында көп оқулықтар, жетіспеген шалалықтар, саяси зиянды, теріс бағыттар өз әсерін қазақтың жас әдебиеттік тарихына көрсете жүргенмен, жалпы Қазақстандағы әдебиет тарихы ғылымдық қалыптану жағынан қарағанда, жоғарыда айтылғандай, ұлы орыс мәдениетінің ғылымдық әдебиет тарихын жасау тәжірибесінен үлгі алып, үйреніп өсті. Маркс, Энгельс, Ленин еңбектері тудырған революциялық жүйеден нәр алып, соны өзіне ғылым болып қалыптанудағы ең бірінші міндеті етіп өсуді талап етті. Қазақстандағы жас ғылым, әдебиеттану ғылымы Октябрь берген жеміс - советтік социалистік ғылым. Сондықтан мұның туысы мен дамуын, бүгінгі азды-көпті жеткен сатысын, табысын айтқанда, ең алдымен, сол советтік ғылым туғанын ерекше бөліп айтамыз. Мұның осу жолында зиянды, контрреволюцияшыл ұлтшылдықтың еткен теріс әсерін немесе жалған солақайшылықты жамылған ҚазАПП кезіндегі зиянды бағыт әсерлерін атап, әйгілеп отырумен қатар, қазақтың әдебиеттік, советтік ғылымының жасалу, туу тарихы тек солардың әсерінен ғана құралды десек, қателескен болар едік. Сондай залалды әсерлерді әшкерелеп, ашып, жеңіп, шетке шығарып тастап отыру арқылы, солармен алысып, марксистік-лениндік әдебиеттану жүйесін әл-шамасынша қазақ әдебиеті фактілеріне, дәуірлерінде қолдану арқылы өсіп келе жатқан жас социалистік ғылым бар дейміз. Қазақ әдебиетінің тарихы мен әдебиеттану жүйесі бізде орта мектепте оқу құралын жасаудан туды. Енді, соңғы он жылдар ішінде, Қазақстанда жоғары дәрежелі мектептер туып, дамумен қатар, сол жоғары дәрежелі мектептерге сай боларлық, ғылымдық, күрделі оқу құралын жасауды қазақ әдебиет тарихшылары өзінің міндетіне алды. Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институты соңғы үш-төрт жылдан бергі және алдағы екі-үш жыл бойында, төртінші бесжылдық бойында әдебиеттану ғылымы жөнінде өздерінің ғылымдық ең зор міндетін атқаруда. Осы ретте жоғары мектептерге арналған төрт томдық әдебиет тарихын жасау үстінде еңбек етіп келеді.

 

Сол тарихтың бірінші томының фольклор бөлімі өткен жылдың басында біткен болатын. Қазіргі институт ғылыми қызметкерлерінің соңғы жыл бойындағы негізгі шұғылданған еңбегі әдебиет тарихының IV томын - совет әдебиетіне арналған томын жасау мәселесі болды. 1947 жыл бойында сол IV томның қысқаша желісі - проспектісі жасалды. Бір топ әдебиетші авторлардың бірлескен еңбегімен "Совет әдебиетінің очеркі" жазылып отыр.

 

Бірақ бірінші томның варианты жазылып болғанмен, оның өзіне арналған негізгі мақсаты мен жұртшылық талап ететін зор міндеті атқарылып болған жоқ еді. 1947 жылдың 21 январында шыққан ҚК(б)П Орталық Комитетінің тарихи қаулысында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы өзге көп ғылымдық, саяси қателіктермен қатар, әсіресе Қазақстандағы әдебиеттану ғылымындағы идеялық-саясаттық өрескел қателіктер қатты сыналды. Негізді, әділ түрде көп кемшіліктеріміз айтылды. Сол қаулының бір сынаған шығармасы қазақ әдебиеті тарихының бірінші томы болатын.

 

ҚК(б)П Орталық Комитеті қаулысының алынғанына қазір, міне, он ай болды. Біз, әдебиет тарихшылары және барлық Тіл - Әдебиет институты коллективі болып, қазіргі шақта өзіміздің істерімізге сол қаулының айрықша зор пайдасы тигендігін ең алдымен атап айтамыз. Сыншыл, жетекшіл ой партия басшылығынан объективтік негізділікпен әділ түрде айтылып көрсетілді де, әрбір жеке әдебиет тарихшысын да, жиын боп біріккен авторлық топтарды да анық өнімді еңбекке бастады. Идеялық-саясаттық жағынан дұрыс бағытталған дұрыс еңбекке жұмылдырды. Бүгін Социалистік Ұлы Октябрь революциясының XXX жылдық мерекесіне арналған ғылымдық мәжілістерімізде біз осы жәйді айрықша атап, арнаулы қорытынды жасап, "партия бізге өзінің әділ сынымен зор тәрбиелік, саясаттық басшылығын көрсетті" деп қорытамыз.

 

Бірінші том жөнінде Орталық Комитет көрсеткен қателіктерді түзеу жолында және сол қаулыны еске ала отырып, жаңадан негізі салынып жатқан "Совет әдебиеті тарихын" жасауда да біздің әдебиет тарихшыларымыз соңғы жылдар бойында едәуір жұмыс істеді. БК(б)П Орталық Комитетінің "Звезда" және "Ленинград" журналдары турасындағы қаулысы және Жданов жолдастың сол қаулы жөніндегі баяндамасы зерттеуші ойдың барлығына үлкен бағыт берді. Совет әдебиетінің тарихын жоғары дәрежелі мектептерде оқыту жөнінде орыс әдебиетшілері жасаған программалары мен оқу құралдарын сынаған және "Культура и жизнь" газетінде, "Большевик" журналында, "Әдебиет газетінде", орталық "Октябрь", "Звезда", "Новый мир" сияқты бүкіл Одақтағы беделді журналдар бетінде жазылған сындардың көмегі де мол болды. Одақтағы кейбір әдебиет тарихшыларының батысқа бас июшілік жөніндегі идеялық-саяси қателіктерін сынаған және Одақтық республикалардағы әдебиеттану жөніндегі жергілікті ұлтшылдықты сынаған Совет Жазушылар одағының бас секретарь! А.А. Фадеевтің баяндамасы, мақалалары, барлығы да біздің әдебиет тарихшыларының қазір соңғы рет түзеп, баспаға бергелі отырған бірінші томның дұрыстап қалыптануына көмек етті. БК(б)П Орталық Комитетінің қаулылары мен ҚК(б)П Орталық Комитетінің жоғарыда аталған тарихи қаулысы біздің әдебиетшілерге тек бірінші том туралы ғана дұрыс сынмен өнімді бағыт беріп отырған жоқ, алда жазылатын барлық үш томның да дұрыс жазылуына да тура жөн, кең өріс берді. Біздегі әдебиет тарихын жасаушы жас ғылымымыздың бойына жабысып келген үлкен саяси-саналық зиянды астары бар қателіктерді ғылымдық дұрыс негізбен талдауымызға көмек көрсетіп, ұстаздық етті. Сол қаулыда тек бірінші томды жазушыларға ғана емес, барлық мектеп оқу құралдарын, әдебиет теориясын жазушыларға, сыншыларға да басшы боларлық арналы, үлкен ойлар айтылды. Қалыптанып келе жатқан жас ғылымның, мектеп оқу құралдарына белгіленген мөлшерінде де, ұдайы қалмай келе жатқан айқын қателіктер бары көрсетілді. Сол қателіктердің басты түрлерін атасақ, қазақ әдебиеті тарихына өзіміз кіргізген ескілі-жаңалы, арғы-бергі дәуірлердегі үлгілер, ақындар, жеке әдебиеттік фактілер туралы бірыңғай мақтай беру, тамашалай, мадақтай сөйлеу күшті еді. Сондай, ғылымға жатпайтын сыңаржақ тамашалаушылық, бұрынғының бәріне бас июшілік басым болды, бұрынғыны мақтан етушілік, арзан, жалған патриоттық, керексіз кертартпа романтика, сарыншылдық бар еді. Шығарманың, жазушының қоғамдық-таптық, тарихтық шынын ашудың орнына, шаруашылық жағдайдың Маркс-Ленин жүйесі бойынша әр шығарманың тууына себепкер тамырын ашудың орнына, көп мұралардың өлеңдік түрін, шала көркемдік тілін, өзіміз жетіп ұғынбаған сырын көп мадақтаумен болдық. Тіпті кертартпа идеологиясы айқын тұрған ескі шығарма, бұрынғы ақын болса, оны да кешіре сынау көп болды. Ұғынамын деген боп, заманын, надандығын сылтау етіп, сол кертартпа сананың ақынын сынау орнына ақтау көп болды.

 

Шоқанның көзімен қарағанда, Шортанбайлар қалай бағаланар еді? Абай көзімен қарағанда, Ақылбек Сабаловтар қалай танылар еді? Алтынсарин көзімен қарағанда, Әбубәкір қалай бағалану керек еді? Сондай кертартпа сананың ақындарын өз заманының ағартушы, халықшыл қайраткерлері шенеп сынаса да, біз орта мектеп оқу құралдарынан кейін қалып қойған ойы күйкі, көңілі надан ақындарды да шамадан тыс көтере бағаладық. Сол сияқты XIX ғасырда шала танылған, шала ұғынылған ақындарды тамашалап, мақтаудың аяғын беріге әкеп, бұрынғыдан да өрескел қателіктер жасадық. XX ғасыр әдебиет зерттеуде, контрреволюцияшыл ұлтшылдық жолындағы кей жазушылардың таптық сырын, орнын тануда да көп адасуларға ұшырағандарымыз болды.

 

Ленин: "Біз әрбір ұлттық мәдениеттен оның демократтық, социалистік элементтерін ғана аламыз, оны алғанда да әр ұлттағы буржуазиялық мәдениетке, буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы қою үшін ғана аламыз" десе, біздің әдебиет тарихтарымыз жасалуда да осы ой - ең негізгі басшы ой болуға керек. Бұл хал жалғыз қазақ әдебиеті тарихын жасаушылар емес, бізге тілі, тарихы жақын советтік шығыс әдебиеттерін алсақ, солардың бәрінің де әдебиет тарихшыларына ортақ міндет. Революцияшыл әдебиет тарихшысы боп, социалистік ғылымның жаңа мұратын, өз елінің әдебиет тарихын жасауда ойдағыдай орындаймын десе, сол зерттеушінің бәріне ортақ міндет. Осы тұрғыдан қарасақ, әр елдің әдебиет ескілігінде, тарихи ұзақ ғасырлар тудырып келген қазына қорында көп шығармалардың, көп ақындардың мол-мол аттары сақталғаны даусыз. Бірақ ақыннан ақынды, шығармадан шығарманы жаңағы Ленин айтқан тұрғыдан қарап, айыра талдап, тереңдеп ұғынып алу шарт. Осы ғылымдық негіз әдебиеттің ескідегі ертегі аңыздарынан бастап, дәл бүгінгі біздің жасап отырған советтік әдебиетіміздің өз үлгілерін талдап, таңдап алуға шейін түгел қойылатын ортақ шарт.

 

Дәл осы ойды анықтау үшін әдебиет тарихтарының бірсыпыра мысалдарына тоқтайық. Мәселен, өзбек әдебиеті тарихындағы ақындарды алсақ, Қожа Ахмет Яссауиден - Науаи орны, Софы Аллаяр Мәшруптен Мүқими, Закиржан, Фурхат, Хәмзә орны бөлек боп ерекше тұрғандығы айқын. Арғы тарихтың ескілігін, тарихи адамдарын алсақ, Жәләлиддің емес, Мұқанна орны бөлек екені айқын. Әзербайжан әдебиетінде Асли Кәрәм емес, Низами, Мирза Фатали Ахундов, Сабир, Жафар Жабарлы орны ерекше қадірлі екені айқын. Ескілігінде: "Ғазауаты Сейітбаттал" емес, Бабектің әрекетіне байланысты аңыздардың орны өзгеше. Оның қозғалысы біздің тарихи түсінігімізге жақын тұрғаны айқын. Қырғызды алсақ - Қалығұл, Қатаған емес, халықшыл ақын Тоқтоғұл орны өзгеше, қадірлі екені даусыз. Тәжік әдебиетінде - сарайшыл ақынның көбінен Ахмет Мәхдум Дониш (Кәллә) орны өзгеше, афсаналық ескілігін алсақ (дәуірінің, тарихтан бұрынғы көңіліне қарамай) - ұста Кованың орны бөлек. Сол арғы-бергі замандардың қайсысында болсын, адам баласының жалпы тарихының ілгері басу жолындағы өнімді тартысына үндес болып шыққан шығармалардың тарихтық қасиеті, құны бөлек.

 

Қазақ әдебиеті тарихы мен көркем әдебиеті, көркемөнерін алып, дәріптеп жүрген тақырыптардың ішінде, ақындардың ішінде осы мәселеге келгенде парықсыздық жоқ емес. Қайта арғы фольклорды тексеруде, я сол тақырыпта шығарма жазуда талғаусыз болғанымыз бар. Шығарма мазмұнының алға бастар прогрестік бағасынан бұрын екінші, үшінші сыпаттарын ең алдымен елеп, ескеріп жүрдік. Тарихтық құндылық жағынан алсақ, Көроғлы үлгісіндегі шығармалардың ескілері Кова жайы, Бабек, Мұқанна, Қобыландылар жайы болса керек еді. Бұл тақырыптардың шетел басқыншыларымен алысу мазмұндары және халықтың ашуын, кегін қолына ұстап, алысу талаптары көне заман мәселелері ғана емес. Берідегі, халық ортасынан шыққан, шығыс елдерінің геройлары Әзірбайжанда - Ханлар, монғолда Сухэ батор, қазақта Амангелділер әрекеттеріне де тақау келетін болады.

 

Сөйтіп, фольклордың ертегісін тексерсек те, жалғыз жол мақалын талдасақ та, таптық қоғамдық өнімді мағына туғызатын шығармаларды кертартпа санасы бар шығармалардан бөліп, айырып ұғыну керек. Бізде, осы жөндегі кемшіліктің зор болғанын ҚК(б)П Орталық Комитеті айқын көрсетті. Таптық негіз бен сырды ашып тексеру жоқ деген партия сыны, тереңдеп ұғынсақ, біздегі көп кемшілік, олқылықты танытады. Бұл жағынан қарағанда, патшалық отармен алысу жөнінде туған өлеңдердің барлығы да бірдей емес екенін айыра түсіну керек. Ал, бізде әдебиет тарихшысы емес, ескі тақырыпты алғанда, жазушыларымыздың көбінің де парықсыздығы, терең ұғынбаушылығы, шалағай оймен шығарма жазатындығы танылады. Тілесін-тілемесін, шығармалық нәтижесіне қарағанда, оларда да ескі тақырыпқа барса, романтикалық сарындамашылық көрініп отырады. Бұрынғы кезде кейбір феодал ақындарының кертартпа санасынан туған тақырыпты айта жазуда - олардың санасын, солар берген шолақ мазмұнды, я аз тарихи деректі қайталап қана қойып, осыдан әрі сыншыл ойлары, совет жазушылық міндетін түсінулері алысқа ұзап бара алмай қалатын мысалдар көп. Осы жағынан қарағанда, бүгінгі сахнамызда жүрген көп пьесалар да сынмен, тереңдеп ойлануды керек етеді. Жазушы ескі тақырыпты драма арқылы көрсетуде әдебиет тарихшыларының тереңдемеген, шалағай зерттеулерінен көп әрі ұзап кете алмай, шын творчестволық өнімді терең ойға жете алмай қалып отырды. Әсіресе прогрестік дамыған, терең ой жоқ. Кейде, көбіне XIX ғасырдағы буржуазиялық әдебиеттің жаңа ғана бастаған сыншылық реализмінен ұзай алмай қалады.

 

Тарихтың орнын терең, кең, көркем мағыналы етіп көрсететін адамдар жайындағы шығарманы тек сол буржуазиялық жазушылар жазған (көп жазған, көп қайталаған) "жастың трагедиясы" деген мазмұнға ғана әкеп сайып қояды. Таптық, тарихтық, халықтық терең сыр ол шығармаларда ашылмайды. Рас, әдебиет тарихтарында болған осындай қателіктер, жаңағыдай біздің көркем әдебиет тарихын жасаудағы талаптарды айтып отырған тексеруге тура қатынасы жоқ тақырып.

 

Сондықтан жазушылармен бұл жөнінде айрықша сөйлесу шарт. Ол негізгі мәселе. Әзірге айтып кетпегіміз, дұрыстап, тереңдеп қараған өзара сын бойынша айтсақ, жазушылық тәжірибедегі жаңағы кемшілік өзінше үлкен бір олқылықтан туады.

 

Тарихи тақырыпқа жазғанда зерттеуші, тарихшы - марксиста тарихшы ойымен социалистік реализм жолындағы совет жазушысының ойы қосылу, қабысу шарт. Сонда ғана социалистік реализмді өзінің жазушылық негізі, әдісі еткен жазушының еңбек нәтижесі туады. Осы екі жақты толықтық, кемелдік үшін ортақ шарт бір жерден шықпаса, ондай шығарма тұсында жазушы социалистік реализмді баураған жазушы бола алмайды. Әдебиет зерттеушісі әр шығарманың осы жөніндегі сыр-сипатын ашып, талғамаса, советтік әдебиеттану ғылымының міндетін орындай алмайды. Бір ойына бір ойы қайшы келуден үлкен сынды, терең сынды көтермейтін, жеткіліксіз нәтижелер туады. ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаулысы бір ғана бірінші том емес, осы жаңағы алуандас олқылықты, кемшілікті жайлардың барлығын жан-жақты арылтуға себепші болуға тиіс. Қателікті тек қаулыда атаған ғана еңбектер емес, басқа да зерттеуші, әдебиет тарихшысы еңбегінен де, жазушылық тәжірибемізден де анық танып, табуға сол қаулы жетекші болмаққа керек.

 

Ойланған әдебиет тарихшысына тек бірінші том емес, келер томдар үшін де әсіресе бағалы болар бет берілді.

 

Сонымен қатар жоғары дәрежелі мектептер программаларын өзгертіп, былтырғы екінші семестрден бастап, әр әдебиет тарихшысының жоғары дәрежелі мектептер программасы лекциялары жаңаша дұрыс сапа табуға бағытталды.

 

Орта мектептің жоғарғы кластары тарихи қаулылардың негізіне сүйенген жаңа оқу құралдарын алуына мүмкіншілік туды. Тарихи қаулы фольклордың да көп дүниесін қайта бағалатты. Енді, көп томды әдебиет тарихын жасауда әзірге істелген варианттарын, ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаулысынан кейін кіргізілген түзеу негізін, түрлерін айтайық.

 

Бірінші том қазақ әдебиетінің фольклор бөліміне арналған том болатын. Кіріспесін қосқанда кітап тоғыз бөлімнен құралған еді. Ол бөлімдері: 1. Кіріспе. 2. Әдет-салт жырлары. 3. Ертегі. 4. Батырлар жыры. 5. Ғашықтық жырлары (лиро-эпос). 6. Тарихи жырлар. 7. Шешендік сөздер. 8. Айтыс. 9. Совет фольклоры. Осы бөлімдер ішінен, бірнеше диссертацияларда болған қателіктерге байланысты, үш-төрт бөлімнің орасан олқылық кемшіліктері Орталық Комитет қаулысында көрсетілген. Идеялық, таптық мазмұн жағынан марксизм-ленинизм негізіне жанаспайтын, бұрынғы үлгілерді құрғақ дәріптеу, ғылымнан тыс тамашалау түріндегі негізгі кемшіліктер сол қаулыда және баспасөз жүзіне шыққан кейбір мақалаларда айқындалып, атап айтылған еді. Жалпы кемшілігі, жоғарыда аталған таптық, шаруашылық, идеялық негіздерді советтік фольклористика тұрғысынан, жеткілікті түрде қарамағандық деп аталып көрсетілді.

 

Біз, авторлар коллективі, ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаулысын іс жүзінде сол қателіктерді жоюдағы ендігі еңбегімізге жетекші, басшы, негіз есебінде қолданып, бірінші томды тыңнан тексеріп, түзеп өттік. Бұл жағынан қарағанда, қаулыны - жаңағы аталған үш бөлім емес, барлық том туралы, бастан-аяқ тұтас, тыңнан сынап, түзеп шығуға нұсқалған, тыңнан қойылған зор шарт деп түсіндік. Сондықтан кітаптың кіріспесінен бастап, ең соңғы бөліміне шейін бөлімдері, беттері тыңнан қаралып, көбінше қайта жазылып шықты.

 

Кіріспеде фольклор жайындағы кітаптарда болатын методологиялық жалпы бөлім, қысқа шолу (обзор) бар еді. Тыңнан жазуда сол бұрынғы зерттеулерде болатын буржуазиялық ғалымдар әдістерінің қателіктері ашылып айтылды, фольклор тап тартысының құралы екендігі және солай ұғынып, солайша зерттеу советтік фольклористиканың ең басты міндеті екені ашылды. Маркс, Энгельс, Ленин, Лафарг және Горький көзқарастары кітаптың соңғы түзелуінде көлемді түрде келтіріліп, бұл кітаптың соңғы идеялық, ғылымдық міндетін кеңірек атап ашуға даусыз ірге, арна есебінде белгіленді. Қазақ фольклоры жөніндегі бұрынғы тексерудің олқылығы, қателіктері және ҚК(б)П Орталық Комитеті қаулысының қазақ фольклорын идеялық-саясаттық дұрыс бағытпен тексеруге ерекше бағасы барлығы айқындап аталады.

 

Бірінші бөлім - әдет-салт жырлары. Бұрынғы жазылуында, алғашқы зерттеуде бұл бөлімнің бірбеткей, сыңаржақ жазылған бөлім екені айқындалды. Мысалы, қыз ұзатуда айтылатын "жар-жар", "беташарлар" бұрынғы тексеруде әйел жынысының халіндегі, Лафарг айтқан түрдегі қоғамдық теңсіздікті танытады деген тұрғыдан қаралмаған. Салт жырлары ескі салт, әдеттерді көрсетсе, совет фольклористикасы тексергенде, ең алдымен ескертілетін мән-мазмұны қоғамдық, таптық шындықты тануға арналу керек. Бұл жырларда үй іші тұрмысының теңсіздік надандығы ескі кертартпа ақсақалдық жол мен заңнан туып отырғандығын ашпақ қажет еді. Оның орнына бұрынғы жазылуында, бұл бөлімде сол жырларды туғызған әдет-салтты сынамай, сыпаттау көп болған. Нәтижеде, сол жырлардың қоғамдық, тарихтық шындықтарын сыншыл зерттеуші боп ашу орнына, көбінше мақұлдап, құптау тәрізді қателіктер болды. Соңғы зерттеуде осындай негізді кемшіліктер түзелді.

 

Мұң-шер жырларында да (мысалы, жоқтауда) әйел теңсіздігі және үй тұрмысында рушылдық, ақсақалдық көне заңдардың құдіреті жалпы қазақ әйелін күндік, еріксіздікке салғаны айқынырақ ашылды. Шаруа, кәсіп жырының да ерекше қоғамдық-экономикалық мәні зор жырлар екені дұрыс бағаланды. Шаруа-кәсіп жырларында ескі замандардағы әр алуан қанаушы таптар шығарған сөздер емес, кәсібі мен тіршілігі, күнделік еңбегі, тартысы сол баққан малымен нық байланысты болған анық бұқара, еңбек елінің мал туралы айтқан еңбек жырлары көбірек зерттелді.

 

Ертегілер бөлімінде, қиял-ғажайып ертегілерінен бастап, тарихтық, реалистік негізі бар, мазмұн, тақырыбы бар салт ертегілері мен аңыздарға шейін қайта қаралып өткенде, қоғамдық, таптық мазмұн, ескілі-жаңалы үлгілердің бәрінде де анық, айқын көрініп отыратын ерекше сыр-сипат есебінде анықталады.

 

Батырлар жыры бөлімінде, бұрынғы орта мектептер құралы мен кей жинақтарда, журналдық мақалаларда, кейбір кіріспе сөздерде сынсыз, талғаусыз алынып, "халық жыры" деп аталып, бағаланып жүрген бірнеше батырлар жырлары БК(б)П Орталық Қомитетінің нұсқаулары бойынша қайта бағаланды. Халықтық сипаты бар батырлық жырларынан бөлек, бұрын-соңғы үстем тап, сарай мен хандар ортасының жаршысы болам, халыққа салт-санасы жат ақындар жырлап жүрген "Едіге" жыры ғана емес, "Орақ-Мамай", "Шора батыр" жырының да халықтық санаға жат варианттары соңғы тексеруде бірінші томнан алынып тасталды. Батырлар жырының бұрынғы сынсыз, парықсыз ұғынулар бойынша барлық түрі біркелкі, тұтас бір мұралардай танылатын тексеру негізі өзгерді. Кейбірі, мысалы, "Қобыланды", "Қамбар", "Тарғын" сияқтыларда халықтық санаға жақын және кейбірінде таптық қайшылықтар да ("Қамбар") айқын көрінетіні ашыла тексерілді. "Сайын батыр" сияқты жырларда үстем ортаның ақындары қосқан бөтен сананы сынап, мінеп көрсеткен және батыр образын сынмен сыпаттаған халықтық көзқарастың мәні айқындалды. Орыс халқымен қастық, өштік сарынында, хандар айналасындағы үстем таптар санасының тұрғысынан жырланып келген кей жырлар баспасөз жүзінде жарияланған бағаларға сәйкес танылды.

 

Ашықтық жырлары турасында, кейбір диссертацияда болған қателік, ол қателіктерге жасалған либералдық ҚК(б)П Орталық Комитеті қаулысында атап көрсетілген болатын. Бірінші томның үлкен қателігі бар мінді бөлімі осы бөлім деп аталған еді. Сол орынды сын, бұл бөлімді айрықша қадала қарап, тереңдеп талдауды талап етті. Қазіргі қалпында, кітаптың бұл бөліміне кірген, үлкен дастандар түрлерін тексеру түгелімен негізінен өзгеріп, түзеліп шықты деуге болады.

 

"Қозы Көрпеш" "ежеқабыл" салтынан туған жыр болумен бірге, сол салт көлеміндегі ұғым санаға бағынған жастар махаббатын көрсетеді. Осымен қатар, сол көне салтты қатты құптаған, ескілікті нанымды көрсететін көлемді көркем шығарма екенін ашу ғылымдық зерттеудің бас міндеті болып танылады. "Қозы Көрпешті" жырлаған ақындарда, олардың өз замандарының салт заңына бағынған өзіндік таптық санасы жыр варианттарынан айқын көрінетіні танылады. Солардың ұғымынша, Қарабай сараңдық, жауыздықтың жиынтық бейнесі болумен қатар, жол бұзушы, заңнан азушы, "ақ батадан" аттаушы, қыңыр-қиястық бейнесі болып қалыптанған. Жыршылар санасымен болжағанда, сол ерекшеліктер ол образдың ең бас міні екендігі айқындалды. Қодарды да сол сана бойынша, айнымас заңға көлденең келуші, қарсы әрекет етуші етіп, сонымен, әсіресе зор күнәсі етіп мінеп, шенеу бар екендігі айқындалды. Шығарманың салттан туған лирикалық туынды екені, ескі заманның көне заңы мұнда - рушылдық ортаның ақындарының санасында аумас, бұлжымас қағида есебінде орын алғаны аталды. Осындай тексеру арқылы жырдың қоғамдық, тарихтық сыры бұрынғы болған тексеру, ұғынуларымыздың барлығынан терең де және ғылымдық дұрыс негізде ашыла түсті деуге болады. Кітаптың алғашқы түрінде сол заң мен жол-жораны құптау, мақұлдау өз заманы үшін десек те, ақтау сияқты позиция бар еді.

 

Әсіресе осындай дұрыс негізбен тексеру "Қыз Жібек" поэмасын тереңдеп талқылап, дәл түсінуге жәрдем етті. Ол поэманың таптық, қоғамдық негізін дұрыс ашып түсінуге, тануға себеп болды. Бұрын бізде болған сынсыз тамашалау, сарыншылдық пен көне түрге бас ию әдебиет тарихшыларына да, тіпті жазушы мен театрға да аумас, айнымас жол болып кеткендей еді. Соңғы тексеруде біз сол поэманың көпке мәлім вариантын тыңнан талқыладық. Бұл тұрғыдан қарағанда, "Қыз Жібек" жыры әмеңгерлік, жесірлік заңын көркем сөзбен қостаған кертартпа сананы құптап, соны көркем түрде үгіттеген жыр болып көрінеді. Оның бізге жеткен вариантында реакциялық санасы, рушылдық идеологиясы басым болған, ескі заң бектің бірін-бірі, өздері таңдасуы болған жыршы көрінеді. Оның ұғындыруы бойынша, Төлеген мен Жібектің бірін-бірі өздері таңдасып, әзелден тағдыр бұйрығына қарсы етілген әрекет есепті. Олар махаббаты кірсіз, мінсіз болса да, аталар батасын бекітіп құптаған күнде ғана орынды болады. Ата батасын қостамаған махаббат тірлік үшін емес, қарғыс, өлім үшін туған махаббат есепті... Ондай жолға ата батасын аттап өтіп, қадам басқан жас ешбір күнәсіз, себепсіз жаза тапса да, мүрдем кетсе де, өкініш емес. Сондықтан ата батасын аттаған Төлеген өледі де, оның қатесін түзеп, атаның батасымен шыққан Сансызбай жеңгесін алады. "Аға өлсе, жеңге мұра, іні өлсе, келін мұра" деген сананы дастанның бас геройының бірі Төлеген өзінің өлімімен құптайды. Жыр басында өзінің өлерін біліп, Қыз Жібекке қайнысына тиюді, Сансызбайға жеңгесі Қыз Жібекті алуды кер аузынан, о дүниеден, әмір-бұйрық еткендей болады. "Қыз Жібек" жырында қазақ әйелінің көп ғасырлық сорына себепші болған қырсық заң, ең бір надандық, сорақы жол, ескішіл ақынның қызығып жырлауы арқылы, осындай поэзиялық үгітке айналады. Соңғы тексеруде, біз бұл дастанның алға бастар ой емес, кертартпа санаға бағынып, қалыптанған мазмұн тартысын, идеясын толық ашуға талап еттік.

 

Тарихи жырлар бөлімінде де тыңнан қаралған, түзеліп өткен негізгі жаңалықтар бар. Бұл бөлімде "Абылай мен Кенесары жайындағы тарихи жыр" деген жіктеуге жатпайтын құрама, ұсақ әңгіме-аңыздар көп кірген еді. Солардың көбінде Абылай, Кенесарыны халықтық ұғымнан өзгеше санамен бейнелеу бар-ды. Хан айналасының, хан ордасының санашылы болған қарт-кәрия, ақын-жырау, мақтаушы-жыршы ортасы туғызған шолақ әңгіме, аңыздар болатын. Олардың барлығында Абылай, Кенесары, Наурызбайларды сағымды аңыздармен көріктеп, қиял-ғажайып ертегілер қаһармандарына теңеп, әсірелеген дәріптеулер көп болатын. Бұрынғы зерттеу мұндай әңгімелердің бірден тарихи жыр жанрына жатпайтындығын ескермеген. Және олардың таптық, тарихтық шыны, негізін ақтарып ашпаған. Тек бір жақты сүйсіну ретіндегі құптауды ғылымды сыншыл тексерудің орнына жұмсап кеткен-ді.

 

Бұрынғы қалпында, бірінші томға, тарихи жырлар қатарында кіруге лайығы болмаған - "Қабанбай" жыры да кірген-ді. Бүгінгі Ұлы Одақ көлемінде достас, бауырлас болып отырған кейбір елдерге Қабанбайдың жасаған шабуылын айтатын жыр болғандықтан, бұл жырды да соңғы ісімізде тексеруден шығарып тастадық. ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаулысында орынды, дәлелді түрде қатты сыналған бөлімінің бірі шешендік сөз жайындағы зерттеу болатын. Бұл бөлім бұрынғы қалпында, фольклор үлгілерін сынап, зерттеу орнына, көп мысалдарды тізе берген, тек жеңіл, үстірт және қателік бағыттағы құр ғана тамашалау, арзан талдау қалпында жазылған. Осы жанр турасындағы тексеру қазақ әдебиет тарихшыларының ең бірінші рет тапқан, байқаған алғашқы тәжірибесі болса да, бұл бөлімнің ғылымдық жағынан, саясаттық, тарихтық жағынан қарағанда шикілігі көп болды. Қаулыға сәйкес, жаңағы кемшіліктер еске алынып отырып, кітаптың соңғы түрінде бөлім қысқартылып, бастан-аяқ қайта жазылды. Бөлімнің алғашқы қалпына, екі түрлі негізгі қателік бары айқын танылды. Бұнда бар шешендік үлгілі, афоризм түрінде айтылған қысқа көлемді, бағалы мазмұнды көркем мұралардың барлығын тек билер тудырды деген қорытынды бар-ды. Және сол билерді асыра мақтау көп орын алып еді. Таптық, тарихтық жағынан қарағанда, халық пен қоғам тіршілігіне зиянды әрекеттері мәлім болған билерді де бас ие дәріптеу күшті болған. Кей тұсында бұл бөлім ғылымдық сыншы зерттеу емес, өзінше бір "бинамаға" айналып кеткендей еді. Осы көрсетілген, екі түрлі негізгі айқын кемшіліктер түзелді.

 

Таптық, тарихтық мазмұнын ашу арқасында шешендік сөздердің иесі, негізінде, үстем тап өкілдері - билер емес, халықтың өзі екендігі ашылды. Билердің көп әрекеті мен сөздерінің тұсында анықтап, ашуға қажет болған таптық сыры, талабы, салт-санасы, өмірге сәйкес шындығы тексерілді. Осы жағынан қарағанда, кей билердің өз аузынан шыққан, кертартпалық мазмұнды кейбір шығармалары әдейі сол халыққа жат мазмұнда екендігі әбден қайталап тексерілді.

 

Қазақ фольклорында бұрын көп зерттеуге түспеген - бірінші том көлемінде ең алғаш толығырақ тексерілген деген талаппен алынған жанрлардың бірі айтыс еді. Кітаптың бірінші түрінде бұл мүлде ойдағыдай орындалмады. Ол жайдан жазылған зерттеу айтысты ғылымдық айқын жіктерге бөле алмаған-ды. Бар айтыс біртұтас ағым сияқты, тек ақындар аты ғана өзгеріп отырғаны болмаса, парықсыз топталған еді. Айтысқа халық өнерпаздарының халықтық сыр-сипатын беретіні ашылмаған-ды. Сол жанрдың кейбір сыртқы ерекшеліктерін, айтылатын орнын, жалпы жағдайын (өзге жанрлардың туыс көздерінен бөлек туатын жағдайын) пайдаланып, халық ақындары қоғамдық қанауға қарсы құрал етіп пайдаланатыны ашылған жоқ еді. Айтысқан ақындардың таптық санасы, идеологиялық позициясы ашылмай, тек түрлі тақырыпты ғана талдау бар еді. Қазіргі түзеудің нәтижесінде, бөлім ішінен әйел ақындардың айтысы, жалпылаған көпшілік айтысы және Жамбылдың тапшыл ақын айтыстары кеңірек орын алды. Олар тудырған айтыстардың қоғамдық мағынасы, тарихи шындықтан туған ерекше мазмұндары саналы айтыстар ретінде толық бағаланды. Біржан мен Сара айтысы сияқты, тіл мен өлеңдік көркемдігі көпшілікті қызықтыратын және бұрынғы оқу құралдары мен қысқа шолған мақалаларда қоғамдық сыры мен мәні ашылмаған айтыстарға да тыңнан талқылау жүргізілді. Олардың кей кезеңдерінде, яғни бергі айтушылар өңдеуі, қоспалары арқылы өзгеріп кеткен қалпында рушылдық тар көлемді, ескі саналы қайшылықтар мол орын алып келгендігі анықталды.

 

Айтыстың өзгеше түр есебіндегі, ерекше бітім қалпы ендігі зерттеуде өзіне лайықты орын алды. Мұнда мазмұны мен байланысы, түр-теңеулері ақындық орын алды. Мұнда мазмұнына сай бір тұтастық тауып тұра алатындығы, бұл жөндегі зерттеу де дұрыс танылған тәрізді.

 

Бірінші том ішінде көп орын алып, мол көлемде жазылған бөлімінің бірі совет фольклорына арналған бөлім болатын. Бұл бөлімнің бұрынғы желісі түгелімен саналмаса да, сыншы-рецензент болған жолдастар көрсеткен нақтылы методологиялық кемшіліктер бар еді. Бөлімнің соңғы қаралуында тың түзеулер енді. Бөлімнің бұрынғы қалпында орынсыз ұзақтық, сөйлем ауырлығы, тіл мен түр кемшілігі бар еді. Әр үлгінің тұсында бар айтылған пікірлерді ұқсас сөздермен, сөйлемдермен қайталап, еселей беру де көп еді. Онан соң жаңа мазмұн, әсіресе Отан соғысы тақырыбын жырлаған халық ақындары Нұрпейіс, Нұрлыбек, Жақсыбай поэмалары сияқты тың шығармалар бөлімнің алғашқы қалпында талқыланып, сыналмаған. Тек түйсіну, мақтау түрінде дәріптелген, бірақ зерттелмеген шығармалар болды. Осы сияқты совет фольклоры үлгілерінің баспасөз жүзінде көрсетілген орынды аталған кемшілік, міндері және сынаушы-рецензенттер көрсеткен кемшіліктері түзелді.

 

Осымен жалпы шолғанда, бірінші том бірнеше жылдан бері жазылып, сыналып, тексеріліп, енді, міне, қайта жазылып болып отыр. Соңғы рет түзеп, шама жеткенше қанағаттанарлық толық редакциясын баспаға әзірлеп беру Тіл мен әдебиет институтының ісінде және барлық автор ісінде ең бір күрделі жұмыстың бірі деп білеміз.

 

1948

 

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға