Ғасырлар тоғысы
05.12.2012 04:44
8951
Ғасырлар тоғысы — орыс мәдениетінің «күміс ғасыры» деп аталатын ерекше даму кезеңіне қолайлы жағдайлар жасады. Аз ғұмырының өте қысқа болғанына қарамастан «Күміс ғасыры» небәрі 20 жылдың ішінде дүниеге философиялық ой-толғамдардың тамаша үлгілерін берді, дәл осы уақыт шеңберінде орыс иконасы қайтадан жанданды, музыканың, театрдың, кескіндеме өнерінің жаңа бағыттары қалыптасты, поэзия үні жаңа сарында естілді. Міне, сондықтан да болар — «Күміс ғасыры» көркемдік жаңалықтардың, жаңа бағыттардың тұтастай бір дәуіріне айналды. Орыс мәдениетінің сахнасында өнердің әр саласының дарынды өкілдері пайда болды. Олар: А. Блок, К. Станиславский, С. Рахманинов, М. Цветаева, А. Ахматова, В. Иванов пен Г. Иванов, В. Мейерхольд және т.б. Шындығына келcек, осы ұлы жандардың өздері ғана бір дәуірге ғана емес, бүкіл бір халық мәдениетінің тарихына да жеткен болар еді. Ал мәдениет пен өнер саласында қалыптасқан ағымдар саны қаншама десеңші! (Символизм, акмеизм, леодернизм, футуризм, авангардизм, космологизм, критицизм).
Күміс ғасыры
Күміс ғасыры, әсіресе, философтар мен мәдениеттанушылар үшін жемісті ғасыр болды, өйткені Н. Бердяев (1874—1948 ж.), С. Булгаков (1871-1944 ж.), Л. Карсавин (1892-1952 ж.), Г. Федотов (1886—1951 ж.), А. Лосев(1893—1988 ж.) және т.б. осы ғасыр перзенттері. 1922 ж. Ресей ғалымдарының көпшілігі шетелге қашып кетуге мәжбүр болды, сөйтіп ұлы ойшылдар өз өмірлерін сақтап қалды.Демек, өзінің күрделілігіне, қарама-қайшылықтарға толы әрлеуіне қарамастан орыс мәдениетінің «Күміс ғасыры» жетістіктерінің дүниежүзілік маңызы бар.Кеңес дәуірінің мәдениеті — терең қайшылықтарға толы күрделі мәдениет. Олай болса оның жетістіктері мен қателіктері, жеңістері мен ащы жеңілістерін тарихи шындық тұрғысынан жан-жақты талдау мәдениеттанушы ғалымдарының алдындағы басты міндет. Бүгінгі таңда кеңес дәуіріндегі мәдениетке байланысты негізінен екі көзқарас қалыптасқан. Бірінші, люмпендік-маргинальдық көзқарас — кеңес дәуірінің мөдениетін ешбір қызығушылық тудырмайтын, тоталитарлық жүйенің қараңғы қапасы деп санаса, екіншісі — мәдени процестерді жан-жақты, нақты тарихи тұрғыдан түсіндіруге тырысатын мәнді көзқарас. Бұл бағыттың өкілдері тарихи дамудың барлық жақтарын сын елегінен өткізе отырып қана пайымдаулар жасайды. Шындығында да, кеңес халқының тарихы мен мәдениетін қоғамдық өмірдің қарама-қайшылықтарынан, дәлірек айтсақ, бүкіл қоғамдық жүйе мен оның басты элементтерінен тыс алып қарастыруға болмайтын сияқты. Өйткені, қарама-қайшылықтар бүкіл кеңестік тоталитарлық жүйеге және оның барлық элементтеріне тән болды. XX ғасырда «идеология — мәдениетінің негізгі мазмұны» деген жалған қағида бағдарламаға айналды, соның нәтижесінде Ресейдің ұлттық интеллигенциясына қиянат жасалды, мәдениеттің басты құндылықтары жойыла бастады.Бірақ соған қарамастан XX ғасыр орыс еліне тамаша дарынды ғалымдарды, жазушыларды, суретшілерді, талай өнер саңлақтарын берді. Ғасыр басында орын алған идеологиялық және саяси жағдайларға байланысты тиым салынған «Күміс ғасырдың» мол мәдени мұралары ғасыр аяғында халқына қайта оралды. Ресей қоғамы мен оның мәдениеті қандай сындарлы кезеңді басынан кешірсе де ғасырлар бойы жасалған мәдени құндылықтар өз мәнін жоймақ емес.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
ЖИТС-тің жұғу көздері және жұғу жолдары
Келесі жаңалық
Астанаға Владимир Путин келді