Жаңалықтар

Жақсы сынға жан пида

Жақсы сынға жан пида   "Социалистік Қазақстан" бетіндегі соңғы мақаласында Сәбит Мұқанов жолдас, біздегі көркем өнердің бір күрделі мәселесін қозғапты. Орынды көтерілген мәселе. Кеңінен ойланып, дәлелді, негізді сындар айтып, тұрақты қорытындылар жасауды керек ететін мәселелер.   Осы сияқты негізгі, күрделі, жалпы мәселелер жайында мен айрықша мақалалар жазамын. Ал бұл жолы Сәбит мақаласының арнаулы бір саласына ғана тоқталмақпын. Ол "Айман — Шолпан"жайы. Бұл менің жауаптылығыма жататын мәселе болғандықтан, жұртшылық үшін әуелі өз тәжірибем жөнінде, алдымен жауап беру, әсіресе қажет деп білдім.   Мәселе халық қазынасын қалай пайдалану жөнінде ғой. Бұның екі жолы бар. Біріншісі — фольклордағы (мысалы халық поэмаларындағы) адамдар мен сол адамдар арасындағы хал, харекетті бұлжытпай тек сахнаға ғана шығарып беру. Екінші жолы - поэманың адамдарын, мазмұнын кең түрде алу. Мұнда көбінесе поэманың өлең сөзінен де ешнәрсе алынбайды.   Осы екі жолдың біріншісі — жазушылық еңбек емес, режиссерлық. Екіншісі — шығармашылық еңбек. Біздегі кәзір опера театрында жүрген халық поэмаларынан алынған пьесалардың бәрі де осы соңғы жолмен істелген. Совет әдебиетінің ескі мұраға өнімді жолмен баруы да осыны тілейді.   Сәбит бізге осы екі жолдың қайсысын қолайлы деп ұсынады? Онысын дәл басып айтпаған. Бірақ айтпаса да соңғы өнімді жолды о да қостайды деп білемін.   Ендеше мәселе, поэманың мазмұнын өзгертудің өзінде ғана емес, қалай қып өзгертуде. Адамдарының қайсысын алып, қайсысын алмауда емес, қалай қып алуда. Тыңнан адам қосуда ғана емес, кімді қалай қосуда. Тартыстарын да поэмадан кең алу, тар қып алуда емес. Заманына сыйымды, қонымды және мағыналы, маңызды етіп беруде.   Жалғыз-ақ халық поэмасының іргесін алғандықтан ондағы "ақты" "қара" қып әкпетпе, "қараны" "ақ" қып әкпетпе. Еркін екем деп ерсі кетпе. Поэма бір бетте қап, сен қарсы бетке шығып кетпе. Кең алса да, сонымен бір өңірде жүріп, кең ал деу керек. Міне, дәл осы жерге шейін Сәбит менімен ұғысып келуіне керек. Айрылысып, дауласқанда осыдан әрі қарай дауласады. Не деп дауласады?   Кінәсінің ең үлкені Көтібар басында. Және сонымен қоса күлкі, сықақ боп кеткен өзгелер жайында айтады.   Осы ретте бір түсінік беріп кетейін. Сәбит "Айман — Шолпанның" алғашқы вариантын айтқанда, мақаласының басында, оның қойылуы - "қазақ музыкасының мейрамы сияқтанады" дейді. Бірақ сөз аңғарына қарағанда ол мейрамға М Әуезовтің ешбір қатысы болмаған сияқты. Ол қойылған халық поэмасы дегісі келеді. Шынында ол "Айман —Шолпан" 50-60 беттік толық музыкалы, нағыз пьеса болатын. Ол опера емес жерлерінде ән-күйлі пьеса боп жүре алатын. Ал соңғы вариант опера көлеміне кіргенде пьеса емес либретто болды. Ол 30-ақ бет. Ендеше негізді, әділ сыншы сол шынды айтуға тиісті.   Екінші мынау соңғы вариантта менің толық жазуымда 80 бет. Толық пьеса. Ол әлі басылған жоқ. Оның негіз, мазмұн, маңызы да мынау либретто көлемінде ғана емес. Бірақ, әрине, жарыққа шықпаған соң, іште жатқан есепті. Сыншы көзбен көргеніне ғана жауапты. Рас, қатар жүрген, күнде көрісіп жүрген жазушысың, тым болмаса сының толық болу үшін, және автор кінәсі қанша, театр қоспасы қанша екен деп те бұл мәселеге көңіл бөлуге болатын еді ғой. Бірақ Сәбиттің нысанасы ол емес. Ол "Айман — Шолпанның" кәзір опера екенін де, театр сахнасында екенін де былай қойып, жалғыз авторға қадалады. Онысына да көндік. Міне, тіпті "Айман — Шолпанның" алғашқысын да былай қойып, өзге жайларын да былай қойып, сыншыға да аса қажетті болған дәл либреттоға келейік.   Сөйтіп, мәселенің үлкені Көтібар туралы ғой. Шындыққа қиянат бопты дейміз ғой. Кәне, енді осы жайды сыншы айтты екен деп, илана қалмай, оқушылар болып, жазушымыз, театрымыз, сыншымыз, авторымыз болып отырып, кеңірек, тереңірек ойлап көрейікші.   Осылайша келгенде, біз екі түрлі Көтібарды көреміз. Біреуі аз-мұз болса тарихтан белгілі Көтібар. Екіншісі — халықтың салт (бытовая) поэмасы - "Айман — Шолпаннан" белгілі Көтібар.   Тарихтағы Көтібарға келгенде ол патшалық үкіметпен алысты деген ұзын сарынның бар екендігі рас. Исатай қозғалысына алыстан болса да, көмек қосқан деседі. Бірақ, дәл Көтібар бастап, Көтібар апарып, пәлен жерге жеткізіп, тындырды деген үлкен күрделі істің дерегі жоқ. Исатай, Махамбетке арналған халық жырларында Көтібар роль ойнамайды. Ал, Көтібар аты Есет, Бекет қозғалысының тұсында аталса, ол араны құр қара борандатпай, ұғына түсу керек. Арғы-бергіні қосып былықтырмау керек. Царизммен алысқан үлкен іс Есет пен Бекетте анық бар. Әсіресе Бекетте күшті. Бірақ ол бертінде, Бекет қозғалысының тұсында Көтібар жоқ, өлген. Дәл Бекет қозғалысына менің қалай қарайтынымды, қандай баға беретіндігімді мақаладан емес, шығармалық, жазушылық еңбегімнен сынау керек.   Мәселе Көтібар жөнінде. "Айман — Шолпан" поэмасы мен пьеса-либреттоның ішіндегі Көтібар арғы кездегі Көтібар. Бұл тұста Есет жас бала — поэмада ол анық. Ал Бекет тіпті тумаған да. Жә, тіпті сол Көтібардың өзі де тарихта роль ойнамаған Көтібар дейік.   Бұл арада "Правда" сынаған "Батырларды" алумен қатар, біздің салт-сана, тарих, мәдениет жөнімізде ұлы табыс есепті болған тағы бір-екі үлкен фактіні алайық. Мұның басы — СССР халықтарының тарихын жазу жөніндегі Сталин, Киров, Жданов жолдастардың ескертуі. Екіншісі — сол бағытпен жазылып шыққан "СССР тарихының қысқаша курсы" және БК(б)П тарихы. Осы еңбектердің кең аңғары бойынша әрбір елдің тарихында болған оқиға мен адамдарды бағалағанда соларды жалпы дүние тарихының даму жолындағы прогреспен, алға бастырушылық әрекетімен байланыстырып, бағалау керек дейді. Грузия тарихын алғанда ескі, қараңғы, реакциялы Иранға қарағанша мәдениеті ілгеріге бейімдеген Ресейге қарау пайдалы еді, артық еді дейді. Әрине, бұдан царизмге қарсы қозғалыстың бәрін қайта бағалау, қайта өзгертіп, керісінше түсіндіру деген қорытынды тумайды. Патшалықтың ханымен алысқан Исатай, Махамбет, Бекет халық ұғымына өзгеше, басқаша бағалансын деп ешкім де айтпайды.   Бірақ сонымен қатар патшалықпен алысудың да алысуы бар. Алысушының да алысушысы бар. Бекет, Исатай бір түрлі .алысса, Кенесары, Наурызбай бір түрлі алысқан. Ал, Көтібар сияқты қозғалысқа атсалысқандардың харекетінде және жеке бастарында да неше алуан ішкі-тысқы қайшылықтар бар. Оны тарих жағынан терең зерттеп барып қорытынды жасау керек. Тарих ғылымы әлі Исатай, Бекет, 1916 жыл қозғалыстарын толық, зор деп бағалап берсе де, Кенесары, Көтібарлар жайлы анық шешіп берген жоқ. Бұл тарихи жағы болса, енді осы тарихпен қабысқан ел ұғымына келейік. Ел ұғымы — елдің поэмасында.   Жә, сол ел поэмасындағы Көтібар кім? Қалай суреттеліп, қалайша бағаланған? Әңгіменің күрделі жері осында. Халықтың "Айман — Шолпан" деген поэмасындағы Көтібарды әртүрлі түсінуде. Халық поэмасында патша үкіметімен алысқан Көтібарды алмайды. Менің либреттомда да ол Көтібар емес. Халық поэмасында көрсетілген Көтібардың мінез, харекеті, мазмұн болады. Ендеше, осы поэмадағы Көтібар прогрестік, жаңа іс істейтін Көтібар ма? Жоқ, ру басы, жуан бел феодал, реакциялық іс істейтін Көтібар ма? Рас, біздің сыншы Көтібарды баймен алысқан кедей демек. Бұл арада Сәбит не білместікпен, немесе біле тұра әдейі бұрған қиястықпен бір бекер сөзді айтады. Өлеңнен дәлел келтірген боп, Маман айтқан сөз бойынша Көтібар кедей дейді. Айтыс өлең — айтыс сөз үстінде мың жылқылы кісі жүз жылқылыны "құрдым" дейді. Мың кісі сойыл соғары бар жүз кісісі барды "тұлдыр" дейді. Ол сөз барымтасы. Көтібар екі қызы бар Маманды "қу бас" демей ме, сол сияқты. Болмаса бәйгеге ат қоса келген, қалың елі жеті руды бастап келген, үйде тоқалы жатқан, тағы жас тоқал алғысы келген және Айманды кейін "алтынмен аптап, күміспен күптегендей ырғап-жырғап ұзататын, өзі қалың руды "бір шыбықпен өргізіп, жусататын" Көтібар кедей еді дегенді кесіп айта қою оңай ма екен. Рас, ол Мамандай бай болмауы мүмкін. Бірақ одан әрі басып, кедей еді деуге мен Көтібардың малын санап келгенім жоқ.   Ал, сонда да бір сәтке Сәбит сөзін шын көрейік. Сүйтейік те қорғап байқайық. Елдік үшін емес, үй үшін, ру басылық намыс үшін Маманмен егесті, шапты. Онысын да мақұлдайық. Жә, содан әрі қайтті? Маманнан шығып, жазығы жоқ жас қызды алып қашты. Жас әйелді қайғыға салды. Мұны да ақтайық па? Ол емес тіпті, зорлықпен алып қашудың үстіне қатын қып, әлденешінші тоқал қып алмақ болды. Барлық халық поэмасы бойынша Айман осымен алысады. Өзінің ақыл-айласымен ғана құтылады. Кәне, мұны тағы ақтайық па? Осы ақтау мен "сүйуіміздің" шегі бар ма?   Сәбитше жоқ. Өйткені ол "жүз жыл бойы халық сүйген Көтібар" дем өзеурейді. Жолдас Мұқанов бұл араға келгенде сізге қатты айтуға тура келеді.   Бір шығарманың ішінде әрі зорлық көріп жылаушыны, әрі қорлық істеп жылатушыны бірдей сүйген ел көрдің бе? Оқушы көрдің бе? Әдейі жалған айтпаса, қатар қостаған сыншы көрдің бе?   Халық Көтібарды феодалдық, реакциялық мінездің адамы етіп, жүз жыл бойы сүйіп өтпейді, жүз жыл бойы мысқыл етіп, күлкі етіп көрсетеді. "Өтпес жарлық — бойға қорлық" деген қорытынды жасайды. "Айман — Шолпан" деп ат қойылуы да сол жас қыздардың феодал зорлығы заманында шеккен азабы, зары қандай еді дегенді білдіргені.   Тарихтағы Көтібардың кейін өзге жағдайда жақсы ісі болғанмен, мынау оқиға сол Көтібар басындағы үлкен қайшылыққа құрылған және халық мінеп-шенеп шығарған Көтібар болады. Қара шоқпар зорлықшыл, озбыр Көтібар болады.   Ендеше мұраның да мұрасы бар. Жақсы көріп алуға тұрары бар да, тұрмасы бар. Сен мұра деген осы екен деп Көтібардың қара шоқпарына ғана жабысып, соны ғана сіресіп, құшақтап қаласың. Ақ бөкен деп қарды атқан аңғал мерген боп қаласың. "Батырлар" сынын көре-біле тұра автор, сондағы зиянды пікірді әдейі қайталап отыр демексің.   "Сынай көрме" деп сенің қаламыңа ешкім жармаспайды. Бірақ айтпағымды дәлелдеп, таратып алып, объективті келіп, қорытсаң болмай ма? Сонда сен автордың осы либреттода өзіне қойған бағыт, мақсаты қандай, соны меңгере алуы қандай? Халық поэмасының қай арқауын алып отыр, дұрыс алып отыр ма? Осы жақтарына кеңірек қарасаң болмай ма? Ал мына түрінде сының күр "тас-талқан қылды" дегеннен басқа нені айтты?   Тас-талқан ба, жоқ әлде "Айман — Шолпан" поэмасынан екі қыздың трагедиясын алып, сол желісін халық жырының аңғарымен өз түсінігі бойынша өрістету ме? "Батырлар" мен либретто екеуі бір араға қосылмайды. Және әдейі ананың қатесін көріп, соны әдейі барып қайталады демек — мәдениетті сын емес, ол сын пікірі емес, сыннан да, әдебиеттен де сырт жатқан, оларға жанасы жоқ "пікірше". Автор идеясын сөз де қылмай, ұғынбай да, ұғынғысы да келмей, құр белден шалып, "арсалаң да күрселең" деп аптығып кеп, жалған қорытындыға ұмтылу, қара шоқпарға ұмтылу. Керегі сын емес, "жаптым жала, жақтым күйе" болғаны.   Жә, мен түгел "Айман — Шолпанның" операдағы либреттосын ақтаймын ба? Түгел мінсіз деймін бе? Жоқ. Кемшілігі бар. Мысалы, барлық — Әлібек, Арыстан неге күлкілі боп кеткен? Жарас неге жеткілікті боп, жақсы боп шықпаған? Киім ауыстыру сияқты арзан күлкілер неге керек? Айман мен Шолпан кемшін емес пе? — деген сияқты талай мәселе жөнінде кемшіліктер барын сеземін. Бірақ мазмұны жөнінде өз жауаптылығым басым екенін де мойынға аламын. Оны кең түрде театр мен жазушылар жиынында талқылайық, ойға салайық, содан іргелі қорытынды жасайық деген ұсыныс жасаймын. Сол жиынның ұйғаруы бойынша қателіктерді қайта түзетуге әзірмін деймін. Тек сын атынан қиястық жүрмесін, дәлел орнына далбай жүрмесін.   Біздің Орталық партия Комитеті мен Совнаркомның "Қазақстандағы искусство мен әдебиетті бұдан былай да өркендету туралы" қаулысына қуанған кісінің біреуі мен. Сол қаулының негізгі нұсқасына сәйкес сапалы сынды жұртшылықтың өзіме анықтап айтып беруіне құштармын. Жақсы сынға жан пида. Бауыржан Момышұлы
05.12.2012 04:19 6553

Жақсы сынға жан пида

 

"Социалистік Қазақстан" бетіндегі соңғы мақаласында Сәбит Мұқанов жолдас, біздегі көркем өнердің бір күрделі мәселесін қозғапты. Орынды көтерілген мәселе. Кеңінен ойланып, дәлелді, негізді сындар айтып, тұрақты қорытындылар жасауды керек ететін мәселелер.

 

Осы сияқты негізгі, күрделі, жалпы мәселелер жайында мен айрықша мақалалар жазамын. Ал бұл жолы Сәбит мақаласының арнаулы бір саласына ғана тоқталмақпын. Ол "Айман — Шолпан"жайы. Бұл менің жауаптылығыма жататын мәселе болғандықтан, жұртшылық үшін әуелі өз тәжірибем жөнінде, алдымен жауап беру, әсіресе қажет деп білдім.

 

Мәселе халық қазынасын қалай пайдалану жөнінде ғой. Бұның екі жолы бар. Біріншісі — фольклордағы (мысалы халық поэмаларындағы) адамдар мен сол адамдар арасындағы хал, харекетті бұлжытпай тек сахнаға ғана шығарып беру. Екінші жолы - поэманың адамдарын, мазмұнын кең түрде алу. Мұнда көбінесе поэманың өлең сөзінен де ешнәрсе алынбайды.

 

Осы екі жолдың біріншісі — жазушылық еңбек емес, режиссерлық. Екіншісі — шығармашылық еңбек. Біздегі кәзір опера театрында жүрген халық поэмаларынан алынған пьесалардың бәрі де осы соңғы жолмен істелген. Совет әдебиетінің ескі мұраға өнімді жолмен баруы да осыны тілейді.

 

Сәбит бізге осы екі жолдың қайсысын қолайлы деп ұсынады? Онысын дәл басып айтпаған. Бірақ айтпаса да соңғы өнімді жолды о да қостайды деп білемін.

 

Ендеше мәселе, поэманың мазмұнын өзгертудің өзінде ғана емес, қалай қып өзгертуде. Адамдарының қайсысын алып, қайсысын алмауда емес, қалай қып алуда. Тыңнан адам қосуда ғана емес, кімді қалай қосуда. Тартыстарын да поэмадан кең алу, тар қып алуда емес. Заманына сыйымды, қонымды және мағыналы, маңызды етіп беруде.

 

Жалғыз-ақ халық поэмасының іргесін алғандықтан ондағы "ақты" "қара" қып әкпетпе, "қараны" "ақ" қып әкпетпе. Еркін екем деп ерсі кетпе. Поэма бір бетте қап, сен қарсы бетке шығып кетпе. Кең алса да, сонымен бір өңірде жүріп, кең ал деу керек. Міне, дәл осы жерге шейін Сәбит менімен ұғысып келуіне керек. Айрылысып, дауласқанда осыдан әрі қарай дауласады. Не деп дауласады?

 

Кінәсінің ең үлкені Көтібар басында. Және сонымен қоса күлкі, сықақ боп кеткен өзгелер жайында айтады.

 

Осы ретте бір түсінік беріп кетейін. Сәбит "Айман — Шолпанның" алғашқы вариантын айтқанда, мақаласының басында, оның қойылуы - "қазақ музыкасының мейрамы сияқтанады" дейді. Бірақ сөз аңғарына қарағанда ол мейрамға М Әуезовтің ешбір қатысы болмаған сияқты. Ол қойылған халық поэмасы дегісі келеді. Шынында ол "Айман —Шолпан" 50-60 беттік толық музыкалы, нағыз пьеса болатын. Ол опера емес жерлерінде ән-күйлі пьеса боп жүре алатын. Ал соңғы вариант опера көлеміне кіргенде пьеса емес либретто болды. Ол 30-ақ бет. Ендеше негізді, әділ сыншы сол шынды айтуға тиісті.

 

Екінші мынау соңғы вариантта менің толық жазуымда 80 бет. Толық пьеса. Ол әлі басылған жоқ. Оның негіз, мазмұн, маңызы да мынау либретто көлемінде ғана емес. Бірақ, әрине, жарыққа шықпаған соң, іште жатқан есепті. Сыншы көзбен көргеніне ғана жауапты. Рас, қатар жүрген, күнде көрісіп жүрген жазушысың, тым болмаса сының толық болу үшін, және автор кінәсі қанша, театр қоспасы қанша екен деп те бұл мәселеге көңіл бөлуге болатын еді ғой. Бірақ Сәбиттің нысанасы ол емес. Ол "Айман — Шолпанның" кәзір опера екенін де, театр сахнасында екенін де былай қойып, жалғыз авторға қадалады. Онысына да көндік. Міне, тіпті "Айман — Шолпанның" алғашқысын да былай қойып, өзге жайларын да былай қойып, сыншыға да аса қажетті болған дәл либреттоға келейік.

 

Сөйтіп, мәселенің үлкені Көтібар туралы ғой. Шындыққа қиянат бопты дейміз ғой. Кәне, енді осы жайды сыншы айтты екен деп, илана қалмай, оқушылар болып, жазушымыз, театрымыз, сыншымыз, авторымыз болып отырып, кеңірек, тереңірек ойлап көрейікші.

 

Осылайша келгенде, біз екі түрлі Көтібарды көреміз. Біреуі аз-мұз болса тарихтан белгілі Көтібар. Екіншісі — халықтың салт (бытовая) поэмасы - "Айман — Шолпаннан" белгілі Көтібар.

 

Тарихтағы Көтібарға келгенде ол патшалық үкіметпен алысты деген ұзын сарынның бар екендігі рас. Исатай қозғалысына алыстан болса да, көмек қосқан деседі. Бірақ, дәл Көтібар бастап, Көтібар апарып, пәлен жерге жеткізіп, тындырды деген үлкен күрделі істің дерегі жоқ. Исатай, Махамбетке арналған халық жырларында Көтібар роль ойнамайды. Ал, Көтібар аты Есет, Бекет қозғалысының тұсында аталса, ол араны құр қара борандатпай, ұғына түсу керек. Арғы-бергіні қосып былықтырмау керек. Царизммен алысқан үлкен іс Есет пен Бекетте анық бар. Әсіресе Бекетте күшті. Бірақ ол бертінде, Бекет қозғалысының тұсында Көтібар жоқ, өлген. Дәл Бекет қозғалысына менің қалай қарайтынымды, қандай баға беретіндігімді мақаладан емес, шығармалық, жазушылық еңбегімнен сынау керек.

 

Мәселе Көтібар жөнінде. "Айман — Шолпан" поэмасы мен пьеса-либреттоның ішіндегі Көтібар арғы кездегі Көтібар. Бұл тұста Есет жас бала — поэмада ол анық. Ал Бекет тіпті тумаған да. Жә, тіпті сол Көтібардың өзі де тарихта роль ойнамаған Көтібар дейік.

 

Бұл арада "Правда" сынаған "Батырларды" алумен қатар, біздің салт-сана, тарих, мәдениет жөнімізде ұлы табыс есепті болған тағы бір-екі үлкен фактіні алайық. Мұның басы — СССР халықтарының тарихын жазу жөніндегі Сталин, Киров, Жданов жолдастардың ескертуі. Екіншісі — сол бағытпен жазылып шыққан "СССР тарихының қысқаша курсы" және БК(б)П тарихы. Осы еңбектердің кең аңғары бойынша әрбір елдің тарихында болған оқиға мен адамдарды бағалағанда соларды жалпы дүние тарихының даму жолындағы прогреспен, алға бастырушылық әрекетімен байланыстырып, бағалау керек дейді. Грузия тарихын алғанда ескі, қараңғы, реакциялы Иранға қарағанша мәдениеті ілгеріге бейімдеген Ресейге қарау пайдалы еді, артық еді дейді. Әрине, бұдан царизмге қарсы қозғалыстың бәрін қайта бағалау, қайта өзгертіп, керісінше түсіндіру деген қорытынды тумайды. Патшалықтың ханымен алысқан Исатай, Махамбет, Бекет халық ұғымына өзгеше, басқаша бағалансын деп ешкім де айтпайды.

 

Бірақ сонымен қатар патшалықпен алысудың да алысуы бар. Алысушының да алысушысы бар. Бекет, Исатай бір түрлі .алысса, Кенесары, Наурызбай бір түрлі алысқан. Ал, Көтібар сияқты қозғалысқа атсалысқандардың харекетінде және жеке бастарында да неше алуан ішкі-тысқы қайшылықтар бар. Оны тарих жағынан терең зерттеп барып қорытынды жасау керек. Тарих ғылымы әлі Исатай, Бекет, 1916 жыл қозғалыстарын толық, зор деп бағалап берсе де, Кенесары, Көтібарлар жайлы анық шешіп берген жоқ. Бұл тарихи жағы болса, енді осы тарихпен қабысқан ел ұғымына келейік. Ел ұғымы — елдің поэмасында.

 

Жә, сол ел поэмасындағы Көтібар кім? Қалай суреттеліп, қалайша бағаланған? Әңгіменің күрделі жері осында. Халықтың "Айман — Шолпан" деген поэмасындағы Көтібарды әртүрлі түсінуде. Халық поэмасында патша үкіметімен алысқан Көтібарды алмайды. Менің либреттомда да ол Көтібар емес. Халық поэмасында көрсетілген Көтібардың мінез, харекеті, мазмұн болады. Ендеше, осы поэмадағы Көтібар прогрестік, жаңа іс істейтін Көтібар ма? Жоқ, ру басы, жуан бел феодал, реакциялық іс істейтін Көтібар ма? Рас, біздің сыншы Көтібарды баймен алысқан кедей демек. Бұл арада Сәбит не білместікпен, немесе біле тұра әдейі бұрған қиястықпен бір бекер сөзді айтады. Өлеңнен дәлел келтірген боп, Маман айтқан сөз бойынша Көтібар кедей дейді. Айтыс өлең — айтыс сөз үстінде мың жылқылы кісі жүз жылқылыны "құрдым" дейді. Мың кісі сойыл соғары бар жүз кісісі барды "тұлдыр" дейді. Ол сөз барымтасы. Көтібар екі қызы бар Маманды "қу бас" демей ме, сол сияқты. Болмаса бәйгеге ат қоса келген, қалың елі жеті руды бастап келген, үйде тоқалы жатқан, тағы жас тоқал алғысы келген және Айманды кейін "алтынмен аптап, күміспен күптегендей ырғап-жырғап ұзататын, өзі қалың руды "бір шыбықпен өргізіп, жусататын" Көтібар кедей еді дегенді кесіп айта қою оңай ма екен. Рас, ол Мамандай бай болмауы мүмкін. Бірақ одан әрі басып, кедей еді деуге мен Көтібардың малын санап келгенім жоқ.

 

Ал, сонда да бір сәтке Сәбит сөзін шын көрейік. Сүйтейік те қорғап байқайық. Елдік үшін емес, үй үшін, ру басылық намыс үшін Маманмен егесті, шапты. Онысын да мақұлдайық. Жә, содан әрі қайтті? Маманнан шығып, жазығы жоқ жас қызды алып қашты. Жас әйелді қайғыға салды. Мұны да ақтайық па? Ол емес тіпті, зорлықпен алып қашудың үстіне қатын қып, әлденешінші тоқал қып алмақ болды. Барлық халық поэмасы бойынша Айман осымен алысады. Өзінің ақыл-айласымен ғана құтылады. Кәне, мұны тағы ақтайық па? Осы ақтау мен "сүйуіміздің" шегі бар ма?

 

Сәбитше жоқ. Өйткені ол "жүз жыл бойы халық сүйген Көтібар" дем өзеурейді. Жолдас Мұқанов бұл араға келгенде сізге қатты айтуға тура келеді.

 

Бір шығарманың ішінде әрі зорлық көріп жылаушыны, әрі қорлық істеп жылатушыны бірдей сүйген ел көрдің бе? Оқушы көрдің бе? Әдейі жалған айтпаса, қатар қостаған сыншы көрдің бе?

 

Халық Көтібарды феодалдық, реакциялық мінездің адамы етіп, жүз жыл бойы сүйіп өтпейді, жүз жыл бойы мысқыл етіп, күлкі етіп көрсетеді. "Өтпес жарлық — бойға қорлық" деген қорытынды жасайды. "Айман — Шолпан" деп ат қойылуы да сол жас қыздардың феодал зорлығы заманында шеккен азабы, зары қандай еді дегенді білдіргені.

 

Тарихтағы Көтібардың кейін өзге жағдайда жақсы ісі болғанмен, мынау оқиға сол Көтібар басындағы үлкен қайшылыққа құрылған және халық мінеп-шенеп шығарған Көтібар болады. Қара шоқпар зорлықшыл, озбыр Көтібар болады.

 

Ендеше мұраның да мұрасы бар. Жақсы көріп алуға тұрары бар да, тұрмасы бар. Сен мұра деген осы екен деп Көтібардың қара шоқпарына ғана жабысып, соны ғана сіресіп, құшақтап қаласың. Ақ бөкен деп қарды атқан аңғал мерген боп қаласың. "Батырлар" сынын көре-біле тұра автор, сондағы зиянды пікірді әдейі қайталап отыр демексің.

 

"Сынай көрме" деп сенің қаламыңа ешкім жармаспайды. Бірақ айтпағымды дәлелдеп, таратып алып, объективті келіп, қорытсаң болмай ма? Сонда сен автордың осы либреттода өзіне қойған бағыт, мақсаты қандай, соны меңгере алуы қандай? Халық поэмасының қай арқауын алып отыр, дұрыс алып отыр ма? Осы жақтарына кеңірек қарасаң болмай ма? Ал мына түрінде сының күр "тас-талқан қылды" дегеннен басқа нені айтты?

 

Тас-талқан ба, жоқ әлде "Айман — Шолпан" поэмасынан екі қыздың трагедиясын алып, сол желісін халық жырының аңғарымен өз түсінігі бойынша өрістету ме? "Батырлар" мен либретто екеуі бір араға қосылмайды. Және әдейі ананың қатесін көріп, соны әдейі барып қайталады демек — мәдениетті сын емес, ол сын пікірі емес, сыннан да, әдебиеттен де сырт жатқан, оларға жанасы жоқ "пікірше". Автор идеясын сөз де қылмай, ұғынбай да, ұғынғысы да келмей, құр белден шалып, "арсалаң да күрселең" деп аптығып кеп, жалған қорытындыға ұмтылу, қара шоқпарға ұмтылу. Керегі сын емес, "жаптым жала, жақтым күйе" болғаны.

 

Жә, мен түгел "Айман — Шолпанның" операдағы либреттосын ақтаймын ба? Түгел мінсіз деймін бе? Жоқ. Кемшілігі бар. Мысалы, барлық — Әлібек, Арыстан неге күлкілі боп кеткен? Жарас неге жеткілікті боп, жақсы боп шықпаған? Киім ауыстыру сияқты арзан күлкілер неге керек? Айман мен Шолпан кемшін емес пе? — деген сияқты талай мәселе жөнінде кемшіліктер барын сеземін. Бірақ мазмұны жөнінде өз жауаптылығым басым екенін де мойынға аламын. Оны кең түрде театр мен жазушылар жиынында талқылайық, ойға салайық, содан іргелі қорытынды жасайық деген ұсыныс жасаймын. Сол жиынның ұйғаруы бойынша қателіктерді қайта түзетуге әзірмін деймін. Тек сын атынан қиястық жүрмесін, дәлел орнына далбай жүрмесін.

 

Біздің Орталық партия Комитеті мен Совнаркомның "Қазақстандағы искусство мен әдебиетті бұдан былай да өркендету туралы" қаулысына қуанған кісінің біреуі мен. Сол қаулының негізгі нұсқасына сәйкес сапалы сынды жұртшылықтың өзіме анықтап айтып беруіне құштармын. Жақсы сынға жан пида.

Бауыржан Момышұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға