Жаңалықтар

«Дворян ұясы» романының аудармасы туралы

 «Дворян ұясы» романының аудармасы туралы Орыс халқының ұлы классиктерінің бірі Иван Сергеевич Тургеневтің "Дворян ұясы" атты романын қазақшалап, біздің оқушыға ұсынуды мен көптен мақсат еткен едім. Қазір осы аударманы бастырумен қатар, роман туралы және өзімнің осы романды аудару жөніндегі іздену мақсат, талаптарым туралы кейбір пікірлер айтуды қажет деп білдім. Біздің әдебиетімізді қай салада болса да байытып, өсіруге көмекші боп келе жатқан істің бірі аудармалар екені мәлім. Біз поэзиялық, көркем прозалық және драматургиялық үлгілердің талайын орыс тілінен қазақшалап аударып алып жүрміз. Бірақ әлі күнге "көркем аударма қалай істелсе ойдағыдай шығады" деген әрі ғылымдық, әрі творчестволық жауапты сұрақтарға нақтылы шешу сөз айтылмай келеді. Әрбір аударушылық әрекеттеріміз табыстарымен, кемшіліктерімен де ескеріліп, тексерілмей жүр. Неғұрлым аудармалық еңбектеріміз көбейе түссе, соғұрлым аудармалық тәжірибеге қорытынды, тиянақты жетекшілік пікірлер айту қажет бола түседі. Бірақ сондай байлаулы ойларды түю үшін жеке тәжірибелердің әрқайсысы өздерінің табыс жаңалығымен ортаға түсіп, талқыға алынуы керек. Орыс әдебиетінің классикалық үлгілері мен совет әдебиет мұраларының да біраздарын аударған менің де тәжірибем болушы еді. Тургеневтің осы романын аударуда сол бұрынғы тәжірибелеріме, өзімше жаңалық ретінде, қостым ба деген ізденулерім бар. "Дворян ұясы" романын бастырумен қатар, сол жаңағы, соңғы жай туралы оқушы көпшіліктің сынына салмақ болған ойларым болғандықтан, осы кіріспені әдейілеп жазып отырмын. Тек сол аталған мәселелерге көшуден бұрын, И.С. Тургеневтің осы "Дворян ұясы" романы туралы көпшілік оқушымызға таныстыру ретінде біраз сөз айтып өтейік. Көркем сөздің шын шебері, жалғыз орыс әдебиеті ғана емес, дүниежүзілік көркем әдебиет классиктерінің қатарында аталатын Иван Сергеевич Тургеневтің (1818-1883) "Дворян ұясы" атты романы 1859 жылы жазылған. Автордың аз жылдар ішінде жазған бір топ ірі романдарының ең көрнекті, көркемінің бірі осы "Дворян ұясы" болып танылған-ды. Бұл романның айналасында туған Тургеневтің үлкен шығармалары "Рубин" 1856 жылы жазылған. Өзге барлық басқа романдарыменен және көп көркем әңгімелерімен зор атаққа ие болған Тургенев өзінің "Дворян ұясы" романымен де зор шеберліктің үлкен өріне шыққанын танытып еді. Сондықтан да өзі туған отанында үлкен атаққа ие болумен қатар, ол өзінің көзі тірісінде-ақ, Батыс Европаның да көп елдеріне аса мәлім, даңқты жазушы болып үлгірген-ді. Солайша танылып, бағаланудың нәтижесінде, ол 1878 жылы Оксфорд университетінен докторлық атағын алған, 1878 жылы Париждегі халықаралық әдебиеттік конгрестің бастығына орынбасар боп сайланған. Батыстың ұлы жазушыларының бірталайы Тургеневті өздерінің ұстазы деп таныған. Тургеневтің қабірінің басында Эрнест Ренан: "Тургенев бар адам баласына тиісті жан" деген болатын. Орыс әдебиеті көлемінің тарихтық орнын алғанда, "Дворян ұясы" романы - Пушкин дәстүріне жақын, нақтылап айтқанда, "Евгений Онегин" дәстүрімен жалғас шыққан шығарма. Романда да, поэмада да орыс табиғатының көрініс, уақиға баянына да және геройлардың ішкі сезімдеріне де үнемі оралып, аралас суреттеледі. "Дворян ұясы" да - тарихтық роман емес. Бірақ бұл - әлсіреп, солғын тартып бара жатқан орыс дворяндарының тағдырымен байланысты болған тарихтық процесті көрсететін роман. Көркемдік жағынан қарағанда, романның геройы Лаврецкийдің Васильевское сияқты қаңырап, құлазып қалған ұяға қайтып оралған сапарын сипаттаған және туып-өскен мекенін бейнелеген жерлері көркем прозаның аса шебер үлгісінің бірі болып саналады. Бұл жолдарда Тургенев өзінің де туған жерін сағынған сезімін танытады. Ол сезімде көп ырғақты толқындар, жарқын мұндар жазушының өз басынан кешкен сан жырлардай көрінеді. Енді дворяндар жолы Россияның жаңғыруына бөгет болмаса, көмекке жарамайтын кез жеткен еді, сондықтан да романның геройы Лаврецкий кітаптың соңғы жағында өз жайын баяндап кеп: "Амансың ба, құлазыған кәрілік! Сөне бер, пайдасыз тірлік" дейді. "Дворян ұясына" күз қайғысы оралған, кешкі қызық шапақ - өтер шақ нұры түскен. Романда сол өткен шақ пен өлім жайы негізгі бір құлақ күйдей үн салады. Бұл романда Тургенев өзі шыққан дворян ортасына, өзінің замандастарына, олардың дәурені өткенін сарын етіп танытады және Россияда оянып келе жатқан жас қуаттарға орын босату қажет екенін өкінішсіз, қынжыласыз қабыл алады. Бұл дворяндар өмірі халық тілегінен, қоғам тірлігінен жырақтап, түгелімен қарақан қарабастың: не шаттығына, не шер - зарына ғана бойсұнып кеткен еді. Сондықтан романдағы дворяндар - заманы өтіп бара жатқан адамдар болып бейнеленеді, мұның айқын белгісін үлкен ақындық шеберлікпен суреттеген Лиза Калитина бейнесінен байқауға болады. Пушкиннің Татьянасымен қатар, Лиза да орыс әдебиетіндегі көркем бейненің бірі боп қалыптанған. Лиза да, Татьяна сияқты, "орысжанды" қыз еді, бұған да ата-анасынан гөрі өзін асыраған күтуші апасы жақын болатын, сол апасы Агафьядан ол халық шындығын тануды үйреніп еді. Татьяна Ларина сияқты, бұл да құрбандыққа әзір, тірлігіндегі ең ұлы нәрсе: адамдық қарызды ада қылу деп түсінетін. Ол өзінің бар болмысымен зор мейірбандыққа бейімделген. Әрбір адамға да таза орыс мінезімен қарай біледі. Бұл мінезінде сыртқы жалтырақ жоқ, бірақ жүрегіне терең орнаған рақым мол болатын. Қыз өзі діндар әйел тәрбиесінде өскендіктен, көне Россияның мистикалық болмысына да бейім еді. Лаврецкийді ол ақылымен түсінбей, жүрегімен түсінген-ді. Оны сүйгенде де орыстың сол замандағы осындай топтарының махаббатымен сүйген болатын. Бұларша, махаббат ең алдымен "есіркеу" боп танылатын. Лаврецкий де өз буынының басы артық адамдар екенін жақсы түсінеді. Жаңа адамдардың бұлардың өз орнына келуін әділет деп біледі. Геройларындағы осындай ерекшеліктер тургеневтік қасиет болатын. Осылайша, туған жеріне қайта оралуды аңсау, әлдебір "халықтық шындықты" аңсау - "Дворян ұясы" романының арқауы есепті, түбегейлі тақырыбы. Өз дәуірінің барлық басқа адамдары сияқты, Тургенев те әйелге арналған махаббатқа ерекше зор мән берген. Махаббатты ірі бағалау Белинский, Станкевич, Герцен - бәріне де ортақ ерекшелік болатын. Бұлар үшін махаббат өзі де бір өзгеше туыс және әрбір туыспен табыста болатындай, махаббаттың да өзіне арналған таланты болады деп ұғынысады. Тургеневтің қыздарында осындай махаббатқа таланттылық бар деп танылатын. Сондықтан да, Тургенев Лаврецкийдің айыбы не дегенге тура жауап бермесе де, махаббатқа татитын затты, Лиза сияқты, оңай тани білмегендігін мін санайды. Тургеневтің бұл романын орыс әдебиет тарихында қара сөзбен жазылған поэма деп бағалаған. Роман лирикаға толы, басқа романның ешқайсысында да Тургенев дәл осы "Дворян ұясындағыдай" боп өзінің авторлық ішін ашқан емес. Мұнда өзгеше көркем лирика табиғат көркіне арналған, табиғатта Лаврецкийдің жүрегіндегі күйдей, үн салып күңіреніп тұрғандай болады. Роман геройы мен табиғат бірге, қос өрімдей боп қатар тірлік еткен тәрізді. Осы қасиеттеріне қарап, бұл романды орыс халқының оқымысты қауымы "елтігендей құмарлықпен" оқыған. Салтыков-Щедрин осы романды тамашалап бағалаған кезінде: "романның әрбір дыбысынан жарқын поэзия аңқып тұрады" деген. Добролюбов Тургеневтің қасиеттерін бағалай келіп, "қоғам тірлігінің заңды пернесін баса біледі" деген. "Дворян ұясы" романы үлкен герой жайындағы роман емес, бұл роман енді ғана жаңа тәсіл туғызып өсіргелі келе жатқан Россияның аналық топырағы жаңғыруы жайындағы роман деп танылады. Осы айтылған азын-аулақ түсінік сөздерден соң, бұл романды аударудағы өзім қолданған әдіс туралы айтайын. Мен шамам келгенше, ең алдымен, романды дәл аударуға тырыстым. Тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатын болады, бұл жөніндегі дәл аудару дегенді мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару деп түсінемін. Сондықтан, қанша ұзын болса да, романның өзіндегі сөйлемі үзіліп, бөлшектеніп, бірнеше сөйлем боп берілмейді. Соның орайына орысша текстің өзінде болған тыныс белгілерінің (пунктуацияның) көбі қазақша тексте де мол қолданылады. Сөйтіп, Тургеневтің сөйлемдері қазақшасында да өзінің ұзынды-қысқалы көлемімен дәл беріледі. Бұлай етудің себебі бар. Орыстың ұлы классикалық әдебиет үлгісін аудару арқылы аударушы - жазушы мен өзім сол асыл нұсқаның шеберлігін үйренуге тырысамын. Және, әсіресе, Тургеневті өз қалпында дәл беру арқылы сол шебердің анық, нақтылы өзгешеліктерінің бәрімен өзіміздің оқушы жұртшылығымызды дәл таныстыруға тырысамын. Сөйлемін дәл беру - жазушының стилін дәл беруге төтелей себепші болады. Стилін білсе, сол жазушының өзгешелік, ерекшелік қасиеттерін де толық танитын болады. Олай болса, Тургеневті өзінің тургеневтік сөйлемдерімен, Гогольді гогольдік периодтарымен, Л.Толстойды оның өзінің басқыштап келетін сөйлемдерімен, сол сияқты Шолоховты және де өзінің сөйлем ерекшеліктеріменен дәл беруге тырысу керек. Осылай жасалған тәжірибе оқушыға қонымды, көркем болып шыға алса, біз әуелі орыс классигін өз қалпын бұлжытпай, толық берген боламыз. Өзіміздің тіл мәдениетімізді орыс әдебиетінің жоғарғы сапа - тіл, сөйлем жасау мәдениетінің үлгісімен байыта түскен боламыз. Бұл мақсаттардың бәрі де қазақ совет әдебиетінің бүгінгідей көркем прозасы үдеп өсіп келе жатқан қарсаңында, үлкен негізгі мақсаттар болса керек. Әсіресе, осы мәселе, біз сияқты жазба әдебиет мәдениеті, соның ішінде көркем прозасы кешен деп туып, кенжелеп өскен туысқан елдер үшін - аса зор мәні бар мәселе сияқты көрінеді. Тургеневтің романын өз тіл, стилімен дәл беруді мақсат еткендіктен, біз романның геройларының аузына, немесе автордың аузына қазақтың мақал-мәтелі сияқты және тағы басқа талай түрлі тіл кестесі, сөз айшығы, өрнегі сияқты ерекше, қазақша әшекей бояуларды салмауға тырыстық. Себебі ондай қазақ әдебиеті тілінің өз көлемінде заңды болатын, қазақ адамының немесе жазушысының сезуіне, ойлауына, айтуына қонымды боп келетін, осы тілдің өз көлемінде ғана заңды, бірақ өзге тілдерде орасан өзгешелік түрінде сезілетін сөз құрамдары мұндай орынға қолдануға қолайсыз болады деп білдік. Қысқасы, қазақ тіліне аударылғанмен, Тургенев шығармаларына қазақтың тон - тымағын кигізу керек емес дейміз. Міне, құрметті оқушыларға ұсынып отырған осы аударманың азын-аулақ, осылайша өзгешеліктері бар екенін және ол өзгешеліктер белгілі дәрежеде ізденудің нәтижесі екенін ескертеміз. Әрине, сол жайларды оқушының есіне салумен қатар, жәрдемші, сын көмектеріне үлкен үміт ететінімізді және де ескертеміз. Мұхтар Әуезов
05.12.2012 03:18 7880

 «Дворян ұясы» романының аудармасы туралы

Орыс халқының ұлы классиктерінің бірі Иван Сергеевич Тургеневтің "Дворян ұясы" атты романын қазақшалап, біздің оқушыға ұсынуды мен көптен мақсат еткен едім. Қазір осы аударманы бастырумен қатар, роман туралы және өзімнің осы романды аудару жөніндегі іздену мақсат, талаптарым туралы кейбір пікірлер айтуды қажет деп білдім. Біздің әдебиетімізді қай салада болса да байытып, өсіруге көмекші боп келе жатқан істің бірі аудармалар екені мәлім. Біз поэзиялық, көркем прозалық және драматургиялық үлгілердің талайын орыс тілінен қазақшалап аударып алып жүрміз. Бірақ әлі күнге "көркем аударма қалай істелсе ойдағыдай шығады" деген әрі ғылымдық, әрі творчестволық жауапты сұрақтарға нақтылы шешу сөз айтылмай келеді. Әрбір аударушылық әрекеттеріміз табыстарымен, кемшіліктерімен де ескеріліп, тексерілмей жүр. Неғұрлым аудармалық еңбектеріміз көбейе түссе, соғұрлым аудармалық тәжірибеге қорытынды, тиянақты жетекшілік пікірлер айту қажет бола түседі.

Бірақ сондай байлаулы ойларды түю үшін жеке тәжірибелердің әрқайсысы өздерінің табыс жаңалығымен ортаға түсіп, талқыға алынуы керек.

Орыс әдебиетінің классикалық үлгілері мен совет әдебиет мұраларының да біраздарын аударған менің де тәжірибем болушы еді. Тургеневтің осы романын аударуда сол бұрынғы тәжірибелеріме, өзімше жаңалық ретінде, қостым ба деген ізденулерім бар. "Дворян ұясы" романын бастырумен қатар, сол жаңағы, соңғы жай туралы оқушы көпшіліктің сынына салмақ болған ойларым болғандықтан, осы кіріспені әдейілеп жазып отырмын.

Тек сол аталған мәселелерге көшуден бұрын, И.С. Тургеневтің осы "Дворян ұясы" романы туралы көпшілік оқушымызға таныстыру ретінде біраз сөз айтып өтейік.

Көркем сөздің шын шебері, жалғыз орыс әдебиеті ғана емес, дүниежүзілік көркем әдебиет классиктерінің қатарында аталатын Иван Сергеевич Тургеневтің (1818-1883) "Дворян ұясы" атты романы 1859 жылы жазылған. Автордың аз жылдар ішінде жазған бір топ ірі романдарының ең көрнекті, көркемінің бірі осы "Дворян ұясы" болып танылған-ды. Бұл романның айналасында туған Тургеневтің үлкен шығармалары "Рубин" 1856 жылы жазылған. Өзге барлық басқа романдарыменен және көп көркем әңгімелерімен зор атаққа ие болған Тургенев өзінің "Дворян ұясы" романымен де зор шеберліктің үлкен өріне шыққанын танытып еді. Сондықтан да өзі туған отанында үлкен атаққа ие болумен қатар, ол өзінің көзі тірісінде-ақ, Батыс Европаның да көп елдеріне аса мәлім, даңқты жазушы болып үлгірген-ді. Солайша танылып, бағаланудың нәтижесінде, ол 1878 жылы Оксфорд университетінен докторлық атағын алған, 1878 жылы Париждегі халықаралық әдебиеттік конгрестің бастығына орынбасар боп сайланған. Батыстың ұлы жазушыларының бірталайы Тургеневті өздерінің ұстазы деп таныған. Тургеневтің қабірінің басында Эрнест Ренан: "Тургенев бар адам баласына тиісті жан" деген болатын.

Орыс әдебиеті көлемінің тарихтық орнын алғанда, "Дворян ұясы" романы - Пушкин дәстүріне жақын, нақтылап айтқанда, "Евгений Онегин" дәстүрімен жалғас шыққан шығарма. Романда да, поэмада да орыс табиғатының көрініс, уақиға баянына да және геройлардың ішкі сезімдеріне де үнемі оралып, аралас суреттеледі.

"Дворян ұясы" да - тарихтық роман емес. Бірақ бұл - әлсіреп, солғын тартып бара жатқан орыс дворяндарының тағдырымен байланысты болған тарихтық процесті көрсететін роман. Көркемдік жағынан қарағанда, романның геройы Лаврецкийдің Васильевское сияқты қаңырап, құлазып қалған ұяға қайтып оралған сапарын сипаттаған және туып-өскен мекенін бейнелеген жерлері көркем прозаның аса шебер үлгісінің бірі болып саналады. Бұл жолдарда Тургенев өзінің де туған жерін сағынған сезімін танытады. Ол сезімде көп ырғақты толқындар, жарқын мұндар жазушының өз басынан кешкен сан жырлардай көрінеді. Енді дворяндар жолы Россияның жаңғыруына бөгет болмаса, көмекке жарамайтын кез жеткен еді, сондықтан да романның геройы Лаврецкий кітаптың соңғы жағында өз жайын баяндап кеп: "Амансың ба, құлазыған кәрілік! Сөне бер, пайдасыз тірлік" дейді. "Дворян ұясына" күз қайғысы оралған, кешкі қызық шапақ - өтер шақ нұры түскен. Романда сол өткен шақ пен өлім жайы негізгі бір құлақ күйдей үн салады. Бұл романда Тургенев өзі шыққан дворян ортасына, өзінің замандастарына, олардың дәурені өткенін сарын етіп танытады және Россияда оянып келе жатқан жас қуаттарға орын босату қажет екенін өкінішсіз, қынжыласыз қабыл алады. Бұл дворяндар өмірі халық тілегінен, қоғам тірлігінен жырақтап, түгелімен қарақан қарабастың: не шаттығына, не шер - зарына ғана бойсұнып кеткен еді. Сондықтан романдағы дворяндар - заманы өтіп бара жатқан адамдар болып бейнеленеді, мұның айқын белгісін үлкен ақындық шеберлікпен суреттеген Лиза Калитина бейнесінен байқауға болады.

Пушкиннің Татьянасымен қатар, Лиза да орыс әдебиетіндегі көркем бейненің бірі боп қалыптанған. Лиза да, Татьяна сияқты, "орысжанды" қыз еді, бұған да ата-анасынан гөрі өзін асыраған күтуші апасы жақын болатын, сол апасы Агафьядан ол халық шындығын тануды үйреніп еді. Татьяна Ларина сияқты, бұл да құрбандыққа әзір, тірлігіндегі ең ұлы нәрсе: адамдық қарызды ада қылу деп түсінетін. Ол өзінің бар болмысымен зор мейірбандыққа бейімделген. Әрбір адамға да таза орыс мінезімен қарай біледі. Бұл мінезінде сыртқы жалтырақ жоқ, бірақ жүрегіне терең орнаған рақым мол болатын. Қыз өзі діндар әйел тәрбиесінде өскендіктен, көне Россияның мистикалық болмысына да бейім еді. Лаврецкийді ол ақылымен түсінбей, жүрегімен түсінген-ді. Оны сүйгенде де орыстың сол замандағы осындай топтарының махаббатымен сүйген болатын. Бұларша, махаббат ең алдымен "есіркеу" боп танылатын.

Лаврецкий де өз буынының басы артық адамдар екенін жақсы түсінеді. Жаңа адамдардың бұлардың өз орнына келуін әділет деп біледі. Геройларындағы осындай ерекшеліктер тургеневтік қасиет болатын. Осылайша, туған жеріне қайта оралуды аңсау, әлдебір "халықтық шындықты" аңсау - "Дворян ұясы" романының арқауы есепті, түбегейлі тақырыбы.

Өз дәуірінің барлық басқа адамдары сияқты, Тургенев те әйелге арналған махаббатқа ерекше зор мән берген. Махаббатты ірі бағалау Белинский, Станкевич, Герцен - бәріне де ортақ ерекшелік болатын. Бұлар үшін махаббат өзі де бір өзгеше туыс және әрбір туыспен табыста болатындай, махаббаттың да өзіне арналған таланты болады деп ұғынысады. Тургеневтің қыздарында осындай махаббатқа таланттылық бар деп танылатын. Сондықтан да, Тургенев Лаврецкийдің айыбы не дегенге тура жауап бермесе де, махаббатқа татитын затты, Лиза сияқты, оңай тани білмегендігін мін санайды.

Тургеневтің бұл романын орыс әдебиет тарихында қара сөзбен жазылған поэма деп бағалаған. Роман лирикаға толы, басқа романның ешқайсысында да Тургенев дәл осы "Дворян ұясындағыдай" боп өзінің авторлық ішін ашқан емес. Мұнда өзгеше көркем лирика табиғат көркіне арналған, табиғатта Лаврецкийдің жүрегіндегі күйдей, үн салып күңіреніп тұрғандай болады. Роман геройы мен табиғат бірге, қос өрімдей боп қатар тірлік еткен тәрізді.

Осы қасиеттеріне қарап, бұл романды орыс халқының оқымысты қауымы "елтігендей құмарлықпен" оқыған. Салтыков-Щедрин осы романды тамашалап бағалаған кезінде: "романның әрбір дыбысынан жарқын поэзия аңқып тұрады" деген. Добролюбов Тургеневтің қасиеттерін бағалай келіп, "қоғам тірлігінің заңды пернесін баса біледі" деген.

"Дворян ұясы" романы үлкен герой жайындағы роман емес, бұл роман енді ғана жаңа тәсіл туғызып өсіргелі келе жатқан Россияның аналық топырағы жаңғыруы жайындағы роман деп танылады.

Осы айтылған азын-аулақ түсінік сөздерден соң, бұл романды аударудағы өзім қолданған әдіс туралы айтайын. Мен шамам келгенше, ең алдымен, романды дәл аударуға тырыстым. Тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатын болады, бұл жөніндегі дәл аудару дегенді мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару деп түсінемін. Сондықтан, қанша ұзын болса да, романның өзіндегі сөйлемі үзіліп, бөлшектеніп, бірнеше сөйлем боп берілмейді. Соның орайына орысша текстің өзінде болған тыныс белгілерінің (пунктуацияның) көбі қазақша тексте де мол қолданылады. Сөйтіп, Тургеневтің сөйлемдері қазақшасында да өзінің ұзынды-қысқалы көлемімен дәл беріледі. Бұлай етудің себебі бар. Орыстың ұлы классикалық әдебиет үлгісін аудару арқылы аударушы - жазушы мен өзім сол асыл нұсқаның шеберлігін үйренуге тырысамын. Және, әсіресе, Тургеневті өз қалпында дәл беру арқылы сол шебердің анық, нақтылы өзгешеліктерінің бәрімен өзіміздің оқушы жұртшылығымызды дәл таныстыруға тырысамын. Сөйлемін дәл беру - жазушының стилін дәл беруге төтелей себепші болады. Стилін білсе, сол жазушының өзгешелік, ерекшелік қасиеттерін де толық танитын болады. Олай болса, Тургеневті өзінің тургеневтік сөйлемдерімен, Гогольді гогольдік периодтарымен, Л.Толстойды оның өзінің басқыштап келетін сөйлемдерімен, сол сияқты Шолоховты және де өзінің сөйлем ерекшеліктеріменен дәл беруге тырысу керек.

Осылай жасалған тәжірибе оқушыға қонымды, көркем болып шыға алса, біз әуелі орыс классигін өз қалпын бұлжытпай, толық берген боламыз. Өзіміздің тіл мәдениетімізді орыс әдебиетінің жоғарғы сапа - тіл, сөйлем жасау мәдениетінің үлгісімен байыта түскен боламыз. Бұл мақсаттардың бәрі де қазақ совет әдебиетінің бүгінгідей көркем прозасы үдеп өсіп келе жатқан қарсаңында, үлкен негізгі мақсаттар болса керек. Әсіресе, осы мәселе, біз сияқты жазба әдебиет мәдениеті, соның ішінде көркем прозасы кешен деп туып, кенжелеп өскен туысқан елдер үшін - аса зор мәні бар мәселе сияқты көрінеді.

Тургеневтің романын өз тіл, стилімен дәл беруді мақсат еткендіктен, біз романның геройларының аузына, немесе автордың аузына қазақтың мақал-мәтелі сияқты және тағы басқа талай түрлі тіл кестесі, сөз айшығы, өрнегі сияқты ерекше, қазақша әшекей бояуларды салмауға тырыстық. Себебі ондай қазақ әдебиеті тілінің өз көлемінде заңды болатын, қазақ адамының немесе жазушысының сезуіне, ойлауына, айтуына қонымды боп келетін, осы тілдің өз көлемінде ғана заңды, бірақ өзге тілдерде орасан өзгешелік түрінде сезілетін сөз құрамдары мұндай орынға қолдануға қолайсыз болады деп білдік. Қысқасы, қазақ тіліне аударылғанмен, Тургенев шығармаларына қазақтың тон - тымағын кигізу керек емес дейміз. Міне, құрметті оқушыларға ұсынып отырған осы аударманың азын-аулақ, осылайша өзгешеліктері бар екенін және ол өзгешеліктер белгілі дәрежеде ізденудің нәтижесі екенін ескертеміз. Әрине, сол жайларды оқушының есіне салумен қатар, жәрдемші, сын көмектеріне үлкен үміт ететінімізді және де ескертеміз.

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға