Жаңалықтар

Ғылым

Ғылым Адам баласының ақылының ғылым жолындағы тарихын қараған кісіге белгілі: әуелі адам жыртқыш хайуандар дәрежесінде жүріп, өмірлік мақсаты — ішпек, жемек, жылы, жайлы жерде жан тыныштық қылып, қайраты мол аңдардан қашып-пысқанды айла қылып, күндік қорегі өлексе, айласыз, айдынсыз, әлсіз ұсақ аңдар болып жүрген. Бұл — адам баласы жуан аңдардың тізесінен құтыла алмай, ақылының кеңи алмай, қашқын, қуғында өлмесем деген сезімнің ғана артында, сыбағасыз жүрген өміріндегі бір буын еді. Бірталай заман алыс-жұлыс, ит жығыспен өтті. Жүре-жүре ақыл-айла үстке шықты. Адам өзгеден сытылып жекеленді. Бұрынғы күндік қорек, дене тірлігі қауіпсіз сатыға мінді. Ендігі өмірдің беті құлаштаған кең ақылдың ізінде болатын болды. Бұрын адам ағаш, су, тау, тасты керемет деп қана санап жүріп еді. Бертін келген соң олардан ексе егін, тапса пайда шығатынын дүниедегі һәр нәрседе өзінің есебі барлығын тауып, һәр уақытта айламен ерінбей ізденіп, сыбағасын жырып алып қалып жүрді. Адамның ғылым жолындағы өрлеуі — алғашқы жуан білек аңдарға жем болмауға айла тапқаны секілді. Өміржолын арттырсам, дүниедегі көрнекті сатыға шықсам кісі жуандығын көрмесем, молшылықта болып, зарықпай жетсем деген жігері мен талабынан болған. Әрине өнер-ғылым бар адамның басынан бірдей шыққан емес, һәр заманда өмір ауқымы адамның ілгері басуымен һәм бірен-саран сол заманда шыққан жолбасшы білгіштерінің арқасымен табылған. Бірақ көптің нәпсілік керегін іздеп, адасқан жолын білгіштердің мақсатына тіркеп, барлық жазық сендерде деу — зор қиянат. Олардың іздегені — бір ғана хақиқат. Адам баласы өсті, өнді. Бұрынғы кең жер, кең тамақ азайды. Айла құрып, ебін таппаса, тегін еш нәрсе болмады. Ел болғанда лаж тапты. Мал бағу, егін салу секілді кәсіп шығарды. Шаруашылық кіріп, адам көбейіп, жер азайып тозуға айналған сайын шаруа ғылымы түр тауып, гүлдене бастады. Жұрт патшалық-патшалыққа бөлініп, бірінің жері аз, бірінікі көп болды. Бұдан, тіршіліктің ауырлығынан соғыс шықты. Бірін-бірі жеңуге һайла[1]  арттыруға тырысты. Ол көп соғыс, көп һайла туғызып, арты бүгінгі күні мынадай сатыға шығып тұр. Адамға киім керек болды. Жұрт ылғи аңшы болмады. Аңның терісі киюге ыңғайсыз болды. Жүннен, қылдан бұл тоқуды тапты. Қолдан тоқыған бұл көпке бірдей жетпейтін болған соң, ақыры келіп ісі өнімді фабрика шығарды. Сауда шықты, есеп ғылымы шықты. Бір патшалықтан бір патшалыққа, бір қаладан бір қалаға тез баратын төте жол керек болды. Бұдан, әуелі су үсті қайықтар, одан кемелер, аяғы пароход, от арбалар, аэропландар шықты. Өмірдің тізесі өткен сайын адам күннен-күнге түр тауып, дүниенің (жаратылыстың) һәр түрлі сырын ашқан, сол сырлардың қорытындысынан шыққан осы ғылымдар. Бұл — бар адам баласының тіршілік ету жолына жұмсалып, жанасып отырған дүниауи ғылымдар. Бұдан соң өзгеден һәр қилы білімі, адамшылығының кеудесі асқан кемеңгерлер адам баласының адам деген атына лайықсыз хайуани бұзық мінездерін көрген соң, соны түзейміз деп адамшылыққа, хақтыққа жөн сілтеп, жол нұсқады. Бұл шешен, терең сөздер талайдың көкейіне қонып, көңілін оятты. Көп көруді ғана мақсат қылмай, шапағатты көксейтіндер де шықты. Бұлар көпшіліктің жаман мінез, жаман ісінен жиренді. Қайтсек осы жаманшылықтардан халықты сергітеміз деген ой бәрінің миын шірітті. Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнеге білетіндігін және түзелу, бұзылу жас уақытта болатындығын тапты. Осымен көпшілікті адамшылыққа жеткізу үшін жас буынды тәрбиелеуді қажет ұғып, оның жолымен жүргендерді таза деп білді. Адамшылықты таза жүргізу үшін көп ой керек. Ой ойлау үшін оқу керек. Және оқу әр тараптан мағлұмат беріп, хақиқатқа баланың көзін жеткізіп, көңілін хақтықпен тәрбие қылу керек деп, школдарға һәр түрлі ғылымдар кіргізді. Олар: шежіре, әдебиет, жаратылыс ғылымы һәм заңы, өлшеу тағы басқалар. Бұл ғылымдарды жалғыз жаттап қоймай, алған білімін іске асыра білсін деп, мысалы Америкада әуел бастағаннан іспен араластырып оқытады. Ғылымның артынан еріп, көрсеткен жолымен жүрген жұрт бұл күнде өмірдің төрінде. Әуелгі ғылымсыз адам мен бұл күнгі ғылымды адамды алсақ, екеуінің арасы айласыз хайуан мен ақылды, айлалы адамның арасындай. Ғылымның қазіргі халіне қарасақ, аспанда ұшып, су астымен сүңгіп, тау тесіп жол қылғанды місе қылмай, күннен-күнге жасырынды анық қылып, бұлдыр нанымды қалдырып келеді. Қазіргі ғылым айтқан сөздерінің шындығын көп дәлелмен жан-жағынан тіреу қойып, бекітіп, айқын нәрселерден мысал келтіріп, көзге көрсетіп, қолға ұстатқандай қылмаса, өзі де тастым демейді. Ғылымның мұндай бекітіп шығарған жолдарын дәлелсіз мансұқ қылуға болмайды. Бұрынғы мұқтаждық шығарған бірен-саран ғылымның бұл күнде ұрығы әлденеше тарауға бөлініп кетті. Бұл уақытта сол көп тараудың бір тарауын түгел біліп шығуға бір адамның өмірі әзер жетеді. Және ғылымның һеш уақытта кәмелетке жетіп тоқтауы жоқ. Адам құрымаса, ғылым өрлей бермек, адамның түсіне кірмейтін неше түрлі ғажаптарды шығармақ. Ендігі көпшіліктің тілеуі, беті сол ғылымның сүрлеуімен барып хақиқат тауып, қараңғы өмір жолымен құтылып, жарыққа шықпақ. Қазіргі адам баласының наданын былай қойып, білімдісін алғанда, ғылымның жолына түсінген жоқ деуге болады. Түсінген жолдары тән рахаты, нәпсі құмарлығы, өмірдің ғана керегі. Бұл — ескі бабалардың өмір қалпы. Шын ғылым жолына түсінсе, шын көздеген мақсаты — адамдық, ақтық болар еді. Бұл — мақсат болып, тәрбие жақсы тәртіппен кіріп, жүрегі махаббатқа толған адам көп болар еді. Бірақ мұндай адамдар көпшілікке қарағанда, сирек шығып жатыр. Бұл — тәрбие ғылымын таза тұтынбағандықтан, әзір адамның нәпсілік керегінен ұзай алмай, һешкімнің ірілігін көтермесем, өзім ірі болсам деген секілді мақсаттардың ғана маңында жүргендігі. Әйтпесе, ақылдың терең көзімен қарағанда, осынша ақылға қожа болған адам бұл хайуан мақсаттан алыстап кетсе керек еді. Мұншаны тапқан көркем ақыл, көсем ғылым осы араға ғана келіп тоқтап қалмай, адамшылықтың иман жүзді жарық күнінің астына апарып, бар адам баласын бұрынғы қаскүнемдік, қанішерлік жауыздығын тастатып, бір сүйіспеншілік, бір туысқандық жүрекпен табыстырса керек деп білемін. Мұхтар.   Мұхтар Әуезов   [1]Һайла - айла.
05.12.2012 03:15 4141

Ғылым

Адам баласының ақылының ғылым жолындағы тарихын қараған кісіге белгілі: әуелі адам жыртқыш хайуандар дәрежесінде жүріп, өмірлік мақсаты — ішпек, жемек, жылы, жайлы жерде жан тыныштық қылып, қайраты мол аңдардан қашып-пысқанды айла қылып, күндік қорегі өлексе, айласыз, айдынсыз, әлсіз ұсақ аңдар болып жүрген. Бұл — адам баласы жуан аңдардың тізесінен құтыла алмай, ақылының кеңи алмай, қашқын, қуғында өлмесем деген сезімнің ғана артында, сыбағасыз жүрген өміріндегі бір буын еді.

Бірталай заман алыс-жұлыс, ит жығыспен өтті. Жүре-жүре ақыл-айла үстке шықты. Адам өзгеден сытылып жекеленді. Бұрынғы күндік қорек, дене тірлігі қауіпсіз сатыға мінді. Ендігі өмірдің беті құлаштаған кең ақылдың ізінде болатын болды. Бұрын адам ағаш, су, тау, тасты керемет деп қана санап жүріп еді. Бертін келген соң олардан ексе егін, тапса пайда шығатынын дүниедегі һәр нәрседе өзінің есебі барлығын тауып, һәр уақытта айламен ерінбей ізденіп, сыбағасын жырып алып қалып жүрді.

Адамның ғылым жолындағы өрлеуі — алғашқы жуан білек аңдарға жем болмауға айла тапқаны секілді. Өміржолын арттырсам, дүниедегі көрнекті сатыға шықсам кісі жуандығын көрмесем, молшылықта болып, зарықпай жетсем деген жігері мен талабынан болған. Әрине өнер-ғылым бар адамның басынан бірдей шыққан емес, һәр заманда өмір ауқымы адамның ілгері басуымен һәм бірен-саран сол заманда шыққан жолбасшы білгіштерінің арқасымен табылған. Бірақ көптің нәпсілік керегін іздеп, адасқан жолын білгіштердің мақсатына тіркеп, барлық жазық сендерде деу — зор қиянат. Олардың іздегені — бір ғана хақиқат.

Адам баласы өсті, өнді. Бұрынғы кең жер, кең тамақ азайды. Айла құрып, ебін таппаса, тегін еш нәрсе болмады. Ел болғанда лаж тапты. Мал бағу, егін салу секілді кәсіп шығарды. Шаруашылық кіріп, адам көбейіп, жер азайып тозуға айналған сайын шаруа ғылымы түр тауып, гүлдене бастады. Жұрт патшалық-патшалыққа бөлініп, бірінің жері аз, бірінікі көп болды. Бұдан, тіршіліктің ауырлығынан соғыс шықты. Бірін-бірі жеңуге һайла[1]  арттыруға тырысты. Ол көп соғыс, көп һайла туғызып, арты бүгінгі күні мынадай сатыға шығып тұр.

Адамға киім керек болды. Жұрт ылғи аңшы болмады. Аңның терісі киюге ыңғайсыз болды. Жүннен, қылдан бұл тоқуды тапты. Қолдан тоқыған бұл көпке бірдей жетпейтін болған соң, ақыры келіп ісі өнімді фабрика шығарды. Сауда шықты, есеп ғылымы шықты. Бір патшалықтан бір патшалыққа, бір қаладан бір қалаға тез баратын төте жол керек болды. Бұдан, әуелі су үсті қайықтар, одан кемелер, аяғы пароход, от арбалар, аэропландар шықты.

Өмірдің тізесі өткен сайын адам күннен-күнге түр тауып, дүниенің (жаратылыстың) һәр түрлі сырын ашқан, сол сырлардың қорытындысынан шыққан осы ғылымдар. Бұл — бар адам баласының тіршілік ету жолына жұмсалып, жанасып отырған дүниауи ғылымдар.

Бұдан соң өзгеден һәр қилы білімі, адамшылығының кеудесі асқан кемеңгерлер адам баласының адам деген атына лайықсыз хайуани бұзық мінездерін көрген соң, соны түзейміз деп адамшылыққа, хақтыққа жөн сілтеп, жол нұсқады. Бұл шешен, терең сөздер талайдың көкейіне қонып, көңілін оятты. Көп көруді ғана мақсат қылмай, шапағатты көксейтіндер де шықты. Бұлар көпшіліктің жаман мінез, жаман ісінен жиренді. Қайтсек осы жаманшылықтардан халықты сергітеміз деген ой бәрінің миын шірітті.

Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнеге білетіндігін және түзелу, бұзылу жас уақытта болатындығын тапты. Осымен көпшілікті адамшылыққа жеткізу үшін жас буынды тәрбиелеуді қажет ұғып, оның жолымен жүргендерді таза деп білді. Адамшылықты таза жүргізу үшін көп ой керек. Ой ойлау үшін оқу керек. Және оқу әр тараптан мағлұмат беріп, хақиқатқа баланың көзін жеткізіп, көңілін хақтықпен тәрбие қылу керек деп, школдарға һәр түрлі ғылымдар кіргізді. Олар: шежіре, әдебиет, жаратылыс ғылымы һәм заңы, өлшеу тағы басқалар.

Бұл ғылымдарды жалғыз жаттап қоймай, алған білімін іске асыра білсін деп, мысалы Америкада әуел бастағаннан іспен араластырып оқытады. Ғылымның артынан еріп, көрсеткен жолымен жүрген жұрт бұл күнде өмірдің төрінде. Әуелгі ғылымсыз адам мен бұл күнгі ғылымды адамды алсақ, екеуінің арасы айласыз хайуан мен ақылды, айлалы адамның арасындай.

Ғылымның қазіргі халіне қарасақ, аспанда ұшып, су астымен сүңгіп, тау тесіп жол қылғанды місе қылмай, күннен-күнге жасырынды анық қылып, бұлдыр нанымды қалдырып келеді. Қазіргі ғылым айтқан сөздерінің шындығын көп дәлелмен жан-жағынан тіреу қойып, бекітіп, айқын нәрселерден мысал келтіріп, көзге көрсетіп, қолға ұстатқандай қылмаса, өзі де тастым демейді. Ғылымның мұндай бекітіп шығарған жолдарын дәлелсіз мансұқ қылуға болмайды. Бұрынғы мұқтаждық шығарған бірен-саран ғылымның бұл күнде ұрығы әлденеше тарауға бөлініп кетті. Бұл уақытта сол көп тараудың бір тарауын түгел біліп шығуға бір адамның өмірі әзер жетеді. Және ғылымның һеш уақытта кәмелетке жетіп тоқтауы жоқ. Адам құрымаса, ғылым өрлей бермек, адамның түсіне кірмейтін неше түрлі ғажаптарды шығармақ. Ендігі көпшіліктің тілеуі, беті сол ғылымның сүрлеуімен барып хақиқат тауып, қараңғы өмір жолымен құтылып, жарыққа шықпақ.

Қазіргі адам баласының наданын былай қойып, білімдісін алғанда, ғылымның жолына түсінген жоқ деуге болады. Түсінген жолдары тән рахаты, нәпсі құмарлығы, өмірдің ғана керегі. Бұл — ескі бабалардың өмір қалпы. Шын ғылым жолына түсінсе, шын көздеген мақсаты — адамдық, ақтық болар еді. Бұл — мақсат болып, тәрбие жақсы тәртіппен кіріп, жүрегі махаббатқа толған адам көп болар еді. Бірақ мұндай адамдар көпшілікке қарағанда, сирек шығып жатыр. Бұл — тәрбие ғылымын таза тұтынбағандықтан, әзір адамның нәпсілік керегінен ұзай алмай, һешкімнің ірілігін көтермесем, өзім ірі болсам деген секілді мақсаттардың ғана маңында жүргендігі. Әйтпесе, ақылдың терең көзімен қарағанда, осынша ақылға қожа болған адам бұл хайуан мақсаттан алыстап кетсе керек еді. Мұншаны тапқан көркем ақыл, көсем ғылым осы араға ғана келіп тоқтап қалмай, адамшылықтың иман жүзді жарық күнінің астына апарып, бар адам баласын бұрынғы қаскүнемдік, қанішерлік жауыздығын тастатып, бір сүйіспеншілік, бір туысқандық жүрекпен табыстырса керек деп білемін.

Мұхтар.

 

Мұхтар Әуезов

 



[1]Һайла - айла.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға