Жаңалықтар

Біздің елдің салт-сауығы

Біздің елдің салт-сауығы   Гүлденіп тарих, көркейіп өмір, дәурен жаңғырған заманда сан алуан салт та жаңғырады. Өнер, білім тауып өскен елдің салтына да өнер, білім үлгісі, өрнегі кіреді. Бұл жөнде бұрынғы ауыл салтын санап, бүгінгі ауылымыздың жаңалықтарын жалғастырып айтсақ, көп сөз болар еді. Жалпы, салт дегеннің өзін де сансыз көп салаларға бөліп, таратып айтса, сөз ұзақ болады. Біз бұрынғымен салыстырмай-ақ сөйлейік. Салт деген ұғымның өзінің де кең мағынасындағы барлық бұйым-белгілерін, бар тұрманын түгендеп тереміз демейік. Салтты біз екі жақтан сөз етпекпіз. Оның бірі - тұрмыс салты, екіншісі - сауық салты. Осы екі жай біздің бүгінгі өнерлі қаламыз бен өскелең колхоздарымызда қалай қалыптанып келеді, соны айтайық.   Тұрмыс салты дегеніміз - үй тұрмыста, қоғамдық тұрмыста және мемлекеттік дәстүрлерде көрінеді. Үй тұрмыс салтын алсақ, жаңаланған дәуірінде аталық пен аналық мінезінен, ер мен жар жарастығынан, балалық тәрбие-тәлімнен көрнек береді. Бізде бүгінгі ата мен ана үй тұрмыстың босағасы болғанда, тек сезіммен табысқандар. Бірін-бірі танып, таңдаумен қосылғандар. Бұлар үшін білім-өнер, қызықты еңбек және бала тәрбиесі өмірдің ең әсем көркі болып саналады. Еңбексіз ата-ана жоқ. Сонда көбінше аналықтың өзі бізде аса қадірлі еңбектің зоры деп саналады. Біздің мемлекеттік жаңа дәстүріміз бойынша көп баланың анасы, ең қадірлі құтпан ана саналады. Көп баланың анасы болған әйелге Отан бәйгесі, үкімет сыйлығы беріледі. Он баланың анасы болған әйел "Даңқты ана" (герой ана) деген атақ алады. Оның аты бір Қазақстан емес, бүкіл Одаққа ардақты ат болып жарияланады. Оған орден мен атақ берудің үстіне, мемлекет қаржысынан ақша-мүлік сыйлары беріледі. Бұл тек он бала тапқан анаға ғана көрсетілетін сый емес, 6-7, 7-8, 8-9 бала тапқан аналарға да өз ордені, өз сыйлықтары болады.   Біздің өз тұрмыс салтымыз - қоғамдық жаңа дәстүріміз бойынша бала қадірі, балалыққа беретін бейіліміз де бөлекше. Совет баласы біздегі бар буынның ішіндегі алақанға салып, аялап өсіретін бөбектеріміз, ең ардақты буынымыз, қазіргі совет аулында жас бала мектепте алатын тәрбиесінен бөлек, сол мектеп жасына жеткенше де, өздерін күтетін арнаулы орындардың тәлім-тәрбиесін алады. Оларға арналған балалар бақшасы дейтін әсем күтім орындары бар. Онда үш-төрт жасар балалар айрықша тәжірибелі, өнерлі аналар, апалар қолында күндізгі уақыттарын өткізеді. Тәртіпті ойын, ән, өнер атаулыдан үйреніп, өзінің жас шамасына лайықты тәлім алады. Оларға арналған балалар театры, балалар киносы, балалардың ауруханасы, балалар тынығатын курорттарға шейін бар. Мектеп жасындағы балалардың жаз демалатын мекендері өзіне бөлек. Осы істерді жеке әкелер міндетіне алып атқармайды. Біздегі жас буынның қамын мемлекеттік орындарымыз - ағартушы, тәрбиеші орындарымыз өзінің мемлекеттік міндетіне алады. Оқу жасына жеткен балада осы күнгі қазақта оқу тәрбиеден қақас қалатын ұл мен қыз мүлде жоқ.   Мектепті алсақ, оның қамы қай күнде болсын ең үлкен қам-қарекеттің бірі. Ол бар жағынан қамтамасыз етілген. Қоғам мен мемлекет ойынан бір шақ та, сәт те ұмытылмайтын өзгеше орын болады. Мұның белгісін жылда Қазақстандағы мектептерге шығарылатын қаражат молдығынан байқауға болады. Барлық советтік Қазақстанның жылдық, мемлекеттік қаржысының ең мол үлесі сол балалар оқитын мектептерге, денсаулық жұмысына, жалпы көркемөнер, өнерлі мәдениет дамытуға арналады.   Балаусалап тал өсед, Балапандап төл өсед.   Біздің балапандап өсетін жас буынымыз өзінің ендігі өсіп, ұлғайып, азаматтыққа жетуін саты-саты мектептерден оқу тәрбие алып, өрлей беруімен өлшейді. Бастауыш оқуды ауылда оқыған бала орта оқуды ауданда, Қазақстан қалаларында оқиды. Содан әрі өрге басқан ұл менен қыз Алматыдай астанасында, немесе одан әрі одақтық зор мәдениет иесі астанамыз Москва, Ленинградта жоғары дәрежелі білімдер алады. Осылайша күн шуақты, балауса атқан балалық жастықты қадірлеу, аялап өсіру, күту біздің үй тұрмыстағы, қоғамдық құрылыстағы мемлекеттік жол-жорамыздағы ең асыл, айнымас салтымыз болған.   Тұрмыс салтының тағы бір жақсы дәстүрін ер мен жар болған жастар өмірінен де көреміз. Қазіргі қазақ елінде ер қуанышы, жар жарастығы аталық әмірі мен талабынан тумайды. Құдалық, қалыңмал баяғының ежеғабыл, бел құда, бесік құда сияқты салтын бүгінгі біздің жаңғырып өскен жаңа буын, жас төліміз мүлде білмейді. Айтсаңыз, "ол немене?" деп, ұқпайды да. Бүгінгі екі жасты біріне-бірін дос етіп, қадірлі етіп табыстыратын салт-дәстүр мүлде басқа. Олар бірге оқыған оқуда, қатарласып қанат қаққан өнерде, қадірлейтін еңбекте табысады, сондайлық өздерінің мінезде, адамгершілікте, азаматтық сын-сипатта бір-бірінің жайларын жақсы біліскен жастар тең болып табысады. Сондықтан бүгінгі қазақтың жаңа үй тұрмысында еңбегі егіз жастар ер мен жар егіздігіне өзгеше нәр қосып қабысады. Ол кейде қатар өсіп келе жатқан ерлі-жарлы оқымысты ғалымдар болады, кейде қатар өрлеп келе жатқан советтік қызметкерлер болады. Кейде көрікті табыстарымен өз өмірлерін де, жұртшылық өнерін де көркейткен өнер қайраткерлері болады. Тең түрде кездесіп, асыл азамат қайратымен, еңбегімен сынасып табысқан ер мен жар қазақтың бүгінгі советтік аулында, қалың колхозында, өрге басқан өндірісінде жаңа елдіктің жаңа салтын орнатты. Жаңа тарихтың жаңғырған нәсілі орнатқан сапалы асыл салт.   Осылайша, қысқа шолып айтсақ, совет елінің сауығы да өзгеріп, қызғылықты болып жаңғырған. Тегі, сауық та салттың бір түрі. Салтсыз ел болмағандай, сауықсыз да ел болмайды. Бірақ тарих жаңғырып, өнер-білімі өсе келе есейіп, мәдениеттенген жаңа буын, жаңа қоғам өзінің сауығын да нәрлі, өнерлі етіп өзгертеді. Сол жөнмен қарасақ, біздің елімізде сауықты да, жоғарыдағы тұрмыс салтын айтқандай, екі-үш түрге бөлуге болады. Ол: үй тұрмыста жеке адам, жеке үй ішінің қызығынан туатын сауық, қоғамдық сауық, мемлекеттік сауық-салт түрлеріне бөлінеді.   Үй тұрмыс сауығы - қазақ халқының бұрынғы елдік дәстүрінен келе жатқан және барлық халықтардың бәріне ортақ себептерге арналған сауық. Ол - бізде бала туғанда, екі жас үйленгенде, үй ішінің бір мүшесі, я азаматы, я анасы, не қызы бір үлкен мұрат, мақсатқа, табысқа жеткенде болатын үй мерекесі. Бізде бұрынғы елдің салтында бала туса, шілдехана, қынаменде болса, бұл күнде де бақытты советтік үй ішінде баланың туысы ата-ана, бауыр, туыс, дос-жаранның сауығын жасайды.   "Туғанда дүние есігін ашады өлең", - дегендей, ән-сауық, той-қуаныш, мәз-мереке келеді.   Бұл жөніндегі біздің жаңа сауық-салтымыз, бала, балапанды қуанышпен қарсы алуымыз баланың алғаш туған күнінде ғана болып қоймайды. Ол баланың туған күні келер жылда да, әр жыл сайын той болып отырады.   Екі жастың қуанышты, қызықты түрде табысқан жаңа тірлігін тойлауда үй ішілік үлкен мереке болады. Мұндай дағдылы, белгілі себептерден басқа бала оқу бітіргенде, ұл менен қыз абырой тауып, атақ алғанда үй ішінің қуанышы көптің қуанышына айналып та кетеді. Бір жастың табыс, талабын тойлау кейде бүтін колхоздың, көп қауымның сол жас қуанышына қоса қуанған той-мерекесіне айналады.   Қазақтың қазіргі советтік аулында, бұл тойларда отырып сауық ету, үйде сауық ету үстінде ән салу, би билеу, әсем өнерлі күй аспаптарымен баян, скрипка, күйсандық сияқтыларға қосылып, әнмен қоса сән түзеу болады. Айтыс та, әзіл-сауық та әсемденіп шығады. Осы қуаныш, мереке ат үсті сауыққа да айналады. Көкпар тарту, құнан шабу, балуан күресу, ат шабу, қыз қуу - халықтың бұрынғы ат үсті өнерімен байланысты түріне айналады.   Бұдан бөлек, үй-тұрмыстық мерекесінен басқа советтік ауылда қоғам сауығы бар. Ол қызыл отауда, мектепте, көпшілік сауығына арналған, әрбір колхозда, ауданда болатын ортақ үй, өнерлі үй-клубтар бар. Бұларда күндізгі еңбек соңынан кешкі демалыстарын көңілді, өнерлі түрде өткізу үшін кәрі-жас тегіс жиналып, неше алуан сауықтар жасайды. Жастардың ән-биі - талмас, қажытпас қызығы. Мұнда тілеген жұрт газет-журнал, өлең кітаптар оқып, тыңдайды. Өнерлі жастар күшімен қойылған театрлық сауық ойындар болады. Бұл клубтарда неше алуан кино сурет көрсетіледі. Радио арқылы Қазақстанның және барлық Одақтың үлкен қалаларында тартылып жатқан шебер күйлер, әсем әндер тыңдалады.   Дүние жүзінің шартарабынан хабарлар есітіп, ауыл адамдарының білімі, естігені, ұққаны көбейіп, жаңғырып отырады. Осындай қоғамның сауық орны да біздің қазіргі салтымызға соншалық жақсы орнаған, молынан енген, күнделік тірлік тынысындай боп кеткен салтымыз, сауық салтымыз, шырайлы шындығымыз.   Осындай колхозды ауыл клубтарына, қызыл отауларына облыстық қалалардан, астаналардан, басқа республикалардың туысқан өнерпаздарынан сый, қадірлі қонақтар келіп отырады. Олар совет аулының азаматтарына ән-күй, би өнерлерінің неше алуан көркем, әсем үлгілерін әкеп айтып береді. Халық артисі аталған қазақтың өнерпаздары өз өнерін ауылға, көпшілік халыққа жеткізуге өздерін міндетті санайды. Тек қазақ артистері емес, туысқан, бауырлас еліміз ұйғырдың әнші өнерпаздары, татардың, өзбектің, қырғыздың және әсіресе орыс халқының бізге аса қадірлі өнер үлгілерін ауылға апарады. Сондай үлкен, кең қатынас, араластар арқылы қазіргі қазақ жастары бір қазақтың ән-күйі емес, жаңағы елдердің ән-күйі, билерін сүйеді, біледі, орындап та жүреді.   Бұдан да үлкен сауық-салтымыз - мемлекеттік үлкен сауыққа айналатын кездері бар. Олар жылдық зор мейрамдарымызда болады. Қазақтың еңбек елін бақытты шаттық дәуренге жеткізген Ұлы Октябрьдің мейрам күндері бір бөлек. Дүние жүзілік еңбек елінің ортақ тойы, мереке күні - Май мейрамы бір бөлек. Қазақстанның өз алдына ерік алып, советтік республика болған мереке күндері бір бөлек.   Қыста Жаңа жылдың келісі, балалардың қысқы оқуында болатын аз үзіліс, демалыс кезі - бәрі де мемлекеттік үлкен кең мереке болады. Ол күндерде бүкіл Одақта, барлық Қазақстанда қалалар мен өндірістерде, колхоз аулында, мал өрісінде, отарында демалысын, ел мерекесін қуанышпен өткізбейтін жан жоқ. Бұл күндер театрлар әдейі әзірлеген жаңа операларын, спектакльдерін қояды. Жаңа киносуреттер жарыққа шығады. Әншілер топтары қызыл-жасыл жарқырап, жаңа әндер жалын атады. Мемлекет қуаныш, сан алуан өнерпаздарды достық бәсекеге түсіреді. Өнер жарысы басталады. Көріктенген, мағыналы өнер жарысы. Бұл күндерде бар буынның барлығына арналған, өзіне бөлек сауықтары боп жатады. Мектеп жасына толмаған балалар сауығы, мектептегі балалар сән-сауығы өз театрларында, мектептерінде, балабақшаларында өзінше буы аспанға атып, шат-шадыман болады.   Үлкендер, өз тілегі бойынша, біреулері филармонияда ән-күй тыңдайды, бір топтары операда жаңа спектакль көреді, тағы біреулері драмаға барып, ол театрдың мәнді, терең мазмұнды ойындарын қабылдайды. Күндізгі көрік, түні той жағалай жайнаған өнер-сауық шарқ ұрады. Бұл күндер денешынықтыру өнеріне шеберленген жігіттер, қыздар арнаулы аландарда, стадион, ипподром аталған, халық, ел жиналатын кең майдандарда өз өнерлерін көрсетеді.   Сауық күнінің сәнді киінген, рахатты қызық іздеген қалың топтары бес мың, он мың, жиырма, отыз мың жандар болып жиналып, күндіздің сауығында болады. Мұнда мықтыдан шыққан балуандар, шебер ойыншылар шығады. Үлкен бәсеке жарыс, бәйгелі жарыстар өткізеді. Доппен ойнайтын футболшылар бәйгесі болады. Жаяу жүйріктер жарысады. Велосипедшілері тызағай ойнайды. Ипподромдарда (кругте) қазақ халқының бұрынғы ат үсті, өнерлі-қайрат танытатын ойындары мыңдаған халықтың алдында ер-азамат қайратын сарапқа салады. Серке тарту, додаға түсу, шабандоздар атағын асырады. Сайыс, бәйге аттар жарысы, жорға жарысы, қыз қуу сияқты, халықтың өнерлі қыз бен жігіті көрсететін, ат үсті ойындары көрнекке шығады. Бұл мерекелерде қазақтың аңшылары да сол ипподромдарға келіп, талай мың жанның алдында өз өнерлерін көрсетеді. Ондаған бүркітшілер, тазы иті бар аңшылар келіп, тірідей ұстап әкелген түлкілерін, қасқырларын қашырып, соларға ит қосып, қыран бүркіттерін салып, олар да өзгеше өнерлерін танытады.   Міне, біздің мемлекеттік мерекелеріміздің осындай барлық халыққа ортақ, шексіз қызық сауық-салты бар. Мемлекет тойларында барлық қоғам қуанып тойлаумен бірге, әрбір жеке үй ішінің өз тойы, өз қызық сауық-сайраны қатарда жүріп жатады. Бұл күндерде шарықтап ән, сызылып күй, сәніменен бұрала ырғалып би өнер атады.   Оқымысты қазақ қауымында қазір ән салмайтын, би билемейтін, күй қадірлемейтін жан жоқ. Өйткені біздің жаңа салт пен сауығымызда, барлық азаматтық өзге қасиеттеріміздің қатарында сауық сәніміз, көркемөнеріміз аса қадірлі қасиетіміздің бірі саналады. Бұ жәйді тек оқымысты, зиялылар ортасы ғана емес, бүгінгі советтік ауылымыздағы барлық еліміздің ата-аналық, бала-бауырлық буындарының баршасы да толық түсінеді. Түгел сүйсіне қостайды.   Міне, біздің бүгінгі еліміздің салты мен сауығы осындай.   1948 Мұхтар Әуезов
05.12.2012 02:53 6131

Біздің елдің салт-сауығы

 

Гүлденіп тарих, көркейіп өмір, дәурен жаңғырған заманда сан алуан салт та жаңғырады. Өнер, білім тауып өскен елдің салтына да өнер, білім үлгісі, өрнегі кіреді. Бұл жөнде бұрынғы ауыл салтын санап, бүгінгі ауылымыздың жаңалықтарын жалғастырып айтсақ, көп сөз болар еді. Жалпы, салт дегеннің өзін де сансыз көп салаларға бөліп, таратып айтса, сөз ұзақ болады. Біз бұрынғымен салыстырмай-ақ сөйлейік. Салт деген ұғымның өзінің де кең мағынасындағы барлық бұйым-белгілерін, бар тұрманын түгендеп тереміз демейік. Салтты біз екі жақтан сөз етпекпіз. Оның бірі - тұрмыс салты, екіншісі - сауық салты. Осы екі жай біздің бүгінгі өнерлі қаламыз бен өскелең колхоздарымызда қалай қалыптанып келеді, соны айтайық.

 

Тұрмыс салты дегеніміз - үй тұрмыста, қоғамдық тұрмыста және мемлекеттік дәстүрлерде көрінеді. Үй тұрмыс салтын алсақ, жаңаланған дәуірінде аталық пен аналық мінезінен, ер мен жар жарастығынан, балалық тәрбие-тәлімнен көрнек береді. Бізде бүгінгі ата мен ана үй тұрмыстың босағасы болғанда, тек сезіммен табысқандар. Бірін-бірі танып, таңдаумен қосылғандар. Бұлар үшін білім-өнер, қызықты еңбек және бала тәрбиесі өмірдің ең әсем көркі болып саналады. Еңбексіз ата-ана жоқ. Сонда көбінше аналықтың өзі бізде аса қадірлі еңбектің зоры деп саналады. Біздің мемлекеттік жаңа дәстүріміз бойынша көп баланың анасы, ең қадірлі құтпан ана саналады. Көп баланың анасы болған әйелге Отан бәйгесі, үкімет сыйлығы беріледі. Он баланың анасы болған әйел "Даңқты ана" (герой ана) деген атақ алады. Оның аты бір Қазақстан емес, бүкіл Одаққа ардақты ат болып жарияланады. Оған орден мен атақ берудің үстіне, мемлекет қаржысынан ақша-мүлік сыйлары беріледі. Бұл тек он бала тапқан анаға ғана көрсетілетін сый емес, 6-7, 7-8, 8-9 бала тапқан аналарға да өз ордені, өз сыйлықтары болады.

 

Біздің өз тұрмыс салтымыз - қоғамдық жаңа дәстүріміз бойынша бала қадірі, балалыққа беретін бейіліміз де бөлекше. Совет баласы біздегі бар буынның ішіндегі алақанға салып, аялап өсіретін бөбектеріміз, ең ардақты буынымыз, қазіргі совет аулында жас бала мектепте алатын тәрбиесінен бөлек, сол мектеп жасына жеткенше де, өздерін күтетін арнаулы орындардың тәлім-тәрбиесін алады. Оларға арналған балалар бақшасы дейтін әсем күтім орындары бар. Онда үш-төрт жасар балалар айрықша тәжірибелі, өнерлі аналар, апалар қолында күндізгі уақыттарын өткізеді. Тәртіпті ойын, ән, өнер атаулыдан үйреніп, өзінің жас шамасына лайықты тәлім алады. Оларға арналған балалар театры, балалар киносы, балалардың ауруханасы, балалар тынығатын курорттарға шейін бар. Мектеп жасындағы балалардың жаз демалатын мекендері өзіне бөлек. Осы істерді жеке әкелер міндетіне алып атқармайды. Біздегі жас буынның қамын мемлекеттік орындарымыз - ағартушы, тәрбиеші орындарымыз өзінің мемлекеттік міндетіне алады. Оқу жасына жеткен балада осы күнгі қазақта оқу тәрбиеден қақас қалатын ұл мен қыз мүлде жоқ.

 

Мектепті алсақ, оның қамы қай күнде болсын ең үлкен қам-қарекеттің бірі. Ол бар жағынан қамтамасыз етілген. Қоғам мен мемлекет ойынан бір шақ та, сәт те ұмытылмайтын өзгеше орын болады. Мұның белгісін жылда Қазақстандағы мектептерге шығарылатын қаражат молдығынан байқауға болады. Барлық советтік Қазақстанның жылдық, мемлекеттік қаржысының ең мол үлесі сол балалар оқитын мектептерге, денсаулық жұмысына, жалпы көркемөнер, өнерлі мәдениет дамытуға арналады.

 

Балаусалап тал өсед,

Балапандап төл өсед.

 

Біздің балапандап өсетін жас буынымыз өзінің ендігі өсіп, ұлғайып, азаматтыққа жетуін саты-саты мектептерден оқу тәрбие алып, өрлей беруімен өлшейді. Бастауыш оқуды ауылда оқыған бала орта оқуды ауданда, Қазақстан қалаларында оқиды. Содан әрі өрге басқан ұл менен қыз Алматыдай астанасында, немесе одан әрі одақтық зор мәдениет иесі астанамыз Москва, Ленинградта жоғары дәрежелі білімдер алады. Осылайша күн шуақты, балауса атқан балалық жастықты қадірлеу, аялап өсіру, күту біздің үй тұрмыстағы, қоғамдық құрылыстағы мемлекеттік жол-жорамыздағы ең асыл, айнымас салтымыз болған.

 

Тұрмыс салтының тағы бір жақсы дәстүрін ер мен жар болған жастар өмірінен де көреміз. Қазіргі қазақ елінде ер қуанышы, жар жарастығы аталық әмірі мен талабынан тумайды. Құдалық, қалыңмал баяғының ежеғабыл, бел құда, бесік құда сияқты салтын бүгінгі біздің жаңғырып өскен жаңа буын, жас төліміз мүлде білмейді. Айтсаңыз, "ол немене?" деп, ұқпайды да. Бүгінгі екі жасты біріне-бірін дос етіп, қадірлі етіп табыстыратын салт-дәстүр мүлде басқа. Олар бірге оқыған оқуда, қатарласып қанат қаққан өнерде, қадірлейтін еңбекте табысады, сондайлық өздерінің мінезде, адамгершілікте, азаматтық сын-сипатта бір-бірінің жайларын жақсы біліскен жастар тең болып табысады. Сондықтан бүгінгі қазақтың жаңа үй тұрмысында еңбегі егіз жастар ер мен жар егіздігіне өзгеше нәр қосып қабысады. Ол кейде қатар өсіп келе жатқан ерлі-жарлы оқымысты ғалымдар болады, кейде қатар өрлеп келе жатқан советтік қызметкерлер болады. Кейде көрікті табыстарымен өз өмірлерін де, жұртшылық өнерін де көркейткен өнер қайраткерлері болады. Тең түрде кездесіп, асыл азамат қайратымен, еңбегімен сынасып табысқан ер мен жар қазақтың бүгінгі советтік аулында, қалың колхозында, өрге басқан өндірісінде жаңа елдіктің жаңа салтын орнатты. Жаңа тарихтың жаңғырған нәсілі орнатқан сапалы асыл салт.

 

Осылайша, қысқа шолып айтсақ, совет елінің сауығы да өзгеріп, қызғылықты болып жаңғырған. Тегі, сауық та салттың бір түрі. Салтсыз ел болмағандай, сауықсыз да ел болмайды. Бірақ тарих жаңғырып, өнер-білімі өсе келе есейіп, мәдениеттенген жаңа буын, жаңа қоғам өзінің сауығын да нәрлі, өнерлі етіп өзгертеді. Сол жөнмен қарасақ, біздің елімізде сауықты да, жоғарыдағы тұрмыс салтын айтқандай, екі-үш түрге бөлуге болады. Ол: үй тұрмыста жеке адам, жеке үй ішінің қызығынан туатын сауық, қоғамдық сауық, мемлекеттік сауық-салт түрлеріне бөлінеді.

 

Үй тұрмыс сауығы - қазақ халқының бұрынғы елдік дәстүрінен келе жатқан және барлық халықтардың бәріне ортақ себептерге арналған сауық. Ол - бізде бала туғанда, екі жас үйленгенде, үй ішінің бір мүшесі, я азаматы, я анасы, не қызы бір үлкен мұрат, мақсатқа, табысқа жеткенде болатын үй мерекесі. Бізде бұрынғы елдің салтында бала туса, шілдехана, қынаменде болса, бұл күнде де бақытты советтік үй ішінде баланың туысы ата-ана, бауыр, туыс, дос-жаранның сауығын жасайды.

 

"Туғанда дүние есігін ашады өлең", - дегендей, ән-сауық, той-қуаныш, мәз-мереке келеді.

 

Бұл жөніндегі біздің жаңа сауық-салтымыз, бала, балапанды қуанышпен қарсы алуымыз баланың алғаш туған күнінде ғана болып қоймайды. Ол баланың туған күні келер жылда да, әр жыл сайын той болып отырады.

 

Екі жастың қуанышты, қызықты түрде табысқан жаңа тірлігін тойлауда үй ішілік үлкен мереке болады. Мұндай дағдылы, белгілі себептерден басқа бала оқу бітіргенде, ұл менен қыз абырой тауып, атақ алғанда үй ішінің қуанышы көптің қуанышына айналып та кетеді. Бір жастың табыс, талабын тойлау кейде бүтін колхоздың, көп қауымның сол жас қуанышына қоса қуанған той-мерекесіне айналады.

 

Қазақтың қазіргі советтік аулында, бұл тойларда отырып сауық ету, үйде сауық ету үстінде ән салу, би билеу, әсем өнерлі күй аспаптарымен баян, скрипка, күйсандық сияқтыларға қосылып, әнмен қоса сән түзеу болады. Айтыс та, әзіл-сауық та әсемденіп шығады. Осы қуаныш, мереке ат үсті сауыққа да айналады. Көкпар тарту, құнан шабу, балуан күресу, ат шабу, қыз қуу - халықтың бұрынғы ат үсті өнерімен байланысты түріне айналады.

 

Бұдан бөлек, үй-тұрмыстық мерекесінен басқа советтік ауылда қоғам сауығы бар. Ол қызыл отауда, мектепте, көпшілік сауығына арналған, әрбір колхозда, ауданда болатын ортақ үй, өнерлі үй-клубтар бар. Бұларда күндізгі еңбек соңынан кешкі демалыстарын көңілді, өнерлі түрде өткізу үшін кәрі-жас тегіс жиналып, неше алуан сауықтар жасайды. Жастардың ән-биі - талмас, қажытпас қызығы. Мұнда тілеген жұрт газет-журнал, өлең кітаптар оқып, тыңдайды. Өнерлі жастар күшімен қойылған театрлық сауық ойындар болады. Бұл клубтарда неше алуан кино сурет көрсетіледі. Радио арқылы Қазақстанның және барлық Одақтың үлкен қалаларында тартылып жатқан шебер күйлер, әсем әндер тыңдалады.

 

Дүние жүзінің шартарабынан хабарлар есітіп, ауыл адамдарының білімі, естігені, ұққаны көбейіп, жаңғырып отырады. Осындай қоғамның сауық орны да біздің қазіргі салтымызға соншалық жақсы орнаған, молынан енген, күнделік тірлік тынысындай боп кеткен салтымыз, сауық салтымыз, шырайлы шындығымыз.

 

Осындай колхозды ауыл клубтарына, қызыл отауларына облыстық қалалардан, астаналардан, басқа республикалардың туысқан өнерпаздарынан сый, қадірлі қонақтар келіп отырады. Олар совет аулының азаматтарына ән-күй, би өнерлерінің неше алуан көркем, әсем үлгілерін әкеп айтып береді. Халық артисі аталған қазақтың өнерпаздары өз өнерін ауылға, көпшілік халыққа жеткізуге өздерін міндетті санайды. Тек қазақ артистері емес, туысқан, бауырлас еліміз ұйғырдың әнші өнерпаздары, татардың, өзбектің, қырғыздың және әсіресе орыс халқының бізге аса қадірлі өнер үлгілерін ауылға апарады. Сондай үлкен, кең қатынас, араластар арқылы қазіргі қазақ жастары бір қазақтың ән-күйі емес, жаңағы елдердің ән-күйі, билерін сүйеді, біледі, орындап та жүреді.

 

Бұдан да үлкен сауық-салтымыз - мемлекеттік үлкен сауыққа айналатын кездері бар. Олар жылдық зор мейрамдарымызда болады. Қазақтың еңбек елін бақытты шаттық дәуренге жеткізген Ұлы Октябрьдің мейрам күндері бір бөлек. Дүние жүзілік еңбек елінің ортақ тойы, мереке күні - Май мейрамы бір бөлек. Қазақстанның өз алдына ерік алып, советтік республика болған мереке күндері бір бөлек.

 

Қыста Жаңа жылдың келісі, балалардың қысқы оқуында болатын аз үзіліс, демалыс кезі - бәрі де мемлекеттік үлкен кең мереке болады. Ол күндерде бүкіл Одақта, барлық Қазақстанда қалалар мен өндірістерде, колхоз аулында, мал өрісінде, отарында демалысын, ел мерекесін қуанышпен өткізбейтін жан жоқ. Бұл күндер театрлар әдейі әзірлеген жаңа операларын, спектакльдерін қояды. Жаңа киносуреттер жарыққа шығады. Әншілер топтары қызыл-жасыл жарқырап, жаңа әндер жалын атады. Мемлекет қуаныш, сан алуан өнерпаздарды достық бәсекеге түсіреді. Өнер жарысы басталады. Көріктенген, мағыналы өнер жарысы. Бұл күндерде бар буынның барлығына арналған, өзіне бөлек сауықтары боп жатады. Мектеп жасына толмаған балалар сауығы, мектептегі балалар сән-сауығы өз театрларында, мектептерінде, балабақшаларында өзінше буы аспанға атып, шат-шадыман болады.

 

Үлкендер, өз тілегі бойынша, біреулері филармонияда ән-күй тыңдайды, бір топтары операда жаңа спектакль көреді, тағы біреулері драмаға барып, ол театрдың мәнді, терең мазмұнды ойындарын қабылдайды. Күндізгі көрік, түні той жағалай жайнаған өнер-сауық шарқ ұрады. Бұл күндер денешынықтыру өнеріне шеберленген жігіттер, қыздар арнаулы аландарда, стадион, ипподром аталған, халық, ел жиналатын кең майдандарда өз өнерлерін көрсетеді.

 

Сауық күнінің сәнді киінген, рахатты қызық іздеген қалың топтары бес мың, он мың, жиырма, отыз мың жандар болып жиналып, күндіздің сауығында болады. Мұнда мықтыдан шыққан балуандар, шебер ойыншылар шығады. Үлкен бәсеке жарыс, бәйгелі жарыстар өткізеді. Доппен ойнайтын футболшылар бәйгесі болады. Жаяу жүйріктер жарысады. Велосипедшілері тызағай ойнайды. Ипподромдарда (кругте) қазақ халқының бұрынғы ат үсті, өнерлі-қайрат танытатын ойындары мыңдаған халықтың алдында ер-азамат қайратын сарапқа салады. Серке тарту, додаға түсу, шабандоздар атағын асырады. Сайыс, бәйге аттар жарысы, жорға жарысы, қыз қуу сияқты, халықтың өнерлі қыз бен жігіті көрсететін, ат үсті ойындары көрнекке шығады. Бұл мерекелерде қазақтың аңшылары да сол ипподромдарға келіп, талай мың жанның алдында өз өнерлерін көрсетеді. Ондаған бүркітшілер, тазы иті бар аңшылар келіп, тірідей ұстап әкелген түлкілерін, қасқырларын қашырып, соларға ит қосып, қыран бүркіттерін салып, олар да өзгеше өнерлерін танытады.

 

Міне, біздің мемлекеттік мерекелеріміздің осындай барлық халыққа ортақ, шексіз қызық сауық-салты бар. Мемлекет тойларында барлық қоғам қуанып тойлаумен бірге, әрбір жеке үй ішінің өз тойы, өз қызық сауық-сайраны қатарда жүріп жатады. Бұл күндерде шарықтап ән, сызылып күй, сәніменен бұрала ырғалып би өнер атады.

 

Оқымысты қазақ қауымында қазір ән салмайтын, би билемейтін, күй қадірлемейтін жан жоқ. Өйткені біздің жаңа салт пен сауығымызда, барлық азаматтық өзге қасиеттеріміздің қатарында сауық сәніміз, көркемөнеріміз аса қадірлі қасиетіміздің бірі саналады. Бұ жәйді тек оқымысты, зиялылар ортасы ғана емес, бүгінгі советтік ауылымыздағы барлық еліміздің ата-аналық, бала-бауырлық буындарының баршасы да толық түсінеді. Түгел сүйсіне қостайды.

 

Міне, біздің бүгінгі еліміздің салты мен сауығы осындай.

 

1948

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға