Жаңалықтар

Байсалды зерттеу қажет

Байсалды зерттеу қажет Бұл мәслихатта мен баяндамашы да емеспін, арнаулы мәлімдеме жасаушы да емеспін. Мәжіліс үстінде келген кейбір ойларымды ғана ортаға салғым бар. Ең алдымен айтайын дегенім, әдебиеттің міндеттері мен проблемаларына арналған бұл мәслихат еліміздің әдеби процестерін зерттеуде зор бастама болғалы отыр. Біздің республикаларымыздың алдында тұрған әдебиеттану ғылымының міндеттерін талқылауға арналған мұндай біріккен мәжіліс, менің білуімше, тұңғыш рет өтіп отырған сияқты. Әдебиет атаулының бәрі өмірдің жемісі. Олай болса, Отанымыздағы әрбір жазушының, айталық, өзбек, қазақ, түрікмен жазушысының творчестволық жолы сол әдебиеттерге де, туысқан басқа әдебиеттерге де тән екені даусыз. Мен сондай жазушылардың бірі ретінде сөйлемекшімін. Меніңше, совет әдебиетін зерттеуде өткен ғасырлардағы әдебиеттерді зерттеуден басқашарақ тәсіл қолдану керек тәрізді. Сіздер, әдебиет тарихының очеркін жасаушы әдебиетшілер, көбінесе көзі тірі авторлар туралы жазасыздар. Сіздердің айтқан пікірлеріңіз, сындарыңыз, берген бағаларыңыз қорытылады, талданады, белгілі дәрежеде жұртшылықтың пікірі саналады. Сондықтан да сіздердің еңбектеріңіздің идеялық-ғылыми жағынан биік дәрежеде болуы шарт. Марксизм-ленинизм ілімі негізінде әдеби қозғалыстың, теориялық ойдың алға басуына көмектесулеріңіз шарт. Мейлінше терең жасалған ғылыми-тарихи очерк, монография ең әуелі жазушыларға көмек көрсете алатын болуы қажет. Шығарма көзі тірі адамдарға ескерткіш орнату үшін зерттелінбейтіндігі түсінікті. Осыған орай қаламдас достарымның — тәжік, түрікмен, өзбек, қырғыз, татар, қарақалпақ және қазақ жазушыларының артынан күнілгері ескерткіш қоятын бір жай бар деп білемін: біздің шығармаларымызды сыпаттағанда біз әдебиетшілерден құр мақтау сөз күтпейміз. Өйткені бұдан жұртшылыққа да, біздің творчествомызға да пайда аз. Әрбір жазушыға, оның еңбегіне барынша принципшіл, әділ, сыншыл, құпты қатынас болуы шарт. Сонда ғана сыншының еңбегі біздің құнарлы, соны шығармалар тудыруымызға, биікке шырқауымызға сеп бола алады. Ондай еңбектен біз мол ой - пікірге, әдебиеттану ғылымындағы жаңалықтарға қанығып, қаруланып отыратын болғымыз келеді. Әрбір жазушы өзіне, өзінің шығармасына талапты мықтап қоюға тиіс. Жас кезінде, жаңа қалыптаса бастаған шағында, тіпті творчестволық жағынан әбден ер жеткен тұсында жазған шығармалардың да қайта қарауды, қайта өндеуді керек ететіні болады. Ал кейбір күрделі құнды шығармаларды өмір бойы өндей беруге тура келеді. Міне, солай болғандықтан да сіздердің "Очерктеріңіз" бізге мықтап қолғабыс тигізуге тиіс. Жеке шығармаларды байыпты талдап қана қоймай, жазушының болашағына көз жіберіп, дұрыс мегзеп, байсалды кеңес беріп отыруларыңыз керек. Белинский, Добролюбов, Чернышевскийлер жазушыларға жанашыр дос болып, қоғамдық ой-пікірлерге мол үлес қоса білсе, шығармаларды ғана емес, сол шығармалардың геройларын зерттейтін совет әдебиетшілері творчестволық үлкен ой-пікірдің қалыптасуына көмектесуі тиіс. Біздің әдебиетіміз — жас әдебиет. Онда проза, драматургия, журналистика, сын, тарихи-әдеби ғылым туа тұрса да, соның бәрі жетер жеріне жетіп болды, форма жағынан мінсіз деп айта алмаймыз. Қазір тірі табыс деп жүрген нәрселердің ішінен мезгілдің сынына төтеп беретін қанша екенін де дәл айту қиын. Бүгін құнды көрініп отырған нәрселерді ертеңгі күн мойындамауы да ғажап емес. Біздің оқушыларымыз — аса шапшаң өсетін тамаша оқушылар. Олардың талғамы да зор болмақ. Бұлай болса, сан пікірі әдеби қозғалыстың алдында болуға керек. Маркстік-лениндік эстетикаға сүйенген біздің сынның бұған мүмкіншілігі де толық. Бүгінгідей біріккен мәслихаттың әр кезеңде өтіп отырғаны мақұл сияқты. Байсалды ойлар айтылып, қызықты зерттеулер, байқаулар келтіріліп жатыр. Соған қоса мен әдебиет зерттеу ғылымының алдында тұрған мынадай міндеттерге баса назар аударғым келеді. Біріккен мәслихаттарда, "Очерктерде" әрбір жазушының социалистік реализм әдісін меңгеру дәрежесі сипатталғаны жөн. Искусствоның нағыз реалистік шығармаларын — реалистік романдар, повестер, драмалар мен поэмалар жасау міндетін алға қойып отырған мақұл. Дәстүр мен новаторство (жаңашылдық) проблемасы шығарманың халықтығына, халықтық дәстүрлерді өркендетуге байланысты көтерілсе деймін. Соның қатарында шеберлікті үйрену мәселесі де жүреді. Шеберлік проблемасын сөз қылғанда, көркем шығарманың стилі мен тілін зерттеу міндеті есте болуы керек. Типтік проблемасы бүкіл совет әдебиетінің алдындағы жалпы теориялық міндеттер негізінде қаралуға тиіс. Әдебиеттердің өзара байланысы, интернационалдығы да үлкен проблема болмақ. Сол сияқты орыс тілінен басқа ұлт тілдеріне және сол ұлт тілдерінен орыс тіліне аудару проблемасы да біріккен мәслихаттарда кең сөз болмағы пайдалы. Осылардың ішінен социалистік реализм әдісін игеру мәселесіне ерекше тоқталып өткім келеді. Мұнымен қатар реализмді стиль көлемінде ғана қалдырмай, кең мағынада түсіну керек. Менің ойымша, реализм деп өмір шындығын жеткізе білуді, сол өмір шындығын художество шындығына айналдыра білуді айтамыз. Әрбір художник сезімнің алуан қырлылығын түсінуге тиіс. Ойдың шыншылдығын, адамның жан дүниесінің шыншылдығын бұлжытпай бейнелеуге тиіс. Содан барып геройдың әрекеті шығады. Содан барып оның характері ашылады. Біздің әдебиеттерде кейбір авторлар тақырыптың актуалдығымен, идеяның дұрыстығымен іс бітті деп ойлайды. Бірақ мұның бәрі нағыз реалистік искусство жасау үшін әлі жеткіліксіз екені даусыз емес пе? Коммунистік партияның қарарларында оқушыны қызықтырмайтын, тіпті ішін пысыратын, көркемдігі нашар шығармалар қатаң сыналып жүргені де сондықтан. Шын искусство оқушының бар ықыласын еріксіз аударып әкетеді. Оны тәтті сезімге, қиялға бөлейді. Ал кейде біздің шығармаларымыз идеялық мазмұн жағынан, заман шындығын суреттеу жағынан ақаусыз бола тұра, реалистік искусство дәрежесіне көтеріле алмайды. Схематизмге, натурализмге ұрынуы да кәдік. Олай болса, нағыз реалистік шығарма жасау үшін социалистік реализм әдісінің жоғары талаптарына сүйену керек, соған сай іздене білу керек. Міне, Түрікменстанның да, Қырғызстанның да, Қазақстанның да жазушыларының шығармаларын бағалауға осы тұрғыдан кірісу шарт. Мәселені осылай кең қойғанда ғана, бұған шеберлік проблемасы, үйрену проблемасы, өзінің ұлттық топырағында пайда болған дәстүр мен орыстың классикалық және қазіргі әдебиетінің озық дәстүрі сияқты көп-көп жайлар енеді. Әрбір жазушының шеберлік дәрежесін, шығармаларының құндылығын осындай шарттар арқылы ғана анықтауға болады. Бұл сияқты үлкен мәселелерді сөз еткенде, бүгінгі біздің біріккен мәслихаттың жұмысындағы кейбір кемшіліктерге соқпай кетуге болмайды. Менің ойымша, біріккен мәслихат жоғары дәрежеде өтті. Бірақ, сонымен қатар проблемалық мәселелерді талқылаудың орнына жалпы шолу да жасалынып отырды. Шығармалардың аттарын жіпке тізумен тынушылар да болды. Жеке шығармаларды, жеке жазушылардың творчестволық тәжірибелерін талдаумен немесе сол туралы хабар жасаумен тынғандар да болды. Тіпті XX ғасырдың басындағы, XIX ғасырдағы әдебиетке саяхат жасаушылар да болмай қалған жоқ. Ал біздің бұл біріккен мәслихаттың алдына қойылған міндет әбден нақты да, сара да еді. Әңгіме совет әдебиетінің очерктерін жасау жөнінде болуға керек еді. Әлбетте, әдебиеттің шыққан негіздерін сөз етуге әбден болады. Бірақ бұл жерде мәселені әліппеден бастаудың орайы қанша? Біздің елімізде әрбір ұлт жазушыларының озық шығармалары орыс тіліне аударылады. Туысқан республикалардың оқушылары орыс тілінде Совет Одағындағы барлық жазушылардың шығармаларымен танысады. Мәселен, Ғафур Ғүлямді грузин оқыды. Сәбит Мұқановты латыш оқыды. Олай болса, осындай шығармалар турасында ғылыми зерттеу еңбектерін жазуға әрбір республикадағы әдебиетшінің мүмкіншілігі бар. Сол сияқты туысқан әдебиеттер жөнінде түрлі жоғары дәрежелі оқу орындарында көптеген диссертациялар қорғалуда. Мысалы, Москваның мемлекеттік университетінде жеке жазушылардың творчествосы туралы немесе қарақалпақ, өзбек, қазақ, тәжік, түрікмен әдебиеті сияқты туысқан әдебиеттердегі тың оқиғалар жөнінде талай кандидаттық диссертация қорғалды. Бұл жай Ленинградтың, Ташкенттің, Қырғызстанның, Түрікменстанның университеттерінде де бар. Әрине, сол еңбектердің бәрі баспада жариялауға түгел жарайды деген ойдан аулақпын. Бірақ сол монографиялардың, кандидаттық және докторлық диссертациялардың белгілі творчестволық проблеманы терең зерттеп, дәлелді шешкендері де жоқ емес. Біздің әдебиеттерімізді зерттеудің игілікті міндетін мойнына алған ғалымдар осы еңбектерді ескеруі қажет. Оның үстіне, айталық, қазақ әдебиетін қазақтың ғана зерттеуі, өзбек әдебиетін өзбектің ғана зерттеуі шарт емес. Әдебиеттерімізді зерттеуге Одақтың барлық әдебиетшілерін, айталық, орыс, украин, белорус сыншыларын көбірек тартқан жөн. Көптеген сыншылар, жазушылар, соның ішінде Фадеев, Тихонов, Симонов, Сурков сияқты озат орыс жазушылары біздің жеке жазушыларымыз жайында, біздің классиктеріміз жайында және әрбір жанрдағы табыстарымыз жайында бағалы ойлар, байсалды сындар айтқан. Солардың бәрі еске алынуға тиіс. Орталық баспасөзде — "Правданың" беттерінде, әдеби қалың журналдарда біздің әдебиет туралы әр кезде жауапты пікірлер айтылды. Біздің халықтар әдебиеттері тарихының "Очеркін" жасағанда осы сияқты даяр тұрған материалдар орнымен пайдаланылатын болсын. Мәслихатта шеберлікті үйрену мәселесі көп сөз болды. Бұл әбден орынды деп білемін. Бұрын он өлең немесе бір - екі поэма жазған адам Жазушылар одағының мүшелігіне алынды. Екі повесть жазған адам республикадағы белгілі жазушының санатына қосылды. Бұның бәрі бізде жоғары дәрежелі көркем шығарманың аздығының, сыншыл ойдың жастығының салдарынан еді. Бірақ оңай шыққан атақ ұзақ жасай алмайтынын өмір көрсетіп келеді. Сондықтан да біздің әдебиетшілер үшін, әсіресе жас әдебиетшілер үшін оқу, оқу және оқу керек дер едім. Жақсы шығарма жазып, аяғына дейін жеткізе алмай қалатындар болады. Оларға әдетте шеберлік жетпейді. Сол шеберлікті қажымай-талмай үйренбейінше болмайды. Бұл жай осындай біріккен мәслихаттарда да жан-жақты сөз болуға тұрады деп ойлаймын. 1955 Мұхтар Әуезов
05.12.2012 02:40 3869

Байсалды зерттеу қажет

Бұл мәслихатта мен баяндамашы да емеспін, арнаулы мәлімдеме жасаушы да емеспін. Мәжіліс үстінде келген кейбір ойларымды ғана ортаға салғым бар.

Ең алдымен айтайын дегенім, әдебиеттің міндеттері мен проблемаларына арналған бұл мәслихат еліміздің әдеби процестерін зерттеуде зор бастама болғалы отыр. Біздің республикаларымыздың алдында тұрған әдебиеттану ғылымының міндеттерін талқылауға арналған мұндай біріккен мәжіліс, менің білуімше, тұңғыш рет өтіп отырған сияқты.

Әдебиет атаулының бәрі өмірдің жемісі. Олай болса, Отанымыздағы әрбір жазушының, айталық, өзбек, қазақ, түрікмен жазушысының творчестволық жолы сол әдебиеттерге де, туысқан басқа әдебиеттерге де тән екені даусыз. Мен сондай жазушылардың бірі ретінде сөйлемекшімін.

Меніңше, совет әдебиетін зерттеуде өткен ғасырлардағы әдебиеттерді зерттеуден басқашарақ тәсіл қолдану керек тәрізді.

Сіздер, әдебиет тарихының очеркін жасаушы әдебиетшілер, көбінесе көзі тірі авторлар туралы жазасыздар. Сіздердің айтқан пікірлеріңіз, сындарыңыз, берген бағаларыңыз қорытылады, талданады, белгілі дәрежеде жұртшылықтың пікірі саналады. Сондықтан да сіздердің еңбектеріңіздің идеялық-ғылыми жағынан биік дәрежеде болуы шарт. Марксизм-ленинизм ілімі негізінде әдеби қозғалыстың, теориялық ойдың алға басуына көмектесулеріңіз шарт. Мейлінше терең жасалған ғылыми-тарихи очерк, монография ең әуелі жазушыларға көмек көрсете алатын болуы қажет. Шығарма көзі тірі адамдарға ескерткіш орнату үшін зерттелінбейтіндігі түсінікті. Осыған орай қаламдас достарымның — тәжік, түрікмен, өзбек, қырғыз, татар, қарақалпақ және қазақ жазушыларының артынан күнілгері ескерткіш қоятын бір жай бар деп білемін: біздің шығармаларымызды сыпаттағанда біз әдебиетшілерден құр мақтау сөз күтпейміз. Өйткені бұдан жұртшылыққа да, біздің творчествомызға да пайда аз. Әрбір жазушыға, оның еңбегіне барынша принципшіл, әділ, сыншыл, құпты қатынас болуы шарт. Сонда ғана сыншының еңбегі біздің құнарлы, соны шығармалар тудыруымызға, биікке шырқауымызға сеп бола алады. Ондай еңбектен біз мол ой - пікірге, әдебиеттану ғылымындағы жаңалықтарға қанығып, қаруланып отыратын болғымыз келеді.

Әрбір жазушы өзіне, өзінің шығармасына талапты мықтап қоюға тиіс. Жас кезінде, жаңа қалыптаса бастаған шағында, тіпті творчестволық жағынан әбден ер жеткен тұсында жазған шығармалардың да қайта қарауды, қайта өндеуді керек ететіні болады. Ал кейбір күрделі құнды шығармаларды өмір бойы өндей беруге тура келеді. Міне, солай болғандықтан да сіздердің "Очерктеріңіз" бізге мықтап қолғабыс тигізуге тиіс. Жеке шығармаларды байыпты талдап қана қоймай, жазушының болашағына көз жіберіп, дұрыс мегзеп, байсалды кеңес беріп отыруларыңыз керек.

Белинский, Добролюбов, Чернышевскийлер жазушыларға жанашыр дос болып, қоғамдық ой-пікірлерге мол үлес қоса білсе, шығармаларды ғана емес, сол шығармалардың геройларын зерттейтін совет әдебиетшілері творчестволық үлкен ой-пікірдің қалыптасуына көмектесуі тиіс.

Біздің әдебиетіміз — жас әдебиет. Онда проза, драматургия, журналистика, сын, тарихи-әдеби ғылым туа тұрса да, соның бәрі жетер жеріне жетіп болды, форма жағынан мінсіз деп айта алмаймыз.

Қазір тірі табыс деп жүрген нәрселердің ішінен мезгілдің сынына төтеп беретін қанша екенін де дәл айту қиын. Бүгін құнды көрініп отырған нәрселерді ертеңгі күн мойындамауы да ғажап емес. Біздің оқушыларымыз — аса шапшаң өсетін тамаша оқушылар. Олардың талғамы да зор болмақ. Бұлай болса, сан пікірі әдеби қозғалыстың алдында болуға керек. Маркстік-лениндік эстетикаға сүйенген біздің сынның бұған мүмкіншілігі де толық.

Бүгінгідей біріккен мәслихаттың әр кезеңде өтіп отырғаны мақұл сияқты. Байсалды ойлар айтылып, қызықты зерттеулер, байқаулар келтіріліп жатыр. Соған қоса мен әдебиет зерттеу ғылымының алдында тұрған мынадай міндеттерге баса назар аударғым келеді.

Біріккен мәслихаттарда, "Очерктерде" әрбір жазушының социалистік реализм әдісін меңгеру дәрежесі сипатталғаны жөн. Искусствоның нағыз реалистік шығармаларын — реалистік романдар, повестер, драмалар мен поэмалар жасау міндетін алға қойып отырған мақұл.

Дәстүр мен новаторство (жаңашылдық) проблемасы шығарманың халықтығына, халықтық дәстүрлерді өркендетуге байланысты көтерілсе деймін. Соның қатарында шеберлікті үйрену мәселесі де жүреді.

Шеберлік проблемасын сөз қылғанда, көркем шығарманың стилі мен тілін зерттеу міндеті есте болуы керек. Типтік проблемасы бүкіл совет әдебиетінің алдындағы жалпы теориялық міндеттер негізінде қаралуға тиіс. Әдебиеттердің өзара байланысы, интернационалдығы да үлкен проблема болмақ. Сол сияқты орыс тілінен басқа ұлт тілдеріне және сол ұлт тілдерінен орыс тіліне аудару проблемасы да біріккен мәслихаттарда кең сөз болмағы пайдалы.

Осылардың ішінен социалистік реализм әдісін игеру мәселесіне ерекше тоқталып өткім келеді. Мұнымен қатар реализмді стиль көлемінде ғана қалдырмай, кең мағынада түсіну керек. Менің ойымша, реализм деп өмір шындығын жеткізе білуді, сол өмір шындығын художество шындығына айналдыра білуді айтамыз. Әрбір художник сезімнің алуан қырлылығын түсінуге тиіс. Ойдың шыншылдығын, адамның жан дүниесінің шыншылдығын бұлжытпай бейнелеуге тиіс. Содан барып геройдың әрекеті шығады. Содан барып оның характері ашылады.

Біздің әдебиеттерде кейбір авторлар тақырыптың актуалдығымен, идеяның дұрыстығымен іс бітті деп ойлайды. Бірақ мұның бәрі нағыз реалистік искусство жасау үшін әлі жеткіліксіз екені даусыз емес пе? Коммунистік партияның қарарларында оқушыны қызықтырмайтын, тіпті ішін пысыратын, көркемдігі нашар шығармалар қатаң сыналып жүргені де сондықтан. Шын искусство оқушының бар ықыласын еріксіз аударып әкетеді. Оны тәтті сезімге, қиялға бөлейді. Ал кейде біздің шығармаларымыз идеялық мазмұн жағынан, заман шындығын суреттеу жағынан ақаусыз бола тұра, реалистік искусство дәрежесіне көтеріле алмайды. Схематизмге, натурализмге ұрынуы да кәдік. Олай болса, нағыз реалистік шығарма жасау үшін социалистік реализм әдісінің жоғары талаптарына сүйену керек, соған сай іздене білу керек. Міне, Түрікменстанның да, Қырғызстанның да, Қазақстанның да жазушыларының шығармаларын бағалауға осы тұрғыдан кірісу шарт. Мәселені осылай кең қойғанда ғана, бұған шеберлік проблемасы, үйрену проблемасы, өзінің ұлттық топырағында пайда болған дәстүр мен орыстың классикалық және қазіргі әдебиетінің озық дәстүрі сияқты көп-көп жайлар енеді.

Әрбір жазушының шеберлік дәрежесін, шығармаларының құндылығын осындай шарттар арқылы ғана анықтауға болады.

Бұл сияқты үлкен мәселелерді сөз еткенде, бүгінгі біздің біріккен мәслихаттың жұмысындағы кейбір кемшіліктерге соқпай кетуге болмайды. Менің ойымша, біріккен мәслихат жоғары дәрежеде өтті. Бірақ, сонымен қатар проблемалық мәселелерді талқылаудың орнына жалпы шолу да жасалынып отырды. Шығармалардың аттарын жіпке тізумен тынушылар да болды. Жеке шығармаларды, жеке жазушылардың творчестволық тәжірибелерін талдаумен немесе сол туралы хабар жасаумен тынғандар да болды. Тіпті XX ғасырдың басындағы, XIX ғасырдағы әдебиетке саяхат жасаушылар да болмай қалған жоқ. Ал біздің бұл біріккен мәслихаттың алдына қойылған міндет әбден нақты да, сара да еді. Әңгіме совет әдебиетінің очерктерін жасау жөнінде болуға керек еді. Әлбетте, әдебиеттің шыққан негіздерін сөз етуге әбден болады. Бірақ бұл жерде мәселені әліппеден бастаудың орайы қанша?

Біздің елімізде әрбір ұлт жазушыларының озық шығармалары орыс тіліне аударылады. Туысқан республикалардың оқушылары орыс тілінде Совет Одағындағы барлық жазушылардың шығармаларымен танысады. Мәселен, Ғафур Ғүлямді грузин оқыды. Сәбит Мұқановты латыш оқыды. Олай болса, осындай шығармалар турасында ғылыми зерттеу еңбектерін жазуға әрбір республикадағы әдебиетшінің мүмкіншілігі бар. Сол сияқты туысқан әдебиеттер жөнінде түрлі жоғары дәрежелі оқу орындарында көптеген диссертациялар қорғалуда. Мысалы, Москваның мемлекеттік университетінде жеке жазушылардың творчествосы туралы немесе қарақалпақ, өзбек, қазақ, тәжік, түрікмен әдебиеті сияқты туысқан әдебиеттердегі тың оқиғалар жөнінде талай кандидаттық диссертация қорғалды. Бұл жай Ленинградтың, Ташкенттің, Қырғызстанның, Түрікменстанның университеттерінде де бар. Әрине, сол еңбектердің бәрі баспада жариялауға түгел жарайды деген ойдан аулақпын. Бірақ сол монографиялардың, кандидаттық және докторлық диссертациялардың белгілі творчестволық проблеманы терең зерттеп, дәлелді шешкендері де жоқ емес. Біздің әдебиеттерімізді зерттеудің игілікті міндетін мойнына алған ғалымдар осы еңбектерді ескеруі қажет. Оның үстіне, айталық, қазақ әдебиетін қазақтың ғана зерттеуі, өзбек әдебиетін өзбектің ғана зерттеуі шарт емес. Әдебиеттерімізді зерттеуге Одақтың барлық әдебиетшілерін, айталық, орыс, украин, белорус сыншыларын көбірек тартқан жөн. Көптеген сыншылар, жазушылар, соның ішінде Фадеев, Тихонов, Симонов, Сурков сияқты озат орыс жазушылары біздің жеке жазушыларымыз жайында, біздің классиктеріміз жайында және әрбір жанрдағы табыстарымыз жайында бағалы ойлар, байсалды сындар айтқан. Солардың бәрі еске алынуға тиіс. Орталық баспасөзде — "Правданың" беттерінде, әдеби қалың журналдарда біздің әдебиет туралы әр кезде жауапты пікірлер айтылды. Біздің халықтар әдебиеттері тарихының "Очеркін" жасағанда осы сияқты даяр тұрған материалдар орнымен пайдаланылатын болсын.

Мәслихатта шеберлікті үйрену мәселесі көп сөз болды. Бұл әбден орынды деп білемін. Бұрын он өлең немесе бір - екі поэма жазған адам Жазушылар одағының мүшелігіне алынды. Екі повесть жазған адам республикадағы белгілі жазушының санатына қосылды. Бұның бәрі бізде жоғары дәрежелі көркем шығарманың аздығының, сыншыл ойдың жастығының салдарынан еді. Бірақ оңай шыққан атақ ұзақ жасай алмайтынын өмір көрсетіп келеді. Сондықтан да біздің әдебиетшілер үшін, әсіресе жас әдебиетшілер үшін оқу, оқу және оқу керек дер едім.

Жақсы шығарма жазып, аяғына дейін жеткізе алмай қалатындар болады. Оларға әдетте шеберлік жетпейді. Сол шеберлікті қажымай-талмай үйренбейінше болмайды. Бұл жай осындай біріккен мәслихаттарда да жан-жақты сөз болуға тұрады деп ойлаймын.

1955

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға