Жаңалықтар

Бағалы еңбек

Бағалы еңбек Қазақтың академиялық театры биылғы сезонын Әлжаппар Әбішевтің соңғы пьесасы "Бір семьяны" қоюмен аяқтады. Советтік репертуар жасауда қазақ драматургтері мен драмалық театрлар соңғы жылдар ішінде ұдайы олқылықта келген еді. "Бір семья" спектаклі жұртшылықтың жақсы бағасын аларлық толық сапасы бар, нәрлі табыс боп шықты. Реалистік сипаты келісті шыққан пьеса академиялық драма театрының сахнасында көптен күтілген, талап етілген, бірақ қолдан келмей жүрген анық маңызды, реалистік спектакль туғызуға себепші болды. "Бір семья" пьесасын жазушы жұртшылығы алғашқы вариантынан-ақ тәуір бағалаған еді. Драматургияның табыстары аздығын айтқанда, Әлжаппардың "Достық пен махаббаты" және осы "Бір семьясы" көрнекті жаңалықтай ауызға алынып келген-ді. Өткен қыстағы Жазушылар одағы пленумында, жақында болып өткен қазақ әдебиетінің онкүндігінде Қазақстан жазушылары жасаған баяндамалардың бәрінде осы соңғы пьесаға жақсы үміт артылған-ды.   Бірақ сахна - сыншы. Театр - таразы. Соңғы сөз театрда соңғы шымылдық жабыла бере айтылады. Оқушының көзінен көрушінің көзі көреген келеді. Сөйтіп, пьесаның байлаулы бағасы спектакльмен қабат айтыла жүретін дағды бар. Мынау пьеса жөнінде сол алдыңғы үміт пен соңғы сын қабысқандай. Ол "Бір семья" пьесасының ой қозғарлық маңызынан туып отыр.   Пьесаның қасиеті реалистік толық нәрінен тарайды. Идея мен образдар бұл пьесада жалған тартыспен, үстірт бояумен суреттелмеген. Ізденгіш ойлар жаңаша өрістеп, өрлейді. Социалистік реализм - өмір, еңбек, талаптың үлкен арнасымен қадам басқан совет адамын бейнелеуді тілейді. Ол үлкен арна партия ұранына, социалистік құрылыс мүддесіне өзінің өнерін, қайратын, адамгершілік қасиет, қабілетін молынан жұмсаған жандардың тартысынан туады.   "Бір семьяда" тартыстың екі арнасы бар. Ұлы арна мен қосалқы арналар. Драмалық шығармаға заңды, келісті бітім беретін қос арна. Бұндағы басты геройлар: Айдос, Жанар, Кремлев, Богдановтар зор мүдделі, ауыр салмақты, әлеумет ісінде сыналып, шыңдалады. Еңбекпен сыналады. Пьесаның үлкен тартысы мен асыл арманы осында. Және де сол адамдар өмірлік шындық, тартыс талқысында өздерінің адамдық сипаттарын танытады. Партия тәрбиесінен, отаншылдық дәстүрден көп үлгі, өнеге алып, жаңғырып өскен жаңа адамның ішкі бейнесі көрінеді. Пьесаның өндіріске арналған еңбек арқауы - теңіз жасауда. Оған қайрат ететіндер: Айдос, Богданов, Жанар және көп көмекші достар, оның үстіне көп халық. Кремлев доктор - сол құрылыс қайраткерлерінің зор көмекшісі, емші қамқоры. Айдос - үлкен қайрат, берік мінез, толық білім иесі. Ол соғыс арқылы өмірдің ауыртпалығын қатты татқан адам. Көп жапа шеккен жан. Жақындары үшін оның тағдыры бір жара болса, өзі бейбітшілік тірлікке де ауыр жарамен қайтқан адам. Бірақ ол сынбаған, күйремеген. Сау сана, сергек қуаты бар істің адамы боп, алдыңызға шығады. Үлкен қайраткер тұлғасын көрсетеді. Осы Айдос пен Жанар, Кремлев үшеуінің арасы пьесадағы үлкен тартыспен, еңбек тартысымен қатар жүретін екінші бір адамдық тартысты көрсетеді. Пьесаның екінші арқауы осыдан туады.   Жанар да сыр-сымбатқа, азаматтық қасиетке толы адам. Ол колхозшы жұртшылықтың тандап тауып, жауапты орынға лайығымен көтерген адамы. Сол жауаптылығына сай оның істе, өндірісте үлкен ерлігі бар. Партия басшылығының (Богдановтың) тапсыруы бойынша, оның колхозы 30 мыңдаған колхозшының көсем тобы болады. Үлгілі, қажырлы, басшы топқа айналады. Пьесаның басынан аяғына шейін сол өскелең жеңімпаздық қалпынан Жанар төмендемейді. Бұл оның совет азаматы болған әлеуметтік сипаты.   Кремлев - орыс халқының тәрбиелі, адал, әділ, білімпаз ұлы. Ол совет адамдары арасындағы бар мінезде, жаңа дәстүрде, өмір шындығында барынша жарқырап табылатын адам. Жайдары, дос-жар жүрегі бар зор қасиет иесі. Өзі білгіш және еңбек елінің үлкен тартыс (соғыс, құрылыс) үстіндегі айнымас жәрдемшісі, қажымас досы. Ары таза, арқалығы биік біткен бейне.   Осы үш адам әрі үлкен өндірісте өздерінің білім, қажымайтын азаматтығын жақсы алып жүріп, әрі сонымен қатар үшеуінің арасына түскен бір жарықшақ жөнінде іштерін ашу шарт. Пьесаның негізгі екі арқауы, сайып келгенде, осы үшеуіне тіреледі. Ал, араларындағы сол жарықшақ турасында бұл үшеуі айыпты ма? Айдос өзі келмес бұрын болған халге мүлде айыпты емес. Бұрын бір хал - Кремлев пен Жанар арасында болғаны анық. Бірақ ол серттен аспаған сыр еді. Кінәлі жол мен жүрек, сезім кірлеткен адамдар бұл екеуі емес-ті. "Айдос өлді" деген хабардың соңынан туған табиғи хал есепті болатын. Жақсы адамдар арасындағы жақсы бір қадірлестік, дос сыйластық қалпынан аспаған үлкен серт - өмірлік серт еді.   Бұл жөнде Жанарды да, Кремлевті де мінді адамдар деп айту қиын. Әйтсе де осыдан туған түйін бар. Ол арзан тартыс емес. Жақсы, адал, ақкөңіл, ірі бітімді адамдар арасында туған түйткіл-түйін болғандықтан әсіресе арзан емес-ті. Советтің жақсы үй ішінде, жарқын достарының арасында үлкен шыншылдық, турашылдық бар. Қалтқысыз ашық, айқын достық бар. Оның бәрі ақаусыз, сызатсыз болсын. Белгілі адам, белгілі үй іші ойдағыдай нәрлі күйде болуы үшін айнадай тазалық болсын. Ол тазалық биік бағалансын, зор қасиет деп аталсын. Бұл - совет адамдарының моралы. Және бұрынғы үй іштері білмеген қасиет, социалистік қарым-қатынастың жаңа адам нәсілін жаңаша қалыптауынан туған зор тазалық. Бұлар істері лас, айыптары үлкен болғандықтан азапқа түскен адамдар емес. Ішкі қасиет пен талаптары, адамгершіліктері бойынша өздеріне өздері қоятын шарттары, ар қарыздары мол болғандықтан туған ауыр күй, қиын тартыс бар. Осы алуандас өзгеше халді Әлжаппар анық ойлы жазушы боп, шеберлігі өскен, реалистік шындықпен көрсете білген.   Ол пьесаның үш адам арасына арналған көріністерінің көбі психологиялық шебер түйіндерге соғады. Көңілге қонымды, болмысқа дәл үйлесетін тартыстар тудырып отырады.   Адам психологиясы бар да, бірақ күйректікке түскен психологизм жоқ. Бұлардың арасында дарашылдықтан туған, ұсақ менменшілдіктен пайда болған міндер, мінездер жоқ. Бәрі кесек адамгершілік үшін алысатын болғандықтан, өздерін кей мінездер тұсында сүрінгендей санайды. Айдос тірі боп қайтқан соң, Жанар Кремлевке берген серті арқылы сондай сүрінген адам қалпында жүреді. Өзін-өзі ойда жоқ ауыртпалыққа шырмап алғандай қиналады. Толғануда, толқуда жүреді. Бұның жүрегінде, сол қалпының өзінде де мол ұялаған жақсылық, тазалық бар екені байқалады. Адамшылығына кір жұқтырған, арының ақауы бар адамдар бұлар емес. Жаратылысында мінді, жарықшағы бар жандар емес. Драманы анық міні бар жандардың тартысына құрса, жазушы теріс жолға түскен болар еді. Мынада біз кейбір өмір талқысы қиындыққа салған жақсы адамдарды көреміз. Және әсіресе сол қиындықты бұларға жеңгізуге себепші болған. Осы адамдардың жүрегіндегі, мінезіндегі советтік тәрбиенің жақсы сыпаттарын тани түсеміз. Олардың арасын шатастырған халде жайшылықтағы бейбіт өмірдің күндегі болмысы емес. Кешегі қанды жолдан, жау салған әлектен туған қиындық. Жаралы, өлмелі боп қайтқан Айдос жүрегінде "мені сақтаса нетті" деген жазықсыз наз болуы заңды. Бірақ ол белгілі, мөлшерлі кезге шейін ғана заңды.   Жанар болса, Айдос қаза тапты деген хабарға көп қайғыра жүріп, оны ұмытпай жалын жұта жүріп-ақ, ол қазаның шындығына иланғандығынан жазықты. Өз жүрегінен Айдостың бейнесін, елесін бірде-бір өшірген Жанар жоқ еді. Ал, Кремлев Айдос алдында мүлде жазықты емес.   Үшеуі де іші жазықты кісілер емес. Бірақ сыртқы қарым-қатынастарында бастарына қиын салмақ түскен кісілер болады. Осылардың арасындағы хал анық драма екені даусыз. Пьеса көруге қызықты болғанда, осындай өмір шындығынан туған драмалық конфликті айқын болғандықтан қызықты.   Сонымен қатар бұл пьесаның тағы бір қасиеті, осы адамдар арасындағы драманы дауасы жоқ түйін етіп жасамаған. Буржуазиялық драманың шешілмес түйініне душар болған, тағдыры тапталған, дарашыл жандар драмасы бұнда жоқ. Бұл жасанды драма да емес, өмір шындығы басым көрінген тартыс бар. Советтік пьесаның реалистік дәлелді тартысы өрбиді. Жасанды драмадан реалистік шығарма тумайды. Жалған тартыс, жалған психология, адам нанбас мінез - схема туады.   Әлжаппар пьесасының қасиеті көңілге қонымды шындығында. Бұл түйін осы геройлардың бас қосып отырып, бір сөйлесуімен шешілмейтін түйін. Сөзбен ұшықтап, жадыратып жіберетін арзан, жалған күдіктер емес. Мезгіл емдеп, еңбек, адамгершілік қасиеттер ашыла түсу арқылы ұзақ барып шешіле түсетін түйіндер деп тану керек.   Пьесада осы адамдардың бас өмірінен өздеріне қымбаттырақ көрінетін қоғамдық, отандық еңбектері бар. Сол биіктеп өсіп, өз мұратына жеткенде, бұл адамдар өздері де іштен түлеп, өзгеріп, асылданып, жаңғыра береді. Өзінше асылдың шыныққанындай сыпаттар табылады. Түлеп өскен қалпында бұлардың арасында жүрген жаралары сол түлеген терімен бірге түскендей болады. Мезгіл емдейді, адамгершілік қасиет бір кезде жаңсақ басылған аяқтың қаталығын түзейді.   Осы тартыстар бойында бұл адамдар үнемі қатесіз боп отырмайды. Психологиялық, реалистік дәрежеде көңілге қонымды болып ашыла отырып, кейбіреулерінің сәл адасқан қателіктері көрінеді. Мысалы, Айдос ең соңғы сәтке шейін Жанарды кінәлаған өкіміне сын жасай алмай келеді. Жанар Кремлевтің Айдосқа операция жасауын көпке шейін мақұл көрмей келеді. Бұл екеуінің осы жаңылыс қателіктері де оларды айыпты ететін мінездер емес. Екеуінің де сол күндерде, сол халдер мен іс-мінездер үстіндегі өзіндік ерекше психологияларынан туатын қателесуі болады.   Осы адамдарды үлкен еңбекке, оптимистік қажырлы тартысқа сезімталдық, көрегендікпен бастай білген партия басшылығы енді екеуінің жаңағы жаңсақ түсініктерін де түзейді. Үлкен арнадағы еңбек жеңіп шыққанда, пьесаның екінші арқауы да шешіліп, жадырайды. Сөйтіп, пьесаның бар тартысы бастан-аяқ өзінше дәлелді байланыстармен келісті боп құралған шебер композицияны көрсетеді. Бір арқау ілгері, бір арқау кейін жатқан олпы-солпылық жоқ.   Реалистік пьесаның тілі де, әр адамға берілген сөз, мінездемесі де, ой-сезімдері тегіс жағымды, қонымды жазылған.   Әлжаппар "Бір семья" пьесасымен қазақ совет әдебиетінің соңғы жылдардағы өсуіне, жаңалық табыстарына елеулі еңбек қосты. Жаңа тақырыпты жақсы меңгерді. Ұлы еңбек майданында партия басшылығымен ұлы қасиеттер көрсетіп жатқан совет қайраткерлерінің үлгілі бейнесін көрсетуде "Бір семья" пьесасын анық бағалы табыстың бірі деп санай аламыз. Барлық көркем әдебиетке шарт болған социалистік реализм әдісін жазушының терең түсініп, жақсы қолданып өскенін көреміз. Бұл еңбекте ізденумен өскен өнімді ойлар бар. Пьеса - ойлы, саналы пьеса. Сол себепті "Бір семья" пьесасы әлі де ойдағыдай тола түсу үшін, кейбір даулы жайларын, кемшіліктерін де айта кету керек.   Ең алдымен, пьесаның композициялық құрылысында, тартыстың өсіп жеткен шырқау сатысында дау айтқызатын бір жай бар. Ол - Кремлев, Жанар, Айдос үшеуінің арасындағы халді операция столында шешу. Осы пьеса көлемінде бұл халдер осылайша шешілуге тиіс болғанмен де, дәл осындай драмалық түйін бұрын советтік бірнеше пьесада болып өткен еді. Ең әуелі сондай хал Корнейчуктің "Платон Кречетінде" жазылған. Кейін Гусевтің "Слава" деген пьесасында осы хал қайталанғанда, сын пікірлер сол қайталауды "еліктеу" деп, мінеп сөйлеген болатын.   Әлжаппардың өз шығармаларында да геройлар арасындағы кей тартысты осылайша шешкен мысалдар бар еді. Сондықтан мынандай тың тақырыпты жаңа талаппен, жаңаша, соны жолмен шешемін деген творчестволық іздену үстінде бұрын бірнеше рет кәдеге жараған, бірақ өзінше схема боп қалған әдісті қайталау керек емес еді.   Еліктеу - үйренудің, үлгі алудың шебер жолы емес, оңай сатысы. Ол - соқпаққа түсу. Әр соқпақ жазушы үшін - қайталау. Аз ізденудің айғағындай болады. Онан соңғы кемшілік: екінші қатардағы кейіпкерлер жөнінде байқалады. Бұлардың ішінде толық жетіліп болмаған, босаң бейнеленген адамдар бар. Сол қатарда Дәурен, Күлпан, Балқия образдарын атауға болады. Бұларға жас нәсілдің өкілдері болғандықтан, жаңа мінез, қызғылықты сипаттар бере түсу шарт еді.   Жақсылардың жақсылықтары да әр алуан болу керек. Шынайы толыққанды, реалистік шығарманың бар түйіні де, тіпті түймесі де өзінше толық қалыптансын. Жақсы Таусоғар, жақсы ана бейнелерімен қатар, Айдос, Богдановтар образдарымен қатар, мынау жастардың жақсылықтары өздеріне тән, асыл нышан көрсетсін. Жаңа буынның жаңалық лебі аңқып, танылып тұрса, келісе түсер еді.   Қоқым сияқты адамның да суреттелуінде олқылық бар. Ол алғашқы перденің бойында жағымсыз кейіпкер болып, маскүнемдікке салынады. Бытқыма берекесіз боп жүреді. Жақсылық пен жамандықтың екі аралығында "тең тарта" жүрген, құнарсыз адам. Кейін сол Қоқым жақсы адам болып шығады. Бірақ Қоқым образы сөзде, драмалық мінезде, типтік айқындықта қай кезеңінде қызықты десеңіз, өкінішті болса да, жазушыға жәйсіз қорытынды жасатады. Сахналық, драмалық сипаты жағынан алғанда, жазушының бояуды мәнерлеп, қызықты етіп беру жағынан қарағанда, алғашқы пердедегі жағымсыз Қоқым кейінгі түзелген Қоқымнан әлдеқайда айқын, есте қалғыш боп суреттелген. Түзеліп, жақсылыққа бейімделген Қоқым күлдіргі сөзден, өзгеше мінезден тегіс ажырап, образ болмай, құр ғана бір сүлдер боп қалады.   Әлжаппарда жақсы мысқыл да бар. Өзіндік өзгешелігімен жасаған кейіпкерлеріне әзіл-мысқылды әдемі, қонымды, тиімді етіп бере алады. Бұл жағынан қарағанда, Жаңыл образы бастан-аяқ толықша сипатталған деуге болады.   Жалпы алғанда, "Бір семья" пьесасы жаңағы саналған кейбір кемшіліктеріне қарамастан, Қазақстанның советтік драматургиясының өсу жолында көп жағынан көркемдік тауып, жақсы қалыптанған бағалы табысының бірі деп саналу керек.   Академиялық драма театры коллективіне жаңа тақырыпты, татымды шығармалар беру жөнінде біздің көбіміз мол қарыздармыз.   Жақсы пьесаны жұртшылықпен қоса, достық пейілмен аңсап, тілейтін біздің академиялық театрдың коллективі қолына тиген пьесаның бағалы сапасы болса, оны биік өріске көтере түсіп көрсетуге театрдың барын салатыны мәлім.   "Бір семья" пьесасын, жалпы алғанда, театр коллективі толық көріктеп көрсетуге тырысқан. Суретші жасаған декорацияда ұқыпты, жинақты көріктілік бардай, спектакльдің барлық элементтерінде осындай біркелкі, тұтас, көркем бітім бар. Бытыранды, құрама, аламаштық жоқ. Спектакльдің композициясы да пьесаның өзекті ой-сезімдерімен үнемі үндес, үйлес шыққан. Автор мен театр бір-біріне жақсы түрде иық сүйескені байқалады, ұғысқаны сезіледі. Театр коллективі пьесаның сахнаға толыса түсіп, шынығып шығуына да еңбек еткен. "Бір семья" автор мен театрдың бірігіп іздену, толғануы нәтижесінде туған табыс.   Спектакльді қоюшы Дьяков жолдас реалистік спектакль жасау жөнінде көркем шындықты көп іздегенге ұқсайды. Спектакльдің жұртшылық бағасына татырлық, көркем қызықты боп шығуы да сол ізденудің көп талабы табылғанын байқатады.   Жанар рөлінде Римова жауапты еңбекке жаңа шыққан болса да, қолынан елеулі өнер келетін қайраткер екенін көрсетті. Оның дауысында, жүзінде көп сезімдік, сипаттарында - көрушіні иландырып тартатын шындық бар. Жасандылық аз. Қонымды әрекеттері реалистік пьесаның негізгі, мағыналы бояуларын көңілге сенімді етіп жеткізеді. Осындай мінез, әрекет Айдостың рөліндегі Өгізбаев бейнесінен де айқын, әсерлі боп көрінеді.   Кремлев рөлінде Әділшинов спектакльдің көрікті бояуын көтеріп, сүйеуге жараған еңбек көрсетті деуге болады. Өз образдарының көлемінде Елебекова (ана), Жандарбекова (Балқия), Қойшыбаева (Жаңыл) сенімді түрде ойнап, көрушіге рольдегі бар сипатты толық жеткізе білді.   Таусоғар роліндегі Толыбаев туралы да осыны айтуға болады. "Бір семья" спектаклінде ойнап жүрген образдарымен әлі қабысып, үйлесіп болмаған, сол себепті ол образдардың пьесадағы салмағына сай әрекет көрсете алмай жүрген екі актер бар. Ол - Богданов роліндегі Сыздықов, Мәжел роліндегі Сәлменов. Телғараевқа Қоқым образының өзі екіұдай болғандықтан, әзірше қояр кінә да жоқ.   Қорыта келгенде, академиялық драма театры келесі сезонын бастағанда "Бір семья" спектаклін үлкен ықылас, бейілмен тағы да толық еңбек қоса түсіп, биік дәрежеде қолға алуына керек. "Бір семья" спектаклі қоюшы режиссердің де, ойнаушы барлық актерлердің де өсіре еңбек етуіне татитын спектакль екенін ұмытпау керек.   Соңғы жылдардың репертуарына кіріп жүрген қазақша пьесалардың көбінің қатарынан "Бір семья" сияқты спектакльді жоғары бағалау шарт. Оны көп еңбек сіңіріп, жаңғыртып өсіре түсу - автордың да, театр коллективінің де міндеті.   Мұхтар Әуезов
05.12.2012 02:37 5799

Бағалы еңбек

Қазақтың академиялық театры биылғы сезонын Әлжаппар Әбішевтің соңғы пьесасы "Бір семьяны" қоюмен аяқтады. Советтік репертуар жасауда қазақ драматургтері мен драмалық театрлар соңғы жылдар ішінде ұдайы олқылықта келген еді. "Бір семья" спектаклі жұртшылықтың жақсы бағасын аларлық толық сапасы бар, нәрлі табыс боп шықты. Реалистік сипаты келісті шыққан пьеса академиялық драма театрының сахнасында көптен күтілген, талап етілген, бірақ қолдан келмей жүрген анық маңызды, реалистік спектакль туғызуға себепші болды.

"Бір семья" пьесасын жазушы жұртшылығы алғашқы вариантынан-ақ тәуір бағалаған еді. Драматургияның табыстары аздығын айтқанда, Әлжаппардың "Достық пен махаббаты" және осы "Бір семьясы" көрнекті жаңалықтай ауызға алынып келген-ді. Өткен қыстағы Жазушылар одағы пленумында, жақында болып өткен қазақ әдебиетінің онкүндігінде Қазақстан жазушылары жасаған баяндамалардың бәрінде осы соңғы пьесаға жақсы үміт артылған-ды.

 

Бірақ сахна - сыншы. Театр - таразы. Соңғы сөз театрда соңғы шымылдық жабыла бере айтылады. Оқушының көзінен көрушінің көзі көреген келеді. Сөйтіп, пьесаның байлаулы бағасы спектакльмен қабат айтыла жүретін дағды бар. Мынау пьеса жөнінде сол алдыңғы үміт пен соңғы сын қабысқандай. Ол "Бір семья" пьесасының ой қозғарлық маңызынан туып отыр.

 

Пьесаның қасиеті реалистік толық нәрінен тарайды. Идея мен образдар бұл пьесада жалған тартыспен, үстірт бояумен суреттелмеген. Ізденгіш ойлар жаңаша өрістеп, өрлейді. Социалистік реализм - өмір, еңбек, талаптың үлкен арнасымен қадам басқан совет адамын бейнелеуді тілейді. Ол үлкен арна партия ұранына, социалистік құрылыс мүддесіне өзінің өнерін, қайратын, адамгершілік қасиет, қабілетін молынан жұмсаған жандардың тартысынан туады.

 

"Бір семьяда" тартыстың екі арнасы бар. Ұлы арна мен қосалқы арналар. Драмалық шығармаға заңды, келісті бітім беретін қос арна. Бұндағы басты геройлар: Айдос, Жанар, Кремлев, Богдановтар зор мүдделі, ауыр салмақты, әлеумет ісінде сыналып, шыңдалады. Еңбекпен сыналады. Пьесаның үлкен тартысы мен асыл арманы осында. Және де сол адамдар өмірлік шындық, тартыс талқысында өздерінің адамдық сипаттарын танытады. Партия тәрбиесінен, отаншылдық дәстүрден көп үлгі, өнеге алып, жаңғырып өскен жаңа адамның ішкі бейнесі көрінеді. Пьесаның өндіріске арналған еңбек арқауы - теңіз жасауда. Оған қайрат ететіндер: Айдос, Богданов, Жанар және көп көмекші достар, оның үстіне көп халық. Кремлев доктор - сол құрылыс қайраткерлерінің зор көмекшісі, емші қамқоры. Айдос - үлкен қайрат, берік мінез, толық білім иесі. Ол соғыс арқылы өмірдің ауыртпалығын қатты татқан адам. Көп жапа шеккен жан. Жақындары үшін оның тағдыры бір жара болса, өзі бейбітшілік тірлікке де ауыр жарамен қайтқан адам. Бірақ ол сынбаған, күйремеген. Сау сана, сергек қуаты бар істің адамы боп, алдыңызға шығады. Үлкен қайраткер тұлғасын көрсетеді. Осы Айдос пен Жанар, Кремлев үшеуінің арасы пьесадағы үлкен тартыспен, еңбек тартысымен қатар жүретін екінші бір адамдық тартысты көрсетеді. Пьесаның екінші арқауы осыдан туады.

 

Жанар да сыр-сымбатқа, азаматтық қасиетке толы адам. Ол колхозшы жұртшылықтың тандап тауып, жауапты орынға лайығымен көтерген адамы. Сол жауаптылығына сай оның істе, өндірісте үлкен ерлігі бар. Партия басшылығының (Богдановтың) тапсыруы бойынша, оның колхозы 30 мыңдаған колхозшының көсем тобы болады. Үлгілі, қажырлы, басшы топқа айналады. Пьесаның басынан аяғына шейін сол өскелең жеңімпаздық қалпынан Жанар төмендемейді. Бұл оның совет азаматы болған әлеуметтік сипаты.

 

Кремлев - орыс халқының тәрбиелі, адал, әділ, білімпаз ұлы. Ол совет адамдары арасындағы бар мінезде, жаңа дәстүрде, өмір шындығында барынша жарқырап табылатын адам. Жайдары, дос-жар жүрегі бар зор қасиет иесі. Өзі білгіш және еңбек елінің үлкен тартыс (соғыс, құрылыс) үстіндегі айнымас жәрдемшісі, қажымас досы. Ары таза, арқалығы биік біткен бейне.

 

Осы үш адам әрі үлкен өндірісте өздерінің білім, қажымайтын азаматтығын жақсы алып жүріп, әрі сонымен қатар үшеуінің арасына түскен бір жарықшақ жөнінде іштерін ашу шарт. Пьесаның негізгі екі арқауы, сайып келгенде, осы үшеуіне тіреледі. Ал, араларындағы сол жарықшақ турасында бұл үшеуі айыпты ма? Айдос өзі келмес бұрын болған халге мүлде айыпты емес. Бұрын бір хал - Кремлев пен Жанар арасында болғаны анық. Бірақ ол серттен аспаған сыр еді. Кінәлі жол мен жүрек, сезім кірлеткен адамдар бұл екеуі емес-ті. "Айдос өлді" деген хабардың соңынан туған табиғи хал есепті болатын. Жақсы адамдар арасындағы жақсы бір қадірлестік, дос сыйластық қалпынан аспаған үлкен серт - өмірлік серт еді.

 

Бұл жөнде Жанарды да, Кремлевті де мінді адамдар деп айту қиын. Әйтсе де осыдан туған түйін бар. Ол арзан тартыс емес. Жақсы, адал, ақкөңіл, ірі бітімді адамдар арасында туған түйткіл-түйін болғандықтан әсіресе арзан емес-ті. Советтің жақсы үй ішінде, жарқын достарының арасында үлкен шыншылдық, турашылдық бар. Қалтқысыз ашық, айқын достық бар. Оның бәрі ақаусыз, сызатсыз болсын. Белгілі адам, белгілі үй іші ойдағыдай нәрлі күйде болуы үшін айнадай тазалық болсын. Ол тазалық биік бағалансын, зор қасиет деп аталсын. Бұл - совет адамдарының моралы. Және бұрынғы үй іштері білмеген қасиет, социалистік қарым-қатынастың жаңа адам нәсілін жаңаша қалыптауынан туған зор тазалық. Бұлар істері лас, айыптары үлкен болғандықтан азапқа түскен адамдар емес. Ішкі қасиет пен талаптары, адамгершіліктері бойынша өздеріне өздері қоятын шарттары, ар қарыздары мол болғандықтан туған ауыр күй, қиын тартыс бар. Осы алуандас өзгеше халді Әлжаппар анық ойлы жазушы боп, шеберлігі өскен, реалистік шындықпен көрсете білген.

 

Ол пьесаның үш адам арасына арналған көріністерінің көбі психологиялық шебер түйіндерге соғады. Көңілге қонымды, болмысқа дәл үйлесетін тартыстар тудырып отырады.

 

Адам психологиясы бар да, бірақ күйректікке түскен психологизм жоқ. Бұлардың арасында дарашылдықтан туған, ұсақ менменшілдіктен пайда болған міндер, мінездер жоқ. Бәрі кесек адамгершілік үшін алысатын болғандықтан, өздерін кей мінездер тұсында сүрінгендей санайды. Айдос тірі боп қайтқан соң, Жанар Кремлевке берген серті арқылы сондай сүрінген адам қалпында жүреді. Өзін-өзі ойда жоқ ауыртпалыққа шырмап алғандай қиналады. Толғануда, толқуда жүреді. Бұның жүрегінде, сол қалпының өзінде де мол ұялаған жақсылық, тазалық бар екені байқалады. Адамшылығына кір жұқтырған, арының ақауы бар адамдар бұлар емес. Жаратылысында мінді, жарықшағы бар жандар емес. Драманы анық міні бар жандардың тартысына құрса, жазушы теріс жолға түскен болар еді. Мынада біз кейбір өмір талқысы қиындыққа салған жақсы адамдарды көреміз. Және әсіресе сол қиындықты бұларға жеңгізуге себепші болған. Осы адамдардың жүрегіндегі, мінезіндегі советтік тәрбиенің жақсы сыпаттарын тани түсеміз. Олардың арасын шатастырған халде жайшылықтағы бейбіт өмірдің күндегі болмысы емес. Кешегі қанды жолдан, жау салған әлектен туған қиындық. Жаралы, өлмелі боп қайтқан Айдос жүрегінде "мені сақтаса нетті" деген жазықсыз наз болуы заңды. Бірақ ол белгілі, мөлшерлі кезге шейін ғана заңды.

 

Жанар болса, Айдос қаза тапты деген хабарға көп қайғыра жүріп, оны ұмытпай жалын жұта жүріп-ақ, ол қазаның шындығына иланғандығынан жазықты. Өз жүрегінен Айдостың бейнесін, елесін бірде-бір өшірген Жанар жоқ еді. Ал, Кремлев Айдос алдында мүлде жазықты емес.

 

Үшеуі де іші жазықты кісілер емес. Бірақ сыртқы қарым-қатынастарында бастарына қиын салмақ түскен кісілер болады. Осылардың арасындағы хал анық драма екені даусыз. Пьеса көруге қызықты болғанда, осындай өмір шындығынан туған драмалық конфликті айқын болғандықтан қызықты.

 

Сонымен қатар бұл пьесаның тағы бір қасиеті, осы адамдар арасындағы драманы дауасы жоқ түйін етіп жасамаған. Буржуазиялық драманың шешілмес түйініне душар болған, тағдыры тапталған, дарашыл жандар драмасы бұнда жоқ. Бұл жасанды драма да емес, өмір шындығы басым көрінген тартыс бар. Советтік пьесаның реалистік дәлелді тартысы өрбиді. Жасанды драмадан реалистік шығарма тумайды. Жалған тартыс, жалған психология, адам нанбас мінез - схема туады.

 

Әлжаппар пьесасының қасиеті көңілге қонымды шындығында. Бұл түйін осы геройлардың бас қосып отырып, бір сөйлесуімен шешілмейтін түйін. Сөзбен ұшықтап, жадыратып жіберетін арзан, жалған күдіктер емес. Мезгіл емдеп, еңбек, адамгершілік қасиеттер ашыла түсу арқылы ұзақ барып шешіле түсетін түйіндер деп тану керек.

 

Пьесада осы адамдардың бас өмірінен өздеріне қымбаттырақ көрінетін қоғамдық, отандық еңбектері бар. Сол биіктеп өсіп, өз мұратына жеткенде, бұл адамдар өздері де іштен түлеп, өзгеріп, асылданып, жаңғыра береді. Өзінше асылдың шыныққанындай сыпаттар табылады. Түлеп өскен қалпында бұлардың арасында жүрген жаралары сол түлеген терімен бірге түскендей болады. Мезгіл емдейді, адамгершілік қасиет бір кезде жаңсақ басылған аяқтың қаталығын түзейді.

 

Осы тартыстар бойында бұл адамдар үнемі қатесіз боп отырмайды. Психологиялық, реалистік дәрежеде көңілге қонымды болып ашыла отырып, кейбіреулерінің сәл адасқан қателіктері көрінеді. Мысалы, Айдос ең соңғы сәтке шейін Жанарды кінәлаған өкіміне сын жасай алмай келеді. Жанар Кремлевтің Айдосқа операция жасауын көпке шейін мақұл көрмей келеді. Бұл екеуінің осы жаңылыс қателіктері де оларды айыпты ететін мінездер емес. Екеуінің де сол күндерде, сол халдер мен іс-мінездер үстіндегі өзіндік ерекше психологияларынан туатын қателесуі болады.

 

Осы адамдарды үлкен еңбекке, оптимистік қажырлы тартысқа сезімталдық, көрегендікпен бастай білген партия басшылығы енді екеуінің жаңағы жаңсақ түсініктерін де түзейді. Үлкен арнадағы еңбек жеңіп шыққанда, пьесаның екінші арқауы да шешіліп, жадырайды. Сөйтіп, пьесаның бар тартысы бастан-аяқ өзінше дәлелді байланыстармен келісті боп құралған шебер композицияны көрсетеді. Бір арқау ілгері, бір арқау кейін жатқан олпы-солпылық жоқ.

 

Реалистік пьесаның тілі де, әр адамға берілген сөз, мінездемесі де, ой-сезімдері тегіс жағымды, қонымды жазылған.

 

Әлжаппар "Бір семья" пьесасымен қазақ совет әдебиетінің соңғы жылдардағы өсуіне, жаңалық табыстарына елеулі еңбек қосты. Жаңа тақырыпты жақсы меңгерді. Ұлы еңбек майданында партия басшылығымен ұлы қасиеттер көрсетіп жатқан совет қайраткерлерінің үлгілі бейнесін көрсетуде "Бір семья" пьесасын анық бағалы табыстың бірі деп санай аламыз. Барлық көркем әдебиетке шарт болған социалистік реализм әдісін жазушының терең түсініп, жақсы қолданып өскенін көреміз. Бұл еңбекте ізденумен өскен өнімді ойлар бар. Пьеса - ойлы, саналы пьеса. Сол себепті "Бір семья" пьесасы әлі де ойдағыдай тола түсу үшін, кейбір даулы жайларын, кемшіліктерін де айта кету керек.

 

Ең алдымен, пьесаның композициялық құрылысында, тартыстың өсіп жеткен шырқау сатысында дау айтқызатын бір жай бар. Ол - Кремлев, Жанар, Айдос үшеуінің арасындағы халді операция столында шешу. Осы пьеса көлемінде бұл халдер осылайша шешілуге тиіс болғанмен де, дәл осындай драмалық түйін бұрын советтік бірнеше пьесада болып өткен еді. Ең әуелі сондай хал Корнейчуктің "Платон Кречетінде" жазылған. Кейін Гусевтің "Слава" деген пьесасында осы хал қайталанғанда, сын пікірлер сол қайталауды "еліктеу" деп, мінеп сөйлеген болатын.

 

Әлжаппардың өз шығармаларында да геройлар арасындағы кей тартысты осылайша шешкен мысалдар бар еді. Сондықтан мынандай тың тақырыпты жаңа талаппен, жаңаша, соны жолмен шешемін деген творчестволық іздену үстінде бұрын бірнеше рет кәдеге жараған, бірақ өзінше схема боп қалған әдісті қайталау керек емес еді.

 

Еліктеу - үйренудің, үлгі алудың шебер жолы емес, оңай сатысы. Ол - соқпаққа түсу. Әр соқпақ жазушы үшін - қайталау. Аз ізденудің айғағындай болады. Онан соңғы кемшілік: екінші қатардағы кейіпкерлер жөнінде байқалады. Бұлардың ішінде толық жетіліп болмаған, босаң бейнеленген адамдар бар. Сол қатарда Дәурен, Күлпан, Балқия образдарын атауға болады. Бұларға жас нәсілдің өкілдері болғандықтан, жаңа мінез, қызғылықты сипаттар бере түсу шарт еді.

 

Жақсылардың жақсылықтары да әр алуан болу керек. Шынайы толыққанды, реалистік шығарманың бар түйіні де, тіпті түймесі де өзінше толық қалыптансын. Жақсы Таусоғар, жақсы ана бейнелерімен қатар, Айдос, Богдановтар образдарымен қатар, мынау жастардың жақсылықтары өздеріне тән, асыл нышан көрсетсін. Жаңа буынның жаңалық лебі аңқып, танылып тұрса, келісе түсер еді.

 

Қоқым сияқты адамның да суреттелуінде олқылық бар. Ол алғашқы перденің бойында жағымсыз кейіпкер болып, маскүнемдікке салынады. Бытқыма берекесіз боп жүреді. Жақсылық пен жамандықтың екі аралығында "тең тарта" жүрген, құнарсыз адам. Кейін сол Қоқым жақсы адам болып шығады. Бірақ Қоқым образы сөзде, драмалық мінезде, типтік айқындықта қай кезеңінде қызықты десеңіз, өкінішті болса да, жазушыға жәйсіз қорытынды жасатады. Сахналық, драмалық сипаты жағынан алғанда, жазушының бояуды мәнерлеп, қызықты етіп беру жағынан қарағанда, алғашқы пердедегі жағымсыз Қоқым кейінгі түзелген Қоқымнан әлдеқайда айқын, есте қалғыш боп суреттелген. Түзеліп, жақсылыққа бейімделген Қоқым күлдіргі сөзден, өзгеше мінезден тегіс ажырап, образ болмай, құр ғана бір сүлдер боп қалады.

 

Әлжаппарда жақсы мысқыл да бар. Өзіндік өзгешелігімен жасаған кейіпкерлеріне әзіл-мысқылды әдемі, қонымды, тиімді етіп бере алады. Бұл жағынан қарағанда, Жаңыл образы бастан-аяқ толықша сипатталған деуге болады.

 

Жалпы алғанда, "Бір семья" пьесасы жаңағы саналған кейбір кемшіліктеріне қарамастан, Қазақстанның советтік драматургиясының өсу жолында көп жағынан көркемдік тауып, жақсы қалыптанған бағалы табысының бірі деп саналу керек.

 

Академиялық драма театры коллективіне жаңа тақырыпты, татымды шығармалар беру жөнінде біздің көбіміз мол қарыздармыз.

 

Жақсы пьесаны жұртшылықпен қоса, достық пейілмен аңсап, тілейтін біздің академиялық театрдың коллективі қолына тиген пьесаның бағалы сапасы болса, оны биік өріске көтере түсіп көрсетуге театрдың барын салатыны мәлім.

 

"Бір семья" пьесасын, жалпы алғанда, театр коллективі толық көріктеп көрсетуге тырысқан. Суретші жасаған декорацияда ұқыпты, жинақты көріктілік бардай, спектакльдің барлық элементтерінде осындай біркелкі, тұтас, көркем бітім бар. Бытыранды, құрама, аламаштық жоқ. Спектакльдің композициясы да пьесаның өзекті ой-сезімдерімен үнемі үндес, үйлес шыққан. Автор мен театр бір-біріне жақсы түрде иық сүйескені байқалады, ұғысқаны сезіледі. Театр коллективі пьесаның сахнаға толыса түсіп, шынығып шығуына да еңбек еткен. "Бір семья" автор мен театрдың бірігіп іздену, толғануы нәтижесінде туған табыс.

 

Спектакльді қоюшы Дьяков жолдас реалистік спектакль жасау жөнінде көркем шындықты көп іздегенге ұқсайды. Спектакльдің жұртшылық бағасына татырлық, көркем қызықты боп шығуы да сол ізденудің көп талабы табылғанын байқатады.

 

Жанар рөлінде Римова жауапты еңбекке жаңа шыққан болса да, қолынан елеулі өнер келетін қайраткер екенін көрсетті. Оның дауысында, жүзінде көп сезімдік, сипаттарында - көрушіні иландырып тартатын шындық бар. Жасандылық аз. Қонымды әрекеттері реалистік пьесаның негізгі, мағыналы бояуларын көңілге сенімді етіп жеткізеді. Осындай мінез, әрекет Айдостың рөліндегі Өгізбаев бейнесінен де айқын, әсерлі боп көрінеді.

 

Кремлев рөлінде Әділшинов спектакльдің көрікті бояуын көтеріп, сүйеуге жараған еңбек көрсетті деуге болады. Өз образдарының көлемінде Елебекова (ана), Жандарбекова (Балқия), Қойшыбаева (Жаңыл) сенімді түрде ойнап, көрушіге рольдегі бар сипатты толық жеткізе білді.

 

Таусоғар роліндегі Толыбаев туралы да осыны айтуға болады. "Бір семья" спектаклінде ойнап жүрген образдарымен әлі қабысып, үйлесіп болмаған, сол себепті ол образдардың пьесадағы салмағына сай әрекет көрсете алмай жүрген екі актер бар. Ол - Богданов роліндегі Сыздықов, Мәжел роліндегі Сәлменов. Телғараевқа Қоқым образының өзі екіұдай болғандықтан, әзірше қояр кінә да жоқ.

 

Қорыта келгенде, академиялық драма театры келесі сезонын бастағанда "Бір семья" спектаклін үлкен ықылас, бейілмен тағы да толық еңбек қоса түсіп, биік дәрежеде қолға алуына керек. "Бір семья" спектаклі қоюшы режиссердің де, ойнаушы барлық актерлердің де өсіре еңбек етуіне татитын спектакль екенін ұмытпау керек.

 

Соңғы жылдардың репертуарына кіріп жүрген қазақша пьесалардың көбінің қатарынан "Бір семья" сияқты спектакльді жоғары бағалау шарт. Оны көп еңбек сіңіріп, жаңғыртып өсіре түсу - автордың да, театр коллективінің де міндеті.

 

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға