Алғашқы әсер
Алғашқы әсер
"Ер Тарғын" туралы айтылатын сөз аз емес. Көмекші, жолдастық сынның терең бойлап, кеңінен алып, көсіле сөйлейтін бір үлкен кезеңіне жеткен сияқтымыз. Күннен-күнге қадірі артып, шыны көркем театр боп, өрлеп келе жатқан қазақ опера театры мынау соңғы еңбегімен тағы да бір рет құлаш ұра, жарқ еткендей болды. Ізденгіш, тапқырлық серпінімен ырза қыла, қуанта әсер етті. Бүгін алғаш көрген, бір-ақ рет көрген қалыпта барлық үлкенді-кішілі мәселелерді таратып, талдай сөйлеу қиын. Сондықтан қазір ең алғашқы жалпы әсерді айтамыз. Осы реттен қарағанда, "Тарғын" операсында, ең алдымен, барлық үлкен бұйымдарының (бұған кіретіндер: пьесаның мазмұны, режиссердің басшылығы, актер ойыны және композитор, суретші, би басқарушының ісі сияқты негізгі элементтерінің) барлығы әдемі боп туысып, үйлесіп, біте қайнасқан тұтастықпен шыққан сияқты. Барлық операны бір мол мүсінді көркем шығармаға айналдырып тұрған айқын стиль бар. Бұрынғы нәрселерде жаңағы бұйымдардың кей-кейде әрқайсысы әр сайды өрлегендей бытыраңдылық сезіліп қалып отырушы еді. Мынау, олармен салыстырғанда, әрі ірі де, әрі жаңағыдай тұп-тұтас шыққан. Бұл жөніндегі зор еңбек — режиссер Құрманбектің еңбегі. Ізденгіш, өнерлі, сапа тапқыш еңбек. Құттықтарлық еңбек.
Осындай мағыналы, ойшыл басшылықтың сахнаға жарқырап шыққан белгісі актерлер ойыны, бишілер биі, суретші ісі, композитор қаракеті болды.
Талантты жас жазушы Сағыр жазған "Тарғын" пьесасы негізгі рольдер жағынан, оқиға-тартыс жағынан қарағанда артистерге өте қызықты материалдар берген екен. Әсіресе Күләшқа - Ақжүніске келгенде бұрын қазақ әдебиеті, қазақ сахнасы көрмеген жолбарыс түлғалы, құбылмалы, сайқал, сегіз қырлы мүсінді көрдік. Күләш бұл рольде өзіне де, өзгеге де соншалық жат, жаңа рольде тақырлаған алмастай төңкеріле құбылды. Барлық мінез қылығының өрі мен ылдиы, күңгейі мен теріскейі көрушіге мастерлік әнінен де, әсіресе жарқ-жұрқ еткен ойынынан да өте әдемі көрініп отырды.
Тарғын — Қанабек те өз ролін ірі ғып, әсерлі ғып келістіре атқарды. Шынында Қанабектің шын үлкен актер екенін музыка театрының сахнасында алғаш айқын танытқан рөлі осы сияқты.
Тананы ойнаған Қапиза ойын жағынан жақсы болғанмен, дәл дауыс жағынан Тана образына көп үйлесе қоймайтын сияқты. Бұл партияның үні лирикалы сопрано ғой. Капизаның дауысы ол емес. Жалпы алғанда көрнекті рольдердегі артистердің бәрінің ойыны да операның үлкен арқауын әлсіретпей, жақсы күшейтіп жүріп отыратын сияқты. Мысалы, Манарбек — Сақан, әсіресе, Ана — Шара, Қарт Қожақ — Бісмілда өз орындарында, лайықты, қонымды боп шықты.
Бірақ осылардың қатарына іліне алмай, әсіресе, айқын түрде кемшін тұрған екі-үш кісі бар. Олар - Қапан және соның жігіті, онан соң әсіресе Сыпыра жырау. Бұл сексен бестемін деген сезін өзі сезбейді. Сақалы болмаса баладай ойнақы, салмақты мінез де жоқ.
Бұл операның билері әдемі. Әсіресе Шараның жеке билерінің орындалуы шын көркем, шебер өнердің бір әдемі тамылжыған, өте жарастықты кестелері сияқты шықты.
Осындай әзірше, қысқаша айтқан алғашқы әсерлердің ішінде тағы бір қатты риза қылатын еңбек — суретші еңбегі. Маумов жолдас бұл операда ерекше көркем декорациялар жасаумен бірге барлық киім-кесте үлгілерін де аса қонымды ғып белгілеген.
Ал енді операның ең зор түйінді мәселесі — композитор еңбегін айтайық. Операда, әрине, дауыспен айтылатын жерлердің барлығын ел әніне құрған Брусиловский жолдастың аса қымбат бір ісі — би атаулының көпшілігін де қазақтың белгілі ән, белгілі күй ырғақтарына құрғандығы. Бұл операда композитор халық ән-күйіне бұрынғыдан да көп тереңдеп, көп сүйенемін деген негізгі дұрыс бағытқа беттеп, сол халық музыкасының арқау, бояуын әлсіретпеген де бұзбаған. Өзінен қосылған алмаймын. Жалғыз-ақ композитор ісінен алған жалпы жақсы әсердің ішінде әзірше көңілге күдік келтіріп тұрған бірер жайы бар. Ол — ән атаулының көпшілігі бүгін жұрттың бәрі айтып жүрген, аса мәлім әндер болуында. Рас, бұл — тарихи жағынан кеңірек көп ойлап, көп талқылайтын мәселе.
Бірақ, сонда да суретші ізденіп отырып тарихтағы Қырым-Еділ хандарының декорациясын береді, костюм, бояуларын береді. Биші де өз бабында соны істейді. Пьеса мазмұны, актер ойыны, жалпы режиссер басшылығы бұл оқиғаны XV— XVI ғасырдың маңайы тып көрсетеді. Ал, біздің өннің бірқыдыруы бүгін тым мәлім боп жүрген әндер. Әрине, өннің сол ескі күнде шыққанын тап деп шарт қою қиын. Осы бүгін мәлім әннің өзінің де талайы сол ескі күндердің алыс сарынынан желі тартып келе жатуы мүмкін. Бірақ, солай десек те, дәл осы "Тарғынның" қазір кей жерінде қолданған әдіс бойынша ескі күйлерді әнге айналдыра пайдаланып байқау, сол тәжірибені молайта түсу пайда болмас па еді. Бүгін көпшілік айтып жүрген кейбір әндердің орнына сондай өрнектер түссе, іздену де, жаңалықта молырақ сезілмес пе еді? Сонда анау сарай, анау мінез, салттар, тарихи дәуірлер ән-күйден де өз бояуын, өз шешуін табыңқырай түспес пе еді? Бірақ, бұл мәселе, әрине, кеңінен қаралып, толығырақ талқылауды керек ететін қиын да, даулы да мәселе. Ол тақырыпқа кейін де соғармыз. Осы жағы болмаса, көп өндер, әсіресе, Күләш, Қанабек, Манарбек айтуында драмалық мағынасы зор, өте әсерлі, өте күшті боп шығып отырды.
Үлкен істің, ірі табыстың үстінде болған үстіне бола түссе екен дейтін тілек-талап табиғи нәрсе. Осы жағынан қарағанда дәл соңғы сахнадағы көпшілік әзір шикілеу сияқты. Театрдың жаңа келген адамдарының ішінде әзірше сахнада жүріп-тұруды жете үйренбегендігі байқалып қалып отырады. Әсіресе, сол әйелдер жағында көп. Сол себепті дәл соңғы сахнаның динамикасы, әсіресе көпшілікке сүйенетін драмалық түйіндері сәл солғындау сияқты. Оқиға қат-қабатының тұсындағы қозғалыс, әбігердің көбі операдағыдай зілді, мағыналы ырғақтармен шешілмейді. Кейде асығыстық, кейде көркемдігі аз ұйқы-тұйқылық молайып кететін сияқты. Тағы бір байқаған хал, жалпы опера әзірше біраз созалаңдау, ұзындау сияқты.
Осы ретте үшінші актының бірінші суретін біраз қысқарта түсіп, оның есебіне оқиғалық түйінін сығымдап, иін қандыра түссе, теріс болмас еді. Мұның бәрі - көрікті операдан алған алғашқы әсердің қысқаша айтылған нобайлары.
Жалпы алғанда, "Ер Тарғын" операсымен біздің театр коллективі тарихи декададан соңғы күткен үмітті шын ақтады. Өсудің тағы бір зор сатысына қарай ырғымақ боп талап етіп еді: Күләш, Құрманбек, Қанабектер бастаған көрнекті топ қанатты әдемі қақты. Мұны шын табыс деп қуанамыз да, театр коллективін, театр басшылығын құттықтаймыз. Алған әсер театрға қызықты материал әзірлеп беруді зор бір қадірлі міндеттей еске салды.
Мұхтар Әуезов