Айтыс өлеңдері
Айтыс өлеңдері
1-тарау
Айтыс өлеңдері — қазақ ауыз әдебиетіндегі ең мол жанрдың бірі. "Айтыс" деген атау — айтысу, тартысу, дауласу немесе жарысу, сынасу мағынасында қолданылады. Бұрын үлкенді-кішілі даулар кезінде шешендер айтысы болған. Ақындар айтысы өлеңмен айтыс. Анығында, өлең жарысы, өнер жарысы есебінде қолданылады. Біздің тексеретініміз сол ақындар айтысы.
Қазақтағы айтыс жанры, әсіресе ақындар айтысы ретінде, ауыз әдебиеттің ең мол жанрының бірі болса да, революциядан бұрын көп зерттелмеген. Ескі кездегі айтысты алдымен жинап, пікір айтқан адам Ш. Уәлиханов. Ол өзінің жақын досы Г.Н. Танинге Сапақ бидің асында болған бір айтыстың жайын әңгіме етеді. Сайысқа түскен ақынның бірі Өтебай болады. Ол қазақ халқының Россияға қосылуын мақұлдай жырлайды. Ал әріптесі оған қарсы дау айтады. Шоқан сол кездегі айтыстың екі түрлі өзгеше, оқшау сырын тани білді. Сондай бір алуан айтыс қазақ халқының күнделік өмірімен байланысты туса, енді бір алуаны патриархалдық, рушылдық тұрмыстың әдет-ғұрып, ескі салтын дәріптейді. Шоқан сөзімен айтқанда, бұған "әр алуан рудың суырып-салма ақындары қатысады".
Ауыз әдебиетінің ең бір мол жанры ретінде айтыс тек XIX ғасырдың ортасынан былай қарайғы кезеңде ғана жазылып, жарық көріп, таныла бастайды. Сондай бір аса бағалы айтыс үлгілерін жазып алып, ескерген кісі В.В. Радлов. Ол өзінің қазақ фольклорына арналған жинағында (III том) қазақтағы айтыс жанрына айрықша баға береді. Бұл елдің ауызша әдебиет үлгісінде айтыс деген ақындық өнер түрі бар фольклор қорынан басқаша бір үлгі екенін Радлов жақсы аңғарған. Сондықтан Семей уезінде Найман елінің арасында сақталған ауыз әдебиет белгілерін жинап жүрген шағында "Жанақ пен баланың айтысы" деген айтысты жазып алып, бастырған. Бұл айтыс Арқа қазағының қалың көпшілігіне аңыз болып тараған, ұлы дүбір мол бір айтыстың аяқтау сарқындысы болатын.
Жанақ Найман ішіне келіп, Түбек бастаған он алты ақынмен айтысып, бәрін жеңеді де, ең соңында жас бала ақынмен айтысып, одан өзін "жеңілдім" деп мойындайды. Сондағы бала Сабырбай ақын болатын. Жанақпен айтысқан қалың топ найман ақынның он жетінші ақыны және Жанақты жеңген, сол Сабырбай бала деп айтысады.
Жұртқа бұл айтыс жайылғанда "Жанақ пен баланың айтысы" деген атпен жайылады да, Радлов сол кездегі өзіне жеткізуші айтушының жадында сақтағанын жинап алады.
Қазақтағы айтысты айрықша тексермесе де, кейбір үлгілерін Ә. Диваев та жазып алып жүрген. Ол 20-жылдары Жетісу өлкесі мен Сырдың бойын аралайды. Орынбай мен Кеншімбайдың, Бақтыбай мен Байтоқтың, Күдері мен Ұлбикенің сайыс, жарыстарын жазып алады.
Айтыс жанрының анық мол жиналуы тек совет дәуірінде дұрыс ретке қойыла бастады. Бұл қатарда әсіресе ақындар айтысын және сол ақындардың өмір жайларын зерттеу, жинап тану, бағалау істері жылдан жыл үдеп келеді дей аламыз. Қазір Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар фондысында үш жүзден аса ақындар айтысы бар. Жүзге жақын айтыс өлеңдері Тіл мен әдебиет институтының "Ауыз әдебиеті" бөлімінде сақтаулы. Ал аудандық, облыстық және республикалық газет, журналдардың бетінде басылған сайыс өлеңдерінің молдығы ұшан-теңіз. Бұлардың көпшілігі қазіргі Советтік Қазақстанның өмір шыңдығынан туған. Ежелден бері жатталып келе жатқан осындай өзгеше мол айтыс өлеңдері жыл сайын жиналып, жеке кітап боп басылып келеді. Айтыс жанры жөнінде жазылған арнаулы зерттеулер де бар. Әсіресе қазақ поэзиясының алыбы Жамбылдың айтыстары көп зерттеліп, көп талданды. Бүгінгі күнде қазақ халқының сүйген, ұнатқан айтыс жыры көп ұлтты совет халқымен бірге бүкіл шет жұрт оқушыларына да мәлім болды. Жоғары оқу орындары оқушылары мен мектеп балаларына да айтыстың көбі белгілі.
Ақындар айтысы көпшілік алдында, тыңдаушы, сыншы жұрттың көз алдында туып, орындалады. Әнменен, не әр ақынның арнаулы сарынымен: қобызға, домбыраға, гармоньға қосылып айтылады. Ақындардың солайша кезектесіп, жауап-тасағын суырып салма өлеңдері екі жақты айтыс болады. Мұнда тыңдаушы жұрт құр естіп қана қоюшы емес. Ол, бір жағынан, айтысушылардың сөздерін сынаушы, қорытушы болып отырады. Ақындардың бірі жеңіп, бірінің жеңілгеніне төрелік айтушы да сол жиынның өзі болады.
Тыңдаушы жұрт-жиын айтысушы ақындардың әншілік, домбырашылық, жарыскершілік, орындаушылық өнерлерін де бақылап, бағалайды. Сонымен қатар бұрын айтылмаған өлең өнердің сол арада, өздерінің көз алдында, жаңа туып отырған тың туысын да бақылап андайды. Жарысқа түсуші ақындар тапқырлықпен, өнерпаздықпен кезек шабуыл жасап қақтығысулары арқылы тыңдаушыларын әр алуан дәрежеде қызықтырып, еліктіріп, неше түрлі құбылыс күйлерге салып отырады. Оның үстіне, көбінесе тыңдаушы жұрт екі жақ болып екі ақынның туысы, тілеулесі, жақын ортасы болады. Сондықтан тартыс, талас тек екі ақын арасында ғана емес, бәсеке тілеулестік екі жарылған жиында да болады.
Бұл жай айтысушы ақындарды, үлкен жиын топта сайысқа шығарған батырлардай, күреске түсірген балу аңдардай, бәйгіге қосқан аттардай, бәсеке жарыс қызуына араластырады. Осы айтылған ерекшеліктердің барлығы ақындар айтысын тыңдаушы көпшілік үшін әр кезде театрлық, драмалық аса қызу әсері бар өнер түріне айналдырады. Анығында, ақындар айтысының негізінде, өзгеше жанрлық бітім мазмұнында, қолдану дәстүрінде қазақтың халықтық театрлық өнерінің мол белгілері бар. Халық театрының анық, дәл ұрығы бар деуге болады.
Қазақ фольклорында айтыс жанры есте жоқ ескі замандардан бері қарай созылып келген. Халық сүйген жанр болғандықтан, көпшілік мол қолданғандықтан, бұл жанр Октябрь революциясынан кейін де Советтік Қазақстанда кең өріс алып, мол жайылумен келеді. Ең ескі айтыс түрлері қазақ фольклорында топ-топ болып, өзінше хормен айтылатын ескі салт өлеңдерінен басталып, содан бері келе жеке ақындар айтысына өрістеп, ауысқан тәрізді. Мезгілінде жазылып қалмағандықтан, қазір біз XVI—XVII—XVIII ғасырлардың ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ. Бірақ сол ғасырларда да айтыстың мол болуы даусыз.
Жалпы бұл жанр жөнінде келешекте болатын көлемді, арнаулы зерттеулерде сол ескі дәуірлердегі айтыс ақындарының болсын және бергі белгілі, азды-көпті дерек бар, аттары анықталған, сақталған айтыс жанрлары бар ақындар жөнінде болсын, істелетін ғылымдық үлкен істер бар. Ол, сол ақындардың өмірбаянын және қолдан келгенше, барлық айтыстарының туған жылдарын, орындарын, жағдайларын түгел мәлім ететін материалдар жиналып, жариялануы шарт. Сонда айтыс жанрының көп қазынасы, зерттеуші үшін мол материалы толық құралған болады.
XVIII ғасырдың соңғы жарымынан бастап, XIX—XX ғасырдағы айтыстар және совет дәуіріндегі айтыстар жазылып алынған түрлерінің, үлгілерінің өздеріне қарағанда да қазақ фольклорының мол саласының бірі осы жанр екендігін танытады.
Шынында, Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Түбек, Майкөт, Қабан ақын, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанры көбінесе айтыс екенін білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар болумен қатар, барлығы да айтысқа ерте араласып, 15-16 жастарынан ақындық өнерлерін бастайды. Олардың ел жадында сақталып қалған ірі айтыстарынан басқа, әрбір қынаменде ойын-сауық, айт пен тойда, ас, мерекеде тұстас ақынмен, жас-желең, қыз-келіншектермен қағысып айтқан үлкенді-кішілі, әзіл күлкілі айтыстарында сан жоқ. Сол айтыстардың бәрінде шын ақындар бір айтқанын қайталаған емес. Жаттандыны айтпаған болса, тек қана бір Шөже, Сүйінбай, Жанақтар өмірінде қаншалық ұшан-теңіз, суырыпсалма өлеңдер туғанын мөлшерлеу қиын емес. Бұл атақты ақындар жайындағы сөз. Ал айтыс жыры батырлар дастаны немесе ғашықтық жыры сияқты некен-саяқ дастаншы жыршылар айтатын түр емес. Көпшілік: кәрі-жас, еркек, әйел ойын-сауық үстінде түгел қолданатын жалпылық жанр. Олай болса, сан жеткісіз атсыз ақындар, айтысушылар кезінде туғызып кеткен, бірақ хатқа түспей қалған айтыс өлеңдердің саны, көлемі қаншалық мол болғанын, ұшан-теңіз өлеңдер тудырғанын болжау қиын емес.
Өткен ғасырдың орта кездеріне шейін, жалпы мөлшерге қарағанда, айтыс өлеңі бүгінгі Қазақстан өлкесінің барлық облыстарында да жалпылық түр болғаны байқалады. Бірақ бертін келе, XIX ғасырдың аяқ кезінен XX ғасыр ішінде, айтыстың жалпылық түрі Қазақстанның көп жерлерінде саябырлайды. Бертін кездегі қалың айтыс мол күйінде, көпшілік жанры есебінде, тек бұрынғы Ұлы жүз атанған елде, қазіргі Алматы облысы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында ғана қаймағы бұзылмай қалың күйде сақталады. Ал Советтік Социалистік Қазақстанда жалпы халық өнеріне, халық ақындарының халықтық қадірі бар жырларына совет дәуірінде баға берілгендіктен, совет фольклоры жаңадан жаңғырды. Асыл, алтын дәуіріне жаңа жеткендіктен, соңғы он жылдар ішінде айтыс жанры қайтадан кеңейіп, өріс алды. Барлық Қазақстанға енді тыңнан қызықты жанр болып жайылып отыр.
Сол бұрынғы ескі айтыстар мен бүгінгі советтік дәуірдің колхозды аулында туып, тарап жатқан жаңа айтыс өлеңдерін тағы еске алып қарасақ, айтыс өлеңдері бұрынғыдан да молайып, ұшан-теңіз болғанын білеміз.
Бүл сияқты халық бойындағы ақындық қуатты күнделік сарапқа салып, кең, үлгілі өрнек жайып отыратын жанр — фольклор көлемінде ең қадірлі жанрдың бірі.
Айтыс жанры ерте замандарда бір қазақ емес, дүниежүзіндегі көп елдердің тарихында болған. Бүгінгі күнде айтыс Совет Одағында, нақтылы ақындар айтысы түрінде үш елде бар. Ол — қазақ, қырғыз, қарақалпақ елдері. Ерте дәуірлерде айтыс осы елдердегі қазіргі дәстүрдей Шығыс, Батыстың көп елдерінде болған. Мысалы, арабта жәрмеңкелерге жиылған ақындардың айтысқан жарыс өлеңдері қағазға жазылып, көпшілік оқуына, сынауына қолайлы етіп, жәрмеңке ортасына ілініп қойылатын болған. Ол айтыс өлеңдерін арабтар мұғаллакат1 деген.
Айтыстың бір алуаны ерте заманнан осы шаққа дейін Индия, Иран елдерінде "мүшәйра"2 деген атпен сақталған. "Мүшәйраның" ес