Кастанье Иосиф Антонович
КАСТАНЬЕ Иосиф Антонович (т.-ө.ж.б.) – қазақ халқының этнографиясын зерттеуші. К. алғашында Орынбордағы ерлер гимназиясы мен Неплюев кадет корпусында француз тілінің мұғалімі болып істеді. Орынбор ғыл. архив комиссиясының мүшесі, осы комиссияның вице-президенті (1912), мұражай қызметкері болды. Қазақ халқының тарихын, этнографиясын зерттеумен айналысты. Кейінірек Түркістанда, Ташкентте тұрды. К. өзінің зерттеулерінің нәтижесінде жарық көрген шығармаларында (“Древности Киргизской степи и Оренбургского края”, Оренбург, 1910) 8 – 9 ғ-лардағы печенег, қыпшақ сияқты түркі тайпалары туралы деректер келтіреді. Тарихи деректер негізінде қазіргі қазақ халқын құраған керей, найман, қыпшақ, алшын, арғын тайпалары, олардың қоныстанған жерлері жөнінде маңызды мәліметтер келтірген. Керейлердің Керулен, Онон өзендері бойын қоныстанғанын, ал наймандар 12 ғ-дың өзінде керейлермен көршілес болып, Орхон, Ертіс өзендері аралығында көшіп-қонып жүргенін жазады. Қыпшақтар мен алшындар қазіргі Семей мен Ақмола өңірін қоныстанған деп көрсетеді. Шыңғыс хан мен Батудың жорықтары кезінде олардың әскерлерінің жергілікті түркі тайпаларымен араласып-құраласып кеткені, Шағатай ұлысында наймандар мен арғындардың болғанын, олардың 14 ғ-да Еміл өз-нен оңт.-батыста Қаратал мен батысында Нұра өз. аралығына дейінгі жерлерде көшіп жүргенін, ал бұл кезде керейлердің Қара Ертіс бойын, қыпшақтар мен алшындардың Жошы ұлысы құрамында болып, Алтын Орданың негізгі этн. құрылымын құрағаны туралы маңызды деректер келтірді. 15 ғ-дың 1-жартысында Шағатай мен Жошы ұлыстары ыдырағаннан кейін басқа түркі тайпаларының ішінде қазақ халқын құраған тайпалардың ықпалының күшейгені туралы мәліметтер келтірген. Қазақ хандығының негізін салушы Керей мен Жәнібек хандар туралы да маңызды мағлұматтар кездеседі. Жәнібек ханның баласы Қасым ханның қазақ халқын бір орталыққа біріктіріп, Қытай шекарасынан Орал жотасына дейінгі жерлерге иелік еткені туралы жазады.