Кассация
КАССАЦИЯ (лат. quasso – талқандаймын, қиратамын, cassatіon – жою, бұзу) – 1) соттың әлі заңды күшіне енбеген шешімдері, үкімдері, ұйғарымдары мен қаулылары жөнінде жоғары тұрған сотқа шағымдану, наразылық білдіру; 2) соттың әлі заңды күшіне енбеген шешімдері мен үкімдерінің заңдылығы мен негізділігін істе бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша жоғары тұрған соттың тексеруі. К-ны қарау кезінде істің мәніне қозғау салынбайды; 3) төменгі сатының заңдарды бұзуы немесе сот ісін жүргізу ережелерін сақтамауы себепті жоғары тұрған сатының сот шешімін қайта қарауы, оның күшін жоюы. Әлі заңды күшіне енбеген сот үкімі немесе шешімі жөніндегі шағымды кассациялық шағым (қазір апелляциялық шағым) дейді. Ол мемл. органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекеттері жөнінде шағымдануға азаматтардың конституциялық құқығын жүзеге асыру нысандарының бірі болып табылады. Кассациялық шағымды заң бойынша осыған құқылы адам, жеке немесе заңи тұлға шешім немесе үкім шығарған сот арқылы не тікелей кассациялық сатыға бере алады. Қазақстан Республикасының 1998 ж. 13 шілдеде қабылданған “Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне” және Қазақстан Республикасының 1997 ж. 13 желтоқсанда қабылданған “Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне” сәйкес апелляциялық тәртіппен қарауға жатпайтын ауд. соттардың және оларға теңестірілген қалалық соттардың шешімдері жөнінде обл. соттың және оған теңестірілген соттардың алқасына; обл. соттардың бірінші және апелляциялық сатыларындағы шешімдері жөнінде Қазақстан Республикасы Жоғ. сотының тиісті алқасына; Қазақстан Республикасы Жоғ. сотының бірінші сатысындағы шешімдері жөнінде Қазақстан Республикасы Жоғ. сотының Төрағасына кассациялық тәртіппен шағым жасауға, наразылық білдіруге болатын. Ал Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне сот ісін жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2001 ж. 11 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының заңына сәйкес аталмыш заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, кассациялық шағым мен кассациялық сатының орнына тек қана апелляциялық шағым тәртібі белгіленіп, апелляциялық саты қолданылатын болды. Заңды күшіне енбеген бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы мен судьяның қаулысы жөніндегі жеке шағымдарды, сондай-ақ, үкімдер, шешімдер жөніндегі апелляциялық шағымды немесе наразылық бойынша істі үкім немесе шешім шығарушы сотқа қарым-қатынасы жөнінен жоғары тұрған сот қарайды. Атап айтқанда, ауд., қалалық соттардың, яки бірінші сатыдағы соттардың шешімдері жөніндегі шағымды, наразылықты олардан жоғары тұрған обл. сот, яки екінші сатыдағы сот қарайды. Қылмыстық іс бойынша шағымды үкім шығарылған күннен бастап 10 тәулік ішінде, ал қамауда ұсталған сотталушылар үкім көшірмесі тапсырылған күннен бастап нақ сол мерзімде бере алады. Мерзімі өткеннен кейін берілген шағым, наразылық қараусыз қалдырылады. Азаматтық іс бойынша шағымды наразылықты сот түпкілікті шешім шығарғаннан кейін он бес күн ішінде беруге (білдіруге) болады. Қылмыстық іс бойынша шығарылған үкім жөнінде шағым беруге сотталушы, оның қорғаушысы мен заңды өкілі, жәбірленуші мен оның өкілі құқылы. Сот бойынша ақталған адам – ақтаудың себептері мен негіздері бөлігінде, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер үкім жөнінде азаматтық талапқа қатысты бөлікте шағымдана алады. Қсті қарауға қатысушы прокурор іс жөнінде наразылық білдіруге құқылы. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры мен оның орынбасарлары, обл. прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары өздерінің құзыреті шегінде, істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан, сот шешімі жөнінде наразылық білдіруге құқылы. Жоғары тұрған сот шағымдалған не наразылық білдірілген шешімнің немесе үкімнің заңдылығын ғана тексеріп қоймайды, сонымен бірге оның негізділігін, яки істің шын мәнінде дұрыс шешілуін де тексереді. Ол шағым немесе наразылық бойынша істі осы шағым немесе наразылық түскен күннен бастап бір айдан кешіктірмей қарауға тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғ. сотының үкімдері мен шешімдері шағымдалуға жатпайды.
Қ. Халықов