Каспий экологиясы
КАСПИЙ ЭКОЛОГИЯСЫ – Каспий т-нде мұнай-газ өндіру және мұнай өңдеу кешендерінің дамуына байланысты Қазақстанның батыс өңірінде қалыптасқан табиғи, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жағдай. Каспий т. – әлемдегі шаруашылық маңызы зор ең ірі тұйық су алабы. Жыл бойына Каспий т-нің деңгейі желқума-желбөгет құбылыстарының нәтижесінде 0,5 – 1 м-ге дейін ауытқып отырады. 1837 – 1990 ж. жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде Каспий т-нің су деңгейі мөлшерінің айтарлықтай өзгеруі 1930 және 1980 – 90 ж. аралығына сәйкес келетіні анықталған. 1929 – 41 ж. су деңгейі 2 м-ге төмендесе, 1977 ж. бұл көрсеткіш ең төм. абс. мөлшеріне (–29,01 м) жетті. 1978 – 95 ж. су деңгейі 2,35 м-ге қайта көтеріліп, 1995 ж. бұл көрсеткіш –26,66 м болды (қ. 1-сурет). Су деңгейінің тұрақсыздығы – климаттың өзгеруінен теңіз суының молаюына байланысты болып отырған құбылыс. Судың тұзд. 0 – 12‰. Каспий т. морфол. жағдайына байланысты Солт. Каспий, Орт. Каспий және Оңт. Каспий болып бөлінеді. Теңіздің қазақстандық бөлігі – солт.-шығыс жағалауы Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағында. Солт. Каспий теңіздің басқа бөліктерінен өзінің алып жатқан геогр. орны, теңіз түбінің құрылымы, тұздылық және темп-ралық режимі, су теңгермесі (балансы) және т.б. бойынша ерекшеленеді. Оңт. және Орт. Каспийге қарағанда таяз. Солт. Каспий бөлігінің аум. 80 мың км2. Оған келіп құятын өзендердің жылдық су ағымының жиынтығы – жалпы Каспийге құятын барлық өзен сулары ағымының 88%-ін құрайды. Теңіздің бұл бөлігі жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне бай. Мұнда жануарлардың 2 мыңға жуық түрі (оның ішінде омыртқасыздар – 1069, омыртқалылар – 415, паразит жануарлар – 325) тіршілік етеді. Теңіз фаунасының негізін эндемик жануарлар (шаянтәрізділердің 60%-і, моллюскілердің 80%-і, балықтардың 50%-і) құрайды. Каспий т-нің балық қоры 2,9 млн. т болса, оның 40%-і Солт. Каспий бөлігінің үлесіне тиеді. Каспий т. – ежелден балық ауланатын маңызды су айдыны. Бекіре тәрізділердің дүниежүз. өнімнің 90%-і осында ауланады. Соңғы кезде балықтардың уылдырық шашатын жерлеріне жетуге кедергі келтіретін өзендерге салынған бөгеттер, судың радиациялық және хим. жолмен ластануы және қаскөйліктің (браконьерлік) етек алуы бекіренің қорын азайтуда. Сондай-ақ, мұндағы қортпа, пілмайдың жылдан-жылға саны кеміп бара жатыр. Каспий миногасы, Еділ майшабағы, Каспий албырты, ақбалық, күтім – Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Қазіргі заманның балық ш. – балық аулауды реттеу, аса бағалы балық түрлерін (бекіре, қортпа, шоқыр және пілмай) табиғи және жасанды жолмен көбейту жұмыстарына негізделген. Жыл сайын 11 балық з-ты (Ресейдің, Әзербайжанның, Қазақстанның) Каспий т-не 75 млн. балық шабақтарын жібереді. 1998 жылдан бері Атыраудағы 2 балық з-ты жылына 6 млн. бекіре балығының шабағын дайындайды. Балықтар уылдырығын тұщы суға шашады, қор жинау үшін тұзды суға шығады. Мыс., шортан, оңғақ, қызылқанат балық, алабұға теңіздің атырауына (дельта) дейін өрістесе, қаракөз, табан, көксерке тұзды суда (тұзд. 10 – 11‰), ал бекіре тәрізділер судың өте тұзды жерінде тіршілік етуге бейімделген. Каспий т-нде 2 тропиктік жүйе қалыптасқан (2-сурет). Солт.-Шығыс Каспий аумағында құстардың 278 түрі мекендейді. Соның ішінде Қазақстанның және Ресейдің “Қызыл кітабына” енгізілген өте сирек кездесетін қалбағай, қарабай, сары құтан, бұйра бірқазан, т.б. бар. Ал Каспий итбалығы – тек қана Каспий т-нде тіршілік ететін сүтқоректі. 1920 ж. 1 млн-нан астам итбалықтың 120 мыңы ауланған болса, 1980 жылдың аяғында 360 – 450 мыңға дейін азайған итбалықтың – 27 мыңы, 1990 ж. – 13,8 мыңы, 1996 ж. – 8 мыңы ауланған. 2000 ж. сәуір – тамыз айларында індеттен олардың 15 мыңы қырылды. Каспий итбалығының жаппай қырылуы – Каспийдің солт. бөлігіндегі гидрометеорол. және экол. жағдайлардың нашарлауынан теңіз жануарлары иммунитетінің төмендеуін көрсетеді. Каспий ойпатында өсімдіктің 88 тұқымдас, 371 туысқа бірігетін 945 түрі өседі. Соның ішінде 357 түрі жоғары сатыдағы өсімдіктерге (25 түрі эндемиктер) жатады, 6 түрі – Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Ал теңіздің өзінде су өсімдіктерінің 728 түрі (оның 5 түрі – жоғары сатыдағылар) өседі. Теңіз өсімдіктері жамылғысының құрлық өсімдіктерінен көп айырмашылығы бар. Құрлықта, негізінен, гүлді өсімдіктер, ал суда балдырлар (64 түрі) кездеседі. Солт. Каспийде негізінен қамыс, теңіз шөбі, шалаң, егеушөп, арамот, мүйізжапырақ өседі. Бұл өсімдіктер балықтардың уылдырығының су түбінде бекуі үшін қажет, сондай-ақ, су құстары мен кейбір балық түрлеріне қорек болады.