Карпини Иоанн де Плано
КАРПИНИ Иоанн де-Плано, Джованни Пиано де-Карпини; Жан дю План Карпэн (шамамен 1182 немесе 1200 – 1248, кейбір деректерде 1252) – италиялық саяхатшы. Перуджиядан шыққан. 1222 ж. миссионерлік тапсырмалармен Туниске, 1225 ж. Испа-нияға жіберілді. Шыңғыс хан әскерінің Еуропаға жорық жасау қаупі туралы қауесеттер туған тұста, 1245 ж. Рим папасы Иннокентий ҚV (Лион соборының шешімімен) францисколық К. мен доминикандық Асцелин бастаған миссияны нақты мағлұматтар жинау мақсатымен Шыңғыс хан империясына жібереді. Екі миссия да діни мақсатта айтарлықтай табысқа қол жеткізбегенімен, К. Орт. Азия халықтарының тарихы, тұрмыс-салты, әскери күші, т.б. жөнінде маңызды мағлұматтар жинады. К. Рим папасы тапсырмасымен Богемия, Силезия арқылы Днепрге, одан Дон арқылы Жайық пен Еділ өзендері сағасы бойымен хан ордасына келіп жетті. Онда ол Күйік ханның таққа отыру салтанатына қатысты. К-дің сапар кезіндегі еңбегі жоғары бағаланып, Иннокентий ҚV оны франциско орденінің генералы етіп, архиепископ дәрежесін берді. К-дің өзінің сапары жөнінде жазған латынша “Либеллус хисторикус” аталатын шығармасының бірнеше нұсқасы бар. Бізге жеткен 5 қолжазба көшірмесінің ішіндегі Лейден қолжазбасын 1839 ж. француз зерттеушісі Д’Авезак дайындаған (D’Aqezac. Relatіon des Monqols ou Tartares par le frere jean du Plan de Carpіn, Parіs, 1839). К. еңбегі ағылшын тіліне де аударылған. Шығарманың Бержерон жариялаған француз тіліндегі мәтінінің орысша аудармасы 18 ғ-дың соңында жарық көрді (1795, 1800). Еңбектің орыс тіліндегі ғыл. басылымы Д.И. Языковтың “Собрания путешествия к татарам” аталатын кітабының 1-томында берілген. Әсіресе, А.И. Малеиннің латын тілінен аудармасы (“Иоанн де Плано Карпини. История монголов. Вильгельм де Рубрук. Путешествие в восточные страны в лето благости 1253, введение, перевод и прим. А.И. Малеина, СПб., 1911) жоғары бағаланады. К. еңбегінде Ресейдің оңт., Хорезм, Жетісу мен Тарбағатай арқылы Моңғолияға жасаған саяхатына қысқаша сипаттама беріп, Сырдария жазығындағы Отырар, Иасы, Сығанақ, Сауран, Баркент, Янгикент, Жент, Ашнас, т.б. қалалар туралы, жалпы Қазақстанға қатысты құнды деректер келтіреді. Неміс тіліндегі К. еңбегі 1930 ж. Лейпцигте жарық көрді.