Абайдың өмірбаяны
Абайдың өмірбаяны
Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде, 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы Ырғызбай. Бұлардың барлығы да ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар. Өскембай — Ырғызбайдың өзге балаларының ішінде ең дәмелісі болды. Сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқан, іні-баласының бәрінен пысық, епті болыпты. Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді.
Өскембай өзінің ел меңгеру әдісінде ең алдымен, Кеңгірбайдың көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашандау ұстауға тырысқан көрінеді. Ру басылар ортасында сақталып қалған сөздің бәрінде: "Ісің адал болса, Өскембайға бар, арам болса, Ералыға бар" деген сөз бар.
Бірақ осындай болумен қатар, Өскембай елді күшпен, зорлықпен ықтырып аламын деп, асқақ мінезді көп қолданған.
Мысалы бір уақыт аулына жүгініске келіп отырған Мәмбетай деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп алғаны... сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел.
Өскембай орта жасқа келгенде, баласы Құнанбай ер жетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Құнанбайдың шешесі Зере, кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі.
1850 жылы, 72 жасында Өскембай өледі. Зере байынан кейін көп жасаған. Ол бертін келіп: 90-ға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі Абайдың бала, бозбала күнінде бәрі Зерені "кәрі әже" дейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болады. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әженің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.
Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа оқу тәрбиесін көрмеген.
Мұның орайына жас күніндегі өмірі, елдің ол кездегі дағдысы бойынша: батырлық, жорықшылық сияқты істерге көбірек ауған. Өзі құрбы жас жігіттердің ішінде ер, мықты найзагер болып та саналған.
Жасында осындай өмірге салынған Құнанбай кесек мінезді, қатты адам болғанға ұқсайды. Қаттылығы әншейін ғана емес, әке, шеше, жанашыр жақынға да бір қалыпты болған сияқты.
Ел билеп, іс басқаруға келгенде Құнанбай әкесінен өтімдірек болған. Мұның кісілікке толық ілінген кезінде Сібір даласы "1822 жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан устав" бойынша өкірікке бөлініп, "өкіріктік приказ" билейтін болған. Өкіріктің бастығы аға сұлтан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі өкімет чиновнигі болады (елдің көбі мұны майыр дейді). Үшінші мүшесі кіші сұлтан атанады. Осы кезде Құнанбай екі жылдай аға сұлтан болады.
Бұрыннан өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес болып жүрген ру жуандары Құнанбайдың аға сұлтан болуын Құсбек, Жамантайдың партиясынан, патша саясатынан дегісі келмей, "Құнанбай басының қасиетінен" деп кеткен сияқты.
Сол кездегі атқа мінерлер аузындағы аңызға қарағанда, Құнанбай: "қарадан хан болған" деп аталады.
Құнанбай аға сұлтан болған уақытта, өз еліне старшындыққа өзінің тоқал шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Майбасар тентек, ұрыншақ мінезді, сыйымсыз адам болған. Ел мұны адамшылық, ақыл, мінез жағының қайсысынан болса да басшы болып, ел меңгеруге жарайтын кісі деп білмеген.
Майбасар қылығының салдарынан Жігітек деген ру бастығы Бөжей болып, Құнанбайға өкпелі болады. Бірақ бірде аға сұлтан болып жүрген Құнанбай, әрі сырт елдерге атақты, әрі үмітке салмақты болып ап, Жігітекті де, басқаларды да бойымен басып шыға берген. Сонымен алғашқы араздық, жаулық кейін ұзақ замандарға созылып кетсе де, Құнанбай тұсындағы алыстың бір буыны Жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай Жігітектің он жеті адамын Сібір айдатады.
Бұл кезде Абай ержетіп, ел меңгеруге кіріскен еді. Әкесінің Жігітекпен алысқан, Тоқпамбет үстіндегі, Мұсақұл үстіндегі төбелестерінде баларақ болса да, ер жете бастаған сайын, әкесі мұны ел сөзіне, ел ісіне жұмсай бастайды. Осы Құнанбай ісінің жоғарыда айтылған көп уақиға, көп тартыстары және барлық сол заманның мінездері ақын Абайдың бала күнінен бастап нық байланыса өскен ортасы еді.
Көп басты адамынан айырылған Жігітек талай заманға шейін "көзге қамшы тигендей" болып қалады.
Абай елді меңгеріп алған кезде, Құнанбай біртіндеп кеп ел сөзінен шыққан. Сонымен 72 жасында қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң 8-9 жылдан кейін қайтыс болады.
Абай әкесі Құнанбайдың 41 жасында туған. Ақынның өз шешесі - Ұлжан. Тегі Құнанбай көп қатынды болған. Үлкен қатыны қыздай алған — Күнке. Бұдан туған бал асы Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжан — ол Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалындық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі — Айғыз. Одан Қалиолла, Ысмағұл деген балалары болған. "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтін Абай өлеңінің мәнісі осы. Төртінші әйелі — Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.
Күнкенің жасы Құнанбайдан үлкен екен. Берірек келгенде жасы ұлғайып, күйеуін күте алмайтын болған соң, Құнанбай Ұлжанның қолына шыққан. Бірақ Ұлжаннан туған балаларының бәрі бірдей өз шешесінің қолында тәрбиеленбеген. Үлкен баласы Тәңірбердіні жас күнінде Өскембай қолына алып өсіріпті. Ысқақты Құдайбердімен бірге Күнкенің қолында өсірген. Күнке ерте уақыттан бөлек ауыл болып кеткен.
Ұлжан мен Айғыз бір ауыл болып, Құнанбай осылармен тұрған уақытта, екі шешесінің ортасындағы тел баласы кішкене Ыбырай болады. Бұл екі шешесінен кейінірек Оспан, Ысмағұл деген екі бала туған. Бірақ бұлардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы Қалиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешесінің ортасындағы жалғыз баланың қалпында өткізген. Екі шешеге бірдей бала болып жүргендіктен, сол кездегі үлкендері Абайға "Телқара" деп ат қойыпты. Кейін Абай ер жеткен уақытта бірталай жеңгелері ертеден қойылған атпен "Телқара" дейді екен.
Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңымен даңқы жайылған, белгілі мысқылшыл, тапқыш күлдіргілер болған. Бұл әдет Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Көрші ел, Шаншардың қулары легенде: кісіні жазым қылып кететін ит-құсты сөз қылғандай сөйлейді. Жәрмеңке сияқты қалың жиындарда, бір жерде тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері: "ойбай, Шаншар келе жатыр!" деп өрттен қашқандай дүркірей қашады екен. Бұл әдет Шаншардың мысқыл, мазаққа ұста болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да мінін таппай қоймайды, мінін тауып алса түңлігін ұшырғандай қылып соқтығады. Сөз табуымен кімнің де болса есін шығарып, есеңгіретіп кетеді.
Осы Шаншардың бұрынғы-соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты "қуы" Тонтай болған. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен, бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда Тонтайлар қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думаны, ұдайы қызық күлдіргісі. Бүгінгі Европа, Американың Чарли Чаплины, Бестер Китоны сияқты. Осы Тонтайдың інісінен туған әйел бала Ұлжан болады.
Ұлжан сабырлы мінезді кісі болған. Абай — балалық шағын сөз қылғанда өз шешесіне қатты ырза болып, Айғызға іші ренжіңкірейді екен. Анау күндестікті көп сыртқа шығарып, білдірмесе де, Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек. Бұнысы — өзгемен бірге көп қатынды семьяның зәрін татып өскендігін де сездіреді.
Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден болған. Анда-санда әлдеқалай айтып қалған сөздері қалжың болып, ел есінде ұмытылмай сақталып қалған. Ұлжан да өлерінде қалжың айтқан.
Тонтай өлерінде маңайына жиылып келіп отырған қожа-молдаларға қарап: "жазыла, жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесек болмас" деп айтты деген сөз, екінің бірі білетін мәтел сөз сияқты болып кеткен.
Осындай тапқыштық және біреудің мінін ащы тілмен қатты түйрегіштік, нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген. Шынға келгенде: Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын жалынды жанды, өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен сөйлегіштік көп пе, жоқ шанышпа тілді, соқтықпалы, ащы мысқыл, улы күлкіге бой ұрғандық көп пе? Бұл екі ортасын дәл кесіп-пішіп айыру, ұзақ тексеруді керек қылатын шығар. Бірақ біздің ұғынуымызша соңғы түрі көп сияқты.
Құнанбай жанның бәріне суық болған қалпында, өзінің балаларына да қатты, зілді болған. Сол қаталдық, зілін, ауыр өмір бұйрығын жас шағында еріксіз орындап, Абай да әке мінезінің ауыртпалығын көп көреді, басынан көп кешеді. Ал Ұлжан мінезді адам болғандықтан орайы келгенде, өзінің бала, бауыр, қайын сияқтыларына мысқыл әзілді айта береді екен. Қалжыңмен жауаптасуды Абайға бала күнінен өзі де еккен сияқты. Осының бір мысалы: Абайды сүндетке 8-9-ға ілініп, ересек болып қалғанда отырғызса керек. Сонда Абай қашып жылап "құдай, бүйткенше қыз қып жаратпаған екенсің!" депті. Ұлжан соған: "Балам-ау, қыз болсаң бала таппас па ең, содан қиын боп па", — дейді. Абай: "Ә, онысы тағы бар ма еді!" — деп қуанады екен.
Абайдың ақындық жолында өзге талай жазушы, талай ақынның жолынан бөлек өзіне ғана хас, ерекше тағдыры болған. Ақындығындағы сол ерекшелік Абайдың бала күнінен бастап, соңғы өлер шағына шейін өзгеше шарттардың ішінде өткен ерекше өмірінен туған. Сондықтан енді қолға түскен азын-аулақ мағлұматтар бойынша Абайдың өз басының өміріне келейік.
Абай жоғарыда айтылғандай екі шешенің тел баласы болып жүрген, кішкене кезінде сырт мінез жағынан аңқау, нанғыш және тентектеу де бала болса керек. Бірақ сол кішкене күнінде өзге балалардан ерекше жері, үйге қонған қонақтың әлде қалай айтқан ертегі сияқты әңгімелерін құлай тыңдайды. Жай өмірде пысық, ширақ емес аңқау болғандықтан, өз шешесінің аулындағы үлкендері: Құнанбайдың бұл баласынан да Күнкенің қолындағы Ысқақтан көбірек дәме қылған. Ол Абайға қарағанда жас күнінен тықылдаған пысық, ширақ болса керек.
Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттерінің жанында медресе болған. Оқушы шәкірттің көбі медреседе жатып оқиды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның барлығын да араб, парсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген салтқа қарағанда: түрік оқу, жолшыбай ғана оқылатын қосымша оқу болу керек.
Оқушы мен оқытушының да барлық уақыты, түгелімен дін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді парсыша болу керек.
Абай осы медреседе үш жыл оқиды. Оқуға өзімен бірге оқыған үлкен, кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітаптан молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін екінші ретте кітапқа қарамай өзі жатқа айтып шыға алатындай зерек болған деседі. Сонымен дәріс ретінде оқылатын сабақтарды ұғып, білу Абайға өзге балалардан сонағұрлым оңай болған. Көп уақытын да алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытты Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп тімтінуге салынады. Өз бетімен оқитын кітаптары араб, парсы, түрік жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдерде жазылған ертегі, дастан, хисса сияқты әдебиет мұралары.
Бұларды Абай, бала кезіндегі құлай берілгіш мінезі бойынша барын салып, көп оқыған болу керек. Оқуға кірген соң-ақ, балалық дегенді көп білмей, тез есейіп, ілім қуған кісінің қалпына оңай түсіп кеткен. Оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушы бола бастаған сияқты. Өйткені, сол жылдары Абайдың араб, парсы, түрік ақындарының ішінде өзінің әбден сүйіп, таңдап алған ірі ақындары болған. Солардың әр сөздерін оқып шығып, талай бәйіттерін ұзыннан-ұзақ жаттап алғандары да болған.
Сол бала күнінде жаттаған кей сөздері ұлғайып, кәрілікке жеткен уақытына шейін есінен шықпаған, ұмытылмаған. Абайдың 30 жасында туған баласы Тұраштың айтуынша, балалары оқып жүрген кітаптардың ішіндегі кейбір сөздерді "Пәлен кітаптың пәлен бетінде" деп, жаңылмай жатқа айтып отырушы еді дейді.
Осы сияқты белгілерге қарағанда Абайдың медреседегі оқуы көбінесе "Мұқтасар" сияқты дін кітаптары болмай, дені ақын сөздері болу керек. Ерте күннен әңгімелі, өлең сөздерге ерекше ынтық болып, қатты құмартқан талапты жас шәкірт, ақындық өнерін кәдірлейтін мінезді сол балалық шағынан ала шыққан.
Медресенің ауыр тәрбиесінде жүрген жас шәкірттің шын сүйетін жандары — Науаи, Сағди, Қожа-Хафиз, Фзули сияқты ақындар болған.
Бұлардың сөздерін Абай бері келіп ұлғайған уақытына шейін тастамаған. Әрқашан оқып, әрқашан сүйсініп еске алып отырған.
Медреседе оқып жүрген кездерінде жаз болып елге қайтқанында қаладан ала қайтатын кітаптары тағы сол ақындар. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған.
Өзі оқымаса да балаларын оқытып жүрген Құнанбай, бір баласы Қалиолланы орысша оқытып, Абайды мұсылманша оқытып жүргенінде, соңғы баласына Сопы Аллаяр сияқты ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді. Сол кезде Абайдан Ысқақ артық болады дегендерге: "Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтесіңдер ғой" дейтін сөзі Абайдың өз есінде қалған екен.
Ескіше оқыту тәртібі шынымен, "инемен құдық қазғандай" өнімсіз оқу болғанда, Абайдың үш-ақ жыл оқуы сырт көзге аз оқу болса да, өзіне көп жаңалық беріп, көп жаңа дүниенің шетін ашқан сияқты. Алдымен ақындарды көп оқу себепті, Абай араб, парсы тілін сол үш жылдың ішінде жақсы біліп шыққан. Мұның белгісі, сол заманнан қалған бірен-саран өлеңдерінен білінеді.
Кітап жүзінен алған тәрбие мен жазба үлгілер бойынша ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл жалғыз ғана араб, парсы тілі деп біліп, Абай да алғашқы өлендерін араб, парсы тілдерімен Фзули, Аллаяр, Бабырша айтады. Балалық шағындағы өлең жазамын деген талабын:
Фзули, Шәмси, Сайқали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Қожа-Хафиз бү һеммәси
Мәдәт бер иә шағири фәрияд!—
деп, өзі кәдірлеген ескі ақындардың аруағына сыйынумен бастайды.
Осы аталған аттардың өзіне қарағанда, шығыстағы көпке белгілі болған ірі ақындардың талайымен Абайдың ерте күнде танысып алғандығы даусыз сияқты.
Абай оқуды тастап елдің жас бозбаласы, жас жігіт болып жүрген кезінде де, осы ақындардан алған үлгі әсерден түгел айықпай, көкейінде көп сақтап еді. Сол кезде ұнатқан әйеліне өлең жазса әлгі ретпен кітапшалап жазады.
Әлифдек ай юзіңе ғибрат еттім,
Би бәләи дәртіңә нисбәт еттім...—
деп, "әліп, бимен" жазған өлеңі, одан соң "юзи раушан, көзі гауһар, лағилдек бет үші әхмәр..." деген өлеңдері жас шағында қиялына қатты әсер етіп, тіл кестесінде өздерінің үлгісіне тартып алған жоғарғы ақындар әсерінен туады.
Абайдың жас күнінен бізге жеткен өлеңдері жоққа тән. Тіпті азғана. Сондықтан бұл туралы ақынның өмірбаянының ішінде ұзақ сөйлеуге орын аздау. Бірен-саран пікір болса ақындық жәйін тексерген мақалада айтылады. Абайдың нағыз ақындық белгісін беріп, өнімді өлең жаза бастаған кезі жігіттік шағы өткен соң басталады. Ол кездегі Абай арабшыламақ, парсышыламақты теріс нәрсе деп түсінген.
Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай жалғыз мұсылманша оқумен тоқтамай, Семей қаласындағы "Приходский школге" түсіп, орысша да оқи бастаған. Бірақ, мұндағы оқуы ұзақ болмайды. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Үш жылмен мұсылманша оқуы доғарылады.
Жасы 13-ке толғанда, ерте есейіп, ақыл сезімі ашыла бастаған, өткір зейінді, ерекше талапты жас шәкіртке аз да болса оқу, тәрбие беретін мектептің есігі жабылады.
Екі-үш жылдай қырдан гөрі тәуірірек үлгі беретін қал ада болғанда, ақын болатын баланың алған жалғыз ғана нәрлі азығы: Шығыс ақындарын тану, солардың сөздерін ынтасы ауып сүйіп, көксеу болады. Осындай дүние есігін енді ғана ашқалы жаңа ғана саңылау көріп келе жатқан уақытта, Абай, аздаған біліммен үлкен кісінің өміріне кіріседі.
Оқу, білім, кітап тәрбиесі сияқты нәрселер осы қалғаннан көп уақытқа шейін бұйырмаған ас сияқты болып, Абайдан алыста қалады. 13 жасқа толғанда әкесі Құнанбай ел билеу жұмысына өзіне серік қылмақ болып, жаңа міндетке арнап, сол жолға баули бастайды.
Баласын оқудан ерте шығарып алуына себеп болған нәрсе: ел жұмысында өзіне серік болатын іні-баланың Абайдан қолайлысы болмағандығы. Бала болса да сол кезде Абай әкесі дәме қыларлық белгілерді көрсете бастаған сияқты. Барлық балаларына қатал, қатты сыншы болған Құнанбай, Абайдың өзгелерден артық екенін ертеден сезген деуге болды.
Баласын оқыта түспей, асығып алған себеп, жоғарыда Құнанбай өмірі туралы айтқан сөздерді еске алсақ, оңай ұғылады. Құнанбай өзі тұстас ру басылардың қақ жартысын өзіне қарсы тұратын жау қылып алып, көп өмірін сол жаулықтың жолында алыс-жұлыспен өткізген. Қарсысына шыққан ру басыларды үлкен тартыстың аяғында жеңіп алса да, сондағы ішке байланған мұз аналардың көбінің есінен кетпеген. Құнанбайдың өз істері, өз мінездері бір болса, екінші жағынан: сыртқа да, ішке де әмірі жүріп жуандап алған Құнанбайдың маңайында да талай сотқар туысқандары болады.
Бұлар Құнанбайдың ұлықтығына мас болып, "пәлен ауылдың жігіті, түген жақсының туысқаны" деген атпен, шамасы келгенінше емін-еркін пайдаланған. Көп елді мазақтап, қорлап, орынсыз зорлық, қисынсыз жуандық істей берудің үстіне тіпті Құнанбайдың дос боп жүрген ру басыларын да қажытып алған. Сол Құнанбай қарсысында жүрген адамдар Құнанбайдың өзі ғана емес, жаңағыдай жақыны, өрен-жараны дегеннің барлығына да жауығып, жирене қарайтын болған. Тартыс ретіндегі өшпендік жөнімен Құнанбайдың жас баласын да өздерінің ертең алысатын жауы есепте біледі. Оны да дұшпан санайды. Осының бір мысалын Абай өзі де айтады екен.
Бір күні жас бала өзен жағасында ойнап жүргенде, анадай жерде келе жатқан Байсал, Бөжей, Түсіпті көреді. Олар әкесімен араз. Бірақ Абай алдарынан көлденең шығады да, қол қусырып тұрып сәлем береді. Бөжей сәлемін алса керек. Байсал жақтырмай: "Антұрғанның баласының сәлемін алып неғыласың?" — депті. Бөжей тоқтап, баладан: "Бізді көрсең сәлем бер деген әкеңнің үйретіндісі ме, жоқ өзің бердің бе?" — дейді. Абай: "Үйретінді емес, танып әдейі сәлем берейін, батаңызды алайын дедім" десе керек. Байсал сонда тағы да: "Жетпегірдің баласына тағы не бата беруші ек?" — деп жүре бермек болады. Бірақ, Бөжей жүрмей, бата берді дейді. Батасында, "жалғыз-ақ әкесінің мінезін бермесін" дегенді баса айтқаны Абайдың есінде қалыпты.
Осы бала оқуды тастап әкесіне көмекке келеді. 13 жастағы Абай, әкесі берген бетпен ел сөзіне кіріседі. Әрине, жас бала алғашқы аяқ басқан жерден келелі кеңеске кіріп кеткен жоқ. Ел жұмысын шет жағалап, ептеп бастауына керек.
Сондықтан ең алғашқы жылдарында әкесінің "барып келінде" жүреді. Кейде қасына кісі қосып беріп, кейде жалғыз өзіне сөз тапсырып, келісім жасауға да ерік береді.
Абай жасына жетпей ұлғая бастайды. Балалық белгісін ерте жоғалтып, сөйлесіп жүрген үлкендеріне бала көрінбеу, олқы түспеу жағын көп ойлайды. Әкенің билігі, өмір талқысы және араласып жүрген үлкендері болсын, барлығы да Абайды оқудан алыстатып әкетумен тоқтамай, табиғи балалық қалпынан да жырып әкеткен.
Жас күнінен-ақ Абай өмірі әлденеше қиқы-жиқы, шиырға түскен. Ішкі балалық дүниесін онды-солды соққыға алатын, теріс қалыпқа кептейтін, ерекше халдарға ұшыраған.
Өзінің дене қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай жаратылыстағы зеректік, талаптылық сияқты өнерінің барлығын еріксіз осы жолға салған.
Ел кісісімен араласқанда, сөз керек, тапқыштық керек, кезенді жерге келгенде, айла да, ашу да керек. Әрбір көлденең келген істің тұсында өзгелер не сөйлейді, не істейді. Бұрынғы билер не айтып, не істеген. Өз әкесі қайтеді? Оған қарсы адамдар не тәсілде? Осының бәрін Абай ел сөзіне кірісе бастаған соң-ақ тесіле қарап, толық ұғынып, жете білуге тырысады.
Сонымен балалықтан асып, бозбалалық, жігіттік шағына жеткен уақытта қазақтың ескі сөзі, ескі жол-жобасы, мәтел-тақпақ, ескі биліктеріне елдің маңдай кісілерімен қатар түсетіндей білім алады. Бұл уақыттарда қазақтың ескі ақындары, кемел шешендері, жорықшыл батырлары, ерлері болсын барлығының жәйіндағы әңгімелер Абайға таныс дүние болып қалған.
Қаладағы оқудан шығыс ақындарын сүюді, ақындықты сүюді ала келген Абайға, ендігі тәрбиеші ұстаз қазақтың халық қазынасы болады. Осылайша ел даналығын танып, соны ерте қамту, жас талапкерге жаңа зор мектеп болады. Бұл жөніндегі азық білімді ол әкесінен алмайды, халықтан шыққан шешен ділмәр, ақын, ескі әңгімешіден, көпшіліктен алады. Ең алғашқы өлең жәйін баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулат, Бұқар жырауды ауызға алса, солардың өзін бала күнінен естіп, танып, жаттап, тіпті тамашалап өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұраларымен қатар мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс, жарыс сияқты өзге де неше алуан сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ жолаушылардан көп есітеді. Ол әңгімелердің, жырлардың көбіндегі ел зары, ел сыны, жуанның зорлығы, қыздың мұңы сияқтыны да көп естіп өседі. Осындай мұраларды сүю Абайдың негіз іргесін қатал, суық билер ортасында ғана қалдырмай, халық мұрасына бейім етіп жүреді.
Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзіне соларды керекке жаратып, әңгіме арасына кірістіріп отыру, "жақсы" деген шешендерге көп жайылған салт еді. Абайға да сол парыз сияқты болған. Жас жігіт сол білімді орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болады. Ел көзіне шешен сияқты көріне бастайды. Басында балалығының арқасында ел сөзіне қорғана кіріскен Абай, аз жылдың ішінде үлкен табыс тапқандай болып, адымын ұлғайта бастайды. Бірнеше рет жол көріп, көзі қанған соң елдің "пәлен жақсы, түген жақсы", айла мен еп болмаса, өзге жалпы білімге, ақыл шалымға, өзінен соншалық артық емес екенін сезеді. Абайдың өзінен үлкен кісілерден өзін кем санамауына себеп болатын тағы бір нәрсе — мұның оқуы барлығы. Ел кісілерінің көпшілігі Құнанбай сияқты, оқымаған адамдар болған уақытта, Абай олардың қасында өзін өзгерек көрген. Надан кісілердің ортасына келіп өлшескенде, өзінің үш жылдық оқуы дардай көрінген.
Бұған халық ескілігі, қазақ фольклорының мол байлығы қосылған соң, Абай аз заманның ішінде ел ортасындағы шешендік, жүйрік, жарыс сөзде өз қайратына сенген өршілдікпен құлаштайды.
Абай бұл кездерде үлкен-кішінің ұтымды, шешен жауап айтқанын тәуір бағалап, дау, талас, тартыс егесте өзі де сондайды айтып қалуды машық етеді. Бұны ылғи жәй сөз түрінде айтпай, кейде өлеңмен айтып жіберетіні де болады. Осы күнге шейін бізде Абайдың сөз байлығын, лексиконын тексерген еңбек жоқ. Бірақ қазақшасын оқыған адамның барлығына Абай тілінің аса бір мол, бай тіл екенін тану қиын емес. Сол байлық Абайда бала, жігіт күнінен құралып, өсіп келген байлық. Және шешендік өзі де тапқырлық пен кестелі сөзден, келісімді, ұтымды ойлардан құралғанда — ақындықтың бір ағайыны. Абай ақындығы оның жас кезінен көп мұралар қалдырмаса, "ол кезде Абай ақын емес еді" деу қата болады. Абай сол уақытта да ақын. Ақындығын және мол қолданған, күнде сынға салып, күнде безеп отырған ақын. Онысы және өмір құрылысына күнбе-күн, қолма-қол ұштасып отырған ақындық. Ол, жүйрік шешен, әсем ұшқыр сөздің ақындығы. Көбінесе қара сөзбен айтылған тапқырлық, алғырлық. Бірақ Абай онда өзін "ақынмын" деп санамаған. Өлеңді де, дәл өлең түрінде, келелі тартыс үстінде аз қолданып, жәй ойын, қалжың, мысқыл түрінде көбірек айтып тастап жүрген. Әсіресе жігіттікке жеткен шағында қыз-келіншекке арнаған сәлем хат, қалжыңды көбінесе өлеңмен айта беретін болған. Бірақ ол кездегі өлеңнің көбін өзі де ескермей, өзге де көп елемей, барлығы ұмытылып қалған. Есте қалғанның бізде жиылғаны: "Әліп, бимен" жазылған тілек хат. Сонан соң "Сап-сап, көңілім" деген өлең еді. Ол Сүйіндік қызына айтылған өлең екен. Бозбалалық шағында Абайдың қатты құмар болған әйелінің бірі осы қ�