Абай туралы Көкбай ақсақал мен баласы Тұрағұлдың естегілері
Абай туралы Көкбай ақсақал мен
баласы Тұрағұлдың естегілері
Бұл сөздегі Көкбай ақсақалдың естегісін 1924 жылы Семей қаласында Абайдың өліміне 20 жыл толғанына арнап, қазақ оқығандары жасаған ескерткіш кеште Көкеңнің ауызша айтқан сөздерінен жазып алып едім. Одан соң сондағы сөзге қосылған аз ғана мағлұматтар болса, сол жылы Көкбай ақсақалмен жәй әңгімелескен мәжілістерде алынған. Көкең Абаймен 1880 жылдардан бастап, 25 жылдай жолдас болған. Сондықтан бұл кісінің әрі аға, әрі жолдас-дос болған жақыны Абай туралы білген мағлұматтары көп болса керек еді. Бірақ сол 1924 жылы Көкеңнің саушылығы азайып, үлкен ауыр науқасты болды. Ауруынан "Емделсем жазылар ма екем" деген үмітпен Том, Мәскеу, Ленинград сияқты қалалардың бірінен қайтып, біріне барып, қыс бойғы уақытын жүріспен алып, орнығып отыра алмады.
Сондықтан Абай кешінде "Естегіні айт" деп, өзі білген жайларын көп алдына сөйлеп берудің міндетін айтқан уақытымызда да, өзімен жеке әңгімелескенде де, көңілінде
алаң көп болғандықтан, Көкең өзі білген жайларының барлығын толық қылып түгендеп шыға алмады. Сонан соң 1925 жылы жазғы салымында науқасы ауырлап елге қайтты, кетерінде: "Үйге барған соң шамам келсе, Абайдың жайын толық қылып жазармын" деп еді, елге барған соң ол уәдесіне жете алмады. Өйткені науқасы жеңіп әкетіп, мұршасын келтірмепті.
Сол жылдың күзінде Көкең дүние салды да, мен қыстыгүні есіткен аз мағлұматтардан басқаны жия алмаған қалпымда қалдым.
Бірақ аз да болса Көкең марқұмның айтқан естегісінің бәрі де оқушыға қызықты болар деп сенемін. Сондықтан мүмкін болғанынша сол кісінің аузынан есіткен сөздерімнің өз қалпынша түгел тізіп, айтып көрмекшімін.
Бұл сөздің ішіне Көкеңнің естегісінен басқа Тұраштың естегісін де кірістірмекші болдық. Бұ да Көкеңнің сөздері сияқты керектігі зор мағлұмат деп санаймыз. Өйткені, Абайдың бүгінгі көзі тірі қалған іні-балаларының ішінде, ақын туралы осы кісіден артық мағлұмат берерлік ешқайсысы да жоқ. Тұраш 1889 жылдан бастап үнемі әкесінің қолында тәрбиеленгендіктен, ақынның әрбір өлеңі қай кезде, кімге арналып жазылғаны, не себептен туғаны туралы, онан соң өзі ес білгеннен бері қарай әкесінің басынан қандай халдер өтіп, қандай мінез, қандай әдет дағдылары болғандығы туралы өзге жұрттың бәрінен артық, бәрінен толық мағлұмат берді.
Әкесі турасындағы естегісін Тұраш бөлек сөз қылып жазып беріп еді. Бірақ ондағы үлкен мағлұматтарының барлығын Абайдың әмірбаянын айтқанда, керекті жеріне кірістіріп, түгел пайдаландық. Содан қалған сөздер болса, ұсақ мағлұматтар болғандықтан, бөлек сөз қылып басудан да осы Көкеңнің естегісімен бірге қосуды ылайық көрдім.
Мұхтар Әуезов