Абырой
04.12.2012 11:46
7000
Абырой (араб. аб - су, руй - жүз (бет), сөзбе-сөз «беттің суы», яғни ар-ұят, қадір-қасиет) - қазақтарда бұл сөз кең мағынасында - ар-ұят, бедел, құрмет, қадір-қасиет ұғымдарының жиынтық мазмұнын білдіреді, тар мағынасында - сәттілік, істің көңілдегідей, ойдағыдай шығуы, тиімділік ұғымдарының баламасы ретінде қолданылады. Абыройдың ауызекі тілдегі «әбүйір» тұлғасы көбіне осы соңғы мәндерін білдіреді. Абырой философияда моральдық ұғым, этикалық категория тұрғысынан қарастырылады. Абырой - адам бойындағы ең асыл құндылықтардың бірі; кісілік, адамгершіліктің тірегі.
Абырой - ар-намыстың тазалығы және адамгершілік, еңбек, шығармашылық т.б. қызмет арқылы көпшілік тарапынан сый-құрметке ие ететін адамның қадір-қасиеті, қоғамдық бейнесі, беделін білдіретін іргелі этикалық категория.
Абырой арабша «аб» - «су», және «рой» - «бет, жүз» дегенді білдіреді. Қазақы дәстүрлі ортада Абыройдың жеке басқа қатыстылығынан гөрі ол жалпы қауымдық сипатқа ие болатын тұстары мол.
Абырой көшпелі ортада қауымның ойлау қабілеті, мәдени қалыптасқан нормалар мен құндылықтарға, дәстүр-салтты «ата жолын» қаншалықты берік ұстанатындығына байланысты болады. Жеке бас пен рудың (қауымның) абыройы (мәртебесі) сынға түсетін кездерде қауым өкілдерінің зиялылық пен парасаттылығы, дәстүрлі жосын-жоралғыларды ұстанатындығы ескеріледі. Абырой ұғымы өте кең және ой, сана, зерде, зейін, ұят, ибалық, айбын, алғырлық, қылық, көшелілік, азаматтық, көрегендік, намыс, ұждан, пайым, ізгілік, бедел сияқты сан алуан ұғымдар мен категорияларға тікелей қатыстылығы бар.
Абырой қаншалықты биік, әрі ұзақ уақыт бойы тірнектеп жиналғанымен, бір сәтте ғана, сын сағатта шалыс басқан қадамнан оған кесір келуі мүмкін. Сондықтан да ел арасында берілетін батада «Абыройлы бол!» деген принцип орын алған. Ал сын сәтте абыржыған кезде «А, Құдай, абыройымнан айырма!» деп жалбарынады, оның азаймауын тілейді. Яғни қазақ баласы үшін Абыройдан айырылудан асқан жаза жоқ. Халық «абыройыңды жасыңнан сақта» деп ұдайы ескертеді, елдің абыройын қорғаған күрескерлерді құрметпен ардақтайды, олардың өнегелерін жыр-аңыз етіп, мұрат тұтады. «Абырой атақ шығарады, даңққа жеткізеді», - деген нақыл сөз осыны меңзейді.
Қазақтар қыз абыройына да ерекше мән берген. Қыз баланың тәрбиесінде, өзін күйеуге шыққанға дейін ер адамнан сақтауын қазақтар: абыройы өзінде, абыройын сақтаулы, - дейді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Археологиялық ескерткіштер