Жаңалықтар

Архаикалық кезеңдегі грек мәдениеті

  Архаикалық кезеңдегі грек мәдениеті (біздің заманымызға дейінгі VIII-VI г.). Грекия мәдениетінің архаикалық кезеңі б.з.д VIII-VI ғасыр аралығын қамтиды. («Архайос» грек сөзі, «көне» ұғымын білдіреді). Бұл кезең гректердің Мрамор және Жерорта теңіздерінің жағалауларындағы жерлерді меңгеру — ұлы отаршылдық кезеңі, бұл — құлиеленушілік құрылыстың кірігу кезеңі, грек мемлекет-қалаларының өзара саяси-әлеуметтік күрес жағдайында қалыптасу кезеңі, дәлірек айтқанда қилы-қилы қоғамдық-саяси оқиғаларға толы түбегейлі терең өзгерістер кезеңі. Дәуір басында-ақ, әсіресе материалдық мәдениет қаулап дами бастады. Жолдар тартылып, көпірлер тұрғызылды, қалаларда су құбырлары салынды, темір қару-жарақтар кеңінен қолданыла бастады, металлургия мен құйма тәсілі одан әрі жетіле түсті. Тұрмысқа қажетті бұйымдарды шығаруды ұлғайтудың арқасында жалпы гректік рыноктар пайда болды, тұңғыш рет теңге сомдалып, сауда айналымында кеңінен қолданыла бастады. Крит-Микены мәдениетінің күйреуі нәтижесінде тығырыққа тірелген грек әлемі томаға-тұйықтықтан арылып, басқа халықтармен байланыстарының арнасын кеңейте түсті. Шындығында да, гректер көршілес жатқан халықтардан көп нәрселер үйренді. Мысалы, олар мидиялықтардан теңге-ақшалар соғуды, финикиялықтардан — алфавиттік жазуды (кейіннен оны жетілдірді) мұра етті. Қала тұрғындары арасынан шыққан байыған құлиеленушілерді «жаңа байлар» деп атады. Ру басшыларының зорлық-зомбылығына шыдамаған шаруалар қалаларға қарай ағыла бастады. Шаруалар сияқты кедейленген әлеуметтік топтардан «демос» (халық) қалыптасты. Демостың экономикалық және саяси жағынан билеп-төстеген ақсүйектерге қарсы күресі бір толастамады. Осындай таптық тартыстардың өрлеуі, жердің жетіспеуі және қала тұрғындарының шектен тыс көбеюі біздің заманымызға дейінгі VIII—VI ғасырда етек алған «ұлы отаршылдықтьщ» белең алуына тікелей себепкер болды. Оңтүстік Франция мен Испанияда, Сицилия мен Апенин түбегі жағалауларында, Ніл сағасы мен Қара теңіз жағалауында 150-дей грек қала-отарлары пайда болды. Осы бір жағдайды ұлы Платон «гректер Жерорта теңізі төңірегін батпаққа жиналған бақадай қоршап алды» деп тамаша бейнелеп айтқан. Архаикалық дәуірде рулық құрылыстың түкпілікті ыдырауына байланысты көне полис-құлиеленушілік құрылыстың саяси-әлеуметтік формасы — мемлекет қалалар қалыптаса бастады. Әр полюске қаланың өз жерімен қатар, оны қоршаған егістік жерлер де кіретін болды. Қаланың дербестігі мен тәуелсіздігін еркін азаматтар жасағы қамтамасыз етті. Олар мемлекеттік полистік құрылыс жағдайында халық жиналыстарына, сот процестеріне және мемлекеттік маңызы бар істерді шешуге қатыса алатын болды. Мұндағы шаруашылықтың жүргізілуі құлдық жүйенің мүдделеріне сай келді. Мемлекет-қалалардың орналасқан аумағы әртүрлі болған. Мысалы: Афины мемлекет-қаласының көлемі 8400 шаршы киллометр, ал Спартаның көлемі — 2650 шаршы киллометр болды. Ғалымдардың пікірінше, Грекиядағы мемлекет-қалалардың жалпы саны екі мыңға жуық болған. Солардың ішіндегі ең ірілері — Афины, Спарта, Коринф, Аргос, Фивы және тағы да басқалары. Саяси жағынан алып қарағанда көптеген мемлекет-қалаларға ұсақталып бөлінген Грекия, дәл осы архаика-лық дәуірде басқа халықтармен қарым-қатынастар жасаудың нәтижесінде елдің бірлігі туралы ойлана бастады, сондықтан да болар бүкіл грек әлемін қамтитын «Эллада», «Эллиндер» деген ұғымдар қалыптасты. Жергілікті діндердің бірігуінің нәтижесінде жалпы гректік құдайға табыну орындары — ғибадатханалар полистер арасындағы басты экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынастардың орталықтарына айнала бастайды. Ежелгі Шығыс елдері сияқты, грек дінінде де политеизм тән болып келеді. Грекияда басты құдай, құдайлардың әкесі Зевс болып есептеледі. Оның әйелі Гера — аспан құдайы және неке қамқоршысы. Зевс өзінің ағайындары: Пасейдонға теңіздегі билікті, Аидқа жер асты патшалығын берді. Сұлулық пен сүйіспеншілік құдайы Афродита мифтер бойынша теңіз толқынынан жаратылған, ол римдік аңыздарда Венера деген атпен белгілі. Венера Медицейская, Венера Таврическая, әсіресе Милос Венерасы және тағы да басқа әйгілі мүсіндер Афродитаның даңқын бүкіл дүние жүзіне паш етті. Ежелгі Грекияның басты құдайларының бірі — жануарлар әлемінің, ағаштар мен өсімдіктер дүниесінің қамқоршысы Артемида. Әлемнің жеті кереметі болып саналатын Артемида ғибадатханасы — Артемиданың құрметіне тұрғызылған. Афина данышпандық құдайы, оның шапағатының арқасында адамдар ғылымға ұмтылған, қолөнермен айналысқан, әйелдерді тоқыма ісіне үйреткен. Гелиос — күн құдайы, Ника (Виктория) — жеңіс құдайы, Арес — соғыс құдайы, Дионис — шарап құдайы, Гермес — сауда-саттық құдайы және тағы да басқалар. Грекияда құдайлар мен адамдардың некесінен пайда болған батырлар да ерекше құрметке бөленген. Әсіресе 12 рет ерлік жайаған Гераклдың мерейі үстем болды. Геракл (Геркулес) — ежелгі грек жұртында аты аңызға айналған нағыз халық батыры. Әкесі Зевс, анасы Алкмена, зайыбы — Амфитриона, Гераклдың көзсіз ерліктері ғасырлар бойы жырланып келді. Бір таңқаларлығы оның есімі «Илиада» мен «Одиссея» дастандары жазылмай тұрған кездің өзінде-ақ белгілі болған. Гераклдың образы өнер туындыларында да асқан шеберлікпен берілген (мүсін өнерінде «Дем алып тұрған Геракл», әдебиет саласында Софокл мен Еврипидтің шығармалары). Құлиеленуші полистердің өсуі монументтік сәулет өнерінің дамуына, Грекияның көптеген қалаларында салына бастаған храмдар (ғибадатханалар) құрылысының етек алуына әкеліп соқты. Ғибадатханалар қалаларды одан әрі көркейтіп, оның күш-қуатын көрсетті, храм салуда полистер арасында бәсекелестік пайда болды. Сарайлық, криттік сәулет өнеріне қарағанда, бұл дәуірдің сәулет өнері храмдық болып келеді. Бірақ діни рәсімдер арнайы құрбандық орындарында, далада өткізілгендіктен храмдарға, құдайға құлшылық ету үшін емес, тек құдай мүсіндері тұратын орын ретінде ғана пайдаланылатын болған, яғни храмдар — шеберлер қолынан шыққан асқақ мүсіндердің мекені болды. Архаика кезеңінің ең биік храмдарының бірі — Коринфтегі Аполлон храмы (біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдың екінші жартысы). Бұл храм — өзінің сәулеті жағынан қас бетінде алты колоннасы, ұзына бойында он бес колоннасы бар таңғажайып құрылыс. Құм қайран тастан қашалған колонналардың ұшы жіңішкере береді, олар әдемі жұқа сылақпен әдемі етіп сырланған. Немістің ұлы ақыны Гете сәулет өнерін «үнсіз музыка» деп бағаласа, сол бір үндестіктің ажырамас бөлшегі болып табылатын грек колоннасы — таңғажайып таза үнді, жан тебірентерлік дауыстарға толы симфония сияқты. Олай болатын себебі, грек сәулет өнерінде колоннаның рөлі зор болды, олар храмның сырт келбетін одан әрі әсерлендіріп, айқындай түсетін. Колонналар көлеңкесінен саудагерлер мен ақша ұстайтын адамдар сая табатын, жауыннан немесе ыстықтан бой тасалайтын орын ғана емес, саяси айтыстар қызып жататын грек қаласының бүкіл тіршілігі осы колонналар аясында өтетін еді. Демек, орнықты да, әсем етіп салынған грек колонналары заман талабына сай өз міндеттерін толық атқара білді. Грекияда мүсін өнері сәулет өнерімен біте қайнасып дамыды, яғни мүсін өнері сәулет өнерін туғызды, ал сәулет өнері өз кезегінде мүсін өнерін жасады. Бүгінгі заманымызға дейін өзіндік ерекшеліктерін, сыр-сипатын сақтап келген өнердің құнды ескерткіштерінің көпшілігі дәл осы кезенде жасалды. V ғасыр ортасында Афиныда жұмыс істеген ұлы мүсінші Мирон бейнелеу өнерінің дамуына орасан зор әсер еткен таңғажайып мүсіндер жасады. Олардың қатарына қоладан құйылған құдайлардың мүсіндері, атлеттер мен жануарлар бейнелері және тағы да басқалары жатады. Болашақ ұрпаққа римдік бірнеше мөрмәр көшірме арқылы жеткен «Диск лақтырушы» деген мүсінді алып қарастырып көрейікші. Диск лақтырушы қолындағы ауыр дискіні кейін сермеп, енді ғана лақтырайын деп тұрған сәтінде бейнеленген. Оның бұлшық еттері шиыршық атқан, денесі догадай иілген, бірақ өңі өте сабырлы, барлық ықыласын, ынта-жігерін тек жеңіске арнаған. Балғын жастың ерік-күші мен қайраты сомдалып берілген. Сайып келгенде, шоқтығы биік бұл туындысында Мирон өз күшіне сенімді арынды атлеттің, өз елінің ержүрек, дене бітімі мінсіз азаматтың асқақ бейнесін жасаған. Жалпы грек халқының ой-санасында атлеттің дәл осындай сұлулық мұраттарын, қайраты мен қаһармандық бейнелерін өмірдің өзі қалыптастырды. Бұл жағдай құдайлармен қатар адамдарды да бейнелейтін алып жалаңаш жігіттер мүсіндерінен кең көрініс тапты: олар «куростар» (жігіт, «бозбала» деген мағынаны білдіреді) деп аталды. Ойымыз дөлелді болу үшін архаикалық өнердің ең көне ескерткіштерінің қатарынан орын алатын — біздің заманымызға дейінгі VII—V ғасырлар шамасында тарғыл мәрмөрдан жасалған куростың (бозбаланың) үш метрлік алып мүсінін алып қарастырайықшы. Жалаңаш пішінді қашағанда мүсінші атлеттік мықты денеге тән белгілерді — жігіттің кең иығы мен қыпша белін өсерлі етіп көрсетуге баса назар аударған. Аяқтары алып бағана тәріздес, тізесі мен тобықтары тырысып тұр, бұлшық еттері білеуленген, езуінен астарлы күлкінің табы байқалады. Бұл мүсін — өміршіні дәріптеу үшін емес, еркін адам құдіретін, оның бойындағы ізгілік қасиеттерді мадақтау үшін жасалғандықтан, бұл тұлғалар грек мәдениетінің гуманистік мұраттарымен үндеседі деп толық сеніммен айта аламыз. V ғасыр ортасына қарай Афины қаласы бүкіл грек елінің ең ірі мәдени орталығына айналды. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды мүсіншілер, шеберлер мен құрылыс мамандары астананың сол кездегі сәулет және мүсін өнерінің тамаша үлгісіне айналуына зор үлес қосты. 200 мыңнан астам халқы бар Афины сол дәуір тұрғысынан алып қарағанда 10 мыңнан астам үйі бар үлкен қала болып саналатын. Өнер саласындағы кереметтердің кереге көтеруі Афины қаласының акрополі Перикл мен оның жан досы Фидийдің есімдерімен тығыз байланысты болды. Периклдің қолында шексіз билік болғанымен, о л оны асыра пайдаланған жоқ. Ол бар күш-жігерін Афиныны көркейтуге жұмсады, өнер атаулыны қанатының астына алып, қалаға таңдаулы өнер шеберлерін топтастырды. Вольтер Афинының ұлы мәдени дәуірін «Перикл ғасыры» деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Перикл ең алдымен парсылар талқандаған Афины Акрополін қайтадан жаңа рухта қалпына келтіруді қолға алды. Ежелгі Русьте Кремль қандай орын алса, Элладада Акрополь де сондай жогары бағаланатын. Ол храмдар мен басқа қоғамдық мекемелерді қабырғаларының аясына алған, соғыс кезінде халықтың бас сауғалар 134 орнына айналған қала қамалы болатын. Афины акрополі — ізгілік пен сұлулық нұрына бөленген адамның шығармашылық еркі мен бізді қоршаған табиғат дүниесінде жүйелі тәртіп орнататын адамның ақыл-ойының жемісі, ендеше ол еркіндік рухына толы таңғажайып өнер ескерткіші болып саналады. Афинының сәулет өнерінің дамуына зор үлес қосқан ұлы ойшыл Фидий болды. Ол Афиныда туып-өскен, шамамен 500 жылдарда туып, 430 жылдарда қайтыс болған. Афины акрополі Фидийдің туындысы екендігін ескерсек, оның сөулет өнеріне қосқан үлесінің қандай болғандығьш анықтап жатудың қажетгілігі болмайтын сияқты. Ұлы мүсінші қияльшың ұшқырлығы Перфеон сарайындағы биіктігі 12 метрлік Афина мүсінін жасаған кезде айқын аңғарылады. Алтынмен қапталған піл сүйегін соншалықты шеберлікпен қиюластырып, осындай биік те, дара тұлғаның өзіндік көркемдік шешіммен жасалынуы суретшіге оңайға да түспеген сияқты. Өйткені, Зевстің сүйікті қызы Афина нұрлы аспанның қыз құдайы. Ол әкесімен бірге күн күркіретіп, найзағай ойнатады, сонымен бірғе жылу мен жарық та береді. Диханшылықтың, әрі асқан кемеңгерліктің, мөлдір парасаттың, ақыл-ойдың, ғылым мен өнердің құдайы. Міне, осындай қасиетгі қыз құдайдың бейнесін жасау ұлы Фидийдің үлесіне тиді және ол бұл міндетті асқан шеберлікпен жүзеге асыра білді. Шындығында да, ежелгі грек жұртының мүсіншілері әрі сұлу, әрі сымбатгы рухани жан дүниесі бай кейіпкерлерді асқан шеберлікпен бейнелей білген. Сондай ғаламат туындьшардьщ бірі — «Милосск Венерасы». Адамзат баласының сан мың ұрпағын осы уақытқа дейін таң қалдырып, небір асқан ақыл-ой иелерін бас идірген осы бір таңғажайып ескерткіштің авторы — Кіші Азиялық мүсінші Агесандр. 1820 жылы Жерорта теңізінің бір аралынан табылған бұл бейне қазір Парижде, Лувр музейінде сақтаулы. Шебер мүсінші Агесандрдың қолынан шыққан махаббат құдайы Венераның бейнесі өзінің құдіреттілігімен таң қалдырады. Өкінішке орай, сан ғасыр бойы ғұмыр кешкен бұл сұлу мүсін бізге жолдарын жоғалтып жеткен еді. Луврға Венера сұлу келеді дегенді естігенде төсек тартып жатқан ұлы ақын Гейне музейге қол арбамен жетіпті. Осынау сұлулық падишасының бейнесін көрген уақытга адам танымастай шексіз ба-қытқа бөленіп, көкірегі қарс айырыла «Ах, мен неге сол мезет көз жұмысп өліп кетпедім екен» деген екен. Сымбаттылықтың символы болған бұл ұлы мүсін талай ақындар мен дастандардың арқауы болды. Антикалық сәулет өнерінің шыңы — ежелгі заманның өзіндеақ дорийлік стильдің ең тамаша ескерткіші деп танылған Парфенон сарайы еді. Ал осы таңғажайып ғимараттағы Фидий қолынан шыққан мүсіндер — сұлулықтың шынайы қазынасы, адам рухының ең асқақ талпыныстарының шындық тұрғысынан бейнеленуі. Фидийдің нақақтан жала жабылып, Афиныдан қуылуы оның — кемеңгерлігі мен мәртебесіне ешбір нұқсан келтіре алмады. Басқаны былай қойғанда, Антика керамикасының тұтас бір кезеңі Фидий есімімен аталады. Грек халқының сәулетшілік өнері мен мүсін өнерінің гүлденген дәуіріне грек сурет өнерінің гүлденуі тұспа-тұс келеді. Сурет өнері саласындағы тамаша жаңалықтар дәл осы кезеңде ашылған. Солардың бірі — ғасырлар арнасында жоғалып, тек екі мың жылдан кейін ғана, яғни Қайта өрлеу кезеңінде ашылған «сәулелі көлеңке» өнері. Ежелгі авторлар бұл «өнерді ең алғашқы игерген» Афины Аполлодоры деп санайды. Ол өз палитрасына көмескілікті бірінші болып енгізгендіктен, «Көлеңкені бейнелеуші» деген атақ алған. V ғасырда сондай-ақ Паррасий мен Тиманфр сияқты суретшілер драмалық көріністерді салып, адам бойындағы терең сезімдерді асқан шеберлікпен бейнелей білген, мұның өзі грек өнерінің жаңа дәуірге көшуін білдірді. Бұл кезеңде әдебиет саласында да тамаша туындылар өмірге келді. Солардың ішінде шоқтығы биік ақын Гесиод болды. Ол жазған «Теогония» (құдайлардың шығу тегі жөніңде) және автордың өзінің өмір жолына арнаған «Еңбектер мен күндер» атты дастандары — гректердің көңілінен шықты. Әдебиет саласында басты орынға шыққан лирикалық поэзияның өкілдері адамның ішкі жан-дүниесін жырлауға ерекше назар аударды. Бұл жаңа жанрдың көрнекті өкілдері Архилог (біздің заманымызға дейінгі VII ғасырдың екінші жартысы), Солон (біздің заманымызға дейінгі 635—559 жылдар), Алкеи (біздің заманымызға дейінгі VII ғасыр аяғы мен VI ғасыр бірінші жартысы), Анакреонт (біздің заманымызға дейінгі 570—478 жылдар) және тағы да басқа. Өзіндік сипаты бар архаикалық мәдениет дүниежүзілік мәдениетте айрықша рөл атқарған Эллада тарихындағы жаңа кезеңге — классикалық гүлдену дәуіріне даңғыл жол ашып берді.[1] Мүсін пір тұтқан әміршіні дәріптеу үшін емес, еркін адам құдіретін мадақтау үшін жасалған. Курос бейнесі бүкіл архаикалық өнерге арқау болып тартылған. Қала тапсырмасы бойынша жасалған мүсін шебердің тек өз басының мұратын ғана емес, қатал да арпалысқа толы өмір жағдайында барлық азаматтарға тән ер жүрек, қайратты адам сұлулығы туралы ұғымын білдіретін. Жалаңаш жігіттерді бейнелеу арқылы шеберлер адам пішінінің пропорциясы жайлы білімін жетілдіріп, дененің бұлшық еттерін зерттеді, қажетті тәсіл-дағдыларды игерді. Б. э. бұрынғы VI ғасырда эллиндік полистерде монументтік пластика кең тарады. Құдайлар мен мифологиялық қаһармандардың қыруар мүсіні қалалар алаңдарында, храмдар мен ғибадатханаларда орнатылды. Жалпыгректік жарыстарда озып шыққан атақты атлеттердің жеңістері мүсінмен атап өтілді. Өлгендердің бейітіне құлпытастар мен бедер бейнелі тақта тас — стелалар қойылды. Храм фронтондары, метопалары мен фриздері сәндік мүсіндермен әшекейленді. Гректердің бәрі құрметтейтін ғибадатханалар тәңірілердің мінәжаттық мүсіндеріне, қалалар мен бай құл иеленушілердің құдайларға алғыс сезімінің белгісі ретінде сыйға берілген мол тарту-таралғыға толы. Бәдізшілердің ептілік шеберлігі, алуан түрлі материалдарды өңдеу өнерпаздығы арта түсті. Мүсін тастың неше түрінен қашалып, ағаштан жонылып, күйдірілген балшықтан — терракотадан жасалатын. Тас пен терракота мүсіндеріне ашық түсті сыр жағылатын. Б. э. бұрынғы VI ғасырдың екінші жартысында алдымен Самос аралында, ал одан соң Элладаның басқа да қалаларында қоладан құйылған тұңғыш мүсіндер дүниеге келді. Ерте кезде архаика шеберлері мүсінге көбінесе құм қайрақ тасты пайдаланса, VI ғасырдың алғашқы жартысында, одан берірек әрі әсем мәрмәр тасын кеңінен қолданды. Мүсіншілердің творчестволық мүдделері б. э. бұрынғы VII ғасырдың өзінде айқындалған архаикалық өнердің екі негізгі бейнесін жасауда — жалаңаш жігіт пен ұзын киімге оранған, қымтанған әйелді мүсіндеу бағытында тоғысты. Мұның біріншісі, әсіресе, Солтүстік-Пелопоннес пен Киклады аралдары шеберлерінің назарын аударса, екіншісіне б. э. бұрынғы VI ғасырдың ортасына дейін парсылар қол астына қараған тұста өздерінің экономикалық және мәдени дамуында құрлықтағы Грекиядан озып кеткен Аттика мен Ионияның кішіазиялық қалаларының суретшілері көңіл бөлді. Грек мүсін өнерінің түрлі мектептерінің өз арасындағы көптеген айырмашылықтарына қарамастан, ортақ міндеттерді шешуге деген талпынысы архаикалық пластиканың ортақ стилі қалыптасуына жол ашты. Б. э. бұрынғы VI ғасырда аттика шеберлері өнердің тамаша туындыларын жасады. Осы тұста Афины гүлденуінің шырқау шегіне жетіп, Элладаның аса маңызды қолөнерлік және сауда қалаларының біріне айналды. Афинының экономикалық және мәдени өрлеуіне б. э. бұрынғы 560 жылы өкіметті басып алып, қаланы отыз жылдан астам уақыт басқарған Писистрат тираниясы едәуір дәрежеде ықпал жасады. Ол кең өрістеткен ірі қоғамдық ғимараттар құрылыстары наразылық көрсеткендердің үнін өшіріп, еркін азаматтардың көбісіне табыс әкелді. Қала тез ұлғайып, Аттика территориясын жолдар торабы айшықтады. Афинының Мысыр және Қара теңіз жағалауы өңірімен берік сауда-саттық байланысы орнады. Писистрат заманынан бастап Афины грек мәдениетінің орталығына айналды. Тиран қалаға аса көрнекті суретшілер мен ақындарды тарта білді. Жыл сайын екі рет, көктем мен күзде халық үшін шарап құдайы Дионистің құрметіне көңілді мереке ұйымдастырылып, театр ойын-сауықтары көрсетілді. Солардан б. э. бұрынғы 543 жылы тұңғыш қойылымы Афиныда көрсетілген театр өнері — грек трагедиясы туды. Писистрат тұсында тәңірия Афинаның жалпы-қалалық мерекесіне айналған Панафиндер салтанаты ұлан-асыр той-думанмен өтетін. Тұңғыш рет Гомер дастандарының текстері жазып алынды. Табиғи әрі сенімді қорған іспетті жақпар жартасты шоқыға, Афины акрополінің шыңына салынып, мүсіндермен әспеттелген храмдар қаланың айбыны мен ажарын құлпырта түсті. Осы діни ғимараттар арасында б. э. бұрынғы VI ғасырдың басына дейін сақталған Афинының аса ежелгі храмы — Гекатомпедон («жүз футтық») ерекше көзге түсетін. Акрополь ортасынан орын алған оның іргетасының қалдығын археологтар осы жерді қазған кезде тапты. Өткен ғасырдың аяғында бұл храмның фронтондық композицияларының жұмсақ құм қайрақ — поростан жасал- ған, сыры тамаша сақталған мүсіндері де табылды. Бейнелер сюжеттері мифологиядан алынған. Батыс фронтонның сол жағында мүсінші жартылай адам, жартылай балық кескініндегі теңіз құбыжығы, қабыршақты алып Тритонмен шайқасып жатқан Гераклды бейнелеген. Мүсіннің орталық бөлігі құрыған, ал оң жақ жартысын үш адамның кеудесі боп көрінетін, арқасында қанаты бар, бұлғаңдаған жылан құйрықты фантастикалық мақұлық алып жатыр. Бірінші тұлға — қолымен өрт жалынының тілін қысып тұрса, екіншісі — толқыған жемелекті ұстап, ал үшіншісі — алақанына құс қондырып тұр. Бұл грек философтары әлем құрылымының негізгі элементтері деп есептеген үш апаттың нышаны — от, су мен ауа деген жорамал бар. Үш басты жылан ненің бейнесі екені белгісіз. Қазіргі заман ғалымдары мұнан үш басты дәу Герионды, қандай кейіпке де құбылып көше алатын киелі қасиеті бар сиқыршы теңіз қарты Протейді, біресе жер астындағы дүниенің қараңғы қапа- сында туып, аузынан от құсатын сұсты айдаһар Тифонды, біресе, керісінше, мейірімді де қайырымды аттика құдайларын көрмек болады. Соңғы жорамал солардың ішіндегі ең нанымдысы сияқты. Көзін бақырайтып күліп тұратын мифтік мақұлықтардың ғажайып құбылыс-жүздерінен аңғал құмарлық пен ғаламмат шаттық сезіледі. Мүсіндердің шаңқан ашық бояуы осы әсерді күшейте түседі. Бұлшық еттері тырсиған мығым денелерге сарғылт түстен қоңыр қызыл түске дейінгі бүкіл жұмсақ, жайлы реңдермен ке- лісті өң берілген, сақал мен мұрт — қара көк бояумен сырланған, ұзын шаштарының көк түсі кейде қою жасыл түспен ауысады, ал фронтон кеңістігін табиғи толтырып тұрған жылан құйрықтары көк те қызыл реңді. Назарыңды бірден тартар мөлдір көрініспен салтанатты сәнді- ліктің астасып жарасуы жалпы архаикалық өнер шығармаларына тән. Акропольдегі храм қасында сан алуан мінәжат монументтері — куростардың, салт аттылардың, сфинкстер мен қыздардың бейнелері болған. Солардың ішінде бұзау көтеріп келе жатқан адамның (грекше «Мосхофор») мәрмәр мүсіні — ежелгі аттикалық мүсін өнерінің жақсы үлгісі. Ол б. э. бұрынғы 570 жыл шамасында, Гекатомпедонның поростық мүсіндері жа- салған тұста сомдалған. Тұғырындағы жазудан мүсінді Аттиканың бай тұрғыны Ромб (әлде Комб) сыйлыққа әкелгені аңғарылады. Шебер сыйлық әкелушінің өзін иығына құрбандыққа шалынатын бұзауын көтерген қалпында бейнелеген. Осылардың бәрі тұтас бір топ құрайды. Мосхофордың тұлғасын айқындап тұрған жұқа киімінен қайратты, толысқан, келісті денесі байқалады. Бұзаудың сирағын қысып ұстаған қолының шиыршық атқан бұлшық еті де айқын көрініп тұр. Пластиканы жаныңмен сезіну дәстүрлі шарттылықпен ұштасады. Шашы мен сақалы ою-өрнекті кестені еске түсіреді. Әр жерінде сақталған сыр-бояу рең шешімінің батылдығын аңғартады: бұзау көк, Мосхофордың көзі қызыл, сақалы жасыл. Көп ғасырлар өткен соң қадым заманғы Мосхофордың тұлғасы ертехристиандық өнерге Христің нышандық бейнесі — иы- ғына қозы көтерген бақташы жігіт, «ізгілік пірі» болып енді. Кемел кезеңіне жеткен архаикалық өнердің таңдаулы туындыларына б. э. бұрынғы VI ғасырдың екінші жартысындағы мүсіндер жатады. Б. э. бұрынғы 520 жыл шамасында афинылық шебер жасаған мәрмәр курос осындай. Бұл туған қаласын қорғау жолындағы шайқаста қаза тапқан жауынгерлердің басына қойылған құлпытас еді. Мүсін тұғырындағы өткіншіге арналған: «Тоқта да, құдіретті Арес шайқас- тағы жауынгерлердің алдыңғы сапынан жұлып алған марқұм Кройсостың қабірі қасында қайғыр»,— деген жазу сол туралы сыр шертеді. Бұл куростың кескіні архаикалық мүсіннің дәстүрлі типін қайталайды, әйтсе де дене пропорциясы олардан анағұрлым дұрыстығы, нақтылығы, дәлдігімен көзге түседі. Байсалды пішіннің сымбатты сүлдесі батыл қолмен келісті көмкерілген, жігіттің шашы мойнына бұйралана әсем төгіліп тұр. Мәрмәрдың әдемі пішім үлгісі мүсінге қайран қаларлық өмір тынысын берген. Дененің бұлшық еттерін, толысқан кеудені, қол мен мығым аяқтың шымыр бұлшық еттерін жарасты жеткізе алған шебердің байқампаздығы бірден аңғарылады. Жігіттің бүкіл кескін-келбетінен сенімді де айбынды қайрат сезіледі. Оның осы кейпі белгілі біреудің дәлме-дәл портреті емес. Бұл — қорытылған типтік бейне. Өң-жүзінің батыл, байсалды әлпеті іштей сабырлылықтың, ақылмен өз бойын еркін билей алатын ұстамдылықтың белгісі. Мұның өзі б. э. бұрынғы сонау VII ғасырда ақын Архилох айтқан: «Табысқа жөнімен қуанып, қайғыда жөнімен күйіне біл» ,— деген Ежелгі Грекияның тәрбиелік мұратымен үндес еді. Этикалық және эстетикалық мұраттың ұштасуы грек халқының сұлулық туралы ұғымының өзіндік ерекшелігін айқындайды. Осы мұраттың нышаны куростың жоғалған мәрмәр мүсінінің жұрнағы деп есептелетін (б. э. бұрынғы 490—480 жж.) жігіттің тамаша бас бейнесінен көрінеді. Сопақтау келген бет әлпеті көрікті келісіп, сәнді таралған шашы ай маңдайына түскен. Жүректі жігіттің келбетін қаз-қалпында жеткізген ақ мәрмәрдің бетінде жарық пен көлеңке шағылысып ойнайды. Асқақ сұлулыққа құштарлық, әсіресе, мүсіншінің бет әлпетті бейнелеуде белгілі бір норманы сақтайтындығынан жете сезіледі. Бет тепе-тең дерлік үш құрамнан тұрады:маңдай, мұрын және мұрын мен иектің арасы да өзара тең. Жазық маңдай қырлы мұрынмен жалғасады, қиылған қиғаш қас, таңғажайып сұлу ерін жиектерін мүсіндеуде асқан бір шеберлік өресі көрінген. Балғын жігіттің бүкіл кескін-келбетінен өз күшіне кәміл сенетін парасатты асқақ тұлғаның лебі еседі, айналаны оймен шола қарауынан іштей бір сабырлылығы мен ұстамдылығы айқын аңғарылады — гректер еркін азамат мінезінен осы қасиеттерді биік бағалаған. Монументтік мүсінге ерекше тән ер жүрек атлет-сарбаз типі б. э. бұрынғы VI ғасырдың бедерлі бейнелерінде жиі кездеседі. Б. э. бұрынғы 510 жыл шамасында афинылық шебер Аристокл Аристионның бейнесі салынған мәрмәр құлпытас жасады. Оның кеудесіндегі қалың былғары сауытының астынан хитоны көрінеді, басында дулыға, аяғын- да қола саптама сауыт. Сарбаз найзаға сүйеніп тұр, ол бар тұлғасымен ұзынша тақта тасқа келісті ойылған. Шебер Аристионның бет әлпетін, қолының саусақтары мен аяғының башпайларын, бұлшық ет- терін айқындап тұрған хитонының нәзік күлтелерін таңғажайып өнерпаздықпен сомдаған. Шынайы өміршең көріністерді берудегі айрықша бір сүйіспеншілік бейнеге тұтастық дарытып тұр. Бедер сырланған. Сарбаздың сәнді шашында, сақалы мен қару-жарағында қызғылт сырдың ізі сақталған. Писистрат пен оның балаларының тираниясы заманында афинылық құл иеленушілердің нәзік эстетикалық талаптарына гректер кора деп атаған қыздардың тамаша мәрмәр мүсіндері жауап берді. Афины абызтайларын бейнелейтін олар Акропольдегі тәңірия храмында тұрды. Мұндай мүсіндердің бірнеше ондағаны табылды. Олардың көбісі б. э. бұрынғы VI ғасырдың екінші жартысына, Аттикада иониялық шеберлер жұмыс істеген кезге жатады. Бізге аты беймәлім талантты аттикалық бәдізшінің қолынан шыққан кораның мүсіні әмбеге аян. Ол б. э. бұрынғы 530 жыл шамасында парос мәрмәрінен қашалған, Шебер жүн матадан ұзын пеплос (лыпа) киіп, белін қынай буған қыздың қимыл- сыз қалпындағы кескінін бейнелеген. Оның иығында қалыңдау материалдан тігілген желбегей, лыпасының астынан нәзік сызықтармен тартылған кенеп хитоны байқалады. Хитонның төмен қарай төгілген етегі қыздың сұңғақ пішінін айқындай түседі. Қыз басына сән берген қола шір сақталмаған, құлағында сырғасы болған, сол қолына шір немесе бұтақ ұстап тұрған. Мүсінші мәрмәрда қыздың албыраған жүзін, қиықшалау, баданадай көз жанарын, қиғаш қасы мен сәл езу тарта жымиған ойлы күлкісін таңға- жайып нәзіктікпен жеткізген. Бақырая қараған ашық жанары мен бетінің алмасындағы иірім шұқыры өңіне аңғал пәктік, рухани айқындық береді. Кора бейнесі шынайы шаттығымен, баурап алатын жастық шақ сұлулығымен көз тартады. Мәрмәрдің алтындай жайлы түсі иығына төгілген шашының қызыл күрең реңіне тамаша жарасады. Мүсінге жағылған сыр талғампаз өнерді танытады. Қас-кірпігі қара, көзі мен ерні қоңыр, желбегейінің жиегі жасыл сырмен боялған. Осының бәрі мүсінге мерекедегідей шат-шадыман өң беріп, жайнатып тұр. Иониялық шеберлер жасаған коралар аттикалық мүсіндерден анағұрлым сезімтал, сәндірек сияқты. Соңғы архаика кезеңінен жеткен азғана діни мүсіндердің үлгісі — Италияның оңтүстігіндегі грек отары Таренттен табылған мәрмәр тәңірия. Аса сәнді айшықталған тағында жайғасып отырған оның қарапайым да салтанатты келбеті ежелгі шығыс мүсіндерін еске түсіреді. Тәңірияның оң қолында зерен, сол қолында гүлдер немесе жемістер. Мүсінші кімді бейнелегенін айту қиын: Гера ма, Персефона ма, әлде Афродита ма, белгісіз. Тәңірияның өкшесіне түскен ұзын киімінің әдемі күлтелері белгілі бір ырғақпен қайталанып, төгіліп тұр. Бет әлпетінен айбарлы парасат лебі еседі, ал өң-ажары классикалық өнер асқақ бейнелерінің қай-қайсынан да асып түскен. Грек архаикасы мүсінінде, жалпы алғанда, шарттылықтың көптеген белгілері бар. Шеберлер әлі адам денесінің қимыл- қозғалысын батыл бейнелей алмай, көбінесе таза сәндік тақырыптарға ойыса беретін. Алайда, сұлу, жан- жақты дамыған адамды бейнелеу жолы, б. э. бұрынғы V ғасырда реалистік өнердің гүлденуіне алып келген жол бірте-бірте саралана түсті. Архаикалық дәуірдің монументтік өрнек өнері сақталған жоқ, әйтсе де б. э. бұрынғы VII—VI ғасырларда құмыраларды өрнектеген суреттерге қарап, кескіндеменің даму дәрежесіне ой жүгіртуге болады. Бұлардан полистік құрылыс қалыптасып, қолөнерлік кәсіп пен теңіз саудасы қаулап өскен тұстағы, эллин отаршылдығының күшейген кезеңіндегі құл иеленушілік қоғамның жаңа көркемдік мүдделері айқын көрінеді. Дүние жүзі жаңа қырынан ашылып, оның шекараларының кеңейе түсуі гректерді Ежелгі Шығыс ұлы цивилизацияларының бай мәдениетімен таныстырды. Пирамидалар мен храмдардың аса қомақтылығы, патша сарайларының таңғажайып сән-салтанаты, монументтік мүсіндер мен қабырғалық өрнектердің молдығы — осының бәрі Мысыр мен Алдыңғы Азия елдерін аралаған Ежелгі Эллада көпестері мен теңізшілерін қайран қалдырды. Гректердің асқақ қиялын Ежелгі Шығыс халықтарының діни ұғымдарынан туған фантастикалық құбыжықтар дүниесі де баурап алды. Бұлардан эллиндік мифологияның тамаша туындыларына ұқсас нышандар табылды. Грек қалаларының бай құл иеленушілері металдан жасалған көркем бұйымдарды, ұқыпты айшықталған қару-жарақ пен Шығыс шеберлерінің сәнді маталарын жоғары бағалады. Өнердің осындай шығармаларымен таныстығы грек құмыра өрнекшілеріне зор ықпал жасады. Алайда, олар бұған тікелей көшіру жолымен еліктеген жоқ. Өзге мәдениет жетістіктерін қабылдаған эллин суретшілері оларды өз ойымен байыта отырып, творчестволықпен қайта қорытты. Ежелгі Шығыс мифологиясы бейнелерінің ықпалымен архаикалық құмыра өрнектеу өнерінде арыстан денелі, әйел басты, құс қанатты тылсым сфинкстер, қанатты, жылан құйрықты дию-пері адамдар, бүркіт басты, қанатты арыстандар — грифондар; өлген- дердің аруағы есептелетін адам басты құстар — сиреналар, азуы ақсиған ірбіз басты ғаламат құстар пайда болды. Құмыраларда құдайлар бейнелері және Гомер эпосындағы шайқастар көріністері мен түрлі хайуандар пішіндері: бұқалар мен бұғылардың, қабандар мен тау текелердің, бүркіттер мен су құстарының, арыстандар мен ірбіздердің бейнелері жиі кездесті. Мысыр мен Алдыңғы Азия өнерінің сәндік өрнектеріне еліктеу ою-өрнектерді таңдаудан айқын сезіледі. Суретшілер құмыраларды әшекейлеуге мәнерленген құрма жапырақтарын, лотостың гүлдері мен қауызын пайдаланды. Әйтсе де б. э. бұрынғы VIII ғасырдағы геометриялық керамикамен салыстырғанда архаикалық дәуір өрнектерінде сюжетті- хикаялы бейнелерге қарағанда ою- өрнеіске орын аз бөлінді. Грек шеберлері тапсырма берушілердің қызық та ғажайып бейнелерге құмарлығын, олар Шығыс өнерінің жарқыраған шаңқан реңіне қызығатындығын мықтап ескерді. Б. э. бұрынғы VII ғасырда құмыраларға салынған өрнектер ақ саз балшыққа қоңыр күрең лакпен сырланған. Геометриялық ыдыстардағы реңі бірыңғай сүлделік ою-өрнектерден басқаша өң беру үшін суретшілер бөлшектерді қырнай із қалдыра тартылған сызықтармен, ақ және қызыл барқын сырмен айқындайтын жұқа сұлбалық суретті қолданған. Шұбырып бара жатқан аңдар пішіндері құмыраның дөңес бүйіріне бірінен соң бірі орналастырылып, олардың арасындағы ашық кеңістік ою-өрнекпен толтырылған. Мұның бәрі қабырғалық өрнекке ғажайып сән, керемет көрік беріп тұратын, оларды өрнекті кілемдерге ұқсататын. Өрнектер архаикалық ыдыстардың пластикасы мен шырайлы пішініне тамаша жарасатын. Б. э. бұрынғы VII. ғасырда қалыптасқан кескіндеме стилі «кілемдік» немесе «ориентальдастырылған» стиль (яғни, Шығыс өнеріне еліктеуші) деп аталды. Кілемдік стиль Элладаның алдыңғы қатарлы сауда-қолөнерлік кәсіп полистерінде дамыды. Оның өркендеуінде Родос, Самос, Хиос аралдары, кішіазиялық қалалар, олардың арасында Милет, сондай-ақ солтүстік Пелопоннестің аса ірі орталықтарының бірі Коринф көрнекті роль атқарды. Бұл қалалардың көзе шеберханалары негізінен бұйымдарды сыртқа шығару үшін жұмыс істейтін. Кілемдік стиль құмыра- ларының саудасы Оңтүстік Италияға, Сицилияға, Этрурия мен Қара теңіз жағасындағы грек отарларына керамика бұйымдарын жеткізіп беретін коринфтік және милеттік көпестердің қолында болды. Б. э. бұрынғы VII ғасырдағы көзешілік өнерінің таңдаулы туындыларының біріне солтүстік Пелопоннесте б. э. бұрынғы 640—630 жылдар шамасында жасалған шағын шарап құтысы (грекше «ойнохоя») жатады. Оның өрнектері бірнеше қатарға орналасқан. Ең жалпақ фризде гоплиттер шайқасы көрсетілген. Ауыр қару-жарақ асынған дорлық жауынгерлердің қалың сап түзеген екі қанаты сыбызғы үнімен бір-біріне қарсы ұмтылып барады. Алдыңғы саптағылар найзаларын тік көтеріп, солқылдата сілкіп келеді. Келе жатқандардың бірыңғай кескіні қимыл-қозғалыстың бір қалыпты ырғағын айқындап көрсетеді. Суретші қару- жарақты: айдарлы, биік дулығаларды, сауыттар мен аяққа киетін саптама сауыттарды, самғап ұшқан қырандар бейнесі, Медуза Горгонаның бет пердесі, сондай-ақ бұқалар мен арыстандар басы салынған шұбар ала дөңгелек қалқандарды миниатюралық нәзіктікпен бейнелеген. Екінші фризден салт аттыларды, төрт ат жеккен күймені, отырған сфинкс пен аңшылардың арыстанмен шайқасын көруге болады. Аң аулау көріністері берілген фриздер асқан әсерлі, әдемілігімен, жандылығымен көзге түседі: ит ерткен аңшы қалың бұтаны тасалап тұр, тазылар түлкі мен қоянды қуып жеткен. Өмірден алынған сан алуан оқиғалар сюжеті шебердің байқампаздығын аңғартады. Суретші қара лақты, ақ, қызыл барқын сырды, сондай-ақ сары және ашық күрең реңді қызғылт сары фонмен үйлестіре отырып, тамаша әсер туғызатын әрлі өрнек жасаған. Б. э. бұрынғы VII ғасырдың аяғында алдымен Коринфте, одан соң басқа да грек қалаларында құмыра өрнегінің кілемдік стилі б. э. бұрынғы VI ғасырда аттикалық керамикада гүлденудің шырқау шыңына жеткен қара пішін өрнегімен орын алмасты. Мұнда афинылық көзешілер енгізген маңызды ісмерлік жетістіктер үлкен роль атқарды. Аса сапалы қою қара лақты пайдалана бастаған олар саз балшықты күйдірілген соң, біркелкі тегіс қызғылт реңге айналдыру үшін аздап жосамен сырлайтын. Ою-өрнек әшекейлер салынбайтын осындай ашық фонда адамдар мен хайуанаттар сүлдесі металл сияқты жылтырап көрінетін. Қара пішін стилі одан бөлшектерді қырналған сызықпен, ақ және қан қызыл сырмен баса көрсету тәсілін ала отырып, сұлбалық әдісті ығыстырды. Бірте-бірте қабырғалық өрнектің композициялық құрылымы өзгере берді. Құмыраларды көлденең орап тұратын фриздермен пішіндерді орналастыру жүйесі жоғалды. Олар ыдыстардың бүйіріне еркін орналастырылған көп пішінді тұтас көріністермен орын ауысты. Б. э. бұрынғы VI ғасырдағы афинылық шеберханалар құмыраның сан алуан түрін: амфораларды, шарап құятын шаралар — киликтерді, таза су сақталатын ыдыстар — гидриялар мен кратерлерді жасады.
04.12.2012 11:35 14990

 

Архаикалық кезеңдегі грек мәдениеті (біздің заманымызға дейінгі VIII-VI г.). Грекия мәдениетінің архаикалық кезеңі б.з.д VIII-VI ғасыр аралығын қамтиды. («Архайос» грек сөзі, «көне» ұғымын білдіреді). Бұл кезең гректердің Мрамор және Жерорта теңіздерінің жағалауларындағы жерлерді меңгеру — ұлы отаршылдық кезеңі, бұл — құлиеленушілік құрылыстың кірігу кезеңі, грек мемлекет-қалаларының өзара саяси-әлеуметтік күрес жағдайында қалыптасу кезеңі, дәлірек айтқанда қилы-қилы қоғамдық-саяси оқиғаларға толы түбегейлі терең өзгерістер кезеңі.

Дәуір басында-ақ, әсіресе материалдық мәдениет қаулап дами бастады. Жолдар тартылып, көпірлер тұрғызылды, қалаларда су құбырлары салынды, темір қару-жарақтар кеңінен қолданыла бастады, металлургия мен құйма тәсілі одан әрі жетіле түсті. Тұрмысқа қажетті бұйымдарды шығаруды ұлғайтудың арқасында жалпы гректік рыноктар пайда болды, тұңғыш рет теңге сомдалып, сауда айналымында кеңінен қолданыла бастады. Крит-Микены мәдениетінің күйреуі нәтижесінде тығырыққа тірелген грек әлемі томаға-тұйықтықтан арылып, басқа халықтармен байланыстарының арнасын кеңейте түсті. Шындығында да, гректер көршілес жатқан халықтардан көп нәрселер үйренді. Мысалы, олар мидиялықтардан теңге-ақшалар соғуды, финикиялықтардан — алфавиттік жазуды (кейіннен оны жетілдірді) мұра етті. Қала тұрғындары арасынан шыққан байыған құлиеленушілерді «жаңа байлар» деп атады. Ру басшыларының зорлық-зомбылығына шыдамаған шаруалар қалаларға қарай ағыла бастады. Шаруалар сияқты кедейленген әлеуметтік топтардан «демос» (халық) қалыптасты. Демостың экономикалық және саяси жағынан билеп-төстеген ақсүйектерге қарсы күресі бір толастамады. Осындай таптық тартыстардың өрлеуі, жердің жетіспеуі және қала тұрғындарының шектен тыс көбеюі біздің заманымызға дейінгі VIII—VI ғасырда етек алған «ұлы отаршылдықтьщ» белең алуына тікелей себепкер болды. Оңтүстік Франция мен Испанияда, Сицилия мен Апенин түбегі жағалауларында, Ніл сағасы мен Қара теңіз жағалауында 150-дей грек қала-отарлары пайда болды. Осы бір жағдайды ұлы Платон «гректер Жерорта теңізі төңірегін батпаққа жиналған бақадай қоршап алды» деп тамаша бейнелеп айтқан.

Архаикалық дәуірде рулық құрылыстың түкпілікті ыдырауына байланысты көне полис-құлиеленушілік құрылыстың саяси-әлеуметтік формасы — мемлекет қалалар қалыптаса бастады. Әр полюске қаланың өз жерімен қатар, оны қоршаған егістік жерлер де кіретін болды. Қаланың дербестігі мен тәуелсіздігін еркін азаматтар жасағы қамтамасыз етті. Олар мемлекеттік полистік құрылыс жағдайында халық жиналыстарына, сот процестеріне және мемлекеттік маңызы бар істерді шешуге қатыса алатын болды. Мұндағы шаруашылықтың жүргізілуі құлдық жүйенің мүдделеріне сай келді. Мемлекет-қалалардың орналасқан аумағы әртүрлі болған. Мысалы: Афины мемлекет-қаласының көлемі 8400 шаршы киллометр, ал Спартаның көлемі — 2650 шаршы киллометр болды. Ғалымдардың пікірінше, Грекиядағы мемлекет-қалалардың жалпы саны екі мыңға жуық болған. Солардың ішіндегі ең ірілері — Афины, Спарта, Коринф, Аргос, Фивы және тағы да басқалары. Саяси жағынан алып қарағанда көптеген мемлекет-қалаларға ұсақталып бөлінген Грекия, дәл осы архаика-лық дәуірде басқа халықтармен қарым-қатынастар жасаудың нәтижесінде елдің бірлігі туралы ойлана бастады, сондықтан да болар бүкіл грек әлемін қамтитын «Эллада», «Эллиндер» деген ұғымдар қалыптасты. Жергілікті діндердің бірігуінің нәтижесінде жалпы гректік құдайға табыну орындары — ғибадатханалар полистер арасындағы басты экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынастардың орталықтарына айнала бастайды.

Ежелгі Шығыс елдері сияқты, грек дінінде де политеизм тән болып келеді. Грекияда басты құдай, құдайлардың әкесі Зевс болып есептеледі. Оның әйелі Гера — аспан құдайы және неке қамқоршысы. Зевс өзінің ағайындары: Пасейдонға теңіздегі билікті, Аидқа жер асты патшалығын берді. Сұлулық пен сүйіспеншілік құдайы Афродита мифтер бойынша теңіз толқынынан жаратылған, ол римдік аңыздарда Венера деген атпен белгілі. Венера Медицейская, Венера Таврическая, әсіресе Милос Венерасы және тағы да басқа әйгілі мүсіндер Афродитаның даңқын бүкіл дүние жүзіне паш етті. Ежелгі Грекияның басты құдайларының бірі — жануарлар әлемінің, ағаштар мен өсімдіктер дүниесінің қамқоршысы Артемида. Әлемнің жеті кереметі болып саналатын Артемида ғибадатханасы — Артемиданың құрметіне тұрғызылған. Афина данышпандық құдайы, оның шапағатының арқасында адамдар ғылымға ұмтылған, қолөнермен айналысқан, әйелдерді тоқыма ісіне үйреткен. Гелиос — күн құдайы, Ника (Виктория) — жеңіс құдайы, Арес — соғыс құдайы, Дионис — шарап құдайы, Гермес — сауда-саттық құдайы және тағы да басқалар.

Грекияда құдайлар мен адамдардың некесінен пайда болған батырлар да ерекше құрметке бөленген. Әсіресе 12 рет ерлік жайаған Гераклдың мерейі үстем болды. Геракл (Геркулес) — ежелгі грек жұртында аты аңызға айналған нағыз халық батыры. Әкесі Зевс, анасы Алкмена, зайыбы — Амфитриона, Гераклдың көзсіз ерліктері ғасырлар бойы жырланып келді. Бір таңқаларлығы оның есімі «Илиада» мен «Одиссея» дастандары жазылмай тұрған кездің өзінде-ақ белгілі болған. Гераклдың образы өнер туындыларында да асқан шеберлікпен берілген (мүсін өнерінде «Дем алып тұрған Геракл», әдебиет саласында Софокл мен Еврипидтің шығармалары).

Құлиеленуші полистердің өсуі монументтік сәулет өнерінің дамуына, Грекияның көптеген қалаларында салына бастаған храмдар (ғибадатханалар) құрылысының етек алуына әкеліп соқты. Ғибадатханалар қалаларды одан әрі көркейтіп, оның күш-қуатын көрсетті, храм салуда полистер арасында бәсекелестік пайда болды. Сарайлық, криттік сәулет өнеріне қарағанда, бұл дәуірдің сәулет өнері храмдық болып келеді. Бірақ діни рәсімдер арнайы құрбандық орындарында, далада өткізілгендіктен храмдарға, құдайға құлшылық ету үшін емес, тек құдай мүсіндері тұратын орын ретінде ғана пайдаланылатын болған, яғни храмдар — шеберлер қолынан шыққан асқақ мүсіндердің мекені болды. Архаика кезеңінің ең биік храмдарының бірі — Коринфтегі Аполлон храмы (біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдың екінші жартысы). Бұл храм — өзінің сәулеті жағынан қас бетінде алты колоннасы, ұзына бойында он бес колоннасы бар таңғажайып құрылыс. Құм қайран тастан қашалған колонналардың ұшы жіңішкере береді, олар әдемі жұқа сылақпен әдемі етіп сырланған. Немістің ұлы ақыны Гете сәулет өнерін «үнсіз музыка» деп бағаласа, сол бір үндестіктің ажырамас бөлшегі болып табылатын грек колоннасы — таңғажайып таза үнді, жан тебірентерлік дауыстарға толы симфония сияқты. Олай болатын себебі, грек сәулет өнерінде колоннаның рөлі зор болды, олар храмның сырт келбетін одан әрі әсерлендіріп, айқындай түсетін. Колонналар көлеңкесінен саудагерлер мен ақша ұстайтын адамдар сая табатын, жауыннан немесе ыстықтан бой тасалайтын орын ғана емес, саяси айтыстар қызып жататын грек қаласының бүкіл тіршілігі осы колонналар аясында өтетін еді. Демек, орнықты да, әсем етіп салынған грек колонналары заман талабына сай өз міндеттерін толық атқара білді. Грекияда мүсін өнері сәулет өнерімен біте қайнасып дамыды, яғни мүсін өнері сәулет өнерін туғызды, ал сәулет өнері өз кезегінде мүсін өнерін жасады. Бүгінгі заманымызға дейін өзіндік ерекшеліктерін, сыр-сипатын сақтап келген өнердің құнды ескерткіштерінің көпшілігі дәл осы кезенде жасалды. V ғасыр ортасында Афиныда жұмыс істеген ұлы мүсінші Мирон бейнелеу өнерінің дамуына орасан зор әсер еткен таңғажайып мүсіндер жасады. Олардың қатарына қоладан құйылған құдайлардың мүсіндері, атлеттер мен жануарлар бейнелері және тағы да басқалары жатады. Болашақ ұрпаққа римдік бірнеше мөрмәр көшірме арқылы жеткен «Диск лақтырушы» деген мүсінді алып қарастырып көрейікші. Диск лақтырушы қолындағы ауыр дискіні кейін сермеп, енді ғана лақтырайын деп тұрған сәтінде бейнеленген. Оның бұлшық еттері шиыршық атқан, денесі догадай иілген, бірақ өңі өте сабырлы, барлық ықыласын, ынта-жігерін тек жеңіске арнаған. Балғын жастың ерік-күші мен қайраты сомдалып берілген. Сайып келгенде, шоқтығы биік бұл туындысында Мирон өз күшіне сенімді арынды атлеттің, өз елінің ержүрек, дене бітімі мінсіз азаматтың асқақ бейнесін жасаған. Жалпы грек халқының ой-санасында атлеттің дәл осындай сұлулық мұраттарын, қайраты мен қаһармандық бейнелерін өмірдің өзі қалыптастырды. Бұл жағдай құдайлармен қатар адамдарды да бейнелейтін алып жалаңаш жігіттер мүсіндерінен кең көрініс тапты: олар «куростар» (жігіт, «бозбала» деген мағынаны білдіреді) деп аталды. Ойымыз дөлелді болу үшін архаикалық өнердің ең көне ескерткіштерінің қатарынан орын алатын — біздің заманымызға дейінгі VII—V ғасырлар шамасында тарғыл мәрмөрдан жасалған куростың (бозбаланың) үш метрлік алып мүсінін алып қарастырайықшы. Жалаңаш пішінді қашағанда мүсінші атлеттік мықты денеге тән белгілерді — жігіттің кең иығы мен қыпша белін өсерлі етіп көрсетуге баса назар аударған. Аяқтары алып бағана тәріздес, тізесі мен тобықтары тырысып тұр, бұлшық еттері білеуленген, езуінен астарлы күлкінің табы байқалады. Бұл мүсін — өміршіні дәріптеу үшін емес, еркін адам құдіретін, оның бойындағы ізгілік қасиеттерді мадақтау үшін жасалғандықтан, бұл тұлғалар грек мәдениетінің гуманистік мұраттарымен үндеседі деп толық сеніммен айта аламыз.

V ғасыр ортасына қарай Афины қаласы бүкіл грек елінің ең ірі мәдени орталығына айналды. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды мүсіншілер, шеберлер мен құрылыс мамандары астананың сол кездегі сәулет және мүсін өнерінің тамаша үлгісіне айналуына зор үлес қосты. 200 мыңнан астам халқы бар Афины сол дәуір тұрғысынан алып қарағанда 10 мыңнан астам үйі бар үлкен қала болып саналатын. Өнер саласындағы кереметтердің кереге көтеруі Афины қаласының акрополі Перикл мен оның жан досы Фидийдің есімдерімен тығыз байланысты болды.

Периклдің қолында шексіз билік болғанымен, о л оны асыра пайдаланған жоқ. Ол бар күш-жігерін Афиныны көркейтуге жұмсады, өнер атаулыны қанатының астына алып, қалаға таңдаулы өнер шеберлерін топтастырды. Вольтер Афинының ұлы мәдени дәуірін «Перикл ғасыры» деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Перикл ең алдымен парсылар талқандаған Афины Акрополін қайтадан жаңа рухта қалпына келтіруді қолға алды. Ежелгі Русьте Кремль қандай орын алса, Элладада Акрополь де сондай жогары бағаланатын. Ол храмдар мен басқа қоғамдық мекемелерді қабырғаларының аясына алған, соғыс кезінде халықтың бас сауғалар 134 орнына айналған қала қамалы болатын. Афины акрополі — ізгілік пен сұлулық нұрына бөленген адамның шығармашылық еркі мен бізді қоршаған табиғат дүниесінде жүйелі тәртіп орнататын адамның ақыл-ойының жемісі, ендеше ол еркіндік рухына толы таңғажайып өнер ескерткіші болып саналады. Афинының сәулет өнерінің дамуына зор үлес қосқан ұлы ойшыл Фидий болды. Ол Афиныда туып-өскен, шамамен 500 жылдарда туып, 430 жылдарда қайтыс болған. Афины акрополі Фидийдің туындысы екендігін ескерсек, оның сөулет өнеріне қосқан үлесінің қандай болғандығьш анықтап жатудың қажетгілігі болмайтын сияқты. Ұлы мүсінші қияльшың ұшқырлығы Перфеон сарайындағы биіктігі 12 метрлік Афина мүсінін жасаған кезде айқын аңғарылады. Алтынмен қапталған піл сүйегін соншалықты шеберлікпен қиюластырып, осындай биік те, дара тұлғаның өзіндік көркемдік шешіммен жасалынуы суретшіге оңайға да түспеген сияқты. Өйткені, Зевстің сүйікті қызы Афина нұрлы аспанның қыз құдайы. Ол әкесімен бірге күн күркіретіп, найзағай ойнатады, сонымен бірғе жылу мен жарық та береді. Диханшылықтың, әрі асқан кемеңгерліктің, мөлдір парасаттың, ақыл-ойдың, ғылым мен өнердің құдайы. Міне, осындай қасиетгі қыз құдайдың бейнесін жасау ұлы Фидийдің үлесіне тиді және ол бұл міндетті асқан шеберлікпен жүзеге асыра білді.

Шындығында да, ежелгі грек жұртының мүсіншілері әрі сұлу, әрі сымбатгы рухани жан дүниесі бай кейіпкерлерді асқан шеберлікпен бейнелей білген. Сондай ғаламат туындьшардьщ бірі — «Милосск Венерасы». Адамзат баласының сан мың ұрпағын осы уақытқа дейін таң қалдырып, небір асқан ақыл-ой иелерін бас идірген осы бір таңғажайып ескерткіштің авторы — Кіші Азиялық мүсінші Агесандр. 1820 жылы Жерорта теңізінің бір аралынан табылған бұл бейне қазір Парижде, Лувр музейінде сақтаулы. Шебер мүсінші Агесандрдың қолынан шыққан махаббат құдайы Венераның бейнесі өзінің құдіреттілігімен таң қалдырады. Өкінішке орай, сан ғасыр бойы ғұмыр кешкен бұл сұлу мүсін бізге жолдарын жоғалтып жеткен еді. Луврға Венера сұлу келеді дегенді естігенде төсек тартып жатқан ұлы ақын Гейне музейге қол арбамен жетіпті. Осынау сұлулық падишасының бейнесін көрген уақытга адам танымастай шексіз ба-қытқа бөленіп, көкірегі қарс айырыла «Ах, мен неге сол мезет көз жұмысп өліп кетпедім екен» деген екен. Сымбаттылықтың символы болған бұл ұлы мүсін талай ақындар мен дастандардың арқауы болды.

Антикалық сәулет өнерінің шыңы — ежелгі заманның өзіндеақ дорийлік стильдің ең тамаша ескерткіші деп танылған Парфенон сарайы еді. Ал осы таңғажайып ғимараттағы Фидий қолынан шыққан мүсіндер — сұлулықтың шынайы қазынасы, адам рухының ең асқақ талпыныстарының шындық тұрғысынан бейнеленуі. Фидийдің нақақтан жала жабылып, Афиныдан қуылуы оның — кемеңгерлігі мен мәртебесіне ешбір нұқсан келтіре алмады. Басқаны былай қойғанда, Антика керамикасының тұтас бір кезеңі Фидий есімімен аталады.

Грек халқының сәулетшілік өнері мен мүсін өнерінің гүлденген дәуіріне грек сурет өнерінің гүлденуі тұспа-тұс келеді. Сурет өнері саласындағы тамаша жаңалықтар дәл осы кезеңде ашылған. Солардың бірі — ғасырлар арнасында жоғалып, тек екі мың жылдан кейін ғана, яғни Қайта өрлеу кезеңінде ашылған «сәулелі көлеңке» өнері. Ежелгі авторлар бұл «өнерді ең алғашқы игерген» Афины Аполлодоры деп санайды. Ол өз палитрасына көмескілікті бірінші болып енгізгендіктен, «Көлеңкені бейнелеуші» деген атақ алған. V ғасырда сондай-ақ Паррасий мен Тиманфр сияқты суретшілер драмалық көріністерді салып, адам бойындағы терең сезімдерді асқан шеберлікпен бейнелей білген, мұның өзі грек өнерінің жаңа дәуірге көшуін білдірді.

Бұл кезеңде әдебиет саласында да тамаша туындылар өмірге келді. Солардың ішінде шоқтығы биік ақын Гесиод болды. Ол жазған «Теогония» (құдайлардың шығу тегі жөніңде) және автордың өзінің өмір жолына арнаған «Еңбектер мен күндер» атты дастандары — гректердің көңілінен шықты. Әдебиет саласында басты орынға шыққан лирикалық поэзияның өкілдері адамның ішкі жан-дүниесін жырлауға ерекше назар аударды. Бұл жаңа жанрдың көрнекті өкілдері Архилог (біздің заманымызға дейінгі VII ғасырдың екінші жартысы), Солон (біздің заманымызға дейінгі 635—559 жылдар), Алкеи (біздің заманымызға дейінгі VII ғасыр аяғы мен VI ғасыр бірінші жартысы), Анакреонт (біздің заманымызға дейінгі 570—478 жылдар) және тағы да басқа. Өзіндік сипаты бар архаикалық мәдениет дүниежүзілік мәдениетте айрықша рөл атқарған Эллада тарихындағы жаңа кезеңге — классикалық гүлдену дәуіріне даңғыл жол ашып берді.[1]

Мүсін пір тұтқан әміршіні дәріптеу үшін емес, еркін адам құдіретін мадақтау үшін жасалған. Курос бейнесі бүкіл архаикалық өнерге арқау болып тартылған. Қала тапсырмасы бойынша жасалған мүсін шебердің тек өз басының мұратын ғана емес, қатал да арпалысқа толы өмір жағдайында барлық азаматтарға тән ер жүрек, қайратты адам сұлулығы туралы ұғымын білдіретін. Жалаңаш жігіттерді бейнелеу арқылы шеберлер адам пішінінің пропорциясы жайлы білімін жетілдіріп, дененің бұлшық еттерін зерттеді, қажетті тәсіл-дағдыларды игерді. Б. э. бұрынғы VI ғасырда эллиндік полистерде монументтік пластика кең тарады. Құдайлар мен мифологиялық қаһармандардың қыруар мүсіні қалалар алаңдарында, храмдар мен ғибадатханаларда орнатылды. Жалпыгректік жарыстарда озып шыққан атақты атлеттердің жеңістері мүсінмен атап өтілді. Өлгендердің бейітіне құлпытастар мен бедер бейнелі тақта тас — стелалар қойылды. Храм фронтондары, метопалары мен фриздері сәндік мүсіндермен әшекейленді. Гректердің бәрі құрметтейтін ғибадатханалар тәңірілердің мінәжаттық мүсіндеріне, қалалар мен бай құл иеленушілердің құдайларға алғыс сезімінің белгісі ретінде сыйға берілген мол тарту-таралғыға толы.

Бәдізшілердің ептілік шеберлігі, алуан түрлі материалдарды өңдеу өнерпаздығы арта түсті. Мүсін тастың неше түрінен қашалып, ағаштан жонылып, күйдірілген балшықтан — терракотадан жасалатын. Тас пен терракота мүсіндеріне ашық түсті сыр жағылатын. Б. э. бұрынғы VI ғасырдың екінші жартысында алдымен Самос аралында, ал одан соң Элладаның басқа да қалаларында қоладан құйылған тұңғыш мүсіндер дүниеге келді. Ерте кезде архаика шеберлері мүсінге көбінесе құм қайрақ тасты пайдаланса, VI ғасырдың алғашқы жартысында, одан берірек әрі әсем мәрмәр тасын кеңінен қолданды.

Мүсіншілердің творчестволық мүдделері б. э. бұрынғы VII ғасырдың өзінде айқындалған архаикалық өнердің екі негізгі бейнесін жасауда — жалаңаш жігіт пен ұзын киімге оранған, қымтанған әйелді мүсіндеу бағытында тоғысты. Мұның біріншісі, әсіресе, Солтүстік-Пелопоннес пен Киклады аралдары шеберлерінің назарын аударса, екіншісіне б. э. бұрынғы VI ғасырдың ортасына дейін парсылар қол астына қараған тұста өздерінің экономикалық және мәдени дамуында құрлықтағы Грекиядан озып кеткен Аттика мен Ионияның кішіазиялық қалаларының суретшілері көңіл бөлді. Грек мүсін өнерінің түрлі мектептерінің өз арасындағы көптеген айырмашылықтарына қарамастан, ортақ міндеттерді шешуге деген талпынысы архаикалық пластиканың ортақ стилі қалыптасуына жол ашты.

Б. э. бұрынғы VI ғасырда аттика шеберлері өнердің тамаша туындыларын жасады. Осы тұста Афины гүлденуінің шырқау шегіне жетіп, Элладаның аса маңызды қолөнерлік және сауда қалаларының біріне айналды.

Афинының экономикалық және мәдени өрлеуіне б. э. бұрынғы 560 жылы өкіметті басып алып, қаланы отыз жылдан астам уақыт басқарған Писистрат тираниясы едәуір дәрежеде ықпал жасады. Ол кең өрістеткен ірі қоғамдық ғимараттар құрылыстары наразылық көрсеткендердің үнін өшіріп, еркін азаматтардың көбісіне табыс әкелді. Қала тез ұлғайып, Аттика территориясын жолдар торабы айшықтады. Афинының Мысыр және Қара теңіз жағалауы өңірімен берік сауда-саттық байланысы орнады. Писистрат заманынан бастап Афины грек мәдениетінің орталығына айналды. Тиран қалаға аса көрнекті суретшілер мен ақындарды тарта білді. Жыл сайын екі рет, көктем мен күзде халық үшін шарап құдайы Дионистің құрметіне көңілді мереке ұйымдастырылып, театр ойын-сауықтары көрсетілді. Солардан б. э. бұрынғы 543 жылы тұңғыш қойылымы Афиныда көрсетілген театр өнері — грек трагедиясы туды. Писистрат тұсында тәңірия Афинаның жалпы-қалалық мерекесіне айналған Панафиндер салтанаты ұлан-асыр той-думанмен өтетін. Тұңғыш рет Гомер дастандарының текстері жазып алынды. Табиғи әрі сенімді қорған іспетті жақпар жартасты шоқыға, Афины акрополінің шыңына салынып, мүсіндермен әспеттелген храмдар қаланың айбыны мен ажарын құлпырта түсті. Осы діни ғимараттар арасында б. э. бұрынғы VI ғасырдың басына дейін сақталған Афинының аса ежелгі храмы — Гекатомпедон («жүз футтық») ерекше көзге түсетін. Акрополь ортасынан орын алған оның іргетасының қалдығын археологтар осы жерді қазған кезде тапты. Өткен ғасырдың аяғында бұл храмның фронтондық композицияларының жұмсақ құм қайрақ — поростан жасал- ған, сыры тамаша сақталған мүсіндері де табылды.

Бейнелер сюжеттері мифологиядан алынған. Батыс фронтонның сол жағында мүсінші жартылай адам, жартылай балық кескініндегі теңіз құбыжығы, қабыршақты алып Тритонмен шайқасып жатқан Гераклды бейнелеген. Мүсіннің орталық бөлігі құрыған, ал оң жақ жартысын үш адамның кеудесі боп көрінетін, арқасында қанаты бар, бұлғаңдаған жылан құйрықты фантастикалық мақұлық алып жатыр. Бірінші тұлға — қолымен өрт жалынының тілін қысып тұрса, екіншісі — толқыған жемелекті ұстап, ал үшіншісі — алақанына құс қондырып тұр. Бұл грек философтары әлем құрылымының негізгі элементтері деп есептеген үш апаттың нышаны — от, су мен ауа деген жорамал бар. Үш басты жылан ненің бейнесі екені белгісіз. Қазіргі заман ғалымдары мұнан үш басты дәу Герионды, қандай кейіпке де құбылып көше алатын киелі қасиеті бар сиқыршы теңіз қарты Протейді, біресе жер астындағы дүниенің қараңғы қапа- сында туып, аузынан от құсатын сұсты айдаһар Тифонды, біресе, керісінше, мейірімді де қайырымды аттика құдайларын көрмек болады. Соңғы жорамал солардың ішіндегі ең нанымдысы сияқты. Көзін бақырайтып күліп тұратын мифтік мақұлықтардың ғажайып құбылыс-жүздерінен аңғал құмарлық пен ғаламмат шаттық сезіледі. Мүсіндердің шаңқан ашық бояуы осы әсерді күшейте түседі. Бұлшық еттері тырсиған мығым денелерге сарғылт түстен қоңыр қызыл түске дейінгі бүкіл жұмсақ, жайлы реңдермен ке- лісті өң берілген, сақал мен мұрт — қара көк бояумен сырланған, ұзын шаштарының көк түсі кейде қою жасыл түспен ауысады, ал фронтон кеңістігін табиғи толтырып тұрған жылан құйрықтары көк те қызыл реңді. Назарыңды бірден тартар мөлдір көрініспен салтанатты сәнді- ліктің астасып жарасуы жалпы архаикалық өнер шығармаларына тән.

Акропольдегі храм қасында сан алуан мінәжат монументтері — куростардың, салт аттылардың, сфинкстер мен қыздардың бейнелері болған. Солардың ішінде бұзау көтеріп келе жатқан адамның (грекше «Мосхофор») мәрмәр мүсіні — ежелгі аттикалық мүсін өнерінің жақсы үлгісі. Ол б. э. бұрынғы 570 жыл шамасында, Гекатомпедонның поростық мүсіндері жа- салған тұста сомдалған. Тұғырындағы жазудан мүсінді Аттиканың бай тұрғыны Ромб (әлде Комб) сыйлыққа әкелгені аңғарылады. Шебер сыйлық әкелушінің өзін иығына құрбандыққа шалынатын бұзауын көтерген қалпында бейнелеген. Осылардың бәрі тұтас бір топ құрайды. Мосхофордың тұлғасын айқындап тұрған жұқа киімінен қайратты, толысқан, келісті денесі байқалады. Бұзаудың сирағын қысып ұстаған қолының шиыршық атқан бұлшық еті де айқын көрініп тұр. Пластиканы жаныңмен сезіну дәстүрлі шарттылықпен ұштасады. Шашы мен сақалы ою-өрнекті кестені еске түсіреді. Әр жерінде сақталған сыр-бояу рең шешімінің батылдығын аңғартады: бұзау көк, Мосхофордың көзі қызыл, сақалы жасыл. Көп ғасырлар өткен соң қадым заманғы

Мосхофордың тұлғасы ертехристиандық өнерге Христің нышандық бейнесі — иы- ғына қозы көтерген бақташы жігіт, «ізгілік пірі» болып енді. Кемел кезеңіне жеткен архаикалық өнердің таңдаулы туындыларына б. э. бұрынғы VI ғасырдың екінші жартысындағы мүсіндер жатады. Б. э. бұрынғы 520 жыл шамасында афинылық шебер жасаған мәрмәр курос осындай. Бұл туған қаласын қорғау жолындағы шайқаста қаза тапқан жауынгерлердің басына қойылған құлпытас еді. Мүсін тұғырындағы өткіншіге арналған: «Тоқта да, құдіретті Арес шайқас- тағы жауынгерлердің алдыңғы сапынан жұлып алған марқұм Кройсостың қабірі қасында қайғыр»,— деген жазу сол туралы сыр шертеді.

Бұл куростың кескіні архаикалық мүсіннің дәстүрлі типін қайталайды, әйтсе де дене пропорциясы олардан анағұрлым дұрыстығы, нақтылығы, дәлдігімен көзге түседі. Байсалды пішіннің сымбатты сүлдесі батыл қолмен келісті көмкерілген, жігіттің шашы мойнына бұйралана әсем төгіліп тұр. Мәрмәрдың әдемі пішім үлгісі мүсінге қайран қаларлық өмір тынысын берген. Дененің бұлшық еттерін, толысқан кеудені, қол мен мығым аяқтың шымыр бұлшық еттерін жарасты жеткізе алған шебердің байқампаздығы бірден аңғарылады.

Жігіттің бүкіл кескін-келбетінен сенімді де айбынды қайрат сезіледі. Оның осы кейпі белгілі біреудің дәлме-дәл портреті емес. Бұл — қорытылған типтік бейне. Өң-жүзінің батыл, байсалды әлпеті іштей сабырлылықтың, ақылмен өз бойын еркін билей алатын ұстамдылықтың белгісі. Мұның өзі б. э. бұрынғы сонау VII ғасырда ақын Архилох айтқан: «Табысқа жөнімен қуанып, қайғыда жөнімен күйіне біл» ,— деген Ежелгі Грекияның тәрбиелік мұратымен үндес еді.

Этикалық және эстетикалық мұраттың ұштасуы грек халқының сұлулық туралы ұғымының өзіндік ерекшелігін айқындайды. Осы мұраттың нышаны куростың жоғалған мәрмәр мүсінінің жұрнағы деп есептелетін (б. э. бұрынғы 490—480 жж.) жігіттің тамаша бас бейнесінен көрінеді. Сопақтау келген бет әлпеті көрікті келісіп, сәнді таралған шашы ай маңдайына түскен. Жүректі жігіттің келбетін қаз-қалпында жеткізген ақ мәрмәрдің бетінде жарық пен көлеңке шағылысып ойнайды. Асқақ сұлулыққа құштарлық, әсіресе, мүсіншінің бет әлпетті бейнелеуде белгілі бір норманы сақтайтындығынан жете сезіледі. Бет тепе-тең дерлік үш құрамнан тұрады:маңдай, мұрын және мұрын мен иектің арасы да өзара тең. Жазық маңдай қырлы мұрынмен жалғасады, қиылған қиғаш қас, таңғажайып сұлу ерін жиектерін мүсіндеуде асқан бір шеберлік өресі көрінген. Балғын жігіттің бүкіл кескін-келбетінен өз күшіне кәміл сенетін парасатты асқақ тұлғаның лебі еседі, айналаны оймен шола қарауынан іштей бір сабырлылығы мен ұстамдылығы айқын аңғарылады — гректер еркін азамат мінезінен осы қасиеттерді биік бағалаған. Монументтік мүсінге ерекше тән ер жүрек атлет-сарбаз типі б. э. бұрынғы VI ғасырдың бедерлі бейнелерінде жиі кездеседі. Б. э. бұрынғы 510 жыл шамасында афинылық шебер Аристокл Аристионның бейнесі салынған мәрмәр құлпытас жасады. Оның кеудесіндегі қалың былғары сауытының астынан хитоны көрінеді, басында дулыға, аяғын- да қола саптама сауыт. Сарбаз найзаға сүйеніп тұр, ол бар тұлғасымен ұзынша тақта тасқа келісті ойылған. Шебер Аристионның бет әлпетін, қолының саусақтары мен аяғының башпайларын, бұлшық ет- терін айқындап тұрған хитонының нәзік күлтелерін таңғажайып өнерпаздықпен сомдаған. Шынайы өміршең көріністерді берудегі айрықша бір сүйіспеншілік бейнеге тұтастық дарытып тұр. Бедер сырланған. Сарбаздың сәнді шашында, сақалы мен қару-жарағында қызғылт сырдың ізі сақталған.

Писистрат пен оның балаларының тираниясы заманында афинылық құл иеленушілердің нәзік эстетикалық талаптарына гректер кора деп атаған қыздардың тамаша мәрмәр мүсіндері жауап берді. Афины абызтайларын бейнелейтін олар Акропольдегі тәңірия храмында тұрды. Мұндай мүсіндердің бірнеше ондағаны табылды. Олардың көбісі б. э. бұрынғы VI ғасырдың екінші жартысына, Аттикада иониялық шеберлер жұмыс істеген кезге жатады. Бізге аты беймәлім талантты аттикалық бәдізшінің қолынан шыққан кораның мүсіні әмбеге аян. Ол б. э. бұрынғы 530 жыл шамасында парос мәрмәрінен қашалған, Шебер жүн матадан ұзын пеплос (лыпа) киіп, белін қынай буған қыздың қимыл- сыз қалпындағы кескінін бейнелеген. Оның иығында қалыңдау материалдан тігілген желбегей, лыпасының астынан нәзік сызықтармен тартылған кенеп хитоны байқалады. Хитонның төмен қарай төгілген етегі қыздың сұңғақ пішінін айқындай түседі. Қыз басына сән берген қола шір сақталмаған, құлағында сырғасы болған, сол қолына шір немесе бұтақ ұстап тұрған. Мүсінші мәрмәрда қыздың албыраған жүзін, қиықшалау, баданадай көз жанарын, қиғаш қасы мен сәл езу тарта жымиған ойлы күлкісін таңға- жайып нәзіктікпен жеткізген. Бақырая қараған ашық жанары мен бетінің алмасындағы иірім шұқыры өңіне аңғал пәктік, рухани айқындық береді. Кора бейнесі шынайы шаттығымен, баурап алатын жастық шақ сұлулығымен көз тартады. Мәрмәрдің алтындай жайлы түсі иығына төгілген шашының қызыл күрең реңіне тамаша жарасады. Мүсінге жағылған сыр талғампаз өнерді танытады. Қас-кірпігі қара, көзі мен ерні қоңыр, желбегейінің жиегі жасыл сырмен боялған. Осының бәрі мүсінге мерекедегідей шат-шадыман өң беріп, жайнатып тұр. Иониялық шеберлер жасаған коралар аттикалық мүсіндерден анағұрлым сезімтал, сәндірек сияқты. Соңғы архаика кезеңінен жеткен азғана діни мүсіндердің үлгісі — Италияның оңтүстігіндегі грек отары Таренттен табылған мәрмәр тәңірия. Аса сәнді айшықталған тағында жайғасып отырған оның қарапайым да салтанатты келбеті ежелгі шығыс мүсіндерін еске түсіреді. Тәңірияның оң қолында зерен, сол қолында гүлдер немесе жемістер. Мүсінші кімді бейнелегенін айту қиын: Гера ма, Персефона ма, әлде Афродита ма, белгісіз. Тәңірияның өкшесіне түскен ұзын киімінің әдемі күлтелері белгілі бір ырғақпен қайталанып, төгіліп тұр. Бет әлпетінен айбарлы парасат лебі еседі, ал өң-ажары классикалық өнер асқақ бейнелерінің қай-қайсынан да асып түскен. Грек архаикасы мүсінінде, жалпы алғанда, шарттылықтың көптеген белгілері бар. Шеберлер әлі адам денесінің қимыл- қозғалысын батыл бейнелей алмай, көбінесе таза сәндік тақырыптарға ойыса беретін. Алайда, сұлу, жан- жақты дамыған адамды бейнелеу жолы, б. э. бұрынғы V ғасырда реалистік өнердің гүлденуіне алып келген жол бірте-бірте саралана түсті. Архаикалық дәуірдің монументтік өрнек өнері сақталған жоқ, әйтсе де б. э. бұрынғы VII—VI ғасырларда құмыраларды өрнектеген суреттерге қарап, кескіндеменің даму дәрежесіне ой жүгіртуге болады. Бұлардан полистік құрылыс қалыптасып, қолөнерлік кәсіп пен теңіз саудасы қаулап өскен тұстағы, эллин отаршылдығының күшейген кезеңіндегі құл иеленушілік қоғамның жаңа көркемдік мүдделері айқын көрінеді. Дүние жүзі жаңа қырынан ашылып, оның шекараларының кеңейе түсуі гректерді Ежелгі Шығыс ұлы цивилизацияларының бай мәдениетімен таныстырды. Пирамидалар мен храмдардың аса қомақтылығы, патша сарайларының таңғажайып сән-салтанаты, монументтік мүсіндер мен қабырғалық өрнектердің молдығы — осының бәрі Мысыр мен Алдыңғы Азия елдерін аралаған Ежелгі Эллада көпестері мен теңізшілерін қайран қалдырды. Гректердің асқақ қиялын Ежелгі Шығыс халықтарының діни ұғымдарынан туған фантастикалық құбыжықтар дүниесі де баурап алды. Бұлардан эллиндік мифологияның тамаша туындыларына ұқсас нышандар табылды. Грек қалаларының бай құл иеленушілері металдан жасалған көркем бұйымдарды, ұқыпты айшықталған қару-жарақ пен Шығыс шеберлерінің сәнді маталарын жоғары бағалады. Өнердің осындай шығармаларымен таныстығы грек құмыра өрнекшілеріне зор ықпал жасады. Алайда, олар бұған тікелей көшіру жолымен еліктеген жоқ. Өзге мәдениет жетістіктерін қабылдаған эллин суретшілері оларды өз ойымен байыта отырып, творчестволықпен қайта қорытты. Ежелгі Шығыс мифологиясы бейнелерінің ықпалымен архаикалық құмыра өрнектеу өнерінде арыстан денелі, әйел басты, құс қанатты тылсым сфинкстер, қанатты, жылан құйрықты дию-пері адамдар, бүркіт басты, қанатты арыстандар — грифондар; өлген- дердің аруағы есептелетін адам басты құстар — сиреналар, азуы ақсиған ірбіз басты ғаламат құстар пайда болды. Құмыраларда құдайлар бейнелері және Гомер эпосындағы шайқастар көріністері мен түрлі хайуандар пішіндері: бұқалар мен бұғылардың, қабандар мен тау текелердің, бүркіттер мен су құстарының, арыстандар мен ірбіздердің бейнелері жиі кездесті. Мысыр мен Алдыңғы Азия өнерінің сәндік өрнектеріне еліктеу ою-өрнектерді таңдаудан айқын сезіледі. Суретшілер құмыраларды әшекейлеуге мәнерленген құрма жапырақтарын, лотостың гүлдері мен қауызын пайдаланды. Әйтсе де б. э. бұрынғы VIII ғасырдағы геометриялық керамикамен салыстырғанда архаикалық дәуір өрнектерінде сюжетті- хикаялы бейнелерге қарағанда ою- өрнеіске орын аз бөлінді.

Грек шеберлері тапсырма берушілердің қызық та ғажайып бейнелерге құмарлығын, олар Шығыс өнерінің жарқыраған шаңқан реңіне қызығатындығын мықтап ескерді. Б. э. бұрынғы VII ғасырда құмыраларға салынған өрнектер ақ саз балшыққа қоңыр күрең лакпен сырланған. Геометриялық ыдыстардағы реңі бірыңғай сүлделік ою-өрнектерден басқаша өң беру үшін суретшілер бөлшектерді қырнай із қалдыра тартылған сызықтармен, ақ және қызыл барқын сырмен айқындайтын жұқа сұлбалық суретті қолданған. Шұбырып бара жатқан аңдар пішіндері құмыраның дөңес бүйіріне бірінен соң бірі орналастырылып, олардың арасындағы ашық кеңістік ою-өрнекпен толтырылған. Мұның бәрі қабырғалық өрнекке ғажайып сән, керемет көрік беріп тұратын, оларды өрнекті кілемдерге ұқсататын. Өрнектер архаикалық ыдыстардың пластикасы мен шырайлы пішініне тамаша жарасатын. Б. э. бұрынғы VII. ғасырда қалыптасқан кескіндеме стилі «кілемдік» немесе «ориентальдастырылған» стиль (яғни, Шығыс өнеріне еліктеуші) деп аталды.

Кілемдік стиль Элладаның алдыңғы қатарлы сауда-қолөнерлік кәсіп полистерінде дамыды. Оның өркендеуінде Родос, Самос, Хиос аралдары, кішіазиялық қалалар, олардың арасында Милет, сондай-ақ солтүстік Пелопоннестің аса ірі орталықтарының бірі Коринф көрнекті роль атқарды. Бұл қалалардың көзе шеберханалары негізінен бұйымдарды сыртқа шығару үшін жұмыс істейтін. Кілемдік стиль құмыра- ларының саудасы Оңтүстік Италияға, Сицилияға, Этрурия мен Қара теңіз жағасындағы грек отарларына керамика бұйымдарын жеткізіп беретін коринфтік және милеттік көпестердің қолында болды.

Б. э. бұрынғы VII ғасырдағы көзешілік өнерінің таңдаулы туындыларының біріне солтүстік Пелопоннесте б. э. бұрынғы 640—630 жылдар шамасында жасалған шағын шарап құтысы (грекше «ойнохоя») жатады. Оның өрнектері бірнеше қатарға орналасқан. Ең жалпақ фризде гоплиттер шайқасы көрсетілген. Ауыр қару-жарақ асынған дорлық жауынгерлердің қалың сап түзеген екі қанаты сыбызғы үнімен бір-біріне қарсы ұмтылып барады. Алдыңғы саптағылар найзаларын тік көтеріп, солқылдата сілкіп келеді. Келе жатқандардың бірыңғай кескіні қимыл-қозғалыстың бір қалыпты ырғағын айқындап көрсетеді. Суретші қару- жарақты: айдарлы, биік дулығаларды, сауыттар мен аяққа киетін саптама сауыттарды, самғап ұшқан қырандар бейнесі, Медуза Горгонаның бет пердесі, сондай-ақ бұқалар мен арыстандар басы салынған шұбар ала дөңгелек қалқандарды миниатюралық нәзіктікпен бейнелеген. Екінші фризден салт аттыларды, төрт ат жеккен күймені, отырған сфинкс пен аңшылардың арыстанмен шайқасын көруге болады. Аң аулау көріністері берілген фриздер асқан әсерлі, әдемілігімен, жандылығымен көзге түседі: ит ерткен аңшы қалың бұтаны тасалап тұр, тазылар түлкі мен қоянды қуып жеткен. Өмірден алынған сан алуан оқиғалар сюжеті шебердің байқампаздығын аңғартады.

Суретші қара лақты, ақ, қызыл барқын сырды, сондай-ақ сары және ашық күрең реңді қызғылт сары фонмен үйлестіре отырып, тамаша әсер туғызатын әрлі өрнек жасаған. Б. э. бұрынғы VII ғасырдың аяғында алдымен Коринфте, одан соң басқа да грек қалаларында құмыра өрнегінің кілемдік стилі б. э. бұрынғы VI ғасырда аттикалық керамикада гүлденудің шырқау шыңына жеткен қара пішін өрнегімен орын алмасты. Мұнда афинылық көзешілер енгізген маңызды ісмерлік жетістіктер үлкен роль атқарды.

Аса сапалы қою қара лақты пайдалана бастаған олар саз балшықты күйдірілген соң, біркелкі тегіс қызғылт реңге айналдыру үшін аздап жосамен сырлайтын. Ою-өрнек әшекейлер салынбайтын осындай ашық фонда адамдар мен хайуанаттар сүлдесі металл сияқты жылтырап көрінетін. Қара пішін стилі одан бөлшектерді қырналған сызықпен, ақ және қан қызыл сырмен баса көрсету тәсілін ала отырып, сұлбалық әдісті ығыстырды. Бірте-бірте қабырғалық өрнектің композициялық құрылымы өзгере берді. Құмыраларды көлденең орап тұратын фриздермен пішіндерді орналастыру жүйесі жоғалды. Олар ыдыстардың бүйіріне еркін орналастырылған көп пішінді тұтас көріністермен орын ауысты.

Б. э. бұрынғы VI ғасырдағы афинылық шеберханалар құмыраның сан алуан түрін: амфораларды, шарап құятын шаралар — киликтерді, таза су сақталатын ыдыстар — гидриялар мен кратерлерді жасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға