Театр фестивалі
Театр фестивалі, театр байқауы, олимпиада – театр өнерінің жетістіктерін көпшілік алдында көрсетіп, сарапқа салу. Жалпы фестивальдардың тарихы Ежелгі Грекиядағы олимпиадалық ойындардан және орта ғасырдағы трубадурлар мен миннезингерлер жарысынан басталады. Еуропада 18 ғасырдың аяғында (Швейцарияда) кең өріс алып, алғашында сән-салтанатты шерулер, содан кейін белгілі бір оқиғаға байланысты өткізілетін көпшілік сауығы түрінде бой көрсетті. Олардың арасында 1882 жылдан бастап жыл сайын Байрейтте (Бавария) Р.Вагнеропераларына байланысты өткізілетін Байрейт фестивалі және 1886 жылдан жүйелі түрде Страдфорд-он-Эйвонда (Ұлыбритания) ұйымдастырылып тұратын Шекспир спектакльдері фестивалі (1964 жылы Ресейден Г.М. Козинцев, Н.П. Охлопков, ал Қазақстаннан Ш.Айманов, т.б. қатысты) белгілі. Шетелдерде театр өнері бойынша “Прага көктемі” (1946), Авиньон фестивалі (1947 жылы ЖЫЛЫВилар ұйымдастырған; Франция), Эдинбург театр және музыкалық фестивалі (мысалы, 1947 – 1990 жылы аралығында дүние жүзінің әр түрлі елдерінен келген театрлар қойған 9000 спектакль көрсетілді), “Флоренция мамыры” (1951) деген атпен Театр фестивалі өткізіліп тұрады. 1952 жылы Қытайда алғаш рет дәстүрлі муз. драма фестивалі ұйымдастырылып, кейінгі жылдары (1956, 1964) ол бірнеше мәрте қайталанды. Алғашқы кезде ТМД елдерінде негізінен таңдаулы пьесалар бойынша көптеген байқаулар өткізіліп отырды; ал 1930 жылы Мәскеуде КСРО халықтары өнері мен театрларының Бүкілодақтық олимпиадасы болып, оған 16 театр труппасы қатысты. 1930 – 1940 жылдар аралығында тек театр өнеріне арналған фестивальдар өткізіле бастады. Олардың қатарында Мәскеуде өткізілген Халықаралық Театр фестивалі (1933 – 1937), балалар мен қуыршақ театрлары (1935, 1940) бойынша Театр фестивалі және Бүкілодақтық колхоз-совхоз театрларының байқауы, т.б. бар. 1936 – 1960 жылы Әдебиет пен өнер онкүндігін өткізу дәстүрге айналды. Бірқатар Бүкілодақтық фестивальдар белгілі бір тақырып аясындағы тарихи атаулы күндерге, т.б. арналды. Осындай тарихи күндерге байланысты өткізілген Театр фестиваліна Қазақстандағы театрлар да қатысты. Алматы қаласында 1957 – 1958 жылы “Театр көктемі” деген атпен облыстық театрлар байқауы болып, Атырау, Семей және Шымкент (қазіргі Оңт. Қазақстан) обл. қазақ драма театрлары жүлдегер атанды. 1970 жылдан жас актерлер байқауы өткізіліп келеді. 1973 жылы Шираз қаласында (Иранда) өткен 2-Халықаралық Театр фестиваліна Қазақтың мемлекеттік академиясының драма театрының труппасы қатысып, Ш.Айтматовтың “Ана – Жер-ана” спектаклін (режиссер Мәмбетов) көрсетті. 1973 жылы чех пен румын драматургиясы бойынша өткізілген Театр фестивалі кезінде Ян Соловичтің “Түлен түрткен тіленші” спектаклін (аударып қойған режылы М.Байсеркенов) қоюмен Жамбыл облысы қазақ драма театры ерекше көзге түсті. 1988 жылы Алматы қаласында “Наурыз – 88” деген атпен Қазақстан және Орта Азия республикалары театрының 1-аймақтық Театр фестивалі өткізіліп, оған қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен театрларымен қатар Мәскеуден Моссовет атындағы академиялық театр, Болгарияның “София – 99” және үндінің “Кіші халық театры” (Калькутта) ұжымдары қатысты. Осыдан кейін Қазақстанда сахна өнеріне байланысты Театр фестивалідары жүйелі түрде өткізу дәстүрі қалыптасты.