Итиль
Итиль
Итиль – ортағасырлық қала орны, Хазар қағанатының 8 – 10 ғасырлардағы астанасы. Еділдің төм. сағасында, осы күнгі Астрахан қаласынан 15 км жерде орналасқан. Хазар тарихын зерттеуші М.И. Артамонов қалаға байланысты деректерді жинастырып, жүйеге түсірді. Итиль атауы Еділ өзені атымен тікелей байланысты. Қаланың аумағы өзеннің екі жағасын және ортадағы кішігірім аралды алып жатқан. Ол туралы бірнеше ортағасырлық жазба деректерде құнды мәліметтер сақталған. Хазар қағаны Иосиф Испаниядағы бір лауазымды адамға жазған хатында үш қаласы бар екенін, біреуінде өзі тұратынын айтып өтеді. Әбул-Қасым ибн Хаукал мұнда екі негізгі бөлік бар екенін айта келе, оларды Итиль және Хазарен деп ажыратады. Артамонов пікірі бойынша, қала үш жерде орналасқанымен, негізінен, екіге бөлінген және ол екеуінің өз атаулары болған. Бұлар 9 ғасырда Ханбалық және Сарашен деп аталса, 10 ғасырда Итиль және Хазарен атауларына ие болған. Деректер Итиль өте маңызды, бай, мәдениетті шаїар болғанын дәлелдейді. Онда бірнеше халық өкілдері өмір сүрген. Олардың негізгілері – арасынан қаған әулеті шыққан түркі тілдес хазарлар және басқа түркілер, славяндар, еврейлер. Халықтың басым көпшілігі мұсылман дінін ұстанған. Ибн Хаукал мұсылман дініндегілердің саны 10 мың адам дейді. Басқа тұрғындар христиандар мен иудейлер. Қаладағы 30-ға жуық мешіттің көбінде ислам қағидаларын үйрететін оқу орындары болған. Сондай-ақ, басқа діндердің мінәжат орындары, моншалар, базарлар болған. Екі жағалау мен арал аралығында кемелер мен қайықтар жүзген. Хазарлар, олардың ішінде қаған мен оның әулеті қаланың батыс бөлігін қоныстанған да, шығыс жағында қарапайым тұрғындар, қолөнершілер, саудагерлер тұрған. Итиль тұрғындары егіншілікті, балық аулауды жақсы игерген. Тіпті сыртқы айналымға шығатын тауарлардың маңызды бір бөлігін балық желімі құраған. Мал шаруашылығымен шұғылданған. Баспаналардың негізгі түрлері – жеркепелер, ағаш тіреулі үйлер мен киіз үйлер, ал қалған сарайлары күйдірілген кірпіштен салынған. Итиль тұрғындары қаған бастап жазда жайлауға, қала сыртына шығып, күзде қайтып отыруды дәстүрге айналдырған. Хазарлар мен Киев Русінің арасындағы қақтығыстар 965 жылы князь Святослав шапқыншылығы кезінде қаланың қирауына әкеп соқты.