Арабтар
Арабтар (әл-араб) — Солтүстік Африка мен Батыс Азиядағы араб елдері халықтарының үлкен тобы. Бахрейнде, Йорданияда, Иракта, Йемен Республикасында, Катарда, Кувейтте, Ливанда, Біріккен Араб Эмиратында, Оманда, Сауд Арабиясында, Солтүстік Сахарада (маврлар), Египетте, Ливияда, Мавританияда, Мароккода, Суданда, Тунисте, Израильде, Палестинада, Түркияда, Иранда, Ауғанстанда, Индонезияда т.б. елдерде тұрады. Араб диаспорасы Батыс Еуропада, Батыс және Оңт. Африкада т.б. елдерде де бар. Жалпы саны 199 млн. адам (1992). Араб тілінде сөйлейді. Араб жазуын қолданады. Діні — мұсылман-сунниттер. Ислам дінінің шейіт, друз, нусайрит, ибадит ағымдарын тұтынатындар, христиан-коптар, православие дінін ұстанатындар да бар. Шаруалары (феллахтар) егіншілікпен, көшпелі мал шаруашылығымен, бау-бақша өсірумен айналысады. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың 2 ғ-да түйені қолға үйретіп, көшпелі түйе өсірумен шұғылданған. Арабия түбегінің автохтон тұрғындары — бәдәуилер. Алғашқы араб мемлекеттері — Пальмира (Тадмор), Набатц, Лихьян, Гассан, Лахм, Кинда араб тайпаларын бір этносқа біріктіре алмады. Бірігу ислам дінінің пайда болуымен, Араб халифатының құрылуымен аяқталады. 7 ғ-дың 1-ширегінде Арабтардың көп елді бағындыруына орай “араб” этнонимі тұтас бір халықтың атына айналды. 19 ғ-да Осман империясының ыдырауы, 20 ғ-дағы Еуропа отаршылығына қарсы ұлт-азаттық қозғалыс — Арабтардың азат болуына және ұлт болып қалыптасуына тікелей әсер етті.Көшпелі, жартылай көшпелі Арабтардың дәстүрлі баспанасы — ешкі терісі немесе кенептен істелген төрт бұрышты шатыр, отырықшылары каркасты-бағаналы үйлерде тұрған. Шаруалар бір қабатты үй сыртын дуалмен қоршап тастайды. Тұрған жеріне қарай сазбалшықтан, тастан қаланған үйлер, шетеннен тоқылған күркелер де кездеседі. Арабтардың күмбезді діни және қалалық сурет өнері (Дамаск, Бағдад, Каир, Кордова, Иерусалим т.б.) әлемдік өркениет тарихында соны сипатымен ерекшеленеді. Ұлттық киімдері — кең белдемшелер (фута), басқа орайтын шалмалар, жеңсіз желбегейлер, ұзын көйлектер. Әйелдер жүзік, алқа, білезіктер, мұрын сырға, әшекей салпыншақтар тағады. Бәдәуи әйелдерінде беттерін, алақандарын, табандарын бояп сурет-тыртықтар салу ырымы кездеседі. Әйелдері жүздерін бүркеп жүреді. Бәдәуилердің ұлттық тағамы — түйе сүті, бидай, арпа, тары, жүгері наны, құрма. Отырықшылар әр түрлі ботқаларды, ешкі сүтін, қой ірімшігін, жеміс-жидек, көкөністерді мол пайдаланған. Ислам ережелері бойынша арақ-шарап, шошқа еті — харам. Ораза ұстау — парыз. Арабтардың фольклоры, классикалық поэзиясы мен музыкасы жақсы дамыған. Басты саз аспаптары: бубен, барабан, лютня, бір ішекті ыспалы ребаб. Мұнай кеніштерінің игерілуі, өнеркәсіптің дамуы, көшпелілердің отырықшылануы, қала тұрғындарының күрт өсуі Арабтар тұрмысын сәулеттендірді.