Қанат Әуесбайұлы
04.12.2012 10:16
6156
Қанат Әуесбайұлы Әуесбай (Қанат Әуесбай, лақап аты Әуесбайдың Қанаты; 14 қаңтар 1982 жылы, Тараз қаласы, Жамбыл облысы) — халықаралық журналист, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының арнайы тілшісі, тележүргізушісі, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті, телерадиожурналистика және бұқарамен байланыс кафедрасының доценті, Еуразия телевизия және радио Академиясының мүшесі (Мәскеу қаласы), Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.
Өмірбаяны
1982 жылы 14 қаңтарда Жамбыл облысы, Тараз қаласында ұстаздар отбасында дүниеге келді. 1988 жылы Тараз қаласындағы №46 орта мектепке бірінші сыныпқа барды, онда 1991 жылға дейін оқыды. 1991-1997 жылдары Ыбырай Алтынсарин атындағы №49 орта мектебі және 1992-1997 жылдар аралығында Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебінде баян сыныбы бойынша білім алды. 1997-1998 жылдары Абай атындағы гуманитарлық колледжінің халық аспаптары бөліміндегі баян сыныбында оқыды. 1998-1999 жылдары Бауыржан Момышұлы атындағы №45 мектеп-гимназиясын бітірді.
Журналист болуына өзінің айтуы бойынша 3 адам, 1 газет ықпал еткен. Алғашқы болып атасы Сақыпкерей болған. Атасының көз жанары көруден қалған. Өз ауылына келген сайын газеттер оқыттырып, хат жаздырған. Атасының көңілін аулау үшін басылымдарда жарық көрген әңгімелерді, тартымды мақалалардың қызықты жерлерін оқып беретін. Сөйтіп атасының газеттерінің арқасында қолына қалам алған. 1996 жылы республикалық «Ұлан» балалар газетінде Жамбылдың 150 жылдығына орай мектебінде өткен кеш туралы «Ғасырдың қарт бұлбұлы» атты тұңғыш мақаласы басылды. "Ұлан" балалар газетінің тұрақты авторы болып, кейінірек "жас тілшісі" атанды.
Қанат кәсіби музыкант, баянда ойнайды, домбыра шертеді, пианинода ойнау өнері бар. 9 сыныптан кейін Тараздағы гуманитарлық колледждің халық аспаптары бөліміне "баян" сыныбында бір жыл оқыған. Колледжде жүргенде құрамында баян мен екі домбырасы бар "Серілер" триосын құрған. Университетте "Бейбарыс" тобы құрамында ән айтқан. Әндері бір CD-табаққа енді. Университет қабырғасында "Жігіт сұлтаны" байқауының 1-орын иегері атанды.
Білімі
1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне қабылданды. 2004 жылы оқу орнын үздік дипломмен бітіріп, 2004-2008 жылдары білімін осы университетте аспирантурада (күндізгі бөлім) жалғастырды.
2004 жылы Алматы қаласында өткен «Телерепортажға жаңаша көзқарас» семинарына қатысып «Internews network» халықаралық ұйымының сертификатын алды.
2007 жылы Иран Ислам Республикасында өткен «Телевизиялық бағдарламаларды жасаудағы заманауи технологиялар» семинарында «ISESCO» халықаралық ұйымының сертификатын иеленді.
2008 жылы Алматы қаласында өткен «Internews network» халықаралық ұйымының «Жаңалықтар қызметінің жұмысын ұйымдастыру» атты дистанционды семинарына қатысты.
2010 жылы «Қазақ телеарналарындағы қазіргі ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында диссертация қорғады.
2012 жылы 28-31 мамыр аралығындағы Беларусь мемлекетінде болған «Болашақ үшін серіктестік: жаңа дәуір моделі» (Партнерство во имя будущего: модели новой эпохи) халықаралық медиа-форумның қатысушысы болды.
Қызмет жолы
• 2002-2003 жылдары — «Түркістан» халықаралық газетінің тілшісі;
• 2003-2009 жылдары — «Европа плюс Қазақстан» радиосында сазды жүргізуші;
• 2003-2004 жылдары — «Информбюро» ақпараттық бағдарламасында тілші, «31 телеарна»[7];
• 2004-2006 жылдары — Ақпараттық бағдарлама тілшісі, «Қазақстан» телеарнасы;
• 2006-2009 жылдары — Ақпараттық бағдарлама редактор-сарапшысы, «Қазақстан» телеарнасы;
• 2009-2010 жылдары — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті оқытушысы;
• 2011 жылдың наурыз-сәуір аралығында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Қазақстан. Менің елім» бағдарламасының авторы, жүргізушісі, «Қазақстан» телеарнасы;
• 2010-2011 жылдары — «Апта.kz» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі, шеф-редакторы, «Қазақстан» телеарнасы;
• 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті, телерадиожурналистика және бұқарамен байланыс кафедрасының доценті;
• 2011 жылдың желтоқсанынан бастап «Өзекжарды» телесұхбатының жүргізушісі, «Қазақстан» телеарнасы.
Қоғамдық қызметі
Франция, АҚШ, Швейцария, Грекия, Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай, Түркия, Марокко, Моңғолия, Ауғанстан, Иран, Пәкістан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Малайзия сияқты елдерге барып, қоғамдық-саяси маңызы бар репортаждар дайындады. 2011 жылы 14 наурыздан бастап, 14 күн бойы Қазақстанның 14 облысының тәуелсіздік тұсындағы жетістіктерін қамтыған "Қазақстан. Менің елім" телекөрсетілімін жүргізді. "Қазақстан" телерадиокорпорациясы төрағасының бірінші орынбасары болған Ляззат Мұратқызының сенім білдіруінің арқасында Астанаға ауысып, "Апта.KZ" бағдарламасын қолға алды. Қазір "Өзекжарды" телесұхбатын жүргізеді, әрі президенттік пул тілшісі. Халықаралық "Диалог-Еуразия" платформасы сынды беделді ұйымның жастар комитетінің мүшесі. Актерлікке талпыныс жасап, бір рет тұңғыш қазақстандық "SitCom" форматындағы "Айналайын" сериалына тележурналисттің рөлін ойнаған. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің доценті. 2012 жыл қорытындысы бойынша "Айқын" газетінің ұйғарымымен "үздік тележүргізуші" атанды. 2011 жылдың желтоқсанында Сүлеймен Демирель университетінің Алматы қаласы жоғарғы оқу орнының студенттері арасында өткізген "тәуелсздік ұрпағы - тәуелсіздік көзімен" шығармашылық байқауында үздік шыққан білімгер Гүлбақыт Асылбек "Қанат Әуесбай" атындағы Дипломмен марапатталды.
Белгілі тележурналист, қоғам қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының телевизиядағы 40 жылға жуық шығармашылық қызметіне арналған «Бай-қуатты болайық!» бенефисінің жүргізушісі Әуесбайдың Қанаты мен әнші, актриса Айгүл Иманбаева болды. Мұндай бенефис-кеш қазақ телевизиясы тарихында тұңғыш рет өтті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
КСРО тарихы
Келесі жаңалық
Қызметтік ит ұландықтарға есірткі табуға көмектесті