Халық ісіне лайық болайық
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Халық ісіне лайық болайық
Совет өкіметі орнасымен, социалистік революция ұлы істерді жүзеге асырған алғашқы жылдарда біздің мәңгілікке ұмытылмас, туысқан Ильич Клара Цеткинмен әңгімелескенде «бұқараның жалпы мәдени дәрежесінің көтерілуі көркем-өнерді, ғылымды және техниканы дамыту үшін қажетті күш-қуат өсетін берік те таза қыртыс-топырақ жаратады» деген еді.
Лениннің көрегендікпен айтқан бұл пікірі жүзеге асты. «Бүкіл дүниені дүр сілкіндірген он күннен» бері не бәрі қырық бес жыл өтті. Осы тарихи қысқа мерзім ішінде жер бетінде еңбекшілердің тұңғыш социалистік мемлекеті орнықты, нығайды. Ленин өсиеттері, Ленин идеялары қалай орындалып жатқанын, социалистік ұлттардың ынтымағы қалай өсіп, нығайғанын қазір бүкіл дүниежүзі айқын көріп отыр.
Рухани байлығы, моральдық тазалығы мен күш-қуат кемелдігі өз бойынан түгел табылатын коммунизм адамын тәрбиелеп өсіру XXII съезде қабылданған партия Программасының жарқын да айқын сипаттамаларында түбегейлі орын алды. Рухани байлық тек адамның ғылыми білімдермен қаруланумен ғана шектелмейді. Байыпты қарап, ой жіберсек, адам жүрегі мен миының тек көркемөнер ғана жол тауып бара алатын түкпірлері бар. Еңбекшілерге коммунистік тәрбие берудегі әдебиет пен көркемөнердің атқаратын қызметі XXII съезд қарарларында соншалық асқан күшті қалыпта аталып көрсетілуінің мәнісі де осыдан болса керек. Сондықтан да партия бізді,— әдебиет пен көркемөнер қызметкерлерін өзінің сенімді көмекшілері деп атайды, құрметті міндеттерді мүлтіксіз атқарады деп бізге сенеді.
Кейінгі жылдарда партия мен үкімет басшыларының жазушылармен, композиторлармен, суретшілермен, театр және кино қызметкерлерімен кездесуі игі де жемісті дәстүрге айналды.
Партияның Орталық Комитеті мен Совет үкіметі басшыларының декабрь айындағы кездесуіне Қазақстанның бір топ әдебиет және көркемөнер қайраткерлерімен бірге мен де қатынастым. Бұл кездесу өмір бойы есімнен кетпейтін ғажап әсер қалдырды. Партия мен үкімет басшылары біздермен кәдімгі дәрежесі тең, қатар жүрген жолдастарындай емін-еркін сөйлесті. Кейбір мәселелер жөнінен біздер өзара пікір таластырдық ешбір шек қойылмаған, тосқауыл тартылмаған еркін әңгімеде небір күрделі де түйінді мәселелерді анықтап, бетін ашып алдық.
Партия, үкімет басшыларымен кездесулер шын мәнісінде совет мәдениетінің мерекесі болды. Бұл кездесулер біздің көркемөнеріміздің жаңа белеске көтерілуіне себін тигізеді, социалистік реализм әдебиеті мен көркемөнерінің келешекте де дами беруінің жолын белгілейді.
Совет жазушыларының бүгін таңдағы міндеттері айқын. Біздің еліміздің, Отанымыздың болашағы қандай сәулетті, қандай нұрлы болса, біздің бұл міндеттеріміз де сондай айқын, сондай жарқын. Біздер, көркем мәдениет интеллигенттері, өз заманымыздың талап-тілегіне лайық шығарма жазуды, партияның, ұранына үнімізді қосып, коммунистік қоғамның жаңа адамын тәрбиелеу, оның идеялық нанымын, адамгершілік, эстетикалық мұраттарын қалыптастыру сықылды аса қасиетті істе партияға барынша көмектесуді өзімізге зор бақыт, асқан абырой санаймыз. Әдебиет пен көркемөнердің коммунистік партиялылығы үшін, халықтығы үшін үздіксіз қатал күрес жүргізумен қоса біз,— партия мен халықтық «толық хұқықты өкілдері»— мещандық талғамсыздықтың, формалистік жалған жаңашылдықтың, біздің мәдениетіміздің даму жолынан ауытқыған тайғанақтықтың қандайын болмасын,— бәрін де аяусыз соққылауымыз керек. Әрқашан халықпен бірге болу, халық үшін еңбек ету — коммунизм құрылысшылары — суреткерлердің ең басты игі міндеті.
Көркемөнер шығармасының пайдалы әсерінің есепті мөлшері — оны халықтың қалай қабылдауымен, онымен қалай «қаруланумен» өлшенеді. Көркем шығарманың біздің күресімізге қаншалық пайдалы болғанына төрелік айтатын ең жоғарғы әділ қазы — халық. Халық әрі қазы, әрі қатал сыншы. Ол өзінің биік мәртебелі, мінсіз адамгершілік тұнық сезімін жәбірленген, кір жаққан суреткерге әсте кешірім жасамайды.
Біз өз еңбегімізге, өз жолдастарымыздың еңбегіне ілтипатпен қарауымыз керек. Сыннан қорықпайық. Жеке адамға табыну дәуірінде — өзара айтысу, пікір таластыру деген бүтіндей қойылған кезде әлде бір «атақты» шығарманы сынау социалистік реализмнің бүкіл негіздеріне қарсы шабуыл деп саналатын болған. Сол кездің өзінде де біздің әдебиетіміз бен көркемөнеріміздің социалистік табиғаты өзгерген жоқ. М. Шолоховтың «Тынық Доны», Васильевтердің «Чапаевы», Д. Шостаковичтің тұңғыш симфониялары,— әлемдік көркем мәдениет қазынасын байытқан басқа да әдебиет туындылары, кинофильмдер, музыка сол қиын дәуірде туған жоқ па?
Партияның XX және XXII тарихи съездерінен кейін шын пейілмен өзара сенім, бүкпесіз ашық пікірлесу, жанашырлықпен кемшілігін көрсетіп, жетістікті мақтан тұту елімізде дағдылы қалпына келді. Осы жаңа жағдайда әдебиет пен көркемөнерде де жаңа беталыс, творчестволық пікір таласы, айтыс өріс алды. Партия мен үкімет басшыларының кездесуі де дәл осындай демократиялық дискуссияның нағыз пайдалы да жемісті түрі болды.
Дүние жүзіндегі екі лагерьдің — капитализм лагері мен социализм лагерінің бітіспейтін, ымыраласпайтын сұрапыл күресі жүріп жатыр. Капитализм дүниесі өзінің өмірін ұзарту үшін, соған себі тиетін— қолына іліккеннің бәрін қармайды. Социализм жаңа балғын күшпен толыға бастаса болды, буржуазия батыстағы «творчество еркіндігі» дейтінді жамылып алады да, бізге қарсы идеологиялық қастандықты — диверсияны күшейтеді.
Тингли деген біреу бұдан екі жыл бұрын Парижда өзінің абстракциялық еңбектерін көрсетіпті. Ол еңбектерінің «композициясы» үрлеген әуе шарлары, бос шөлмектер, ванна астаулары мен велосипед доңғалақтары... Сосын, ол жарғыш дәрілер мен жанар майдың көмегімен әлгі бүкіл композициясын жарыпты, еңбектері жарты сағат бойына жалындап жаныпты, шарлар мен шөлмектер шартылдап жарылыпты. Тинглидің бұған да көңілі көншімепті. Осы творчестволық әдісті бұдан былай да дамыта беремін, ол үшін тағы да ядролық қару керек депті Тингли. Осы сандырақ, сандалбайды «жаңа данышпан» «өзін өзі орайтын искусство» деп атапты.
«Өзін өзі орайтын искусство». Тауып қойылған ат! Затына аты сай келген. Біздер, болашақ ұлы қоғамның суреткерлері, мұндай есалаңдармен бірге жол-сапарға шыға алмаймыз, олармен дәм-тұздарымыз жараспайды.
Партия, үкімет басшыларымен кездесу кезінде суретшілер творчествосымен қоса, әдебиетшілер туралы, жастар творчествосы жайында, алдыңғы буын аға жазушылар жөнінде де сөз болды. Біздің идеологиямыздың жеңісі жолындағы күресте, жаңа адам тәрбиелеуде партияның көмекшісі болып отырған көп ұлтты совет әдебиетінің алдында тұрған міндеттер туралы толып жатқан маңызды пікірлер айтылды. Біздер, реалист жазушылар формалистік шатпақтарды, «жаңа форма іздеушілердің» субъективтік жүгенсіздіктерің, халықтықпен, партиялықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, ұрыстарда сыннан өткен коммунизм партиясының Программасына қайшы келетін жалған жаңалықтарды сол қалпымен лақтырып тастаймыз.
Қазақстан творчестволық қызметкерлерінің шығармаларын тінтіп, формалистік ағым іздейін деген ойдан аулақпын. Алайда біздің «Простор» журналының беттеріндегі формалистік «тапқыштықты», жекелеген заставкалар мен сызық суреттерді көргенде шыдай алмайсың. Журнал беттерінде осындай жұмбақ сызықтар көбейіп кетті. Б. Агафонов деген «жазушыны» Қазақстанда ешкім білмейтін. Ал, журнал редакциясы осының «Қазақтың жұмақтағы азапты сапары» дейтін алаңғасар, әнгүдік бірдеңесіне қонағардай кең орын берді. «Простор» журналының орталық баспасөз бетінде қатал сыналуы да осыдан.
Жақында Алматыда Қазақстан суретшілері картиналарының көрмесі ашылды. Алматы суретшісі Е. Сидоркин өзінің «Известия» газетінің редакциясына жазған хатында: «Көрушілер көрмеден назырқанып кетеді»,— дейді. Көрменің халық көңілінен шықпау себебі — сүреңсіз, сұрқай картиналардың көбеюінде, еңбек тақырыбына жазылған суреттер дәрежесінің төмендігінде. Б. Бельтюковтың «Тың игерушілер» атты көлемді полотносында механизаторлар буалдыр, бұлыңғыр фонда әлде бір жеңілтек, желең пішінде көрсетілгенін Е. Сидоркин өзінің әлгі хатында қынжылып айтыпты.
Жергілікті суретшілеріміздің салдыр-салақтығы, шалағайлығы кітаптарды көркемдеуге де теріс әсерін тигізді. Бірсыпыра кітаптардың мұқабасы адам танығысыз шимай - шатпақ болып шығады. Адам бейнесі нобай сызыққа айналады, табиғат суреттері жапырақсыз, бұтақсыз, сидиған қу ағаш сияқты болады. Әйтеуір ылғи да бір қиын жұмбақ, «ендігісін айтпаймын, ақылың жетсе өзің тап» деп тұрған қияли бірдеңелер...
Қазақстан Жазушылар одағы мен киноматография қызметкерлері одағының жақында бірігіп өткізген пленумы «Қазақ фильм» киностудиясын әділетті қатал сынға алды. Пленум кейінгі екі-үш жылда жасалған сайда саны, құмда ізі жоқ, тебірентер терең ойы, жарқ еткен адам характер!, қиян-кескі талас-тартысы жоқ, селт еткізер батыл жаңалықтан жұрдай арзанқол, сұрқай фильмдерді сынады. Менімше дұрыс сынады. Кино экрандарынан біз замандастарымыздың қуанышын да, қайғысын да шынайы көрсететін фильмдердің орнына көбінесе баяғыда жауыр болған, әбден дәмі кетіп, дәні солған даяр схеманы —«жаңашыл мен консерваторды» көреміз.
Әлбетте, біздің фильмдеріміздің көркемдік сапасының төмен болуы ең алдымен құнсыз, нашар сценарийлерге байланысты. Біздің драматургтарымыз қоғамдағы туындап жатқан күрделі құбылыстарға, процестерге терең бойлай бермейді, адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастарды, ірі адам характерлерін терең аша бермейді.
Сонымен қабат, жауапкершіліктің бір қомақты бөлегі кино қызметкерлерінің мойнында. Олар кейде кино өнерін анау-мынау адамның қолынан келмейтін, қадам бастырмайтын «ерекше заңдары» бар құпия автономияға айналдырады, тәжірибесі аз жасан, әдебиетшілерді шошытады.
қазақ совет әдебиеті — Совет өкіметінің бел баласы. Біздің әдебиетіміз туған күннен бастап-ақ ұлы орыс әдебиетінің және басқа туысқан әдебиеттердің тәлім-тәрбиесін алып, қамқорлығына бөленіп келеді. Біздің социалистік шындықты дұрыс суреттеп көрсетуді біз солардан үйрендік. Бүгінгі заманның нағыз өзекті, өрелі тақырыбына жазылған кең тынысты, мол көлемді шығармалардың қазақ әдебиетінде әлі күнге шейін болмай келуі бізді тебірентеді, алаңдатады. Біздің кейбір көрнекті жазушыларымыз көбінесе маңызы шамалы тақырыптарға бой ұрып жүр. Әрине мұндай тақырыпқа шығарма жазба демейміз. Бірақ XXII партия съезінің тарихи шешімдерін жүзеге асыруға халқымыз жаппай кіріскен шақта шағын-шағын тақырыптардың айналасынан күйбеңдеп шықпаған жазушы — өз мойнындағы міндетін атқара алмайды. Біздің «Жұлдыз» журналына биылғы жылда жетіжылдық озаттарының қаһармандық істері жайында бірде-бір романға яки повестке заявка түспеуін енжарлығы демей, не дейміз. Өткен жылы қазақ жазушыларының бірде-бір прозалық шығармасы, поэзия кітабы, драматургиясы Лениндік сыйлыққа ұсынылуға жарамағанын әдебиетіміздің босаңдығынан болды демей, не дейміз?
Қарапайым малшының рухани дүниесін, совет шындығы жасаған нағыз революцияны көрсететін ірі шығармалар алғашқы бесжылдықтар құрылысшылары жайында көлемді туындылар біздің, қазақ әдебиетінде өте аз. Біздің ұлан - байтақ даламызды молшылық, байлық өлкесіне айналдырған тың игерушілердің әдебиеттегі образдары қайда? Суреткер ересен үлкен өзгерістің қоңыр салқын самалы желпіндірген, жаны пәк, ар-ұжданы таза, тепсе темір үзетін қаһарман замандастарына алдымен назар аударуға тиіс.
Көп жылдар бойында біздің кітап дүкендерінде сүреңсіз, сұрқай кітаптар қаптап кетті. Мұның ең басты күнәкәрі, айыпкері — әдебиет мүдделерінен әлдеқайда аулақ адамдар — сөйте тұра баспалардың тізгінін өз қолдарына алған кәсіпкер сумақайлар. Кітап шығару ісіндегі қырсыздықты, принципсіздікті, ептілікті батыл түрде жоятын мезгіл жетті.
Біз өз ісімізді тағы да аудара қарап, ақтара тексеруіміз керек. Өз жолдастарымыздың еңбегіне, әдебиетімізге жанашырлықпен қарап, бір-бірімізге адал қамқоршы, әділ сыншы болсақ қана өркендейміз, ілгері басамыз. Егерде біз талай сыннан өткен социалистік реализм туының астына берік топтассақ, бізді ешқандай идеологиялық диверсия, қастандық зияндай алмайды, хауіп туғыза алмайды. Неге десеңіз, халықтың бүкіл игі дәстүрлерін, өткен замандағы реалистердің әдеби мұраттарын өз бойына сіңірген, дарытқан біздің творчестволық әдісіміз біздің алуан түсті модернистердің, формализм жаршыларының, пессимизм, мистика атаулының, толып жатқан догматиктер мен ревизионистердің сорақы ықпалынан бізді қорғайды.
Әдебиет пен көркемөнердегі қандай ғана жаңашылдық болмасын, егер ол халықтық болса ғана, халықпен біте қайнасып, араласып кетсе ғана нағыз шынайы жаңалық, болмақ. Мұны әрдайым жадымызда сақтауымыз керек. Біздің ұстазымыз Абай ұлы жаңашыл болды. Неге десеңіз, ол халықпен өз тілінде шебер сөйлесті, өз халқының мұң - мүддесін жырлады .Маяковский «сатылап» өлең жазғандығынан көркемөнерде ұлы реформатор болған жоқ, оның творчествосы революция дауылымен, заманының әлеуметтік өзгерістерімен біте қайнасты, мидай араласты. Халықтық салтқа, халықтық сипатқа барынша адал болайық, барынша берік болайық. Сонда біздің іргемізді ешкім шайқай алмайды, біздің қатарымызды ешкім ыдырата алмайды.
Жазушының творчествосы партиялық бағытта болғанда ғана сан салалы, алуан қырлы өмірімізді терең де толық көрсете алатынын біз жақсы білеміз. Жазушының партиялығы, оның азаматтық бағдар-бағыты, суреткердің өмір құбылыстарына көзқарасы, шығармасына таңдап алатын материалдардың түр-тұлғасын айқындап береді, ол материалдарды творчествода жүзеге асыру жөніндегі ой-пікірлерің қиялын айқындап береді.
Алдымыздағы міндеттерді ойдағыдай орындап шығуымызға қажетті жағдайдың бәрі де бар бізде. Кейінгі жылдар ішінде біздің көркемсөз интеллигенттерінің қатарына бір пара дарынды жастар келіп қосылды. Оларға біз әкелік қамқорлық жасап, дұрыс бағыт сілтеуіміз керек. Қазақстанның дарынды жас әдебиетшілері дегенде мен ең алдымен ақындар Т. Молдағалиев, С. Жиенбаев, О. Сүлейменов, Қ. Мырзалиев, Ж. Нәжімеденов, Ә. Абайділдәнов, Ө. Нұрғалиев, Н. Лушниковаларды, прозаиктер К,. Ысқақов, С. Мұратбеков, Ә. Әлімжанов, Р. Тоқтаровтарды, сыншылар — Ә. Кекілбаевты, 3. Серікқалиев, А. Сүлейменовтарды айтамын. Сүйсінерлік бір жағдай — бұл аталған әдебиетшілердің қай-қайсысында да жаңашылдық нышаны бар. Отанға, Коммунистік партияға деген жалынды махаббат бар, заман шындығын терең ұғыну бар.
Алайда заманымыздың ірі де маңызды тақырыптары, тарихи-революциялық тақырыптар жастар творчествосынан сырт қалып келеді. Бұл жағдай мені толғандырады, мазалайды. Жас ақындар мен жазушылардың басым көпшілігі кілең от басы, ошақ қасы, ерлі-зайыптылардың арасындағы ннтимдік қарым-қатынас жайында жазатынына қалай күйінбейсің, қалай қынжылмайсың? Еңбек адамдары жайында, біздің тамаша ғалымдарымыз бен космонавтар жайында, игерілген ұлан-байтақ тың жайында, біздің Гагариндер мен Гагановалар жайында жастарымыз өте аз, сарабдал жазады. Олардан гөрі өздерінің сүйген қыздарын, туған ауылдарын суреттеуді артық көреді.
Енді бір қынжыларлық, күйінерлік жәйт — кейбір жастар өзі әлі жазушы болып қалыптасып, буыны бекімей, бұғанасы қатпай тұрып, өзгелерге ақыл айтады, ұстаздық еткісі келеді, өзінің жалған жаңашылдық теориясын елдің алдына тартады.
Жас адамның лыпылдақ болатыны, жаңа атаулыны жаңалық деп қабылдайтыны белгілі. Бұл табиғи нәрсе. Сондықтан да біздің творчестволық жастарымыз ерекше әкелік қамқорлыққа, тәлім-тәрбиеге ділгер. Жастарды дер кезінде түзеп, қажет болғанда тізгіндеп тежеп ұстау керек. Сыннан қорықпайық. «Кім де кім адамдардың бәрін бірдей көргенсіп, сылап-сипап арқаға қақса,— дейді Н. Г. Чернышевский,— ол өзінен басқа ешкімді де, ештеңені де сүймейді; жұртың бәріне бірдей жаққан адам ешкімге ешқандай ізгілік істей алмайды, неге десеңіз, зұлыматты, жәбірлемейінше ізгілік істеу мүмкін емес. Социалистік мәдениеттің жас өрендерін тәрбиелеу жайын сөз еткенде, әдебиетіміз бен көркемөнеріміздің тағдыры туралы сөз қозғағанда осы дана пікірді естен шығармайық.
1963