Тақырып туралы
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Тақырып туралы
Партия қаулыларында, жиылыстарда жаңа тақырыпқа — советтік социалистік тақырыпқа жазу керек дегенді көп есітеміз.
—Себебі не?
—Себебі көбінесе саяси жағынан дәлелденіп жүр. Дұрысында бұл жалаң саяси тілек қана емес, сонымен қабат көркемөнерлік, эстетикалық тілек.
Адам қанша ақылды болса да, айнаға қарамаса өзінің бейнесін дәл таппас еді. Біреудің бетіне, біреудің денесіне қарап менің бейнем сондай-ау деп шамалар еді де, дәл кескінін елестете алмас еді. Өйткені, елес көріністің ғана суреті. Дәл өзін көрмеген адам, көруге әмән ынтық. Сондай-ақ, социализмді қолма-қол жасап, қызығына құныққан қызу жұрт жанған еңбегінің, жандырған езінің тұлғасын көргісі, сұлу көркіне мақтанғысы келеді. Олай болса, әдебиет, соның ішінде драматургия өмір айнасы. Айнаға қарау — халықтың психологиялық салты, эстетикалық тілегі.
Социалистік, советтік тақырыпқа жазудың бұдан да артық екінші керегі бар. Дүние дүние болғалы көрмеген жаңа әлемжасау түгілі, кейде бір пар аяқ киім де екі қилы шығады. Ұланбайтақ өнер дүниесінің де бірде қиюы жымдаспайды, бірде сыры, не сыны келмей тұрады. Жасаушы адам кейде бұйығып, кейде алаңдап, ынта мен өнерін қолындағы іске түгел жұмсай алмайтын кездері болады. Әдебиет — драматургия бұндайда айна болумен қабат, жан жарығы, адамның қолға ұстар алдын көрсетер шамшырағы болып кетеді.
Советтік-социалистік тақырыпқа жазудың үшінші керегі — бұл айтылған екеуінен де басымырақ дер едім. Социализм әзір жердің алтыдан бір бөлігі — Совет Отанында. Қалған бес бөлегінде капитализм әлі тірі. Ол тек қана тірі емес, қыранға қарсы «қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі» тәрізді. Айласы да, айбары да мол. Алыспай асқа түспейді. Екі жүйеге бөлінген қоғамдық осы екі күштің салт-сана майданында қайсысы жеңсе, сонысы істе де жеңгені. Олай болса, көркем әдебиеттің, драматургияның салмағы арта түспек. Ол «мақтамайды», «боқтамайды», таластарың осы болса «көр міне» деп шындықтың суретін көз алдыңа әкеледі. Біздің драматургтарымыз, осы шындықты — Отанымыздың, республикамыздың социалистік тұлғасын суреттеп көз алдына әкелсе, өзінің тарихи ардақты міндетін совет Отанның ғана емес, бүкіл адамзат алдында ақтап шыққан болар еді.Жолдастар, мен. «бүкіл адамзат» деген сөзді қайталап айтам. Біздің жазушы-драматургтар совет идеясының түк жүректі батыры. Ал, совет идеясының қонар қиясы бүкіл адамзат көксеген мұңсыз өмір, біздің тілімізше айтқанда коммунизм.
Жасыратыны жоқ, кейде қазақ жазушыларының қайсыбірінің басына мешеу пікірлер келеді. «Біздің шығармамызды қай ағылшын, қай француз оқып жатыр, орыстың өзіне жете алмай жүрміз...» дегісі келеді. Дұрыс емес. Ұлт тіліндегі жақсы шығарма орыс тілінде шығуға, орыс тілі арқылы жер жүзіне тарауға мүмкіндіктер толып жатыр. Әміренің әндері, «Қыз Жібек» операсы, Бауыржанның образы, тағы басқалар шет елге тарамады ма? Ылайым тек жақсы шығарма болсын.
Советтік, социалистік тақырыпқа жазудың қажеттігі осы айтылғандармен дәлелденсе керек. Ал, сонда жазылды ма, жазылса қалай жазылды?— деген сұрақтар туады.
Жазылғандардың бірсыпырасы жоғарыда аталды. Аталмағандары да көп. Бірақ, бәріне тән бір кемшілік бар. Советтік социалистік тақырып дегенді тым тар мағынада алып жүр: өндіріс, колхоз, совхоз деп үш-ақ салаға бөледі. Дұрысында бұл үш саланың әрқайсысында толып жатқан тармақтар, әр тармақта өзіндік өзгешеліктер бар. Өндіріс тақырыбындағы пьесалар бізге бір ғана тұрбаның мойнын көрсетіп келді. Ол қай өндіріс, қай тұрба? Мысалы: бір көмір өндірісінің өзінде ашық шахта, жабық шахта, көлбеу шахта, тік шахта, машиналанған шахта, машиналанбаған шахта, электр станциясы, механикалық завод, подъемный, газофиксация тағы әлденеше көмекші өндірістердің жеке - жеке тұрбалары бар емес пе? Әрқайсысының өзіндік көрінісі, көлемі, адамы бар емес пе? Пьеса авторлары оны «мен білмеймін, өзің тап» деп тұрған сияқты. Бір саладағы тақырыптың өзін әр жағынан алып, алуан түрде көрсетпей, бір ізбен, бір әдіспен, бір дәрежеде кеткендіктен жаңа тақырыптағы пьесалардың көбі стандартқа айналып барады. Егeр, аты, адамдарының аты басқа болмаса, кейде бірінен бірін айырып алу қиын.
Соғыс тақырыбына жазылған пьесалар туралы да осы шамада пікір айтуға болады. Алуан түрлі бай өмірден, алуан-алуан тақырып таппай, бір қараға соға беру — «соқыр көргеннен жазбайды» дегенді еске түсіреді. Күміс, қорғасын, мыс, көмір, темір, сирек кездесетін металдар, астық, мал, мұнай, бақша, жеміс бәрі бар. Әрқайсысының өзінше сипаты, тіршілігі, соған сәйкес адамдарының құлқы ойы, әрекеті, тіпті, тіл өзгешеліктері де бар. Осындайда ұлан-байтақ өзіміз туып-өскен маңғаз өлкемізді тану жөнінде көркем әдебиетте, көркемөнерде қалдырғанымыз тіске сыздық та бола алмайды. Бұл борышты әрдайым есте сақтауымыз керек.
Тақырып жайындағы екінші кемшіліктің атын — бір жақтылық, қорқақтық дер едім. Қалтыраған жүрекпен ешуақытта қамал бұзған емес. Қайсыбір жолдастар өмірдің ылғи жарқын жағын көреді. Жайсыз жағын көрсе қорқады, көз жұмады. Сыртқы дұшпандар' көрмесін, білмесін, қасиетті социализмнің денесіне мін ғып тағар деген адал ой, қарлығаштай достық білдіреді. Бұндай дәрменсіз достыққа күлесің де, күйінесің де. Күлетінің: социализм бола ма, болмай ма, жақсы ма, жаман ба деген таластардың біздің елде дымы әлдеқашан өшкен. Социализм жасалған. Миллиондар орнатқан социализм қалай өсектесе де тырп етпейді. Жалғыз ұл атқа шапса, үйде отырған қамқор ана тақымын қысады. Мына жолдастың қамқорлығы сол сияқты. Бірақ, ана қамқорлығы зиянсыз, бұныкі зиянды.
«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді қазақ. Социализм жаңа дүние. Жаңа біткен үйдің де кемшілігі болмай тұрмайды. Кемшілік әрқилы: архитектураға байланысты ма, жоқ орындаушыларға байланысты ма? Бұл арасын айыра білу керек. Социализм архитектурасын — Маркс, Энгельс, Ленин сияқты данышпандар жасап, миллиондаған халықтың тәжірибесімен бекіген. Бұдан кемшілік табам деушілер тек өз кемшілігін ғана білдіреді. Егер, орындаушылардың кемшілігі болса, мысалы: көп колхоздың ішінде бір колхоз не бір өндірістің ішінде бір цех басқарушысы Бейсембайдың кесірінен жұмысты бүлдіріп отырса, оның құлағынан сүйреп жарық дүниеге алып шығу керек. Ол үшін социалистік система кінәлі емес, Бейсембай кінәлі. Бейсембайлардың кінәсін советке, социализмге арта беруге болады.
Тақырып жайындағы үшінші кемшілік салтқа айналып барады. Жазушы жолдастардың көпшілігі болғанды, оның ішінде көпке мәлімді жазып жүр. Дұрыс-ақ, жаза берсін. Ал, болашақты, азға мәлімді жазуға бола ма.
Бұған келгенде желкесін қасиды. Болашақтың, не азға мәлімнің элементі әлдеқайда шығармадан көріне кетсе, «өй, мынауыңды жұрт білмейді» деп, үрпие қалады. Бұл мүлде теріс ұғым. Социалистік реализм болғанды ғана емес, болғанға болашақты қосып арманды да көрсетеді. Бұның аты — социалистік романтика.
Сөйтіп, болашақты жазуды жазушылардың алдына түйінді мәселе етіп қойсам азға мәлімді елемеуді зиянды деп қатаң түрде қояр ем. Абайлаңыздаршы, ғылыми жаңалықтардың бәрі жерден көпке мәлім бола бермейді. Келешек көптің игілігі болғалы тұрған сол жаңалықтың әдемі кескіні шығарманың көркі емес пе? Оны суреттеп көптің алдына тарту, оған тез жетуге көпті шақыру қандай ардақты міндет! Бұны елемеу қып - қызыл зиян. Немесе, зұлымдық істеушілерді қараңыздаршы, халық ішінде олар мыңның не миллионның бірі ғана. Аз екен деп осымен күреспеуге бола ма? Аз да болса ол миллионның жанына батады.Ендеше, гәп тақырып оқиғасының аздығында, көптігінде, болған, болмағандығында емес, қоғамдық маңызында, келешегінде жатыр. Тақырып жайындағы төртінші кемшілік— жаңа мен ескіні айыра алмаушылық. Жаңа тақырыпқа көбірек жаз дейміз, оның қажеттігін мен жоғарыда айтып өттім. Бірақ шығарма жаңа тақырыпқа жазғанмен жаңа, ескі тақырыпқа жазғанмен ескі бола бермейді.Сондай - ақ бір кездегі прогрестік көрініс, уақыт өзгере реттесе боп қалатыны да болады. Бұны айыру үшін өз уақытысының биік тұрғысынан қарап, алыстағы алды-артын болжайтын қырағы көз керек.
Тай тартысының түрлі кезеңдерінде халқымыздың күресін көрсететін советтік тақырыпқа талай шығармалар жазылды. Ол шығармаларды сүйіп оқыдық. Әлі де оқимыз.Ол күрестерімізге табыстарымызға мақтанамыз, сүйсінеміз. Сөйте тұра егер бүгінгі шығармалар сол күнгі дәрежеде жазылса, прогресс емес, регресс дейміз. Шығарма — пьеса неғұрлым мазмұнды,идеясы жоғары келсе, солғұрлым өмірі ұзақ. Неғұрлым мазмұны әлсіз, идеясы төмен келсе, солғұрлым өмірі қысқа. Нашар тақырыпқа жазылған пьесалардың талайы өзінен өзі сахнадан шығып қалады. Соның себебі— алдымен мазмұнда, идеяда. Біз кейде «мына пьесаның іші жақсы, сырты жөндеу екен» дей саламыз. Менің осыған күмәнім бар. Дұрысында, іші нағыз жақсы болмасқа еркі жоқ.
Мазмұн мен түр ет пен терідей жабысып жатыр. Бірінен бірін айырып қарауға болмайды.
Ескі тақырыпқа жазылған пьесаларға да осы тұрғыдан қарау керек. «Жаманның жаңасынан, жақсының көнесі артық» деп қазекең тауып айтқан. Ескіге жаңа көзбен қарап, жоғары идеяда, күшті мазмұнда жазылған. «Еңлік—Кебек», «Қозы Көрпеш —Баян сұлу» сахнадан әлі түспей келеді. Гәп, ұзақ жасайтын идеяда, сусын қандыратын мазмұнда екенін осының өзі-ақ дәлелдеп тұр.
Мен жаңа тақырып жайындағы кемшіліктерге көбірек тоқтадым. Ескі тақырып жайындағы кемшіліктер одан да басым. Heгe екенім білмеймін, біздің Мұқаң мен Ғабит кездесер жер таппағандай, бір қыздың маңынан кездесе береді: «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш— Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты», «Еңлік — Кебек», «Айман — Шолпан»,. тіпті, «Абай» да осы қыздың маңынан көрінеді.
Адам тіршілігіне алдымен ұйқы, тамақ, жылы киім, жайлы баспана керек екенін Энгельс дәлелдеп кеткен. Ұйқы көзге тығылып, ішті аштық бұрап, жыртық көйлектен дене жылтылдап, арқаны аяз қысып тұрса, қыздың жігітке, жігіттің қызға қарарлық дәрмені бар ма? Өткен қауымдардың, оның ішінде жалшы - кедейдің драмасы да, трагедиясы да осы емес пе еді. Өткен өмірдің осы бір көлеңке жағында қалам тимеген талай-талай тың оқиғалар жатыр. Бір мезгіл соны неге жазбаймыз?
Сахнадан түспей жатқан пьесаларымыздың бәрі дерлік эпос материалдарынан алынған. Эпосқа, жаңа тақырыпқа жазған авторларымыз, тіпті, сол екі тақырыпқа бірдей жазған бір автордың өзі екі түрлі жағдайға,— бірі өте ауыр бірі өте жеңіл жағдайға кездесіп отырады.
Жаңа тақырыптың оқиғасын, образдарын автор түгелімен өзі жасайды. Тың айырған не соныдан жол салған тәрізді. Оны қабылдаушы көпшілік шетінен сыншы. Өйткені, көзімен көріп, қолымен жасаған өмірі. Автордың аяғын қия басқызбайды, бұлар оның басындағы өзгеше қиын жағдай.
Эпостың оқиғасын, образдарын өткен қауым ертеде өзі жасап кеткен. Автор тек ескірген жерін өзгертіп, жанынан қосып жаңартып, сахнаға лайықтайды. Соның өзінде келіспей тұрған жері болса, қараушы кеп қанына сіңген сарынмен өзі түзеп, оймен толықтырып отырады. Бұл авторға үлкен көмек, оңай абырой. Бірақ осымен қабат өте қиын жағы да бар. Көрмеген, өткен өмір түгілі, күнде көріп, қолмен жасап жүрген өмірдің тұлғасын беру қиын боп отырғанда, өткен дәуірдің тілін, мінезін, салтын, толып жатқан өзгешелігін табу, әр жазушының шамасынан келе бермейді. Жұрт жаңа тақырып аз жазылды деп қомсынса, мен осы ескі тақырып, мұңы кеп сұр өмір алыстап барады, бүгінгі жарқын елдің көзіне түспей қала ма деп қорқам. Егер, көзіне түсіре алсақ, социалистік өмірдің қадірін бүгінгі жас қауым бұдан да артық бағалар еді деп қуанам.
Тақырып жайындағы бесінші кемшілік — жанрға байланысты. Бізде бүгінгі өмірден жазылған трагедия жоқ.Комедия жоқтың қасы. Қайсыбір жолдастардың ойынша, трагедия, комедия жазуға болмайтын сияқты. Біздің бейбітшілік тұрмыста қайғылы-қанды, келемежді оқиға бар ма, жаман адам бар ма, жетпейтін арман бар ма дегісі келеді. Бұл өте аса қарап, аяқ астын көрмеушілік.
Таяуда екі артист білімдерін салыстырып отырып, бірі:
—Мен Шотаны оқыдым — десе екіншісі:
—Өзіміз Шотанды әлдеқашан оқығанбыз, енді Руставелиді оқып жатырмын,—депті. Осының өзінде үлкен комедия жатқан жоқ па? Әлі күнге құдайға жалбарынатындар, жын – шайтанға нанатындар, осы күнгі шолақ саудагерлердің қалі, ерлі – зайыптың маңындағы, жеке тұрмыстағы ескілік қалдықтары комедияға таптырмайтын арқау емес пе? Күлерлік нәрсе көп. Күлдіруші жоқ. Күлумен де қыңыр адамды түзеуге болатынын бағаламаймыз. Шығарманың түпкі мақсаты адам жанын тәрбиелеу десек, күліп те, қорқытып та,жақсылыққа қызықтырып та, жамандықтан түңілдіріп те тәрбиелеуге болады. Тәрбие құралдарын тегіс пайдаланып, адам жанын ескі кірден арылта білейік. Трагедия да бізге мода үшін емес, тәрбие үшін қажет.Адамды ылғи мақсатына жеткізе беру шындыққа жатпайды. Ұлы мақсаттың, ұлы арманның жолында өле білуге де үйрету керек. Француздардың классикалық трагедиясы аристократтар үшін болса, біздікі халық үшін, ұлы арман үшін, болады. Сондықтан трагедия деген атынан қорықпау керек. Аспан әлемін бағындыруда, солтүстіктегі мұзды мұхитты бағындыруда ой жетпегенде ісі жеткен ерлер аз ба бізде? Сол жолда мерт болғандар жоқ па бізде? Кешегі соғыста Отанның қорғап шейіт кеткен ерлердің әлемді таңғалдырған ісі қайда? Трагедия оқиғасын тіпті өзіміздің Арал балықшыларынан да, Бетпақдаланы зерттеушілерден де табуға болады. Халықты ұлы арманның жолында жанын қиған, ұлы ерлердің образын жасау міндет қана емес мақтан. Үлкен тәрбие.
Мен жаңа тақырыпқа жазу жайында, өскелең еліміздің алда тұрған тілегі турасында көбірек айттым. Жаңа тақырыпқа жазылған бірнеше пьесалардың атын атап, жалпы қандай дәрежеде тұрғанын да көрсете кеттім. Енді солардың, бірнешеуіне айрықша тоқтап, жасалған адам образдарын оқиғаны меңгеру қабілеттерін байқап өтейік.
«Түнгі сарын» туралы. Бұл Мұхтардың он алтыншы жылғы халық-азаттық көтерілісі жайында жазылған пьесасы. Бұл пьеса туралы бұдан бұрын да әрқилы пікірлер айтылып жүрді. Бас геройы Жантас образы шықпады дегенге сыншылардың көбі-ақ қол қойған сияқты еді. Менің осыған шәгім бар.
Халық көтерілісін бастаған геройдың, образын сөз қылмастан бұрын, сол көтерілістің сырын ашып алу керек. Сонда ғана геройға дұрыс баға беруге болады. Егер он алтыншы жылғы көтерілісті революциялық сана бастаған көтеріліс еді десек, Жантастың олқы герой екені рас. Жоқ, стихиялық көтеріліс еді десек, Жантас олқы емес — шыққан образ. Мен осының соңғысын қуаттаймын. Себебі: он алтыншы жылдың көтерілісі — стихиялық көтеріліс. Патша өкіметінен, өзінің бай-жуандарынан зорлық-зомбылық, қанау-талаудың талайын көріп, шыңына жеткен халық, қара жұмысқа шақырған патша жарлығын желкеге төнген көк семсермен бірдей көрді. Сондықтан, әу дескендей, бір ауыздан команда берілгендей қазақ даласындағы көтерілістер бірден лап етті. Бірақ дүлей күш қанша айбарлы, қанша құдіретті болса да, дегеніне жете алған жоқ. Патша өкіметі қан ағызып, ақыры жарлығын орындап тынды. «Түнгі сарын» бір жағынан — халықтың сондағы қаһарлы сұрын көрсетсе, екінші жағынан — алдын ала жөн сілтер саналы басшылығы болмағанын да көрсетті. Бұл тарихи шындық. Олай болса Жантас сол шындықтың айғағы. Егер геройдың аты Жантас болмай, Аманкелді болса, шықпаған образ дер едім. Өйт