Миниатюра
Миниатюра (франц. mіnіature, лат. mіnіum – бояу, сурик) – 1) Бейнелеу өнерінде – бояуларды түсірудің өзіндік мәнері бар шағын туындылар тобы. Алғашында гуашпен, т.б. түрлі-түсті (акварель) бояулармен қолжазба кітаптардың суреттерін, адамның аты-жөнін, кітап жиектерін көркемдеуді М. деп атаған. М-ның атауы кейін сүйекке, пергаментке, картон қағазына, қарапайым қағазға, металға, фарфорға, ішінара тұрмыстық заттарға салынатын бейнелеу өнерінің шағын форматты жанрына көшті. Ежелгі мысыр дәуірінен бастап ортағасырлық қолжазбалардың (манускрипт) басқы әрпі немесе алғашқы жолдары суретті өрнектермен көмкеріліп, қызыл бояумен жазылатын болған, содан М. атауы шыққан. Кейін кіші көлемде жазылған, суреттелген, бейнеленген барлық зат М-лық шығарма деп аталған. М. әсіресе бейнелеу өнерінде жақсы дамып, негізінен, кескіндемелік және график. болып екі түрге бөлінді. Кескіндемелік М. түрлі бояулармен (майлы бояу, гуашь, акварель, т.б.) орындалады (кейде желімді бояумен салынады). М-ның бұл түріне түрлі-түсті суреттермен көркемделген әсем қолжазба беттері жатады. Кітап М-сы ежелгі Мысыр, көне Үнді, парсы өнерінен белгілі. Ең көне М-ның біріне Жаңа патшалық дәуірінде папирусқа қаламұш арқылы бояумен салынған “Өлілер кітабы”, Гомердің “Илиадасы” (шамамен б.з. 500 ж., Милан, Амброзиан кітапханасы) жатады. Орта ғасырларда араб М. мектептерінің бастылары Сирия, Ирак мектептері болды. 10 – 16 ғ-ларда М. Иран, Үндістан, Ауғанстан және Орта Азияда ерекше дамыды. Герат, Тебриз, Исфаһан мектептері және өзіндік қолтаңбасы бар Моғол мектебі адамзат өркениетіне үлкен үлес қосты. Иранда (10 – 16 ғ-лар) портреттік, Үндістанда (“Бабырнама”, “Шахнама”) тарихи-қаһармандық және анималистік жанр (Моғол мектебі) бой көрсетті. Иран портреттік М-сының ықпалы Еуропаға тарады. 19 ғ-дың ортасынан бастап фотосуреттің пайда болуына байланысты портреттік М. өз мәнін жойды. Қазақстанның бейнелеу өнерінде М. кітап графикасы саласында жақсы дамыды. Мыс., Е.Сидоркин (“Қазақ эпосына” жасаған илл., 1961, линогравюра; “Қазақтың ұлттық ойындары”, 1963, автолитография; “Қырғыз ертегілеріне” жасаған илл., 1965, автолитография), К.Исабаев (“Той”, “Қымбат мұра” сериясынан, 1968, офорт; “Жеңіс”, “Қобыланды батыр” сериясынан, 1979, түрлі-түсті автолитография), Қ.Төреқұлов (М.Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясына жасаған илл., 1976, цинкография), т.б.
2) әдебиетте – көлемі шағын, құрылысы күрделі, мазмұны бай, ойы тұжырымды көркем шығарма. М. шағын жанрлар түрінде жазылады. Мыс., Омар айямның рубаяттары, А.С. Пушкиннің “Чаадаевтың портретіне”, Абайдың “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да” өлеңдері, Б.Майлиннің “Айранбай”, “Талақ” әңгімелері және “Неке қияр”, “Келін мен шешей” пьесалары, Ш.Хұсайыновтың “Құлпырма тон” пьесасы, т.б.
3) музыкада – шағын көлемді музыкалық шығарма. Аспаптық және вокалдық түрлері бар. Тізбекті жанрлық топтамалары жиі қолданылады.
Әдеб.: Власов В.Г., Иллюс-трированный художественный словарь, СПб., 1993; Каменева Е., Кемпірқосақтың түсі қандай, А., 1981; Моде Х., Өнердің ықшам тарихы (Искусство южной и Юго-Восточной Азии), А., 1991.
Ә. Төлебиев