Тазабағияб мәдениеті
Тазабағияб мәдениеті – Аралдың оңтүстігіндегі Әмудария сағасын мекендеген тайпалардың қола дәуіріндегі мәдениеті (біздің заманымыздан 2-мыңжылдықтың ортасы – біздің заманымыздан 1-мыңжылдық). 1938 жылы Хорезм археологиялық экспедициясы (жетекшісі С.П. Толстов) зерттеу барысында алғашқы ескерткіштері ашылды. Қоныстары мен зираттарын Толстов, М.А. Итина, т.б. зерттеді. Ангка-5, Кават-3, Кокча-15, Кокча-16 қоныстарында жүргізілген қазбалар тұрғындардың үй салу дәстүрлерін, мекенжайларының таралу топографиясын анықтауға мүмкіндік берді. Халқы ескі арналардың алқаптарында су бойларына таяу жерлерге қоныстанған. Үйлердің орташа ауданы 100 м², жеркепе түрінде салынған. Жер үстіндегі екі қанатты шатырлары бөлменің ортасындағы ірі бағаналарға тірелген. Оңтүстік Қазақстан, Орта Азия тұрғындарының осы күнге дейін сақталып отырған кейбір үй салу дәстүріндегі ерекшеліктері Тазабағияб мәдениеті қоныстарынан байқалады. Мәселен, Кокча-15, Кокча-16 қоныстарындағы үйлерді айван, сөре сияқты элементтермен толықтырған. Мұндағы төртбұрыш пішіндес, аласа қабырғалары ағаштан тұрғызылып, қамыспен өріліп, балшықпен салынған үйлердің есігі оңтүстік кейде шығыс жақтан шығарылған. Үйдің кіре беріс алдындағы дөңгелек айваны есікпен ені жіңішкелеу келген ұзынша дәліз арқылы жалғасады. Адамдар тынығатын сөре іргелерді бойлай салынған, олардың жалпақтығы 2,5 – 20 см. Кокча-3 зиратынан барлығы 100-ден астам қабірдің 74-і қазылған. Біздің заманымыздан 1-мыңжылдықтың 2-жартысына қарай Тазабағияб мәдениеті дамуы тоқтап, тайпалары басқа археологиялық мәдениеттің, яғни басқа этностық топтың құрамына кірді. Тазабағияб мәдениет тайпалары мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысқан. Суару жүйелері мен егістік орындары қоныстар маңына орналасқан. Заттай деректердің негізгі тобын қыш ыдыстар құрайды, көптеген шаруашылық-тұрмыстық бұйымдар, түрлі әшекейлер табылған. Мәдениеттің даму жолдары, әсіресе, оның қалыптасуы мен шығу тегінің ерекшеліктері Еуразияның далалық қола мәдениеттерін зерттеудегі өзекті, күрделі мәселелерге жатады. Тазабағияб тайпаларының материалдық мәдениеті бірнеше өлкелік және мәдени ағымдардың бір арнаға тоғысуын көрсететін құбылыс. Қыш ыдыс, қола білезік, т.б. түрлі бұйымдардың сипатына қарағанда тұрғындары бұл алқаптарға солтүстіктен келіп қоныстанған. Ең алдымен Орталық Қазақстанның андрон және беғазы-дәндібай мәдениеттерінің аса үлкен ықпалы бар. Батыс Қазақстанға тән Қима мәдениетінің нышандары араласқан. Оңтүстіктен, Орта Азия мәдениеттерінен келген ықпалдар да бой көрсетеді. Бұлардың ішінде андрон мен беғазылық желі шешуші болғандықтан, ғалымдар Тазабағияб мәдениетінің негізін қалаған тайпалар Ақшадарияның оңтүстік сағасындағы алқаптарға біздің заманымыздан 15 – 14 ғасырларда солтүстіктен келіп қоныстанған деген пікірді ұстанады. А.И. Тереножкин, Ю.А. Заднепровский, Н.Г. Горбунова, А.Асқаров сияқты ғалымдар Тазабағияб мәдениетін үлкен андрон мәдениетінің жергілікті ерекшеліктерді бойына сіңірген ортаазиялық бір нұсқасы деп санады.