Жаңалықтар

Конвейерде күй мығым

  Конвейерде күй мығым   Механиканы аттай айдап, мерзімді мінгіш етіп алған 20-шы сияқты шахталарда буын-буын машина, түйін-түйін тетіктер көп. Егер "Қарағанды қазір қандай?" деп сұрар болса, қалың Қарағандыны айтпай тұрып, жалғыз ғана сол 20-шы шахтаның бірінші шығыс лавасындағы бір ғана конвейер күйін айтар ең. Өзге лавалар сияқты мұның да үлкен тетігі "лықсымы конвейер" — рештак болады. Осы рештакта өзгеше бір өнегелі мінез бар. Егер дамылсыз сілкініп, үздіксіз өнім айдап тұрған ырғағына әлдеқалай аз уақыт көмір түспей қалса, рештак шұғыл өзгере бастайды. Тар лаваның ішін даңғаза қып, тарсыл-күрсіл үнге басады. Арқа бойы аза боп "ал күректі, сал көмірді" деп, бол-бол қаққандай. Істе күткен порожняк пен электровоз, тыста күткен вагондар бар, баршасынан бұл қысылған тәрізді. Солардың атынан, бөгеліске наразылық көрсетеді. Қатқыл үнге басып, қарбаласқан шағында ұялғаннан даурыққан сияқты. Ал көмір қаулап, жотасына жүк түссе, тілегенін тапқандай, аңсағанын алғандай өз ырғағын қайта табады. Ендігісі, дабыры аз, дамылы жоқ, дәмді қимыл. Толы жота, тоқмейіл рештак енді мағыналы ырғақ табады. Лықсып "тақ-тұқ" екшеп, "тақ-тұқ" етуімен өзінің айнымас әніне басады. Мынау үні құр "тарс-тұрс" емес, ырғағында сөзі бардай. "Еңбек — өрнек, өнбек — еңбек" деп лықсыған сияқты. Рештак, міне, осындай мағыналы да саналы қайраткер. "Бөгеліс болмай, бөксере қимыл етейік" дейді рештак.   Қазіргі күндерде, халық қажыры сан салада, әр сәтте, Отан үшін қан қайратын, ой өмірін түгел жұмсап отырған шақта жаңағы конвейер де халық үніне басым күйін қосып тұр. Сенімді салмақпен көп көмірдің үздіксіз өзенін аял қылмай ағызып, жөнелтіп жатыр.   Бүгінгі серпінді еңбек күнінде бір рештак емес, бар Қарағанды қазаны да сол жүйесі мығым мол конвейердей сезіледі. Қайнар еңбек төріндей. Бұл күндерде сөз сараң, іс мығым. Сөздің аты — уәделі цифр. Сменаның сыны саннан тыс, нормадан асқан көмір.   Бар шахта, бар учаске, бар лавада бүгінгі еңбек ашумен суарылған. Әрбір артық тонна жау жарағын өртесін, әрбір артық вагон Отанның берік қорғанын бекем ете түссін деп арнайды. Намыс пен ыза, әр бригаданың лаваға түсер шағындағы қолға ұстап түсер шамындай. Алдындағы мақсатын айқын танытады. Әр білекке күш құяды. Шахта ерлерінің ашуы, жалтыр жақпар көмірге бұлжымастан "қарш" деп кіретін электр бұрғы пішіндес... Тар лавада тарс беріп атылып, көмір дөңесін төңкере тастап жатқан запал тәріздес... Үлкен ашуда сөз аз. Өнімді күште даурық аз. Кернеген ашу, кенет взрыв боп атылған сайын рештак бойы жал-жал көмір болады... Жүректен білекке құйылған қайратты ашу навалоотбойщиктердің күректерін сілтетеді...   Механикалы шахталардың бәрінде қолмен істелетін жалғыз үлкен қимыл бар. Ол — осы күрекші-навалоотбойщиктер ісі. Рештак осылармен, бұлар рештакпен біте қайнаған. Тар лавада тайталас. Қажу білмес қатты қолда шапшаң күрек жарқылдайды. Құлаған кеннің жалына қарыш-қарыш кіріп, көміле көмір асап шығып, конвейер жонын тоғайтып тұрады. Ұлы Отанның шегінде жаудың алғашқы пулеметі батырлап, алғашқы зеңбірегі доп атқан шақта, Вячеслав Михайлович үні келгенде, Қарағанды лавалары да ел ашуымен жаңғырыққан еді. Содан бері еңбек конвейері күйінен жаңылған жоқ. Шахта ерлері екілене еңбек етіп өрге басты. Өздері ғана емес, одақтың үшінші кен қазаны Қарағандыны да тегіс тұтас бойымен өр табысқа бастырды. Қажымас қайраткер рештакпен біте қайнап, иық сүйесіп істейтін әлденеше еңбек ерлері бар. Олар өздерінен Отан күткен екпінді жалғыз соғыс уағында бастаған емес. Жырдай жарқын, астам күшті ілгеріден-ақ дәйімі дәстүр қып келе жатқан. Соңғы жылдар бар Қарағанды шахталарына аты әйгілі боп шыққан Құсайын Сатов, Катков, Митрофанов, Пенкин сияқты кеннен шыққан көп батыр бар. Осы аталған төрт кісінің барлық шахтерлерге жетекші болған бір жарысы өзгеше аталады. Мұны Қарағандыдағы қайрат легендасы десе көп емес. Ең әуел, жеке кісі нормасы 12,5 тонна боп тұрған күнде, Құсайын өзгеден үздік озып барып 50 тонна береді. Төрт жүз проценттей. Біраз уақыт осы цифр көп алдындағы көмбедей, бәйге кезеңдей болады. Мұның аты, бар Қарағанды "басым" деп таныған, мақтаулы рекорд еді. Бірақ біздің табыс алдыңғыға жетіп тоқтау емес, оза шабу. Сондықтан аз ғана уақыт ішінде Құсайын рекордын Митрофанов кеп жеңіп өтеді. Ол 57 тонна береді. Ендігі рекорд осынікі еді. Жалғыз-ақ ол сан да үлкен өріс боп тұрақтамайды. Аз уақыт ішінде Пенкин келіп бұдан асып түсіп, 67 тонна деген бел көрсетеді... Осы кезекте алғашқы үлкен өнім берген Құсайын өз рекордымен өзгелердің жаңа рекордтарын тегіс басып озбақ боп, қайта қайрат сілтейді. Бәрінен де асып түсіп 77 тонна беріп шығып, қазіргі Қарағандының ең жаңа рекордын атап отыр. Тудай толқыған, "мен мұндалап", асқындап тұрған әсем қарқын. Міні, Отанның барлық халық шаруасы алдында Қарағанды қарызын ерше түсініп, батырдай батпан қимыл көрсетіп тұрған азаматтар осындай. "Еңбегім елім үшін" деген үлкен санадан туған өктем қайрат. Құсайын қимылы жалғыз бұл емес. Оның өзгеше шыққан тағы бір ісі бар. Сөткенің ішінде арасына жік салмай, тыным алмай, екі сменаны бірге істеп шыққан күні де бар. Алғаш түскенде түнгі сменада 354 процент өнім беріп шығады да, жаңа норма, жаңа өнімді көп атынан қостап келіп, қолма-қол қайта түседі. Тағы да толық смена, жиыны 16 сағат талмай тартып шығады. Соңғы сменада ешкім олқы емес. Төс табандаған стахановшының тың-тұяқ күйде беретін мақтаулы өнімін тағы беріп, 315 процент орындап шығады. Жалғыз Құсайын, Митрофановтар емес. Озған шахтаның өктем тобының ішінде, соғыс жарияланғаннан бері орасан қайрат көрсетіп келе жатқан 5-учаске бар. Ел ерлігі, еңбек ерлігі сынға түскен күндерде, учаске бастығы Николаев айнымай өрге басып келеді. Қарағандының қай шахтасын алсаң да, қай күн сынап келсе де қасқая жауап бере алады. Түсіп Күзембаевтың өзімен бірге көп жасасқан, көп кезеңде өктеп шыққан, сай тасындай атпал шахтерлері бар2. Олардың бәйгелі бірінші шахтасы әрдайым бөлекше есеппен шығады. Жарты жылдың планы бұларда мерзімінен көп бұрын біткен. Отан жауына қарсы олар жауабы артықша есеппен жөнелтетін талай мың тонна кокс көмірі. Бұл уәдесін ол шахта ең алғаш соғыс басталған күндерде айтты, айтып қана қойған жоқ, орындап келеді. Кенжелеп келген шахтаның бірі Калинин шахтасы болса, соңғы күндер оның да омырауы осал емес. Қарыз толтыру ғана емес. Осы айдың өзінде пәлен мың тонна артық беру қатты ұстаған серттері. 1932 жылдан бері шахтада істеген бұрынғы забойщик, бүгінгі төртінші учаске начальнигі Рысбаев Темірғалиды қазіргі күндерде үнемі шахта ішінде көресің.   Бар шахтада жауға жауап өніммен айтылады. Талай тілдің ішіндегі ең сенімді, ең шешен тіл, ең әсем тіл осы еді. №18 шахта соғыс басталғаннан бері өнімді ылғи артығымен асырып, орындап келеді. Отан қорғау деген арнаулы күндерде №20 шахта дағдыдан, нормадан тыс 400 тонна көмір берді. Қалысқан шахта жоқ. Әншейінде әралуан себеппен кейіндеп, қарыздар боп келе жатқан №31 шахта да намыс, жігер сыналған күндерде нормасын толық ада ғып шығып отыр. Жеке бригадир, жеке шахтерлерді алсақ, майданға, майдандағы Отан ерлеріне деген дос жүрегін әр минуттағы жігермен танытады.   Жиырмасыншы, бірінші сияқты шахталардың директорлары Мельник, Күзембаевтардан бастап, жеке курьер, көшірлерге дейін, қақпашы охранға дейін жұмылған тұтас бір желіні көресің. Қарағанды қайраткерлеріне поэзия сәлемін әкелген қарт ақыннан бастап, пионерге шейін, барлық шахта жұртшылығы бір кеудеден тыныс алып, жауға деген бір ғана улы жиренішті баян етеді. Жиреніш жігер үшін жігер, Отан қайраты үшін, жау жұлынын қырқу үшін оқталған. Міне, бүгінгі Қарағанды осындай құрсаулы бір батпан күш. Қарағанды рештагы ырза қылар ырғағынан айнымайды. Конвейерде күй мығым.   Мұхтар Әуезов
04.12.2012 08:56 3916

 

Конвейерде күй мығым

 

Механиканы аттай айдап, мерзімді мінгіш етіп алған 20-шы сияқты шахталарда буын-буын машина, түйін-түйін тетіктер көп. Егер "Қарағанды қазір қандай?" деп сұрар болса, қалың Қарағандыны айтпай тұрып, жалғыз ғана сол 20-шы шахтаның бірінші шығыс лавасындағы бір ғана конвейер күйін айтар ең. Өзге лавалар сияқты мұның да үлкен тетігі "лықсымы конвейер" — рештак болады. Осы рештакта өзгеше бір өнегелі мінез бар. Егер дамылсыз сілкініп, үздіксіз өнім айдап тұрған ырғағына әлдеқалай аз уақыт көмір түспей қалса, рештак шұғыл өзгере бастайды. Тар лаваның ішін даңғаза қып, тарсыл-күрсіл үнге басады. Арқа бойы аза боп "ал күректі, сал көмірді" деп, бол-бол қаққандай. Істе күткен порожняк пен электровоз, тыста күткен вагондар бар, баршасынан бұл қысылған тәрізді. Солардың атынан, бөгеліске наразылық көрсетеді. Қатқыл үнге басып, қарбаласқан шағында ұялғаннан даурыққан сияқты. Ал көмір қаулап, жотасына жүк түссе, тілегенін тапқандай, аңсағанын алғандай өз ырғағын қайта табады. Ендігісі, дабыры аз, дамылы жоқ, дәмді қимыл. Толы жота, тоқмейіл рештак енді мағыналы ырғақ табады. Лықсып "тақ-тұқ" екшеп, "тақ-тұқ" етуімен өзінің айнымас әніне басады. Мынау үні құр "тарс-тұрс" емес, ырғағында сөзі бардай. "Еңбек — өрнек, өнбек — еңбек" деп лықсыған сияқты. Рештак, міне, осындай мағыналы да саналы қайраткер. "Бөгеліс болмай, бөксере қимыл етейік" дейді рештак.

 

Қазіргі күндерде, халық қажыры сан салада, әр сәтте, Отан үшін қан қайратын, ой өмірін түгел жұмсап отырған шақта жаңағы конвейер де халық үніне басым күйін қосып тұр. Сенімді салмақпен көп көмірдің үздіксіз өзенін аял қылмай ағызып, жөнелтіп жатыр.

 

Бүгінгі серпінді еңбек күнінде бір рештак емес, бар Қарағанды қазаны да сол жүйесі мығым мол конвейердей сезіледі. Қайнар еңбек төріндей. Бұл күндерде сөз сараң, іс мығым. Сөздің аты — уәделі цифр. Сменаның сыны саннан тыс, нормадан асқан көмір.

 

Бар шахта, бар учаске, бар лавада бүгінгі еңбек ашумен суарылған. Әрбір артық тонна жау жарағын өртесін, әрбір артық вагон Отанның берік қорғанын бекем ете түссін деп арнайды. Намыс пен ыза, әр бригаданың лаваға түсер шағындағы қолға ұстап түсер шамындай. Алдындағы мақсатын айқын танытады. Әр білекке күш құяды. Шахта ерлерінің ашуы, жалтыр жақпар көмірге бұлжымастан "қарш" деп кіретін электр бұрғы пішіндес... Тар лавада тарс беріп атылып, көмір дөңесін төңкере тастап жатқан запал тәріздес... Үлкен ашуда сөз аз. Өнімді күште даурық аз. Кернеген ашу, кенет взрыв боп атылған сайын рештак бойы жал-жал көмір болады... Жүректен білекке құйылған қайратты ашу навалоотбойщиктердің күректерін сілтетеді...

 

Механикалы шахталардың бәрінде қолмен істелетін жалғыз үлкен қимыл бар. Ол — осы күрекші-навалоотбойщиктер ісі. Рештак осылармен, бұлар рештакпен біте қайнаған. Тар лавада тайталас. Қажу білмес қатты қолда шапшаң күрек жарқылдайды. Құлаған кеннің жалына қарыш-қарыш кіріп, көміле көмір асап шығып, конвейер жонын тоғайтып тұрады.

Ұлы Отанның шегінде жаудың алғашқы пулеметі батырлап, алғашқы зеңбірегі доп атқан шақта, Вячеслав Михайлович үні келгенде, Қарағанды лавалары да ел ашуымен жаңғырыққан еді. Содан бері еңбек конвейері күйінен жаңылған жоқ. Шахта ерлері екілене еңбек етіп өрге басты. Өздері ғана емес, одақтың үшінші кен қазаны Қарағандыны да тегіс тұтас бойымен өр табысқа бастырды. Қажымас қайраткер рештакпен біте қайнап, иық сүйесіп істейтін әлденеше еңбек ерлері бар. Олар өздерінен Отан күткен екпінді жалғыз соғыс уағында бастаған емес. Жырдай жарқын, астам күшті ілгеріден-ақ дәйімі дәстүр қып келе жатқан. Соңғы жылдар бар Қарағанды шахталарына аты әйгілі боп шыққан Құсайын Сатов, Катков, Митрофанов, Пенкин сияқты кеннен шыққан көп батыр бар. Осы аталған төрт кісінің барлық шахтерлерге жетекші болған бір жарысы өзгеше аталады. Мұны Қарағандыдағы қайрат легендасы десе көп емес. Ең әуел, жеке кісі нормасы 12,5 тонна боп тұрған күнде, Құсайын өзгеден үздік озып барып 50 тонна береді. Төрт жүз проценттей. Біраз уақыт осы цифр көп алдындағы көмбедей, бәйге кезеңдей болады. Мұның аты, бар Қарағанды "басым" деп таныған, мақтаулы рекорд еді. Бірақ біздің табыс алдыңғыға жетіп тоқтау емес, оза шабу. Сондықтан аз ғана уақыт ішінде Құсайын рекордын Митрофанов кеп жеңіп өтеді. Ол 57 тонна береді. Ендігі рекорд осынікі еді. Жалғыз-ақ ол сан да үлкен өріс боп тұрақтамайды. Аз уақыт ішінде Пенкин келіп бұдан асып түсіп, 67 тонна деген бел көрсетеді... Осы кезекте алғашқы үлкен өнім берген Құсайын өз рекордымен өзгелердің жаңа рекордтарын тегіс басып озбақ боп, қайта қайрат сілтейді. Бәрінен де асып түсіп 77 тонна беріп шығып, қазіргі Қарағандының ең жаңа рекордын атап отыр. Тудай толқыған, "мен мұндалап", асқындап тұрған әсем қарқын. Міні, Отанның барлық халық шаруасы алдында Қарағанды қарызын ерше түсініп, батырдай батпан қимыл көрсетіп тұрған азаматтар осындай. "Еңбегім елім үшін" деген үлкен санадан туған өктем қайрат. Құсайын қимылы жалғыз бұл емес. Оның өзгеше шыққан тағы бір ісі бар. Сөткенің ішінде арасына жік салмай, тыным алмай, екі сменаны бірге істеп шыққан күні де бар. Алғаш түскенде түнгі сменада 354 процент өнім беріп шығады да, жаңа норма, жаңа өнімді көп атынан қостап келіп, қолма-қол қайта түседі. Тағы да толық смена, жиыны 16 сағат талмай тартып шығады. Соңғы сменада ешкім олқы емес. Төс табандаған стахановшының тың-тұяқ күйде беретін мақтаулы өнімін тағы беріп, 315 процент орындап шығады. Жалғыз Құсайын, Митрофановтар емес. Озған шахтаның өктем тобының ішінде, соғыс жарияланғаннан бері орасан қайрат көрсетіп келе жатқан 5-учаске бар. Ел ерлігі, еңбек ерлігі сынға түскен күндерде, учаске бастығы Николаев айнымай өрге басып келеді. Қарағандының қай шахтасын алсаң да, қай күн сынап келсе де қасқая жауап бере алады. Түсіп Күзембаевтың өзімен бірге көп жасасқан, көп кезеңде өктеп шыққан, сай тасындай атпал шахтерлері бар2. Олардың бәйгелі бірінші шахтасы әрдайым бөлекше есеппен шығады. Жарты жылдың планы бұларда мерзімінен көп бұрын біткен. Отан жауына қарсы олар жауабы артықша есеппен жөнелтетін талай мың тонна кокс көмірі. Бұл уәдесін ол шахта ең алғаш соғыс басталған күндерде айтты, айтып қана қойған жоқ, орындап келеді. Кенжелеп келген шахтаның бірі Калинин шахтасы болса, соңғы күндер оның да омырауы осал емес. Қарыз толтыру ғана емес. Осы айдың өзінде пәлен мың тонна артық беру қатты ұстаған серттері. 1932 жылдан бері шахтада істеген бұрынғы забойщик, бүгінгі төртінші учаске начальнигі Рысбаев Темірғалиды қазіргі күндерде үнемі шахта ішінде көресің.

 

Бар шахтада жауға жауап өніммен айтылады. Талай тілдің ішіндегі ең сенімді, ең шешен тіл, ең әсем тіл осы еді. №18 шахта соғыс басталғаннан бері өнімді ылғи артығымен асырып, орындап келеді. Отан қорғау деген арнаулы күндерде №20 шахта дағдыдан, нормадан тыс 400 тонна көмір берді. Қалысқан шахта жоқ. Әншейінде әралуан себеппен кейіндеп, қарыздар боп келе жатқан №31 шахта да намыс, жігер сыналған күндерде нормасын толық ада ғып шығып отыр. Жеке бригадир, жеке шахтерлерді алсақ, майданға, майдандағы Отан ерлеріне деген дос жүрегін әр минуттағы жігермен танытады.

 

Жиырмасыншы, бірінші сияқты шахталардың директорлары Мельник, Күзембаевтардан бастап, жеке курьер, көшірлерге дейін, қақпашы охранға дейін жұмылған тұтас бір желіні көресің. Қарағанды қайраткерлеріне поэзия сәлемін әкелген қарт ақыннан бастап, пионерге шейін, барлық шахта жұртшылығы бір кеудеден тыныс алып, жауға деген бір ғана улы жиренішті баян етеді. Жиреніш жігер үшін жігер, Отан қайраты үшін, жау жұлынын қырқу үшін оқталған. Міне, бүгінгі Қарағанды осындай құрсаулы бір батпан күш. Қарағанды рештагы ырза қылар ырғағынан айнымайды. Конвейерде күй мығым.

 

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға