Микроорганизмдер
Микроорганизмдер, микробтар – тек қана микроскоппен көруге болатын өте ұсақ организмдер. Бұларды алғаш рет 17 ғ-да голланд ғалымы А.В. Левенгук ашқан. М. арасында прокариоттар және эукариоттар тобына жататындары бар. Кейде М-ге вирустарды да жатқызады. М. мөлшері жағынан тым ұсақ болғандықтан, оларды табиғи субстраттардан оқшаулап алуда (таза дақыл күйінде), өсіруде және зерттеуде ерекше тәсілдерді қолдауды қажет етеді. М-ді зерттейтін ғылым саласы – микробиология. М-дің басым көпшілігі бір клеткалы организмдер. Олар, көбінесе, қарапайым бөліну арқылы тез көбейеді. Көп клеткалы организмдерге тән өте күрделі жынысты көбею процессі бұлардың көбінде болмайды. М. физиол. және биохим. қасиеттері жағынан әр түрлі. Олардың кейбіреулері басқа организмдер өніп-өсе алмайтын ортада тіршілік етуге бейімделген. Мыс., 70 – 105ӘС ыстықта, жоғары деңгейдегі радиацияда және концентрациясы өте күшті қышқылды (pH<1,0) немесе сілтілі (рН 9,0 болатын, кейде одан да жоғары) орталарда, NaCl-дың жоғары концентрациясында (25 – 30%), оттек жоқ жерде (анаэробты жағдайда) тіршілік ете алатын М. белгілі. Олар өте төмен темп-рада да, құрғақшылық ортада да көбейе алады. Кейбір бактериялар мен балдырлар өз клеткасына қажетті барлық заттарды синтездеу үшін СО2-ні пайдаланады, бұларды автотрофтар деп атайды (қ. Автотрофты организмдер). Бұлардың ішіндегі кейбіреулері (мыс., сүт қышқылы бактериялары және қарапайымдылар) өздерінің дамуына қажетті өсу факторларын, яғни дайын витаминдер, амин қышқылдары немесе т.б. органик. заттарды өздері синтездей алмайды. Мұндай М-ді – ауксотрофтар деп атайды. Көптеген М. өте күрделі органик. қосылыстарын (белоктар, көмірсулары, соның ішінде целлюлоза, липидтер, нуклеин қышқылдары, көмірсутектері) ыдыратса, кейбіреуі адамдарды және жануарларды уландыратын (метанол, көміртотығы, күкіртсутек, нитриттер) заттарды пайдалана алады, ал кейбір түрлері табиғи емес қосылыстарды ыдырата алады (ксенобиотиктер). М. табиғатта – топырақта, суда, ауада кең таралған, биосферадағы зат айналымына белсене қатысады. М. фотосинтез процесі кезінде түрлі қосылыстардың минералдануына жағдай туғызып, атмосферадағы СО2¬¬ қорының болуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ топырақ пен ауаға бірқатар биогендік элементтерді қайтарады. М. ауадағы молек. азотты сіңіруге де (азотфиксация) белсене қатысады. Тау жыныстары мен топырақ түзілу процесін ыдыратып, кейбір пайдалы қазбалардың (мыс., сульфидтер мен күкірт) түзілуіне әсер етеді. М-дің практикалық маңызы зор. Олардың көпшілігі өнеркәсіптің әр түрлі саласында (мал азықтық белокты түзу, шарап жасау, нан пісіру, сүт қышқылы тағамдарын өндіру кезінде антибиотиктер, витаминдер, амин қышқылдары, кейбір ферменттер, т.б.), а. ш-нда (сүрлем даярлауда, өсімдіктерді биол. жолмен қорғауда) кеңінен қолданылады. Сондай-ақ М. лас суларды тазартуда, жанар газ – метанды түзуде пайдаланылады. Бірқатар М. адамдар, жануарлар және өсімдіктердің патогені болып саналады. М-дің кейбір түрлері топырақты құнарсыздандырып, көптеген а. ш. өнімдерін бүлдіреді, металдардың коррозияға ұшырауына ықпал етеді. М. биологияның көптеген мәселелерін шешуде маңызды зерттеу нысаны болып саналады. Соның нәтижесінде көптеген биол. заңдылықтар ашылып, биотехнологияның негізі қаланды.
Н. Шоқанов