Микроғарыш және макроғарыш
Микроғарыш және макроғарыш – адам мен әлем арасындағы терең әрі түпкілікті байланысты, олардың болмысына тән ұқсастықты білдіретін ұғымдар. Макроғарыш ұғымы үлкен дүние, бүкіл әлем дегенді білдірсе, микроғарыш ұғымы сол үлкен дүниенің бір бөлігі ретіндегі адам болмысын мегзейді. Адам біртұтас дүниенің бір бөлшегі, айнасы іспеттес. Адам өзінің жан дүниесіне, ақыл-ойына бүкіл ғарышты сиғызады, оны тани келе өзін де таниды, дүниені де тани алады. Өйткені дүние шексіз-шетсіз болса да, тұтас алғанда тіршілік иесіне ұқсас ұйымдасқан, руханилыққа тән нышаны бар деп есептеледі. М. ж. М. туралы ілімнің бастауы ежелгі мифол. жазбаларда (үнді ведаларында, ежелгі қытай кітаптарында, т.б.) кездеседі. М. ж. М. арасындағы ұқсастық жөніндегі ойларды ежелгі грек философиясында Анаксимен, Гераклит, Эмпедокол, Демокрит, т.б. дамытқан. Платон өзінің “Тимей” атты шығармасында әлемнің шығу тегі мен құрылысы туралы ой қозғап, “біздің ғарыш жаны мен ақылы бар тіршілік иесі” дейді. Оның ойынша, ғарышта және адам денесі мен жанында өрбитін процестер арасында белгілі бір ұқсастық, тұтастық бар. Сондықтан онда жүріп жатқан прцестерге тән ырғақтарды зерттеу адамды танып-білуге септігін тигізеді. Аристотель қозғалыстың пайда болуы туралы ойын сабақтай келе, жансыз денелердің қозғалуы үшін сыртқы күш керек, ал тіршілік иесі болса өзін-өзі қозғайды: “егер бұл тіршілік иесі үшін мүмкін болса, бүкіл әлем үшін неге солай болмасқа?” – деген сұрақ қойды. Батыс философиясында адамды микроғарышқа балаған түсінік рационалды әрі мистик. түрде кездеседі. Шығыс философиясында тірі организмнің құрылысы мен ғарыштың арасындағы байланыс туралы тұжырымдамалар кеңінен таралған. Мыс., конфуцийшілдік ілімінде инь және ян деген ғарыштық күштер адам мен қоғам өміріне зор әсерін тигізеді. Мұнда жеке адам мен ғарыштың өмір сүруі арасындағы ұқсастық жөніндегі түсінік тәптіштеліп, адам басының дөңгелек пішіні аспанның формасына сай, ал адамның көзінің ашылып-жұмылуы күн мен түннің алмасуына, т.б. ұқсатылады. Қайта өркендеу дәуірінде М. ж. М. идеясы Н.Кузанский, Дж.Бруно ілімінде жалғасын тапты. Бұл идея бойынша дүние бірегей, құдай мен табиғат бір, бәрі де бір-бірімен байланысып, тұтасып жатыр. Әрбір зат бір-біріне кірігіп, тұтаса отырып, біртұтас универсумды құрайды. Құдай ең жоғары субстанция, бәрі де содан басталып, туындайды. Адам тән мен рухани әлемнің бірлігі деген түсініктер қалыптасты. Сол замандағы Агриппа, Парацельс, Пико делла Мирандола, Кардано, Кампанелла секілді ойшылдар адамды макроғарышқа қарасты микроғарыш ретінде бағалайды. Лейбництің монадалар туралы ілімінде әрбір монада бүкіл әлемнің жанды айнасындай суреттеледі. Жаңа заманда танымның субъектісі ретіндегі табиғат бір-бірімен қарама-қарсы қойылды. ұарыш дамудың объективті заңдарына бағынып, адамға, оның рухани дүниесіне тәуелсіз өмір сүреді деген пікір айтылды. Ресей философы Н.Бердяев М. ж. М. ұғымын өз ілімінің басты идеяларының қатарына қосты. Ол адам ғарышпен барабар, ол – әлемнің барлық элементтерін, қасиеттері мен сапаларын өзінде тұтатын микроғарыш деген көзқараста болды. Оның пікірі бойынша, діни философия дүниені адам арқылы іштей тану, ал ғылым дүниені адамнан тыс сырттай тану болып табылады. 20 ғ-да М. ж. М. идеясы жаңа заман философиясы рационализмі күйзелісінің бір айғағы ретінде қайта жаңғырып, адамның рухани дүниесі мен табиғаттың, ғарыштың туыстығы туралы мәселе қайтадан күн тәртібіне қойылды. Философия мен жаратылыстану ғылымдарының дамуы субъект пен объектіні, адамның руханилығы мен ғарышты бір-біріне қарама-қарсы қоюдың қаншалықты дұрыс не бұрыс екендігі туралы мәселені алға тартып отыр.
Әдеб.: Платон, Соч. в 3 т., М., т. 3, 1971; Аристотель, Соч. в 4 т., М., 1981; Маркова Л., Макрокосмос и микрокосмос // Новая философская энциклопедия, В 4 т., М., 2001.
М. Сәбит