Альтернативті сұрақты білдіретін сұралы сөйлемдер
Ашық сұрақта іздеулі мүше түгел белгісіз болып, сұрақ жалпы, ашық түрде қойылса, альтернативтік сұрақта іздеуге із, жоба болып альтернатив сапа, іс аталады. Ол сапа, іс атаулы сөздер арқылы көрінеді де, олардың сұраулық мағынада айтылып тұрғанын шылау ~ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе білдіреді.
Альтернативтік сұрақты білдіретін сөйлемдер баяндауыш мүшенің аталған шылауларды үстеуі арқылы жасалады.
Осы сөзге тоқтайсың ба, тоқтамайсың ба?
Мынау егіс күздік пе, жаздық па?
Келтірілген сөйлемдерде ізделетін іс-қимыл, предикативтік заттық сапа жалпы, белгісіз күйде аталмай, белгілі альтернативтердің төңірегінен (тоқтайсың ба — тоқтамайсың ба, күздік пе — жаздық па) ізделеді. Альтернативтер сөйлемде дара-дара аталып толық көрінумен бірге (тоқтайсың ба, тоқтамайсың ба) үнемді түрде құралады.
Үнемді кұраудың бір жолы — альтернатив етістіктің, болымды түрі арқылы аталып, болымсыз етістіктің орнына жоқ па сөзі қатысады:
Тоқтайсың ба, тоқтамайсың ба — Тоқтайсың ба, жоқ
па.
Жоқ па — эллипсис мүше, ол сөзді айтуға ықшамды етеді.
Сөзде іздеулі екі альтернатив мүше бірдей атала бермейді, көбіне бір альтернатив мүше ғана аталады және мұндайда көбіне болымды етістік жұмсалады.
Сен келдің бе? Ағаш өнді ме?
Альтернатив мүше ретінде сұраулы сөйлемге болымды формалы сөздің қатысуы заңды. Бұл ойдың құрылысына сай келеді: кісі сұрақ арқылы ең алдымен пози-тивті істі іздейді. Осы себептен альтернативті сұрақты білдіретін сөйлемдерде іздеулі баяндауыш ретінде болымсыз етістік өз мағынасында жұмсалмайды. Ал сұ-раулы сөйлемге енген күннің өзінде ол мағына жағынан болымды етістікке тең келіп қызмет атқарады. Іштерінде Қараойдан келген кісі жоқ па? Сіз жолда арбалы баланы көрмедіңіз бе? Альтернативті сұрақты білдіретін сөйлем құрамында болымсыз етістіктің бұл жұмсалуы сөзді түрлендіру мақсатынан туған. Альтернативті сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер баяндауыштық мүшенің формасы арқылы ғана құралады. Бірақ сөзде ізделетін мүше тек предикативтік іс, сапа болып қана қоймайды. Ізделетін мүше субъект те, объект те, анықтауыш та болуы мүмкін. Бұл мүшелердің іздеулі болуы оларды баяндауышқа тақау қойылуы аркылы білдіріледі. Мұғалім мені шақырды ма? Мені мұғалім шақырды ма?
Сөз жоқ, баяндауыштан басқа мүшелер сұраулық форманы жеке ала алмайтын болған соң, олардың орын ауыстыруы, баяндауышқа тақау келуі оның іздеулі мүше екенін анық таныта алмайды, бұл коммуникативтік мақсат солғын көрінеді. Осы дүдәмалдықты жойып, баяндауыштан басқа да мүшелердің альтернативті сұрақ арқылы ізделуін анық білдіру үшін тіл арнаулы амал жұмсайды. Ол амалды мына мысалдардан көруге болады.
Сәулеш, сен кімге ызалысың, маған ба? (Ә. Ә.). Қырманға неше қатынадың, бес пе?
Іздеулі мүше алдымен жалпы сұрақ арқылы білдіріледі де, сөйлемнің соңынан оның альтернативтерін білдіретін сөздер терулі компонент ретінде жалғастырылады. Сөйлемнің соңынан жалғастырылуы арқылы бұл іздеулі сөздер ма, ме, ба, бе, па, пе шылауларын қабылдап, сұраулық формаға ие болады. Ашық сұрақты білдіретін сөз бен оның альтернативін атайтын сөздердің өзара қатыстығы олардың формаларының ыңғайластығы арқылы көрінеді.