Ижма
Ижма - араб тілінде жеке адамға қолданылғанда, бір нәрсені жасауға шешім қабылдау, ал бір топ кісіге қолданылғанда, ортақ көзқарасқа келу, яғни әртүрлі адамдардың бір мәселе төңірегіндегі көзқарастарының бір нүктеге шоғырлануы деп түсіндіріледі. Ижма сөзінің мұсылман құқығындағы ұғым мағынасы да оның сөздіктегі мағынасына саяды. Ижма ұғым ретінде «Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбардың үмбетінен болған мужтахидтердің Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбар қайтыс болғаннан кейінгі қандай да бір дәуірле шариғи бір мәселеге үкім шығаруда ортақ пікірді ұстануы» деген түсінікті береді.
Ижма жасалу үшін мужтахидтердің бір жерге жиналуы қажет емес. Белгілі бір дәуірле өмір сүрген мужтахидтердің белгілі бір мәселе төңірегіндегі көзқарастарының бірдей бағытта болуы Ижма үшін жеткілікті.
Ижма Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.)-ның дәуірінде қолданылмаған, тек ол қайтыс болғаннан кейін ғана пайда болған. Ижманың өмірдегі алатын орны мен қызметі - күллі қоғамды байланыстыратын шешім қабылдау механизмі ретінде сипатталды. Ал оның діни өмірдегі, әсіресе, ғибадаттағы маңызы мен қызметі барлық ғибадаттарды Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) орындағандай етіп сақтап, одан әрі жалғастыру болып табылады. Хазіреті Пайғамбарлық (с.а.у.) сөзі барлық мүміндер қоғамын байланыстырғандықтан Ижма секілді қосымша әрекеттерге қажеттілік туындамаған. Пайғамбар (с.а.у.) қайтыс болғаннан кейін үкім шығару құқығы Аһли суннат түсінігі бойынша үмбетке берілген және үмбеттің арасынан ижтихад қабілетіне (құқығына) ие адамдар (мужтахидтер, факихтер) пайда болған. Міне, осы үмбет мужтахидтерінің бір мәселе төңірегінде ортақ пікірге келуі Ижма деп аталып, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірісінде мүміндерге айтқан сөздері сияқты нақты және байланыстырушы сөздер ретінде қабылданған. Сондай-ақ, Хазіреті Пайғамбарға (с.а.у.) бойұсынбау харам болғанындай, Ижмаға бойұсынбау да харам деп есептеледі. Шииттер Пайғамбардай кейінгі байланыстырушы үкімді қабылдау құқығы мен міндетін жалпы үмбетке емес, тек қана «Мағсум имамға» тән деп білгендіктен, оларда Ижма пікірі болмаған. (Мағсум имам шииттердің түсінігі бойынша тікелей Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) тарапынан белгіленген. Оларға Хазірет Әли мен оның тегінен шыққан он бір адам жатады).
Ижманы бір аяттың немесе хадистің мағынасы және орындалуы мәселесінде қолданылатыны секілді қияс жолымен алынған нәтижеге де қолданылуы мүмкін. Яғни, Ижма Құран мен сүннетке балама дәлел ретінде емес, олардан шығарылған мағыналардың нақтылана түсуіне қызмет көрсететін механизм ретінде сипатталуы мүмкін.
Қысқаша айтар болсақ, діни өмірде, әсіресе, намаз, ораза және қажы ғибадаттарының негізгі элеметтері мен түрлері мәселесінде Ижма болған және олардың ауысуы немесе ауыстырылуы турасында сөз қозғалмаған.
Қазіргі таңда құқықтық өмірде Ижманың мүмкін еместігін, тіпті бұған қажеттіліктің жоқ екендігін демократиялық жолмен басқарылып отырған мемлекеттерде парламент қабылдаған шешімдер (заң) барлығын байланыстырушы сипатта болғандықтан, Ижманың орнына қолданыла алатынын айта аламыз.