Өшпес тарих
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ
(мақала)
«Лениншіл жас»
Өшпес тарих
Қазақ тарихында қазақ халық болып, жаппай бөрік кигендері ат жалын тартып жасақтана қатынасқан үлкен соғыс - өткен Ұлы Отан соғысы болды.
Қазақстанда да соғыс жылдарының жалынына шарпылмаған бірде - бір семья жоқ деп айтуға болады. Демек, қан төгілген майдандағы, тер төгілген тылдағы соғыс жылдарының барлық қиыншылықтары мен мұқтаждықтарын Қазақстан да, мейлінше, көтеріп, бастан өткізіп, өз үлесін аянбай - ақ салды. Қиян - кескі сындардан өтіп, даңқты абыройларға да майдан шебінде, тылда нақты пе болып отырды. Оған тарихи дәлелдер мол. Олар ағайын - туысқан достарымызға да, дұшпандарымызға да мәлім.
Ұлы Отан соғысы басталған соң, Қазақстан ұлдарынан он алты дивизия, сегіз бригада құрылып, жасақталынып, майданға аттандырылды. Кейіннен де соғыс аяқталғанша майданға қосымша жасақталған топтар бөгетсіз, қадірлеместен өне бойы жіберіліп жатты.
Бәрімізге мәлім, алғашқы кезде майдандағы сәтсіздіктердің салдарымен советтік Батыс Европа өлкелерінің жартысынан көбін дұшпан аз уақытта басып алып, сондағы мол қорларымыз да жау қолында қалған болатын - ды. Сондықтан Қазақстан еңбекшілері соғыстың бастамалы мезгілінен бастап аянбай еңбек істеп, майданды барлық жағынан қамтамасыз ету жағынан өзінің мол үлесін қосумен болды. Соғыс жағдайына байланысты өскен жер, туған елінен кетуге мұқтаж болған мыңдаған семьялар, өндіріс орындары, мәдени орындар Қазақстанға ауып келді. Оларды жөн - жөнімен орналастырып, барлық жағынан қамтамасыз етіп, еңбек қатарына қосуда қиын жағдайда көңілдегідей шешіліп отырылды.
Жоғарыдағы айтылған Қазақстанда жасақталған жиырма төрт әскери құрамалар майданда ерлікпен соғыстарға қатынасып, абыройлы атаққа не болды. Солардың ішінде алдын ала Қазақстандықтар мен қырғызстандықтардың жауынгерлік атағын әлемге «аты шулы» етіп шығарған 8 - ші гвардиялық Панфилов атындағы атқыштар дивизиясы болды.
Панфиловшылардың ерекше ерліктері туралы көптеген мақалалар, көлемді кітаптар жазылып, оқырмандарға көп тарағандығы бәрімізге мәлім. Бұл таңда да жарияланып шыққан мақалаларда болсын, істелген баяндамаларда болсын, радио, телевидениеде болсын - панфиловшылардың Москва түбіндегі қиян - кескі шайқастағы ерекше ерліктері, Қазақстанның қосқан өлшеусіз үлестері екінің бірі қатарында маңдай алды, дарынды даңқ дабылында, барлық совет халқының тарихи мақтанышы айқын, анық аталып отыр. Ол - бізге үлкен абыройлы естелік. Оқырмандарға мәлім бұрынғы жазғандарымызды, оқығандарымызды қайталамастан айтқанда, сол бір дивизияның қимылынан совет азаматтарының, совет армиясының социалис та табиғатына орынды, жарастықты мінез - құлық жүйелерін айқын қорытуға болады.
Әр жауынгердің сергек ойы мен азаматтық борышын көкейіңде мықты тұтып, Отанға адал ниетін, ел намысын, ер намысын жоғары ұстай білу.
Қай ұлттан болсын жалпы совет халықтарының бірлес бауырмалдығы өркендеп өсіп, халық достығының түйіндесе қорғаны сынынан өтіп айқындалды. Ұлы Отанымыздың астанасы Москваны қасиетті қара шаңырақ тұтып, оған қандай қауіпті жағдайда да жауды жолатпау, «Менің Москвам, менің астанам» деген сезім әр жауынгердің жүрегінің түкпірінде орын алу, тап жауын, қандыбалақ фашизмді «жөргегінен» ата жауым деп сергек түсіну. Ата жауымен мәселені «білектің күшімен, найзаның ұшы шешеді» көз жете түсініп айқын білу.
«Жаным арымның садағасы» деп, албырт жауға аянбай табан тіресе қарсыласу, айбындана айқасып алға жібермеу, титығын жеткізіп тойтару.
Ұйымшылдық, құрыш болаттай темір тәртіппен жұмыла айбындалған қимылмен түп - түгел жаппай ерлік көрсету. Бұл қасиеттердің барлығы ана сүтімен бойға сіңген жоқ, аспаннан түскен жоқ. Бұлар тәрбие нәтижелері. Бұл туралы бұрын жарияланған мақаламызды қайталамалық. Ұлы Отан соғысына майданда 18 - 45 жастағылар қатысты. Жауынгерлердің жастары үлкендерінің көбі Октябрь революциясы мен азамат соғысы кезінде жаңа өспірімдер шағында, ал, кішілері 15 - 16 жылдан кейін туғандар. Демек, біз - революционерлер ұрпағымыз. Тап күресі, социалистік құрылыста еңбек күресі, қандыбалақ фашизмнің жауыздық, қараниет мақсатын талдап түсіне білу, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қарулы күрес майданында қорғауға әр уақытта дайын болуды - қасиетті азаматтық борышымыз екенін анық - айқын сіңімді тәрбиелеу. Өмір мектебінен өткен революционер ұрпақтары еді.
Жаппай ерлік көрсету Москва түбіндегі шайқаста бірен - саран болған жоқ. Әлемге әйгілі 28 - дің ерлігінен басқа да панфиловшылардың жаппай ерліктері белгілі. Олар тарихтан, әдебиеттен өздеріне лайықты орындар алды.
Осташовада үш тәулік қоршауда ұрыс жүргізген капитан Лысенконың батальоны, лейтенант Шариповтың ротасы, Мыканино селосында дұшпанның 20 танкісін жойған лейтенант Угрюмов басқарған 17 жауынгер, политрук Павлов басқарған II саперлердің Строкова селосындағы ерлігі, Ядрова селосындағы лейтенант Исламқұлов тобының ерлігі тағы басқа мысалдар баспа жүзінде жарияланған.
Панфиловшылардың ерлігі тарихтан әйгілі орын алды. Василий Клочковтың «Россия ұлан - байтақ, бірақ шегінуге жер жоқ, артымызда Москва!» деген сөзі нақты, орынды айтылған сөз еді, сол күндері біздің партия солай ойлаған, біздің халық солай ойлаған, біздің ел десе еңіреген жауынгерлер қауымы солай ойлаған. Ол сөздің моральдық күші сол кезден - ақ тек бізге емес, ұрпаққа атамұралық тамырын салған ұранға айналды. Атамұра боларлық дәстүрді дәріптей үгіт - насихаттау - жас ұрпақты тәрбиелеудің бір үлгілі саласы. Москва түбіндегі шайқастың орны Отан соғысының тарихында айрықша. Москваны қорғау тақырыбынан қазақ әдебиеті құр қол емес. Алдыңғы қатардағыға дәлелдеріміз мол. Олардың көбі документті шындық шығармалар.
А. Бектің «Арпалысы» біздің материалдар негізінен, біздің қатынасуымызбен жарық көрген. Дмитрий Снегин, Мәлік Ғабдуллин, Қ. Шарипов, Ә. Әбішев, осы мақаланың авторының шығармалары "Москва үшін шайқасты" көзбен көрген, құлақпен естіген, бастан кешкен оқиғалардың нақты естеліктері. Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы, М. Әуезов пен Ә. Әбішевтің «Намыс гвардиясы» атты пьесасы - көркемделген Москваны қорғау тақырыбының шығармалары екені де рас. Бұл шығармалар оқырмандар арасында патриоттық тәрбие жөнінде өз рөлдерін өз орындарында атқарып келеді, бұдан былай да атқармақ
Жоғарыдағы аталған еңбектер үлкен теманы етекжеңін қымтап алған жоқ. Алда іздегенге әлі де ізі айқындалмағандар аз емес. Талаптанғандарға табылатын нәрселер мол. Мәңгі ешкім жасамайды. Егде тартқан жауынгер соғыс ветерандарының қатары жылдан - жылға сиректеліп, саны санаулыға айналуда. Көрген - білгенді, өткен - кеткенді, бастан кешкендерің басын құрастырып естеліктер жазу - қаламгерлерге тарих, ұрпақ алдында борыш.
Біздің жастар сергек ойлы, намысшыл, салалы, салмақты мұрагерлер болуларына тілектеспін де, сенемін де.
Советтер Одағының маршалы К.К.Рокоссовский айтпақшы, Москва түбіндегі жеңістің өшпес тарихи мазмұны осындай.