Сиыр
Сиыр, ірі қара, мүйізді ірі қара — сүтқоректілер класына жататын аша тұяқты, қуыс мүйізді, күйіс қайыратын жануарлар. Оның жабайы және қолға үйретілген түрлері бар. Қолға үйретілген Сиыр жабайы турдан тараған, ол біздің дәуірімізге дейін мыңдаған жылдар бойы Еуропа, Азия, Африкаға кең тараған. Сиырдың дене бітімі олардың өнімділік бағытына (сүт, ет) байланысты болады. Сүт бағытындағы Сиырдың денесі ұзын, сүйегі салыстырмалы түрде жіңішке, терісі жұқа, жұмсақ, түгі жылтыр, қарыны кең, басы мен мойыны ұзын, құрсағы мен желіні үлкен болады. Ет бағытындағы Сиырдың тұрқы төртпақ әрі кең, омыраулы, аяғы мен мойыны қысқалау, желіні кішілеу, сүтті малға қарағанда бұлшық еттері жақсы жетілген, терісі қалың әрі жұмсақ, тері астындағы май қабаты жақсы дамыған. Сиырдың барлығының да түгінің ұзындығы мен қалыңдығы бірдей, денесін тегіс жабады, тек қарыны, шабы мен желін айналасының түгі жіңішке әрі сирек болады. Мойын астындағы терісі қатпарланған, мүйіздері қуыс әрі қысқа, тұмсығының алдыңғы жағында мұрын айнасы болады. Асқазаны төрт камералы (месқарын, жұмыршақ, қатпаршақ, ұлтабар), соның арқасында олардың көп мөлшерде ірі сабақты шөпті қорытуға мүмкіндігі бар. Жағының жоғарғы жағында күрек тістері болмайды, желіні төрт емшекті.
Сиырдың жынысы мен жасына байланысты жас төлін — бұзау, алты айға толғанға дейінгі төлін (еркек, ұрғашысын) — баспақ, бір жастағы төлін (еркек, ұрғашысын) — тайынша, бір жастағы ұрғашысын — қашар, бір жас пен екі жас аралығындағы ұрғашысын — құнажын, екі жас пен үш жас аралығындағысын (еркек, ұрғашысын) — дөнежін, еркегін — бұқа, піштірілген еркегін — өгіз деп атайды.
Сиырлар 5 жасқа дейін өсіп жетіледі, кейбір кеш жетілетін тұқымдары 6 — 7 жасында өсуін тоқтатады. Ұрғашысы 20 — 35 жыл, бұқасы 15 — 20 жыл тіршілік етеді.
Сүт бағытындағы Сиырдан 9 — 12 жыл жақсы өнім алынады, бұдан кейін олардың тісі қажалып, өнімділігі төмендейді.
Сиырды етке 1,5 — 2 жасында бордақылап немесе жайып семіртіп өткізген жөн.
Асыл тұқымды сиырларды тұқым алу үшін 5 — 10 жыл пайдаланады.
Ұрғашы тайыншалардың жыныстық қабілеті 7 — 10 айлығында, бұқаларда 8 — 10 айлығында жетіледі.
Алайда шағылысқа қашарды 18 — 22, бұқаны 14 — 18 айлығында қосады.
Бұзаулағаннан алғашқы күйлеуіне дейінгі мерзім шамамен үш аптаға созылады, күйті 19 — 22 күнге, буаздығы орта есеппен 285 күнге созылады.
Ұрғашысы әдетте бір бұзау табады, егіз бұзау табатыны сирек (2%-ға жуық). Егіздің ұрғашы сыңарлары көбіне төл беруге қабілетсіз.
Тұқымына байланысты жаңа туған бұзаудың салм. 18 — 45 кг, кейде 60 кг; ұрғашысына қарағанда еркек бұзаудың салм. 1 — 3 кг артық болады. Олардың еті мен майы салыстырмалы түрде аз, ал сүйектері тірі салмағының 30%-ын құрайды.
Ересек Сиырдың салм. 250 — 600 кг, ең таңдаулысы 1000 кг; бұқасы 300 — 900 кг; ең таңдаулысы 1600 кг-нан асады.
Сиырды ет және сүт алу мақсатында өсіреді. Бұлардың өнімі тұқымының ерекшелігіне, азықтандыру және күтіп бағу дәрежесіне байланысты. Сүтті сиыр тұқымының орташа өнімі жылына 3500 — 400 кг, сүтінің майл. 3,6 — 4%. Бір сауын маусымында 20000 кг сүт беретін (голланд тұқымы) сиырлар бар. Ең жоғары тәуліктік сауым мөлшері 82,2 кг (ярослав тұқымы). Сауылым мерзімі 280 — 320 күнге созылады, суалу кезеңі 1,5 — 2 ай. Тез жетілетін тұқымдардың ең мол сүт беретін кезеңі 4-тумасында.
Сиырдың етті тұқымдарының ет өнімділігі жоғары, сүт бағытындағы Сиырларға қарағанда тез семіреді және шығымы жоғары сапалы ет береді. Бордақыланған Сиырлар майды ішкі органдарына, тері астына ғана емес, жұқа қабаттар түрінде ет талшықтарының арасына да (мәрмәр түстес ет) қалыптастырады. Бордақыланған жас малдардың еті өте құнды, дене тіндері және олардың хим. құрамы жасына байланысты өзгеріп отырады. Сойыс шығымы тұқымына байланысты 48 — 70% аралығында.
Сиырдың қыстағы басты азығы пішен, сүрлем және құрама жем, ал жазда жайылым шөбі және қосымша азық (сүрлем, құрама жем).
Сиырдың сүті бағалы тамақ өнімі және тамақ өнеркәсібінің негізгі шикізаты. Сүт және оның өнеркәсіптік қалдықтары а.ш. малдарының төлдерін тамақтандыруда кеңінен пайдаланылады. Ал етінің тамақтық сапасы жоғары, калориясы мол, жеңіл қорытылады және диеталық қасиеті бар. Сойылған Сиырдан алынатын әр түрлі сортты терісінің өнеркәсіптік маңызы зор. Сойылған малдың қалдықтарынан қайта өңдеу арқылы, ет-сүйек, сүйек, қан ұнтақтары, эндокринді препараттар, стеарин, желім, сабын, т.б. алынады. Кейбір тұқымдардың бұқалары мен өгіздерін арба, шана тартуға пайдаланады.
Қазақстанда сүтті тұқымнан симменталь сиыры, алатау сиыры, әулиеата сиыры, қырдың қызыл сиыры, латыштың қызыл-қоңыр сиыры, т.б.; етті тұқымнан қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл сиыры, герефорд, қалмақ сиыры, т.б. өсіріледі.
Бұзау
Бұзау (теленок) - мүйізді ірі қара малдың 6-айға дейінгі төлі. Б.-ды жынысына қарай еркек, ұрғашы, ал енесінен туғандағы санына қарай жалқы, егіз деп бөледі. Б. бағып-күту өсу кезендеріне, жасына, өнім бағытының ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылады. Өмірінің алғашқы 7-10 күндігінде б.-ды енесінің уызымен ауыздандырып, сүтін еміздіреді. Сүтті және сүтті-етті тұкымының б-ын ертерек балауса, пішен, пішендеме, сүрлемді көп жеуге үйретіп, жемді аз беріп өсіреді. Етті бағыттағы тұқымның б.-ын 8 айға дейін енесін еміздіріп өсіреді. Еркек б.-дың жыныстық қабілеті 6-айлығында жетілетіндіктен, осы жастан бастап еркек және ұрғашы б.-ды бөлек бағады. Алғашқы 15-20-күндігінде б. басы шығыны көбінесе іш ауруы мен өкпенің қабынуынан болады. Одан сақтандыру үшін б. ауқымы кең, ауасы таза, құрғақ қорада ұстап, дұрыс азықтандырып, мезгілімен серуендетеді.