Кейбір ұлт жазушыларының романдары туралы
Кейбір ұлт жазушыларының
романдары туралы
Социалистік мазмұндағы ұлттық түр - көп ұлтты сан алуан әдебиеттерге байланысты аса кең көлемді мәселе. Әрбір ұлт жағдайында бұл мәселе сан қилы көп жүйелерге бөлініп, әрқайсысы бүтін бір социалистік мәдениет ұғымын береді (мәселен, әдебиет, музыка, театр искусствосы).
Біз бұл мақаламызда, шығармаларын түпнұсқаларынан оқуымызға мүмкіншілік болған ұлт жазушыларының бірнеше романдары жөнінде ішінара пікір айтпақпыз. Осы шығармаларды түпнұсқаларына сүйене отырып, нақтылы, дәл және дұрыс қорытынды шығаруға болады деп білеміз. Неге десеңіз, тіпті поэзияны былай қоя тұрып, кілең прозаны алып қарайтын болсақ та, олардың аудармалары, көбінесе, сол шығармалардың түпнұсқасындағы ерекшеліктерді, құнды жақтары мен елеулі кемшіліктерін дәлме-дәл жеткізіп бере алмай жүр.
Бұл мақаламызда еліміздегі бес халықтың тілінде жазылған романдарды, дәлірек айтқанда, татар жазушысы Башировтің "Намыс" романын, өзбек жазушысы Айбектің "Алтын атыраптан ескен желдер" романын, қазақ жазушысы Мұстафиннің "Миллионер" романын, қырғыз жазушысы Сыдықбековтың "Біздің заманның адамдары" романын әдейі тандап алдық. Осы романдарға байланысты С. Бабаевскийдің "Алтын жұлдызды жігіт", "Жер бетіндегі жарық" романдарын да қысқаша шолмақпыз.
Бұл романдар мезгіл жөнінен бір кезде шыққандықтан, тақырыптары бір болғандықтан өзара бірлестік тапқан, бірыңғай шығармалар. Бұл шығармалар социалистік деревняның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ("Намыс", "Біздің заманның адамдары"), немесе соғыстан кейінгі алғашқы жылдардағы хал-жайларын ("Алтын жұлдызды жігіт", "Жер бетіндегі жарық", "Миллионер", "Алтын атыраптан ескен желдер") көркем әдебиетте көрсетуге арналған. Бұл шығармалардың барлығы да соңғы жылдарда жазылды. "Миллионер", "Біздің заманның адамдары", "Алтын жұлдызды жігіт" 1948 жылы жазылды. "Жер бетіндегі жарық" және "Алтын атыраптан ескен желдер" 1949 жылы жазылды. Республикаларымызда болсын, бүкіл Одақта болсын жоғарыда аталған шығармаларды әдебиет оқушылары жоғары бағалап, құп көріп, қабыл алды. "Миллионер", "Намыс" және "Біздің заманның адамдары" романдары орыс тіліне аударылды. "Алтын атыраптан ескен желдер" романы аударылып жатыр.
Бір елеулі мәселені сөз арасында атап айтқымыз келеді: ұлт жазушысының романын орыс тіліне аударудың тарихи маңызы ерекше зор. Өйткені шығарманың авторы, сонымен қатар, қазіргі дәуірде өркендеп отырған ұлт республикасының бүкіл әдебиеті сол аударма арқылы бүкіл Одақтың сынына түседі, шеберлікке жетілгені жөнінде емтиханнан өтеді. Солай бола тұрса да, осы романдардың көпшілігінің көлемі шағындалып, көркемдік стильдері түгел сақталмай, одақтық әдебиет оқушыларына шала-жансар күйде ұсынылып жүр. Мәселен, Сыдықбековтың "Біздің заманның адамдары" романы түпнұсқасында 21,5 баспа табақ болса, аудармасы небары 15 баспа табақ болып шықты. Романның алты баспа табағы қысқарып қалған.
Ірі шығармаларды журналдардың лажсыздан қысқартатын бір жағдайы бар. Мұны да еске алуымыз керек. Ірі шығармаларды қысқартып, шағындауға келгенде әсіресе жылына 6 рет шығатын "Дружба народов" альманахының қаламы тым ұшқыр. Туысқан халықтар әдебиетінің жетістіктерін жұртшылыққа жариялап отырған альманахтың бұл әдетіне қынжылмасқа болмайды. Алайда бұл альманах ірі шығарманы екі санына бөліп баса алмайтын болғандықтан, біржола сыйғызуды көздейді де, шығарманы шағындап, қысқартып басады. Б.Кербебаевтың "Шешуші қадам" романының түпнұсқасы 40 баспа табақ еді, ал альманахта небары 10 баспа табақ көлемінде басылды. Башировтің"Намыс" романының көлемі 31 баспа табақ еді, альманахта 10 баспа табақ көлемінде қысқарып шықты.
Оқтын - оқтын шығып тұратын журналдар мен альманахтардың ерекше жағдайларымен санасып, ұлт авторларының шығармаларын өз бойларына шақтап басқанына лажсыз көнейікші; тіпті балаларға арналып шығарылатын ерекше нұсқаларын өзгеше өңдеп, көркем аударманың құнын сақтай отырып қысқартып, балаларға лайықтап басуды да заңды, орынды іс делік. Ал енді, "Мемлекеттік көркем әдебиет" баспасы, "Совет жазушысы" және басқа беделді баспа орындары кейбір ұлт жазушыларының шығармаларын құлдырата қысқартып, автордың да, оның шығармасының да шынайы сипатын одақтық әдебиет оқушыларына жете таныта алмауы жағымсыз, жаман әдет. Мәселен, С.Мұқановтың 45 баспа табақ "Жұмбақ жалау" романы орысша аудармасында "Ботагөз" деген атпен 25 баспа табақ көлемде басылып шықты.
Бұдан шығатын қорытынды қандай болмақ? Ең алдымен, әлгі жал-құйрығы күзеліп, құнарлы қыртысынан жұрдай болып басылған сыла шығармамен бірден танысқан совет оқушысы сол кітапты оқығанда да, тіпті сын мақалалары мен рецензиялар арқылы да ойдағыдай таныса алмайды. Немесе 6, 10, 20 баспа табағы қысқарған роман өзінің мазмұны мен көркемдік құны жөнінен қыруар шығынға ұшырайды; оның бер жағында, бір романға, яки бір повеске бодау боларлық көлемін жормай, немесе лажсыздан сылып тастаған шығарманы оқушы, бас-аяғы толық және түпнұсқасында шала-жансар жазылған әлсіз шығарма екен деп білетін болады. Демек, бұрынғы заманда проза жанры болмай келген өз ұлтының әдебиетінде көбінесе жаңашыл болып көзге түсіп, оза шауып, жүлде алып жүрген ұлт авторы - прозаик, көркем сөздің шебері болу мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмейді екен, өз шығармасының мазмұны мен идеясын сомдап соғатын түр жөніндегі жауапкершілігін онша елемейді екен деген жаңсақ ұғым туады.
"Адам жанының инженері" болу дегеніміз, - дейді Жданов жолдас, тілдің мәдениетті болуы үшін, шығармалардың сапасы үшін белсене күресу болып табылады... Бізге аса шебер жазылған көркем шығармалар керек... Аса шебер жазылған, жоғары идеялы, көркем мазмұнды шығармалар жасаңыздар!"
Москвадағы баспа орындары ұлт авторлары шығармаларының жолма-жол аудармасымен жете танысып, кітаптың көркемдік жөнінен кемшін соғатын жерлері болса, түпнұсқасы бойынша автордың өзіне желдіртуге тиіс. Өйткені аудармашының міндеті қосалқы автор болу емес, аудару ғана ғой! Орыс тілінде басылуға ұйғарылған ірі шығармалардың романға, яки повеске бодау болғандай көлемін қысқартқанда, әр жерін сызып, бөліп алып тастамай, сол шығарманың тексін қалай болса солай игеріп, өз беттерімен кетеді, тіпті дәлме-дәл аудару дегенді естен шығарып, ондаған беттерін сықпалап әкеліп, аядай жерге сыйғызып жібереді...
Ендігі бір міндет - шеберлік мәселесіне, социалистік реализм шарттарына сай келетін қатаң түр мәселесіне ұлт республикаларының жазушылар одақтары, олардың баспа орындары және шығармалардың редакторлары талапты күшейтуге тиіс. Өйткені бұл талаптар аса шеберлікпен ғана орындалмақ.
Алайда жаңағы айтылған азды-көпті пікіріміз ұлттық түр проблемасының өзекті саласы емес екенін ескерте кеткіміз келеді, өйткені шығарманың жосықсыз ұзақ болуы, сюжетінің ойлы-қырлы, кедір-бұдыр болуы, немесе шығарманың көркемдігі ойдағыдай болып шықпауы жеке бір әдебиеттің өзіне ғана тән ерекшелігі де емес, болмаса ұлттық сипаты да емес. Бұл секілді кемшіліктер қай тілде жазылған шығармалардан болса да кездесуі ықтимал. Мұндай кемшіліктер әлгі өзіміз атап өткен шығармалардың бәрінде де бар. Шығарманың шұбалаңқылығы тұрғысынан алып қарайтын болсақ, ондай кемшіліктерден С.Бабаевскийдің романдары да құралақан емес. Оның бұл кемшілігін сыншылар да кезінде атап көрсеткен болатын.
Біз өз пікірімізді жоғарыда көрсетілген кемшіліктерден бастадық, өйткені осы жағымсыз әдеттің өзі әдебиетіміздің сапа жағынан өсуіне зиян тигізеді. Бұл кемшілік бізде үлкен орын алып келді, сондықтан да оған күнбе-күнгі жұмысымызда, творчестволық аудармалық ісімізде және баспа орындарының қызметінде жұртшылық сынының назарын аударудың маңызы аса зор.
Жоғарыда аталған кемшіліктер ұлттық түрдің айрықша проблемасы болмағанымен, әрбір жеке ұлт әдебиетінің жағдайында елеулі олқылықты аңғартып, осы әдебиеттердің проза жанры тиісті сатыға көтеріле алмағанын, шеберлікке әлі де жетіле алмағанын көрсетеді. Сондықтан да осы кемшіліктерді жоюдың өзі - әрбір ұлт әдебиетінде социалистік реализм әдісін толық меңгеру жолындағы басты міндеттің бірі болып табылады.
Аттары аталған романдарды талдауға кіріселік.
Ең алдымен, осы романдарды жұртшылығымыздың жоғары бағалап, сүйіспеншілікпен қарсы алуына себепші болған негізгі, шешуші "ортақ" жағдайлар қандай? Оның жауабы мынадай болуға керек: біздің совет жазушыларының таңдаулы романдарының, оның ішінде біз сөз етіп отырған романдардың құнды шығарма болуына көмектескен — бүкіл совет әдебиетінің өресін бүкіл әлем әдебиетінен биік дәрежеге көтерген социалистік мазмұн деп білуіміз керек.
Бұл романдардың әрқайсысы бір-біріне тәуелді болмай, жеке-жеке жазылған шығармалар. Бұларда біріне-бірі еліктеу де кездеспейді. Алайда олардың әрқайсысы өзінің ұлттық әдебиеті арнасында соны және күшті шығарма болып шықты. Дегенмен оларда идеялық тұтастық, іштей байланыс бар, олардағы кейіпкерлердің сана-сезімі, ой-пікірі, күресі мен тағдыры бір-біріне ұқсастық тауып отырады. Лениндік достық күннің нұр шұғыласына бөленіп, еркін, бақытты өмірде жарастықты ынтымақпен дәурен сүрген халықтарымыздың өмірі, жетістіктері мен жеңістері, бүгінгісі мен болаша