Ибн Таймийа
Ибн Таймийа
Тақий әд-Дин Ахмед ибн Әбдуль-Халим ибн Әбду-ссаләм ибн Абдуллаһ ибн Әбу әл-Қасим ибн Мұхаммед ибн Таймийа, Әбу әл-Аббас (أبو العباس تقي الدين أحمد ابن عبد الحليم ابن عبد السلام ابن عبد الله ابن أبو القاسم ابن محمد ابن تيمية). "Шейх әл-Ислам" деген лақаппен танымал. 1263 жылы Харран қаласында дүниеге келіп, 1328 Дамаск қаласында жерленген. Өз заманының атақты дін қайраткері, тәпсір, хадис және фиқһ ғылымдарын жетік меңгерген ханбали мазһабының заң маманы. Дінге жаңалық енгізудің айыптаушысы.
1269 ж. монғол шапқыншылығынан аман қалу үшін отбасымен бірге Шамға көшіп келеді. Оның әкесі Абдуль-Халим Сукарийа медресесінде сабақ бере бастады және өмірінің ақырына шейін осымен айналысты. Ибн Таймийаның ата-анасы оның білім ізденуін қолдады. Кішкентай кезінен ақ Құранды жатқа білген ол әкесінен және басқа ғұламалардан Құран тәпсірін, хадис ілімін және араб тілін оқиды. Монғол шапқыншылығынан қашқан көптеген сол кездің атақты ғұламалары пана тапқан Дамаскта өскен Ибн Таймийа білімі мол, ұшқыр ойлы болып өседі. Куәгерлердің айтуы бойынша ол он жеті жасында діни пәтуа беруге лайық болып, сол кезден бастап діни еңбектер жаза бастаған. Жасы 22-ге жеткенде әкесі қайтыс болып, оның орнына сабақ бере бастайды.
Діни көзқарастары
Ибн Таймийа өзінің еңбектерінде көптеген философтардың тұжырымдарын жоққа шығарып, Аллаһтың есімдері мен сипаттарын, діннен шығару және иман мәселелерін Құран мен Сүннетке сәйкес баяндауға шақырды[1]. Қабірлерге зиярат жасауға, олардан пана тілеуге тиым салып, сопылық мәндегі ағымдар мен тариқаттарды айыптады[2]. Ол ғалымдардың сөздеріне соқыр еруге қарсы шығып, олардың пікірлерін Құран мен Сүннеттен жоғары қоюға тиым салды. Аллаһтын сипаттарын жоққа шығару мен өзгертуді дінбұзарлық әрекет деп санап, Аллаһты Кұран мен Сүннетте қалай сипатталса солай сипаттады және осыған дәлел келтіріп көптеген еңбектер жазып, пәтуалар берді[3]. Шиғалар мен олардың әр түрлі ағымдарының көзқарасын жоққа шығарып, алғашқы халифалардың билігін заңды деп мойындап, олардың артықшылықтарын атап өтті. Пайғамбардан (ғалейһиссаләм) жеткен хадистерге сүйеніп, Әли ибн Әбу Талибтің дәрежесі Әбу Бәкір мен Омар ибн әл-Хаттабтан төменірек деп, Әһлі Сүннет көзқарасын ұстанды.
Қудалануы және өмірден озуы
Ашғари пәлсапасы мен сопылықты сынға алған Ибн Таймийаны қудалауға оны жақтаған Мысыр сұлтаны Ән-Насыр Насыруддин ибн Қалауун кедергі болғанмен, оның билігі әлсірегеннен кейін Ибн Таймийа қамқоршыдан айырылады. 1309 ж. Мысырға барып, жергілікті діндарлармен қақтығысып қалады да, жалған айып тағылып, қазы Зайнуддин ибн Махлуфтың шешімімен түрмеге қамалады. 1311 ж. түрмеден босатылып, ол сабақ беруін жалғастырады. Бұндай жағдай оның қарсыластарына ұнамаған соң, оған қайтадан айып тағылып, аз уақытқа түрмеге жабылады. Ибн Таймийа түрмеден шыққаннан кейін, билікке сопылықты жақтаған мәмлүк сұлтаны әл-Мәлік әл-Мұзаффар келеді. Қудалау қайта жалғасып, Ибн Таймийаның жақтастары болмаған Александрия қаласына қоныс аударылады. Бұл жағдай билікке Насыруддиннің қайта келуіне дейін, яғни жеті ай созылады. Сұлтан Ибн Таймийаның қарсыластарын жазалауға пәтуа сұрағанымен, ол оларды кешіргенін айтады. 1317 ж. Дамаскіге қайтып келіп, ұстаздық қызметін жалғастырады. Бұл жерде де қарсыластарына оның еш мәзһабқа сүйенбей пәтуа беруі ұнамай, оны 2 мәрте (1323-1324 және 1328 жылдары) түрмеге қамалып, ақыры сонда дүние салды. Оның жерлеуіне мыңдаған адам жиналды.[5][6]
Шәкірттері
Ибн Таймийаның көптеген шәкірттері болды. Олардың ең танымалдары мыналар:
Шәмсуддин ибн әл-Қаийм әл-Джәузия
Исмаил ибн Омар ибн Кәсир
Мұхаммед ибн Абдуль-Һади әл-Мақдиси
Зайнуддин Омар, ибн әл-Уарди есімімен танымал
Кітаптары мен мақалалары
Ибн Таймийаның мыңға жуық шығармасы бар.
Уасит ақидасы (Әл-ақида әл-Уаситийа араб.: العقيدة الولسطية)
Хама пәтуалары (Фатуа әл-Хамауийа араб.: فتوى الحموية)
Пәтуалар жинағы (Маджмуғ әл-Фатауа араб.: مجموع الفتاوى)
Тәпсір негіздеріне кіріспе (Муқаддима фи усуль әт-тафсир араб.: مقدمة في أصول التفسير)
Сүннет жолы (Минһадж әс-сунна араб.: منهاج السنة)
Аллаһтың әулиелері мен шайтанның әулиелерін айыру (Әл-фурқан бәйна аулия Аллаһ уа аулия аш-Шайтан араб.: الفرقان بين أولياء الله و أولياء الشيطان)
Тадмурийа жолдауы (Рисала ат-Тадмурия араб.: الرسالة التدمرية)