Механиканың негізгі даму кезеңі
Механиканың негізгі даму кезеңі. Механика – ежелгі ғылымдардың бірі. Оның дамуы қоғамның өндіргіш күштерінің өркендеуімен, адамзаттың күнделікті өміріндегі тұрмыс-салтымен тікелей байланысты. Механиканың басқа бөлімдеріне қарағанда статика бөлімі (құрылыс техникасының сұранысына орай) бұрынырақ дами бастаған. Бұған ежелгі Вавилон мен Египеттегі құрылыс қалдықтары мысал бола алады. Статиканың ғылыми негізін ертедегі грек ғалымы Архимед (біздің заманымыздан бұрынғы 3-ғасыр) салды. Оның әрі қарай дамуына итальян ғалымы Леонардо да Винчи (15-ғасырда), голланд ғалымы Симон Стевин (16-ғасырда), француз ғалымдары Пьер Вариньон (17-ғасырда) мен Луи Пуансо (1804) елеулі үлес қосты. “Механика” терминін ғылымға Аристотель енгізді. Механиканың дамуына үлкен ықпал жасаған поляк ғалымы Николай Коперник (16-ғасырда) пен планеталардың қозғалыс заңдарын ашқан неміс астрономы Иоганн Кеплер (17-ғасырдың басы), динамиканың негізін салған итальян ғалымы Галилео Галилей болды. Механика заңдарының ең жетілдірілген тұжырымдамасын ағылшын ғалымы Исаак Ньютон жасады (1687). Ньютон зерттеулері классикалық механиканың негізін жасаумен аяқталады. 18-ғасырдан бастап материялық нүктелер, нүктелер жүйесі және қатты денелер механикасының, сондай-ақ аспан механикасының есептерін шешудің аналитикалық тәсілдері қауырт дами бастады. Ньютон мен Готфрид Лейбниц ашқан шексіз аз есептеулер теориясы аспан механикасында қолданылды. Тұтас орта механикасында Леонард Эйлер, Жозеф Луи Лагранж, Жан Лерон Д’Аламбер және Даниил Бернуллидің ғылыми еңбектерінің нәтижесінде идеал сұйықтықтар гидродинамикасының теориялық негіздері құрылды. 19-ғасырда тұтас орта механикасы ауқымды түрде дамытылды. 20-ғасырда техниканың жаңа салалары – сызықтық емес тербелістердің теориясы, массалары айнымалы денелер механикасы мен ракеталар динамикасы қарқынды дамыды. Тұтас орта механикасында: аэродинамика, газ динамикасы және космонавтика бөлімдері пайда болды. Қазақстан ғалымдары механикаға байланысты алғашқы ғылыми жұмыстарын 20-ғасырдың 30-жылдары жүргізді. Қазақстан Ғылым Академиясының Сейсмология институтында Жер айналысының жалпы теориясы жасалды, өзгермелі және қабат-қабат болып орналасқан массивті гиростаттың тартылу центрі өрісіндегі қозғалысы мен орнықтылығы зерттелді. Айнымалы массалар механикасы саласынан Қазақстан Ғылым Академиясының Астрофизика институтында галактика динамикасы бойынша массасы айнымалы денелер қозғалысының гиперболалық теориясы жасалды. Машиналардың динамикасы мен беріктігі саласынан жоғары класты жазық рычагті механизмдердің күштік есептеу теориясы және СТБ типті тоқыма станоктары түйіндерінің беріктігін, динамикасын есептеу тәсілдері жасалды. Механиканың күрделі есептерін шешудің жаңа тәсілдерін жетілдіру де қазіргі кездегі өте өзекті мәселелердің біріне жатады.