Жаңалықтар

Замандас туралы толғау

  БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ (мақала) «Қазақстан коммунисі», 1975 ж., № 5 Замандас туралы толғау   Замандас туралы ой көкейімнен кетпейді. «Сыр сандықты ашып қара, ашып қара, сырласым, сым пернені басып қара, басып қар - жырласын» деп ақын айтқандай, күмбірлеп, күй боп шертіледі. Иә, ол кім - менің замандасым? Оның қандай ғажайып сырлары, керемет ерекшеліктері бар? Алматы көктемінің кербез таңында көшеге сейіл құрсам, өзім сықылды ay тартқан ардагерді көрсем, шат - шадыман жастардың үніне құлақ түрсем - соны ойлаймын. Қазір де сондай сезімде отырмын. Сен туралы толғанып отырмын, қадірменді замандас. Мен әскери адаммын. Қаһарман Совет Армиясының полковнигімін. Сондықтан да мынау бейбіт күннің мен үшін айрықша сипаты, ерекше сәні бар. Өзіме қадір - қасиеті біралуан, қастерлі орын - жиырма сегіз гвардияшы - панфиловшылар паркінде осы биыл бой көтерген «Даңқ» мемориалының да орны бөлек мен үшін. Оларды мен әрі өзгелер сияқты түйсінем. «Өз замандасың туралы не ойлайсың?» деп редакция бір ауыз сауал қойған да дәл осылайша, басқалардан гөрі, бәлкім, сәл өзгешелеу сезімге бөленген болармын деп ойлаймын. Өйткені мен өмірді ерлікпен өлшеп үйренген жанмын, жігіттің жігіттігін халқының намысына дақ түсірмей, ананың ақ сүтін, атаның ақ батасын ақтай білумен бағалап машықтанғанмын. «Ел үшін аянба - ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба - жігіттігіңе сын» дегенде мен осыны айтып едім. Бүгінде халық онымды мақал етіп алса - ойындағысын дөп басқаным шығар. Марқұм Сәбитше айтсақ, мен кіммін деп мақтанам? Сенің замандасыңмын деп мақтанам, жеңімпаз халқым, жасампаз жұртым. Сенің қара нардай қайыспас қайсарлығыңды, мұқалмас жігеріңді, әр істегі қарқыныңды, революциялық аршыныңды мақтан етемін. Соның үшін, сондайлық дарқандығың үшін алпыс бестің ақ қырауы жапқан басымды иіп, мың мәртебе тағзым етем алдыңда. Адамның адамгершілік асыл қасиеттері сын сағатта жарқ етіп көрінеді. Соғыс - сондай сынның ең кереметі. Ерлігің мен елдігің соғыстың алмағайып әр сәтінде таразыға түседі, асылың мен жасығың екшеледі, ерекшеленеді. Ұлы Отан соғысының қан майданында совет адамдарының айрықша қасиеті - қаһармандығы, патриотизм!, интернационалдық терең сезімі айдай әлемге әйгіленді. Біздің халқымыз соғыстың адам айтқысыз ауыртпалығын хас батырша қайыспай көтеріп, күллі адамзатқа табандылықтың, ерліктің, бауырмалдықтың, тіпті, керек десеңіз, қайырымдылықтың өшпес өнегесін көрсетті. Ұлы шайқастардың от - жалынында шар болаттай шамырқана шыңдала келіп, соғыстан еңсесі көтеріліп, мерейленіп шықты ол. Иә, біз көп қиыншылық көрдік. Алғашқы сәтсіздіктердің, жеңілістер мен шегіністердің кермек дәмін таттық. Ұзақ күндер окопта отырып, дұшпанның қайдан соғарын білмей жалтақтаған, жаутаңдаған кезіміз де болды. Бірақ біздің жауынгерлердің ең асыл қасиеттерінің бірі сол, олар қорғана жүріп, шегіне жүріп, шабуылды көкседі. «Сондай бір күн туса» деп, өзегін өрт шалған қаһармандар сол күннің келеріне әбден сенді. Оған өзіміз куәміз. .. .Москва түбіндегі Осташева деревнясы. Өршелене өлермендікпен алға ұмтылған жау танкілерін бірінен соң бірін маңдайдан соғып, капитан Лысенконың батальоны тұр қасқайып. Фашистер екі қанаттан ілгері өтіп, бұларды қоршауға алғанда да батальон тапжылған жоқ. Ақыры амалы таусылған дұшпан майор Кондель дейтінді жұмсап, келіссөзге әрекет жасамақ болды. «Капитан мырза, енді қарсыласудың реті жоқ. О заманда бу заман арыстанға тышқан қарсыласа ма?» - деді неміс. Лысенко айбарланып, қатулана жауап берді: «Генералыңызға айтып барыңыз," біз бұл жерде жаудың айтқанына көніп, айдауында жүру үшін соғысып жатқан жоқпыз. Біз тұтқын болып еш уақытта тізе бүге алмаймыз, жау алдында шөге алмаймыз. Біз табан тіресіп, арпалысып бағамыз. Ұрыс көрсетеді, майор мырза, қайсымыздың арыстан, қайсымыздың тышқан екенімізді, оны тек ұрыс көрсетеді» . Айтқандай - ақ, оны ұрыс көрсетті. Атадан ұл боп туған абзал азаматтар бақайшағына дейін қаруланған фашист басқыншыларды Отан жүрегі - Москваға қи бастырмай, жер қаптырды. Сол бір қызыл шұнақ қыс күндерінде солдаттың еңсесі қалай көтеріліп, күн асқан сайын олардың жеңіске деген сенімі қалай нығая түскенін әлі күнге дейін тебірене еске аламын. Құлақшындарының құлағы едірейіп, бір қорадан жүгіре шыққан кара домалақ екі солдат бірінен бірі: «Әлгі немісше», «Тоқта, қолыңды көтер дегенді қалай айтушы еді?» - деп сұрағанын естіп, жүрегім жарылардай қуанғаным әлі есте. Бұл шабуылдың алды еді, оның жақсы ырымы, жаңалық нышаны еді. Кешікпей біз қасқая тұрып, қарсы шабуылға көтерілдік. Зұлым дұшпанның сағын сындырып, сұрапыл дауылдай тидік. Қашқан жауды өкшелеп қуып, тағы да мың - мыңдаған әзиз ерлердің өмірін құрбан ете отырып, басқыншы сұрқиялардан өз Отанымызды тазарттық, құлдық бұғауына түскен Европаны азат еттік, күллі әлемді фашизмнің қара түнек апатынан алып қалдық. Бұл үшін жеңімпаз совет солдатына барша дүние қарыздар. Бүгін көк шыбық тігіп, жер бетін құлпыртсам деген ниеттегі бір адамды көрсем яки сондай жандар бар екенін газеттен оқысам, сол қарызын өтегені болар деп түсінем. Мені жұрт батыр дейтін көрінеді. Бірақ майданда менен де батыр, менен де алғыр азаматтар көп болды. Ердің ері етерлік абзал азаматтардың жүзін көрдім. Соларға серік болдым. Солардан тәлім алдым. «Елім» деп еңіреп туған сарбаздар дұшпаннан жасқану дегеннің не екенін білмейтін. Өйткені оларды тәрбиелеп өсірген Ұлы Октябрь еді. Міне, менің замандасым осындай болған. Керзі етікпен қан кешкен кешегі қилы кезеңді еске алсам, менің көз алдыма сол замандасымның өр тұлғасы келеді. Бірде мен оны әкелік мейірімі шексіз, ұстаздық лұғаты мол Иван Васильевич Панфилов па екен деп те ойлаймын. Әшейінде жауды тайсалмай соғудың сан қилы жолын үйретіп, дұшпанға деген өшпенділікті ту етіп ұстауға баулитын «ақсақалымыз» жаралы жау солдаты колға түскенде, оған мейірімді көзқарас болуын талап еткені, «әскери этика бізді осыған баулиды» деп жұмсақ қана үн қатқаны есімде. Адамгершіліктің, парасаттылықтың өнегесі екен бұл. Замандасым десем, 1941 жылғы Дубосеково разъезі, онда бекінген жиырма сегіз қаһарман көз алдыма келеді. ─ Россия кең - байтақ, бірақ шегінер жер жоқ. Артымызда Москва! - деп атойлап, қолындағы бір бума гранатпен қарсы келе жатқан қара тажалға - жау танкісіне ұмтылған төртінші ротаның саяси жетекшісі Василий Клочковты қайта көргендей болам. Әрқашан сабырлы, салқын қанды, қысылтаяңда ақыл таба қойғыш, сергек те сезімтал, бірақ онысын өмірі міндет етпейтін, ешкімнің бетіне жел боп тимейтін қыз мінезді Хаби Рахимов, ұдайы әзіл - оспағын серік етіп, әсте бір қабақ шытпайтын, інілік назы әдемі жарасқан, аңқылдаған ақ көңіл Жалмұхамед Бозжанов, жауына қырғидай тиген қыршын жас Төлеген Тоқтаров - бәрі - бәрі бір - бір елдің маңдайына басса, бақ талабына жарасар ерлер еді - ау. Москваны қорғау кезінде жап - жас рота командирі, лейтенант Сергей Танков айрықша көзге түсті. Сол азаматқа оқ тиген соңғы минуттарында жанында бірге болғаным бар. Өңі шүберектей болып, ентігіп жатқанында қасына келіп, қолын ұстап едім, сұп - суық екен. ─ Сергей, Отан алдындағы еңбегің үшін рахмет, - дедім батырға. Танков жәудіреп жатқан күйі күлімсіремек болып еді, шамасы келмеді. ─ Лейтенант Сергей Танков... соғысқа аз - ақ қатысты - ау... қандай өкінішті... - деп, үзіп - үзіп айтты да, көз жұмды.. Дәл осыған ұқсас тағы бір оқиға ойға оралады. Екінші ротаның бақылау пунктінде отырғанмын. Қасымда ротаның саяси жетекшісі Ахтан Хасанов бар. Анау - мынау әңгімемен отырғанымызда, бір жас жауынгер қасымызға жүгіріп келді. Келді де, қалт тұра қалып, мені ескерместен: ─ Политрук жолдас. Сіздің бұйрығыңызды орындадым... Меня убили, - деді, сөзінің соңын орысшалап. Сөйтті де, сылқ құлап түсті. Жүрегін оқ тескен екен. Бұл тәжік жігіті Ширванзаде еді. Несін айтасың, нағыз ерлер еді ғой солар. Рас, ұрыс болған соң өлім - жітімсіз болмайды. Ер өлімімен өлгендерді елі ұмытпақ емес. Ұлдары мен қыздары: «Әкеміз Отан соғысының батыры»,- деп мақтаныш етеді. Немерелері мен шөберелері де ер атасының аруағын ардақтайды. Ата дәстүрін ту етіп ұстап, батырлықты мұрат тұтады. Сан ұрыстан сау шығып, өз борышын ақтап, елге аман қайтқан жауынгерлер де қазір ерлердің ардақты сапында. Олар да Ұлы Отан соғысының батырлары. Тегінде, батыр деген атаққа ие болудан артық абырой бар ма. Белгісіз солдаттың қабірі - ең қастерлі төріміз. Солай болуы керек те. Өйткені Ұлы Отан соғысының ең ауыртпалығын совет солдаты көтерді, солдатқа тағдырдың артқан жүгі өте ауыр болды - ол ылғи от пен судың ішінде, алапат майданның ортасында жүрді. «Оның қаны мен терінің арқасында қанқұйлы жауды жеңдік, - деп жазды аса көрнекті қолбасшы, Совет Одағының Маршалы Г.К.Жуков. - Ол өлімге тайсалмай бетпе - бет келіп, нағыз жауынгерлерге тән ерлік пен елдікті таныта білді. Оның Отан үшін жасаған ерлігінің ұлылығында шек жоқ. Совет солдаты адамзаттың ғасырлар бойына жетерлік ілтипатына бөленді». Осы сөз - рас сөз. Оған өз тарапымнан қосарым - 1943 жылы майданда жүріп жазған «Толғауымның» мына бір жолдары: Баяндалған істерді Мен істедім демеймін. Мен істедім дегенше, Мың істеді дегенше, Ер істеді дегеймін. Ер істеді дегенше, Ел істеді дегеймін. Мен мыңдікі болмасам, Ер елдікі болмаса, Кім істеді дер едім?   Қазақта «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін мақал бар.   Жалғыз батыр, жалғыз жан Майданға тұлға бола алмас.   Иә, өткен соғыс совет халқының Ұлы Отан соғысы болды. Біздің халқымыз өзінің кең - байтақ Отанын, ата - мекенін зұлым жаудан қорғады. Бүкіл ел болып қасиетті қан майданға көтерілдік. Жаппай ерліктің өшпес өнегесін көрсеттік.   Сондай ерлік үлгісін көрген сайын: «Осы қаһармандықтың түп төркіні неде? Совет жауынгерлерін Отан үшін жан пида етуге бастаған қандайлық керемет күш?» деп ойлайтын едім. Соны әлі ойлаймын. Шынында, бұл не күш? Бабалардың ерлік дәстүрі ме? Болса, болар. Ерлік пен елдік салтын анамыздың ақ сүтімен қатар еміп өстік. Майданға аттандырар алдында қай ата - ана өз ұлына: «Батыр аталарыңның аруағы қолдасын» деп бата бермеді. Еліміздің революциялық, ерлік дәстүрлері бізге әрдайым дем беріп отырды. Бірақ осы тана ма? Бәлкім, достық болар әлгі күш? Мүмкін. Біздің байтақ Отанымызға тұтқиылдан шабуыл жасағанда, неміс басқыншылары әр алуан ұлттар мекендеген елді оп - оңай ыдыратып, бөрікпен ұрып алмаққа дәмеленді. Бірақ бұл дәмесінен дәнеңе шыққан жоқ. Достық біздің жеңілмес туымызға айналды. Сын сағатта совет халықтары Коммунистік партияның төңірегіне бұрынғыдан да берік топтасты. Әр ұлттың балалары білекке білек, тілекке тілек қосып, ортақ жауға қарсы күресті. Біздің халықтарымыздың достығы қан сорғалаған майданда да, тер сорғалаған тылда да қатал сынға түсіп, шар болаттай суарылып, шынығып, нығайып шықты. Әлде отаншылдық па екен? Отан, атамекен. Совет азаматы үшін бұдан ардақты, бұдан қасиетті сөз бар ма? Біздер командирлер мен саяси қызметкерлер жауынгерлерді ұрысқа әзірлегенде олардың санасында осынау ұлы сөздің кең мағынасын, терең сырын ұялатуды көздейтінбіз. Біз «Отан дегеніміз - Совет Одағы, біздің жеріміз, еліміз» деген даусыз ақиқатты қайталай бермей, әңгімені жауынгердің жан дүниесін тебірентерліктей етіп жеткізуді мақұл көретінбіз. «Арпалыс» романында менің мынадай пікірлерім келтірілген: «Отан дегеніміз не?» - деп сұраймын жауынгерлерден. ─ Отан өзіңсің. Отан дейтін өзіңнің қара шаңырағың. Өміріңе оқталған обырды сен бұрын өлтір. Өлтірсең кімге пайда? Сенің өзіңе. Әке - шешеңе, әйеліңе, балаңа, туған - туысқандарыңа пайда. Әңгіме желісінен өзің де аңғарып отырған боларсың, оқушым, менің ойым өлімге тілсіз мойынсұнудың орнына, өмір сүруге құлшындыратын өршіл талапты өршітіп, осы өміршіл жігерді ұрыста жеңіске жеткізетін мықты қаруға айналдыру еді. ─ Дұшпан сені де, мені де өлтірмек болып келеді. Менің айтар ақылым, саған қояр талабым: дұшпаныңды өлтіре біл деймін. Себебі менің де өмір сүргім келеді. Осы отырғандардың қай қайсысы болса да, өлтір оны, - деп әмір етеді, бұйырады. Өйткені бәрінің де тірі қалғысы келеді. Сен де өз жолдасыңнан осыны талап етуге міндеттісің. Дұшпаныңды өлтіре біл, бірақ өзіңді аман сақта. Сен атаның ақ батасын алған адал ұлысың, анаң ақ сүтін беріп, сені аялап өсірді, «батыр бол, бөпем» деп жастайыңнан тілеуіңді тіледі., ержеткеніңде ел - жұртың ер - азаматымыз деп, сені ел қорғауға аттандырды. Атаның адал батасын, анаңның ақ сүтін ерлікпен ақтау - саған парыз. Сөйтсең, ата - анаң, ел - жұртың атыңды ардақтап, саған алғыс айтады. Мінеки, менің батыр замандастарымды ерлікке бастаған асыл қасиеттер деп өзім осыларды ұғамын. Ел басына күн туар заман болса, Ұлы Октябрьдің жемістерін қорғайтын ер азамат осы қасиеттерді ту етіп ұстайтынына сенемін. Сол себепті жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән беремін. Әшейінде түгім сыртыма шығып, қабағым түксиіп жүрсем - дағы, мен өзім аса балажан адаммын. Мейірленіп, баланың маңдайынан иіскегенді тәуір көрем... Әйтеуір өз басым бала сәбиінде ерке болмаса, өскенде ер де болмайды деп санаймын.   Атақты педагог Антон Семенович Макаренкоға бір әйел келіп: «Баламды қашаннан бастап тәрбиелей бастасам екен?»- деп сұрапты дейді. Сонда А.С.Макаренко: «Балаңыз нешеде еді?» депті. «Туғанына бір апта ғана болды» дейді әйел. Сонда ұлы педагог: «Әттеген - ай, сіз бір апта кешіккен екенсіз» десе керек. Міне, мұнда үлкен мән бар. Меніңше, азамат тәрбиесі бесіктен басталса жөн. Семья - ерліктің, азаматтықтың бастапқы ұясы. Ұл - қызымызды елін сүюге, өз халқын, сайын сахарасын қастерлеуге, ата салтын, ана тілін құрметтеуге үйретсек, - ұлы міндет атқарғанымыз. 1963 жылы Кубаға барған сапарымда Бостандық аралының адамдары менен: «Ерлік деген не? Ол кездейсоқ нәрсе ме?» деп сұрағаны бар. Мен оларға бұрын талай жерде, талай айтқан сөзіммен жауап берген едім. ─ Ерлік - табиғат сыйы емес, ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі. Біздің қазақта: «Туа батыр болмайсың, жүре батыр боласың» деген нақыл бар. Ерлік те, қорқақтық та қысылтаяң жағдайда туады. Сын сағаты соққанда, өзіңнің іс - әрекетіңді қоғамдық борышқа бағындыра білсең, «Жаным - арымның садағасы» деп, қауіп - қатерге қарсы тұра алсаң - батырсың. Басқаны былай қойып, алдымен қарақан басыңның қамын ойлайтын жаннан ерлік күтпе. Рас, кейде бандит те адам таң қаларлық батыл кадамдар жасайды. Өте бір сын сәттерден селт етпей өтетіндер де бар. Бірақ оның батылдығы - батырлық емес. Олай болатыны - бандиттің ниеті бөлек, оның жаңағы ақкөздігінің қозғаушы күші басқа. Ер елі үшін, Отаны үшін басын қатерге тіксе, қараниет қарақшы тек олжа табуды, басқаларды қалайда қан - қақсатып кетуді көксейді, демек, ол моральға сыйымсыз, қоғамға жат, адамгершіліктен аулақ. Міне, мен кубалық достарға осылай дедім. Олар мұнымды құптады. Осыған байланысты отбасындағы, көшедегі, мектептегі, еңбек коллективіндегі тәрбиенің маңызы зор. Әскери - патриоттық тәрбие - ерлік мектебі. Ата дәстүрі жолымен жорыққа шыққан немерелерім мен шөберелерімді көрсем, күні ертең Отан көкжиегін қас қақпай күзететін хас батырларды көргендей болам. Батырлықты, мықтылықты, беріктікті пір тұтқаныммен, белгісіз солдаттың қабірі басында тізе бүгіп, мәңгі алау алдында бас иіп, көзіне жас алған азаматты көрсем, кешегі қан майданда адам айтқысыз ауыртпалыққа иілмеген, сынса да тек шарт сынған батыр замандастарымды қайта тапқандай сезімге бөленем. ...Ұлы Жеңістің 30 жылдығын көрем - ау деп ойлаған жоқ едім. Шүкір оған да жеттік. Қанқұйлы жауды тас талқан етіп, ордасын ойрандаған батыр ұлдарын халқымыз төбесіне көтеріп, осы жолда жанын пида еткен есіл ерлердің аруағын қалай құрметтеп отырғанын көрдік. Бұл нағыз бақыт екен. Ардақтап, аспанға көтерген халық, егер сенімін ақтамасаң, лайықты бағасын да бере алатынын білем. Сондықтан азамат атына кір келтірмейік, замандас. Сыр айтам саған, халқым, ұға білсең, Дайынмын от пен суға маған сенсең. Арымды ақ ниетпен ақтамасам, Рызамын теріс қолмен бата берсең.  
04.12.2012 07:43 16827

 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

(мақала)

«Қазақстан коммунисі»,

1975 ж., № 5

Замандас туралы толғау

 

Замандас туралы ой көкейімнен кетпейді. «Сыр сандықты ашып қара, ашып қара, сырласым, сым пернені басып қара, басып қар - жырласын» деп ақын айтқандай, күмбірлеп, күй боп шертіледі.

Иә, ол кім - менің замандасым? Оның қандай ғажайып сырлары, керемет ерекшеліктері бар? Алматы көктемінің кербез таңында көшеге сейіл құрсам, өзім сықылды ay тартқан ардагерді көрсем, шат - шадыман жастардың үніне құлақ түрсем - соны ойлаймын. Қазір де сондай сезімде отырмын. Сен туралы толғанып отырмын, қадірменді замандас.

Мен әскери адаммын. Қаһарман Совет Армиясының полковнигімін. Сондықтан да мынау бейбіт күннің мен үшін айрықша сипаты, ерекше сәні бар. Өзіме қадір - қасиеті біралуан, қастерлі орын - жиырма сегіз гвардияшы - панфиловшылар паркінде осы биыл бой көтерген «Даңқ» мемориалының да орны бөлек мен үшін. Оларды мен әрі өзгелер сияқты түйсінем. «Өз замандасың туралы не ойлайсың?» деп редакция бір ауыз сауал қойған да дәл осылайша, басқалардан гөрі, бәлкім, сәл өзгешелеу сезімге бөленген болармын деп ойлаймын. Өйткені мен өмірді ерлікпен өлшеп үйренген жанмын, жігіттің жігіттігін халқының намысына дақ түсірмей, ананың ақ сүтін, атаның ақ батасын ақтай білумен бағалап машықтанғанмын. «Ел үшін аянба - ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба - жігіттігіңе сын» дегенде мен осыны айтып едім. Бүгінде халық онымды мақал етіп алса - ойындағысын дөп басқаным шығар.

Марқұм Сәбитше айтсақ, мен кіммін деп мақтанам? Сенің замандасыңмын деп мақтанам, жеңімпаз халқым, жасампаз жұртым. Сенің қара нардай қайыспас қайсарлығыңды, мұқалмас жігеріңді, әр істегі қарқыныңды, революциялық аршыныңды мақтан етемін. Соның үшін, сондайлық дарқандығың үшін алпыс бестің ақ қырауы жапқан басымды иіп, мың мәртебе тағзым етем алдыңда.

Адамның адамгершілік асыл қасиеттері сын сағатта жарқ етіп көрінеді. Соғыс - сондай сынның ең кереметі. Ерлігің мен елдігің соғыстың алмағайып әр сәтінде таразыға түседі, асылың мен жасығың екшеледі, ерекшеленеді. Ұлы Отан соғысының қан майданында совет адамдарының айрықша қасиеті - қаһармандығы, патриотизм!, интернационалдық терең сезімі айдай әлемге әйгіленді. Біздің халқымыз соғыстың адам айтқысыз ауыртпалығын хас батырша қайыспай көтеріп, күллі адамзатқа табандылықтың, ерліктің, бауырмалдықтың, тіпті, керек десеңіз, қайырымдылықтың өшпес өнегесін көрсетті. Ұлы шайқастардың от - жалынында шар болаттай шамырқана шыңдала келіп, соғыстан еңсесі көтеріліп, мерейленіп шықты ол.

Иә, біз көп қиыншылық көрдік. Алғашқы сәтсіздіктердің, жеңілістер мен шегіністердің кермек дәмін таттық. Ұзақ күндер окопта отырып, дұшпанның қайдан соғарын білмей жалтақтаған, жаутаңдаған кезіміз де болды. Бірақ біздің жауынгерлердің ең асыл қасиеттерінің бірі сол, олар қорғана жүріп, шегіне жүріп, шабуылды көкседі. «Сондай бір күн туса» деп, өзегін өрт шалған қаһармандар сол күннің келеріне әбден сенді. Оған өзіміз куәміз.

.. .Москва түбіндегі Осташева деревнясы. Өршелене өлермендікпен алға ұмтылған жау танкілерін бірінен соң бірін маңдайдан соғып, капитан Лысенконың батальоны тұр қасқайып. Фашистер екі қанаттан ілгері өтіп, бұларды қоршауға алғанда да батальон тапжылған жоқ. Ақыры амалы таусылған дұшпан майор Кондель дейтінді жұмсап, келіссөзге әрекет жасамақ болды. «Капитан мырза, енді қарсыласудың реті жоқ. О заманда бу заман арыстанға тышқан қарсыласа ма?» - деді неміс. Лысенко айбарланып, қатулана жауап берді: «Генералыңызға айтып барыңыз," біз бұл жерде жаудың айтқанына көніп, айдауында жүру үшін соғысып жатқан жоқпыз. Біз тұтқын болып еш уақытта тізе бүге алмаймыз, жау алдында шөге алмаймыз. Біз табан тіресіп, арпалысып бағамыз. Ұрыс көрсетеді, майор мырза, қайсымыздың арыстан, қайсымыздың тышқан екенімізді, оны тек ұрыс көрсетеді» .

Айтқандай - ақ, оны ұрыс көрсетті. Атадан ұл боп туған абзал азаматтар бақайшағына дейін қаруланған фашист басқыншыларды Отан жүрегі - Москваға қи бастырмай, жер қаптырды. Сол бір қызыл шұнақ қыс күндерінде солдаттың еңсесі қалай көтеріліп, күн асқан сайын олардың жеңіске деген сенімі қалай нығая түскенін әлі күнге дейін тебірене еске аламын. Құлақшындарының құлағы едірейіп, бір қорадан жүгіре шыққан кара домалақ екі солдат бірінен бірі: «Әлгі немісше», «Тоқта, қолыңды көтер дегенді қалай айтушы еді?» - деп сұрағанын естіп, жүрегім жарылардай қуанғаным әлі есте.

Бұл шабуылдың алды еді, оның жақсы ырымы, жаңалық нышаны еді. Кешікпей біз қасқая тұрып, қарсы шабуылға көтерілдік. Зұлым дұшпанның сағын сындырып, сұрапыл дауылдай тидік. Қашқан жауды өкшелеп қуып, тағы да мың - мыңдаған әзиз ерлердің өмірін құрбан ете отырып, басқыншы сұрқиялардан өз Отанымызды тазарттық, құлдық бұғауына түскен Европаны азат еттік, күллі әлемді фашизмнің қара түнек апатынан алып қалдық. Бұл үшін жеңімпаз совет солдатына барша дүние қарыздар. Бүгін көк шыбық тігіп, жер бетін құлпыртсам деген ниеттегі бір адамды көрсем яки сондай жандар бар екенін газеттен оқысам, сол қарызын өтегені болар деп түсінем.

Мені жұрт батыр дейтін көрінеді. Бірақ майданда менен де батыр, менен де алғыр азаматтар көп болды. Ердің ері етерлік абзал азаматтардың жүзін көрдім. Соларға серік болдым. Солардан тәлім алдым. «Елім» деп еңіреп туған сарбаздар дұшпаннан жасқану дегеннің не екенін білмейтін. Өйткені оларды тәрбиелеп өсірген Ұлы Октябрь еді.

Міне, менің замандасым осындай болған. Керзі етікпен қан кешкен кешегі қилы кезеңді еске алсам, менің көз алдыма сол замандасымның өр тұлғасы келеді. Бірде мен оны әкелік мейірімі шексіз, ұстаздық лұғаты мол Иван Васильевич Панфилов па екен деп те ойлаймын. Әшейінде жауды тайсалмай соғудың сан қилы жолын үйретіп, дұшпанға деген өшпенділікті ту етіп ұстауға баулитын «ақсақалымыз» жаралы жау солдаты колға түскенде, оған мейірімді көзқарас болуын талап еткені, «әскери этика бізді осыған баулиды» деп жұмсақ қана үн қатқаны есімде. Адамгершіліктің, парасаттылықтың өнегесі екен бұл.

Замандасым десем, 1941 жылғы Дубосеково разъезі, онда бекінген жиырма сегіз қаһарман көз алдыма келеді.

─ Россия кең - байтақ, бірақ шегінер жер жоқ. Артымызда Москва! - деп атойлап, қолындағы бір бума гранатпен қарсы келе жатқан қара тажалға - жау танкісіне ұмтылған төртінші ротаның саяси жетекшісі Василий Клочковты қайта көргендей болам.

Әрқашан сабырлы, салқын қанды, қысылтаяңда ақыл таба қойғыш, сергек те сезімтал, бірақ онысын өмірі міндет етпейтін, ешкімнің бетіне жел боп тимейтін қыз мінезді Хаби Рахимов, ұдайы әзіл - оспағын серік етіп, әсте бір қабақ шытпайтын, інілік назы әдемі жарасқан, аңқылдаған ақ көңіл Жалмұхамед Бозжанов, жауына қырғидай тиген қыршын жас Төлеген Тоқтаров - бәрі - бәрі бір - бір елдің маңдайына басса, бақ талабына жарасар ерлер еді - ау.

Москваны қорғау кезінде жап - жас рота командирі, лейтенант Сергей Танков айрықша көзге түсті. Сол азаматқа оқ тиген соңғы минуттарында жанында бірге болғаным бар. Өңі шүберектей болып, ентігіп жатқанында қасына келіп, қолын ұстап едім, сұп - суық екен.

─ Сергей, Отан алдындағы еңбегің үшін рахмет, - дедім батырға.

Танков жәудіреп жатқан күйі күлімсіремек болып еді, шамасы келмеді.

─ Лейтенант Сергей Танков... соғысқа аз - ақ қатысты - ау... қандай өкінішті... - деп, үзіп - үзіп айтты да, көз жұмды..

Дәл осыған ұқсас тағы бір оқиға ойға оралады. Екінші ротаның бақылау пунктінде отырғанмын. Қасымда ротаның саяси жетекшісі Ахтан Хасанов бар. Анау - мынау әңгімемен отырғанымызда, бір жас жауынгер қасымызға жүгіріп келді. Келді де, қалт тұра қалып, мені ескерместен:

─ Политрук жолдас. Сіздің бұйрығыңызды орындадым...

Меня убили, - деді, сөзінің соңын орысшалап. Сөйтті де, сылқ құлап түсті. Жүрегін оқ тескен екен. Бұл тәжік жігіті Ширванзаде еді.

Несін айтасың, нағыз ерлер еді ғой солар.

Рас, ұрыс болған соң өлім - жітімсіз болмайды. Ер өлімімен өлгендерді елі ұмытпақ емес. Ұлдары мен қыздары: «Әкеміз Отан соғысының батыры»,- деп мақтаныш етеді. Немерелері мен шөберелері де ер атасының аруағын ардақтайды. Ата дәстүрін ту етіп ұстап, батырлықты мұрат тұтады.

Сан ұрыстан сау шығып, өз борышын ақтап, елге аман қайтқан жауынгерлер де қазір ерлердің ардақты сапында. Олар да Ұлы Отан соғысының батырлары. Тегінде, батыр деген атаққа ие болудан артық абырой бар ма.

Белгісіз солдаттың қабірі - ең қастерлі төріміз. Солай болуы керек те. Өйткені Ұлы Отан соғысының ең ауыртпалығын совет солдаты көтерді, солдатқа тағдырдың артқан жүгі өте ауыр болды - ол ылғи от пен судың ішінде, алапат майданның ортасында жүрді. «Оның қаны мен терінің арқасында қанқұйлы жауды жеңдік, - деп жазды аса көрнекті қолбасшы, Совет Одағының Маршалы Г.К.Жуков. - Ол өлімге тайсалмай бетпе - бет келіп, нағыз жауынгерлерге тән ерлік пен елдікті таныта білді. Оның Отан үшін жасаған ерлігінің ұлылығында шек жоқ. Совет солдаты адамзаттың ғасырлар бойына жетерлік ілтипатына бөленді».

Осы сөз - рас сөз. Оған өз тарапымнан қосарым - 1943 жылы майданда жүріп жазған «Толғауымның» мына бір жолдары:

Баяндалған істерді

Мен істедім демеймін.

Мен істедім дегенше,

Мың істеді дегенше,

Ер істеді дегеймін.

Ер істеді дегенше,

Ел істеді дегеймін.

Мен мыңдікі болмасам,

Ер елдікі болмаса,

Кім істеді дер едім?

 

Қазақта «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін мақал бар.

 

Жалғыз батыр, жалғыз жан

Майданға тұлға бола алмас.

 

Иә, өткен соғыс совет халқының Ұлы Отан соғысы болды. Біздің халқымыз өзінің кең - байтақ Отанын, ата - мекенін зұлым жаудан қорғады. Бүкіл ел болып қасиетті қан майданға көтерілдік. Жаппай ерліктің өшпес өнегесін көрсеттік.

 

Сондай ерлік үлгісін көрген сайын: «Осы қаһармандықтың түп төркіні неде? Совет жауынгерлерін Отан үшін жан пида етуге бастаған қандайлық керемет күш?» деп ойлайтын едім. Соны әлі ойлаймын.

Шынында, бұл не күш?

Бабалардың ерлік дәстүрі ме? Болса, болар. Ерлік пен елдік салтын анамыздың ақ сүтімен қатар еміп өстік. Майданға аттандырар алдында қай ата - ана өз ұлына: «Батыр аталарыңның аруағы қолдасын» деп бата бермеді. Еліміздің революциялық, ерлік дәстүрлері бізге әрдайым дем беріп отырды.

Бірақ осы тана ма? Бәлкім, достық болар әлгі күш? Мүмкін. Біздің байтақ Отанымызға тұтқиылдан шабуыл жасағанда, неміс басқыншылары әр алуан ұлттар мекендеген елді оп - оңай ыдыратып, бөрікпен ұрып алмаққа дәмеленді. Бірақ бұл дәмесінен дәнеңе шыққан жоқ. Достық біздің жеңілмес туымызға айналды. Сын сағатта совет халықтары Коммунистік партияның төңірегіне бұрынғыдан да берік топтасты. Әр ұлттың балалары білекке білек, тілекке тілек қосып, ортақ жауға қарсы күресті. Біздің халықтарымыздың достығы қан сорғалаған майданда да, тер сорғалаған тылда да қатал сынға түсіп, шар болаттай суарылып, шынығып, нығайып шықты.

Әлде отаншылдық па екен?

Отан, атамекен. Совет азаматы үшін бұдан ардақты, бұдан қасиетті сөз бар ма? Біздер командирлер мен саяси қызметкерлер жауынгерлерді ұрысқа әзірлегенде олардың санасында осынау ұлы сөздің кең мағынасын, терең сырын ұялатуды көздейтінбіз. Біз «Отан дегеніміз - Совет Одағы, біздің жеріміз, еліміз» деген даусыз ақиқатты қайталай бермей, әңгімені жауынгердің жан дүниесін тебірентерліктей етіп жеткізуді мақұл көретінбіз.

«Арпалыс» романында менің мынадай пікірлерім келтірілген:

«Отан дегеніміз не?» - деп сұраймын жауынгерлерден.

─ Отан өзіңсің. Отан дейтін өзіңнің қара шаңырағың.

Өміріңе оқталған обырды сен бұрын өлтір. Өлтірсең кімге пайда? Сенің өзіңе. Әке - шешеңе, әйеліңе, балаңа, туған - туысқандарыңа пайда.

Әңгіме желісінен өзің де аңғарып отырған боларсың, оқушым, менің ойым өлімге тілсіз мойынсұнудың орнына, өмір сүруге құлшындыратын өршіл талапты өршітіп, осы өміршіл жігерді ұрыста жеңіске жеткізетін мықты қаруға айналдыру еді.

─ Дұшпан сені де, мені де өлтірмек болып келеді. Менің айтар ақылым, саған қояр талабым: дұшпаныңды өлтіре біл деймін. Себебі менің де өмір сүргім келеді. Осы отырғандардың қай қайсысы болса да, өлтір оны, - деп әмір етеді, бұйырады.

Өйткені бәрінің де тірі қалғысы келеді. Сен де өз жолдасыңнан осыны талап етуге міндеттісің. Дұшпаныңды өлтіре біл, бірақ өзіңді аман сақта. Сен атаның ақ батасын алған адал ұлысың, анаң ақ сүтін беріп, сені аялап өсірді, «батыр бол, бөпем» деп жастайыңнан тілеуіңді тіледі., ержеткеніңде ел - жұртың ер - азаматымыз деп, сені ел қорғауға аттандырды. Атаның адал батасын, анаңның ақ сүтін ерлікпен ақтау - саған парыз. Сөйтсең, ата - анаң, ел - жұртың атыңды ардақтап, саған алғыс айтады.

Мінеки, менің батыр замандастарымды ерлікке бастаған асыл қасиеттер деп өзім осыларды ұғамын. Ел басына күн туар заман болса, Ұлы Октябрьдің жемістерін қорғайтын ер азамат осы қасиеттерді ту етіп ұстайтынына сенемін. Сол себепті жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән беремін. Әшейінде түгім сыртыма шығып, қабағым түксиіп жүрсем - дағы, мен өзім аса балажан адаммын. Мейірленіп, баланың маңдайынан иіскегенді тәуір көрем... Әйтеуір өз басым бала сәбиінде ерке болмаса, өскенде ер де болмайды деп санаймын.

 

Атақты педагог Антон Семенович Макаренкоға бір әйел келіп: «Баламды қашаннан бастап тәрбиелей бастасам екен?»- деп сұрапты дейді. Сонда А.С.Макаренко: «Балаңыз нешеде еді?» депті. «Туғанына бір апта ғана болды» дейді әйел. Сонда ұлы педагог: «Әттеген - ай, сіз бір апта кешіккен екенсіз» десе керек.

Міне, мұнда үлкен мән бар. Меніңше, азамат тәрбиесі бесіктен басталса жөн. Семья - ерліктің, азаматтықтың бастапқы ұясы. Ұл - қызымызды елін сүюге, өз халқын, сайын сахарасын қастерлеуге, ата салтын, ана тілін құрметтеуге үйретсек, - ұлы міндет атқарғанымыз.

1963 жылы Кубаға барған сапарымда Бостандық аралының адамдары менен: «Ерлік деген не? Ол кездейсоқ нәрсе ме?» деп сұрағаны бар. Мен оларға бұрын талай жерде, талай айтқан сөзіммен жауап берген едім.

─ Ерлік - табиғат сыйы емес, ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі. Біздің қазақта: «Туа батыр болмайсың, жүре батыр боласың» деген нақыл бар. Ерлік те, қорқақтық та қысылтаяң жағдайда туады. Сын сағаты соққанда, өзіңнің іс - әрекетіңді қоғамдық борышқа бағындыра білсең, «Жаным - арымның садағасы» деп, қауіп - қатерге қарсы тұра алсаң - батырсың. Басқаны былай қойып, алдымен қарақан басыңның қамын ойлайтын жаннан ерлік күтпе. Рас, кейде бандит те адам таң қаларлық батыл кадамдар жасайды. Өте бір сын сәттерден селт етпей өтетіндер де бар. Бірақ оның батылдығы - батырлық емес. Олай болатыны - бандиттің ниеті бөлек, оның жаңағы ақкөздігінің қозғаушы күші басқа. Ер елі үшін, Отаны үшін басын қатерге тіксе, қараниет қарақшы тек олжа табуды, басқаларды қалайда қан - қақсатып кетуді көксейді, демек, ол моральға сыйымсыз, қоғамға жат, адамгершіліктен аулақ.

Міне, мен кубалық достарға осылай дедім. Олар мұнымды құптады.

Осыған байланысты отбасындағы, көшедегі, мектептегі, еңбек коллективіндегі тәрбиенің маңызы зор. Әскери - патриоттық тәрбие - ерлік мектебі. Ата дәстүрі жолымен жорыққа шыққан немерелерім мен шөберелерімді көрсем, күні ертең Отан көкжиегін қас қақпай күзететін хас батырларды көргендей болам. Батырлықты, мықтылықты, беріктікті пір тұтқаныммен, белгісіз солдаттың қабірі басында тізе бүгіп, мәңгі алау алдында бас иіп, көзіне жас алған азаматты көрсем, кешегі қан майданда адам айтқысыз ауыртпалыққа иілмеген, сынса да тек шарт сынған батыр замандастарымды қайта тапқандай сезімге бөленем.

...Ұлы Жеңістің 30 жылдығын көрем - ау деп ойлаған жоқ едім. Шүкір оған да жеттік. Қанқұйлы жауды тас талқан етіп, ордасын ойрандаған батыр ұлдарын халқымыз төбесіне көтеріп, осы жолда жанын пида еткен есіл ерлердің аруағын қалай құрметтеп отырғанын көрдік. Бұл нағыз бақыт екен.

Ардақтап, аспанға көтерген халық, егер сенімін ақтамасаң, лайықты бағасын да бере алатынын білем. Сондықтан азамат атына кір келтірмейік, замандас.

Сыр айтам саған, халқым, ұға білсең,

Дайынмын от пен суға маған сенсең.

Арымды ақ ниетпен ақтамасам,

Рызамын теріс қолмен бата берсең.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға