Естен кетпес есім
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Естен кетпес есім
Сәйділ Талжановтың туғанына 70 жыл толуына
Әр адамның өмірден алашағы да, оған берешегі де бар. Осыған орай әр кімнің бойындағы күш-қуат мөлшері де, талант-қабілеті де әрқалай. Әр адам алдына қойған мақсат-мұратына, бақыт баспалдағына қилы жолдармен келеді. Өмірде жолдар көп. Өз күш-қайратына, қабілет-мүмкіндігіне сай өз жолыңды дер кезінде айна-қатесіз таңдай білсең, таба білсең,— ол да бақыт. Біреулер өмірден өз жолын таба алмай опық жесе, енді біреулер тар жол, тайғақ кешулерді өткеріп, алтын уақытының біразын сарп етіп барып, бақыт биігіне бастаған даңғыл жолға түседі. Олар жасуды білмес жігерлі, бойындағы талант күшін асыл мұраттары үшін жұмсай білген, соңында айтулы із қалдырған өнегелі жандар. Біздің Сәйділдің бойында да осындай жақсы қасиеттер мол еді. Менің көз алдыма әманда өз тұстастарының көбінен алғыр, көбінен білімді, оқығаны, тоқығаны көп, бүкпесіз адал да аңқылдаған ақ көңіл Сәйділ елестейді.
Ол алғашқы кездерде оқуға, білімге көп күш салды. Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінің Шығыс факультетінде, ҚазПИ-дің тіл және әдебиет факультетінде оқыды. Сол кездердің өзінде-ақ әдебиетпен шұғылдана бастаған. Кейіннен қаламы ұшталып, кемеліне келе бастаған тұста тағдыр тауқыметін тартып, өнердің бұл саласынан ұзақ уақыт шеттеп қалды. Осындай түрлі себептермен әдебиетімізге кешеуілдеп оралған ол ақындыққа талпынды. Прозаик те аудармашы да болу қолынан келді. Ғылым кенін қазды. Осының бәріне ол жастық жалыны бәсеңсіп, шау тарта бастаған шағында аз уақыт ішінде қолы жетті.
Оның қаламынан туған монографиялық еңбектер, халқымыздың ардагер азаматы, жыр дүлдүлі Сәкен Сейфуллин жайлы повесть, «Адам туралы толғау» деп аталатын естелік новеллалар, «Орыс ойшылдары», «Көркем аударма туралы» тағы басқа кітаптар аз да болса әдебиетімізге қосылған Сәйділдің сүбелі еңбектері. Дегенмен бұл туындылар оның өз мүмкіндігінен әлдеқайда аз. Сәйділдің бермегенінен берері мол еді.
Әр бапкер қашанда өз жүйрігін бәйгенің алдынан көргісі келіп, елеңдеумен, толқумен болады ғой. Тұлпардың ұшқыры бар, тойпаңы бар. Ұшқыры ә дегенде алға түсіп, тойпаңы біразға шейін елеусіз тасада жүреді. Қыза келе бауырын жазып көсіле шабады. Бұндай қасиет жазу өнерінде де жиі кездеседі. Сөйтіп қилы себептермен зая кеткен еселі уақытының есесін қайтара біледі. Соңғы бес-он жыл ішінде өзінің еңбекқорлығын, алымдылығын, мүмкіндігінің молдылығын танытып үлгерді. Жасының ұлғайғандығына, сырқаттығына қарамастан, жастық жігермен құлшына еңбек етіп, көп іс бітірді. Әсіресе, оның аударма саласындағы зерттеу еңбектері ой тұжырымдары, көп ізденіп, көп оқитындығының айқын айғағы дер едім. Ұлы классиктер В. Белинскийдің, Н. Добролюбовтың, М. Горькийдің парасатты әдеби мақалаларын аударып, қазақ оқырмандарына таныстырды. Ол сондай-ақ қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне де еркін аударатын.
Сәйділ көз тірісінде қалт етіп қолы босай қалса, маған келіп ұзақ әңгімелесуші едік. Мен оның ішкі, сыртқы тереңдігін, азаматтық бет әлпетін, жан дүниесін сонда зерттеп білдім. Ол елін, жерін шынайы сүйген патриот көңіл түпкіріне ештеңе сақтамайтын, адал, ақ көңіл адам еді. Әзіл-оспаққа да бейімділігін көрсетіп, кейде ішек-сілемізді қатыра күлдіріп те алатын. Оның ерекше бір қасиеті дастарқан басында болсын, мәслихат, жиындарда болсын сөз кезегі келе қалса:
«Жолдастар, пәленшекең бір сөзінде былай деп айтқан» дер еді орыс, немесе шетелдің белгілі бір жазушысының ұлағатты бір сөзін мысалға келтіріп алатын.
Бірде мен:
— Сәйділ осы сен «пәленшекең бір сөзде былай деп айтқан» демесең отыра алмайсың ба,— деп әзіл айтып ем:
— Аға, менің аузымның әзірге дуасы жоқ, сондықтан да дуалы ауыздардан шыққан сөздерді алдыға салғым келіп тұрады,— деп бір күлдірген еді. Кейіннен ол докторлық диссертация қорғаған тойында:
—Осы тосты Сәйділдің аузы дуалы болуы үшін көтерейік,— деп менің де бір күлдіргенім есімде.
Сәйділдің қызық-қызық мінездері бар еді. «Пәленшекең бір сөзінде былай деп айтқанынан» шығып жатыр. Мен оның кейде жанынан қосып та айта салатынын естіп, бірде:
—Сәйділ-ау, ол кісі олай деп айтқан жоқ сияқты еді ғой,— дедім.
Ол әдеттегісінше, риясыз бір күліп алды да:
—Аға, ол рас. Бірақ, мен кімге қалай айтуды білем ғой. Өйткені, кімнің оқитынын, кімнің оқымайтынын күні бұрын зерттеп алам,— деп бір қойды.
Ол өз шаңырағын адал сыйлаған өнегелі семья басы, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған тамаша әке еді. Жұбайы Зураның әманда көңілін табуға тырысып, көңілді жүруіне үлкен мән беретін. Біз оның бұл қасиетіне де риза болып:
—Біздің Зура бір сөзінде былай деп айтқан,— деп өз сөзін өзіне қайталап қалжыңдаушы ек.
Сәйділ қызмет бабында біреуден көңілі қалса да үйге келіп, бүкпесіз шындықты ақтаратын.
—Жұмыстың аты жұмыс қой, оған қам көңіл боласың,
— деп кейде мән бермегенге ұқсайтынмын. Ондайда:
—Өздеріңе ешкім тимеген соң, үндемей отыра бересіңдер,— деп жас балаша бұртиып өкпелей қалатын.
Жоғарыда ол елін, жерін сүйген патриот еді дедім. Жылына неше мәрте туған жеріне барып, ауылдастарының, туған-туыстарының, дос-жарандарының ортасында болып, аунап-қунап қайтпаса көңілі көншімеген болар еді. Бұл турасында да бірде әзіл айттым:
—Жаман әйел төркіншіл дегендей, қайта-қайта еліңе бара бересің. Ауылдастарыңа «пәленшекең бір сөзінде былай дегендеріңді» айтарсың. Пәленбай қойдың басын жеп, пәленбай кесе сорпа ішерсің, сірә сонда денсаулық түзеле қояр ма екен. Онан да дәрігерге көрініп, емделсең етті.
—Сырқат біткеннен құлан таза жазыла беру де мүмкін емес-ау. Дәрігерге барып қаралсаң «әне жеріңде бір дерт бар, мына жеріңде бір дерт бар» деп сырқатыңа сырқат қосып, көбейтеді де емханаға қамап тастайды. Онда да елге бір барып, аунап-қунап қайтсам әжептәуір тыңайып, қайраттанып қалам,— деді ол.
Ғұмырының не бір асыл кезеңдерін, жастық жігерін үлкен істерге бағыштауға мүмкіндігі болмағандығына өкінгендіктен бе, қалған уақытын еселі жылдардан есесін қайтарып қалуға жұмсағысы келгендіктен бе, әйтеуір, ол емханаға жатудан қашқақтайтын еді.
Ол өмірінің соңғы жылында «Қазақ әдебиетінің даму кезеңдері және сол процестегі аударманың рөлі» деген тақырыпта филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Бұл еңбегінде қазақ әдебиетінің тарихын, мәдениетін, тілін, Иран, араб, монгол, орыс, түркі тілдес туысқан халықтарын, тарихи қарым-қатынасы мен өзара ықпалын салыстыра отырып, ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеді. Оның бұл еңбегі көрнекті ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды.
Арада төрт-бес ай өткен соң Сәйділ дүние салды. Бізге оның құнды әдеби мұрасы қалды. Демек, ол халқының, дос-жарандарының ортасында, көңіл түкпірінде.
декабрь, 1976