Қазақстан Мемлекет театры
Қазақстан Мемлекет театры
Әдетте, театр туралы сөз болғанда ең алдымен сахна өнерінің жаны, көркі саналатын труппа жайынан сөйленеді. Труппада өзгеден бөлініп өзіне арнап белгілеп алған бағыт, түр, үлгі, арнаулы мінез бар.
Сахна өнерінің ең зор таянышы, ең бірінші қатардағы қымбатты қажет бұйымы труппа екені шексіз. Мұны екінің бірі түсінеді. Сондықтан Қазақстан өз жеріндегі сахна өнерінің іргетасы осы деп, өзге бұйымдары дайын болмаса да, ең алдымен Қазақстан мемлекет труппасын жасап отыр. Қазірде біздің труппамыздың екі жылдық тәжірибесі бар. Екі жасқа толғанда, басынан атқарған қилы-қилы заманы, жақсылық табысы бар. Сонымен бірге арыла алмай келе жатқан кемшілігі, олқысы да бар. Рас, театрдың жалпы кемшілігінің бәрін бірдей труппаға аударуға болмайды. Ойыншының шамасынан тысқары шығып кететін жағдайлар болса, оның бәрі үшін жас труппаны кінәлауға болмайды.
Бірақ сөз жалғыз ғана труппа жайында емес, қазақ елінің жалпы сахна өнері жайынан болса, ол күнде қайдан шықса, онан шықсын, кемістік болған нәрселерді атап өтпей болмайды.
Труппаның өзіне келсек, екі жылдық тәрбие арқылы тапқан табысы, бүгінгі қазақ елінің жас өнеріне сіңіріп отырған еңбегі, көруші халыққа беріп отырған қуанышты жақсы әсері өте көп. Бұның бәрін кейін толығырақ айтпақпыз.
Жалпы труппаның асылдығы хан қазынасындай болса да, өзге жағдайлардың тізесі оны шөктіріп, шірітіп жіберуге болады. Қысқасы, труппаның өсуі жалпы сахна өнеріне керек болған көп шарттардың түгел өсіп, түгел толық болуымен нық жалғасады.
Сондықтан мұндай шарттарды санамай, еске алмай, сынамай қоюға болмайды.
Екі жылдық тәжірибесінің соңында қазақ труппасы өзін кімге де болса елетіп ескертуге жарап қалған сияқты. Труппаның бүгінгі табысына қарап, біз: «Шүйінші! Қазақтың сахна өнері туыпты», — деген қуанышты айтуға болады. Бүгінгі труппа көп кемшілігімен қатар осы сөзді айтуға жарайды.
Бірақ труппаны сөз қылудан бұрын сахна өнерін қос қанаттап тартып, жылжытып өрлетуге себеп болатын өзге шарттары не күйде? Ең әуелі соны шолып өту керек.
Бұл жайда, ең алдымен, әңгіме сол труппа ойнап жүрген театр турасында болады. Артистер ойнайтын сахна, көрушілер отыратын зал туралы.
Сахна әрі пьесаны көріктірек қылып қойғызатын декорация, киім, бұйым сияқты шартымен зал ойын көруге келген халыққа тыныш, кең, жайлы отыратын көңілді жағдайларда емес.
Қазақтың қазіргі сахнасында ойналып жүрген пьесаларына қарағанда, театрға сол пьесаларға керек бұйымдарды табу, дайындап алу қымбат та, қиын да сияқты емес. Бірақ бұл көңілге солай екен. Іс жүзінде байқасақ, бүгінгі театрға сол болымсыз жағдайлардың өзін де түгендей алмай отырмыз.
Бүгінгі біздің театрдың тарихи дәуірі де, пьесаларының арналған темалары да көбінесе нағыз қазақ тұрмысын көтермей, бояуын қалыңдатпай, әшекейлемей, бүгінгі тұрған қалпында айнаға түсіргендей реалистік жолында. Бұлай болса, әрбір пьесаның сыртқы көрінісі (декорация, киім, салым) түгелімен өмірдің толық айнасы болуы шарт. Шынына тарту, өмірдегі ұлы көрініске ұқсату керек. Осы жағынан қарағанда, қазір ойналатын қай пьесаны көрсең де ең әуелі киім-салым жағынан, сол киімдердің үлгісі жағынан қарағанда, көзге неше түрлі өрескел кемшілік, кеденшілік көрінеді.
Бір пьесаның бір бөлімінде қара киіп шыққан көк шапан екінші бөлімінде Көкеннің үстінде, үшінші бөлімде тағы біреуде, ертеңгі ойында тағы жазған көк шапан, сол сусар бөрік кеш бойында тағы да бірнеше кісінің иығына жабысып шығады. Осы сияқты бір-екі, екі-үш тымақ та бөлім басы сайын бір құлағын жымырып алып, бастан басқа секіріп, алшысынан түседі де отырады.
Бұл — бір сәрі жұмыс. Екінші, үлкен бір кемшілік тағы да театрдың кедейлігінен туып отырған нәрсе: сахнада қазақ елінің әр жерінің әр алуан үлгісі де еске алынбайды. Қазақтың әр жерінің тымағында, әйелінің бас киімінде орасан айырмалар бар. Бұл айырмыс Европа көзіне анық байқалмаса да, қазақ жайын білетін қазақ көзінде елеусіз, ескерусіз болмайды, бола алмайды.
Ақмола жағының тоқалы жаулығын салынып отырғанда, Арқалықтың жеңгесі бір ауылда, бір үйдің ішіндегі екі әйелдің бірі бола тұрып, Семей, Өскемен, Зайсанның кимешек пен шаршысын тартады; өмірде бұл еш уақытта болмайтын жұмыс. Қыз бөтен елге ұзатылып келген соң бас киімін сол елдің өз үлгісіне ауыстырады.
Осы сияқты бір үйдің ішінің еркектеріне де біріне бөрік, біріне тымақ кигізу мақұл емес. Ағайын деп көрсеткен киімнің бірін Түркістанша, бірін Семейше кигізсек, қайдан жақсы болады.
«Ревизордың» чиновниктерінің біреуіне француздың XVIII ғасырдағы ақ шалбар, көк фрагын кигізіп, басына парик қаптап шығарса, орыс театрына қандай ұят, масқара сияқты көрінер еді. Суреттілікке арналған сыншылдық (художеств, реализм) шарты оны істетпейді. Біз бұл уақытта жәрмеңкенің балағанына арнап ойыншық жасап отырғанымыз жоқ. Олай болса, бұл сияқты кемшілікті жою керек. Жоюдың қажет екенін әрбір артист өз ішінде анық түсіну керек. Ойнауыңмен, сөйлеуіңмен ғана емес, жалпы сыртқы көріністерінің, үлгілерінің өзімен де пьесаның ішіндегі әңгімеге үйлесетін бірбеткейлік керек.
Жалғыз ауыз сөз айтпай, құр ғана сахнадан көп ішінде үндемей өтетін статист (мылқау ойыншы) болса, соның да киім үлгісі геройдың үлгісімен бірыңғай болу керек. Сахнаға сезгіштік, сыншылдық, жарастық үйлесімді талғай білетін мәдени үлгілік осындайдан туады. Бұл үлкен негізді мәселе. Сондықтан сырт көзге, көпшілікке ұсақ нәрсе сияқтанса да біз әуелгі сөзді осыдан бастадық.
Осы сияқты жайды сахнаға декорация құру турасында да ескеру керек. Қазақтың кей жерінде үй ішіне Европа саймандары — шкаф, айна, темір төсек сияқтылардың кіргені бар. Ауқатты үйде осы болса, сол елдің ішіндегі кедей үйде кебеже, жүкаяқ, ағаш төсек сияқтылар болады.
Бұл сахна жайы болса, көрушілер отыратын залға қарағанда Европа театрының тарихындағы орта ғасырды көресің. Бүгінгі мемлекет театры ойынға келуші халыққа бір де қолайлы шартты беріп отырған жоқ. Ең әуелі сыртқы киімді шешетін жер жоқ. Зал толған бөрік, тымақ пен көмпиген қалың киім. Нөмірсіз орын, ойын басталғанша басылмайтын дабыр-дүбір, орынға таласқан шаң-шұң. Ыстық залда қалың киіммен отырып пысынап, тынышсызданған мазасыз халық. Сахна маңындағы бос орындарды жағалаған тентек балалар, кей уақытта емшек баласы да мемлекет театрының көруші халқының бірі болады. Ойын ортасында сықырлап есік ашылып, аяқтың сарт-сұрты басылмай жататын кездері бар. Кішкене тыныштық алып, енді сахнаға қарай бастағаныңда, артқа таман отырған кейбір ер жігіттің әмірлі дауыспен «қаттырақ» деп қойған айғайын да есітесің. Мінезсіз ел кейде дабырды өзі бастап алып, артынан көпке шейін өзін-өзі тоқтата алмай, жағалай «шыш-шыштап» шыжылдап, ысқырып та жатады.
Осының бәрі онсыз да тыныштығы кетіп отырған артиске өкшесінен сұққан біз сияқты әсер етпесіне шара жоқ.
Ретсіздігін өзіне шаққандай болып, сол залдың өзіне жалтақтап қарайды. Кейде жаның да ашиды. Бүгінгі артист баяғы роль жаттамай шығатын, залға құр мағынасыз мақтана қарайтын санасыз сөдегей ойыншы емес. Бәрі де міндетін зор түсінген өнер қызметкері, саналы еңбекші.
Көп ойынын көрмесек те аз ғана нәрселеріне қарап, қазіргі мемлекет труппасынан алған алғашқы жақсы әсер сол болды. Труппа екі жасқа толған шағында, өз ортасында өнер иелерінің әралуан түрлерін көрсетуге айналған сияқты.
Жай өмірде күнде көріп жүрген көп-көп жан, сыртқы жүріс-тұрысы, әдет-мінезбен біріне-бірі өте ұқсас сияқтанса да шындап тексеріп, тесіле қарай келгенде, бірінен-бірінің айырмасы, жаттығы, шалғайлығы өте көп боп шығады. Өнер пырағына мініп өмірге келем деген артист те сол сияқты. Ӏшінен шынымен қыздырып желістіріп, өршелендіріп айдап тұрған өнер болса, әрбір артисте әшейіндегі қалпынан, әдеттегі шегінен шығып кетіп, өзге шын бір адамға ұқсайтын өзіне хас әдет-мінезі бар, қайта туғандай алуаны бөлек адам болу керек. Бұл жолда артист әдеттегі өз қалпына ұқсамау керек. Танымастық болып құбыла білу керек. Құбылыс бетте, денеде ғана емес. Жүректен, тереңнен шыққан толқындай болып келсе, нағыз бойды жеңген шындығы және айғызымен айқынданып шығу керек. Артист те ақын. Артист жыны келген бақсы есепті. Ақынша жүрек күйінен құбылып, бақсыша пішіні суып, шұғыл құбылыстарға тез ойнақтап ауысып шығып отыру шарт.
Осы күйлерді әрбір артист өзіне ғана қас болған ерекшелікпен шығару керек. Сонда ол ешкімге ұқсамайды да, оған ешкім ұқсай алмайтын болады. Бұл өзгешелік оның туыстан ала келген өзгешелігі сияқты — өнерінің өзгешелігі.
Осы шартқа үйлесуге шамасы жеткен артист болса, ол шын өнер иесі де, түр тапқан, қалыптанған артист болмақшы.
Егер артистің жекелік пішіні болмай, біріне-бірі ұқсап, я болмаса бәрі қиылып бір үйретушінің ғана қалпынан соғылып, сол қалыппен таңбасын жоғалта алмай тұрса, ол өспегені, иә болмаса артистің өнерсіздігі.
Біздің труппаның бүгінгі қалпына келгенде, осы екі жайдың қайсысы басымырақ?
Әрине, әдейі труппа деп сөйлегенде, бүгінгі сахнаға шығып жүргендердің бәрі бірдей бастан-аяқ таланты ашылған, қалыптанған артист деп айтуға болмайды. Араларында сахнаның оқшау қызметкерлері, қосалқы болып жүрген кірмелері де бар. Әңгіме бұлар жайында емес. Түбегейлі қазақ сахнасының қызметкерлері болуға дайындығы бар азғана топ бар. Сөз солар жайында болу керек. Бұлардың саны 7—8. Жаңағы айтылған екі саты басқышқа осыларды әкеп салыстырып байқасақ, төменгісінің шегінен бірен-сараны болмаса, көпшілігі өткен сияқты. Бірақ алдыңғыға толып жетіп болғаны да жоқ. Жаңа қалыптанып, өз орнын жаңада ғана дұрыстап тәрбиелей бастаған, мөлшеріне қарай көпшілігі бүгін болмаса ертең көңілдегідей шын мағыналы өнер иесінің үлгісін береді деген үміт зор.
Ең әуелі артистердің әрбір ойнап жүрген пьесаларынан өздеріне төл ат сияқты қып алған меншікті типтері туғызып алған маңдай ойыншылар бар. Жалпы жайлары осындай болғандықтан, жеке артистің өз атына мініп, өркештеніп шығатын ойындарын түгел көрмей жеке-жеке сындарын толық айтуға болмайды.
Мен «Арқалықты», «Айшаны» ғана ойнағандарын барып көрдім. Бұл екі пьесаның ішінде, әсіресе, «Арқалық» қазақ ойыншыларының күшін өзінше, өз қалпына қарай екшеп, бірнеше ойыншыны барынша ажарландырып көрсететін болыпты.
Осы ретте өзге көп ойыншы тобынан жеке-дара болып шығатын Қара шешен роліндегі Серке, Арқалық ролінде Абылқай, Әжіхан роліндегі Қалыбек. Онан соң ұсақ рольдермен шығатын, бірақ алғанының тағы қайсысын болса да біріне-бірін ұқсатпай, көңілдегідей құбылып ойнайтын Елубай. Бұл «Арқалық» ішіндегі көп рольдерінің барлығынан диуананы әсіресе келістіріп ойнайды.
Осы айтылғандардың қайсысы болса да сыртқы ғана қозғалыс, бет құбылысымен ғана ойнамайды. Бәрін де шын толқынған жүрекпен ойнайтыны даусыз сияқты.
Өз ролінде әрқайсысы да сахнада сезім өмірін бастарынан толық кешіріп, көрушіге де солай түсіндіреді. Көрушіні еріксіз мойындатып, бағындырып алып, қошеметпен күлдіруге де, бас шұлғытуға да жарайды.
Әрқайсысының ойынында, пьесаның адамын өзінше емін-еркін түсінген қырағы зеректік бар. Әрбір ісі санаулы ерте күннен есептелген, бапталып дайындалған, барлық қозғалыстары мағыналы, маңызды, әсерлі. Осы сияқты белгілер әрбір артистің өнеріндегі негізгі бағытын іштей қалыптанған, айқын, ашық пішінді мінезін анықтап көрсеткендей болады.
Өнер құлағы көрінгендей, қай-қайсысының болса да туыстан алған өнер сыйы кім-кімге болса да бетін ашып, өзінің тесік моншақ екенін танытып тұр.
Осы ретте алған роліндегі Қара шешеннің мінезін, онан соң Дүрбі ханының мінезін көрушіге өте айқын, сұлу бояумен өте ұғымды қылып, түрлендіріп көрсеткен бірінші қатардағы еңбек Серкенікі сияқты.
Бұл әншейіндегі қозғалысы жоқ, отырысы көп, салмағы ауыр, салбыр, еріншек, кең қолтық, балпаң қазақты сахнада жан беріп тірілтіп жылпың қылып жібере алады. Солай болмай, театр сахна өнері болмайды. Біраз бояу бермесе, сахнада өнерлік пішін болмайды. Мінез әсем болмайды. Тегінде, ат үсті болмаса, жаяу күйінде, әсіресе, жерде малдасын құрып отырған уақытта қазақ — кісендеулі тұрған ат. Күн өзінің бір көрікті жылы шағын мына батырдың ақылды, жылы көзінен білдіріп, танытып тұрған сияқтанады. Төңбектеп алысқа шабатын жері қашық қазақ жүйрігінің кәрі қара қайратын Абылқай өзі де ұққан, ұқтыра да біледі.
Осының орайына, заманының жыны сияқты таусылмайтын арамдық, сұмдық иесі Әжіханды Қалыбек те әдемі суреттейді. Көп жұрттан ұрланғандай, Арқалықтың бетіне тіктеп қарай алмай, сырт айнала беріп, сызданып суық қарайтын ала көз, бұл ханның бар жайын баян еткендей болады. Тура қарасқанда, төменшіктеп жерге қарай үзіліп, сүзіле береді де, мойын бұрылып Арқалықтың көзі тайғанда «алдадым, алдадым» деп кетеді.
Көп күлмейтін, көп шешіліп ағытылмайтын суық бетінде «ақ-қара» дегеніңді талғамай, қара кесекке майды астарлап асағандай жаманшылық пен жақсылықты бір жерге үйіріп, бітімдестіріп, өз керегіне түгел жарататын арсыздық, сезімсіздік сыры білінеді. Осымен қатар сыртқа өзін бояп, сылап, қылмитып, жылтыратып көрсететін жасама жарастық, машықтанған айдыны да бар. «Сен сонаны сүйт», — деп, сыр бермейтін зілменен салмақтайтын тасқағары анық, ашық әмірлер заманындағы хан билігін елестетеді. Таралған сымдай созылған, өзінше тәрбиелі маңызды хан. Қалыбек іштегі суық, арам ниетпен жалғасқан сырттың сыпайы жасама көріністерін әдемі бітімдестіреді. Мұнда мағынасы көп қалтарыс, бұлғағы мол ауыр мінезді трагедия геройларын әдемі ұғынатын қырағылық, тереңдік бар. Қай рольді болса да бойлап кетіп, тереңдеп барып ерекше толық ұғынатын сезімділік бар. Ӏлгері өзін-өзі көп тәрбиелесе, істеп жүрген істерін өзінің жүрегіне, миына толық қондырып алып, іштей көбірек толғайтын болса, мұның алдындағы келешек тіпті зор сияқты. Мағыналы, іргелі, күшті суретшілік белгісі бар.
Өзінің таңдаулы роліне тап келгенде, осылар қатарлы тірлік көрсететін — Елубай. Бұл көрсеткен диуана, жалпы диуаналық деген нәрсеге жасалған қатал сын, ең қатал жаза сияқты. Әрине, өмірдің үлкен жауыздығы диуаналық емес. Ол шын дегенін бұзып-жармайды. Көбінесе, адам қауымында диуаналық сорлылықпен шектеседі. Бұл күнге шейін оның шала-мұла дәурені болса, бұдан былай ол жоғалады, өшеді. Сондықтан онымен үлкен құрал ұстап алу керек емес. Күлкі, мазақпен де пендені жерге жаныштап кетуге болады. Елубай осы құралды ұстанған. Ол диуаналықтың барлық диуанаша мағынасыздығын, жауырынын бүрістіріп жіберіп, қалшылдап қызарып, күре тамырын адырайтып қатып тұрып: «Ақ!» — деп жіберіп, қызыл көздерін қайшыландырып, қылиландырып жібергенде, зал тегіс шашу шашқандай қуанады. Күлмейтін кісі қалмаса керек.
Диуаналыққа сол күлкі — өлім күлкісі. Елубай Түркістанның бар диуанасына сабақ болады. Бірақ диуаналықтың жаназасын шығарушы да сол Елубайдың өзі.
Елубай — қызу қанды, ащы мысқыл иесі, ішінде сахна өнерінің қайнар көзі бар, жанды, отты ойыншы. Шынымен бабына келтіретін роль болса, Елубайдың іштен тасып шығатын қызуы өте мол. Мұнда өмір екпіні, өнер оты тіпті күшті сияқты. Сондықтан залды баурап билеп, бағындырып алатын албастысы барға ұқсайды.
Бірақ мұның қаупі салақтығында бола ма деймін. Рольдерін көбірек ойлап, іштей көбірек қорытып алмаса, үстірт кететін жерлері болатын сияқты. Бұл жайын кейін айтамыз.
Бұлардың соңғы мен көрген ойындарда өздерін көңілдегідей жақсы ұстаған Жандарбекұлы мен Латып. Бірақ екеуінің рөлі де өздерінің нағыз бойын түгел көрсететін рольдер болмағандықтан, бұлар турасындағы сөзді кейінге қалдырдық. Әр артисті өркештендіретін өз рольдері бар екен. Бұлар ойнайтын пьесалар мен барда ойналған жоқ. Сондықтан әзірге сөз ерте айтылатын, астын-үстін кететін сөз болуға болады.
Әзіргі санағандарымыздың барлығы — жігіттердің арасындағы ойыншылар.
Қазақ труппасында саны аз болса да әйел ойыншылар да бар. Бұлардың ішінен Жанбике, Зура, Оразке, Исаның келіншегінің ойындары жақсы әсер етеді.
Жанбикенің үлкен, жақсы белгісі — өзін-өзі көп тексеріп, көп еңбек қылатын сияқты. Мұнда ауырды жеңіл қылып, берілместі аламын деген талап көп. Осы жағынан қарағанда, жігіттердің болсын яки басқа әйелдердің болсын бәрінің арасында ерекше қажырлы, барынша ықыласын берген, еңбегі күшті, талабы зор ойыншы Жанбике екенінде дау жоқ.
Зура «Қаракөз» ролінде қайта туғандай болады деп, көп көрген көп сыншылар куәлік береді. Бірақ мен оны ол ролінде көргенім жоқ.
Қазақ труппасының пьеса, спектакльмен бірге жасап дәуірлеп келе жатқан сенімді жақсы күштері осы болса, осымен қатар, баяғы кәрі қазақ өнерінің анайы топырағынан келе жатқан асыл бұйымдай қадірлі ірі күштері тағы да бар. Бұл — Иса мен Әміре.
Иса желпініп, үзілмей соққан cap даланың желі сияқты, сол даладай кең, мол ақындықтың иесі. Бүгінгі Европа Исаның ақындығындай суырыпсалма, желермен, тұтқиыл ақындығын ақындық теңізі деп түсінер еді.
Осы күнгі Европаның сахна өнеріне мұндай сый жат болып, жоғалып кеткен. Бұл — сахна өнеріндегі таза қазақ тумасы. Құмды, желді даланың жан жаралған жайын төсті сыпырғысы сияқты молдан пішілген дала табиғатына үйлескен бір өнер. Бүгінгі қазақ сахнасында Иса әлденеше ғасырларды жиғандай, мәдениет тарихының әлденеше дәуірлерін бітімдестіргендей.
Мұның арты баяғы кәрі заманнан саналы толғау иесі жыраудан, ру бәсекесінде ат жарыстырғандай сөз жарыстыратын айтыс ақындарынан келе жатқан суырыпсалма. Бүгінгі тұрған орны сахна. Айтылып қалған сөздері әдебиет туындысы. Иса сахнадан үгіт айтады, сын айтады. Өзі түсінген мөлшерде сұлулықты, жарастықты жырлайды. Өлең жырмен әңгіме баяндайды. Табиғатты сипаттайды. Өлеңмен күлдіргі қалжың айтады. Жақсының сарынындай құбылып, бүктетіліп толқынған желдірменің әніне қосылғанда, шалқыған ақындық сөзін ту қып ұстап, заманды қазып келе жатқан өнер желмаясының шабысы елестегендей болады...
Жалпы сахна өнеріне Исаның нөмірлері жаңадан қосылған жат бұйым сияқты. Мұның өрісі театр жолында емес, ақындық, әдебиет тарихының бағытында сияқты. Бірақ бұл алғашқы қараған көзге ғана солай көріну керек.
Әйтпесе, қазақтың баяғы суырыпсалып айтатын айтыс ақындарының үлгісі бұл заманға ауысып келгенде, әдебиет тарихынан да сахнамен туысуына керек, сол қажет.
Баяғы тойда, топта жырлайтын қазақ ақыны сол заманының сахна өнерін жасаушылар деп танылу керек. Әдебиетке олардан сарқылып қалған сөз болса болды, болмаса жоқ. Олардың қызметі алдында қарсы қарап құлағын түріп, тыңдап отырған көруші мен тыңдаушысына арналған болатын.
Қазақ сахнасы ол күнде жанданған сөзбен күн көрген жоқ. Ақындық қоры мол болғандықтан тың, жаңа сөзбен жасаған.
Ел бойына мол боп біткен өнер, сахнаның сондайлық өзгеге жат бір түрін тудырған.
Тегінде, жалпы суырыпсалма ақындық, әдебиет қорына, жалпы, мағыналы ақындық қазынасына өте үлкен мағыналы бұйым қосуы қиын. Онысы өлең шығарған реттерінен, заңынан да көрінеді.
Бірақ суырыпсалма өлең көп алдында ақынның өз аузынан сол арада ғана шығып, арнаулы сарынға түсіп, домбырамен бірге қанат қағып алып ұшып келе жатса, ең әуелі өте әсерлі жарастық, үлкен әсерлілік сол шабысының өзінде деп саналу керек.
Әдебиет, музыка, сахна — бәрінің бірдей бас қосқан жері — осы. Адамдағы салтанатты, сымбатты өнердің өзгеге жат, бізге таныс бір алуан түрі, үлгісі — осы.
Бұл әдеттегі қарындаш ұстап қағазға жазып, мағыналы болып түрленіп, үкілі маржанды болып шығамын дейтін ақындықтың анда-санда ойынға шығып бой жасағаны, балаша асыр салған ойнағы сияқты.
Ұғар болсаң, бағалай білсең, осы халінде, осы минутында бағала да, тамашала.
Және әдебиет болса, оның бәрін тасқа түсіріп таңбалап, ертеңгі тарих қолына тапсырған күнде ғана әдебиет деп бағалаймыз ба? Онан соң тасқа түскеннің де қаншасында қаншалық ұзақ өмір бар, оған кімнің көзі жетіпті. Бір-ақ күн үшін жазылып бір күнмен барлық өмірі таусылып бітетін сөз жоқ па екен. Жалпы жазба өнерінің ішінде осы күнде дүниені сөзге толтырып шығып жататын көп газеттердің бар сөзі бір-бір-ақ күн өмір сүреді. Жаңа газет келді, оқылды. Сонан соң ұмытылды, өшті. Бүгінмен ғана өмір сүріп, ертеңгі күн дегенді білмейтін сөздер баспа жүзінде бір емес әлденеше. Ақынның суырыпсалма өлеңінің тағдыры ең жаман болғанда сондай-ақ болар.
Бірақ сол айтылған сағатында оның қызығы, жарастығы, тыңдаушыны сүйсіндірген әсері қай сөзден кем? Сол бір сағаттағы үлкен жанықпен жанып өткен жарастығының өзі де суырып салма өлеңге талай-талай баспадағы сөзден сонағұрлым қымбат, сонағұрлым әсерлілік беретіні бар емес пе?
Сахнадағы пьеса — осындай жалынды, жанды сөздің иесі; бұл ғасырдың сахнасына жат болып кеткен кеннен шыққан өнердің иесі.
Рас, бұл өнер театр тарихымен ұзақ жасай бермейді. Мұны қолдан жасап ала алмайсың. Әр дәуірдің сахнасында Исалар туып отырса, осы түр қазақ сахнасының бір ерекше қызығы болып дәурен сүреді. Исасы жоқ болған заманда уақыт та үзіледі. Тағы бір Исаның келуін күтеді.
Бірақ Иса болған заманда театрдан қол үзуге, айырылуға керек емес. Мұның ісі арқылы қазақ сахнасына бір үлгілі жаңалық кірді. Сол салт традиция есебінде сақталу керек. Біз қазақ сахнасының Исасы бар заманын қызықты қымбат сыйы есепті түсінуіміз керек. Қолдан жасай алмайтын, оңайшылықпен қайта тумайтын сирек өнерді, біз — бүгінгі заманның адамдары мәдениетті елше кәдірлей, бағалай білуіміз керек.
Исадан соң өз жолында осы сияқты жайынан, қарапайымнан шыққан сұлу өнердің иесі — Әміре.
Әміренің әнінде ақындық тазалықтың шамшырағы жанғандай. Жүрек тербетіп, қуантатын, аспандаған қуаныш белгісі, балалық жарастығы бар. Әміре әншіліктің ақыны. Әрбір ырғағанына жанын салған шыншылдығы көрінеді. Жүрегінің түкпірінде жылтылдап жанған өнер оты сезіледі. Сондықтан қазақтың қай түкпіріндегі қай алуан адамы болса да, кәрі-жасы, әйел-еркегіне қарамай түгелімен Әміренің әнін қуана, сүйсіне тыңдайды. Әміре мен Исаны күнде тыңдап, күнде көріп, бірде сөгіп, мінеп, бірде болымсыз сөзбен жұбатқан болып әрлы-берлі қақпайлап жүрген біз сияқты қала адамы, оқыған қазақ — олар туралы соңғы сөзді айтудан бұрын, қалың қазақ тыңдаушысы не айтатынын еске алуымыз керек. Егер олардың артында қошеметшісі, мақтаушысы болып иін тірескен қалың елді көрсең, сол бізге тоқтау беру керек. Оны көре тұра өнерлі, сыншы кісімсіп, қыңыр кеудеге салып өрге сүйреу ұят. Ол — надандық белгісі. Қалың қазақ мақтаған өнерші — сыннан өткен өнерші, заманының қауымы өнерін таныған, қабылдаған өнерші. Рас, бір түр ғана елдің мақтауымен тойып, тұрып қалуға болмайды. Түріне түр қосқызу, ілгері бастыру, нағыз мәдениетті өнерге ұқсату жағынан көмек істеуіміз керек. Бірақ осының бәрін мыналардың қадір-қасиетін танып бағалай отырып істеу керек.
Егер бүгінгі қазақ театры шынымен қазақтікі болсын десек, осы істеп отырған істердің ішінде қалың елге әрі ұғымды болып, әрі көбірек сүйсіндіретін түрлерін көтеріп ұстап, зор бағалау керек. Сахна өнеріне елді әкеліп кіргізетін, жаңа өнердің көпшілікке атын таныстырып, затын жат қылмайтын ел мен театрды бір-біріне жанастыратын сондай қызметкерлер болады. Және қазақ театрының ел іргесіне, қазақтың анайы топырағына қаланғандығына даусыз сияқты бұйымдар үлкен белгі болады. Мұны театрдың маңызын дұрыс ұғынатын кісінің қай-қайсысы болса да есінен шығармау керек. Қазақ топырағында жасалатын мәдениетті театрдың бұл үлкен шарты деп саналу керек.
Жә. Біз бұл күнге шейін қазақ театрындағы өнерлілердің жақсылық белгілерін, ерекше көрікті көрінген қасиеттерін ғана айттық.
Сынсыз мақтау құр қошемет сөз сияқты болып кетуге де мүмкін. Бірақ мен өз білген мөлшерімде бұл уақытқа шейін айтқан сөздерімді сынап айттым деп білемін. Әрбір дені сау сынның бір беті жақсылықты атау болса, екінші беті, астары кемшіліктерін айтуға да арналу керек.
Жаңағы мақталған труппа адамдарында сол жаңағы саналған жақсылықтармен қатар әзірше жетіспей келе жатқан кемшілік те бар. Енді соны айтайық.
Бұл жайда әуелгі сөзді соңғы тоқтаған кісім, Әміреден бастайық. Әміре Европа сахнасының оқымысты, білімді, мәдениетті әншісі емес. Ән салатын үлгісі, айтып жүрген сарыны барлығы да әзіргі Әміренің жалпы дайындық шамасына қарағанда, мін деп айтатын нәрсе емес. Біз білген, көпке танылған Әміре осы пішінде, осы күйімен қалар да.
Әнінде таза дала сарынынан гөрі бояу кестесі басқарақ, жаңарақ көрінсе, ол Әміренің біреуден алған үлгісі, жұғындысы емес. Өзінің талантынан ғана туған жаңалық. Бірақ бұл жаңалық европаша емес, қазақша. Әміренің айтуында дала әні жаңашалау сезімділікке боялған. Осынысын қазақ әнінің бір саты ілгері басқаны, көркеюге ұмтылғаны дейміз.
Әміре қай әнді болса да өзінше кестелеп, қошқар мүйіз салып, үкі, маржан тағып алады. Осы бағытын дұрыс, жақсы бағыт дейміз.
Бір-ақ кемшілігі: Әміре Семей әнін ғана айтады, Ән саны аз ғана. Таңдауы көп емес. Біразына екіншісі ұқсай береді. Өзіне бір нық қалып соғып алып, содан әрі аспай, жылжымай, тұрып қалатын сияқты. Анығында, бүгінгі халінде ол жалпы қазақ әншісі емес, Семей.әншісі болып отыр. Қазақтың кең даласындай әр жерінің әні де кең қорлы, алуан, бөлек. Бірінен-бірінің кестесі қайшы, жат та болып шығатыны бар. Олай болса, қазақ сахнасының жалпыға бірдей әншісі сол Қазақстанның әр бұрышындағы әр үлгілерінің әрқайсысын да жақсы білу керек. Бір әнді Семей қалай салады, Ақмола, Қостанай, Түркістан қалай салады. Арқа әні мен Сыр бойының әні, Ұлы жүз бен Кіші жүз әндері, қазақтың романс сияқты ырғағы мол, сезімі зор Мұхит әні сияқты әндердің барлығы да Әміренің төл әні сияқты болу керек.
Әнді бір қалыппен үнемі созып айтпай, анда-санда желісін үзгендей, екшеп тастап, толқын артынан толқын соққандай сатырлатып айтатын құбылысы көп үлгі Атбасарда бар сияқты. Әміреге сол да жат болмау керек.
Әміреге тоғыз облыс Қазақстанның әрбір бұрышына барып, жақсы әншіден ән үйреніп, түр жиып алып қайтып жүрсе де обал емес. Болмаса, Затаевич, Ковалев жиған, нотаға түскен әндерді толық пайдалану керек. Онан соң бірен-саран күйлерді әнге айналдырып, жаңа үлгі сияқты қылып ұсынып байқауға да болады. Не қылса да бір орында бір-ақ түрлі үлгімен, жалғыз Семей әндерімен, қатып тұрып қалмай, кеңею, молаю, өсу керек. Өскенде жалпы Қазақстан әншісі боламын деген мақсатты қолдану шарт.
Тегінде, труппаның қай адамына болса да. үнемі бір-ақ қана қалып жасап алып, содан озбай тұрып қалуға болмайды. Көпшілікке жаққан, сүйсіндірген, бір үлгі түрің болса, бір қозғалыс, бір бет құбылысы болсын, қай-қайсысын болса да орынды-орынсыз жердің бәрінде бірдей қолдана беруге жарамайды. Онымен сол қызық көрінген өнерлік үлгінің өзін де тудыруға болады. Өзіңді тез торып, берік шағындап, ұзамай тарылып қалуға болады. "Түр үстіне түр табу, үлгі үстіне үлгі табу қажет. Қазір қазақ труппасы ойнап жүрген пьеса да шағын. Елге көрсететін өнерлерінің саны, өрнегі де аз ғана. Сол азғананы жаңа ажар қоспай қайта-қайта ұсына берсек, аз заманда жаңалық, жарастық исінен айрылып, белгілі кәрі даңғыл жол сияқты болып, сары жұрт болып қалуға болады. Осыдан қатты сақтану керек.
Шеттен оқып білім табуға, өрнек қосуға болмаса да туа артист, туа өнерлі болып жаралған ойыншы өзін-өзі қатты тексеріп, қатты сынап отырса, жаңғырып, жасарып ілгері басуына мүмкін. Біз бүгінгі күнгі табыстарын мақтасақ, ертеңгі күні мұндай болмайды. Тағы да ілгері жылжиды, тағы түр тауып көркейеді, ұлғая береді деп сеніп мақтаймыз. Егер ертең де, бүрсігүні де осы күйінде тұрса, ол кейінгінің белгісі болар еді. Алдына қарай адымдап баспаған өнер әрқашан кейіндей бермек. Сен бір орында тұрғанмен, уақыт озып, заман ілгерілей береді. Сол уақытта алдыңнан қала бастасаң, кейіндегенің.
Осы реттен қарағанда, Елубайдың дуана болған уақыттағы құбылыстары «Айшаны» ойнағанда тағы да сондағы сияқты көз қылиландыру араласқан соң көрушіге «кешегісі» дегізгендей болды. Дуаналықтың мағынасыздығына, мағынасыз ажармен көз қылиландыру әдемі жарасса, ертеңінде ауруды бағатын молда соны істегенде, одан кейін «Еңлік — Кебектегі» Абыз соны істесе, онда жас иісті өнер емес, қатқақ жол, сары жұрт сияқты болып қалады. Әрқашан өзіңнің дағдылы қалпың, дағдылы түсіңнен ауысып, екінші күйге кеткенде, алдыңғы істегеніңе артқыңды ұқсатпауға керек.
Осы сөзді Қалыбекке де айтуға тура келеді. Қалыбектің көзі әсерлі, бірақ бет құбылысында мұның да нық ұстанып қалған бір мақсаты бар. Ол әрқашан жоғарғы ернін жиырыңқырап, мұрны біткен кемиек шал болып сөйлейді, түсін де, дауысын да танымастық қылып өзгерте алады. Өз жанынан оқыс күлкі сөздерді де көп шығара алады. Тапқыш, өткір жүйріктігі бар.
Бірақ, Ажы да, Айшаның күйеуі де, онан соң Қызылорда базарына өгіз сатқан шал да, бәрі де бір кемиек шал болып кеткен соң, ойыншының қайталағаны сезілгендей болады. Алдына қарамай, артына көбірек айналып қала ма деген қауіп туады.
Латыпқа да үнемі аузын толтырып сөйлейтін күмпілдек, бопылдақ шалды тастау керек. Ойнап жүрген шалының бәрі бір мінезді шал емес. Мынаның маска қылып алған шалы, ақ шелегі түсіп саусылдап жүрген адал, аңқау, ақ көйлек шалға көбірек меңзейді. Даусына да, құбылыс, ажарына да жаңалық керек.
Труппаның өзім көрген екі-үш ойынынан алған әсерім осы сияқты болды. Өзге артистерді көрнекті қылып шығаратын үйлескен, үйреніскен пьесаларының барлығын көргенім жоқ. Сондықтан өзгелері жайлы әзірше еш нәрсе айта алмадық.
Труппаның, жалпы қарағанда, беретін әсері күшті, қуанышты. Айналасындағы шарттары қолайсыз, көріксіз, нашар болса да жаңа қазақ өнері жыбырлап, мәдениетті тіршілік белгісін көрсетіп, қаз тұрып келеді. Көркейсін, жасасын деген шын тілекті айтамыз.
Труппаға соңғы заманда қосылған бір зор жақсы жаңалық — қазақтың музыкасын, салт әндерін, сыбызғы, қобыз күйлерін сахнаға шығармаққа қам қылып Затаевич, Ковалев еңбектерімен толық пайдалануға беттегені көрінді. Бұл істің де шығуы мезгілді. Бірақ оның бет-бағыты, бүгінгі қолданатын негізгі әдістері туралы музыка мәнін көбірек білетін біреудің сынына қалдырдық.
Мұхтар Әуезов