Жаңалықтар

Зивие

Зивие – сақ патшасы жерленген көне қабір орны (б.з.б. 7 ғ-дың соңы). Солтүстік-батыс Ирандағы Саккыз қаласына таяу жердегі Зивие ауылының маңында орналасқан. Қабірді 1947 жылы жергілікті тұрғындар кездейсоқ тапқан. Әуелі қолдан-қолға тарап кеткен көптеген бағалы бұйымдар қайта жиналып, олардың негізгі бөлігі Тегеран музейіне тапсырылды, біразы Еуропа мен Американың ауқатты адамдарының жекеменшік коллекцияларында қалды. Табылған заттарды француз археологы Р.Гиршман (1895 – 1979), орыс ғалымы М.И. Артамонов (1898 – 1972), т.б. зерттеп, әр түрлі сипаттамалар мен талдаулар жасады. Кездейсоқ ашылғандықтан қабірдің көптеген ерекшеліктері анықталмаған, оның ішінде дәл неше адам жерленгені де белгісіз. Қабірді ашқан адамдардың берген мәліметтері бойынша, мұндағы негізгі мәйіт, яғни бай сақ патшасының мүрдесі қолдан құйылған ауыр, сәнді табытпен жерленген.  Алтын мен күмістен, қоладан, сүйектен сақтардың “аң стилінде” жасалған тамаша өнер туындыларының арасында әшекей бұйымдары, қару-жарақтар мен ат әбзелдері болған. Оларда арыстан, ілбіс, бүркіт, таутеке, қошқар, қоян бейнелері салынған. “Өмір ағашы” немесе “Ұлы бәйтерек” идеясы бейнеленген алтын белдіктің бір бөлігі, диаметрі 70 см күміс қалқан, алтын білезіктер мен қапсырмалар ерекше көзге түседі. Қоладан құйылған жебе ұштары бұл ескерткіштің ерте сақ кезеңіне жататынын дәлелдей түседі. Зивие қабірі көне жазба деректерде айтылғандай Алдыңғы Азияда сақтардың өз мемлекетін құрғанына дәлел бола алады. Ассирия сына жазуларында бұл мемлекетті Ишкуза елі деп, ал оның билеушісін Бартатуа (қ. Партатуа) деп атайды. Ишпакай, Мади есімді сақ патшалары да осы өлкемен байланысты айтылады. Алғашында тек ғылыми болжам түрінде қарастырылған Алдыңғы Азиядағы сақ патшалығы солтүстік-батыс Иран жерінде Зивие қабірі ашылған соң біржолата айқындалды. Ғалымдардың пікірінше, Зивие сол жерді жүріп өткен сақ жасақтарының емес, әлдеқандай уақыт шеңберінде осы өлкеде тұрақты қоныстанып, мемлекет құрған сақтардың қалдырған жәдігері. Мұндағы табылған бұйымдар стильдік және мерзімдік ерекшеліктері бойынша Солтүстік Кавказдағы Келермес обасынан алынған заттарға жақын тұрады. Сақтардың Алдыңғы Азияға жорығы Кавказ арқылы өткені белгілі. Далалықтар Келерместен шығып, Кавказдағы (қазіргі Армениядағы) Кармир-Блур арқылы осы Зивие маңына дейін жеткен.  
04.12.2012 06:09 3585

Зивие – сақ патшасы жерленген көне қабір орны (б.з.б. 7 ғ-дың соңы). Солтүстік-батыс Ирандағы Саккыз қаласына таяу жердегі Зивие ауылының маңында орналасқан. Қабірді 1947 жылы жергілікті тұрғындар кездейсоқ тапқан. Әуелі қолдан-қолға тарап кеткен көптеген бағалы бұйымдар қайта жиналып, олардың негізгі бөлігі Тегеран музейіне тапсырылды, біразы Еуропа мен Американың ауқатты адамдарының жекеменшік коллекцияларында қалды. Табылған заттарды француз археологы Р.Гиршман (1895 – 1979), орыс ғалымы М.И. Артамонов (1898 – 1972), т.б. зерттеп, әр түрлі сипаттамалар мен талдаулар жасады. Кездейсоқ ашылғандықтан қабірдің көптеген ерекшеліктері анықталмаған, оның ішінде дәл неше адам жерленгені де белгісіз. Қабірді ашқан адамдардың берген мәліметтері бойынша, мұндағы негізгі мәйіт, яғни бай сақ патшасының мүрдесі қолдан құйылған ауыр, сәнді табытпен жерленген.  Алтын мен күмістен, қоладан, сүйектен сақтардың “аң стилінде” жасалған тамаша өнер туындыларының арасында әшекей бұйымдары, қару-жарақтар мен ат әбзелдері болған. Оларда арыстан, ілбіс, бүркіт, таутеке, қошқар, қоян бейнелері салынған. “Өмір ағашы” немесе “Ұлы бәйтерек” идеясы бейнеленген алтын белдіктің бір бөлігі, диаметрі 70 см күміс қалқан, алтын білезіктер мен қапсырмалар ерекше көзге түседі. Қоладан құйылған жебе ұштары бұл ескерткіштің ерте сақ кезеңіне жататынын дәлелдей түседі.
Зивие қабірі көне жазба деректерде айтылғандай Алдыңғы Азияда сақтардың өз мемлекетін құрғанына дәлел бола алады. Ассирия сына жазуларында бұл мемлекетті Ишкуза елі деп, ал оның билеушісін Бартатуа (қ. Партатуа) деп атайды. Ишпакай, Мади есімді сақ патшалары да осы өлкемен байланысты айтылады. Алғашында тек ғылыми болжам түрінде қарастырылған Алдыңғы Азиядағы сақ патшалығы солтүстік-батыс Иран жерінде Зивие қабірі ашылған соң біржолата айқындалды. Ғалымдардың пікірінше, Зивие сол жерді жүріп өткен сақ жасақтарының емес, әлдеқандай уақыт шеңберінде осы өлкеде тұрақты қоныстанып, мемлекет құрған сақтардың қалдырған жәдігері. Мұндағы табылған бұйымдар стильдік және мерзімдік ерекшеліктері бойынша Солтүстік Кавказдағы Келермес обасынан алынған заттарға жақын тұрады. Сақтардың Алдыңғы Азияға жорығы Кавказ арқылы өткені белгілі. Далалықтар Келерместен шығып, Кавказдағы (қазіргі Армениядағы) Кармир-Блур арқылы осы Зивие маңына дейін жеткен.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға