15 ғасырдың соңы мен 16 ғасырдың бас кезіндегі ұлы географиялық ашулар
04.12.2012 06:03
19396
Батыс Еуропа елдерінде XV ғасырдың 1-жартысынан феодалдық құрылыс ыдырауға бет алды. Ірі-ірі қалалар дамып, еңбек құралдары жетілдірілді, ірі кәсіпорындар пайда болып, тауар өндіру артты, сауда ұлғайды. Ақшаның маңызы күшейіп, сауданың одан әрі дамуына себепші болды. Теңге соғу үшін алтын-күміс металдарына деген сұраныс артты. Өндіріс заттарын көп өндіру үшін арзан шикізат керек болды. Сол кезде Батыс Еуропа елдерінде осы айтылған қымбат заттар Үндістанда, Шығыс Азия елдерінде «төгіліп жатыр» деген қауесет тарады. Батыс еуропалықтар су тегін байлыққа тез жетіп, алтын, піл сүйегі және бағалы металдар мен морж тісіне кенелгісі келді. Сөйтіп сауданың дамуы бұл арды қауіп-қатерлі жаңа жерлер іздеуге итермеледі. Бұл кезде түрік жаулап алушылары олардың Кіші Азия мен Сирия арқылы Шығысқа баратын жолын толық жауып тастаған еді. Бұл жағдай Еуропадан Азияға баратын жаңа жолдар іздеуді қажет етті. Еуропалықтардың ашық теңізге шығып, алысқа жүзуге ұзақ уақыт бойы батылы бармады. Қолдарында дұрыс карталары мен теңіз құралдары болмаған саяхатшылар Еуропаны қоршаған теңіздерде ғана жүзді. Теңізшілер кеменің қай жерде жүргенін күн ашық кезде, жұлдыздардың орналасуы бойынша, толқыны жоқ жағаға түсіп қана білетін болды. Теңізшілерде құбылнама (компас) пайда болғаннан кейін ашық теңізге шығу қауіпсіз бола бастады. Кеменің жүрген жерін анықтайтын аспап - астролябия ойлап шығарылды. XV ғасырда тез жүретін жеңіл, желкенді кеме - каравелла жасалды. Мұндай кемелер жүрдек әрі сыйымды еді. Олардың түзу және көлбей орнатылған желкендері бар үш мачтасы болды және өзіне керекті бағытқа қарай ыққа да, желге де қарсы жүзе алды. Каравелламен алыс саяхаттарға шығуға болатын еді.
XV ғасырдағы Америка халықтары
Қазіргі үндістердің бабалары осыдан 25-30 мың жылдай бұрын Беринг бұғазы Шығысқа арқылы Азиядан Америка құрлығына келген. Өткен ғасырда басталған Америка халықтарының тарихын зерттеу үндістердің таңғажайып әлемін, олардың ежелгі мемлекеттерін және өздеріне тән мәдениетін ашты.
Кәсібі
Американы көптеген рулар мен халықтар мекендеді. Халқының көпшілік бөлігі аң және балық аулаумен шұғылданды. Солтүстік Американың оңтүстігінде, Орталық және Оңтүстік Американың қыраттарында егіншілік дамыды. Егіншілер жерді егіске дайындарда орманды тас балтамен шауып, ағаштарды өртеді. Жерді ағаш кетпенмен өңдеді. Мұнда еуропалықтарға әлі белгісіз жүгері, картоп, күнбағыс, қызанақ, какао, темекі өсірді. Американың көп бөлігінің тұрғындары жануарларды қолға үйретуді білмеді. Америкада жылқы болмады. Солтүстікте ғана итті, ал оңтүстікте түйе тәрізді ламаны қолға үйретті. Құстан күркетауық, үйрек өсірді. Басқа континенттерде белгілі бірқатар жетістіктерді - темірді, тісағаш пен дөңгелекті, мылтықты үндістер білмеді. Олар еңбек құралдары мен қаруды ағаштан, тастан, қоладан жасады. Бытырап жатқан үндіс тайпалары алғашқы қауымдык күрылыста өмір сүрді. Шаруашылығы мен мәдениетінің дамуы жағынан майя, ацтектер, инктер басқа халықтардан жоғары тұрды.
Майя
Майя халқы Орталық Америкадағы қалың джунгли орманы басқан Юкатан түбегін мекендеді. Жер қауымға қарады. Қауым әр отбасына орманнан тазартылған жер үлесін бөліп беріп отырды. Қатардағы қауымдастарға шонжарлар мен абыздар үстемдік етті. Олар қауымдастардың егін өнімінің бір бөлігін алып отырды. Тұтқындар мен борыштылардан құралған құлдарды да қанады. Біздің заманымыздың I мыңжылдығында өмір сүрген майяларда қала-мемлекеттер пайда болды. Әр қаланы «ұлы адам» деп аталатын билеуші басқарды. Билік мұрагерлікпен ауысып отырды. Ол өлкенің халқынан салық жинады. Шонжарлар қала орталығындағы тастан салған сарайларда, ал «төменгі адамдар» - шаруалар мен қолөнершілер қала шетіндегі төбесін амыс құрағымен жапқан лашықтарда, едені жер үйлерде тұрды. Біздің заманымыздың бас кезінде Майяда жазу пайда болды. Иеороглифтерді қышқаламмен қағазға түсірді, қолжазбаларды уреттермен безендірді. Храмдардың қабырғаларына да, биік тас бағаналарға да ойып жазу жазды. Абыздар дұғаларды, аңыздар мен тарихи оқиғаларды жазып отырды. Абыздар қауымдастарға егіншілік жұмыстарын жүргізу мерзімдерін белгіледі. Егіншілік күнтізбе жасауды қажет етті. Ол ертедегі халықтар күнтізбелері ішіндегі ең дәл күнтізбе болды. Күнтізбе асау математика жетістіктерімен байланысты еді. Олар басқа тайпалардың ішінде ең алғаш нөл сандық белгісін енгізді. Майя қалаларының орнынан астрономиялық обсерваториялар табылған. Абыздар планетаның Күнді айналып шығуын есептеп шығарды. Күннің және Айдың тұтылуын алдын ала болжай білді. Сәулет өнерінде де майялардың жетістіктері үлкен болды. Олар биік тұғырларға және жасанды төбелерге сарайлар мен текшелі пирамида түрінде храмдар салды. Құрылыстарды бедер өрнекпен, құдайлардың мүсіндері және фрескалармен безендірді.
Ацтектер
Ацтектер Мексикадағы теңіз деңгейінен 2000 м биіктіктегі қыратта, тау шыңдарының етегінде, ауа райы жұмсақ және топырағы құнарлы, табиғаты сұлу алқапта орналасқан. XIV ғасырда солтүстіктен келген ацтектер үлкен көлдің ортасындағы аралдарға Теночтитлан қаласын салды. Аралдарды бөгеттермен жалғастырды. Қаланы түзу көшелер мен каналдар бөліп жатты, оларды жағалай храмдармен сарайлар бой көтерді. Алғашқы кезде ацтектерде жер жетіспеді. Сондықтан олар енсіз түбектерге көл түбінен шығарылған балдыр мен құнарлы қайыр топырақты бірге төгіп отырды. Жауынсыз кездерде егінді каналдан суарды. Бұл «көшпелі егістік» жылына бірнеше рет өнім берді. Ацтектер көрші тайпаларды жаулап алып, өзіне бағынышты етті. Олар бағынышты тайпалардан қыруар төлем және құлдар алып отырды. Тайпаларды бұрынғысынша жергілікті көсемдер билегенімен, басты қалаларды ацтек әкімдері мен алым жинаушылар басқарып түрды. Мемлекетті мұрагер билеуші басқарды. Шонжарлар лауазымды қызметтерге қойылып, атқарған қызметі үшін жалақы алды. Олар керектінің бәрін қарауындағы бағыныштыларынан алды. Соғыс кезінде саны 150 мың адамга дейін баратын қуатты әскер жасақтау мүмкіндігі болды. Ацтектер қолөнерде үлкен жетістіктерге жетті. Алтын мен күмістен нақышты әшекейлер соқты, зергерлер қымбат тастарды шебер қырлады, нәзік өрнек салу жұмыстарын орындады. Қолөнершілер өрнектелген ыдыстар жасады, мата тоқыды, матаның астына құс қауырсындарын салып кестеледі. Ол түрлі түсті болып құбылып тұрды.
Астанада қарапайым ацтектер мен шонжарларға арналған мектептер болды. Әдеттегі мектептерде егіншілікке, қолөнерге және соғыс ісіне үйретті. Шонжарлардың балаларына жазуды, тарих пен дінді, мәнерлеп оқуды, есептеуді, астрономияны, поэзияны, шешендік өнерін оқытты. Әнші-ақындар гимндер, дастандар, табиғат жөнінде өлеңдер шығарды. Астанада жыл сайын әнші-ақындардың айтысын өткізіп, үздіктеріне жүлде берілді.
Инктер
Оңтүстік Американың батысында инктер елі - Перу жатыр. Инктер көрші тайпаларды бағындырып, олардың еңбегін пайдаланды. Каналдар қазып, егін екті, аспалы көпірлер салды. Қоладан балта, орақ, пышақ, түйреуіш, ине, қоңыраушалар, найзаның ұшы сияқты заттарды құйып, алтын мен күмістен әшекей бұйымдар жасады. Инктерде 4 жылдық мектеп болған, онда бірінші жылы кечуа тілін үйретіп, екінші жылы дінге оқытып, үшінші және төртінші жылдары өмірге қажетті білім берген. Сөйтіп еуропалықтар келгенге дейін-ақ Америка халықтары өздерінің бай мәдениетін жасаған. Алайда еуропалықтардың басып алуы бұл елдердің табиғи дамуына кедергі жасады. Франсиско Писсаро 1475-1541 жылдар аралығында Инктер империясын жаулап алып Лима каласының негізін калады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазыбек би Келдібекұлы
Келесі жаңалық
Мемлекет басшысы Палестина халқын құттықтады