Дамуымыздың кейбір сипаттары
Ұлы Октябрь революциясы мен азамат соғысының от жалынында туған қазақтың советтік жас әдебиеті, партиямыз бен үкіметіміздің талмай қамқорлық көрсетуінің арқасында қысқа мерзім — ғасырдың үштен бір бөлігіндей уақыт ішінде адам танымастай өсіп нығайды. Өзінің социалистік реализм жолымен қарыштап ілгері басуында орыстың классикалық әдебиеті мен осы күнгі совет әдебиетінің алдыңғы қатарлы тәжірибесіне сүйсіне отырып, қазақ әдебиеті көркем әдебиеттің барлық жанрларында социалист реализм әдісін барған сайын кең және терең меңгеріп келеді.
Жұрттың бәріне белгілі, революцияға дейін қазақ әдебиеті негізінен поэзия түрінде болып келеді. Ыбырай Алтынсарин, Спандияр Көбеев және басқалардың прозалық шығармалары бұл жанрдағы алғашқы тәжірибелер болды.
Драматургия мүлде болған жоқ, өйткені, революцияға дейін Қазақстанда ұлттық театрдың өзі болмады.
Қазір қазақтың советтік әдебиетінде көркем жанрлардың барлығы бар және олар әр түрлі дәрежеде нығайып, жетіліп келеді.
Проза жанры ойдағыдай дамуда, оның таңдаулы шығармалары орыс тіліне және дүние жүзінің көптеген елдеріне аударылды. Бұдан кейін драматургия мен поэзияны айтуға болады. Осы табыстардың арқасында қазақтың, советтік әдебиеті бүкілодақтық және дүние жүзілік аренаға шығып, пісіп жетілген және күшті талап қоятын оқушылардың сынына түсіп отыр. Қазақ әдебиеті классикалық және осы күнгі орыс әдебиетінің аударма шығармаларымен баюда. Сол сияқты прогрессивтік әдебиеттің таңдаулы үлгілері де қазақ оқушыларының кең тобының үлесіне тиді.
Сөйтіп, қазіргі кезде қазақ әдебиетінің творчестволық кадрлары дүние жүзіндегі ең жемісті көп ұлттық советтік әдебиеттің ірі және үнемі өсіп келе жатқан отрядтарының бірі болып отыр.
Анағұрлым ірі шығармалар көркем сөз суретшісінің шындықты көре білуі мен әлеуметтік және идеялық позицияларының айқындығынан туады.
Қазақ халқы бақытты өмірді ғасырлар бойы аңсап күтті, оның тарихы бостандық жолындағы, тамаша болашақ жолындағы орыс халқымен және Отанымыздың басқа да туысқан халықтарымен мәңгі достық жолындағы күрестің тарихы. Үстіміздегі жылы қайтыс болғанына елу жыл толған күні кеңінен аталып өтейін деп отырған қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаев осы достықтың жалынды күрескері, жаршысы болды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Әуезовтің ұлы ақынға арналған көлемді шығармасы жұртшылыққа кеңінен белгілі. Ол өзінің «Абай» және «Абай жолы» кітаптарында қазақ халқының өткен ғасырдағы жарты ғасырлық өмірін, оның әлеуметтік тарихи тағдырын адал және зор шеберлікпен суреттеді: Абай жөніндегі романдар біздің бүгінгі прозамыздың ең жоғарғы табысы болып саналады, біздің прозамыз осыдан аз-ақ бұрын ғана туды, орыс әдебиетінің үлгісі, жемісті әсері бойынша дамып, сеніммен ілгері басты.
Қазақстанның жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі өміріне қазақтың отызыншы жылдардағы алғашқы романдарының бірі Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романы арналып жазылды. Бұл романда біздің халқымыздың алға, жарыққа, бақыт пен бостандыққа үздіксіз ұмтылуы, оның қанаушыларға қарсы күресі, оның революция жолына түсуі, Қазақстанда Совет өкіметінің орнауы көрсетілген, қазақ халқының 1916 жылғы қарулы көтерілісі, ондағы батырларының образы және қазақтан шыққан революционер большевиктің образы суреттелген. Бұл жазушының жағымды кейіпкерлерді көрсетудегі үлкен еңбегі болып табылады.
Мынаны ерекше атап өту керек. Қазақ әдебиетінің барлық жанрдағы таңдаулы шығармалары советтік шындықты, өзіміздің заманымыздың адамдарын көрсетуге арналған. Олар советтік қоғамның қуатты қайта құрушы күшін, заманымыздың ары мен намысы, даңқы мен ақыл-ойы болып отырған Коммунистік партияны жырлайды. Бұл шығармаларда тарихи оқиғалар, халқымыздың өміріндегі орасан зор өзгерістер: азамат соғысы мен халық шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру дәуірі, соғыс алдындағы бесжылдықтар және Ұлы Отан соғысы бейнеленген.
Қазіргі кездің тақырыбы қазақтың советтік әдебиетінің алғаш дүниеге келген кезінен бастап негізгі және басты тақырыбы болды.
Халық поэзиясының асқан алыбы Жамбыл Жабаевтың жалынды саяси лирикаларында, жиырмасыншы, отызыншы жылдарда жазылған Сәбит Мұқановтың, Асқар Тоқмағамбетовтің, Әбділда Тәжібаевтың, Тайыр Жароковтың, поэмаларында, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсреповтің, Әлжаппар Әбішевтің, марқұм Саттар Ерубаевтың және басқа да жазушылардың шығармаларында адамның азат етілуі қуанышы, оның жаңа өмірді құру шаттық сезімі бейнеленіп қана қоймай, сонымен бірге сол кездегі жағымды кейіпкерлердің халық ісіне шексіз берілген, барлық жағынан қайратты, қажырлы революционердің, мақсаты айқын, мінезі ұстамды, елімізді социалистік тұрғыда қайта құру жолында күресуші адамдардың образдары суреттелді.
Мен мысалға Саттар Ерубаевтың отызыншы жылдардың аяғында Қарағанды шахтерлерінің өмірінен алып жазған «Менің құрдастарым» атты талантты романын келтірейін. Бұл романның басты кейіпкері жас инженер Рахметтің мінез-құлқынан тек біздің адамдарымызға ғана тән көптеген жаңалықтарды көресіз. Ол дүниені Горькийше танып ұғынады. Ол «адам деген ардақты ат» деп санайды. Бұл кейіпкердің күші оның коллектившілдігі мен Отанды шексіз сүюінде, оның саяси және еңбек белсенділігінде, алдына қойған мақсатқа жетуіне ұмтылып, социалистік еңбектің экономикалық қайта құрылыс құралы екенін түсініп қана қоймай, сонымен бірге, оның бұқараның творчестволық күшін оятудың, адамның мінезін қайтадан өзгертудің тәсілі екенін түсіне білуінде. Совет өкіметі жылдарында Қазақ республикасының өмірінде болған орасан зор өзгерістер автордың да және оның сүйікті кейіпкерлерінің де ұлы мақтанышы болып саналады. Олардың қанау бұғауынан азат болған жерінде мүлде жаңа бейнелі адамдар, Лениншіл комсомолецтер — Рахмет және оның, сүйген қызы Лиза, оның достары Сейтен, Ықлас, Мырзаш және басқалар сияқты адамдар, дарынды, жалынды, жігерлі, рухы бай, жүректері ыстық, нелер кереметтерді тудыруға қабілетті адамдар еңбек етеді. Бұл адамдар біздің партиямыз тәрбиелеп шығарған жас ұрпақтар, Шоқтық пен Шойынның, Несіпбай мен Нағиманың, яғни Әуезов, Мұқанов, Мүсрепов және басқа жазушылардың ертеректе жазған шығармаларындағы жағымды кейіпкерлердің ұлдары мен қыздары. Әлжаппар Әбішев, Қасым Аманжолов, Дихан Әбілов, Жұмағали Саин, Шахмет Құсайыновтың біздің советтік шындықтың алуан түрлі тақырыптарына жазған әңгімелері мен повестерінде және поэмаларындағы кейіпкерлердің де моральдық сапалары осындай жаңа.
Міне қазақтың алдыңғы қатарлы советтік әдебиетінде жаңа кейіпкерлер осылай бірте-бірте пайда болды.
Біздің қазақ әдебиетінің өсу жолдары бүкіл совет әдебиетінің даму кезеңдерімен тығыз байланысты.
Совет халқының фашистік басқыншыларға қарсы жүргізген Ұлы Отан соғысы советтік қоғамның, оның әдебиетінің дамуындағы жаңа кезең болды. Бұл жылдары қазақ жазушылары советтік патриотизмнің күшті идеяларына толы, адамдарымызды жауға өшпенділік рухында тәрбиелейтін, совет халқының моральдық-саяси бірлігін тереңдей ашатын бірқатар жаңа шығармалар жазды.
Бұл жылдардағы шығармалардың басты идеялық және тақырыптық мазмұны майдандағы және еңбек майданындағы совет адамдарының асқан ерліктерін көрсетуге, олардың социалистік Отанға, Коммунистік партияға шексіз берілгендігін, жеңіске деген мызғымас еркін көрсетуге арналды. Ғабит Мүсреповтің «Қазақ солдаты», Әбдіжамил Нұрпеисовтың «Курляндия» романдарың Әлжаппар Әбішевтің «Достық пен махаббат» пьесасын, Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасын және соғыс жылдарындағы басқа да таңдаулы шығармаларды еске түсіруге болады.
Партиямыздың Орталық Комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі тарихи қаулысы совет әдебиетінің соғыстан кейінгі дәуірде онан әрі қарыштап дамуының программасы болды, әдебиетімізді творчестволық жағынан қауырт көтеруге көмектесті.
Біздің қоғамымыздың өмірлік негізі болып саналатын Коммунистік партия мен Совет үкіметінің саясатын басшылыққа ала отырып, көп ұлтты советтік әдебиеттің бір буынды бөлігі ретінде біздің қазақ әдебиеті де соңғы жылдары елеулі табысқа ие болды.
Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романы, Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі сияқты ірі шығармалар, жас жазушы Сафуан Шәймерденовтің «Болашаққа жол» атты романы, Хамит Ерғалиев пен Тайыр Жароковтың поэмалары, Жұмағали Саинның және басқалардың өлеңдері жазылды. Бұл шығармалардың бәрі де өмірлік маңызды мәселелерге, табиғатты қайта құруға, коммунизм құрылыстарына, халықтардың бейбітшілік және демократия жолындағы күресіне, соғыс өртін тұтандырушыларды әшкерелеуге арналған. Бұл жерде Хамит Ерғалиевтің «Біздің ауылдың қызы» атты поэмасын ақынның творчестволық елеулі табысы деуге болады.
Республикамыздың театрларының репертуарларына Ә. Әбішевтің «Бір семья», Ә. Тәжібаевтың «Гүлден, дала», Ш. Құсайыновтың «Көктем желі», М. Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин», М. Иманжановтың «Менің махаббатым» пьесалары және басқалары енді.
Соңғы жылдарға тән бір қасиет — біздің әдебиетімізге қабілетті творчестволық жаңа кадрлар қосылды. Жас жазушы Әбдіжәмил Нұрпеисов, Кәмен Оразалин, Сафуан Шәймерденов, Мұзафар Әлімбаев және басқалар өздерінің алғашқы кітаптарынан оқушылардан елеулі баға алып отыр.
Міне осылардың барлығы біздің әдебиетіміздің одан әрі дамуы үшін зор мүмкіншіліктердің барлығын көрсетеді. Алайда, республиканың кейбір жазушыларының творчестволарындағы елеулі кемшіліктерді көз жұмып көрмей етуге болмайды. Олардың кейбіреулері осы заманның тақырыбына жазған шығармаларында совет адамдарының өмірі мен тұрмысын айқын және сенімді етіп көрсете алмады, олардың өзіндік ерекше белгілері мен мінез-құлықтарын тиісті дәрежеде суреттеген жоқ, социалистік еңбектің бойға жігер құйғыш қасиеттерін тереңдей ашып көрсете алмады.
Көптеген жазушылардың пьесаларында сенімсіз, ескі қайшылық, талас-тартыстар кездеседі. Мысалы бұл драматургтардың шығармаларында дандайсыған колхоз председательдерінің және онымен күреске түсетін жас мамандардың образдары суреттелумен келеді.
Жазушылар біздің халқымыздың коммунизмнің салтанат құру жолындағы күресінің алдыңғы сапында болуға тиісті, олар өздерінің кітаптарында заманымыздың ең маңызды өмірлік мәселелерін көтеріп, оны айқын, маркстік-лениндік дүние тану тұрғысынан шешулері тиіс. Бұл үшін өмірді байыпты, мұқият зерттеп, өздерінің шеберліктерін талмай арттырып, өздерінің идеялық-теориялық дәрежелерін үнемі жоғарлата беруге тиіс.
Үстіміздегі жылдың апрелінде Қазақстан Жазушылары одағының жетінші пленумы болып өтті, бұл пленумда республикамыздағы көркем әдебиеттің және әдебиет сынының жағдайы талқыланды. Осында әдебиеттің даму мәселелері және жазушылардың көркем сөз шеберлігі мәселелеріне байланысты проблемалар жөнінде творчестволық айтыстардың сирек болатындығы атап көрсетілді.
Бұған ең алдымен Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы кінәлі. Жазушылар одағы тарапынан кейбір артта қалып келе жатқан жанрлардың дамуына көңіл аз бөлінді. Мысалы, қазақ әдебиетінде осы кезге дейін балалар әдебиеті нашар дамып келе жатқан сала болып есептеледі. Егер осы кезге дейін республикамыздың кейбір жазушыларының творчестволық тоқырау жағдайында келе жатқанын ескеретін болсақ, онда, Қазақстан совет жазушылары одағының президиумы мен оның творчестволық секцияларының әрбір жазушының жұмысына жеткіліксіз қолғабыс тигізгенін айқын көреміз.
Қазір Қазақстан совет жазушыларының республикалық үшінші съезіне әзірлік күндері кезінде Қазақстан Жазушылары одағы басқармасы өзінің барлық күшін жұмыстағы кемшіліктерді жоюға, творчестволық кадрларды ұлы халқымыздың өскен талабына сай ірі көркем шығармалар жасауға жұмылдыруға жұмсайды.
Біздің жазушыларымыз бен суретшілеріміз өздерінің шығармаларында қоғамдық өмірімізде орын алып келе жатқан кемшіліктерді, зиянды, дертті құбылыстарды барынша қатты әшкерелеуге, жаңа типтегі адамдардың жағымды көркем образдарын, олардың бүкіл адамдық артықшылығына сай етіп ашуға және сонымен біздің қоғамдағы адамдарды капитализм туғызған дертті жаралар мен кемшіліктерден тазарған сипатқа, әдет-дағдыға тәрбиелеуге тиісті.
Қазақстан жазушыларының бұл ардақты және тарихи міндетті орындап шығатынына, өздерінің барлық күшін туысқан советтік әдебиетті онан әрі өркендетуге, өздерінің еңбектерін біздің батыр халқымыздың жалпы творчестволық қажырлы еңбегімен ұштастыратынына ешқандай күмән жоқ.
1954