Жаңалықтар

Балапандар қанат қақты

  Жастар, қалам ұстап майданға аттанған жас әдебиетшілер! Қазақ елінің әр жерінен келіп, қазақ әдебиетінің ордасы болған жазушылар үйінде бас қосып отырсыңдар. Қадамдарың қайырлы, талаптарың жоғары болсын! Сендер маған ұядан жаңа ұшқан балапан сияқты көрінесіңдер. Қанаттарың әлі қатпаған, көргендеріңнен көрмегендерің, білгендеріңнен білмегендерің көп. Бергендеріңнен берешектерің, алғандарыңнан алашақтарың да көп. Өздерің төмен, мақсаттарың жоғары тұр. Сол жоғарыға қол соза, таласа, тырбана жүргенде күн өтеді. Күн өткенше өнімді еңбекпен аларыңды алып, береріңді беріп қал. Сендердікі әдебиет еңбегі. Бұл өте қиын, өте ұзақ жасайтын ардақты еңбек. Егер оны жеңілге сайсаңдар алданасыңдар, кейін өкінесіңдер, сондықтан белді бекем байлап кірісу керек. Әдебиеттің түпкі мақсаты адам жанын тәрбиелеу. Әдебиет әрі күшті, әрі нәзік, әрі көркем болуды тілейді. Қайткенде солай жасауға болады? Тетігі неде? Тетігі ой мен тілде. Әдебиет ой мен тілдің жемісі. Ой неғұрлым нәрлі, тіл неғұрлым алғыр болса, шығарма солғұрлы нәрлі, алғыр. Ой жүдеу, тіл шорқақ болса, шығарма құнын жоғалтады, оқушысын бездіреді. Ойым нәрлі болсын, десең өмірге аралас, өмірдің бетінде қалқыма, түбіне сүңгі, асыл оңайда жатпайды, тереңде жатады. Тілім алғыр болсын десең халықпен ауызба-ауыз, жүзбе-жүз сөйлесе бер, жақсы кітаптан үйренуге ерінбе. Қазір мына төрде отырған, төрде жоқ, арамыздан кеткен қарттардың көбі әдебиетке аз біліммен, батыл жүрекпен келіп араласты. Соны қарды бұзып, сендерге жол ашты. Қазір бойда бар өнерін, білім қуаттарының бәрін дерлік олар көш жөнекей, күрес үстінде тапты. Ол кезде халқымыздың қаптал көпшілігі сауатсыз, көргендері өз ортасы, естігендері ертегі, аңыз болатын. Суырып салма ақындар айтысын, хисса, эпостарды құныға тыңдайтын. Ал, сендер әдебиетке келгенде орта, жоғары дәрежелі біліммен қаруланып келіп отырсыңдар. Сендердің тұсыңда халқымыз тегіс сауатты, талғампаз. Олай болса, әдебиет дәрежесі бұрынғыдан әрі жоғарлай түсті, әдебиетшінің жауапшылығы күшейе түсті. Тек осы биік сана тұрғысынан қарағанда ғана әдебиеттің де, әдебиетшінің де өресі қандай екені анық көрінеді. Шыққан тұрғың биік болсын. Тұрғысы биік болмай әдебиет биік бола алмайды. Алдымен өз еліңнің, әз заманыңның жазушысы бол. Жазушыға бұдан үлкен арман, мәртебе жоқ. Өзіміз қолмен жасап осы социализмің кешегісінен бүгінгісі, бүгінгісінен ертеңгісі қызықты екенін жақсы суреттеп берген жазушының аты ұлы адамдардың қатарында, халық аузында қалатындығы еш күмәнсіз. Жазушы әуелі өз елін сүйеді. Өз елін сүйе білген басқа елді де сүйе біледі. Өз елін сүйе білмеген басқа елді не ғылсын! Әр елдің, әр халықтың өзіне тән ғасырлар бойы жасаған, бойына әбден сіңген тілі, мәдениеті, өнері, дәстүрі бар. Бұларды білмеу, елемеу, яки басынан аттау, менсінбеу елдің өзін қорлау болып шығады. Осыны Коммунистік партия, Совет өкіметі дүниеге келген күннен бастап, күні бүгінге дейін құлағымызға құйып келеді, социализмге қайшы келмейтін ұлттық жақсы қасиеттерді, мұраларды сақтап, байыта бер,  деп барлық жағдайды жасап келеді. Бұны ұлтшылдар бір кезде бұрмалауға тырысты, ұлтын сүюді ұлтшылдыққа, ұлтшылдықты байшылдыққа айналдырғысы келді. Біз күресе жүріп, олардың ол мақсатын жерлеп тындық. Сендер кеш туып, біздің жас кезіміздегі қызу тап күрестерінен құр қалдыңдар. Бірақ, өмір бар жерде әрдайым күрес бар. «Мазмұны социалистік, түрі ұлттық» деген Маркс, Ленин қағидасымен қарулансаңдар тұп-тура жеңіс тұрғысына барып шығасыңдар. Совет әдебиеті алуан түсті, алуан-алуан хош иісті көркем гүлдер бағына ұқсайды. Оны алуан етіп көркейтіп тұрған әр ұлттың әдебиеті. Егер гүлдің бәрі бір түсті, бір иісті болса ол бақ дәл ондай қызықты бола алмас еді. Сондықтан ұлт әдебиетінде ұлт қасиеттері, ұлт сипаттары айқын көрінуге керек. Қазақ тіліндегі қайсыбір көркем, деген шығармаларды оқығанда ләззат алудың орнына олақ аударма оқығандай қиналасың. Немесе образдарынан ұлт өзгешілігін көре алмайсың. Тіл байыту талабынан туған тіл жүдету де бар. Мысалы: байырғы «еңбекшіні» кірме «еңбеккер» ығыстырып барады. Сонда қойшыны — қойшыкер, сиыршыны — сиыркер, малшы — малкер дейміз бе!? Әрине, тілге де жаңалықтар еніп жатады. Бір Абайдың ғана енгізген жаңалықтарын зерттесек өз алдына бір ғылым. Абай жаңалықтары ода тұрмайды, қазақ тілін жымдастырып, толықтырып, көркейтіп жібереді. Қажетсіз зорлап енгізген қазіргі қайсыбір жаңалықтар одағай тұрады. Әдебиет тақырыпты халықтан алады, халық үшін жазылады. Әдебиетшінің ойын халыққа тіл жеткізеді. «Өнер алды қызыл тіл» деген халқымыз. Тіл құдіретін еркін пайдалана білген жазушы адам сырына да еркін ене алады. Адамды адам еткен, ұлттарды ұлт еткен тіл — мұқалмасын, тіл сұлулығы кемімесін. Бізде, тек бізде емес-ау бүкіл совет елдерінде ана тілі қазір екеу. Орыс тілі әр ұлттың екінші ана тілі болуға айналды. Өйткені, дүние жүзіндегі жаңалықтарға, ғылым, білім, өнер жаңалықтарына орыс тілі арқылы қол жетіп келеді. Өз жаңалықтарымызды да орыс тілі арқылы әлемге жайып келеміз. Осы тіл арқылы қазақ көркем әдебиеті жер жүзіне тарап барады. Осы тіл енді халықаралық тілдерге айналды. Сондықтан біз қазақ, орыс тілін бірдей білуіміз керек, бірін біліп, бірін білмеу — бір қолы кем мүгедекпен тең. Декабрь, 1977 ж.  
04.12.2012 05:07 5366

 

Жастар, қалам ұстап майданға аттанған жас әдебиетшілер! Қазақ елінің әр жерінен келіп, қазақ әдебиетінің ордасы болған жазушылар үйінде бас қосып отырсыңдар. Қадамдарың қайырлы, талаптарың жоғары болсын!

Сендер маған ұядан жаңа ұшқан балапан сияқты көрінесіңдер. Қанаттарың әлі қатпаған, көргендеріңнен көрмегендерің, білгендеріңнен білмегендерің көп. Бергендеріңнен берешектерің, алғандарыңнан алашақтарың да көп. Өздерің төмен, мақсаттарың жоғары тұр. Сол жоғарыға қол соза, таласа, тырбана жүргенде күн өтеді. Күн өткенше өнімді еңбекпен аларыңды алып, береріңді беріп қал.

Сендердікі әдебиет еңбегі. Бұл өте қиын, өте ұзақ жасайтын ардақты еңбек. Егер оны жеңілге сайсаңдар алданасыңдар, кейін өкінесіңдер, сондықтан белді бекем байлап кірісу керек.

Әдебиеттің түпкі мақсаты адам жанын тәрбиелеу. Әдебиет әрі күшті, әрі нәзік, әрі көркем болуды тілейді. Қайткенде солай жасауға болады? Тетігі неде?

Тетігі ой мен тілде. Әдебиет ой мен тілдің жемісі. Ой неғұрлым нәрлі, тіл неғұрлым алғыр болса, шығарма солғұрлы нәрлі, алғыр. Ой жүдеу, тіл шорқақ болса, шығарма құнын жоғалтады, оқушысын бездіреді.

Ойым нәрлі болсын, десең өмірге аралас, өмірдің бетінде қалқыма, түбіне сүңгі, асыл оңайда жатпайды, тереңде жатады. Тілім алғыр болсын десең халықпен ауызба-ауыз, жүзбе-жүз сөйлесе бер, жақсы кітаптан үйренуге ерінбе.

Қазір мына төрде отырған, төрде жоқ, арамыздан кеткен қарттардың көбі әдебиетке аз біліммен, батыл жүрекпен келіп араласты. Соны қарды бұзып, сендерге жол ашты. Қазір бойда бар өнерін, білім қуаттарының бәрін дерлік олар көш жөнекей, күрес үстінде тапты. Ол кезде халқымыздың қаптал көпшілігі сауатсыз, көргендері өз ортасы, естігендері ертегі, аңыз болатын. Суырып салма ақындар айтысын, хисса, эпостарды құныға тыңдайтын. Ал, сендер әдебиетке келгенде орта, жоғары дәрежелі біліммен қаруланып келіп отырсыңдар. Сендердің тұсыңда халқымыз тегіс сауатты, талғампаз. Олай болса, әдебиет дәрежесі бұрынғыдан әрі жоғарлай түсті, әдебиетшінің жауапшылығы күшейе түсті. Тек осы биік сана тұрғысынан қарағанда ғана әдебиеттің де, әдебиетшінің де өресі қандай екені анық көрінеді.

Шыққан тұрғың биік болсын. Тұрғысы биік болмай әдебиет биік бола алмайды. Алдымен өз еліңнің, әз заманыңның жазушысы бол. Жазушыға бұдан үлкен арман, мәртебе жоқ. Өзіміз қолмен жасап осы социализмің кешегісінен бүгінгісі, бүгінгісінен ертеңгісі қызықты екенін жақсы суреттеп берген жазушының аты ұлы адамдардың қатарында, халық аузында қалатындығы еш күмәнсіз.

Жазушы әуелі өз елін сүйеді. Өз елін сүйе білген басқа елді де сүйе біледі. Өз елін сүйе білмеген басқа елді не ғылсын! Әр елдің, әр халықтың өзіне тән ғасырлар бойы жасаған, бойына әбден сіңген тілі, мәдениеті, өнері, дәстүрі бар. Бұларды білмеу, елемеу, яки басынан аттау, менсінбеу елдің өзін қорлау болып шығады. Осыны Коммунистік партия, Совет өкіметі дүниеге келген күннен бастап, күні бүгінге дейін құлағымызға құйып келеді, социализмге қайшы келмейтін ұлттық жақсы қасиеттерді, мұраларды сақтап, байыта бер,  деп барлық жағдайды жасап келеді. Бұны ұлтшылдар бір кезде бұрмалауға тырысты, ұлтын сүюді ұлтшылдыққа, ұлтшылдықты байшылдыққа айналдырғысы келді. Біз күресе жүріп, олардың ол мақсатын жерлеп тындық.

Сендер кеш туып, біздің жас кезіміздегі қызу тап күрестерінен құр қалдыңдар. Бірақ, өмір бар жерде әрдайым күрес бар. «Мазмұны социалистік, түрі ұлттық» деген Маркс, Ленин қағидасымен қарулансаңдар тұп-тура жеңіс тұрғысына барып шығасыңдар.

Совет әдебиеті алуан түсті, алуан-алуан хош иісті көркем гүлдер бағына ұқсайды. Оны алуан етіп көркейтіп тұрған әр ұлттың әдебиеті. Егер гүлдің бәрі бір түсті, бір иісті болса ол бақ дәл ондай қызықты бола алмас еді. Сондықтан ұлт әдебиетінде ұлт қасиеттері, ұлт сипаттары айқын көрінуге керек. Қазақ тіліндегі қайсыбір көркем, деген шығармаларды оқығанда ләззат алудың орнына олақ аударма оқығандай қиналасың. Немесе образдарынан ұлт өзгешілігін көре алмайсың. Тіл байыту талабынан туған тіл жүдету де бар. Мысалы: байырғы «еңбекшіні» кірме «еңбеккер» ығыстырып барады. Сонда қойшыны — қойшыкер, сиыршыны — сиыркер, малшы — малкер дейміз бе!? Әрине, тілге де жаңалықтар еніп жатады. Бір Абайдың ғана енгізген жаңалықтарын зерттесек өз алдына бір ғылым. Абай жаңалықтары ода тұрмайды, қазақ тілін жымдастырып, толықтырып, көркейтіп жібереді. Қажетсіз зорлап енгізген қазіргі қайсыбір жаңалықтар одағай тұрады.

Әдебиет тақырыпты халықтан алады, халық үшін жазылады. Әдебиетшінің ойын халыққа тіл жеткізеді. «Өнер алды қызыл тіл» деген халқымыз. Тіл құдіретін еркін пайдалана білген жазушы адам сырына да еркін ене алады. Адамды адам еткен, ұлттарды ұлт еткен тіл — мұқалмасын, тіл сұлулығы кемімесін.

Бізде, тек бізде емес-ау бүкіл совет елдерінде ана тілі қазір екеу. Орыс тілі әр ұлттың екінші ана тілі болуға айналды. Өйткені, дүние жүзіндегі жаңалықтарға, ғылым, білім, өнер жаңалықтарына орыс тілі арқылы қол жетіп келеді. Өз жаңалықтарымызды да орыс тілі арқылы әлемге жайып келеміз. Осы тіл арқылы қазақ көркем әдебиеті жер жүзіне тарап барады. Осы тіл енді халықаралық тілдерге айналды. Сондықтан біз қазақ, орыс тілін бірдей білуіміз керек, бірін біліп, бірін білмеу — бір қолы кем мүгедекпен тең.

Декабрь, 1977 ж.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға