Жаңалықтар

Атағы зор ақ тары

  Қолда қалам, баста шытырман ой, сағатты ұмытып ұзақ уақыт сөз тізіп отырғанымда радиодан таныс дауыс естілді. Бұл жолы диктор совет елінің қала мен қырдағы өмір бейнесін алға жайып салды. Кісі жақсы-жаманды үнемі сезе бермейді. Мен хош иісті, шетіне көз жеткісіз тамаша бір бақшаның ішінде отырғандай сезіндім. Тыңдай бердім. Сол бақшаны жасаған біздің адамдардың еңбегі мен өнеріне сүйсіне бердім... Шығанақ Берсиевті атағанда қазақ елінің де бір үлкен мақтанышын еске түсірді. Мен бұл жерде бұдан он алты жыл бұрын қайтыс болған дана Шығанақты жоқтамақ емеспін. Оның ел сүйсінген өнегесін жоқтаймын. Қайда сол өнеге? Кім ие? Ауыл шаруашылығы министрлігінен бастап талай мекемеге телефон соқтым, талай адамнан сұрастырдым. Бірде-бірі «міне» дей алмады. Басқа түгілі Шығанақ қозғалысы туған, ақ тарының атасы атанған ойылдықтардың өзі есіл өнегені жоғары көтере алмапты. Әлі күнге Шықаңнан асты, не жетті, деген біреуді ести алмай келеміз. Бар өмірін игілікті іске сарп еткен қарт Шығанақ ауру шағында да жатқан жоқ. Әлемнен асқан рекордтарының тәжірибелерін халыққа жайып жүрді. Жасөспірім Күлмес қыз, қартаң Қашқын, Зәурелер сияқты әлденеше тарышылар үйреніп алып, өзімен тайталасқанда рахаттана қарқ-қарқ күлетін марқұм. Шығанақ даңқы Совет Одағынан әрі кетті. Американдықтар «Тары докторы» деп атады. Сондай адамды сондай тәжірибені ұмыту ұмытшақтық қана ма? Республика Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларының көңіліне келсе де айтайын, бұл озық өнегені өрге бастыра алмаған. Орталық Комитеттің январь Пленумы жер байлығын жете пайдалануды, азық-түлік молшылығын жасауды міндет етіп алға тартып отырған жағдайда, озық тәжірибенің қиыннан тапқан табысын бағаламаушылық емес пе, бұл? Дереу қайта көтеру керек. Тары — мығым ас. Қазақ оны ежелден жақсы көреді. «Бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады», «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша», дегендерді халық текке айтпаған. Ең қадірлі дән бидай, деп жүрміз ғой, ол рас та. Бірақ бидай тарының атқарғанын кейде атқара бермейді. Тарыны етке қоссаң — нан. Су мен сүтке араластырсаң — қымыздай көже. Үгіп майға салсаң — жент. Әрі тәтті, әрі нәрлі қазақ халуасы. Қайнатып қуырып алып, ақтап жесең бірде — сусын, бірде — тамақ. Тіпті болмайтыны жоқ. Өнімі де мол, еңбекті де еселеп өтейді. Біздің республикада бұл құнарлы дәннің жақсы есетін жерлері көп. Басқаны былай қойғанда, бір Ойылдың өзі ұқсатып ексе, бүкіл республиканы, ал республика болып қолға алса бүкіл совет елін қамтамасыз етер еді. Шығанақ су тартатын түйе шығырмен колхоз тұсында ғана 1936 жылы қоштасты. Түсінбеушілермен айтыса, тартыса жүріп, үш жүз километр жердегі облыс орталығы Ақтөбеден алған кішкентай су тартатын машинаны Ойылға көлік күшімен жеткізді. Әкелген соң Ойыл суын арнасынан көтерерде бөгет болған белесті кетпенмен бұзды. Қолдан төрт жүз қырық тал шарбақ тоқыды, шегендеді. Сөйтіп, тары өнімін жылдан-жылға асыра, рекорд артынан рекорд бере-бере, ақыры гектарына екі жүз центнерге апарды. Дүние таңданғанда «шығымдылықтық шегіне әлі жеткем жоқ» деді ол. «Құрман» колхозы онда мешеу еді. Техника түрі әлгі құртымдай машина. Трактор жоқ. Еңбекке жарайтын адамы жүзден аспайды. Гидротехниктер суға да қытымырлық жасады. Шығанақ ақыры өз дегенін іске асырды. Тұқымды бес жыл бойы зерттеді. Бастарды, бастардың ішінен дәндерді бір-бірлеп іріктеді, сортты осылайша жетілдірді. Себетін машина болмағандықтан қолмен сепкен. Сөйтіп, Ойыл ақ тарысын атаққа шығарды. Жолымызды аршып кетті. Сол даңғыл жолмен неге заулап кетпеске! Тары молшылығын жасауға да шамамыз қаптал келеді. Тек кейбір есепсіздік, тоқмейілсуден туған керенаулық жібермей тұр. Егер жіберсе шығанақшылар қозғалысы бұрынғыдан әлдеқайда шапшаң қарқынмен ілгері кетер еді. Ақ тары әр саладан-ақ тасыр еді. 1961  
04.12.2012 04:50 4585

 

Қолда қалам, баста шытырман ой, сағатты ұмытып ұзақ уақыт сөз тізіп отырғанымда радиодан таныс дауыс естілді. Бұл жолы диктор совет елінің қала мен қырдағы өмір бейнесін алға жайып салды. Кісі жақсы-жаманды үнемі сезе бермейді. Мен хош иісті, шетіне көз жеткісіз тамаша бір бақшаның ішінде отырғандай сезіндім. Тыңдай бердім. Сол бақшаны жасаған біздің адамдардың еңбегі мен өнеріне сүйсіне бердім...

Шығанақ Берсиевті атағанда қазақ елінің де бір үлкен мақтанышын еске түсірді.

Мен бұл жерде бұдан он алты жыл бұрын қайтыс болған дана Шығанақты жоқтамақ емеспін. Оның ел сүйсінген өнегесін жоқтаймын. Қайда сол өнеге? Кім ие? Ауыл шаруашылығы министрлігінен бастап талай мекемеге телефон соқтым, талай адамнан сұрастырдым. Бірде-бірі «міне» дей алмады. Басқа түгілі Шығанақ қозғалысы туған, ақ тарының атасы атанған ойылдықтардың өзі есіл өнегені жоғары көтере алмапты. Әлі күнге Шықаңнан асты, не жетті, деген біреуді ести алмай келеміз. Бар өмірін игілікті іске сарп еткен қарт Шығанақ ауру шағында да жатқан жоқ. Әлемнен асқан рекордтарының тәжірибелерін халыққа жайып жүрді. Жасөспірім Күлмес қыз, қартаң Қашқын, Зәурелер сияқты әлденеше тарышылар үйреніп алып, өзімен тайталасқанда рахаттана қарқ-қарқ күлетін марқұм.

Шығанақ даңқы Совет Одағынан әрі кетті. Американдықтар «Тары докторы» деп атады. Сондай адамды сондай тәжірибені ұмыту ұмытшақтық қана ма? Республика Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларының көңіліне келсе де айтайын, бұл озық өнегені өрге бастыра алмаған. Орталық Комитеттің январь Пленумы жер байлығын жете пайдалануды, азық-түлік молшылығын жасауды міндет етіп алға тартып отырған жағдайда, озық тәжірибенің қиыннан тапқан табысын бағаламаушылық емес пе, бұл? Дереу қайта көтеру керек.

Тары — мығым ас. Қазақ оны ежелден жақсы көреді. «Бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады», «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша», дегендерді халық текке айтпаған. Ең қадірлі дән бидай, деп жүрміз ғой, ол рас та. Бірақ бидай тарының атқарғанын кейде атқара бермейді. Тарыны етке қоссаң — нан. Су мен сүтке араластырсаң — қымыздай көже. Үгіп майға салсаң — жент. Әрі тәтті, әрі нәрлі қазақ халуасы. Қайнатып қуырып алып, ақтап жесең бірде — сусын, бірде — тамақ. Тіпті болмайтыны жоқ. Өнімі де мол, еңбекті де еселеп өтейді.

Біздің республикада бұл құнарлы дәннің жақсы есетін жерлері көп. Басқаны былай қойғанда, бір Ойылдың өзі ұқсатып ексе, бүкіл республиканы, ал республика болып қолға алса бүкіл совет елін қамтамасыз етер еді.

Шығанақ су тартатын түйе шығырмен колхоз тұсында ғана 1936 жылы қоштасты. Түсінбеушілермен айтыса, тартыса жүріп, үш жүз километр жердегі облыс орталығы Ақтөбеден алған кішкентай су тартатын машинаны Ойылға көлік күшімен жеткізді. Әкелген соң Ойыл суын арнасынан көтерерде бөгет болған белесті кетпенмен бұзды. Қолдан төрт жүз қырық тал шарбақ тоқыды, шегендеді. Сөйтіп, тары өнімін жылдан-жылға асыра, рекорд артынан рекорд бере-бере, ақыры гектарына екі жүз центнерге апарды. Дүние таңданғанда «шығымдылықтық шегіне әлі жеткем жоқ» деді ол.

«Құрман» колхозы онда мешеу еді. Техника түрі әлгі құртымдай машина. Трактор жоқ. Еңбекке жарайтын адамы жүзден аспайды. Гидротехниктер суға да қытымырлық жасады. Шығанақ ақыры өз дегенін іске асырды. Тұқымды бес жыл бойы зерттеді. Бастарды, бастардың ішінен дәндерді бір-бірлеп іріктеді, сортты осылайша жетілдірді. Себетін машина болмағандықтан қолмен сепкен. Сөйтіп, Ойыл ақ тарысын атаққа шығарды. Жолымызды аршып кетті. Сол даңғыл жолмен неге заулап кетпеске!

Тары молшылығын жасауға да шамамыз қаптал келеді. Тек кейбір есепсіздік, тоқмейілсуден туған керенаулық жібермей тұр. Егер жіберсе шығанақшылар қозғалысы бұрынғыдан әлдеқайда шапшаң қарқынмен ілгері кетер еді. Ақ тары әр саладан-ақ тасыр еді.

1961

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға