Кодекс куманикус
04.12.2012 04:47
29711
«Кодекс куманикус» («Codex Cumanіcus»), «Қ ы п ш а қ т і л і н і ң с ө з д і г і» – қыпшақ тілінде жазылған діни мәтіндер мен сөздіктерден тұратын кітап (латын әліпбиінде қалыптасқан қысқаша атауы – СС), 82 парақтан (164 бет) құралған қолжазба. Бірінші бетінде «1303» деген жазу бар. Еңбектің авторы мен жазылған жері белгісіз. Түркітану ғылымындағы жаңа деректер бойынша, бұл еңбек түпнұсқасы 1294 ж. жазылған да, оның бірінші көшірмесі 1303 ж. жасалған, ол 1330 ж. толығымен көшіріліп біткен (Л.Лигети). «К. к.» Дешті қыпшақта немесе Қырымда (Солхат қ-нда) жинастырылып, бір ізге түсірілген. Осы өңірді қоныстанған қыпшақтарды Батыс Еуропа жұртшылығы кумандар деп атаған. 1303 ж. «К. к.» түпнұсқадан Алтын Орда мемлекетінің астанасы Сарай қ-ның жанындағы Джан әулиенің ғибадатханасында көшірілген. «К. к.» готикалық көне қарпімен жазылған. Екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі (1–10 б.) – үш бағана етіп жазылған латыншапарсыша-куманша сөздік. Қалған жартысындағы сөздер лексик. мағыналарына қарай топтастырылған. Мыс., адамның дене мүшелерінің аттары, егіншілікке байланысты сөздер, т.б. Екінші бөлімі (111–164 б.) – діни уағыздар. Осы бөлімдегі мәтіндер мен жұмбақтарды көрнекті неміс түркітанушысы А. фон Габен «кумандар әдебиетінің үлгісі» деп таниды. Көптеген қыпшақ сөздері көне неміс тіліне, кейде латын тіліне де аударылып берілген. Жеке сөйлемдер мен сөз тізбектері, жеке сөз тізімдері мен аудармасыз берілген жұмбақтар, қыпшақ тілінің латынша жазылған қысқаша граммат. очеркі де бар. Ол кезде (13–14 ғ-лар) Дунай өз-нен Жоңғар қақпасына дейінгі елдің бәрі де қыпшақ тілін түсінген. Батыс Еуропаның Шығысқа жорыққа шыққан адамдары Алдыңғы Азия, Таяу Азия, Кіші Азия, Орта Азия және Орт. Азия елдерін аралау үшін куман (қыпшақ) тілін халықар. тіл ретінде пайдалануға болады деп ұққан. Сол кездегі еуропалықтар үшін латын тілі қандай рөл атқарса, бірсыпыра Азия халықтары үшін куман (қыпшақ) тілі де сондай қызмет атқарған. «К. к.» Венециядағы Марк әулие шіркеуінің кітапханасында сақтаулы. Осы уақытқа дейін «К. к-тің» қыпшақ тіліндегі бөлімі үш тілге аударылып, төрт рет басылып шықты: 1828 ж. француз тіліне (Г.Ю.Клапрот, Париж, 1-бөл.), 1880 ж. латын тіліне (А.Кун, Будапешт, 1–2-бөл.), 1884 ж. неміс тіліне (В.В.Радлов, Санкт-Петербург, Кун баспасының негізінде), 1936 ж. түпнұсқа (факсимилие) түрінде бір рет жарық көрді (Гренберг, Копенгаген, түпнұсқа), 1942 ж. (Гренберг, Копенгаген, куманша-немісше сөздік). Қолжазба қазіргі Тіл білімі ин-тында бірінші рет орыс тіліне аударылып, түгелдей баспаға (1972) дайындалды, ал парсыша бөлімі 1972 ж. Иранда басылып шықты. Қазіргі түркі халықтарының, олардың ішінде қыпшақ тобына жататын халықтардың қоғамдық, этногр., саяси-әлеум., әдеби-мәдениеттік, тілдік тарихын зерттеуге «К. к.» материалдарының тигізер пайдасы мол. Тіл ерекшелігі жағына ол қазіргі түркі тілдерінің, солардың ішінде қазақ тілінің орта ғасырдағы табиғи қалпын көрсетеді. «К. к-тен» қазіргі қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі болып табылатын кейбір граммат. құбылыстар байқалады. Мыс., ондағы сөздерде «ш» – аш (ач емес), «с» – тас (таш емес), «ж» – жол (йол емес), «т» – тізе (дізе емес), «к» – кел (гел емес), «у» дыбыстары – тау (тағ емес) айтылады. Көне түркі тіліндегі қатаң дыбыстардың орнына қыпшақ тілінде ұяң дыбыстар: кішік (кічік емес), еріндік дыбыстардың орнына езулік дыбыстар жұмсалады: келгіл (келгүл емес), т.б.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды