Жаңалықтар

Алуан-алуан пікір бар!

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру қажет деді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі твиттер әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
12.01.2015 01:57 5520

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру қажет деді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі твиттер әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Ақорданың ресми парақшасында: «Уақыт өте келе ел атауын «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру қажет шығар, бірақ мұны алдымен халықпен ақылдасқан жөн», делінген. Осыған байланысты қоғамда алуан түрлі пікірлер айтылып жатыр. Қолдаушылар да, қалыс қалушылар да бар. Қалыс қалушылар "өзгертуді" жөн деп санамайтындар.

Александр ЛЯХОВ, «Kaznet Media» ЖШС директорының кеңесшісі:

 

Мен Қазақ Республикасы дегенді қолдаймын!

Елбасы «Қазақстан республикасы» деген атауды «Қазақ елі» десек қайтеді деген бастама көтерді. Осы елдің азаматы ретінде өз пікірімді білдіре кетейін.  


Өздеріңізге белгілі Ресей Федерациясының құрамында Марий Эл деген бар. Сондықтан Қазақ елі деген нұсқаның аса бір ерекшелігі жоқ. Егер өзгеріске ұшыраған атау бұрынғы атаудан жақсы болса жарар еді. Әрине, «стан» жалғанған атаудан қашатындай жөніміз бар, бірақ «елі» дегенді қосып айту анағұрлым қиындық туғызатыны білгілі!
Кезінде КСРО құрмында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы деген атаумен жүрдік. Жаңа атау беру үшін ескіні қайта жаңғырту артығырақ. Бірақ, өткенді ұмытып, Қазақ Республикасы (Казахская Республика ) деген атауға жүгінейік. Ағылшынша Qazaq Republic болып жазылады. Мәселен Чехия, мемлекеттің атауы Česká republika, Czech Republic деген атпен белгілі.

 

Жарқын Түсіпбекұлы, саясаттанушы:

 

 

 

«Қазақ елі» атансақ, бізді бәрі қазақ деп қабылдайды!

Біз, тәуелсіздік алған тұтса Қазақстан халқы біртұтас ұлтқа айналдық. Этностық емес, азаматтық. Унитарлы мемлекет болғаннан кейін солай болуы заңды да. Бірақ қоғамдағы талас-тартыс бар, мұны мойындағысы келмейді. Әрине бізді мемлекеттің атауына қарай шетелдіктер де, шенеуніктер де «қазақстандық» деп атады. Ал «Қазақ елі» атанып жатсақ, әрбір азамат қалай алсақ та қазақ деп қабылданады, солай айтылады. Мемлекет атауы да толықтай ана тілінде жазылатын еді. Бұл идея кеше ғана айтылған жоқ. Ұмытпасам Елбасы бұл ұсынысты 2012 жылдың желтоқсанында жасаған «Қазақстан-2050» стратегиясы» Жолдауында айтқан болатын. Яғни «біз түбі Қазақ елі деп аталатын мемлекетке айналамыз» деп... Ирландия, «Мұз елі» – Исландия, «Скотс» – Шотландия деген сияқты атауында елі деген сөз жатқан мемлекттер бар. Қазақ елі атауы Мемлекет басшысы ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының мәнін аша түсетіндей болып көрінеді.

 

Бауыржан Қарағызұлы, ақын, «Әдебиет» порталының жетекшісі:

Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру қажет деді. Осы ойын президент өткен жылғы Жолдауда да атап өткен болатын. «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деген-ді. Мен бұл ұсынысты «жүрегімді алақан қылып соғып» тұрып қолдаймын. Бұл шұғылалы Рух тіліндегі халыққа жасалғын ұлы ұсынысты алпыс екі тамырында қазақтың қаны ойнағын әрбір оғлан қолдайды деп ойлаймын! Қазақия республикасы деген дұрыс!

 

Нұрмұхамед Байғараев, "Алаң" бағдарламасының жүргізуші-продюсері:

 

«Қазақия» дегенді дұрыс көрем!

Жалпы ел атын ауыстыру идеясы алдымен 1991 жылдары туындаған. Ол кезде Қазақ Республикасы деген атау ұсынылған. Алайда ол кезде ұлттық құрам өзгеше еді. Қазір, шүкір дейік, қазақтың саны 70%-ға жақындап қалды. Енді алаңдамай өзгертсек болады. Қарсы шығатындар да болуы мүмкін. Алайда шет елді алсаңыз, Франц-ия, Герман-ия, Шотланд-ия. Бұл ел кімдікі екені, кімнің елі екені айқын. Сол себепті біз де Қазақия десек, керемет болар еді. Естеріңізде болса, Қазақ елі монументінің ашылу рәсімінде Бекболат Тілеухан осы терминді бірнеше рет қолданған еді. Менің ойымша, мұндай маңызды істі Президенттің абыройы асқақтап тұрғанда жүзеге асырап алған дұрыс, кейін белгісіз уақытқа дейін шегеріліп кетуі бек мүмкін. 

 

Нұрберген Мақым, журналист:

 

Өзгерткеннен не ұтамыз?!

Атауымызды өзгерткеннен не өзгеретінін, мен пақырыңыз, әлі түсіне алар емеспін?! Елдің атын өзгерткеннен, күллі әлем біздің «казак», «казах» емес, «қазақ» екенімізді мойындайды деп ойлайсыз ба?! Әлемнің басқа тұрғындары үшін Қазақстан емес, «Әлемдегі Ең Ұлы да Теңдессіз Мәңгілік Ел» атансаңыз да бәрібір деп ойлаймын. Ал, халықаралық ұйымдар үшін, біз, бәрібір, жемқорлықпен күрес рейтингінде Шығыс Тимор елімен шендес болып қала бермекпіз.

Өзгені қойшы, өзіміз үшін керек десеңіз, Гурьевті Атырау, Целиноградты Астана деп өзгерткенімізбен, неліктен, әлі күнге дейін әуебилеттерінде осы қалалардың қысқартылған атауы «GUW», «TSE» деп белгіленеді деп ойланып көрдіңіз бе? Халықаралық әуе көлігі ассосациясының осынау кодын өзгерту, бізге үшін бар болғаны ресми ұсыныс тастау ғана керек шығар. Әлде, керек емес пе?!

Латын тіліне көшсек, аудармалар түзеліп, қазақ тілінде жазылатын дүниелердің саны күрт өседі деген қияли есекдәмеге малданғанымыз секілді, комплекстерімізді жасырудың амалы шығар бұл да...

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға