Қалжан сейіс
Жалпақ жұртқа аңыз болған Жұбан тамы салынып болған соң, тамбайғазы береді. Сонда Құдайберген Тінейдің Алтай ауылының Торы алаяқ арғымағы талассыз бас бәйгені алады. Бұл сәйгүліктің иесі Тіней Тілептің баласы Қалжан мырза еді. Іле-шала Кең Жылыойды қатар қоныс қылған Таз ауылы белгілі ақсақалына арнап ас берді. Әншейінде «бір ананың емшегін бірге емген егіздеспіз» деп жүретін, бір-біріне тонның ішкі бауындай жақын Адай мен Таз ат бәйгесіне келгенде бір-бірімен бәсекелес бола қалатыны бар. Олар Жұбан байдың тамбайғазысына Қарақасқа арғымағын апармай, өз ауылында іле-шала болатын асқа қосамыз деп жаратып отырады.«Енді мықты болса, Қалжан осы астан бәйге алып көрсін!Қарақасқа ат тұрғанда Торыалаяққа бәйге жоқ еді!»деп, хабар салады.
- Торы алаяққа обал болатын болды. Қалжан сейіс атын қайта жаратпай бәйгеге қоспаушы еді. Бұл жолы не істер екен?-деп ары бір ағайын уайымдап қалады.
Бұл әңгімелер Қалжанның құлағына жеткен:
- Қас қылғанда осы жолы Торыалаяқпен таздардың бас бәйгесін тағы аламын. Әттең жаратып баптауға уақыт тар, қайран жүйріктің бабы кем, бағын көріп бағам. Дейді ол.
Ас соңында Бәйге аттары көрінеді.
Бірінші болып таз руының Қарақасқасы, одан кейін Қалжанның Торы алаяғы келеді екен.
Тыңнан қосылып, бабы жараған атта сөз бар ма! Қара аттың шабысы бөлек, екпіні қатты.
Жануар Торы алаяқ арғымақ дүйім Адайдың үмітін ақтау үшін бабы болмаса да, барын салып алқынып, құйындай құйғытып-ақ келеді.
- Бақай, Бақай!
Аттары алда келе жатқан таздар айқайға басқанда, қарап тұрсын ба, адайлар:
- Адай, Адай! Бекет, Бекет! - деп ұрандата жөнелді.
Көпшілік жиналған жерде тілінің тікені бар адамның түйремей тұрмайтыны белгілі.
- Мына адайлар қатты састы. Бекет деп жатыр.
- Оғыландыдан Бекет келем дегенше, біздің Қарақасқа ат қарақшыны айналады! Дейді Таз ауылының бір адамы.
Бұл сөз намысты жанып, жүректі осып өтті. Жиынға Пір Бекеттің баласы Самалық та қатысып тұр екен.
-Уа, Алла! Уа, Баба, аруақ!
Шымбайға батып кеткен сөзге шамырқанып, қаумалаған адайдың ұранына үн қоспай ма! Сол сәтте мойынына асып алған асасының бауы үзіліп кетіп, аса жерге түспей ауада шырқ айналып, қапелімде көз ілеспес жылдамдықпен зымырап Торы алаяқ аттың сауырына қона қалып ойнақ салады. Осы сәт алға ұзай берген Қара ат қақшиып тұрып қалпты. Торы алаяқ арғымақ шабысын үдеткен қалпы, қарақшыны жеке дара айналып, кішкентай бәйге бала «Бекет, Бекет!» деп ұрандатып, құлдырай шауып өте шығады.
Сөйтіп, Адай біткен ақтарыла қуанады.
Сөйтіп Тіней Қалжан сейістің «Ерегескенде Таздардың бас бәйгесін Торы алаяқпен тағы алам!» деген сөзін Алла тағала қабыл етіп, Пір ата қолдаған еді. Десе де адайлардың арғымағының бәйге алғанына таз ағайындар аса ренжімеген сыңайлы. Атақты бай Таз Әбіш сол астағы көзімен көрген кереметке таңданысын білдіріп, «Апыр-ай, біз Құдайды Құдай деп жүрсек, Бекет Құдайдан былай емес екен-ау» депті дейді.