Бабаханның тағдыры
Бабаханның тағдыры
Есет «халық жауы» атанып түрмеге түскелі бір ай болды. Бір айдың ішінде немере тумасы Құбығұлұлы Бабахан артынан іздеп түрмеге үш келді. Бесқаланың ойына құлағалы сауаты бар, мінезге бай Бабахан ауылнай болып қызметте жүрген. Түрмеде жатқан «халық жауы» тумасына қайта-қайта барудың өзіне қауіп екенін білсе де, тәуекелге басын тікті. Алты аласы, бес бересі болмаса да Өтеген байдан тараған тұқымға жала жабуын қоймаған С. жандайшап Бабаханның бұл әрекетін инеге іліп, жіпке тізіп, қызыл үкіметтің адамдарына жеткізді де отырды. Бауырластың қамын ойлап, қамқорлап түрмеге келген үшінші сапарында Бабахан ақыры жазықсыздан жазықсыз жалаға ілікті. Есетпен жолығуға мүмкіндік алып, әкелген азығын беріп шыға бергенде, онымен қарсы жолыққан НКВД қызметкері аты-жөнін сұрады. «Бабахан» деген есімді естіген ол «Бұл адамға есіктен шығуға жол жоқ, кері қамаңдар» деп бұйрық берді. Әлгінде ғана азат жүрген азамат аяқ астынан «халық жауы» атанып, қылмыскер болып шыға келді.
Түрме толы - қазақтың жақсысы мен жайсаңы. Жазықсыз жала, жан шошырлық тергеу.
- Дәреттеріңді алып отыра беріңдер. Бүгін бізді атады. Әрқайсың Алла алдына ақ болып барасыңдар, имандарыңды оқып шықтым - деді Бегей Қошмағанбет ишан.
Түрмеде ешкімге зәредей қиянат жасамаған кіл асыл азаматтар, қазақтың, адайдың жақсылары мен жайсаңдары. Әли Сүйекбай- болыс болғаны үшін, бегей Қошмағанбет ишан бала оқытып мешіт ашқан сауаттылығы үшін, тағы бір топ аптал азаматтар осы тәрізді саяси қауіптілігі үшін нахақтан жала жабылып, жазықсыз атылды. Олар «Сегізаттық» деген жерде атылған. Өздеріне жер қаздырып, өңшең игі жақсыларды бір шұңқырға құлатып қынадай қырып салған қасіретті қаралы оқиға еді бұл.
Бай болғаны үшін қамалған Есет пен туысын іздеп келіп, ас-азық беріп қамқорлаған жазықсыз Бабаханға он жыл кесіліп каторгіге айдалды. Беломор каналын салу үшін, әрине, палуан да алып күш иелері, жас адамдар керекті.
Ажал аранынан құтылғанда
Ұлтының азаттығы үшін жан ауыртып, армандағаннан басқа адам алдында жазығы жоқ қазақтың маңдай алды азаматтары заман зауалына тап келіп, нахақтан қылмыскер атанып, топ-тобымен айдалып барады. Алланың басқа салғанына сабырлық еткен өңшең қазақ бір-бірін ниетімен қолдаулы, қолдарынан келері сол ғана. Сібір орманының батпақты жолымен айдалып келе жатқанына үшінші күн. Есет артқы жаққа ауық-ауық қарайлап қояды. Өйткені ауыр жолда қалжырап жүре алмай қалғандарды күзетші әскерлер аясын ба, мылтықтың дүмімен ұрып жығып, тұрғызбастай етіп жолға тастап кетіп барады. Бағана бір көз салғанда өткен күні танысып тілдескен ашаң бойлы, бұйра шашты, бозаң жүзіне қияқ мұрты жараса кеткен қазақ жігіті қалжырап, болдырып әзер келе жатқанын байқаған. Несін айтасың, жігіттің төресі екен, орысша да, мұсылманша да сауатты, ілімді, ақын жазушы көрінеді. Бұл - адалынан мал жиған бай болғаны үшін, ол - білімді болғаны үшін жаңа үкіметке жазықты болғанға ұқсайды. Текке алаңдамапты, әне ол аяғын әлтек-тәлтек басып сүрініп кетіп, омақасып түсті. Есет оның құлағанын көріп қалды да, жүгіріп келіп, жерден көтеріп алды.
- Бауырым! Арқама мін!
- Менің бұдан әрі жүруге шамам жоқ, маған алаңдап әуре болма, жүре бер!
- О, не дегенің, сені жолға қалдырып кете алмаспын.
Есет оны әй шайға қаратпай арқалап алды. Айдаушы қызыл әскер тұтқын қазақтардың бір-біріне көмек көрсетіп жатқанына қарсы бола қойған жоқ. Әлде, қаншаға дейін шыдайды екен, өзі қалжырап шаршағасын бірге жығылар көрейік әуселесін дегені ме! Қаршадайынан күресіп, атқа шауып, ту асауға құрық салып әбден шынығып шыңдалған Есет аса қажырлы, мықты еді. Әлгі жігітті алқынбастан арқалап тұтқындар лагеріне жетті. Осы арадан тұтқындар іріктелді де, әлсіздері қалдырылып, әлділері канал салу жұмысына кетті.
Беломор каналы жазығы жоқ сан тұтқынның тамшылап төгілген ащы терімен, сорғалап аққан қанымен, қыршынынан қиылған жанымен салынғанын тарих ешуақытта ұмытпақ емес. Ауыр азапты жұмыс. Бабахан тас аударып тұрды. Есет тас тиеп, тәшкі итеріп апарып төгеді. Есет түрмедегі ауыр азапты жұмысқа төзді. Ал, жаратылысынан ашаң, білектің күшінен гөрі білімге назар аударған Бабахан ауруға шалдықты. «Сен қозғалма, бәрін өзім істеймін» деп тумасының жағдайына қатты алаңдайтын. «Тұтқыннан да босармыз, ел жұртқа барамыз. Сонда балаларға базарлық алармыз» деп екеуіне берілетін мардымсыз ақыны Бабахан бауыры жинап жүретін. Ол бір күні таңертең орнынан тұра алмай қалды.
- Апырмай енді қайттік, - деп абдыраған Есетке:
- Алаң болма, жұмысыңа бара бер, тынықсам басымды көтерермін, - деді. Қашанғы дағдысынша зіркілдеген түрме күзетшілері тұтқындарды әй-шәйға қаратпай жұмысқа айдап әкеткен. Кешке келсе ол хал үстінде жатыр. Түніменен көзі ілмеді. Таң ата үзіліп бара жатқан бауырының иманын өзі оқыған Есет қасірет шеге жүріп, күрек тауып, Бабаханды өз қолымен жат жерге жерледі. Басына қара тас шаншып, белгі қойды. Бұл күн - түрмедегі ең азапты, ең қайғылы күндердің ауыры еді. Қайғыменен жүріп әлгі бірнеше жыл бойы там-тұмдап жинаған қағаз ақшаның қайда екенін сұрауды ұмытыпты. Сөйтіп, Беламор каналын салудағы азапты жұмысты атқарған Олжашының арыстай азаматы Құбығұлұлы Бабаханның ғұмыры тым ерте үзілді. «Азаптан да құтылармыз, елге оралармыз, балаларға базарлық алармыз» деген арзу арман орындалмай, қапияда көз жұмды.
Ауыр күндер жалғасып жатты. Тұтқындарға берілетін паек мөлшері күн санап азая келе, бір күні берілмей қалды. Енді олар жуындымен бірге төгілген картоптың қабығын суға жуып, жанып жатқан пештің үстіне қойып пісіріп жейтін болды. Қай бір ыдысқа салып пісіреді дейсің, қызған темірге тастаған қабық жиырыла бергенде жалмажан асап жіберіп, талмап жұтатын. Лагерде аштық жайлады. Кешкісін ауыр жұмыстан сілесі құрыған, арып ашыған өңшең тұтқын қара күпісін басына жамылған қалпы құлағаннан тұра алмай жатты. Өле кетсек ашық қалмасын деп ісіп кепкен жүздерін өздерінше жапқан әрекеті. Өз иманын өзі үйіргісі келді, тілі жуыспай, есі кіресілі шығасылы болып жатқан. Мезгілдің қай уақыт екенін білмейді. Әлдебір дауыс еміс-еміс құлағына келгендей.
- Мұнда Көпбергеннің Есеті бар ма?
Бұл өз құлағына өзі сене алмас халде, өң-түсін біле алмай жатты. «Бұларды кім іздесін, ит өлген жерге кім келе алсын, ел қайда, бұл қайда? Алжаса бастағаным-ау...» Көзін жұмған қалпы жата берген. Жо-жоқ! Әлгі дауыс қайта-қайта қайталанып жақындап келе жатқандай. О, тоба, шынымен де бір адам сұлап жатқан тұтқындардың бетін ашып көріп, мұны іздеп жүр. Бұл белгі бергендей болды. Соны шалып қалған әлгі кісі мұның қасына келіп, бетіне қарап тұрып «бауырым, тірі екенсің ғой» деп жүрелей отыра кетті. Қолтығынан әлденені алып, аузына тақады.
- Ұртта, бұл сүт, тек аздап іш, аш өзегіңе түсіп кетпесін!
Кеберсіген ерні әзер икемге келіп, сүтті қылғына ұрттады. Құрғап қалған тамағын шылады. Тағы бір жұтты. Әлден уақытта бойына қан жүгіргендей.
- Есетжан, таныдың ба, бұл мен ғой!
Алғашында есіне түсіре алмап еді, шырамытты. Баяғы өзі жолға қалдырмай құтқарып, арқалап алып келетін оқымысты жігіт. Сөйтсе бұлардан бөлініп лагерде қалғасын бұл жігітті өзіндей әлсіз тұтқындармен бірге сиыр фермасына жұмысқа жіберген. Лагерьде аштық басталғанын естіп, күзетшілермен тіл табысып, әйтеуір «бір іздеп барам» деп жинап жүрген айраны мен сүтін алып жеткен екен. Есеттің жасаған қайыры тек өзіне ғана тиген жоқ, сол күні талмаусырап ісіп кеуіп жатқан талай тұтқынға шарапаты тиді. Аштан үзілгелі жатқан талай адам оқымысты жігіт әкелген ақтан жұтып өзек жалғап еді. Бөлісе ішкен осы дәм болмағанда олар үзіліп кетер де еді, «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген осы. Олар аштықтан тірі қалды. Қайтадан бұрынғыша паек беріле бастады.
Осындай күндердің бірінде тағы да Есет пен оның қасындағы жолдасына тиесілі бір тілім нан берілмей қалды. Бұл жағдай ертесіне тағы қайталанды. Асханада істейтін көк көзділер әбден дандайсып алған. Өзі жартусыз берілетін қара нанды кезек-кезегімен қазақтарға бермей, аз азықтан алым алып тұруды әдет қылыпты. Оған қарсы тұрып, қайрат қылар бір қазақ жоқ. Әлгі есіргендерден есе қайтару үшін өзі барды. Олар бұны көзге ілмей, тағы да тиесілі нанды бермей қолды бір-ақ сілтеген. Есет олармен басқаша «сөйлесу» керектігін білді. Пештің қасында отын үшін кеспелтек ағаш жатқан-ды. Нық басып барып әлгі ағашты қолына алды да, бір-бірімен шүлдірлесіп тұрған әлгілерге тұра ұмтылды. Алыс-жұлыс, алқын-жұлқын арпалыс, төбелес басталды да кетті. Сәлден соң-ақ жалғыз қазақ оларды шеттерінен сілейтіп салсын.
- Үкіметтің зорлығына көнсем де өзімдей тұтқынның қорлығына көнбеспін, онда да өлген артық-деді Есет.
Тиесілі нанды алды да асханадан шығып кетті. Содан былай бұлардың сыбағасына ешкім көз алартпайтын болды. «Қорықпай сыйлағаның құрысын»деген осы да, кейіннен әлгілермен «тамыр» болып кетті.
«Әр істің ақырының бір қайыры бар», озбырлық орын алған жерде әділдік те болады екен.
Беломор каналын салуда бір өзі үш кісінің жұмыс жоспарын орындап көзге түскен Есет жеті жылын түрмеде өткізіп, тұтқыннан ерте босады. Арып-ашып түркмен жеріне оралды. Топ адам жиылған үйге кіріп, босағаға елеусіздеу отыра кеткен. Төрде құнанорыс Бермағанбет. Бұған көзі түсті.
- Апырай, Есет емессің бе?
- Болсақ болармыз!
Түркмен жеріне ауып барған талай қазақтың қорғаны болып жүрген атақты азамат Бермағанбет орнынан ұшып түрегеліп, босағада отырған Есетке қос қолын беріп, құшақтай амандасты.
- Арысым-ай, аман-есен келдің бе? Босаға сенің отыратын орның ба еді? Саған лайық төр еді ғой, - деп, түрмеден азып-тозып оралған Есетті төрге әкеліп отырғызды.
Шүкір, арада он жылға таяу уақыт өтсе де ел алдындағы атақ абыройын азаматтар әлі ұмытпаған екен...
* * *
«Жылқының тілін білетін қазақ түрмеден келіпті» - Бұл хабар түркмендердің ішіне лезде тарады. Атақты азамат Социалистік Еңбек Ері түркмен Әшір Қақабаев мұны естіп, Есетті іздетті. Бәйгеден өзгелерге есесі кетіп жүрген. Енді сол ұпайын қайтармақ.
- Түркмендерге мына азып-тозған түріңде көрінбе, - деп Құнанорыс Бермағанбет Есет атсейісті бірқылдан су жаңа киіндірді.
Әшір Қақабаевтың өтінішін естіген Есет көп жылқының ішінен ат таңдайтынын айтты.Сейістің таңдауы бір атқа түскенде Әшір түркмен ашуланып қалды.
- Бұл ат шаба алмайды. Өйткені, жамбасы сынған.
- Маған сенсең осы атыңды жаратып, күзгі мейрамда байрақ алып берейін, - деді Есет.
Күзде Есет баптаған ат үш аяқтап шауып бәйгеден келіп, Әшір қақа бастаған бір дүйім түркмен бөркін аспанға атты. Жамбасы сынған ат содан бастап «Жамбасат» болып атағы шарықтап сала берді. Арғымақ жүрек түркмендердің айызын қандырып, бір жолы олардың үш атын қатар бәйгеден келтірді. Сонда түркмендер:
- Бұл қазақ насыбай атып отырып, біздің қалы кілемге түшкіретін еді, енді дастарханымызға түшкіретін болды-ау- деп, разылықпен бас шайқапты.